“...Ниетсіз, құлықсыз, құштарлықсыз, қиналыссыз сөздің салмағы жоқ...”Абыз Ахмет И...
Хорхе Луис Борхес. Лайықсыз (новелла)
Қала туралы түсінікте ұдайы уақыттық тұрғыда қателесетініміз бар: дәмханалар шарапхана сипатына еніп, есігінен ішкі аулалар мен орындықтар көрініп тұратын подъезд түпкір тұсында лифтісі бар лас дәлізге айналыпты. Сонымен, бірнеше жыл бойына өзімді Талькауано көшесіндегі белгілікті жерде "Буэнос-Айрес" кітап дүкенінің күтіп тұрғанына күмәнім жоқ-ты. Алайда бір күні оның антикварлық дүкенге айналғанына, бұрынғы қожайыны дон Сантьяго Фишбейннің қайтыс болғанына да көзім жетті. Ол аса жуан адам еді... Түр-түсінен гөрі арада өткен әңгімеміз есімде көбірек сақталыпты. Байсалды да тиянақты оның еврейлерді бір дәстүр мен бір ғана елге телінген, дәл қазір өзін байытып отырған қарама-қайшылық пен ахуалдан айырылып, қатардағы көптің біріне айналдырып жіберетін сионизмді сөгетін де дағдысы болды. Маған Баруха Спиноза еңбектерінің, оқуды қиындатып, қатаңдықтың адам сенбес теориясына негізделген евклидтік тіркестерден азат толық басылымының дайындалып жатқанын айтқан да осы адам. Маған Розенроттың "Ашық Кабалласының" ғажайып бір данасын көрсеткені де бар. Бірақ сатқысы келмеді. Алайда менің кітапханамдағы Гинзбургтың, Уэйттің кейбір кітаптарында осы адамның дүкенінің мөрі тұр.
Екеуміз оңаша қалған бір кеште ол өз өмірінің енді ғана жариялылық әлеміне шығаруға болатын бір оқиғаларын айтып берген. Өздеріңіз сезіп отырғандай мен бар-жоғы кейбір жайттарын ғана өзгертемін.
Сонымен, сіздерге тірі адам білмейтін бір тарихты баяндап бермекшімін. Оны әйелім Ана да, басқа жақын достарым да білмейді. Кейде ертеректе өткен осы оқиғаға өзімнің түк те қатысым жоқтай болып та көрінеді. Бұл оқиғаның өзіңіз жазатын бір әңгіменің кәдесіне де жарап қалуы мүмкін ғой. Әрі ол әңгімеңіздің шым-шытырық қанжарласу сипатында жазылуы да кәдік. Есімде жоқ, Энтре-Риос провинциясынан екенімді сізге айттым ба екен, осы?
Еврей-гаучо болдық, деп те өтірік айтпай-ақ қояйын. Гаучо-еврей деген болған да емес. Біз − саудагер әрі фермер едік. Урди-нарринде туыппын. Бірақ ол кез есімде сақталмапты. Ата-анам дүкен ашпақшы болып, Буэнос-Айреске көшіп келгенде кішкентай бала екем. Мальдонадо кварталына жақын маңға орын теуіппіз. Онан әрі жазира дала еді.
Карлейльдің кезінде "адамдар сүйікті кейіпкерсіз өмір сүре алмайды" деп жазғаны бар. Гроссоның тарих сабақтары маған Сан-Мартин бейнесін сыйға тартты. Алайда мен оны Чилиде соғысқан, дәл қазір өз аты берілген алаңда тұрған қола ескерткіш есебінде ғана қабылдадым. Сіз екеуіміздің сорымызға орай, тағдырдың маған басқа бір батыр − Франциско Феррариді жолықтырғаны ғой. Бұл есімді бұрын естімегеніңіз де кәдік.
Біздің кварталдың Корраллес пен Бахо сияқты күмәнділеу дақпырты шықпаса да мұндағы әр альмасеннің өз тентектері жетіл артылатын. Триумвират пен Темзаның қиылысындағы шарапхана Ферраридің сүйікті орны еді. Ақырында мені оның ізбасарларының біріне айналдырған оқиға да дәл осы жерде өтті. Бір құты шай ішпекші болып барғам. Бұйра шашты, мұртты бейтаныс адам келіп, арша арағына тапсырыс берген. Феррари одан ақырын ғана:
− Айтшы, осы сенімен алдыңғы күні Хулиананың үйінде өткен биде кездескен жоқпыз ба? Қайдан келдің өзі? − деп сұраған.
