Сабыр Адай: «Қой сияқты жуас халықпыз» – деп мақтанатын күйге жеттік

ӘДЕБИЕТ
6495

«Қасқырдың қасқырлығы тісінде емес, ісінде!..»


Сабыр Адаймен сұхбат

– Қасқыр демекші, Адай-Ата кесенесінің жанындағы алып қасқырды көрген жандар оның не үшін қойылғандығы жөнінде сұрақ беріп мазалап жатады.

– Дұрыс, мазалаудың өзі – қызығушылық. Адай-Ата кесенесінің қасындағы Көк Бөрі азу тісін ақситып, қимыл-әрекет үстінде көрініс беріп тұр. Және өзі күншығысқа қарап тұр. Біздің Түркі тектес елдердің тотемі – Көк Бөрі болған. Көшпенділердің, Түркі халқының, жалпы біздің Баһадүр бабаларымыздың дәурені басында тұрғанда, орыстар салық төлеп, қытайлар қорыққанынан қорған-қамал салған кездері болған.

Сосын, біз олардың қолына түстік. Бөрілі байрақ көкжал мінезімізден айрылдық, «қой сияқты жуас халықпыз» – деп мақтанатын күйге жеткізді. Сосын, қой болдық… Ең болмаса, жылқы болып, өз үйірімізге ие болайықшы деп те сұрамадық. «Сендер, қой сияқты жуас халықсыңдар! Момақансыңдар!» – деп мақтап қойып, жерімізді де, елімізді де бұтарлап жей бастады. Кейде біз қасқырларды қойды жейді деп кінәлап жатамыз. Қойды жейтін тек қасқыр ма? Өзін-өзі қорғай алмайтын шопанның таяғының көлеңкесінде ғана күн көретін, мәңгілік бостандығынан айырылған қорғансыз байғұсты тісі мен тырнағы бар аң-құстың барлығы да жеп жүрген жоқ па? Бұл бір пейіштен келген мал еді ғой деп құрметтеп жатқан кім бар? Қой ақылды болғанда пейіште жүрген жерінен осы тозақы дүниеге келе ме? Пейішке барса, барып жүрген бір қой шығар. Тағы да қайталаймын, қой ақылды болғанда, мыңы бірігіп бір ешкінің ізіне еріп жүрмейді ғой!

Мысалы, Алланың сүйген құлдары – әулиелер жұмаққа барады. Бірақ, адамның бәрі бірдей жұмаққа баруға лайық па, оның ішінде шайтаны көп емес пе? Кейде итті де жеті қазынаның бірі деп жатамыз. Саналса, жеті қазынаның біріне саналып жүрген Қызыр ғ.с.-ның қызыл иті шығар. Ал, басқа иттерге не жорық. Тұғырлы атасы жоқ, тұрақты некесі жоқ иттің құны – лақтырылған сүйекпен ғана өлшенбей ме?! Ит дегенің – бір-біріне ғана «Құдай». «Итімнің санын жүзге жеткізе алмадым» деп жүргенде Ескелді Саназар итті бай болу үшін айтып жүрген жоқ қой. Ит иттігін жасап, бірін-бірі жеп құртып отыратындығын, еш уақытта ынтымақты ел бола алмайтындығын айтып отыр ғой.

Соның бір мысалы, қаланың көп қабатты үйлерінің подъезінде ит ұстағыштардың бірнешеуі тұрса керек. Салулы төсек, салқын үйде қарны тоқ, қайғысы жоқ әлгі иттер біріне-бірі үйде жатып айбат шегіп, өршеленіп үріп, қасқа болған қазақтарға ұйқы бермейтін көрінеді. Содан бір аңшы жігіт ит пен құстан қорлық көріп жүрген қаладағы қазақ досына қасқырдың май табанын әкеліп беріпті. Және оның майын подъезіндегі иті бар үйлердің есігіне жағып шығуды бұйырыпты. Сол, сол-ақ екен әлгі иттердің бір ай бойы жағы қарысып, үруді де қойып, қасқырдың исі шығып тұрған босағадан далаға шығуға тәуекелі жетпей, тығылып жатқан көрінеді.

Міне, Қашаған ақын айтпақшы: «Пілдің тірі бәсі де мың ділдә, өлсе, тері бәсі де мың ділдә» – дегені осы. Иттің барлығы бірдей Құдайдың жеті қазынасына ілігіп, шапағатының назарында болғанда, дәл мұндай қорлықты күйді кешпес еді. Ез бен Ердің айырылар жері де сол емес пе?..

