Қаңтардың 12-сі Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 108 жыл толды. Советтік Қазақстанды ширек ғасыр басқар...
Ақжан Машани әл-Фарабиді қазаққа қалай қайтарды?
Ақжан Машани – қазақтың үлкен геолог ғалымдарының бірі. Геология, минерология саласына қосқан үлесімен қатар, оның әл-Фарабиді әлемге қазақ деп танытып, қазаққа қайтарғанының өзі кез-келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Ақжан Машанидың бар саналы ғұмыры Кеңес кезеңінде өтсе де, намазын қаза қылмаған, Құранның ішкі сырына үңіліп, ол туралы үлкен еңбектер жазған.
Ақжан – Ілияс Есенберлиннің қаламына арқау болған Машан бидің немересі
Ақжан Машани 1906 жылдың 2 қарашасында Қарқаралының оңтүстік-шығысындағы Қызылсүйір деген жерде Машан бидің кенжесі Жақсыбектің шаңырағында дүниеге келген. Атасы Машан би өз заманында Арқадағы атақты адамдардың бірі болыпты. Ғалымның шәкірті Шамшиден Әбдіраман: “І.Есенберлиннің “Қаһар” романында есімі Масан би деп, бір әрпі ғана өзгертіліп, ерекше ілтипатпен аталатын Машан би – Абайдың әкесі Құнанбай қажымен үзеңгілес, сыйласып өткен замандасы еді. Бұған қос құдандал-жекжаттығы және бар-тын. Кіші келіні Жақсыбек отауының қазанасары Ғайшаның төркіні Тобықты болатын. Қарқаралыда мешіт салдырған жылы Құнанбай қажы Машан би үйінде ерулеп жатар еді. Қарқаралы дуанының игі-жақсылары аға сұлтан Құсбек пен Жамантай төрелерге дейін әділ де, белді би Машанды ішке тарта өзімсініп, ілтипатпен Машекем деп, өсер ұрпағына үлгі-өнеге етіп отыратын Жамантай төренің: “Машан, Машандай ұл туғанша қашан” деп оған деген ілтипатын риясыз ризалығын әркез жиі қайталағандығы осыдан болар. Бүгінде Машан бидің көзі тірісінде айтылған сөз ел аузындағы қанатты нақылға айналып кеткен-ді”, – деп жазады. Осы жолдардан-ақ Ақжан Машанидың текті жердің ұрпағы екенін байқаймыз.
Ақжанның әкесі Жақсыбек дәулескер күйші болыпты. Көзін көргендер әке жолын қуса Ақжаннан да тамаша күйші шығар еді деседі. Ғалымның өмірбаянын жазушылар оның тәрбиесіне немере ағасы Нөгербектің ықпалы мол болғанын айтады: “Құнанбай мен Машан би жарастығы Шәкәрім – Нөгербек сыйластығымен жалғасқан-ды. Олар кем дегенде жылына бір рет Қоянды жәрмеңкесінде қауышатын. Осындай бір сәтте ағаға ілесіп тай мініп базарға барған бала Ақжан Шәкәрімді көргені де бар-тын. Бала Ақжан Абай мен Шәкәрім өлеңдерін Нөгербек аузынан талай естіген-ді. Нөгербек Қарқаралы қаласына жақын жерде салынған “Ақтерек” мектеп-интернатында Ә.Бөкейхановпен бірге оқыған, кейін Әлихандай білім қуып кете алмаса да көкірегі ояу, зерделі аға жиын-мәслихатқа бара қалса, Ақжанды жетектеп ала кететін-ді”.Геолог Ақжан
1926 жылы Ақжан Машани Қарқаралыдағы Әлімхан Ермеков ұйымдастырған педучилищеге оқуға түседі. Жүсіпбек, Міржақып, Ахметтермен Уфадағы “Ғалия” медресесінде бірге оқыған, осы училищеде сабақ берген ұстазы Манан Тұрғанбаевты Ақжан кейін де жиі есіне алып отырады екен. 1929 жылы оқуын бітіріп, Абыралыға барғанында “Абыралы көтерілісі” аталатын қанды оқиғаны көзімен көрген Ақжан ашаршылық жылдарын басынан өткерген қазақтың ортасында болады. 1932 жылдың зұлматында Семей облыстық оқу бөлімінде қызмет етіп жүрген кезінде әке-шешесі Абыралы көтерілісінен соң айдалып кеткен жетім балаларды жинап, жуындырып, қолдарына бір-бір үзім нан ұстататады. Сонда аштықтан жақтары қарысып қалған сәбилер аузын аша алмай жылағанын көрген Ақжан кейінге дейін бұл оқиғаны ұмыта алмапты. Мұны кейін естіген ұстазы Манан Тұрғанбаев шәкіртінің жетім балаларға жасаған қамқорлығына: “Миллатыңа қызмет жасаған екенсің. Алладан қайтсын” деп риза болған деседі. Сол жолы көреген ұстаз зерек шәкіртіне Семейдегі кен-металлургия институтына оқуға түсуге кеңес береді.
