Әбу Насыр Әл-Фараби
АҚЫНӘбу Насыр әл-Фарабиді кім деп білеміз?
1) Ол – араб және Еуропа ғалымдары мойындаған музыканың атасы.
2) Ол – араб ғалымдары мойындаған Шығыс философиясының атасы.
3) Ол – алғаш рет ғылымды жіктеген энциклопедист ғалым.
4) Ол – замандас Бағдат медиктері мойындаған ұстаз әрі қазір медицинаның атасы саналатын Ибн Сина мойындаған ұстаз.
5) Ол – математика саласында көптеген жаңалық ашқан, астрономия, физика, химия, минералогия салалары бойынша күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпаған құнды еңбектер жазған ғалым.
6) Ол – поэзия туралы еңбек жазған ақын.
7) Әбу Насыр бабамыздың Отырарда, Орталық Азияда жүргенде жазған еңбектері сақталмаған. «Әт-Тағлим әс-Сани» атты еңбегі де бізге жетпеген. Қазір араб елдерінде жүргенде 164 трактат жазғаны белгілі.
8) Әбу Насыр әл-Фарабиді кейбір ғалымдар Бірінші ұстаз деп атайды.
Әбу Насыр әл-Фараби ғұлама араб елдерінде көне грек ғалымдарының ойларын тереңірек түсіну үшін грек ғалымдарынан грек тілінің логикасы мен грамматикасын үйренгенінен басқа барлық білімді Отырарда, Орталық Азияда алған.
Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірбаяны
Қолда бар деректер бойынша ұлы ғұлама 850 жылы Отырар өлкесіндегі Оқсыз шаһарында дүниеге келген. Әкесі Мұхаммед әскер қолбасшысы болатын. Атасының аты Тархан, бабасы Ұзлақ түрік текті әулеттен еді. Оған азан шақырып Мұхаммед деп ат қойды.
Мұхаммед жас кезінен зерек, алғыр, білімқұмар, дарынды бала болып өсті. Сонымен қатар түріктердің «әрбір еразамат – жауынгер» деген өмір салты бойынша әрі әкесі Мұхаммедтің тәрбиесімен әскери өнерге де жаттықты. «Ер қаруы – бес қаруды» жақсы меңгерді, атқан оғын нысанаға дәл тигізетін.
Оқсыз қаласына жақын, дарияның қарсы бетінде жатқан Отырар қаласы ол кезде ғылым-білімі, өркениеті жоғары дамыған, әлемге әйгілі кітапханасы дүниенің түкпір-түкпірінен ғұлама, даналар жиналатын орталық болатын. Ұлы Жібек жолы бойымен әрі-бері өтіп жатқан сауда керуендерінің арқасында қаланың табысы артып, халқының тұрмысы бақуатты болатын. Қалада қаншама керуен сарайлар, базарлар, қолөнер шеберханаларымен қатар, оқу орындары да жоғары білімді ұстаздарымен аты шыққан ғылым ордасы еді. Отырар оқу орындарынан білім алғандар көптеген елдің орталықтарында қызмет етті. Сондай отырарлық мамандар Бағдат халифінің сарайында да үлкен қызметтер (уәзірлік) атқаратын.
Осы Отырардың оқу орнын тауысқан дарынды жас Мұхаммедті қадилік қызметке тағайындайды.
«Әбу Насырдың қадилік билігінің әділдігі сонша, кесіміне мойынсұнбайтын кісі болған емес. Ол нені айтса да анық, дәл білетін қырынан көрінеді. ...Ол Алла тағаланың рақымы түскір кемеліне келген пәлсапашы, мейірімді имам, мұсылман құқығының нағыз білгірі ретінде танылды». Бірде «Жақын туыстарының бірі Фарабиге сақтай тұру үшін көп кітап қалдырып кетеді, соның ішінде Аристотельдің де трактаттары бар екен. Фараби қолы бос кезінде әлгі кітаптарды оқи келе оған беріліп кеткені сондай, өзінің қадилік қызметін тастайды. Осы бір кездейсоқ оқиға оның тағдырына шешуші әсер етті, соның нәтижесінде ол ұлы ғалым атанды (Парсы ғылымы Деххуда «Ғибрат-нама»).
Білімқұмар Мұхаммедтің ендігі өмірі Отырардың ұлы кітапханасында жалғасты. Осында көптеген ғұламамен танысып, білімін дамыта берді.
