IШығарма жазылып бітті.... Кітап боп басылып шыққалы да әлдеқашан. Енді, міне, қайта-қайта басылып т...
Біржан Ахмер. Имитация
Қазіргі таңда қазақ оқырмандары мен зерттеушілері арасында дәстүршіл және жаңашыл қазақ поэзиясы тақырыптарына байланысты үлкен бір дискуссия жүріп жатқаны белгілі. Жаңашыл қазақ поэзиясы қандай болу керек? Дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығы қай деңгейде? Әрине, бұл сұрақтарда әркімнің өз жауабы бар. Мәдениет порталы осы бір дускуссия аясында қазіргі қазақ поэзиясының хәл-ақуалын бағамдау және XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басында дүниеге келген қазақ ақындарының "түсініксіз" һәм "түсінікті" өлеңдерін талдау, талқылау мақсатында «Папирус» айдарын ашып отыр. «Папирус» айдарында әр аптаның дүйсенбісі бір ғана ақынның өлеңдері жарияланып, аптаның қалған күндері сол жарияланған өлеңге жасалған анализдер мен пікірлер оқырман назарына ұсынылатын болады.
Бұған дейін ақын Тілек Ырысбектің "Қайран қытай кеспесі..." атты өлеңдер топтамасына жазылған Әбіл-Серік Әліакбардың "Ерекше өлеңнің ерекше сардары", Жанат Жаңқашұлының "Мұңаяды. Жылайды. Өкпелейді" және Анар Қабылқақтың "Бірақ ол атамекенге саналы түрде оралды емес пе?" деп аталатын талқы мен талдауларын ұсынған болатынбыз.
Әдеби эстетиканың тарауы көп құбылыстарын мейілінше зерделей білген еуропалық қаламгерлердің тәуекелі мен құлшынысына таңғалуға болады. Әрине, еуропалық әдебиеттің қайнар көзі шығыстық сарында, шығыстық эстетикада жатыр дейтіндер де бар. Мүмкін солай да шығар. Бірақ Батыс елдерінде ой еркіндігі анағұрлым басым екенін мойындауымыз керек. Бір қызығы, «Ой еркіндігі» деп сырттай топшылай салатын әдетімізден сабақ алмағанымыз – сол еркіндікке жасалған «қастандықпен» тең екенін әлі де түсінбей келеміз. Әлбетте, ой еркіндігі – мәтін еркіндігіне жетелейді. Оған дау жоқ. Дегенмен, жадымызда жатталып қалған «жүйелі сөз», жүйелі мәтін бәрібір де өзінің классикалық көркем үрдісін бірер сәтке де босаңсытқысы келмейді. Немесе біздің санамыз содан арылғысы келмейді.
Замандасымыз Тілек Ырысбектің «Қайран қытай кеспесі» атты топтама өлеңдерін оқып шықтым. Ақын өлеңдерінен формалық ізденістерді, қазақ поэзиясына жаңалық әкелгісі келетін ниетті, тың идеяларды аңғарамыз. Шын мәнінде, меніңше, поэзия – сыртқы формасына қарамастан, өлең немесе өлең емес деген екі тұжырыммен ғана анықталады. Адам жанына қандай да бір эйфориялық көңіл-күй, трансқа жетелейтін тылсым күш, жұмбақ, естен кетпейтін әсер берсе, онда ол – өлең. Ал ондай күйді сездіре алмаса немесе сездіргісі келмесе, оны «поэзия» деп айдар тағып, әдеби сайт-журналдарға жариялаудың өзі әбестік. Сонымен, Т.Ырысбектің өлеңдерін оқып көрейік.
Киімім кебінім секілді,
Қайнаған су толы стакан ішіне,
Тым ұзақ тесіле қараймын.