▶ ▷ Әділхан Ержановтың «Хозяева» фильмі хақында
1933 жылдар Ақжан өміріндегі ауыр жылдар еді. Дәл осы жылы ол Шәкәрім қажының атылғанын естиді. Елде әкесінің өмірден өткенін біліп, топырақ салуға бара алмайды. Өзінің рухани ұстазы санайтын ағасы Нөгербектің балаларына талғажау іздеп, аштықтан Ақтоғай жақта өмірден өткенін біледі. Бірақ жас жігіт қайғыға сынып кетпеді, қайта керісінше шыныға түсті. Ұстазының кеңесіне құлақ асқан Ақжан институтқа оқуға түсіп, оны қызыл дипломмен бітіреді. Осы студенттік жылдарында И.В.Мушкетовтың “Жалпы геологияның қысқаша курсы” мен И.Потемкин бастаған авторлар жазған “Геология және минерология” оқулықтарын қазақтарға оқуға жеңіл болсын деп қазақ тіліне аударады. 1946 жылы докторлық жұмысын қорғап, жаңадан шаңырақ көтерген Ұлттық Ғылым академиясының Жер ғылымы бөлімшесінің тұңғыш корреспондент мүшесі болып шығады. “Жер сыры”, “Жер құрылысы”, “Жер астына саяхат” еңбектерін жазады. Оның “Жер құрылысы” атты кітабына алғысөзді академик Қаныш Сәтбаев жазды.
Шәкірттерінің бірі, академик Әлия Бейсенова ұстазының еңбегіне баға беріп: “Мамандығы жағынан Ақаң маркшейдер еді. Ол политехникалық институтта ұзақ уақыт “Маркшейдерлік іс және геодезия” кафедрасын басқарды. Қазақстанда мұндай маман көп емес. Маркшейдерлік – білімнің шыңы. Ақаң тек қана маркшейдер, геолог емес, ол қазақ ұғымында полеонтологияның, минерологияның, кристалографияның, стратиграфияның негізін салған адам. Жер ғылымының жаңа саласы – геомеханиканың негізін қалаушылардың бірі”, – деді.
Әл-Фарабиді қазаққа қайтарған Ақжан Машани
Ақжан Машанидың тарихта қалған ең үлкен еңбектерінің бірі – Әл-Фарабидің қазақ топырағында дүниеге келгенін, оның қазаққа тиесілі екенін әлем халқы алдында дәлелдеуі болар. Өйткені әл-Фарабиға таласқандар өте көп еді.