Жан-жақтан осы кітапханаға жиналатын ғұламалардың арқасында көптеген тілді үйренді. Осында түрлі ғылым ұстаздарынан дәріс алып, ғылымның әртүрлі саласын меңгерді. Ол кезде Отырарда философия, астрономия, математика, жаратылыстану, музыка, медицина және т.б. ғылымдар өте жоғары деңгейде дамыған болатын.
Әл-Фараби бала кезінен-ақ музыкалық аспаптарда ойнап, өлең айтатын. Отырар тұрғындарының (қаңлылардың) музыкалық қабілеті ертеректен әлемге әйгілі еді. Отырар кітапханасында музыка саласында түркі тілінде терең жазылған еңбектер болатын. Бала Мұхаммедтің музыкаға деген құмарлығы оны осы кітапханадағы музыка жайлы терең жазылған кітаптарды толық оқып шығуға итермеледі. Ол музыканың теориялық жағын терең игерді және ол білімін іс жүзінде пайдаланып, ән салып, музыкалық аспаптарда шебер ойнауды үйренді.
Жас дарын сол сияқты жаратылыстану ғылымдары саласын да терең оқып игерді. Медицина, математика, астрономия, физика салаларында да оқып, үйреніп, білімділігімен көзге түсті.
Ол арабшаға аударылған Аристотельдің «Метафизикасымен» танысып, оған түсіндірме жазды. Осы сияқты трактаттары ғалымдардың жақсы бағасын алып, аты кеңге таныла бастады.
Осы кезде жарты әлемді билеген араб халифатының әр жерінде бүліктер шығып «қарматтар», «ізгілікті бауырлар» және т.б. ұйымдар құрылып, ислам бірлігіне қауіп төндіре бастайды. Осындай қозғалыстар Саманилер билеген Орталық Азияда да орын ала бастаса керек.
«Ол кезде Орталық Азия мен Қазақстанда Самани нәсілдері билеген. Бұхара әмірі Нұх Самани әл-Фарабиді шақыртып алып жалпы ғылымдардың негіздері жөнінде кітап жазып бер деп өтінеді. Оның себебі сол кезде шын ғылым мен жалған ғылымдар арасын айыру қиын болып, елді алдаушы азғырушылар, жалған әулие сәуегейлер, өтірік балгер, жұлдызшылар, алхимиктер көбейіп кеткен-ді. Әл-Фараби сонда «Екінші оқулық» («Тағлим әл-Сани») атты еңбек жазып, Нұхқа сыйлайды. Әл-Фарабидің сол кітабы талай ғалымдардың көзін ашса керек.
Осы кітап біздің қолымызға әлі түскен жоқ. Оның дүниеде бар-жоғы да белгісіз», деп өкінішпен жазады А.Машанов ағамыз.
2009 жылы шыққан «Әбу Насыр әл-Фараби. Таңдамалы трактаттар» кітабында мынадай дерек келтіріпті. «Түрік тіліндегі жұмыстарында ...А.Абнан ХV ғ. Мулла Лутфидің «Кашф әз-Зунун» кітабына сүйеніп, Фараби өз отаны – Түркістанда жүргенде Семанид Мансур ибн Нұхтың өтінішімен «Әт-Тағлим әс-Сани» (екінші тәлім) еңбегін жазғанын айтады. Фарабидің Аристотельден кейінгі «Мұғалли әс-Сәни», яғни (екінші ұстаз) атануы дәл осы жағдаймен байланыстырылады. «Әт-Тағлим әс-Сани» кітабы Исфаһанның «Сиуан әл-Хикма» кітапханасында сақталған. Ибн Сина философия мәселелерін осы кітаптан оқыған. Осындай мәліметтер ертеректегі түрік (ХII ғ). Ташкупри заде Ахмед Афандидің жұмысында да кездеседі».
«Әл-Фараби мұсылман ойшылы. Демек, оның ұстазы да осы жолда болуы түсінікті.
Мұсылман әлемінде теңдесі жоқ қасиетті кітап бар, ол – Пайғамбарға Алла тағаладан түскен Құран Кәрім. Ендігі жерде бұл кітап мұсылмандар және өзгелер арасында насихатталуы парыз. Насихатшы – пайғамбар, демек ол – ұстаз. Мұсылмандар үшін бірінші ұстаз – Пайғамбар.
Құранды ғылыми түсінікке салып, насихаттаушы, сол мақсатта сапалы ойлау тәсілін жасаушы (пәлсапа) – әл-Фараби, демек ол мұсылман әлеміндегі Екінші ұстаз.
