Ақын Тоқтарәлі Таңжарықтың 7 өлеңі

ӘДЕБИЕТ
7337

COVID-19 - адамзат тарихындағы он сегізінші пандемия. Адамзат тарихында қаншама соғыс, қаншама пандемия болды. Бәрі де өтті. Ия, бәрі де өткінші. Бұл апат та өтер, кетер... Жайбырақат, жайдарлы күнімізге де оралармыз. Шыдайық, сақтанайық, жақынымызға жанашыр болайық! Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі Бақытгүл Бабаш, Құралай Омар, Айнұр Төлеу, Ұларбек Дәлейұлы, Мақпал Жұмабай секілді ақындар өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!
Қадірменді оқырман, бүгінгі ақын Тоқтарәлі Таңжарық! Мархабат!

Ақын Тоқтарәлі ТаңжарықАқын Тоқтарәлі ТаңжарықМЕН ТҮСІМДЕ АЖАЛ ҚҰШЫППЫН ДЕЙМІН...

Мен түсімде ажал құшыппын деймін,
Төрт маусымға да ұқсамайтын өзге шақ екен.
Көкірегіме күлгін сәуле тамшылап, 
буға айналып, қалқып барады...
Көкке қадалған көзім ештеңені көрер емес.
"Дүние сонша қараңғы ма еді?!" деген ой
және бір сәбидің тоқтаусыз шырылы маза бермейді,
Маза бермейді толассыз құйған нөсер.
Мен Анамды, сосын Сені еске алыппын.

Түсімде кенет ажал құшыппын деймін...
Молданың дұғасын әлдебір тұстан талып жеткен
Көкектің даусы бұза бергендей...
Қаралы жиын көпке созылған жоқ.
Ешкімнің жоқтау айтпағанына қуандым,
Тек Сенің жоқтығың жаныма батты...
Көр топырағын лақтырған күректердің шықыры жүйкеме тиеді.
Мазардан алыстаған топтың аяқ дыбысы марш сияқты...
Ұзаған сайын қара жер дүрсілдеп, қабырғам қайысты.

Мен түсімде ажал құшыппын деймін,
Моламның үстінде жалғыз жауқазын өкситін көрінеді.
Жалғыз шыбықтан сыңсыған үнге балқимын бір сәт.
Зейнебін іздеген Көкектің даусы тыншымайды.
Мен жалғыз емеспін...
Менімен бірге жалғыз қоңыр көлеңке түнейді.
...Міне, қабірдің іші аппақ парақтарға толды.
Сенің жазған хаттарың секілді: 
оқығым келмеген емес,
оқуға дәтім жетпеген хаттар... өртеніп жатты...
...Әне, атпен біреу келеді, 
маза бермейді олар, ән салып өтеді.
"Бұл не, ата?", – дейді сәби былдырлап,
"Бұл - бақсының моласы...", - дейді Жолаушы...

ҚОҢЫР КӨЛЕҢКЕ
 
Сен қайдасың, қоңыр көлеңке? 
Ояу жүрсем де түс көргендей 
Сені сағынам. 
Кәрі еменнен саулаған жапырақты иіскеймін, 
Бірін бірі шимайлаған 
жолдардың өткелінде тұрып. 
Қаңыраған көшелерді жалғыз кеземін 
Иен аралдай көкірегім құлазып, 
Әлі жаттамаған дұғаларды күбірлеймін. 
Ашқылтым түс көріп ұйқымнан оянсам, 
Ойымнан әлдебір әуен сарыны кетпейді – 
Жорылмаған түсім секілді, 
Болжанбаған сағынышқа шомамын. 

Мүлгіген бақта мұңлы әуенді ыңылдап, 
Мен иіскеген жапырақты 
маңдайыңа басып, 
Көлеңкеңнен көлеңке өрбіп, 
Мен кешпеген өзендерді кешіп, 
Мен жаттамаған дұғаларды күбірлеп, 
Сен қайда жүрсің, қоңыр көлеңке?!

***

Көкірегімнен ұзақ жылдар бұрын ұшып кеткен бір құс, 
Аппақ құс, 
Ұясына қайта қона алмай жүр... 
Тек шырылдаған дауысын естимін.

ЖАЗА

Сен көшенің арғы бетінен қол бұлғадың,
Мен машиналар ағынынан сескендім.

Сен құз жартастар арасында ән салайық дедің,
Мен жаңғырықтан қаштым...

Сенің ақ нөсердің астында билегің келді,
Мен шөп күркеме тығылдым.

Сен түпсіз дарияға сүңгиік дедің,
Мен тұңғиықтан шошыдым.

Сен толқын шайқаған қайықпен алысқа кеттің...
Мен үнсіздікті құшақтап жағада қалдым!..