− Сан-Кристобальдан, − деген ол
− Саған берер кеңесім − мұнда екінші қайтара басыңды сұқпа! − деген Феррари. − Мұнда тәртіпсіздеу адамдар бар. Бір жеріңді майып қып жүрер...
Сан-Кристобельдік жігіт әлгі жерден қарасын жылдам батырған. Феррариден жүрексіз болмауы да мүмкін еді. Бірақ бұл жердің өз тобы барын ұққан.
Сол кештен бастап, он беске толмаған мен үшін Феррари пірге айналды. Ол қара шашты, ұзын бойлы, келісті денелі, сол заманның түсінігінде сұлу жігіт болатын. Ұдайы қара түсті киім киетін. Тағы да бір мәрте кездесіп қалдық. Анам, әпкем үшеуіміз көшеде келе жатқанбыз. Алқақотан тұрған жасөспірімдердің қасынан өте бергенімізде әлгілердің бірі қатты дауыстап:
− Мына кемпірлерге жол беріңдер! − дегені.
Мен шарасыз едім. Әңгімеге дәл сол кезде үйден шыға келген Феррари араласты. Әлгі сабазға:
− Егер біреумен жанжалдасқың келсе − бері жақындай ғой, − деген ол.
Батырлар тілдерін тістеп, жылыстай берді. Ешқайсысы қарсы сөз айта алмады. Олар Феррариді жақсы білетін.
Ол иығын бір қомдап қойып, бізге ізет жасады да ұзай берді. Кетпестен бұрын маған:
− Егер қолың бос болса, кешкісін шарапханаға кел, − деген.
Мелшиіп үнсіз тұрмын. Сара әпкем:
− Әйелдерді құрметтей алатын сабаз екен! − дейді.
Мені қолайсыздықтан қорғағысы келген шешем:
− Ақиқатында, оны басқаларға ұқсағысы келмейтін жігіт деу керек, − деді.
Осы бір оқиғаны қалай түсіндіріп берерімді білмей далмын. Бүгінде, әжептәуір дәулетім, дүкенім, өзіме ұнайтын кітаптарым бар. Мұндай достыққа ішімнің жылитыны да өтірік емес. Әйелім мен балаларымның барлығы өз алдына, социалистік партияға да өткем, мен тәртіпті аргентиналықпын, тәртіпті евреймін. Бір адам ғұрлы құрметім де бар. Көріп отырсыз, қазір шашым да түсіп, қасқа басқа айналғам. Бірақ дәл сол шамада шеткері аймақтың қалтасы жұқа, сары без өкпесі едім. Адамдар маған ту-ту биіктен қарайтын. Барлық бозбалалар сияқты мен де басқаларға еліктейтінмін. Якоб атанып кетпес үшін өзімді-өзім Сантьяго атай бастағам. Алайда Фишбейн атанып тынғам. Біз өзімізді өзгелердің көзқарасымен бағалауға бейім тұрамыз. Басқалардың өзіме деген жеккөрінішін сезініп, өзімді-өзім де жек көре бастағам. Ол заманда, әсіресе, сол бір ортада жаужүрек болудың маңызы зор еді. Ал мен өзімді су жүрек санадым. Әйел көрсем абдырап қалатынмын. Оңашада өзімнің осынау бір амалсыз тазалығым үшін ұялатынмын да. Тұрғылас достарым да жоқ болатын.
Сол күні кешкісін альмасенге бармадым. Мүлдем бармағаным одан да дұрыс болар еді. Біртіндеп әлгі шақыру бұйрық сияқты көрініп бара жатты. Ақыры, сенбі күні түстен кейін залға кіріп келдім.
Феррари үстелдердің бірінің төрінде отырды. Бұрын көріп-біліп жүрген тағы да жеті адам отыр. Солардың ішіндегі аты-жөні есімде сақталып қалған бірден-бір адам − шаршаңқы даусы бар, аз сөйлейтін қарт дон Элисео Амроны есепке алмасақ, араларындағы ең ересегі Феррари ғана. Әлгінің бет-жүзінде олпы-солпы қалталанған, қомақты жарақат ізі көлденеңінен созылып жатыр. Оның түрмеде отырып шыққанын соңынан естідім.