Сонымен сөзді жинақтай айтқанда, әл-Фараби ғұлама, данышпан, ойшыл, хакім, ғалым, бірақ философ емес және де оның бірінші ұстазы Аристотель де емес, Құран түскен Мұхаммед пайғамбар», деп жазады академик Ғарифолла Есім.
Немістің атақты шығыстанушы ғалымы Ф.Детриций сынды зерттеушісі: «Шығыста Аристотель әл-Фарабидің еңбектерінің арқасында ғана Аристотель атанды» дейді.
Әл-Фараби бабамыз Отырарда жүргенде үйленіп, отбасылы болған. Бір ұлының аты – Насыр болғанын білеміз. Содан бастап Әбу Насыр атанады.
Бұл кезде Отырар ғұламаларының атағы кеңге тарап, Отырар – Фарабтан шыққан ғалымдар араб халифатының түкпір-түкпірінде қызмет атқаратын. Сондай Отырардан шыққан ғұламалардың біразы Бағдат халифінде уәзірлік қызметтер атқаратын. Сол уәзірлер арқылы «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр ғұламаның атағы Бағдат халифіне де жеткен сияқты. Ислам әлеміне атағы кең тараған «Екінші ұстазды» Бағдатқа шақыртқан. Ислам әлемінің әкімшілік әрі рухани орталығы Бағдат бұл кезде халифаттың түкпір-түкпірінен ғалымдарды жинаған ғылым ордасы болатын.
«Оның халық арасында үлкен беделі бар екендігін білген араб патшасы кеңесші етіп алғысы келеді. Содан ол әл-Фарабиге сыйлық ретінде теріге ораған алтын жіберіп, өзінің халифатына шақырады. Патша да қара жаяу емес, ақылды, өмірге деген көзқарасы терең адам екен. Оның «әл-Фарабимен сөйлесіп, ақылдасып отырсам» деген ойы болыпты», деп жазады академик Жабайхан Әбділдин.
Осылайша әл-Фараби бабамыз ислам әлемінің орталығы әрі халифаттағы ең үлкен ғылым ордасы орналасқан Бағдатқа аттаныпты.
М.Хайруллаев бастаған өзбек ғалымдары «Фарабидің саяхатқа шығып, Бағдатқа келген уақыты белгісіз. Кейбір деректерде ол Бағдатқа Халиф әл-Мұхтадирдің тұсында (908-932 жылдар аралығы) келгені туралы айтылады», деп жазады.
Осы сапары кезінде әл-Фараби бабамыз Соғд қаласында самарқандық сағди, Хуләйс ибн Ауас есімді адаммен танысып, ол жасаған шаһруд аспабында ойнауды игереді. Ол туралы былай дейді: «...араб империясында кеңінен таралған аспап – «шаһруд». Ол біздің заманымызда жасалып, бұрын танымал болмаған. Мұны бірінші болып тауып жасаған самарқандық сағди, Хуләйс ибн Ауас есімді адам болған. Ол бұл аспапты хижра жылымен 306 жылы (918-919 ж.ж.) тау бөктеріндегі әл-Мах елінде жасаған. Кейін ол оны Соғд қаласына алып келеді.
Соғд қаласының шығысы мен батысында орналасқан ел тұрғындарының ешқайсысына «шаһруд» аспабы жат болмай, Месопотамияға дейін жетеді».
...Фарабидің Бағдатқа келген уақыты шамамен 920 жылдарға сәйкес келеді. Бағдат халифі Жафар әл-Мұхтадир шыққан тегі түрік, данышпан ойшыл Әбу Насыр Мұхаммедті «өзінің досы» деп атады.
Замандастарының қалдырған дерегі бойынша: «Әл-Фарабидің бойы орташадан төмен, ылғи да түркі киім киіп жүреді екен. Ол мықты, күшті және ержүрек болған. Жебені жақсы тартқан, атқан оғы нысанаға дәл тиетін», деседі.
Бағдатқа келген алғашқы кезде әл-Фараби өзін ақын, әнші-күйші, музыкант ретінде танытқан.
Бағдатта оның достары, шәкірттері көп болды. Оның музыкалық мектебі бүкіл араб еліне әйгілі болды».
Әл-Фарабидің музыкалық қабілеті туралы арабтар неше түрлі аңыз таратады. Бір аңыз бойынша «әл-Фараби бір күйді орындаса арабтарды жылатып, екінші күйді орындағанда арабтарды күлдіреді екен дейді. Былайша айтқанда, музыкасымен адамдардың көңіл күйін жаулап алады», дейді.