Ақжан әл-Фараби есімін алғаш 1943 жылы Чехия Ғылым академиясының президенті, соғыс жылдары Алматыға ығысып келген Э.Кольманнан естиді. Сол сәтте-ақ “Ол қазақ болмасын” деген ой санасында жылт еткен ғалым, кейін Отырарда дүниеге келгенін анықтағаннан кейін әлемге оның “қазақ” екенін әйгілеуді өзіне мақсат тұтады. Геология саласында бастап қойған монографиясы мен мамандығы бойынша атқаруы тиіс жұмыстарды былай ысыра тұрып, әл-Фарабиға толықтай кіріседі. Өйткені өзі айтпақшы: “Бабаның мұрасын іздеуді 2-3 жылға доғара тұрсам, бәлкім әл-Фараби өзбек ағайындарға өтіп кетуі әбден мүмкін еді”. Ақжан Машани жұмысын Берлин, Лисабон, Париж, Каир, Мадрид қалаларының кітапханаларына баба еңбектерін іздестіріп, сұрау салудан бастайды. Солай Ыстамбұлдан біраз дүние табады. Шетелге кетіп бара жатқанның бәріне «қарай кел» деп, әл-Фараби мұрасын тапсырады. Нәтижесінде, академик дәрігер Сайын Балмұханов Ыстамбұлдан әл-Фараби кітаптарының тізімін әкеп берсе, академик Шаһмардан Есенов Канадаға барған сапарында екінші ұстаздың Бейрутта араб тілінде шыққан еңбегін әкеліп, сыйға тартады. Ал өзі әл-Фарабидің үш кітабын бірдей “Ғалия” медресесінің кітапханасынан табады. Солай 1971 жылы Мәскеуде өткен ғылым тарихына арналған ЮНЕСКО-ның 13-конгресінде әл-Фарабиге арналған симпозиумде А.Машани бастаған қазақ ғалымдарының зерттеулері әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференцияны СССР-де, Қазақстанда өткізуіне шешім алуына негіз болды. Бұл шешімнің өзіне Машани оңайлықпен қол жеткізген жоқ. Өзбектердің әл-Фарабиге қалай таласқаны туралы ғалымның шәкірті Шамшиден Абдраман былай деп еске алады: “Фарабиді іздеу сапарын Ташкенттен бастаған Ақаң ондағы Бируни атындағы Шығыстану институтында әл-Фараби атындағы ешқандай деректің жоқ екендігіне көзі жетті әрі өзбек ағайындары әл-Фараби есімін мүлде естімеген болып шықты. Институт директорының орынбасары Мұзафар Хайруллаевтың Ақаң жинаған әл-Фараби тұрғысындағы азды-көпті мәліметтеріне таңырқауында шек болмады. Оның болашақ докторлық диссертация тақырыбының тағдырын сол жолы анықтауға Ақаң себепкер болды, баба хақындағы қолда бар материалымен бөлісті. Ақжан ағаның бұлтартпас дәлелді құжаттарын көре тұрса да өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында: “Мына сәлде киген молдаң кім өзі? Қазақ болса, руы кім екен? Еңбегін неге арабша жазған?” деп қазақ ғалымдары ит-тартыспен өткерілген 3-4 жылдың ішінде әл-Фарабидің өзбек тілінде бірнеше мұрасы жарық көріп, бұл кезде Хайруллаев Ақаң ұсынған тақырыпты игеріп, әл-Фараби философиясынан докторлық диссертация қорғап алып, енді қазақтың ұлы перзентін өздеріне еншілей бастаған-ды.
Осындай әңгімені Ақжан әл-Бирунидің 1000 жылдық мерейтойына барған жолы естиді: “Ақжан-әка, әл-Фараби заманында қазақ-өзбек еншісі бөлінбеген ел еді ғой, енді оны қазақ тумасы деп бөле тартпай, өзбек халқына да ортақтастыра бермейміз бе?” дегендерге Машанов: “Түрік тумаларын бөліп-жару қазақтан басталған жоқ-тын. Науаи, әл-Бируни, әл-Хорезми туған кездерде де қазақ пен өзбек еншісі ортақ емес пе еді? Қазақ жері – Отырарда туған әл-Фарабиді ортақ еткілеріңіз келсе, сонда өздеріңіз жеріне қарай еншілеп алған өзге даналарды да ортақтастырайық”, – деген-ді. Сол кезде Қазақстандағы фарабитанудан ауыз толтырарлық Машанов бастамасынан хабардар Мұзафар: “Құп, Фараби қазақ болсын, Ақжан-ака. Бірақ сіз Ташкентке келіңіз, Бабаңды тануға сізге барлық мүмкіншілік тудырылады”, – деп қазақ ғалымдарының арасындағы баба мұрасына атүсті көзқарастан хабардар Мұзафар Фарабиді өзбек етудің басқа бір айласын ұсынған болатын. М.