МЕНІҢ МАҒЫНАСЫЗ СҰРАҚТАРЫМ

...Алғаш Күнес өзенінің жағасында отырып неге шылым шектім?
Не үшін шектім? Есімде жоқ. 
Шылымды құшырлана сорып, 
өзен иіріміне ұзақ телміргенде кім туралы ойладым екен?
Қара ит ұлып жұртта қалғанда неге сонша боздадым?
Содан бері көзімнен неге бір тамшы жас шықпады?
Неге әкем мінген қара аттың оқыранғаны түсіме жиі енеді?
Туған жер туралы сөз етуді неге ұнатпаймын?...
Бағдаршамнан өтерде неге Өмір туралы ойлаймын?
«Мен осы ғашық болып көрдім бе?» 
Осы сұрақ неге көкейімнен кетпейді?
Неге, не үшін ғашық болу туралы сөз етіп отырмын?
Түсінбеймін. Бәлкім, есім ауыса бастаған болар?
Үрей басқан Алматыны жүрегім неге жатырқай береді?
Қазірде шылым шегудемін. 
Түтін көкірегімде қалықтап барады.
О, не туралы ойласам екен?
Кімді сағынсам екен?..
Кімге табынсам екен?..
Азан дауысын естімегеніме қанша уақыт болды?
Шіркеу қоңырауының қаңғырлаған үнін де ұмытқалы қай заман?
Дәл осы шақта монахтар бұтханаларында шарт жүгініп,
Ғибадат бәйіттерін оқып отырған болар?
Молдалар мен пірәдарлар есен шығар?..
Олар мен үшін дұға жасар ма екен?..
Оларға менен дұғай сәлем жолдаңыз!..
Бағдаршамға телміріп, көшелерді кесіп өтерде...
Неге Өлім туралы ойлай берем?!..
Мені неге «Мен» ұмытып кетті?..
Оған да дұғай сәлем жолдағайсыз!..Ақын Тоқтарәлі Таңжарықтың студент кезі

ҰЙҚАССЫЗДЫҚ

Мына ескі сарайды құстар мекендейді.
Бөренелер ежелгі сәнін еске салғанымен,
Өрмекшінің торы өткенін шимайлап тастаған.
Кептер мен қарлығаштың қауырсындары
Дөдегелердің қуысынан жерге түседі.
Оларды жел баяу қалқытып,
Белгісіз қиырларға ұзатып салуды шешкендей.
Сары ауыз балапандар шиқылдап,
Жем іздеп кеткен аналарын күтеді,
Тіршілік бәрінен қымбат.
Аңқиған есіктер мен терезелер
Бізге әлдебір қимас көзбен сыр шерткендей,
Бірақ олар емес, біз солай қиялдаймыз.
Жел кеулеген жақпардан ішке үңілсең
жүрегің лоблиды,
Саңғырыққа толы босағаны аяйсың.
Қираған пештің қалқасында өскен
сарғыш саңырауқұлаққа күйе жұқпаған.
Мүк басқан ағаштар жаңбыр суымен көгеріп,
Еден тақтайлары иесіз қалудың не екенін паш еткендей…
Бәлкім бізге жұмық көздерімен қараған марғаулармен тілдесерміз,
Олар бұрыштар мен қуыстар жайлы ертек айтар.
Шырмауық ораған жетім гүлдердің аянышты халіне назар салма,
Бәрібір біз құтқара алмаймыз…

Көзіңе жас алма, інім, кері қайталық.
Анамыз алыс сапарға шықсаңдар,
Арттарыңа бұрылмаңдар дейтін.
Бұл ұғым өшпестей мөрленген.
Біз туған үйдің
Біз тұрған үйден әлдеқайда ыстық екенін сезбейді қазір ешкім,
және ешкім біздің әулет тарихын баян ете алмайды.
Ол – тек біздің шежіре, көкірегімізге жерленген…


***

Кел,
екеуміз тост айтайық,
қаңсыған сағыныш тостағанын көтеріп,
ғашықтықтан зардап шеккендер үшін;
күлсалғыштан шұбалған түтін
бөлмені кезіп,
төрт қабырғада сенделгенін көрдің бе?..

Кел, 
екеуміз тост айтайық,
мерт болған сезімдердің мүрдесін сүйреп,
көзінен бір тамшы жас шықпайтындар үшін;
терезеге қайта-қайта соғылған
жынды көбелектің қанаты өртеніп, 
шырқырағанын көрдің бе?...

Кел, 
екеуміз тост айтайық,
тоқтамай сөйлейік, 
ұзақ жыр оқиық,
жер жұтқан іздері көрге шұбырып,
дұға дәметпейтін күнәһарлар үшін;
қапырық бөлмеде күрсініске тұншығып
солған гүлдің шөліркегенін көрдің бе?..

Ақын Ұларбек Дәлейұлының 7 өлеңі 

Ақын Мақпал Жұмабайдың 7 өлеңі

author

Тоқтарәлі Таңжарық

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...