Бір мәліметтер әл-Фарабидің 70 тіл білгендігін айтады. Ұлы ғұлама өте сирек қолданылатын, кейде тіпті құпиялық үшін қолданатын тілдерді де өте жақсы білген. Араб жеріне келгеннен кейінгі отыз жыл ішінде 164 трактат жазып қалдырған. Ұлы ғұламаның жазып қалдырған еңбектерін Әбу Әли ибн Сина (Авиценна), Абу Райхан Бируни, Әбу әл-Уаха, ибн Бадж, ибн Туфайл, ибн Рушд, Омар Хайам сияқты шығыс ғұламаларымен қатар Роджер, Бекон, Леонардо да Винчи және т.б. Еуропа ғалымдары да көп пайдаланған.
Немістің белгілі тарихшы ғалымы Ф.Даннеман өзінің «Табиғаттану тарихы» атты еңбегінде Еуропаға кең тараған астрономия-астрология ғылымы, алхимия салалары тікелей әл-Фарабиден алынғаны жайлы жазған.
«...Ыстанбұл университетінің профессоры Ахмед Аташтың тізімінде әл-Фарабидің математикалық еңбегі Упсала университетінің кітапханасында сақтаулы деген мәлімет бар болатын. ...Біз дереу Упсалаға хат жазып, сыйлық жіберіп, өзіміздің қолданып келген әдісімізді істедік. Бірнеше айдан соң микрофильм келіп те қалды, ол тез арада кітап та болып шықты.
Математика ғылымының тарихында бұл бір үлкен жаңалық болды. Бұрын басқа адамдардікі деп жүрген көп теоремалар, қағидалар әл-Фарабидікі болып шықты», дейді А.Машани.
Әл-Фарабидің ашқан кейбір жаңалығы Еуропа ғылымына XVII ғасырда ғана мәлім болған. Және ең негізгісі ұлы ғұлама бұл еңбектерінің барлығын тек араб тілінде жазған. Себебі араб халифаты бұл кезде Азия, Африка, Еуропаның өте көп жерін алып жатқан. Араб тілі көп қолданылатын тіл болатын.
Әл-Фараби Бағдатқа келген соң дәріс алған деп үш ғалымның аты аталады.
1. Қарт христиан дәрігері, логиканың білгірі Әбу Бишр Матта ибн Юнустан логикадан дәріс алады, кейін ұстазынан асып түседі.
2. Лингвистика ғылымын жетік меңгеруді қалаған әл-Фараби грамматика саласының маманы Әбу Бәкір ибн әс Сирадждан грамматикадан дәріс алады.
3. Әли Юхан ибн Хайланнан да логика саласынан дәріс алады. Әл-Фараби «Дәлелдеме» кітабымен осы Хайлан үйінде танысқанын айтқан.
Әл-Фарабидің бұл ұстаздары Иса Пайғамбарды «құдайдың баласы» демей, «пайғамбар» деп таныған несториандық христиандар болған. Олардың ата-бабалары Византиядан қудаланған соң Таяу Шығыс пен Орталық Азияны паналаған. Араб елі бұларға зор құрмет көрсетіп, ғылым жасауға пайдаланған. Ежелгі грек ғылымы мен араб ғылымының арасын қосқан осылар еді.
Әл-Фараби бұл грекиялық ғалымдардан логика мен грамматикадан дәріс алғаннан кейін ежелгі грек ғалымдарының еңбектерін өз бетінше оқып, талдап, түсіндірмелер жазып, әрі қарай дамытқан, трактаттар жазған.
Ол шамамен Аристотельдің барлық кітабына түсініктеме берген.
Ол Птоломейдің «Алмагесіне» және Порфирийдің «Эйсогесіне» түсініктеме жазды. Эвклидтің геометрия жайындағы кітаптарын терең зерттеп, Платонның күллі кітаптарын оқиды.
Бұған қоса әл-Фарабидің логика, философия және т.б. салаларға қатысты жазған өзінің еңбектері де көп.
Байқап отырсаңыздар, ұлы ғұлама грек ғалымдарынан дәріс алғаннан кейін ежелгі грек ғалымдарының еңбектерін зерттеумен шұғылданыпты.
«Бағдатта оның достары, шәкірттері көп болды. ...Бағдатта атақты ғалым-астраном әл-Баттаниға еріп астрономия обсерваториясында көп істеген. Сол астрономия ғылымына байланысты және соны қолдану үшін әл-Фараби тағы бірнеше ғылым саласына атсалысады.