Хайруллаевтың әл-Фарабиді ташкенттік еткісі келген пиғылы 1971 жылы Мәскеуде өткен халықаралық конгрестің 13-інші мәжілісінде, яки бабаның ЮНЕСКО тарапынан 1100 жылдық мерейтойын өткізу мәселесі сөз болғанда тағы бір бой көрсетті. Осының кесірінен ұлы бабаның мерейтойын өткізу мәселесі қыл үстінде қалып еді. Оқиға былай болды: М.Хайруллаев сөз алып: «Әл-Фарабидің мерейтойына арналған халықаралық ғылыми конференция тек Ташкентте өткізілуге тиісті бізде баба мұрасы материалистік тұрғыда әділ бағаланады», – демесі бар ма? Мәжілісті басқарушы Египет ғалымы столды қойып-қойып қалып, орнынан атып тұрып: «Ислам ғылымының алыбы әл-Фарабиді марксизмге жүндетуге бере алмаймыз. Ғұламаның мерейтойы өзі ғұмыр кешкен араб елінде өтеді», – дейді. Осындай қысылтаяңда Алланың құдіретін мойындатар бірер сөзді араб тілінде айтып, А.Машанов төрағадан рұқсат сұрайды. Өз тілінде тілек еткендігінен бе, төраға сабасына түскендей болады, Ақаңа сөз береді. «Әл-Фарабидің туған қаласы Фараб – Отырар жері де, елі де Қазақстан», – дей келіп, қазақ ғалымдарының баба мұрасын игерудегі игі істерін тізіп шығады да, Ақаң – төрағаны және басқа ғалымдарды – бүтін Араб, Шығыс елдерінің Орта ғасырдағы ислами ғылымы жұлдызының кіндік қаны тамған Отаны – Қазақстанға шақырды. «Әл-Фараби ұлы ғалымдар қатарында халықаралық тізімге кіргізілсін, оның 1100 жылдық мерейтойы КСРО-да, Қазақстанда тойлансын» дейтін қаулы қабылданар мәслихатта Ақаң куә болған оқиғаның бір көрінісі әлгіндей еді”.
▶ ▷ Сұраған Рахметұлы. Достоевскийдің жертөлесі
Ақаң әл-Фараби мұрасы қазаққа тиесілі екенін дәлелдегеннен кейін 1975 жылы “Әл-Фараби және бүгінгі ғылым” атты монографиясын жазды. Ол еңбегі 18 мың ғаламды Алла жаратты деген теорияны бүгінгі ғылыммен байланыстыра отырып дәлелдегені үшін дер кезінде басылмады. Машани әл-Фараби мұрасын бір жолға қойғаннан кейін, ғалымның қабірін іздеуге кіріседі. Оны қалай тапқаны жөнінде, шәкірті, белгілі сыншы Серік Қиарабаевтың жұбайы академик Әлия Бейсенова былай жазады: “Аспирантураны бітіріп, кандидаттық диссертация қорғағаннан кейін Ақаңмен көршілес болуды тағдыр жазды. Бірде маған кездесіп қалып: “Ей, қызым, осы Сирияға барсақ қайтеді? Сен анау күйеуіңді үгіттесеңші, Сирияға бір сапар жасап қайтайық”, – деді. Содан қазіргі қоғам қайраткері, белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев бар, барлығы 15 шақты адам Сирияға баратын болдық. Ақаң қазақша да, орысша да әдемі сөйлейтін. Қыпшақ, араб тілдерін білетінін сол Шам шаһарында ғана білдік. Осы жолы ол әл-Фарабидің зиратын іздеп тапты. Ақаңның айтуы бойынша, Шам шаһарын айналдыра салған қорғанның кіші қақпа, үлкен қақпа деп аталатын қақпалары болған екен. Әл-Фараби кіші қақпа алдындағы қорымда жерленіпті. Бұл мәліметті жергілікті адамдарға Ақаңның өзі айтып, қорымды тапты. Зиратты аралап, үлкен арабисті көмекке алып, Ақаң зиратты бірінші болып ашты. Біз куә болдық. Басына белгі қойып қайттық. Сол күні арабтар қонақасы үстінде біздің тегімізді сұрастырды. “Әл-Фараби қыпшақ қой, оған қандай қатыстарың бар?” – деп сұрады. Ақаң оларға қыпшақтар туралы, олардың бізбен байланысы жөнінде айтты. Кеңес өкіметінің уақыты еді, қиын уақыт қой, әрқайсымыздың соңымызда тыңшыларымыз бар, бірақ сонда да Ақаң банкетте қыпшақтың тарихы жайлы 10 минуттай сөйледі. әл-Фарабиді біз батыс елдерінің аудармасы арқылы алып оқып жүрміз ғой. Ақаң әл-Фарабидің еңбегін араб тілінде, парсы тіліндегі жазбалары арқылы таныған еді”.
