Сәт сапар, Ахметжан !– Аға, бір әңгіме жазып ем. Соны Сізге көрсетіп алсам бола ма?– Е,...
Абайдың шөбересі және басқалар (Деректі баян)
3555
Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Мыңбай ауылы көңіліме бұрыннан ыстық. Бес ұлдың ортасындағы жалғыз қыз Бақыт қарындасым осы елдің келіні. Жап-жас басымен он жыл поселке атқару комитетінің төрағасы болды, жиырма жылдай орта мектепті басқарды. Мұнда мал асылдандыру ғылыми-зерттеу институты орналасқан. Көше асфальт, арықтарда Ұзақ Қарғалының суы күндіз-түн сылдырап ағып жатады. Ауыл әуелеп өскен қарағай, қайың, емен, шырша ағаштардың тасасынан әрең-әрең көрінеді. Тура маңдайда Алатаудың жоталарын таспадай тіліп, ирелеңдеп Үшқоңыр жайлауына тартылған қасқа жол жарқырайды. Әсіресе, күзде келсең ғажап! Көше бойлай сыңсып өскен жеміс ағаштарының етегінде бырдай боп шашылған алма, алмұрт, қара өрік, сары өрік. Біз сияқты жемісі жоқ Арқадан келген адам үшін біртүрлі түсініксіздеу құбылыс. Иә, дәл мұндай сирек кездесетін жер жәннатын ұнатпауың, сүйсінбеуің мүмкін бе. Бұрын қарындасам үйіне келіп-кетіп жүргенде қызыға қарасам, пәнилік себеппен 1998 жылдың қыркүйек айынан бастап аттай жеті жыл осы ауылдың тұрғыны боп, енді тіпті бұрынғымнан да жақсы көріп кеттім. Рас, бұл ауылға да өтпелі кезеңнің салқыны тиген. Дегенмен, «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» емес пе. Ең бастысы ғылым қуып Қазақстанның әр түкпірінен жиналған адамдары ерекше сыпайы, білімдар, сыйласуға да, сырласуға да бейіл-ақ. Сол жарқын жандардың арқасында ұлы Абайдың шөбересі, оның төңірегі, тағдыры туралы біраз тың деректер естіп, білдім. Бұл – мен үшін күтпеген үлкен жаңалық еді.
1. Бағыфұр Енді сол жиған-тергенімді оқырманға кеше ғана қасында бірге жүріп, бірге араласқан адамдардың өз сөзімен жеткізгенді жөн көрдім. Күлпаш Ақылбаева: Сырын ішке бүккен жан еді -Балабақшада аспазшы едім. Бастығым Бағира, о кісіге жиен. Яғни Бағираның шешесі Зәбира о кісінің туған әпкесі-тін. Бағыштың алғаш алған әйелі Ғафура қайтыс болған. Бағира менің мінезімді, кісі сыйлай білетінімді шешесіне айтпай ма. Сөйтіп Бағира арқылы таныстым онымен. Үш ұлы болды, үлкені – Эрнест, ортаншысы – Бауэр-Баукен, бұл балалары ертерек қайтыс болып кетті. Кенжесі –Айдардың алған келіншегі дәрігер, Маңғыстау жақтың қызы еді. Қазір сол елде тұрып жатыр. -Хабарласып тұра ма сізбен? -Көп болды хабар жоқ. Абайдың 150 жылдығында, Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығында келген, сәлем беріп шыққан. -Сізбен танысқанда Бағыфұр неше жаста еді? -Ол 54- те, мен 45-те едім. -Өзінің өмірі жайынан сыр шерткен шығар сізге талай-талай? -Өз басына қатысты әңгімелерге бара қоймайтын. Тек, бір білгенім, кезінде Абайдың 100 жылдық тойына шақырғанда бармапты. Мені керек ете қалыпты ғой, бай баласы деп жастай көрсетпеген қорлықтары жоқ еді, деп өкпелесе керек. Бай баласы болғаны үшін түрме дәмін де көріпті. Сырын ішке бүккен жан болатын. Жасында қорқып, жасып қалғандығы ма, білмедім. -Бағыфұрды Абайдай жақсының тұяғы еді деп іздеп келгендер болды ма? -Арғысын білмеймін, менімен тұрғанда іздеп ешкім келе қойған жоқ. Өзі Алматыға жиі баратын. Мұхтар ағаның қызы Ләйланың отбасымен жақсы болды. Оларды өзіміз де талай рет қонақ еттік. Мұхтар аға әруағы дегенде ішкен асын жерге қоятын. Алғашқы әйелі Ғафура Мұхтар ағаның қарындасы еді ғой. Отбасында өте жайлы, бауырмал болатын. Үйге біреу келсе, есі қалмай асты-үстіне түсіп күтетін. Тектілігі мен әдептілігінде шек жоқ еді. Үлкенді аға, кішіні іні деп құрметтейтін. -Абай атасын мақтаныш еткен шығар? -Үлкен басқосуларда сирек сөйлейтін. Ондайды айта қоймайтын. -Абайдың 125 жылдық тойына барыпсыздар, екеуіңіз... -Есімде қалғаны, той өте жақсы өтті. Кісі көп. Машина дегеніңіз, Құдай сақтасын, кең далаға сыймай кетті. Сара Есовамен бір машинада болғанбыз. Шерудің орта тұсында едік. Шетелдерден келгендер, дөкейлер бар. «Болыңыздар, болыңыздар, сіздерді күтіп отырмыз», деп аяғымызды жерге тигізбей алып кетті. Жеке