Алдымен ол астрономиялық аспаптар жасауға кіріседі: астролябияны қайта жасайды. Екінші жағынан ол оптикалық аспаптар жасайды, ойыс – парабола айна жасайды. Көптеген бақылау жүргізеді; уақыт өлшеу үшін күн сағатын жасайды. Осылардың теориясын беру үшін ол математикалық әдіске көшіп, сфералық – тригонометрия негізін жазды.
Оптика заңдарын геометриялық әдіспен дәлелдеудің шебер әдістерін ойлап шығарады, яғни геометриялық оптика негізін береді. Сонымен байланысты архитектуралық құрылыстарға негіз салады. Астрономия – архитектура – музыка – осы үш саланы бірдей, бір әдіспен зерттеу негізін қалайды...
Осылармен қатар ол табиғаттану саласында көп еңбек етеді. Соның ішінде химия, физика, медицина салаларында зерттеулер жүргізді.
Оны Бағдат дәрігерлері өздерінің басшы адамы санайды».
Ойшылды қатты құрметтеген халиф Жафар әл-Мұхтадир билігінің соңында Бағдат халифатында билікке талас басталып, халифаттың берекесі кете бастайды. 13 жасында таққа отырып, халифатты 24 жыл басқарған Жафар әл-Мұхтадир 932 жылы 37 жасында өлтіріледі. Одан кейін Бағдат халифатының басына келгендердің биліктері қысқа болып, 14 жылда 5 халиф ауысып, 946 жылы халиф болып Әбілқасым әл-Мути отырады. Әл-Мутидің кезінде аббасид әулеті биліктен толық айырылып, билік шииттік топтың қолына өтеді. Әл-Мути қолында еш билігі жоқ қуыршақ халифке айналады.
Бағдатта осындай берекесіздік орын алған кезде ұлы ғұлама Бағдаттан кетіп, Мысыр, Алжирге сапар шегеді. Осы сапары кезінде ол түркі текті қолбасшы Мұхаммед Ихшид ибн Тұғыт Әмірмен кездеседі.
«Кеңес өкіметі тұсында атеистік идеологияның ықпалымен әл-Фараби діннен тыс ғалым ретінде көрсетілді. Әйтсе де оның ислам бірлігін сақтауға қосқан зор үлесі туралы мынадай дерек сақталған. Тегі түркі болып табылатын баһадүр қолбасшы Мұхаммед Ихшид ибн Тұғыт Әмір ислам жолын бұзған «қармат» елін талқандаған соң, Әбу Насыр әл-Фарабимен кездеседі. Меккеге барар жолды кесіп «қажылық» жасауға мұрша бермеген қарматтардың жеңілгеніне қуанған Әбу Насыр әл-Фараби іштей «қажылық» етуге ниет етіп, араб халифының саид-задаларымен әңгімелеседі. Осы әңгімеде ғалым «ислам бірлігін сақтау үшін мазһабтар арасын жақындастыру керек» деген ой айтып, өзінің «араб, парсы және түркі нәсілдері арасындағы алауыздықтарды жоюға күш салып жүргендігін» мәлімдейді. «Бабалардан қалған өсиетте түркі халқы әділетшіл делінген еді. Сол сөздің ақиқаттығы мен әділеттілігіне енді көз жеткізіп отырмыз», деп Саид-задалар Әбу Насыр әл-Фарабидің қолын құрметпен қысады».
«Әл-Фарабидің еңбектері артып, танымал болған шағында әмірші Сайф әд-Даула оны Дамаск шаһарына шақыртып, құрмет көрсетеді. Оған өзінің сарайынан қызмет береді. ...әл-Фараби Египетке 337 хижра жылында (948 жылы) кетіп, кейін Дамаскіге оралған».
«Мысырдан қайтып оралған бетінде әл-Фараби Сайф әд-Даула өзінің нөкерлерімен мәжіліс құрып отырған үстіне кіріп келгенде, Сайф әд-Даула оған «Отыр» деп әмір етеді. Әл-Фараби: «Қай жерге отырайын, сіз отырған жерге ме, жоқ әлде өзім тұрған жерге ме?» дейді. Сонда Сайф әд-Даула: «Өзіңе қай жер лайық деп тапсаң, сол жерге отыр», дейді. Әл-Фараби Сайф әд-Дауланың қасына келіп, оны ығыстырыңқырап қасына жайғасады. Әміршінің өзі және бірнеше нөкері ғана білетін құпия сарай тілімен оларға: «Мен мына кісіге қазір бірер сұрақ қоямын, егер ол лайықты жауап бере алмаса жазалаңдар», дейді. Сонда әл-Фараби іле-шала Сайф әд-Дауланың өзі жаңа ғана сөйлеген құпия тілмен: «О, әміршім, сәл сабыр ет. Әр істің артын баққан жөн болар!», деген кезде, ол қайран қалып:
«Апырай, сіз бұл тілді қайдан білесіз?», дейді. Сонда әл-Фараби: «Иә, мен жетпіске жуық тіл білемін», деген екен. Бұдан кейін әл-Фараби Сайф әд-Дауламен оның сарайындағы әнші, ақын, ғалымдармен өнер жөнінде сұхбаттасады.