Феррари мені өзінің сол қапталына отырғызды. Дон Элисеоның ығысуына тура келген. Жағдайым мүшкілдеу тұғын. Феррари әлгі бір қолайсыз оқиғаны еске ала ма деп қауіптенгем. Бекер екен. Олар әйелдер, қарта ойыны, сайлау, өнер көрсетуге тиісті болса да келе алмай қалған әнші, кварталдағы оқиғалар туралы даурығысып жатты. Мені бірден қабылдай қоюлары да қиын болды. Алайда, көп ұзамай-ақ үйренісе бастадық. Өйткені Ферраридің қалауы сол болған. Көбінің аты-жөні итальянша болса да олардың әрқайсысы өзін (Феррариді де) Креол, тіпті гаучо санайды. Кейбіреуі − жәмшік, немесе мал соятын жерде істейтін. Ұдайы жануарлармен жұмыс істейтін олар шаруа адамына да ұқсайтын. Әрқайсысы өзінше Хуан Морейра болудан дәмелі ме, деген де күдігім бар. Ақыр-соңы әлгілер мені Жирен атап тынған. Әрі соларында бір жеккөрініш жатты. Темекі шегуді, соған ұқсас тағы да біраз нәрсені де солардан үйрендім.
Хунин көшесіндегі бір үйде маған әлдебіреудің Франсиско Ферраридің досы емеспісің осы, деген сияқты сауал тастағыны бар. "Жоқ" деген жалғыз ауыз сөзім үшін көл-көсір мадақтың астында қалғам...
Бірде полицейлер келіп бізді тінтіп шықты. Кейбіреулердің комиссариатқа баруына да тура келді. Бірақ олар Феррариді мазалаған жоқ. Бұл оқиға бір аптадан соң тағы қайталанды. Сол жолы полицейлер Феррариді ала кеткен. Өйткені белдігінде пышағы бар еді. Жергілікті басшылардың ықылас-сенімінен айырылып қалуы да мүмкін ғой.
Оңбай алданған жас Ферраридің мүшкіл жағдайын қазір түсініп жүрмін. Ал сол кезде ол мен үшін тірі құдай еді.
Достықтың тылсымы махаббаттан немесе өмір аталатын дүниенің басқа да кереметтерінен әсте кем емес. Бір сәт басыма "ақиқат нәрсе бақыт қана" деген ой келгені де бар. Өйткені ол түптің түбінде өзін-өзі ақтап тұрмақ. Гәп мынада − күшті де құдіретті Франциско Феррари түкке татымайтын маған дос-жар пиғылда тұғын. Өзімді осынау достыққа лайықсыз санап, мұнысын қателігі деп есептегенім де рас. Достықтан бас тартпақшы да болғам. Бірақ Феррари оған ырық бермеді. Әлгі әрекеттерімді шешемнің өзі адамгершілік санайтындардың қатарына жатқыза алмауы да менің осы бір әбіржіуімді асқындырып жіберді. Әрі ол менің күлкімді де келтірген. Осынау оқиғадағы ең басты нәрсе − соңынан мүлдем өкіндірмеген, өзім жасаған бұзықтық емес, Ферраридің менімен қарым-қатынас тұғын. Ал дәл сол кезде өкініш те, күнә да бар еді.
Тағы да бір көргенімде шал Ферраримен әлдене туралы сөйлесіп отырды. Ойларына алған бірдеңелері бары анық. Өз орнымда отырып, біздің кварталдан таяқ тастам жерде тігін фабрикасы бар Вайдеманның атын құлағым шалған сияқты. Көп ұзамай маған фабриканы айнала жүріп, кіретін есіктерін анықтау жүктелді. Еш түсінік берілген жоқ. Бұлақ пен теміржолды кесіп өткен кезімде кеш те түсті. Жеке үйлер, үйеңкі шоғыры мен қаңыраған алаңқайлар көз алдымда әлі сайрап тұр. Фабрика су жаңа тұғын. Алайда шеткері тұр, әрі ескі ғимаратқа ұқсайды. Қабырғаның қызыл сыры менің есіме кешкі шапақты түсірді. Фабриканы айналдыра қоршап тастапты. Негізгі қақпадан басқа оңтүстік жағында ғимараттың ішіне енетін тағы да екі есігі бар.