үйге түсірді, жақсы күтті. -Сара Есова дедіңіз, белгілі адам ғой. -Сыпайы жан екен. Мені келін деп, Бағышты інім деп, алғаның жақсы екен деп сүйсініс білдіргені есімде. Сосын Мұхтар ағаның Мұрат деген баласы сәлемдесуге келіп, кішілік ізет көрсетті. -Еліміз тәуелсіздік алғанда Қытайда елші болған ұлы ғой? -Иә, сол. Ел-жұртқа кең таныла бастаған азамат болған шағы екен. -Ауылдастарымен сыйластығы қандай еді? -Жақсы еді ғой, жақсы еді. Бүкіл елді туысындай көретін. Кәріп Қабдешов деген ағамыз, жасы қазір сексеннен асты, әлі де тың. Екеуі ағалы-інідей боп қатты құрметтеуші еді бір-бірін. Әсіресе, Мұхтар Әуезовке деген ілтипаты өзгеше бөлек болатын. -Өмірдің қиын-қыстау шақтарында көмектескен, оқытқан да болар? -Барлық ауыр күндерде оған да, басқа туысқандарына да қол ұшын берген адам деп, Мұхтар ағаны аузынан тастамайтын, есіне жиі алып отыратын... Әбдірахман Ауызбаев: Тегіне тартқан жайсаң-ды -Бағыш ел қойған аты, өз аты Бағыфұр ғой. Абайдың шөбересі, Ақылбайдың немересі, өз әкесі Әлімқұл. -Алғаш қалай таныстыңыздар? -Таныстық, достығымыз 1946 жылы басталды. Бұл жерде кедейлерді коллективтендіру кезінде құрылған асыл тұқымды мал совхозы болатын. Ол 1937 жылы таратылды да, орнында тәжірибе орталығы дегенді қалдырып, бізді мал шаруашылығы институтына бағындырды. Бағышпен 1946 жылдан дос болдым дедім ғой. Соның алдында, 1945 жылы, Алматы ипподромында Қазақстанның 25 жылдық тойы өткен. Ол тойда мен де болғам-ды. Совхоздан, озат шопан боп. Бағышты мен сонда Кәрім Мыңбаев, Мүсілім Ермековпен бірге той басқарысып жүргенінде тұңғыш көріп, таныстым. Бағыш біздің елге туған әпкесі Зәбіштің (Зәбира- Ө.А.) күйеуі Әлсейітке еріп келген. Әлсейіт тауарлы-сүт фермасын басқарды да, Бағыш сонда есепшілік қызмет атқарды. Қалада сырттай оқыды, зооветте. -Мұнда келу себебін білмедіңіз бе? -Жездесі Әлсейіт Семейде мұғалім екен.1937 жылы «халық жауы» боп сотталады да, Қиыр Шығыс түрмесінде отырған. Әлсейіттің, оған еріп Бағыфұрдың осында келулері Мұхтар Әуезовтің арқасы білем. Бағыш өз заманына лайық көп оқыған жігіт. Жоғары оқуын бітірген соң бас зоотехник болды. Бес-алты жылдан кейін партия мектебін, мал мамандығы бойынша да жоғарғы мектепті тәмамдады. Бізде, кезінде Кәрім Мыңбаев өзі құрған Бетпақдала тәжірибе стансасы болды. Бағыш сол жерде де біраз жыл жұмыс істеді. Кәрім оны көп сүйреді, көмектесті, өле-өлгенше. Содан соң қамқор болған адам – зооветтің ректоры болған Мүсілім Әмірханұлы Ермеков. Кәрім жазда жайлауға үй тіктіреді. Мұхаңды шақырады. Жалғыз болмасын деп қасына екі-үш әртіс алдырады. -Кімдер, есіңізде жоқ па? -Айтайын... Ер адамдар. Қалибек Қуанышбаев, Манарбек Ержанов, сосын жастау... Асқар Тоқпанов-ау деймін. Мен аттас Әбдірахым Еламанов деген шаруақор пысық кісі болды. Ерте қайтыс боп кетті, марқұм. Қымыз, ас-су соның мойнында болар еді. Бұлар өзі бір аймақтың жігіттері болған соң біріне-бірі сүйеу боп, жиі қатысып жүретін. -Сонымен, Бағыфұр Бетпақдалаға барып төрт-бес жыл қызмет істеп келді. -Иә, сосын оны Бониторлық жоғарғы мектепке директор етіп қойды. Бәйбішесі Ғафура қайтыс болып жүдеңкірей бастаған кезі-тін. Академик Қилыбай Медеубековті білесің ғой, со кісінің әйелі жағынан жақын туыстары екі-үш үй боп Павлодар тарабынан көшіп келген, ішінде қайын атасы да бар, ағайынды үшеу, екеуі ер. Олар да қайтыс болып кетті. Осы ағайындылардың кішісінің әйелі Күлшат жесір қалған, соған үйленді. -Азаматқа байланысты әзіл сөздер, қызықты оқиғалар болмай тұрмайды ғой. Ондайдан есіңізде не бар? -Адамгершілігі, адамға жақындығы сондай жақсы еді,-деді Әбдірахым ха-хахалап біраз күліп алып. – Мүсіліммен жиі әзілдесетін. «Мұсеке, сен Мәскеудің ВИЖ-ін бітірдің. Атақты адамдар – академиктер Кәріммен, Бальмонтпен бірге жүріп жақсы-жаманды көп көрдің. Сансыз жерді аралап жүріп Кәкеңе орыс қызын неге әпердің, ә?» дер еді. Сонда Мұсекең: «Көңіл деген көк дөнен. Адамның көңілі кетпейтін жері болмайды. Кәпірді мұсылманға айналдыру ол мұсылманның шыққан ең биік шыңы