Қасқыр да қорқады. Қорқатын нәрсесінің бірі – кәдімгі ала қанат сауысқан. Қасқыр жемтігін аңдыса, сауысқан көкте жүріп қасқырды аңдиды. Қасқырдың жемтігінен қалған қан-жынды жегісі келеді. Төбедегі сауысқанды көрген аңдар, жақын маңда қасқырдың да бар екенін сезе қояды, сөйтеді де тұра қашады. Қасқыр сол үшін сауысқанға көрінбеуге тырысады.

Ал осы көріністің өзі кей жағдайда «көпұлтты» Қазақстанды еске салады. Біздің елде «сауысқандар» аз ба? Олардың да А.Машкевич сияқты кекірігі азғандары төбемізден қарап, аузымыздан несібемізді қағып, көрінгенге көз түрткі қылып-ақ жүрген жоқ па?! (А.Машкевич демекші, «Қазақ әдебиеті» газетінің 5 қазан, 2006ж. санында «Қазақ астанасының кіндігінде еврей таңбасы неғып тұр?» деген қазекең. Дос болса неге А.Машкевичтер төрімізге мөрін басып, ұлтымыздың болашағына көр қазғысы келеді?! Әлде, иманы жоқ па?! Иманы жоқ болса, неге төрімізге шығып жүр?! Қасқырдың иманы пейіштен келген қой мен жеті қазынаның бірі атанып жүрген иттен кем бе? Кем болса неге? «Қасқыр – жын мен періні жейді» – дейді. «Қасқыр бар жерден шын-шайтан қашады» – дейді. Қасқыр жесе – зекет бермеген адамның малын жейді, ол да имандылықтың нышаны. Қасқыр аңшы екеш аңшыны да сыйлайды. Сыйлағаны сол емес пе; алдынан шығып, көлденең тұра қалып, жекпе-жекке шақыратын сәттері де болады. Әділ майданның өтуін қалайды. Ал, кейде жақын жерде бөлтіріктері болып, әлдебір жағдайсыз күй кешіп тұрғанда сол аңшыға тіке қарап, жекпе-жекке шығуына мүмкіндігінің жоқ екендігін сездіреді. Бұл жолы өзіне құрметпен қарауды сұрайды. Бірақ адамда табиғатқа деген ондай құрмет қайдан болсын!

Қасқырда бар әділдікті адамның бәрінен бірдей таба қою – оңай емес. (Ертеде бабаларымыз жарық дүниеге сәби келгенде анасының уыз сүтін бермей тұрып, көкжалдың жүніменен нәрестенің таңдайына су тамызып, ауыздандырып талмау жасатқан. Содан соң таң асырып барып, анасының сүтін емуге мүмкіндік берген. «Қазақ Мәдени анықтамалығы» Авт.: Қ.А). Имандылық дегеннен еске түседі. Қасқыр шағылысқа түсіп, өмірге ұрпақ әкелер сәтте, шыңның басына шығып, Аллаға мінәжат қылып, ұлып зікір салып, тұла бойын Құдіреттің нұрымен шайып, үлкен шартты жауапкершіліктен соң етектесетін көрінеді.

Қазіргі қаланың қара беттері құсап, теңіз жағалап теңкейіп, көрінген жерде көттеспейтін көрінеді. Ол аз болса, адамның баласы дүниеге келгенде, анасын іздеп «емсем» – деп жылайтын болса, қасқырдың бөлтірігі ұрпақ үшін «өлсем» – деп жылайтын көрінеді. Егер екі-үш жыл қатарынан құрсақ көтермесе, апанын өзгертіп, жер ауыстырады. Қалай да өмірге көбірек ұрпақ әкелудің қамын қарастырады.

Мысалы, ұялы қасқырлар аңшының қоршауына түсіп, түгелдей құрып кетудің қаупті төнген жағдайда бірінші кезекте еркектері өздерін құрбандыққа шала бастайды. Аңшыларды алдарқатып, ізіне ерту үшін өтірік ақсап, көріне қашып, айла-әдіс жасайды.