Мойындауым керек, сіз қазірдің өзінде сезіп отырған жайды мен кеш ұқтым. Менің фабрикаға қатысты мәліметтерімді, әпкесі сонда жұмыс істейтін жігіттердің бәрі де растайды. Біздің топтың сенбі күні кешкісін альмасанға келмеуі назардан тыс қалуға тиісті емес. Соған сай Феррари шабуыл келесі жұмада болады деп шешті. Менің міндетім − бақылау ғана. Әзірге бірге жүргенімізді байқатуға болмайды. Көшедегі оңашалықты пайдаланып, Феррариден:
− Сен маған сенесің бе? − деп сұрадым.
− Иә, − деген ол. − Сен өзіңді еркекше ұстайтыныңды білем.
Сол күннен бастап, және кейін де тыныш ұйықтайтын болдым.
Сәрсенбі күні шешеме орталыққа барып, жаңа ковбой фильмін көретінімді айттым. Үстіме бар тәуірімді киіп, Мореко көшесіне тарттым. Трамвай ұзақ жүрген. Қызметшілерінің бірі − әлдебір Эальдтің, яки Альттің қабылдауын күтіп, полиция басқармасында ұзақ отыруыма тура келді. Мен оған құпия ақпарат әкелгенімді айтам, баяғы. Ол болса, "қорықпай сөйлей бер" дейді. Оған Ферраридің бүкіл мақсатын жайып салдым. Мені таңғалдырғаны − әлгінің Феррариді мүлдем танымайтыны болды. Элисеоға келгенде мәселе мүлдем басқаша.
− Ә! − деген ол − Ориенталь кварталындағы бұзақылар тобын айтасың ғой!
Біздің ауданға жауапты екінші бір офицерді шақырып алып, ақылдасуға кіріскен. Әлгілердің бірі менен ешқандай мысқылсыз:
− Осының бәрін өзіңді дұрыс азамат санағандықтан айтып тұрсың ба? − деп сұрағаны.
Жағдайымды түсінер деген түйсікпен:
− Иә, сеньор. Мен тәртіпті аргентиналықпын, − дедім.
Маған о баста өзіме жүктелген міндетті атқару тапсырылды.
Бірақ полицейлерді көргенде ысқырмауым керек! Қоштасып тұрып, офицерлердің бірі:
− Абайла. Сатқындарға не болатынын білесің, − деп сақтандырды.
Офицерлер мені мектеп оқушысынан бетер көреді екен.
− Өлтірсе − өлтірсін. Солары дұрыс та болар еді, − деп жауап бердім мен де.
Жұма күні таң ата шешуші күннің келгенін, арымды ақтап алатынымды сезініп, қуанып ояндым. Бірақ ешқандай да ар-ұятымның ақталғанын сезіне алмадым. Уақыт та өтпей қойды. Нәр сызғам жоқ. Түнгі сағат онда қырсықты фабрика орналасқан кварталға аттандық. Арамызда бір адам жоқ тұғын. Дон Элисео қашанда әлдебіреудің жерге қарататынын айтқан. Соңынан бәрі үшін келмей қалған әлгі адамды жазғыратыны туралы ойладым. Жаңбыр әлгінде ғана басылған. Қасымда тағы да біреу бола ма, деп қауіптенгем. Бірақ мені оңтүстік қапталдағы есікте жалғыз қалдырды. Офицер бастаған полицейлер де көп күттірген жоқ. Олар көзге түспес үшін атсыз жаяу келген. Есік сындырылған. Полицейлер ішке шусыз, дабырсыз ене алатын. Төрт мәрте атылған оқтан құлағым тұнған. Әлгілер қараңғыда бір-бірін атып алған болар дегем. Көп ұзамай-ақ полицейлер мен қолы кісендеулі жігіттерді көрдім. Ізінше Франциско Феррари мен дон Элисео Амароның оқ тескен денелерін де алып шықты. Алдын ала тексеруде олардың тұтқындау кезінде қарсылық көрсетіп, бірінші болып оқ атқаны айтылды. Оның жалған екенін мен білетінмін. Өйткені оларда револьвер болған емес-ті. Полиция ахуалды ескі кектерін қайтаруға пайдаланып кетті. Ферраридің қашуға тырысқанын соңынан естідім. Алайда қыршынынан қиюға жалғыз оқ жеткілікті болыпты. Газеттер, әлбетте, оны тіршілігінде шықпаған биікке көтеріп, нағыз батыр етіп көрсетті.
Ал мені басқалармен бірге тұтқындап, біраз уақыттан соң босатып та жіберген...