Мен, сосын, жуамын қолымды, күнәмді жуғандай сабынмен. («Ішінен» өлеңі)
Соңғы жолдағы сөз тіркестерін автор «бұл – абсурд, сондықтан мағынаны осылайша қолдандым» деуі мүмкін. Дегенмен, мұнда ешқандай қисын жоқ екенін байқаймыз. Шынында, екі сөздің орнын ауыстырып, былайша жазса: «Мен, сосын, жуамын күнәмді, қолымды жуғандай сабынмен» десе, онда сәл реали өмірге жақын тұрар ма еді. Күнәні сабынмен жууға келе ме? Күнә – көзге көрінбейтін мораль, философия, жансыз дүние. Ал оны заттық тұрғыдағы сабынмен жуған ақынды қалай түсінеміз? Тағы бір аңғаратын жайт, өлеңнің өзегі жоқ. Яғни, бір философиялық немесе поэтикалық ойдан туған сөз ағыны жан-жаққа тарап, әр өлең жолы әртүрлі «әлемге» жетелеп тұр. Әрине, егер Г.Маркестің стихиялық туындыларындай сәтті шығып жатса, ешқандай дау айтпас едім. Бірақ көзге көрініп тұрған ақиқат жоғарыдағы ойды қозғап, логикалық қарама-қайшылықтың сипатын айшықтап тұр. Өлеңнің жалғасы:
Аспанға тесіле беремін несіне,
Төртбұрыш қабырға ішінен,
Қағаздың бетіне үлкендеу шеңбердің суретін саламын,
Сол шеңбер ішінде жоғалтып алардай өзімді,
Адасып кетердей өзімнен...
Т.Ырысбек – жақсы дизайнер екені баршаға аян. Сол дизайнерлік өнерін, қабілетін поэзияда қолданғысы келетінін осы шумақтан түсінуге болатындай. Ақын жырлап отырған «Төртбұрыш қабырға», «Қағаздың беті», «Үлкендеу шеңбер», «Адасқан адам» т.с.с. – барлығы да жеке-жеке картиналар галереясы десек болады. Қаламгер сөздерінде суреткерліктің ұшқыны, сол суретте өмір құбылысы сипатталады. Бұл – бір қызық әрі күрделі түсінік. Өлеңді оқып отырғанда көзіме абстрактілі суреттер келді.
Т.Ырысбек поэзиясы – осындай тосын құбылыстармен, суреткерлігімен ерекше. Оның осы қабілеті өмірдің екінші фонындағы тылсымды түйсінуге, үңілуге септігін тигізгені белгілі. Жалпы, шетел әдебиетінде ақын-суретшілер көп болғанын білеміз. Мысалы, Владимир Маяковский, Михаил Лермонтов, Федерико Гарсиа Лорка, Уильям Блейк, Микеланджело Буонарроти, Лю Ся секілді қаламгерлерді айтуға болады.
Жазушы Ө.Әбдіхалықтың «Құдай» деген әңгімесі: «... Әлдебіреу ауыр күрсінгендей болды...Үдей соққан жел көше бойына шашырай түскен жапырақтарды толқындата ұшырып барады. Жамырай жарысқан жапырақтар тамыры – тегінен ажыраған адамдай желдің ығына жығылып бағытсыз жөңкіледі», - деп басталушы еді ғой. Неге екенін білмеймін, сол әңгіме түсіп кеткені. Бәлкім, Т.Ырысбек поэзиямен және Блейктің картинасымен «іштей» үйлескендіктен болар. Хош, ақынның тағы бір өлеңін оқиық.