Ондағы мақсаты – ұрпақты, қасқыр атаулыны аман алып қалу, қаншықтарын сақтау. Қаншықтары аман болса, қайта жұптасып, өмірге бөлтірік әкеледі ғой. Сол үшін еркектері қысылған сәтте өзін құрбандыққа шалады. Бұл есейген бөлтіріктеріне де тән. Міне, бұл қасқырдың ұлттық мүдде үшін жеке басын құрбандыққа шалу парасатының үлгісі. Ал, адамдар болса, туған балаларын көшеге тастап, жетім менен жесірді ақшаға сатып жүр.

Жоқтық пен мүжәлсіздігін пайдаланып, өз аруларын, өз қыздарын жезөкшелікке итермелеп, көрінген көк аттының көңілін табуға тырысып, сатқындықпен жағымталсиды. Ондай арсыздарды алысқа бармай-ақ өз қаламыздан да тауып беруге болады. Көріп отырғаныңыздай, қасқырлар бізге қарағанда ұлтшыл да ұрпақшыл мейірімді. Демек, қасқырекем де Құдайдың қалауынан тыс емес!

Сондықтан «қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» – деп барлық кінәні Көкбөріге аударатындай рет жоқ. «Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында» деген де бір сөз бар. Қой сияқты момақанбыз деп, қорғансыздығымыздың барлығын артықшылығымызға балап, мадиықтануды тоқтатпайтын болсақ, не жар астындағы жаудың, не бөрік астындағы бөрінің қолында немесе тісінде кететін боламыз.

Көкбөрі – ақылы мен айласын қанат қылып, қайраты мен төзімін, ерлігі мен ептілігін, ділін сатпайтын тектілігін қару қылып, пенделік қаскөйлігімізге қарсы позиция ұстап келеді. Қашар жерді де қапысыз аңғарып, қуар жерде де тарпа бас салып, бостандығын қорғап, ғұмыр-саяхатын жасауда. Сайын даланың төсінде бүгінгі өркениетшіл адамзатпен жағаласып ұрпақ өсіру үшін де қасқырларға қаншама әділетсіз майданды бастан кешіруге тура келеді. Әзірше нәтижесіз емес, абыройы мол. Қасқыр аң түгілі, адамның мысын басып, өзімен санасуға мәжбүрлеген.

Бұл орайда, жазушы Қасым Тәукенов: «Ертеректе қазақтар қасқырдың атын атамайтын, мүмкін ол қасқырдың атын атаса малға шабар деген ұғымнан туған болар. Әйтеуір «қарақұлақ» десең «қасқырдың шамы» дегендей оны тікелей атамай «бөрі, көкжал, ит-құс, ұлыма, дала тағысы» деген сияқты тұспалмен айтатын. Тіпті қасқырды адам есіміне айналдырып та дәріптейді. Қасқырбай, Бөрібай, Бөлтірік, Қасқырбек сияқты адам аттары қаншама. Сөйтіп, халық қасқырмен аңдыса, алыса жүріп, оның осал жау еместігін бағалай да білген дейді кәнігі аңшы.

Міне, көрдіңіз бе, бостандығын бермей, ары мен намысын қорғап, өзін-өзі сыйлата білудің Көкбөрілерге тән үлгісі бұл. Ешбір қасқыр, бөлтірігіне адамдардың атын қойған жоқ болар… Олардың да өз тілі бар ғой. Ал, адамдар болса, Қасқырбай, Бөрібай, Бөлтірік, Қасқырбек деп балаларына ат қойып азан шықырып жүр. Демек, Көкбөрілердің мерейі адамдардан үстем тұр. Себебі, ол өзінің темірдей тәртіпке негізделген салтынан айнымайды. Діліне берік. Кім өзіндік бет-бейнесін сақтай білсе, әу баста Жаратушысының пешенесіне жазған ұлттық ерекшеліктері мен салт-дәстүр мәдениетіне ие бола білсе, жеңіс сол халықтың жағында. Сондай ұлттың ғана мерейі үстем болады.

Бөріге – бостандығы, итке – итаяғы қымбат! Қасқырдың баласын қолға үйретіп, айтқаныңа көндіріп, дегеніңді істетіп, өнер сахналарында масқарапазға айналдыру мүмкін емес. Ал, мүйізі қарағайдай аң патшысы Арыстан да, күш-қуаттың иесі Жолбарыс та аузында аздап тамақ салып, жылы-жылы сөйлеп басынан сыйпаласаң, маймылдармен қосылып масқарапаз болып, не айтсаң соны істеп құлдық ұрып шыға келеді.