Әл-Фарабиді зерттеуге бар жан-тәнімен кіріскен Ақаң осылай дегеніне жетті. Өзі үнемі “Егер Абайды жақсы білмесем, әл-Фарабиге бара алар ма едім? Біз әл-Фарабиді философ дейміз, бірақ ол – музыкант. Абайды ақын дейміз, бірақ ол – философ” дейді екен. Әл-Фарабидің “Музыканың үлкен кітабы” атты еңбегінің арабша нұсқасын жан-жақтан іздетіп, Голландияның кітапханаларына сұрау салдырып, Лейден қаласы кітапханасынан тауып, оған терек талдау жасаған Машани “әл-Фараби және музыка” атты кітабының алғысөзінде: “Оқушыларымызға ескерте кететін бір нәрсе, бұл күнге дейінгі әл-Фараби жөніндегі еңбектерде біздер ол кісінің хақ мұсылмандық пікірлерін ашық айта алмай, кейде бұрмалап кеткен жерлеріміз де болды. Алла кешірсін. Өйткені өкімет жағынан сондай қысым болды. Кей кездерде ол кісіні дінге қарсы қоюға бет алғандар көп болды. Солардың жалғандығын еске алып отыру керек. Бұл кітапта біз Аллаға шүкір, сол жалғандықтан аулақ болуға тырыстық. Хақтық жолға бет алдық”, – деп жазады екінші ұстазға жарты ғұмырын арнаған ғалым. Расымен, Ақжан Машанидың кейінгі еңбектерінде дін, Ислам, Құран тақырыбы кеңінен зерттеледі.
Бес уақыт намазын қаза қылмағаны үшін сөзге қалған ғалым
Мақаламыздың басында Ақжан Машанидың Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған саясатына қарамастан намазын қаза етпегенін тілге тиек еттік. Ол туралы замандастары да, шәкірттері де тамсана, таңғала жазды. “Ақаң намаз оқыды, дінге берілді. Ақаң өйтіп кетті деген әңгімелер де кезінде көп болды ғой. Бірақ үлкен тұлға, ғалым есебінде Ақаң өз сенімінің ар-ұжданының қалағанын істеді”, – дейді Әлия Бейсенова. Осы сөздердің өзінен ғалымның имандылығы үшін аз сөзге ілікпегенін байқаймыз. Ал тағы бір шәкірті Б.Біләлов: “1972 жылдың жазында Ақжан Жақсыбекұлы Қарағандыға ұшып келді. Мен оны күтіп алуын және “Қарағанды” қонақүйіне орналастырылуын ұйымдастырдым, ал өзім жұмыс күнінің аяғында кіріп шықтым. Оның қонақ үйде екенін біліп, нөмірінің есігін қақтым, бірақ ешкім жауап бермеді. Тек біраз уақыттан соң есік ашылып, Ақжан Жақсыбекұлы мені бөлмеге шақырды, есікті ашпағанын мұсылмандар тәулігіне бес уақыт оқитын намазын оқығанымен түсіндірді. Совет кезеңінде де ол нағыз дінге сенген адам болған және жұма сайын мешітке баратын”, -дейді де: “1990 жылдың жазында Қарағандыға соңғы рет келгенінде ол ең алдымен мешітке апар деп сұрады. Кондитер фабрикасының маңайында орналасқан, оны Ақжан Жақсыбекұлы “Құдайдың үйі” деп атайтын. Ол мешіттің діни қызметкерлерімен ұзақ сөйлесті, олар көптеген сұрақтар қойды, Құранның жеке сүрелерінің түсініктемелерін сұрап. Молдалар осы сәтті кезеңін пайдаланып Машановты көпке дейін жібермеді”, – деп еске алады.
