Байбота Қошым-Ноғай. Абаймен сырласу (Цикл)

АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ – 177
2644

Бүгін – АБАЙ КҮНІ


I

Қараша кiрдi,
ұсқыны қашып солғын бақ,
Қаратау қалды,
сағымы соқпақ жолды ымдап.
…Астана мынау!
Алдымнан шықтың, уа, баба,
келдiм мен Сырдан бұлағай таулар қол бұлғап!

Шақырып менi шықпаған асу,
биiктер,
қалаға келдiм көкiрегiме құйып көл.
Қалаға келдiм,
қалада қай бiр ағам бар,
сен барсың бiрақ,
бар және мынау сүйiктi ел!..

Ұғындым ендi шақырған өзiң екенiн,
ұрыспа, баба,
ұлылық менiң не теңiм?!
Алатау сынды апайтөс алып тұлғаңның
алдында бүгiн иiлiп тәжiм етемiн…

Жүрегiңдегi жұлдызың жанып шырадай,
биiкте тұрсың,
БИIКТЕ ҚАП ЕҢ ҚҰЛАМАЙ!
…Мен дағы жаман жазбаймын жырды,
қарашы,
«Мақтанып тұрсың!»– демешi бiрақ, ұлы Абай!..

ІІ

Сөнген соң,
Жерге жарығы жеткен
жұлдыздар қанша,
жұлдыздар!
Атаймын қазiр бәрiн iзетпен,
мен құштар мың-мың ұл-қыз бар!..

«Фзули, Шәмси… һәммәсiн»
мен де
оқыдым,
содан ар-ұят
өлең боп алғаш қанға сiңген бе?!.
«Мәдәт бер, я, шағири фәрияд».

…Ғазалда мүлде ғажап көп екен,
ғажап көп екен,
ұғындым:
Қазақ боп тудым,
қазақ боп өтем,
қазақ боп қалам түбiнде.

Өйткенi саған орала берем,
орала бердiм бүгiн мен,
бiр өлең жазсам:
«Уа, дала!»–
деген,
тұрасың өзiң тiлiмде!

Қалаға келгем өлеңiмдi артып,
жемiсiн берсе бұл күзiм…
Жарығың сенiң келедi iңкәр қып,
жарқыра, менiң жұлдызым!!!


III

Сен қазақтың бір-ақ туар ұлы едің,
соқты халқым оянсын деп жүрегің.
Бір екенін түсінемін мен бүгін
Нарында өткен Махамбетпен тілегің!..

ІV

Ала алмай елiң еңiреп есе,
аз қауым бағып құлқынды,
қажытып едi сенi де кеше
қараңғылығы жұртыңның.

Жүк артты саған тағы да батпан
Тәкежандардың тарлығы.
Бiлемiн,
сенiң жаныңа батқан
Зағипалардың зар-мұңы.

Болған ба, сiрә, ақынға дамыл,
менiң де мұңым жетерлiк:
үндiстiң өтсе ақырғы адамы,
қайғысын Жердiң көтердiк.

Алдымен бiздi алаңдатады
шаттығы,
мұңы өмiрдiң.
Қамшының iзi маған батады
арқасын осқан негрдiң!

Тiрлiктiң тәттi шырқы үшiн
неге
үн қатпай,
ақын атанам,
жоғалтып алса күлкiсiн бөбек,
қалайша тыныш жата алам?!.

Сөзiме қазiр көп иланады,
сырыма жұртым сенедi…
Ал менi
әлем оқиғалары
АЛАҢДАТУМЕН КЕЛЕДI!..

V

«Безгенiң бiзден дұрыс па?»–
деп үй
iшiндегiлер өкпелi…
Мен неге
Шота Руставели
жыр жазған жерге кетпедiм?!.

Оралармын-ау елiме бiр күн
ол жақтан
мынау қырдағы.
Қоштасар қимай менi де,
мүмкiн,
Кавказдың қарлы шыңдары.

…Кетер ем тiптi алысқа да тым,
алысқа… жұлдыз шашылған.
Сен бiрақ…
Бiрақ…
Данышпан ақын,
жiберермiсiң қасыңнан?!.

«Ғашықтың тiлi – тiлсiз…»–
дейтiн бе едi?!
Ұлы Абай!
Ойландырды кейпiң менi!
«Көзiмнiң қарасындай» көрген сәулем
жүр қазiр өкпелетiп кей күндерi.

Кей күнi:
– Мазамды алма!– дейдi өлең де,
қоярлық халiм бар ма қой дегенге?!
Қыз бен жыр – қарашығы көздерiмнiң!
Осындай бiр сезiм бар кейде менде…

Қалаға шөктi келiп тағы да түн,
жыр аулап тұрмын әлi,
жаным ақын!
Қыз-өлең,
өлең-қызға «сорлы асықпын»
«қорлық пен мазағына табынатын»!

Түстi еске қызға сонау қырсыз күнiм,
алды ендi тынышымды жырсыз түнiм.
Көркiңе қарай берем,
қайран Абай,
ұғарсың жүрегiмнiң «тiлсiз тiлiн»!

VIІ

Дiр еттi көл де,
«жүректi тербеп»
ескенде сырлы әндерiң,
тағы да, сiрә,
мағынасына
тұр аймақ маңыз, мән берiп.

Баурады бiр үн,
тау дағы бүгiн
қарайды Күнге күлiмдеп.
Даланы шарлап,
барады сарнап
«тасыған өзен күрiлдеп»…

VIIІ

Ұлы Абай!
Саған жүгiнедi ұлың,
Кәкiтай сынды шырылдап!
Ескерткiшiңнiң түбiне бүгiн
кеп тұрмын мен де жырымды ап.

Түбiнде менiң, сенемiн, халқым
таниды сөзiн өзiнiң.
Қиналғанда «шоң» дегенiм,
бәлкiм,
сақтаған соңғы көзiрiм.

«Аруды сүйiп айқаламадым»,–
деп едiм,
шоршып түстi iнiм,
сеземiн
оның қайталағанын
Мағаш пен Дәрмен мысқылын.

Мен «бәңгi» десем,
«не дегенiң?» деп
күледi кейбiр құрдасым.
Жауап та таппай,
бөгелемiн көп,
тынамын iштей,
бұл да шын!..

Таппаймын кейде төрешi ағаны,
деп келдiм ендi сен қолдар.
Құрдасқа жығып бере салады
Баймағамбет пен Ерболдар.

Осылай ұлың мұңын шағады,
шағады мұңын саған кеп.
Қазағың мұны ұғынса, кәне?!
Ұғатын шығар,
жоқ әлде…

author

Абай

КОМПОЗИТОР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...