Алақанымнан аққан көлеңке,
Жүзімді жасырғанда,
Уақыттан үзіліп,
Аспанға мағынасыз телмірдім,
Мен солай,
Бала күнгі сынған айнаға шағылысқан жарқылдың,
Жалт-жұлт еткен әнтек,
Естеліктерін ғана есіме түсірдім.(«Момидзи» өлеңі)
Бұл шумақта да біз сөз басында айтқан логикалық қайшылықты байқаймыз. «Алақанымнан аққан көлеңке». Бір қарағанда мағынасы терең жол секілді боп көрінгенімен, шын мәнінде ешқандай мән, реалды пайым көрінбейді. Егер «Көлеңкенің ағуынан» философиялық иірім іздесеңіз, әрине, өз еркіңізде. Алайда оқырман дүниетанымым эксперименттің сәтсіз шыққанын айтады. Ал осы жол «Алақанымнан аққан уақыт» болса, қандай да бір ойдың ұшқыны немесе қисын пайда болар еді. Яғни, тағатсыз жөңкіген мезгіл, тоқтаусыз уақыт, сағат, минуттар көз алдымызға келіп, эстетикалық жорамал, сурет тудыратыны ақиқат-тұғын. Дегенмен, автордың бұл тәуекелін тиісті деңгейде қабылдауымыз да керек. Бұл – поэзияның әртүрлі бояуларын танытады.
Ақынның: «Мен ештеңе ойлаған жоқпын» («Ішінен» өлеңі), «Мен, өзімді сағындым...» («Өзеннен өзенге көз салған Google Maps» өлеңі), «Аспанға мағынасыз телмірдім» («Момидзи» өлеңі) деген жыр жолдарынан ешқандай жаңалық көріп тұрған жоқпын. Кейде осы қазақ поэзиясы «адасу мен телміруден» көз аша алмай қала ма деп уайымдаймын. Әрине, автор өзі арқылы қоғамның бейнесін ашқысы келген шығар. Бірақ бүгінгі жаңа жағдайдағы, жаһандану дәуіріндегі әлеуметтік-экономикалық прогрестер торығудың орнына, талдауды, сарылудың орнына, іске кірісуді назарға алып отыр. Бұл – бір. Екіншіден, біз 90-шы жылдардан XXI ғасырдың басына дейін әбден торығып болдық емес пе? Шынтуайтына келгенде, поэзияға жаңа леп, жаңа көзқарас әкелетін уақыт болды. Дегенмен, «жаңалық» жасаймын деп жасандылыққа ұрынып алмасақ етті. Менің ұғымымда, элегия сарыны Ю.Кузнецовтың мына бір өлеңінде шынайы көрінеді:
Судьба не терпит суеты,
Но я беспечный,
Так много в сердце пустоты
Земной и вечной
И все пустое на земле
И под землею
Вдруг откликается во мне
Само собою... («Пустой орех»)
Мұнда жасанды торығу жоқ. Сананы тербеген үздіксіз әуез секілді біртүрлі әсерлі. Қауқарсыз ақынның ой ағыны, сана ағыны бізді өз әлеміне жетелейді. Солай бола тұра ақын «Судьба не терпит суеты» деп өз-өзіне шарт қойып алған. Бірақ ол жалпыадамзаттық қателіктердің алдында дәрменсіз, әлсіз. Ю.Кузнецовтың ішінде уақытша да, мәңгілік те идеялар тоғысқан. Ақын қанша тырмысса да, одан арыла алмайды. Сөйтіп, ақыры автор жан дүниесіне өзінен-өзі құйылып жатқан «ағындарға» көнгендей болады.
Сонымен, замандасымыз Т.Ырысбектің өлеңдері туралы аз-кем сөз қозғадық. Бұл пікір – тек бір адамның ғана пайымы. Сондықтан ақын жоғарыдағы пікірдің дұрыс-бұрысын өзі елеп-екшеуі қажет.
Аспан – шексіз болмаса да, адамның қиялы, ойы, сезімі – шексіз. Кейбір ескі дәстүрлердің «шідерін» үзіп, жаңа пайымға, жаңа дүниетанымға ілесу – көзі қырағы, ойы ұшқыр жас қаламгерлерге парыз. Алайда оны қандай тәсілдермен, қандай жолдармен дамыту керектігі, өз-өзіне һәм оқырманға қалайша әсер ететіне келетін болсақ, онда ол автордың тікелей өз ізденісіне байланысты.
Біржан Ахмер,
ақын