Қасқырлардың ділін аздыру үшін құрығанда екі-үш атасын қолда ұстап өсіруің керек көрінеді (Оған сенің өмірің жетпейді). Онсыз ол еш уақытта құлдыққа көнбейтін көрінеді, – деп ділмарсиды адам байғұс. Ондағысы, өзінің әлсіздігін жасыру. Осы кезге дейін ешкім де «Қасқырды құлдыққа көндірдім» – деп айта алған емес. Бірақ, кейбір ерекше жаратылған адамдар мен қасқырлардың арасында қимас достық болған.

Ал, достық пен құлдықтың арасы аспан мен жердей. Біз болсақ оны да шатастырып алып жүрміз. Сол үшін де біз өңі айналған «ұлтсыз интернационализмнен» ұлттық мүдде іздейміз. Бізге Ұлттық Демократия керек. Біздің қоғамда Ұлттық мүдде мен Ұлтаралық достықтың шегарасының қай маңда екені түсініксіз. Ұялы қасқырлардың да өз шегарасы болады. Шегарасын қасық қаны қалғанша қорғайды. Сонымен қоса, өзгенің шегарасын шама келгенше бұзбауға тырысады. Өзінің апанына бүлік кіргізбейді. Үнсіз түсінісіп, нәтижелі әрекет жасау – қасқырларға ғана тән қасиет.

Әлгіде қасқырларда шегара болатындығын айттық. Шегарасын қасық қаны қалғанша қорғайтындығын айттық. Сол үшін белгілі бір уақытта өз шегарасын бойлап дәрет етіп, аталмыш жердің иесінің бар екендігін көршілеріне сездіріп отырады. Шегарасының шеңберінде, тектік мүддесі мен қасқырлық ар-намысына қайшы келмейтін, ұрпағын аздырмайтын, ата-бабаларынан қалған ұлы даңғылдан адастырмайтын ойын-сауық пен серілік серуеннің ләззатынан олар да құр қалмайды. Жұбын сатпайды. Еркегі мен ұрғашысының арасындағы және ата-анасы мен бөлтіріктерінің арасындағы қарым-қатынасы, ұяластарының әртүрлі жағдайдағы міндет-парызы қатаң ережеге бағындырылған. Міне, қасқырға тән ұлттық демократияның үлгісі.

Қасқыр сол үшін де қасқыр. Кезінде ұлттық демократияны орнықтыра білген кешегі Көкбөрі шалдарымыздың ерін – елдікке, елін – ерлікке бастаған тарихи тұлғаларына, асыл ұлдарына «жігіттің қасқыры», «жігіттің көкжалы» деп баға беруі тегін емес болар. Көкжалдық пен бөрілік – көзсіз батырлық емес, еліңді қалай да жеңіске жетелеудің айласын таба білушілік. Қасқырдың қасқырлығы тісінде емес, ісінде! Әйтпесе, төбесінен тікұшақпен қуып келе жатқан қасқырдың айнадай тақырда аяқ астынан адастырып кеткеніне таң қалған аңшылар, әуре-сарсаңға түсіп, біраз уақыттан кейін шешімін табады.

Байқаса, қасқырекең тоқ жүйесінің бағанасына тікесінен асылып, бой жасырып тұрған көрінеді. Енді бірде, шағылдағы қылтиған бір-жар бұтаның арасында жата кетіп, аяқтарын көкке көтеріп, өсіп тұрған бұтақтың кейпіне ене қалуы тамаша тәсіл емес пе? (Қасқырдың ақылы мен айласының тереңдігін көрсететін мұндай әрекеттердің мысалын көптеп келтіруге болады). Бәрі де ұрпақ үшін. Өмір сүрудің амалы. Ұрпақ демекші, ұрпақ тәрбиесін қасқырлар қатаң ережеге дәйектеген.

