Сұраған Рахметұлы. Бекзат

ӘДЕБИЕТ
3016

Қазіргі таңда қазақ оқырмандары мен зерттеушілері арасында дәстүршіл және жаңашыл қазақ поэзиясы тақырыптарына байланысты үлкен бір дискуссия жүріп жатқаны белгілі. Жаңашыл қазақ поэзиясы қандай болу керек? Дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығы қай деңгейде? Әрине, бұл сұрақтарда әркімнің өз жауабы бар.  "Мәдениет порталы" осы бір дускуссия аясында қазіргі қазақ поэзиясының хәл-ақуалын бағамдау және XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басында дүниеге келген қазақ ақындарының "түсініксіз" һәм "түсінікті" өлеңдерін талдау, талқылау мақсатында «Папирус» айдарын ашып отыр. «Папирус» айдарында әр аптаның дүйсенбісі бір ғана ақынның өлеңдері жарияланып, аптаның қалған күндері сол жарияланған өлеңге жасалған анализдер мен пікірлер оқырман назарына ұсынылатын болады. 

Бұған дейін "Мәдениет порталы"  бір апта бойы Тілек Ырысбектің "Қайран қытай кеспесі..." атты топтама өлеңдерін және сол шығармаларға жазылған Әбіл-Серік Әліакбардың "Ерекше өлеңнің ерекше сардары", Жанат Жаңқашұлының "Мұңаяды. Жылайды. Өкпелейді" , Анар Қабылқақтың "Бірақ ол атамекенге саналы түрде оралды емес пе?", Біржан Ахмердің "Имитация"  деп аталатын талқылар мен талдауларды жариялаған болатын. Күні кеше оқырман назарына ақын Бекзат Смадиярдың "Бұл кезең - ұмыту кезеңі..." атты өлеңдер топтамасы ұсынылған еді. Енді бүгін сол өлеңдерге жазылған алғашқы талқы мен талдауды қабыл алыңыздар. Мархаббат! 

Ақын Сұраған Рахметұлы Бекзат Смадиярдың топтамасы туралы толыққанды ой айту үшін біршама дүниені кешіп өткен дұрыс секілді. Өлеңге сын һәм пікір білдіру үшін екі жақты тепе – теңдікті сақтау қисыны да керек. Осы замандық әдеби үдеріс пен кідірістер өзіндік қалыптар (формула) аясында өмір сүретіндіктен эксперименталистік сараптау, пікірге жан кіргізер дәйектер керектігін сездіреді. Алайда Бекзаттың өлеңінің шүңетінде бұндай тиектерді табу қиын емес. Зады күрделі поэзияны нақты талдау үшін де күрделі талғамыңның болуы шарт. Әлемді айпара ашу үшін әуелі осы Бекзат секілді ақындардың өлең әлеміне енуің тура. Расы да осы! «...Қасіретке бауыр басқан...» һәм «сенімі шимайға...» (Бекзаттың өлеңі) сіңген әлеуметті әлеуметтік авангардтық белеңге иетеріп шығаруды осынау қым – қуыт сәтте жаңа серпінді түйсікті ақындар ғана жасап келген осыған дейін. Бұл руһани тарихтың жүрген ізіндегі жазу. Біз осы дүниені түйсінуден де жоғары саналы кісі болуымыз керек секілді. 

Бекзат дұрыс айтады біз «...ұмыту,ұмытылу кезеңінен...» өтіп барамыз. Ең жоғарғы санаттағы сана мен пайым үшінгі майданға ену өліарасында тұрған ұлтқа ғаламды түйсіну бек қажет. Дүниедегі ең салауатты делінетін итальян футуризмі жаңа замандық кейіптегі елесті кемел саналық аяни деңгейге дейін қиялдаумен айналысты. Олар үздіксіз алға ұмтылды. Сондай ұлттың басына «қарға қонды» (бұл да Бекзаттың өлеңінде тұр!?), бағы жанды. Алайда қарғаның қарқылы ақында азапты ойлар секілді қайта ұшады!? 

Біздің есіміз ескі жүйенің балшығына әбден батқан күйімізде осы Тәуелсіздікке жолықтық. Бекзаттар сол тәуелсіздіктің үні. Үміт пен күдіктің тайталасында жүрген жас ақын ғаламдық қимылды жан тәнімен сезінеді. Сол тұрғыда «...үміт пен күдікке ұйқасу...» деген түйсікті ұсынады Бекзат. Ол тек болашаққа ғана шағынады. Өткеннен үміт күтпейді. Өткенге тек примитивизм есебінде ғана қарайды. Өлең жолдарымен коллаж жасау үстінде «қаламының жөтелін» өң мен бояуға айналдыру шеберлігі көрінеді. Бір кезде Гийом Аполлинер (1880-1918) осындай ғажайып бояулармен көрінген. Бекзат «ақтың үстіне ақ бояу жағады» да экспериментальді үн мен абстрактілі әуенаралық жұғымды өзгеше бір кейіп жасайды.

Ақын Бекзат Смадияр

Әрине мұндағы заман Ницщенің «Зоратаның айтқаны», Зигмунд Фрейдтің «Түс жоруы» даңғыр түрендеткен кезеңі еді. Ендеше елес кезген біздің дәуірдің қызыл шапанды идеологиясының сынамасынан өткендер үшін бәрі де жасанды тәсілмен «қолдан жасалғандай» сезілуі мүмкін!? Бірақ, өлеңнің поэзия болатын тұсы һәм оның өмір сүретін өз даңғылында әр түрлі өрнектерімен кездесуі заңдылық. Қағазға жұғып, қағазбен жыртылған өлеңдердің қар секілді қапалақтап жаууы қалайда қарапайым пайымның жемісі емес. Ақын антикалық (ежелгі) поэтиканы өте ерте сезінген секілді. Сол тұрғыда осы жырлары өмірге келді!!! Кембағалдық жайлаған кеселді кезеңнің сұп~суық сарқытын кетік кесемен ішкен ақында ішқұсалық бар. Сүт жолында балқыған іңірдің ніліндей тәтті мұң... Мұң мен жан тылсымының ұшырасар жиегінде ирелеңдей аққан Жайық жатыр. Өлеңнің ұмай киелі қайнары ағып, ақынның қан тамырына құйылады. Уақыт,кеңістік белдеуіне байланған назым мен нәзира еңірей желген өткіншінің бұлтындай аунап келе жатады...

Өте суыт түрде хаһ кітапқа көшуге асығатындай ақын бауырым!? Өмірде пенделердің өз мінәжатымен зілді қоштасуын осы жас періден өзге ешкім өлең үлгісінде жазбаған да шығар!? 

Оның өлеңдері өзінің сауалдарына қақалған жауаптарындай жиналып тұп-тұнық ой шумақ бола береді екен... Ескі сауалға жаңа жауап іздеп, із кезіп жүрген ақынның қарсы алдында жалғыз ғана сұрақ белгісі тұрады. Қақшиған қаһарлы қармақ бас сұрақ белгісі. 

Мәңгі! Иә, Бекзат Смадиярдың өлеңдері өзгеше ағым, өңге әрі түрлі өңге толы!

Сұраған Рахметұлы,

ақын

author

Сұраған Рахметұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

Cиноптиктер ертең, 25 қарашада еліміздің он екі облысында ауа райына байланысты ескерту жасады, деп...

Жаңалықтар

Нұрбек Оралбай неге үйленбей жүргенін айтты, деп хабарлайды madeniportal.kz nur.kz сайтына сілтеме ж...