Қадыр Мырза ӘліӘттеген-ай Ойнадым, ойнадым, Ойынға тоймадым. Шегім де бұралды, Сонда үйге оралдым....
Ғалия Бөкейқызы: «Оралхан ағамның ұстазы – Алтай, тақырыбы – адам еді»
Адам атты жұмырбасты жұмбақтың әр қилы әрекетінің астарында әртүрлі сыр жатады. Оның құпиясын кей жағдайда өзі де білмеуі, білудің де қажеті шамалы болуы мүмкін. Ал жазушы деген адам жанының инженері оны әрдайым білуге, білдіруге ұмтылумен келеді. Қаламгердің сол барыстағы түрлі әрекет дағдысы тағы бір сырдың, тағы бір құпияның қойнауына жетелей жөнеледі. Атақты Оралхан Бөкейдің қарындасы Ғалия Бөкейқызымен құрған әңгіме-дүкеніміз жазушы шығармашылығына айрықша әсер еткен жағдайлар, отбасы, өмірдегі кейіпкерлері жайында өрбіді. Мұны әйгілі жазушының шығармашылық лабораториясына тағы бір қырынан үңілу десек те болады.
– Қадірлі Ғалия апай, Оралхан Бөкейдің табиғатты ерекше жырлауының сыры неде?
– Біздің өңірдің сай-сала, жыра-жықпылына дейін білетін бір адам болса, ол – әкем еді. Алтайдың арғы шежіресі жайлы тарихи деректерді, жер-су атауларының шығу төркіні туралы небір қызықты хикаяларды айтқанда құлақ құрышын қандыратын. Шабанбай, Тарбағатай жайлауларындағы Алтықаз, Қарасаз, Жетіирек, Жетікезең, Мұзбел сынды жерлердің өз ерекшеліктерін жеке-жеке бір-бірінен даралап айтатын. Ол жерлерге байланысты халық ішіндегі:
Елімнің бір жайлауы Шұбарағаш,
Тасшоқы, араласқан қалың ағаш.
Үстіне Өскелеңнің шыға келсең,
Көрінер көл жағасы жап-жалаңаш, – деген қара өлеңдерді де жатқа соғатын. Құдай-ау, сол жерлердің табиғаты дәл осы шумақтағыдай ғой, қалай дәл бейнелеген?!
Әкем осы жерлерді бәрімізге аралатты. Жайлауға шығарда Сарқыт апам бітеу сойылған ешкінің терісінен жасалған месті, жанторсығын, қоржынын алатын. Ағам жайлаудан түскенде сонда отырған ел туралы айтып келетін. «Ана біреулер саңқылдап тұр екен» деп оны шешем жақтың адамы деп, көп сөйлемейтін бір кісілерді «әкем жақтың адамы секілді» дегендей сол адамдардың ерекше мінездері туралы әңгімелейтін.
Әкемнің мені тауға алғаш ертіп шыққаны әлі көз алдымнан кетпейді. Сондай қалың бұғыны, сондай қалың елікті осы күнге дейін көрген емеспін. Әкемнің табиғатты аялауы сондай, тік қарағай жыққан емес, ылғи айдаладағы көлденең ағашты жинап, тазалап жүретін. Осы күні шығысқа барған жұрттың көзіне қан елестеп, бұғы мүйізінің қанын ішіп, сорпасына түсіп жатады ғой, әкем де, ағам да бұғы мүйізінің қанына түскен де, ішкен де емес. Дәрігерлер әкеме «енді үш күннен кейін өлесің» деп шығарып салғанда да ішкен жоқ. Суішерлігінің барлығы шығар, бір қазақы емші «Бұқтырманың балығын судан алған бетте қайнатып сорпасын іш» депті. Құдай жарылқап, сол сорпа ем болып, әкем аман қалды. Адамның табиғатпен үндестігі бір тылсым ғой. Анам сонау Көбен тауы деген жердегі бастаудан су алдырып, соны самаурынға қайнатып ішіп отыратын.
Ағам жылдың төрт маусымында да Алтайға келетін. Шығармаларының дені Шыңғыстайдағы шағын ғана үйде жазылды. Соңғы жазған «Атаукере» романын «қалада жаза алмай қиналдым» деп ауылға келіп, терезесі тауға қарап тұратын бөлмесінде қымызын ішіп отырып жазды. «Тауға қараған сайын ойдан ой турады» дейтін. Өзінің: «Ұстазым – Алтай, тақырыбым – адам» дейтіні де сондықтан шығар. Әкемнен қалған сол әдет оны ылғи табиғатқа тартып тұрды. Тіпті екі жастағы ұлы Айханды Шыңғыстайға алғаш әкелгенде Тарбағатай жайлауына шығарды. Айханға жайлаудың таза ауасын жұтқызып, Ардақ жеңгеме саумал, қымызын ішкізді. Сол соңғы сапары екен...
– Бөкей ақсақал жүйрік те баптаған екен?..
– Иә, Ғабит Мүсірепов «Бошайдың үш қарасы» деп жазатын атбегі Бошай Кітапбаев алғашқы бәйге атын әкеме баптатқан еді. 1969 жылы ғой деймін, күні-түні қасында болып әкем баптаған аттары шетінен бәйгенің алдын бермеді. Сол Бошай ағаның алғаш бәйге атына мінген шабандоз бала қойшы Хамитов Ақайдың ұлы Бауыржан еді. Бәйгеден озып аяқтан қалған аттарды кейбіреулер етке өткізетін. Әкем сондай жылқыларды етке өткізуге қимай совхоз басшыларынан сұрап алып қалатын. «Шораяқ» деген құла ат болды, «делебесін қоздырып шаппай ақырын ғана аяңдатып мініңдер» дейтін. Сол атпен жылқышының баласымен жарысамын деп менің де оңбай жығылғаным бар. Ағамның «Қайдасың қасқа құлыным», «Тортай мінген ақбоз ат», «Құлыным менің» шығармаларын жазуы, тіпті 1965 жылы венгр жазушысының жылқы туралы элегиясын аударуы оның жылқыға ерекше жақындығынан еді. Біздің үй биебауынан құлын кетпеген, сабасынан қымыз үзілмеген шаңырақ десем де болады.
Ал жалпы, Шығыста түйе көп емес қой. Біздің үйде түйе болды. Жазғытұрым інген боталағанда кішкентай балалар екі-үш күн сол ботаның қасында болушы едік. Шешем оған үкі тағып, үйдің ішінен шымылдық құрып соның ар жағында ұстайтын. Бота ерекше сүйкімді ғой, біраз уақытқа дейін мойны жерге жетпей, қайта-қайта созып ұмсынғаны да ерекше. Бір күні Бұқтырма өзені тасып жатқанда әлгі бота суға ағып кетті. Енесі оның суға аққанын көрмей қалса керек, есік алдына келіп боздайды да тұрады. Ботасын іште деп ойлайды ғой, кейде тіпті есіктен басын кіргізіп боздап тұратын, көзінен жас парлап, сай-сүйегіңді сырқыратады. Ақыры, оны Жұлдыз ауылына апарып беруге тура келді. Ағамның «Жетім бота», «Бура», «Айпара» атты шығармаларды жазуға оның да әсері болмай қойған жоқ.
Әкем өле-өлгенше мал ұстады. Ағам кейде: «осы малдың азабы ауыр ғой, демалсаңызшы» дегенде, әкем: «мал өліге де, тіріге де керек. Ертең өле қалсам кімнен мал іздеп жүресіңдер» дейтін.
1984 жылы еді. Әкем бір күні үлкен қызы Шолпанға поштада істейтін Зарқұмар деген кісіні шақыртып алады. Ол – ағамның «Бес тиын» дейтін әңгімесіндегі бас кейіпкер ғой, ерекше адал адам еді. Сөйтіп әкем бар жиған ақшасын жинақ кассасынан алып шығып, Зарқұмарға екіге бөлгізеді. Содан кейін жартысын Шолпанға ұстатып, «мынау кемпірдікі, сендерге аманат. Ол қай күні дүниеден өтсе, сол кезде алып шығып іске жаратарсыңдар. Мына бөлігін өзімнің қазама жұмсаңдар» депті. Сөйтіп, Шолпан ол ақшаны қалай сақтайтынын білмей, ақыры банкілерге салып көміп тастапты. Кейін анам қайтыс болғанда алып шыққан.
Сол кездегі үлкен кісілердің осындай қасиетіне қайран қалмай тұра алмайсың. Әкемнің өнегелі істері өте көп еді. Ол ағамның шығармаларындағы кесек кісілік жайына арқау болғаны анық. Бір жолы біздің қораға ұры түсті, әкем із шалып оларды артынша-ақ ұстап алыпты. Ауылдың адамдары болған соң қатты ұялса керек, «ешкімге айтпаңызшы» деп әкеме жалыныпты. Әкем кешіріпті. Үйге келгенде шешем сұрамай ма, сонда әкем: «Ұрыларға уәде бердім. Әйел адамның аузы жеңіл болады, бір жерде болмаса бір жерде айтып қалсаң, ұрылардан ұят болады» деп айтпай қойды. Ағамның «Көк тайынша» әңгімесіндегі тайыншаны ұрлап сойып алған кісі де құдамыз еді. Әкем қамшысынан танып қойған ғой. Оны да «құдандалы адам, ұят болады» деп жұртқа жаймай, жылы жауып қойды.
– Жалпы, Оралхан Бөкей шығармаларының кейіпкерлері ауыл адамдары, мазмұны олардың бойындағы ерекше қасиеттер ғой...
– Иә, «Біздің жақта қыс ұзақ» повесінде әкесі мен шешесін прототип қылып алады, ондағы қойшылардың прототипі – Орынбай мен Күміс деген ерлі-зайыптылар. «Сайтан көпірдегі» Аспан шалдың прототипі көшкіннің астында қалып екі аяғынан айырылған Қадылбек Күндебаев деген кісі болды. «Бес тиындағы» Зәкең – жоғарыда айтылған Зарқұмар Оралтаев. «Тортай мінген ақбоз аттағы» Нұртай Жанболатов өзінің бала күнгі досы. Бала күндегі достары барлық шығармаларында дерлік бар десем де болады. Тракторист болып жүрген кездегі достары туралы «Қар қызы» драмасын жазды. «Іздегеніңді таптың ба?» әңгімесіндегі кейіпкер Мұхтар Тұқыметов деген кісі болатын. «Құлашаның шоты еді» әңгімесіндегі Құлаша ауылда дәруіш болып жүретін шал. «Атаукередегі» Нұрке кемпір де біздің ауылдың адамы. Оның өлер алдындағы әрекеті де өмірде болған оқиға. Көңіл айтуға барған ауыл адамдарына туыстары ол кісіні мұсылманша, иә басқаша қоярын білмей дағдарғаны бар... Сол кездің адамының пейілінен бе, ағам жазған кейіпкерлерінің әйтеуір бір қырынан кісіліктің керемет үлгісі көрініп тұратын. Әзілқой қуы да бар әрине. «Биғаң» дейтін әңгімесіндегі сәлемдемеге тұз алып жүретін Биғаң – Бимырза деген кісі болатын. Өзінің он баласы бар еді, бір жолы ағамды үйіне қонаққа шақырыпты. Барса, үйінде ешбір зат жоқ, шай тақтай, оның үстінде дастарқан ғана бар дейді. «Бұл қалай?» деп сұраса, «Түгім жоқ» дейді. Сөйтсе, Әсем деген бір қызы бар еді, ерекше сұлу, жақсы оқитын, соның оқуға түсуіне көмектес, беретін ештеңем жоқ дегені екен. Өзінше қулығы ғой жасап отырған. Ағам Әсемнің де, Зарқұмар мен Орынбайдың қыздарының да оқуға түсуіне көмектесті. Сөйтіп ағам кейіпкерлеріне жәрдемдесетін.
– Ауыл адамдарының ерекше іс-әрекетін, тапқыр сөздерін естісең жазып ал деп сізге де тапсырады екен?..
– Ағам ауылдағы жаңалықтарды алдын ала біліп келеді. Үйде телефон болса да маған «хат жаз» дейтін. Мен ауылдың бүкіл жаңалығын жазып жіберемін. Ауылға келгенде балаларды жинап алып өтірік әңгіме айтқызатын. Сыйлыққа ақша береді. Балалар бірінен бірі асырып небір әңгімелерді айтады. Ағам, «мыналарың ақсақты тыңдай, өтірікті шындай қылып соғады ғой» деп мәз болатын. Ағам ауылға келгенде үйге де қызық кіретін. Алыстан келген адам секілді емес, үйде жүрген кісі сияқты әрекет жасайды. Даладағы қозыны көтере «мына қозыны неге алмағансыңдар?» деп немесе екі-үш жұмыртқаны ала келіп, «мына жұмыртқалар балапан болуға айналыпты ғой» деп түрлі қызық жасайтын.
Біздің үйде ағамның қасында ең көп жүрген адам – мен. Ес біліп бірінші сыныпқа барғанша, ағам менімен бірге болды. Мені ойнатты, кішкентай кезімдегі барлық суреттерімді ағам түсірген екен. Содан институтта оқыдым, одан кейін сол үйде тұрып қызмет бастадым. Қызмет істеп жүргенімде Әймен апайым қайтыс болды. Ол кісінің қырқын беріп жатқанда әкеміз дүние салды. Сол кезде ағам екеуміздің алдымызда таңдау болды. «Ауылға не сен баруың керек, не мен баруым керек» деді. Содан кейін мен барайын деп шештім. Төрт жылдай ауылда шешемнің қасында болдым. Мектепте мұғалім болдым. Ауылға да, ауылдың тыныс-тіршілігіне де бейімделіп кеттім. Ағамның тапсырған тапсырмаларының бәрін орындаймын, «жазылу» арқылы кітаптар сатып алып жіберіп тұрдым. Содан кейін екі аюдың терісін илеп бер деді. Ағамның тапсырмасының арқасында аюдың терісін илеудің де қыр-сырын жақсы меңгеріп алдым. Сол кездерде ағаммен арадағы қатынасымыз одан әрі тіпті де жақындай түсті. Өзінің қиналған сәттерінде хат жазып жіберетін. Мені ауылда қалып қоймасын деп қатты алаңдады. Шешем қайтыс болғаннан кейін қалаға шақырды. Мен мектептегі балаларды қимаймын, ауылды қимаймын. Бір күні ауданның басшысы мені ағаң шақырып жатыр деп, ұшаққа отырғызып жіберді. Сонымен Алматыға келіп, Ұлттық кітапханаға қайтадан жұмысқа орналастым.
– Анаңыз қайтыс болғанда қасында болыпсыз.
– Иә, ол да бір ерекше жағдай. Алла өзі білдіреді екен ғой. Мені қасына шақырып алып, қалай жатқызатынымды, жүзін қалай қарататынымды, қалай жерлейтінімізді, кімге не бертінімізді бәрін айтты. Содан баяғыда төркінінен келген тайтұяқ күмісін алып шығып, өзін жуындыратын суға соны және арша салуды тапсырды. Және «мен таң алдында жүріп кетем, елді ерте дүрліктірмей, күн шығып 7-8 болған кезде айт» демесі бар ма. Бәрі айтқанындай болды. Таңғы сағат бесте жан үзді.
Шешеміз керемет адам еді. Әнді тамаша салатын. Бірде Рақия Қойшыбаева ауылға барғанда әнін тыңдап «әттең Күлия-ай, оқымай қалғаның-ай, нағыз әнші екенсің ғой» деп еді. «Әрия-ай деп салғаным жалған әнім, Жалғызымды сағынып салған әнім» деп үнемі ыңылдап ән салып жүреді. Өзінің бір ұстанымдары бар. Одан оңай қайта қоймайтын.
Бір әңгімесін айтайын. Ағам әкеміз Орал қаласында еңбек армиясында жүрген кезінде дүниеге келіпті. Әкесі Оралдан аман-есен оралсын деп ағамның атын «Оралхан» қойыпты. Кіндігін көрші Анна деген орыс әйел кескен екен. Оның күйеуі Гриша деген орыс ағаш шебері болды. Анам қауырт жұмыс кезінде ағамды сол үйге апарып тастайды екен. Бір күні уақытынан ерте барса Анна сүтке мак қосып бергелі жатыр екен. Ағам күнде соны ішіп алады екен де маңдайы тершіп балбырап ұйықтайды екен. Анам ойбай салып алып келіпті. Кейін ағам, кіндік шешемнің сонысы да дұрыс болған шығар деп күлетін.
Ағамның Айман жеңгеме үйленуі бір тарих. Айман Москвадан оқып келген қыз. Және бір ауыз қазақша білмейтін. Дегенмен ол өте текті, тәрбиелі адам еді. Ауылға келгенде үй ішінде жалаңаяқ, иә, жалаңбас жүрген емес. Анам кейде еркелейтін болуы керек, істеген тамағын ішпей қояды. Сол кезде дереу ол тамақты көршілерге берсе де, іске жаратып қайтадан тамақ жасайтын еді. Ағам екеуі керемет жарасым тапты. Шыны керек, ағам көп шығармасын сол Айман жеңгемізбен бірге тұрғанда жазды. Өйткені ол бәрін емеуріннен түсінетін, бабын жасайтын. Қиын тигені баланың жоқтығы еді. Ол тақырыпқа біз де, олар да бармайтын. Одан бала болмайтынын ағам да білді, өйткені Айман жеңгемнің әпкесі де солай болған екен. Кейін ағам Ардақ жеңгеме үйленгенде Шыңғыстайға алып бармақ болды. Бірақ анам «өзім босаға аттатқан Айманды келін деп білем» деді. Ағам айтатын «мұндай қаталдық та әркімнің қолынан келе бермейді» деп. Ағам әр кітабы шыққанда «сендерге сыйлаған балам осы» деп жазып қол қойып жіберетін. Айман жеңгем екеуінің махаббаты баладан да биік тұрды.
– Оралханның мінезі шешесіне тартқан ба?
– Оралханның арғы атасы Қаратай батыр болса, одан кейінгі соңғы атасы Дос би деген шешен кісі. Ал нағашысы Шығыс Қазақстаннан шыққан сыбызғышы Мұқамеди ата еді. Меніңше, оның бойында әкесінің де, шешесінің де қасиеттері бар. Ол өте мейірімді еді. Ата-ана, қарындастарын өте жақсы көрді. Мені тіпті ерекше жан тартты. Алайда сол жақындарының бәрінен ерте айырылып қатты қиналды. 1984 жылы аудандық ауруханада жатқан Мәншүк мәңгілікке аттанып, қабырғамызды қайыстырып кетті. Ол мықты әдебиетші болатын еді. Сол кездің өзінде Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтын Карл Маркс атындағы стипендиямен үздік бітіріп, аспирантурада оқып жүрген. Рәбиға Сыздық апамыз ғылыми жетекшісі болды. «Абай тілі мен Мұхтар тілінің стилдік ерекшеліктері» деген тақырыпта жазылған зерттеу жұмысы аяқталмай қалды. Сол Мәншүк дүниеден өткенде мәйітті Катонқарағайдан Шыңғыстайдағы үйге әкелгенше ағам тоқтаусыз жылады. Кәдімгідей жоқтап, дауыстап жылады. Одан кейін Ләззат, Шолпан да бақилық сапарға аттанды...
Ағамның басталып әрі қарай жазылмай қалған шығармасының бірі қытайдағы қазақтар туралы «Алданған ұрпақ» болса, ендігі бір қарттар үйі жайлы еді. Соңғы кезде сонда көп барып қарттармен әңгімелесіп жүрді. «Сөйтіп, отырып балаларына шаң жуытпайды, қандай ғажап адамдар» деп тамсанып отыратын. Осыдан оның көңілшектігін көруге болады. Жомарттығы жанда жоқ еді. Ол туралы талай оқиға бар. Таксиге еш уақытта ақша қайтартпайтын. Және ауылдың талай көмек сұрап келген адамдарына қол ұшын берді. Ол достарымен өте тату болды. Албаты ұрыс, төбелеске барған жоқ. Кейде көңілін қатты қалдыратын адамдар болады әрине. Бір жолы түнде келген ақын-жазушылардың ішінде біреуі «балаң жоқ, неңе жетпей барады құйсаңшы» дегендей сөз айтты. Ол сөз ағама қатты тиді. Қарап тұрды да бетіне шайды шашып кеп жіберді. Олар кеткен соң маған, «сен бақылап жүр, мынау баласынан опа таппайды» деді. Расында солай болды, кейін сол қаламгер қайтыс болғанда жалғыз ұлы топырақ салуға да келмеді...
– Жазушылықтан өзге кіндік атасы Гришадан үйренген ағашшылығы, гармон тартып, ән салатын өнері жайлы айтыңызшы.
– Ағам гармонды да жақсы тартты, әнді де тамаша айтты, бидің төресі вальсті де жақсы билейтін. Ол кісі әуелі, Алматыдағы консерваторияның актерлік бөліміне оқуға түскен. Ол уақыттағы түсінік тым бөлек қой. Жалғыз ұл болғандықтан, шешем көршінің қызы Бағилаға хат жазғызып: «Әртіс деген жынның оқуы, одан да үйге кеп трактор айда, үйге қайт», – депті. Содан ағам, ҚазГУ-дің журналистика факультетіне ауысты. Ағам не істесе де соңына дейін тыңғылықты жасайтын. Ағаш ұстасы Гриша ағайдың жанында жүріп, сол кісінің көмегімен үйге кітап сөресін, орындық, дөңгелек жер үстел жасап әкелді. Біз үшін барлық отбасы мүшелерін бір дастарқан басына біріктірген және ағамның қолтаңбасы қалған үстел ерекше қимас затымыз, қара шаңырақта сақталған құнды дүниеміз.
Ол өнер туралы көп жазды. Ағамның өмірі өнердің әр саласымен тығыз байланысты болды. Ағамның кейін «Құлыным менің», «Қар қызы», «Текетірес», «Мен сізден қорқамын» атты драмалық шығармалары Алматыдағы екі театрда кезегімен қойылды. Актер, режиссерлермен де дос болып кетті. Олар туралы да жазды. 1993 жылдың сәуір айы еді. Ағамның үйіне бардым. Ардақ жеңгем үйде жоқ екен. Ағам біртүрлі көңілсіздеу секілді. Мені жазу үстелінің қасына шақырып: «Мына очерктер мен эсселерімді жинақтап, іріктеп баспаға әзірлеп қойдым. «Өнерге өлердей-ақ ғашық едім» деп, екі бөлімге бөліп, біріншісін – «Неткен ғажап дүние», екіншісін – «Өнерім – өмірім» деген айдар қойып, әр бөлімге кіретін материалдарды бөліп қойдым. Енді тек «Менің пірім – Қаракөз», «Тау басында үшеу тұр» эсселерін қосу керек. Соны тауып қой», – деді. Бұл – маған берілген соңғы тапсырма екен...
– Қарындастың көзімен қарағанда, жазушы есімі өз деңгейінде лайықты аталып, шығармаларын насихаттау жүйелі жүріп жатыр ма?
– Ағамның іздеушісі – қалың оқырманы. Ол артпаса толастаған емес. Соған көзім анық жетті. Сонымен бірге ағама Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ықыласы ерекше болды. Ағамның 50 жылдығы тұсында Елбасы басқа бір шаруамен Шығысқа барыпты. Содан бастаушылар біздің ауылдан өтіп, Жамбыл деген ауылға тоқтап дастарқан басында отырғанда Елбасы «осы жақта Оралхан деген жазушының ауылы бар емес пе?» депті. «Бар, осыдан екі ауыл кейін қалды» депті жанындағылар. Сонда Елбасы «Ол өте талантты жазушы, Сара екеуміз де кітаптарын сүйіп оқыдық. 50 жылдығын дұрыстап өткізіңдер» депті. Осы әңгімені Уәлихан Қалижан ағамыз айтып беріп еді. Ағамның Елбасымен бірге сапарда болып жазған «Президенттің бір аптасы» деген мақаласы бар. Және Президенттің таққа отырғанына жүз күн толғанда ол кісінің портретін қарасөзбен салған сипаттамасы бар. Көркем шығармалардан бөлек елдік мәселелер жөнінде біраз дүние жазды.
«Президентке партия керек пе, жоқ па?», «Ошақтың бұты үшеу болғанмен жағар оты – біреу», «Халыққа қалқан болатындар бар, халықты қалқан қылатындар бар» деген мақалалары дер кезінде ортаға салынған ойлар еді. Оралхан шығармаларын қазіргі жастар да көп іздейді. Өткенде Мархабат Байғұт ағамыздың «Оралханның тамаша әңгімелері қазір кітап ретінде жастарға қолжетімсіз, олар ұмытып барады. Соны кітап етіп шығарса. Шындығында қазір де ондай жазып жүргендер санаулы» дегенін оқып қалдым бір жерден. Халық жақсы көреді, мықты шығарма өлмейді. Ағамның есімі – дүние жүзіне таныс. Шығармалары орыс, ағылшын, француз, неміс, жапон, араб, қытай, чех, болгар, мажар және көптеген туысқан түркі тілдес тілдерге аударылған әлемдік деңгейдегі жазушы. Ағамның тіреп тұрған іздеушісі жоқ. Мен анда-санда сұхбат бергеннен басқа не істей аламын? Бұдан бірнеше жылдың алдында Пен-клубтың басшысы Бигелді Ғабдуллинге «ағаң да сонда істеп еді ғой, шығармаларын аударудың бір ретін қарасаңшы» деген едім, сөзімді жерге тастамады.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мемлекеттік бағдарламасы аясында, жуықта ғана бірқатар қазақ классиктерінің кітаптары, соның ішінде Оралхан Бөкейдің кітабы да ағылшын тіліне тәржімаланып, Лондондағы кітап жәрмеңкесіне қойылды. Осылай Алтайдың тумасымен, Алаштың талантты ұлымен, қазақтың қаламгерімен әлем оқырмандары тағы да тілдесті. Оралхан Бөкейдің 70 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде ұйымдастырған Бердібек Сапарбаевқа, 7 томдық шығармалар жинағын шығаруға мұрындық болған Мұхтар Құл-Мұхаммед секілді басқа да жанашыр азаматтарға алғысым шексіз, жақсылықтары Алладан қайтсын. Ендігі арманым – Оралхан шығармаларының толық жинағын бір шығарсам деймін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,