Бөрі бөлтірігін кішкентай кезінде өлердей сүйеді. Ойнатып, үстіне шығарып, құйрығымен құлағын тістетіп, есепсіз еркелетеді. Сосын томпаңдап ізіне еретін халге жеткенде тұзы қалың сор жерлерге апарып, табанын күйдіріп, жорыққа дайындай бастайды. Себебі, қасқырды аяғы асырайды деген де сөз бар. Кейде жемтігін апанға тірілей әкеліп бөлтіріктеріне өлтіреді. Және жемтікті бөліске салу мәселесін бөлтеректердің өздеріне тастап кетеді. Бұл күрделі проблеманы әділ шешу үшін ұядағы бөлтіріктердің ішінен бір Лидер шығуына тура келеді. Осы табиғи қажеттіліктердің салдарынан ұялас бөлтіріктердің арасында, кескілескен майдан басталады. Ата-анасы бұл майданды сырттан ғана бақылайды,

Ақыры арпалысқан майданның нәтижесінде ұялас бөлтіріктердің бірі жеңіске жетіп, апан ішіндегі тәртіп пен реттіліктің қожайынына айналады, басшылық етеді. Бір қызығы әлгі жеңіске жетіп, апан ішіндегі басшылықты қолына алған бөлтірік ата-анасы әкелген жемтіктің жылы-жұмсағын ең бірінші әлжуаздарына беріп, өзі ең соңынан тамақтанатын болады. Ата-анасы жоқта ұялас бөлтіріктерге төнген қауіп-қатердің алдын алып, ақыл-айла табуы тиіс.

Демек олар кейбір адамдар сияқты басшылық пен лауазымға – қоғамдық игілікті қара басының қамына пайдалану мүмкіндігіне ие болу үшін емес, бөлтіріктердің бірлігі мен аман-есен қасқыр болып қалыптасу жолындағы ұлы көштің жауапкершілігіне ие болу мақсатында қажетсінеді екен ғой.

Ал, біздің қоғамда «Елім!», «Отаным!», «Ұлтым!», «Дінім!», Ділім!, Тілім! Ұлттық арым мен намысым» – дейтін адамдарды және ұлтының болашағы үшін қайғы ойлап, қасіреттенетін азаматтарды басының пайдасын білмейтін, ақымақ, жынды көретін жағдайға жетті. Қасқырды қолдан шағылыстырып, күшіктеткісі келгендер де болған. Бірақ күйттен шыққаннан кейін қаншық қасқыр үнемі жорықта жүруі керек. Сонда құрсағына түскен сәттен жорықпен басталады. Қасқыр үшін өмірдің басты мәні ұрпақ және жорық пен әрекет. Сондықтан да Адай-Ата кесенесінің жанына міндетті түрде жорық пен әрекет үстіндегі Көкбөріні мүсіндеуді ұйғардым және сәулетшілердің сызбасына қасқырды кіргізуді талап еттім.

Өмір дегеннің өзі – қозғалыс, әрекет! Адай-Ата ұрпақтарына да, қарғатамыр қазағыма да керегі – сол Көкбөрілерге тән әрекет. Адай-Атаның Көкбөрісі күндердің-күнінде «Адайдың Көкбірісі» атанады. Қасқырша жортып, Бөріше бөлтірігін тәрбиелеу үшін, қазақтың Көкжал жігіттері, «Адай Бөрісінің» жанына келіп, ырым қылып, ұл-қыздарының тұсауын кесетін болады. Ол балалар сосын қасқырша жортып, бөріше бірлігін бекемдеп, ұлтының жоғын түгендеп, арын арлайды. Лайымда солай болғай.

Адай мен Арлан, Қазақ пен Қасқыр ұрпақ үшін кескілескен ұлы майданда жеңісті жорықтардан көріне бергей! Отпан тауға бара қалсаңыздар, Адай-Атаның әруағына дұға бағыштап, Көкбірінің өмір сүру қағидаларын ұрпақтарыңызға үлгі етіңіздер! Қазағымыздың ұлттық рухын көтерейік! Қой болып, қасқырдан қашып, қойшыға тығылғанда да өз ажалыңнан өлетін ештеңең жоқ. Айдаулы қойға қайраулы пышақ қашан да да дайын.

Сөзімнің соңында «Адай-Ата кесенесінің қасына Көкбөрі неге керек болды екен?» – дейтіндерге беретін жауабым: «…Көк бөрінің жалпы түркі тектес халықтардың бәріне ортақ қасиетті тотемге айналуы, ал біздің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының негізінен көгілдір аспан түстес болуы тіпті де кездейсоқтық нәрсе емес» – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. «Тарих толқынында» атты кітабының 32-33 беттеріне үңілсеңіз. Түсінген жанға бұдан артық қандай дәлел керек.

danakaz.kz

author

Сабыр Адай

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...