Замандастары Ақжан Машанидың үнемі тақия киіп жүретінін, тек кейде фотоға түсерде ғана тақиясын шешетінін айтады. Ал тағы бір шәкірттері әсіресе диссертация қорғау кезінде қорғағалы тұрған адамды арнайы шақырып алып, бата беріп, бірақ кіргізетінін айтады.
Машани кітаптарын парақтап отырып, оның әр кітабын, әр жазбасын “Бисмиллаһ әр-Рахман әр-Рахим. Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын! Осы бастаудың өзінде ғаламның ғажап сырлары жатыр” деген сөзбен басталатынын көресің. Оның “Ғалами мөр” атты еңбегі ғылыми-ислами шығармашылығындағы шоқтығы биік еңбектердің бірі саналады. Оны оқыған кез келген адам түсіне бермейді. Үлкен танымды, терең діни білімді қажет ететіні көрініп тұр. Арасында ғалым:
Кеше гөр, қате басқан жерлерімді,
Ортаға салдым жиған-білгенімді.
Іздегенім Тәңірдің ризалығы,
Сілет етпен ешкімге бұл терімді.
Ойланар оқыған жан сөздерімді,
Бар ниетім шындықтан басқа ой жоқ,
Шақырам хақ жолына өздеріңді, – деп жазудағы мақсатын да көрсетеді. Ал “Қадір түнгі ойлар” еңбегінде: “Рамазан айында басталған осы жұмыстың бастапқы аты “Қаф” әріпі жөніндегі ойларды жинақтау еді” деген Машани әр әріптің сырына үңіледі.
“Жеті қат көк және әл-Фараби нотасы” атты жазбасында: “70 жыл бойы Ислам – апиын, Ислам – ең қауіпті дін” деп уағыздағын тоталитарлық жүйе бір күнде жоқ болды. Тастан, темірден құйылған “ұлы көсемдердің” мүсіндері ескерусіз қалып, шіріп жатыр. Өйткені ол – жалғандық, шайтан шатастырған замана, көптеген зорлық көріп шейіт болған міскіндердің қарғысы. Бүгінде коммунистік идеямен уланған, совет заманында туған көптеген ұрпақтарыма кейбір жазылған мағлұматтар “ерсілеу”, “күлкілеу” көрінуі де ғажап емес. Ислам діні қазақ баласына ана сүтімен пара-пар”, – деуі де оның ата дінімізге деген ықыласының қаншалықты екенін көрсетсе керек.
Ақжан Машани кітаптарының арасында “Аллаға сансыз шүкіршілік. Кемшіліктерімді, білместігімді кешір, ием!” деген секілді жолдардың жүруінің өзі бұрынғы ғұламаларды еске түсіреді.
Ал ғалымның “Қажылар” атты өлеңіндегі мына жолдар арқылы оның қажылыққа бір баруды армандаумен өткенін байқаймыз:
Қажылар Меккеде жүр, құрбан шалып,
Арманға қолы жетпей біз бір ғаріп.
Күн бар ма, тәуап қылар Қағбаны,
Алланың рахматын есіме алып.
Мұсылман басын қосқан талай халық,
Құмарым тарқар ма еді, барсам көріп.
Қуат бер, дін – Исламға, я, Рахман,
Жүректе Хақтың сәуле нұры жанып.
Ғалымның бұл асқақ арманы орындалмады. Десек те артында үлкен мұрасы, өшпес еңбегі қалды. Машанидың өзі айтқандай оның әр еңбегін оқып, көңілімізге түйген сайын, танымымыз өскен сайын дұғаға қосу міндетіміз:
Айтайын бірер мысал осы жайдан,
Мұсылман, дұғада бол, тисе пайдам.
Сөз жаздым, үміткер боп талап етіп,
“Кешір” деп кемшілігін бір Құдайдан.
Марфуға ШАПИЯН