Осыдан кейін Әбу Жағфар уәзір ғұламаның музыкадан өте жоғары білімі бар екенін түсініп, арабтардың пайдалануына ыңғайлап бір музыка туралы кітап жазып беруін өтінеді.
Ақжан аға «Әл-Фараби және Абай» атты еңбегінде былай деп жазады: «Сен маған музыка жөнінде қолдануға жарарлық бір кітап құрастыруды тапсырған едің. Мен оны тез-ақ орындармын деп ойлағанмын. Ондағы ойым музыка жөніндегі бұрынғылардың жазғандары бар ғой, соларды жөндеп, құрастырып, сол жазғандардың атын сақтап, сонымен орындармын деген едім, ол ойым болмай шықты, өйткені музыка жөніндегі жазылған арабша еңбектердің дәрежесі өте төмен болды. Ерте замандарда, әлбетте, музыка жөніндегі ірі еңбектер болған ғой. Бірақ арабша аудармалар нашар ма, немесе ертедегі еңбектер бізге жетпей жоғалған ба, әйтеуір, сенің тапсырмаңа жарарлық ештеңе таба алмадым. Сол себептен бұл мәселені тыңнан жазуға тура келді. Сенің тапсырмаңды көп кешіктіріп орындаған себебім осы», деп жазады.
Ұлы ұстаздың осындағы: «Ерте замандарда, әлбетте, музыка жөніндегі ірі еңбектер болған ғой» деген сөзі ерекше ойландырады. Сонда ол еңбектер қайда болған?
Бағдат халифатына қарасты араб елдерінде болмағаны даусыз. Оны өзі де айтып тұр ғой. Әрі, ондай еңбектер бар болса қайтадан жаздырмас еді ғой. Ол кезде «араб халифаты» Алдыңғы және Кіші Азияны, солтүстік Африканы, батыс Еуропаны (Испания жеріндегі Кордова халифаты) қамтитын.
Бұл деректерден музыка туралы мұндай құнды еңбектердің бұл кезде араб халифатына қарайтын Александрия кітапханасында да жоқ екенін байқаймыз. Себебі 415 жылы патриарх Феофил бастатқан христиан фанатиктері кітапхананың құжыраларын аралап жүріп қолжазба атаулыны отқа жағып, мусейон шәкірттерін мүшелеп өлтірген.
Еуропада да жоқ екені айтпаса да белгілі. Еуропаның өркениеті ол кезде арабтардан да төмен деңгейде болатын.
Сонда қалатыны Түріктер мекені – Ұлы дала мен Орталық Азия және Қытай елі.
Музыка жөнінде осындай ірі еңбектер болғанын ұлы ұстаз білгеніне қарағанда ондай еңбектер Отырарда болған. Әл-Фараби бабамыз ол еңбектермен бұрыннан таныс болған әрі оқыған.
Ғұламаның «Бірақ арабша аудармалар нашар ма, немесе ертедегі еңбектер бізге жетпей жоғалған ба, әйтеуір, сенің тапсырмаңа жарарлық ештеңе таба алмадым» деген сөзінен ол бұл еңбектерді араб тілінде емес, басқа тілде (түрік тілінде) оқығаны түсінікті.
Бабамыздың бұл кітабы «Музыка туралы үлкен кітап» деп аталады.
Арабтар оның музыкалық шығармаларын күні бүгінге дейін пайдалануда.
«Даусыз, әл-Фараби музыка өнерінің қолданбалы саласының жетік білгірі, әрі осы өнердің теориялық негіздерінің барлық мәліметін білген. Оның осы ғылымдағы кітабы үлкен салмаққа ие болды, себебі ислам әлемі орнағалы бері араб дүниесінде мұндай орасан еңбек бұрын да, кейін де жазылмаған», деп мойындайды Еуропа ғалымдары.
«Расында да музыка саласында әл-Фарабиге теңдес адам бұрын да, одан кейін де болмаса керек», дейді француз Барон де Ерланже.