болады», дейтін. -Бағыш пен Кәрім құрдас. Осында Есқараның Мұхасы деген болды, шопан. Малда жүрген соң оған да барады, келеді. Сонда қалжыңға Мұха бейімдеу де, Бағыш олақ, жеңіліп қала беретін болса керек. Бірде Бағыш Кәрім құрдасына осыны бір мұқатып берші деп қолқа салады. «Жарайды,- дейді Кәрім,- бір қорқытып берейін. Ол үшін екі әртісімді ерте келемін. Үйіңді тігіп қой, қымызыңды қойып қой. Шал-шабырды жинап қой, келгенде әңгіме айтып отыратын». Мұха Шымбұлақтан шығып, күн бата жайлаудағы үйіне келеді. Ойында ештеңе жоқ. Кәрімдер болса аржағындағы үлкен ақсақалымыз Уәли шопанның үйіне түседі. Сол кісінің қолында Мүсілім көп еңбек істеген, тәжірибе жүргізген. Мүсілім екеуі сонда түсіп, шәй ішіп, тамақтанып, түннің бір уағы болғанша отырады. Үй иесінің қона кетпейсіздер ме дегеніне, ертең таңнан тығыз шаруамыз бар еді деп сылтау айтып, аттанып кетеді. Былай шыға қасындағы екі әртіске – Манарбек Ержанов пен Асқар Тоқпановқа: «Мұха деген шопанды жатқан жерінде қапыда басасыңдар. Ол пәленің екі әйелі бар. Соғыс уақытында біраз шал-шабыр екі қатыннан алып құтырып кетті емес пе. Мұханы бастатып соларды менің үйіме айдап келіңдер, мен кете берейін», дейді. «Болды» дейді әртістер. Оларға бәрібір. Мұхаң қырсығы бар асау кісі. Жақтырмаған адамына 16-шы мылтығын кезеніп, атамын деп қорқытып та қоятын. Кәрім ол сырды біледі. Ел аралап жүреді ғой. Әртістерге оны да ескерткен. Әртістер шопан аулына келеді. Ай жаңа туған кез. Төңірек алашабыр. Манарбек қасындағы Асқарға: «Әй, сен ана домбыраның құндағын ердің басына сүйе де, мылтық етіп кезеп тұр», -деп, өзі Мұха үйіне кіріп барады. -Ассалаумалейкум, Мұха деген сенбісің? -Иә, мен едім. -Жаныңда жатқан бәйбішең бе, тоқалың ба? Мұха байғұс сасып қалады. «Атам» деп мылтығына ұмтылады. Сол кезде есіктің қарсы алдындағы су басында атпен тұрған Асқар айқай салады: -Әй, қозғалма! Сеспей қатырамын. Мүшкеге ілініп тұрсың! -Басыңды көтер! – дейді мына жақтан Манарбек зілденіп. Көтереді. Жейдешең, дамбалшаң жатыр екен. -Атың бар ма? -Бар. Арқандаулы тұр. -Атыңды алып кел. Сосын сөйлесемін. Ер-тоқымы жанында жатса керек. Мұха атын алып келеді. -Тайлақты білесің бе? -Білем. -Әбдірәшев дегенді білесің бе? -Білем. -Естемес деген шалды білесің бе? -Білем. -Өтепбергенді ше? Бәрі екі қатыннан алған шалдар ғой. -Маған осыларды тез жеткіз. Мен бәріңді бүгін түнде тиісті жерге айдап апаруым керек. Кәрімге тігілген киіз үйде бәрі отыр екен, ішінде Бағыш. Әртістер Мұха бастаған шопандарды топырлатып айдап әкелгенде, Кәрім серпіліп: -Бағыш, енді ризамысың, дұрыстап көріп ал, -деген екен. Оқиға аяғы Кәрім түскен үйдегі ас-суға ұласып, әзілі жарасқан үлкендер таңды келелі әңгіме, әдемі ойын-сауықпен өткізіпті. х х х Ол Бониторлық мектепте директор, мен шаруашылық ісін меңгерем. Моңғолиялық 18 жігіт кеп оқып жатқан. Солардың жетекшісі қазақ жігіт маған келіп, бір қой сұрады. Бағыш ағаға айтып едім, сізге жіберді, жаңа жыл кешін өткізбекші едік деді. Моңғолиға барған сапарында Бағыфұр қазақ аймағында да болған ғой. Әлгі жігіт содан біледі екен. Өзі сабақты жақсы оқиды. Пысық. Бағыш оған іш тартып айтады екен: Жігіт адамның бармайтын жері болмайды, ойға да, қырға да жүре береді. Жігітім, біз сонау алыс Арқадан осында неғып жүрміз, дәм айдап келді. Міне, сен жақсылықта жүрсің, оқу-білім іздеп келдің, бірақ байқа, араларыңда қызғаныш, өштік бар. Сен содан сақтана жүр... Бағыш талайлармен сөйлесіп жүреді ғой, аңғарымпаз адам сезеді екен ғой... Қойды сойды. Моңғолдарың етті бір қайнаған соң-ақ жей береді екен. Мені де шақырған. Кішкене ауыз тидім де кетіп қалдым. Таңертең барсам, жаңағы жігітті өлтіріп қойыпты. Содан Бағышқа сіз осыны қарамадыңыз, айтпадыңыз деп министрліктен, Академиядан біраз қысым жасалып, тықыр түсті. Әйтеуір, Құдай сақтап басы бір бәледен аман қалғаны бар. -Өштесулері неліктен екен? -Екі жігіт қазақ та, қалған 16-сы моңғол еді. Атын ұмыттым, әлгі жетекші жігіт өте пысық, алғыр болатын. Түбінде бізді басып озып кетеді деп