Ақын Ерғали Бақаштың 7 өлеңі

ӘДЕБИЕТ
3780

COVID-19 - адамзат тарихындағы он сегізінші пандемия. Адамзат тарихында қаншама соғыс, қаншама пандемия болды. Бәрі де өтті. Ия, бәрі де өткінші. Бұл апат та өтер, кетер... Жайбырақат, жайдарлы күнімізге де оралармыз. Шыдайық, сақтанайық, жақынымызға жанашыр болайық! Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі Бақытгүл Бабаш, Құралай Омар, Айнұр Төлеу, Ұларбек Дәлейұлы, Мақпал ЖұмабайТоқтарәлі ТаңжарықҰларбек НұрғалымұлыЫқылас Ожайұлы, Мирас АсанТөлеген МеллатЕрлан Жүніс секілді ақындар өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!
Қадірменді оқырман, бүгінгі ақын - Ерғали БақашМархабат!

Ақын Ерғали Бақаш
Түн осылай...

Тымық түнге сіңіп кетсем, буланып,
Өз мұңыма өзім ғана уланып.
Рахаттанып жатар едім шынымен,
Бірақ, мені кетті дерсің... қуланып.

Ішімде өлген армандарым түске еніп,
Ту сыртымнан айбат шекті тістеніп.
Ат шалдырып, түнге бұрдым бетімді,
Кеше ғана кетсем-дағы түстеніп.

Түн осылай тартып кетті тереңге,
Түнек әлем айналдырмас кереңге?
Жұлдыздардың көптігінен не пайда,
Түспеген соң шұғыласы төменге?

Құшағына ап, қара түнді аймалап,
Ай барады көк жүзінен тайғанап.
Жұлдыз біткен жиналыпты бір жерге,
Ақ бұлттарды жібермек боп майдалап.

Түнге сыйлап, ойын, шаттық күлкіні,
Бұл жалғаннан ғайып болам бір күні.
Сонда менің буға айналып өр рухым,
Жер астынан білінеді бүлкілі.

Мойындау

Түн түнекке айналып,
Қалғып кетті жұлдыздар.
Ай бұлттарға байланып,
Үдей соқты түнгі ызғар.

Жер жігінен қозғалып,
Шыр айналды ұршықтай.
Тіл ұшында сөз қалып,
Ниет еттім тұншықпай.

Аспан тыныс тарылтып,
Аласарып кеткендей.
Бірақ мұңнан арылтып,
Бір көгершін жеткендей

Түннен сұрап көрімдік,
Жеттік міне, жарыққа.
Қап-қара боп көріндік,
Бірақ неге халыққа?

Оның сыры мойындау,
Аққа күйе жұққанын.
Қара түнде мұңайып,
Жалғыз қалам ұққаным...

***

Сұлу кеш түн қойнына кетті кіріп,
Қалды ымырт құры босқа жөткірініп.
Түтілген жүндей анау ақша бұлттың,
Қасына Темірқазық жетті күліп.

Көрінді сылаң қағып Ай да керім,
Көктемнің сағыныппын майда лебін.
Гүл емес, пана іздеген жарық нұрдан,
Көбелек-ау, жастығым қайда менің?!

Қарайды жұлдыз көктен төніп бізге,
Іңкәр боп қалды ма екен көріп түзде. 
Көктемдей құлпырғанмен бар тіршілік,
Көз жасын жерлейтіндей көміп күзге.

Күз міне, дірдек қағып жапырақ тұр,
Құлазып қалады ертең атырап тұл.
«Бармын ба, жоқпын ба», – деп тіршілікте,
Күрсінер терек байқұс аһылап құр.

Жоқ өкпе, жұпар аңқыр қоңыр кешке,
Ілесіп күн кешерміз өмір-көшке.
Санамда сары уайым салады ойнақ,
Сабырға шақыра алмай көңілді еспе.

***

Күнәдан пәк сұлулығың көзді арбап,
Қиял-құсым әлеміңді жүр барлап.
Көңілімнің бақшасына қонсаң ғой,
Жан тербетер, құдіретті сөзді арнап.