Араб музыкасының жалпы тарихын жазған белгілі ғалым Г.Фармер былай дейді: «Барлық ғылым саласында әл-Фараби – «Екінші Ұстаз». Ал музыка саласын алатын болсақ, ол бір өзі ғана бас король болып табылады. Басқаша айтқанда музыка саласында әл-Фарабиге үлгі боларлық, бірінші ұстаз боларлық адам болмаған».
Әл-Фараби өмірінің соңғы жылдарын Шамның Халаб қаласында өткізді. Осы Халабтың билеушісі Сайф әд-Дауланың сарайында күн кешкен. Бірақ ұзақ тұрмаған. Сайф әд-Даула өз сарайына сол замандағы аса дарындыларды жинаған еді.
Ұлы ғұламаның ақындық дарынын замандастары өте жоғары бағалайды: «...арабтың сері әрі жауынгер ақыны Әбу Фирас (932-968) Әбу Насыр бабамызға өте жоғары баға берген екен. Ол былай деп жазған: «Поэзия – дөңгеленген алтын түйе, оның басы – Әбу Насыр Мұхаммедке, өркеші – Әбу Нуасқа, иығы – Омар ибн Рабияға, кеудесі Әбу Маммамға тиді, қалғаны – ішек-қарын – оны екеуміз (сарайдың жарапазаншы жыршысы екеуі) бөлісіп отырмыз…».
«1944 жылы Кайрде әдебиетші ғалым Аббас Махмұд әл-Аккадтың (1889-1964) «Әл-Фарабиани» атты зерттеуі жарық көрді.
Автор онда жерлесіміздің фәлсафалық толғаулары туралы айта келіп, ұлағатты ұстаздың поэзиямен де айналысқанына баса назар аударады. «Сайф әд-Дауланың сарайына жиналған даңғойлар мен ақындар аптаның әр күні әдемі, әуезді, бұлбұлды баққа барып, мүшайраға түсетін. Әбу Насыр әл-Фараби де оған қатысатын. Ол өзгелердей емес Сайф әд-Дауланың өзімен келіп, әмірдің жанына отыратын. Білімпаз әмірші әл-Фарабидің фәлсафалық тұжырымдарын да, өлеңдерін де ұнататын, тыңдайтын. Мұндай санаткерлік сынға араб-парсы ақындарының сайыпқырандары ғана қатысатын» дей келе Отырардан шыққан ойшылдың бірер өлең жолдарын келтіреді:
Қайтейін мен көкжиек көңілімді,
Келер күнге үмітпен жол ашамын,
Қос шөлмекпен өткіздім өмірімді,
Сенім артып тұр соған болашағым.
Бір шөлмекте көк сия толып тұрса,
Екіншіде шарап бар жәйі мәлім.
Даналықты сиямен молықтырсам,
Шараппенен шерімнен айығамын.
(Ауд. Аян Нысаналин)
Аббас Махмұд оның өлеңді араб тілінен басқа парсыша да жазғанын айтады.
Иә, сөйтіп ол тек ғұлама ғалымдығымен ғана емес, жыр пырағын ерттеп мінген ақындығымен де дараланған. Оның әдебиет пен тілдің өзекті мәселелеріне байланысты айтқан тұжырымдары топ жарған талайларды тамсандырған.
Әбу Насырдың «Өлең туралы трактат» жазғаны белгілі.
948 жылы Сайф әд-Даула сарайына араб әдебиетінің классигі, жауынгер ақын Ахмед әл-Мүтәнабби келеді. Сарайдағы ақындар мен фәлсафашылардың ұстазы, әрі атақтысы да әл-Фараби болғандықтан, әл-Мүтәнабби оны өзіне ұстаз тұтады.
Арада көп уақыт өтпей-ақ олардың атағы алысқа кетеді. Сонымен қатар бақталастары да көбейе түседі. Осы бақталастардың өсегіне иланған Сайф әд-Даула бірте-бірте әл-Мүтәнаббиге қырын қабақ таныта бастайды.
Бірде әмірші алдында парсы текті әдебиетші Ибн Халауайх пен әл-Мүтәнабби жанжалдасып қалады. Ибн Халауайх ауыр кілтпен әл-Мүтәнаббидің басынан ұрады. Ал жанжалдың басы-қасында болған Сайф әд-Даула ләм деп аузын ашпайды.
Әл-Фараби бұған қатты қапаланады. Әл-Мүтәнаббиге жасалған қиянат оны торықтырады. Ақыры әмірші сарайын тастап, Халабтан әл-Мүтәнабби секілді ол да кетіп қалады.