қызғанышпен өлтірген-ау. Осында жерленді. Артынан іздеп ағасы келген. Осы жерде Бағыш екеуі «ойбауырымдасып» құшақтасып көрісті. Иә, кісілігі зор болатын. Ата жағы, ұрпақ жағы өскен жұрттың баласы емес пе. Кең. Тегіне тартқан жайсаң еді, жарықтық... Кәріп Қабдешов:Ел-жұртқа жағымды, абыройлы болды -1969 жылдың аяғында армия қызметінен босанып, Алматыға келіп, мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары қызметіне орналастым. Шаруа қамымен Алматының, Жамбыл ауданының мекемелерінде болып жүріп, талай жақсыны білдім. Бірде Мұхтар Әуезовтің үйіндегі басқосуда Бағыфұрмен таныстым. Ол міндетіне алған шаруаны белсене, бар ынтасымен атқаратын. Өзінің қарамағындағыларды майда тілмен біріктіріп, істерінен нәтиже шығуына көмектесетін. Оның қызметіне басшылар, әсіресе, академик В.А.Бальмонт қатты риза болатын. -Атасы Абай, оның балалары , жалпы жақын-туыстары жайында әңгіме айтатын ба еді, олармен араласып тұрды ма? -Ондай әңгімеге бара қоймайтын. Туысқандыры көп, бәрімен де араласып жүретін. Олар да бұған бірінен соң бірі келіп - кетіп жататын. Бағыштың үйін қысы-жазы босатпайтын. Олардың ішінде марқұмдар Ұзынағашта мектеп директоры болған Мәжитов Хамит, балдызы Әкрам, әпкесі Зәбіш, жездесі Әлсейіт... Бағыш кішкентай күнінде Зәбіш апайының тәрбиесінде болыпты. Апайы айтатын, Бағыштың табанына шөгір кірмесін деп арқалап жүріп өсірдім деп. -Бағыфұрдың бәйбішесін көрдіңіз бе? -Ағамыздың бірінші әйелі Ғафура өте аяулы жеңгеміз еді ғой. Рак дертімен қатты ауырып жатқанда жанында отырғанмын. -Балаларының тағдырынан не білесіз? -Үш ұлының ортаншысы Баукен ғылыми-зерттеу жұмысында жүріп, Шортандыда мезгілсіз қайтыс болды. Сол баланың денесін алып келіп, Алматыда анасының қасына жерлеуге бастан-аяқ қатынастым. Осы баласы қайтыс болғанда, Шоқанымнан айрылдым деп Бағыш қатты қайғырды. Бағыш ауыр сырқаттанып Алматыда емделді. Жігіттер күн құрғатпай жиналып барып тұрды. Күдер үзгеннен кейін үйге алып келдім. Үш-төрт күннен соң қайтыс болды. Ақырғы демі біткенше қасында болып, маңдайын сипап отырғанымда маған айтқаны: «Қареке, досым, мен о дүниелік болдым. Туыстарым көп, бірақ бірі анда, бірі мында, сондықтан менің ақырғы сапарымды өзің басқар, дұрыс ұйымдастыр». Бағыфұрды шығарып салуға жиналған халық көшеге сыймай кетті. 2. Жылап отырып айтылған әңгіме Адамшылықтың алды –махаббат, Ғадылет сезім.Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан Тәңірдің ісі. Абай, 45-ші сөзінен. Осында Бағыфұрдың тәтейі тұрғанын естіп, сұрастырсам, бұрынғы көршісі Кәріп ағай, Алматыға көшіп кеткен деп, телефонын берді, мекен-жайын айтты. Алматыға келіп айтылған жерге барсам, мұнда тұратындар мүлде бөтен адамдар. Былай шыға ойландым, үлкен кісі, көше атынан жаңылуы мүмкін ғой. Жаңағы жаңылыс көрсетілген үй нөмірін көше қиылыстарынан қайта іздедім, ақыры таптым да. Үшінші қабатқа көтеріліп, қоңырауды қақтым. Әлден соң кәрі кісінің сүйретіле басқан аяқ тықыры естілді. «Кім?» «Бағира апай керек еді?» «Иә, өзің кімсің?» Мыңбай аулынан екенімді, ондағы белгілі адамдардың аттарын атап, біраз тексеріс-тергеуден өткен соң барып жібіді-ау. Онда да қарсы есікке қоңырау шал, сондағы кісіні шақыр, есігімді сол ашып береді деді. Бәрін өзі айтқандай еттім. Үйге кірдім. Бағира жасында етженділеу болғанға ұқсайды. Кәрілік жеңіп, жүріп-тұруы ауырлап, шау тартып қалыпты. Сонда да әлі қапсағай, сүйекті. Өзі бастап келіп, тұрақты орынтағына айналған кереуеттің жиегіне отырды. Маған жанындағы креслоны нұсқады. Оң жақ қолы тұсындағы орындық үстінен сигарет алып, темекі тұтатты. Бұрқылдата сорып, алғашқы күлін күлсалғышқа қаққан кезде, мен де әңгімені бастауға ұйғардым. -Баке, сөзіңіздің ыңғайына қарай сұрақ қойып отырайын. Сіз де менің сұрақтарымның орайына қарай жауап берсеңіз. Келістік пе? -Болсын... Шырағым, жадым жұқарды, көп нәрсе көмескі тартты... Әріден бастасам, 1931 жыл еміс-еміс есіме түседі. Кәмпеске, одан колхоздастыру қызу жүріп, белсенділердің Абай ұрпақтарына қанды шеңгелдерін аямай батырып жатқан кезі ғой. Ұлы ашаршылықтың алды. Бас сауғалап құтылудан басқа амал қалмаған. Шәкәрім қажы менің әкем екеуі біраз қатын бала-шағаны облыстың бір шалғайынан екінші бір шалғайы Георгиевка деген жерге малымен қоса әкеп салады. -Иә. Қазаншұңқыр деген бір сұрықсыз жерде, үй астындағы көр секілді ұраның ішінде тұрғанбыз. Халық жауының отбасымыз. Иттен жаманбыз. Шешем фамилиясын өзгертіп, басқа күйеуге шығып кетті. Мұхтар Әуезовтің Ағзам деген ағасының қызынан туған Дәрежат деген баласы екеуміз апам қолындамыз.1932 -33 жылдары ма, Мұхтардың тағы бір ағасы Разақ та айдалатын болған соң, оның балалары Ғафураны, Үкіш аға дейтінбіз, со кісіні бізге әкелді. Олар қосылған соң кәдімгідей бір ауыл болып қалдық. Апам өте ақылды адам, пысық. Өзінің немере інісі Көкебай екеуі базарға ауық-ауық мал айдайды. Киім-кешек, тағы басқа отбасына керекті заттарды әкеп тастап жүреді. -Апам деп отырғаныңыз кім? - Шешемнің шешесі, Әлімқұлдың әйелі. Әлімқұл Ақылбайдың үлкен ұлы ғой. Аты Биғаным болатын, жарықтық... Содан тіршілік етіп тұра бердік. Осының алдында, 1931жылы, Бағыфұр ағамды Алматыда оқып жүрген жерінен шығарып жібереді. Ол да осында-тұғын. Апамның Нүкетай деген немере інісі, ол да бізбен. Нүкетай, Сәтбек. Сәтбек Дәрежатпен жасты, оқу оқиды. Мен кішкентаймын, тентекпін. Жеңгеміз Ғафура балабақшада істейді. Бұрынырақ Мұхтардың қолында өскен. Бұлар апалы-сіңлілі Сапура, Мәнсура, Ғафура, Пәрзана. Пәрзана бұрнағы жылы қайтыс болды. Менің қолымда болған еді. Айтпақтайын, мен әңгіме етіп отырған тұста Мұхтар Әуезовтің Мұғалима деген қызы да біздің қолымызда болған-ды. Мұхтардың бірінші алған Райхан деген әйелінен. Мұғалиманы бізге әкеп тастаған Бағыш ағам мен Ысқақов Даниал еді. Даниал халық ағарту ісі жағында үлкен қызмет атқарған ғой. Мұғалима өзінен көп үлкен кісіге күйеуге шығам депті. Сосын алысыраққа, біздің қолға жіберген ғой. Содан 1935 әлде 37 жылы Бағыфұрды түрмеге алды. -Түрмеге? -Оқудан шығарып жібергендерін азсынып, артынан тыңшы қойған емес пе. Орган адамдары келіп тұрды, бір күн алып кетеді, бір күн қайта алып келеді. Ғафурамен тұрып жатқан. Ол кезде орысша некелесіп, мөрлесуді сақтай бермейді, көңіл жарасса болды. Кімнің басында қайбір жағдай бар. Кейін, көп жыл өткен соң, Разақтың баласы Әкрамның қазасында Мұғалиманы көрдім. Қазір осында Абайдың тұқымы боп жүрген Мағауияның тірі қыздарынан үлкені Рәпила деген апалары болған. Апам оны да Семейден алып келіп, екеуі бір мектепте сабақ берген. Екеулеп бар тапқан-таянғандарын ортаға салумен болды ғой... Рәпила мен Мұғалима жігіттермен сөйлесуге шығады. Маған ауызбастырыққа кәмпит береді. Бағыш ағам келгенде, мен кереует астына тығылып қалам. Тәтем ылғи бауырсақ пісіріп, осында қойып қояды. Мен бауырсақтан жеп, тығылып жатамын. Бір күні өкпелеп екеуін Бағыш ағама ұрысқызып та алдым... Кейін әкем өлді, шешем өлді, Бағыш өлді. Менің екінші қызым өлді. Біреуі келіп көңіл айтуға жарамады. Разақтың ұлы Әкрам онда тірі, келіп Мәнсура қатты ауырып жатқан көрінеді, бармаймыз ба деді. Мәнсура Меркеде болатын, бұрынырақ бір рет көргем. Мен айттым, тірі кезінде танымағанда, енді өлгенде танимын ба дедім. Қасымызда Пәрзана да тұр еді. Менен қаймықты ма, бармасақ бармай-ақ қояиықшы деді. Ол кезде мен әжептәуір адам болатынмын. Иә, Әкрамды да асырағанбыз. Жалпы, Разақтың бар тұқымын. Ана Сапура деген ең үлкенінен бастап, оның күйеуі – Закарияға дейін. Сол Закария апама кино көрсетем дейді. Ертеңінде апамды киноға апардық. Экранда арқырап пойыз келе жатты. Апам одан қорқып, шалқасынан құлап, есінен танып қалсын... Ол кезде клубта кино алдында дінді, поптарды жамандайтын. Бағыш ағам Ғафура екеуі сонда кетеді, қолдарына шөтке алып. -Оны не істейді? -Шөткемен жиналғандардың үстінен су шашады. Попты мазақтаған түрлері ғой. -Көрініс қояды екен ғой. Өмір шіркін адамға не істетпейді... Сол қиын-қыстау заманда кімдер ерекше қайрат, адамгершілік көрсетті? -Бізше адамгершіліктің ең үлкенін Шәкәрім қажы жасады, елден көшіріп әкетіп. -Елде отыра берсеңдер, құрып кетулеріңіз мүмкін екен-ау. -Иә... Кейін елге барғанда Шәкәрімнің қорасын көрейінші деп іздедім. Шәкәрім қажы қорасының төбесінде қазы, қарта, жал-жая үюлі тұратын. Ол жерден көшерде мен сонда ұйықтағам. Сондағы тәтті дәм, жұпар иіс есімнен кетпей жүретін. - Шәкәрім қажыны атып кетіпті дейтін адамды да, оның балаларын да жақсы білемін. Бір баласы Дәурен Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып та істеді. Обалы не керек, балалары жақсы-ақ. -Ендеше бізді ту Семейден қудалаған сол Қарасартов қой. Бағыфұрды түрмеге алмас бұрын ол бізге жеті мәрте кәмпеске жасаған. Шәкәрімді өлтіргеннен кейін ту Семейден біздің артымыздан келді... Қарағандыда Евней деген университет ректоры болды ғой. Бағыш ағама соған барып неге айтпадың деп талай ренжідім. Бағыш ағам қорқатын. Өз әкем... -Аты кім еді? -Қасымбек. О кісі Семейде Губкомда үлкен қызмет атқарған білем. Әкем сол 1931жылы Шәкәрім екеуі бізді жаңа мекенге әкеп тастағаннан кейін ұсталыпты. Сірә, бұл жақта бой тасалап жүрген-ау. Ұстатқан өзінің інісі Аюбай деген. Ойбай, Бағыштардың үйіне келді деп дабылдатса керек. -Туған інісі деймісіз? -Иә, Аюбай, Көркембай, Беркімбай інілері ғой. -Сол ұсталғаннан кетіп пе әкеңіз? -Кетті. Ұмытпасам, 1954 жылы, Сталин өлген соң, босанды. Мұхтармен де бірге жұмыс істеген адам о кісі. Сонда келгенде Мұхтар, осында тағы бір туысқанымыз, амандаспай қойған онымен. Жасқанып, жасып қалған жандар ғой. Кінәлау орынсыз. Мені сұрайды екен. Әкем Қасымбек екінші рет үйленеді. Одан Тоқан деген баласы болған. Сол Тоқанның баласының баласымен жаңа ғана сөйлесіп отырғам. Әнеу күні келіп те кеткен. Әкесі өлерінде айтыпты, тірі болсаңдар Бағираны іздеп табыңдар депті. Семейде институтта сабақ бере ме? Жөндеп сұрамадым да. Баласының атын Қасымбек қойыпты... Әлсейіт екінші әкем. -Бұ кісі де ұсталған ба? -Ұсталған. Одан бала жоқ... Бәтима, Қабыш тәтем және менің шешемді Разақ көшіріп әкелді, Меркеге, бұл – 1944 жыл. Абайдың жүз жылдығына, Мұхтар оларды Кәрім Мыңбаев деген академикке айтып, КНИЖ-ға көшіртеді. Кәрім Мыңбаев жақсы адам, ақылды кісі, бірақ қатыны орыс, Мұхтардың да қатыны орыс. Өгей әкем Әлсейіт Бағыш ағамды жаңа орынға орналастырады. Мен Ташкендегі оқуымның екінші курсынан келе қалайын. Содан жібермей қалды ғой. Сөйтіп 1947 жылдан еліміз де, жеріміз де, туысымыз да – бәрі КНИЖ болып кетті. х х х Семейден осында бір кісі көшіп келіпті. Былтыр. -О, апай, сізді Абайдың тұқымы дейді. Қай Абайдың тұқымысыз? – дейді әлгі маған. -Қазақтың Абайы көп пе еді. Көбейсе қазір көбейген шығар. Ал бұрын біреу-ақ болатын дедім. Біз, Ақылбай тұқымы, аштан өлсек те, дастарқанымыз мол, жиналмайтын. Бағыш ағам сондай кең кісі еді. Ол Абайдың 100 жылдық тойына бармай қойған ғой. -Естігем, Күлшат апай айтқан еді. -Шәріп ағам кетті. Сыраш ағамның балалары кетті. Бағыш ағам бармай қойды. Неге бармайсың дегенде, Мұхтарға айтыпты, қайыр тілесем де бармаймын депті. Енді қайтсін, бейшараның жастай көрмегені жоқ. Көпке дейін не оқытпады, не қабылетіне сай жұмыс бермеді. Апамның, Әлімқұлдың әйелі Биғанымның қолында тұрып өндірістің ауыр жұмысында да көп бейнет шекті. Әлгі Қазаншұңқырда, алтын шығатын Бөке деген жер. -Біраз туысты аштықтан аман алып қалған көрінеді. -Әрине, Бағыфұрдың көмегі болды. Бірақ бәрімізді аштықтан аман алып қалған менің апам ғой. -Зәбіш пе? -Жоқ, Биғаным. Зәбіш өз бетімен кетті ғой байға тиіп. Менің шешем Зәбіштен басқа Қауаш деген апамыз болды. Ол Семейден шықпаған. Оның қыздары қазір өсіп келеді. Бұлар Абайдың Баймағамбетінен. -Сонымен Бағыфұр сонау жылдары оқудан шығарылды, түрмеге түсті дедіңіз. -Коми АССР- да болды ғой, екі жыл.Иттің етін жеп келдім деп отыратын, жарықтық. Мұхтар көмектесті ғой. Ойбай-ау, КНИЖ- ға мен келетін 1946 -47 жылдары Мағауяның қызы Уәсила, сосын Ишан... Ишан әпкем уақытында Семейдің детдомында өскен. -Ишан кім? -Жағыпардың қызы. Жағыпар Абайдың ұлы Мағауяның баласы ғой. Оның Құтайба деген де баласы болған. Сол Жағыпардың Рәпиласы мен Мұхтардың Мұғалимасы екеуінен ғой кәмпит жейтінім. Бағыш ағаның үш ұлының үлкені Эрнест туғанда апам оның бетін бояп қоятын, қызша киіндіріп. Көз тиеді деп қорқушы еді. Эрнестің баласы Украинаға барып, сол жақта орыстан қатын алған ба, сондай бір шатағы бар. Бір жылдары Бағыш, оның жаңа алған әйелі Күлшат, баласы Эрнест – бәрі бірге тұрады. Ұрыс шыққан ба, сонда Бағыш аға әйелі жағында болып, Эрнесті ренжіткен бе. Сол кездерден арамызға салқындық кіргені рас. Ғафура барда бар тапқан-таянғанымыз солардікі, ортақ дастарқан, үлкенімізді үлкендей, кішімізді кішідей сыйлайтын адамдар болатынбыз. -Эрнест... Ұрпағы не болды? -Айттым ғой, ұл бар. Айдос. Ол ішіп жүрді ме, әйтеуір... Әлімқұл, Исраил Ақылбайдан туған. Сол Исраилдың екі қызы болды. Үлкені – Ләтипа, кішісі – Күлзипа. Күлзипаның екінші байынан бір қызы бар. Аты –Касира. Одан да бала-шаға бар. Әйтеуір, келіп амандасып тұрады. Күйеуі дағыстан жігіт. -Сонымен, Эрнестің ұлы Айдостың аман-есені, бала-шағасының бар-жоғы ешкімге белгісіз бе? -Оған мен виноватпын. -Неге? -Оған оқуда жүргенінде әкемнен қалған киімдерді беріп, ақшамен көмектесіп тұрдым. Бірде оған, қарағым, алатын болсаң, қатыныңды алып келші. Ылғи да аламан қатынға ие боласыңдар, шешең нашар. Бір байды ұстай алмаған қатын жақсы болушы ма еді деп кейідім. Ана Эрнесті адам сияқты ұстайтын болса, сен бүйтіп қаңғымас едің ғой дедім... Шешесін жамандағанды кім жақсы көрсін. Және айтқам, егер орыстан қатын алатын болсаң, қараңды көрсетпе дегенмін. Сол сөздерімді көңіліне ауыр алған болуы керек... Екінші әкем Әлсейіттің інісі республика прокуроры болды ғой. Оның да баласы орыстан қатын алды. Геолог еді. Енді геологтар арасында қазақ қайдан болсын. Сол келіп кеткен уақытында әкем ұрысқан, сендерге не болды, не сұмдық бұл, қазақ жетпеді ме деп. Содан ол бейшара бала да бізден қатты безіп, әкем өлгенде бір-ақ келген. -Бағыфұрдың екінші ұлы Баукен ше? -Ол да үйленген. Көкшетаудың Шортандысында тұрды. Ғылыммен айналысқан. Кандидаттығын қорғап, он бір күннен кейін өлді. Бала көрмей кетті. -Бағыфұрдың Маңғыстаудағы кенже ұлы Айдар ше? -Оның баласы осы бертінде латыш қызына үйленіпті деп естідім. Айдар менің күйеу балам Майдан қайтыс болғанда бір келіп кеткен. Мұхтардың жүз жылдығына шақырыпты. Сонда тағы келді, әйелімен. Әйелі дәрігер. Ол да орыс сияқты. Бірде кешке жақын алакеугімде Бағыш қой сойып жатыр. Бұның не түнге қаратып десем, «Е,Бағира, заман осы болды ғой. Бұрын НКВД-дан қорқушы едім. Енді келіндерден қорқатын болдым...» -Атақты Абай, оның әке-аталары Құнанбай, Өскенбай, Кеңгірбай, Ырғызбай... Солардың құтты мекендері ғой анау Қарауыл, Жидебай. Сол аймақта дәуірледі олар. Енді сол қасиетті мекенде Абай ұрпақтарынан ешкім қалмаған ба? -Ие боп қалған ешкім жоқ. -Кейде өзара бас қосып, кеңесіп, қалай болды, ата жұртымыздан неге айрылып қаламыз деп, кейінгі балалардан біреуін апарып қондырсақ деп мәміле айтпайсыздар ма? -Қайдан апарасың, бірі Қытайда, бірі Қырымда дегендей... «Қалың елім, қазағым...» деп еңірейтін ақылды қазақ Абайдан кейін онша көп туа қоймаған секілді... Тіпті Мұраттың өзін көрмеймін. Баяғыда Мұхтар аға оны КНИЖ-ға алып келетін. Сонда оның бір жағында ол, бір жағында Елдар, өзі ортасында жүретін. Мұхаңа Қара жорға деген ат та қойғанбыз. Біз Қабыш тәтем, апам, Бағыш ағам барында Семейдің бүкіл кемпірлері бар ғой, қазіргі мен құсап қаусап отырған,- бәрі біздікінде болатын. -Қазір сізден қашқақтаса мінезіңіздің тіктігінен шығар? -Мүмкін... Шынтуайтында бізден қашып отырған Мұғалима жағы емес, Мәкендер... Әкесі Тұрағұл 12 жастағы Мәкенді күйеудегі Қауаштың қолына оқуға береді. Мәкен 14 -15 жасқа шыққанда Қауашты тастатып, жездесімен қашып кетеді. Мұхтардың біраз тұқымдары ол уақытта Шымкент жақта болатын. Абайдың інісі Оспанның асырап алған баласы да сонда еді. Сонда қашып кетеді. -Баке, сіз қай жылғысыз? -1927 жылы туғанмын... Сонымен, Мәкен әпкесі Қауаштың күйеуімен қашып кетеді. Махаббат шығар. Ал бірақ содан бастап Ақылбай тұқымы Тұрағұл тұқымымен араласпайтынбыз. Қыздарының ішінде Ишан тентек. Соғысқа барып келген атағы бар. -Ишан кімнен? -Мағауиядан. -Мәкен ше? -Ол Тұрағұлдан... Тұрағұл ағам өлерінің алдында , оны маған Ақыш тәтем айтты, Мәкеннен үлкен апамыз ғой, қыздарына деген аталық ренішін білдіріпті. Ақыш тәтем ақылды кісі еді. Сонау жылдары бәрі үйге келеді. Кәмпескеге, қуғын-сүргінге ұшыраған адамдармыз. Жүн түткізіп қоямыз. Жататын орындарыңды өздерің қамдаңдар дейміз. Мағауияның қызы Уәсила да бар. Оның асырап алған бір қызы болушы еді, анда-санда келіп-кетіп жүретін. Иә, сүйтіп бірде Ақыш тәтем шақырды, Лираға батамды берейін деді. Оның бір баласы осында консерваторияда істейтін. Ол да қайтыс болып кетті. Лирам ауырып жүрген, екінші қызымды алып бардым. Барсақ, Мәкенді де шақырып алған екен. Отырдық. Сөйлестік. Ақыш тәтем айтты, бізге, деді, әкеміз қатты ренжіген... Ал сен Ақылбайдың тұқымынан қалған жалғызсың. Енді үрлесек те сені сақтайық, балаларың өсіп, адам болып кетіңдер.... Ташкендегі Орта Азия университетінің екінші курсын бітіріп каникулға келгенде, Кәрім Мыңбаев болмағанда кетіп те қалатын едім. Ол кезде жақсымыз да сол, жаманымыз да сол. Мұхтар екеуі келеді. Оларға тамақ асылады. Карта ойнайды. Мені шақырады. Мен ұтылып қалсам, қағазға жазып қояды. Сосын мен үшін ұтылған ақшаны апам әкеп беріп жүреді. -Баке, сіздің жолдасыңыз кім болған кісі, аты-жөні... -Құсайынов Сәдуақас. Өскемен жағынан.1975 жылы дүниеден өтті. Бұрын Оңтүстік Қазақстанда обком секретары болған. Одан кейін КНИЖ- ға келіп, от көсеуші-кочегар болды. Ол да кезінде басынан бағы тайып қудалау көргендердің бірі еді. -Баке, Абай атаңыздың шығармаларын жақсы білетін шығарсыз? -Мазмұнын. Бұрын біраз өлеңін жатқа да білетінмін. -Ән салып, домбыра тартып көрдіңіз бе? -Жоқ. Жасымызда ондайды үйренетін хал болды ма. Мұхтардың домбырасы бар еді, қай үйде қалғанын білмедім. Лирадан туған үлкен ұл Темірге өз қолымен ұстатқан еді. -Мұхаң сіздерге әрдайым жақсы қараған-ау. -Ғафура Мұхтардың Разақ деген ағасының қызы болса, көбіне ол Мұхтардың қолында өскен ғой. Валентинаға үйленгеннен кейін, ол кезде Бағыфұр ағасы Разақтың үйінде болады екен, бәріміздің басымызды құрап, бір жерге көшіріп алған ғой. Жұрт бізді Абайдың ұрпағы деп айтады ғой. Қазақтың өзі ата қуса,- бәрі туыс. Бір-бірімен бауыр боп, ешуақытта өтірік айтпай, адал көңіл шындықпен біріксе, сонда ғана нағыз ел болады...
Автордан: Бір отырысқа ұзақ сөйлестік. Бағира ауық-ауық терең күрсініп, кейде тіпті жылап алып отырса да талай тағдыр, талай уақыт кезеңдері араласқан көп дүние айтылды. Қайсысы анық та қанық, қайсысы шала, көмескі, тіпті жаңсақтары да жоқ емес білем. Бірақ мен Құнанбай, Абай әулетінің кейінгі тағдырын зерттеуші ғалым емеспін. Ол олай емес, былай еді ғой деп Бағира әңгімесіне түзету жасауға шамам жетпейді. Мен тек Абай атамыздың тірі қалған ұрпағының тағдыр-талайы не болды екен, олар бар болса қайда, қалай жүр екен дейтін пенделік сұрақтарға ғана елеңдейтін көптің бірімін. Күлшат апай, Әбдірахым, Кәріп ақсақалдардың естеліктері жайында да осыны айтуға болады. Уақыт-сынап. Бұл күнде Бағира да о дүниелік. 37 жасында қайтыс болған Эрнестің украинада тұратын Айдос атты ұлының балалары бар көрінеді. Маңғыстауға кеткен Айдардың Данияры да ұрпақсыз емес. Шежірешілер тобықтыларды Арқадағы Шыңғыс тау баурайына Қара теңіз, Каспий төңірегінен көшіп келген деседі ғой. Кімнен тумасын, жақсының тектік жады өшпейді. Демек, күндердің бір күнінде Қара теңіз, Каспий жағынан біз Абай ата тегіненбіз деген жайсаңдар шығып жатса, ол да бір арман. Қалай десек те, оқушылар назарына ұсынылған әңгімелер артта қалған заманды түсінуге, ойыншыққа айналған адам тағдырының мұң-зарын ұғынуға аз да болса септігін тигізер деген үміттемін. Сондай-ақ, мұнда қазақ тарихына белгілі талай жайсаңның өмірінен де қарапайым адами мәліметтер бар. Естеліктер сонысымен де тартымды, әрі құнды ғой деп ойладым.
Өтен Ахмет