О, перизат!
Бұлбұл үнді гүлзарым,
Махаббаттың арқалатқан мұң-зарын.
Мәртпін, бірақ, шаһарым жоқ сыйлайтын,
Ал, Хафиздей түсіне алам қыз жанын.

Гүл мен қайың саған теңеу бола алмас,
Өйткені олар семсе қайтып оңалмас.
Тәңір сені қызғаныш қып жаратты,
Ғашық жанның жүрегінен жоғалмас.

Тыңда мені, айлалы өмір түлкідей,
Қырын қарап, жиырылғанша кірпідей.
Қас сұлулық болмаса егер жалғанда,
Ізгілік те, естілер ед түрпідей...

Күн мен Айдай дараланған бөлексің,
Зерттелмеген, жұпары мол түбексің.
Жан баласы көрген замат таңданып,
Кеуделерде дүрсілдеген жүрексің.

Көңіл шулап,
Жел жұлқыған емендей, 
Әппақ өмір бәйек боп жүр енемдей.
Тереземнен сығалайды қоңыр кеш,
Бөлмеме сен жарық болып енердей.

 Түн менi сағынады

Түн менi сағынады таң атқанда,
Өлеңi жетсiн дей ме Жаратқанға.
Өзiмдi-өзiм аяп отырамын,
Достарым мен жайлы өсек боратқанда.

Күнiне сан қайталап кәлиманы,
Ақынның оянды iште ар-иманы.
Өзiңдi-өзiң танып өлең жазсаң,
Бiлесiң дүние деген дариғаны.

Әлқисса, еншiме өлең қалағаным,
Байлыққа бiрақ қырын қарамадым.
Мақтанып кеттi деме менi бауыр,
Түсiмде жұмақты ылғи араладым.

Тәңiрге мiнәжат қып табынғанда,
Қол создым бұлдыраған сағымдарға.
Ұшып-ақ кететiндей күйге енемiн,
Елесiн ару өлең сағынғанда.

Азат күн тыныш түнге ұласқанда,
Сұлулар мен жайында сұрасқанда.
Құшақтап топырағымды ұйықтап жатам,
Ауылдың iргесi анау қыр асқанда.

Түн менің жұбанышым

Түн мені түрткілейді,
Тұншығып қалатындай.
Ақ бұлттар күркірейді,
Тағы да жауатындай.

Тарс жұмып, көзімді ашсам,
Түнектен ораламын.
Тас түйін сөзімді айтсам,
Кебінге оранамын.

Несіне қымсынамын,
Түн менің жұбанышым.
Қол созып ұмсынамын,
Қылпылдап тұрады ішім.

Көрінбес көзге тұнық,
Бар онда ғажайып бір.
Құнықсаң түнге құнық,
Ықылас азайып тұр.

Түн деген қара кісі,
Қара атын қамшылайды.
Ақша бұлт жыламсырап,
Көз жасы тамшылайды.

Іштегі өлең

Бір өлеңім ішімде,
Көрем оны түсімде.
Тек ақиқат біледі,
Не мән барын ісімде.

Бағытым бар, бағымда,
Арбаламын сағымға.
Қарсы жүзіп келемін,
Өткел бермес ағымға.

Жақын тартса ажалым,
Көкке кетер ғазалым.
Гүлге оранып жатады,
Кіп-кішкентай мазарым.

Шыр-пыр болып ақталмай,
Өтіріктен мақтанбай.
Бірақ сәтте өзіңді,
Көрсетесің ақтармай...

Іштегі өлең тіл қатар,
Көздің жасын құрғатар.
Кең дүниең тарайып,
Тар дүниең жырғатар.

author

Ерғали Бақаш

АҚЫН

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...

Жаңалықтар

Бұл ерекше жүздесу Лондонда өтті. Ең ұзын және ең қысқа әйелдер кездесіп, бірге шәй ішіп, әңгімелест...