Ақыры әмірші сарайынан кетіп қалған Әбу Насыр қай жерде болсын аса қанағатшыл болыпты. Оның артынан Сайф әд-Даула жіберіп тұрған төрт дирһемді ең зәру қажетіне жаратып, қалғанын жарлы-жақыбайларға үлестіріп отырған».
Ахмед ибн Халликан: «Шамға келген соң, ол бау ішіндегі бұлақ басында күн өткеріп, шығармаларын жаза берген. Ол дәптерге өте аз жазып, өз ойларын көбінесе жеке парақтарға түсіретін болған. Оның көптеген шығармасының жоғалып кеткені осы бір жайтпен байланысты. Оның өз үйі болмаған, ол ешқашан да өз қамын ойламаған өте қарапайым жан еді».
Ұлы ғұлама «...339 хижра жылы (950 жылы) ережеп айында дүние салады.
«Фараби қазасы туралы екі дерек бар, – дейді М.Хайруллаев. Біріншісінде ғалымдар оны Шамда қайтыс болған десе, екіншісінде Әбу Насыр қасына бірнеше адам ертіп, Аскалан қаласына бара жатқанда, жол торыған қарақшылардың қолынан қаза тапқан. Сайф әд-Даула қарақшыларды тауып, дарға асқан».
Ғалымның жаназасына, қасына он бес нөкерін ерткен Дамаск әміршісі Сайф әд-Дауланың өзі қатысады».
Ұлы ғұлама Дамаск шаһарындағы Баб ас-Сағир зиратына жерленген екен.
«Баб ас-Сағир зираты белгілі адамдарға арналған әулеттік жай көрінеді. Онда тек патшалар, пайғамбар нәсілдері, халифа нәсілдері, әмірлер немесе солардың ұстазы болған ұлы ғұламалар ғана қойылады екен. Сирия әмірі Сайф әд-Даула әл-Фарабиді өзіне ұстаз тұтқан. Сол себепті ол кісі оны өз қолымен осы жерге қойдырған».
Сирия мен Мысырды билеген Бейбарыс бабамыз өзінің әлемге әйгілі ғұлама бабасы, жерлесі, бауыры Әбу Насыр әл-Фарабидің зираты жанына кесене-мешіт, кітапхана салдырып, өз өсиеті бойынша осында жерленген екен.
2006 жылы құрамында Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі, Отырар ауданының әкімі Әлімжан Құртаевтар бар қазақстандық делегация баба зиратына және сонда жерленген, Мысырды 17 жыл билеген қазақ жерінің тағы бір перзенті Сұлтан Бейбарыс зиратына туған жері Отырардан бір уыс топырақ апарып салды.
Делегация Әбу Насыр әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыс бабаларымыздың зираттарынан топырақ әкеліп, Отырарға, Арыстанбаб кесенесі жанына рамзи кесенелер салынатын жайға қойды.
"Ұлы ғұламаның шынайы өмірбаяны" атты мақаладан үзінді
Бекжан БЕЙСЕНБАЙ, тарихшы-өлкетанушы
Өз егемендігінің 30 жылдығында әлі де өзін толық тануға ұмтылып келе жатқан ұлтымыздың өткеніне көз...
Ақжан Машани – қазақтың үлкен геолог ғалымдарының бірі. Геология, минерология саласына қосқан...
Ар-ождан алдындағы адалдық өз қадір-қасиетіңе, ізгі іс-әрекетіңе байланысты. Шыншылдық адалдықпен ағ...
Әбу Насыр Әл-ФарабиРахымды және Мейірімді Алланың атыменҚазір қайсы өнерде болса да, қандай өнерге қ...
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған 15 то...
Әбу Насыр Әл-ФарабиЛОГИКА БОЙЫНША КІРІСПЕМЕЙІРІМІ МЕН ІЗГІЛІГІ МОЛ АЛЛАНЫҢ АТЫМЕН!ЛОГИКА ӨНЕРІН ОҚЫП...
Аристотель былай дейді: болмыс, қажеттілік пен мүмкіндік (ужуд, ужуб, имкан) өздерінен бұрын басқа ұ...
(Аударған Т.Ғабитов)1 ТАРАУӘріптер мен категориялардың атауларыҮшінші бөлімКатегорияларӘлемдегі затт...
Әбу Насыр әл-ФарабиӘЛ-ФАРАБИДІҢ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРАСЫНАНАударған Ж.МүтәліповМейірімі мен ізгілігі мол...
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтой...