Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғы...
Абылай Мауданов. Қош, Қоныс аға!
Жаназа, жиын аяқталды. «Әй-әй ақынмен» қоштасып, қайтадан Қостанайға қайттым.
Жолда келе жатырмын. «Жол үстінде көңілге мұң кіреді»...
Көңілде жатталған, көптен айтылмаған өлең жолдары, еріксіз тіліме оралды...
...Кез келгенде жанарың лайланар,
Байлық, дәулет, бәрі де былай қалар.
Азғана күн татқан дәм көрген қызық,
Бір-ақ сәтте басыңнан шыр айналар.
Қолдан келсе дұшпанға таба болма,
Кірпігін де қаға алмай қалады ол да.
Сапар шеккен бәріміз жолаушымыз,
Ғұмыр атты осынау қара жолда.
Жол үстінде адамға ой кіреді,
Бәрі өмірін саралап үлгереді.
Ала таяқ көтеріп ажал шіркін,
Тоқтатарын қай жерден кім біледі?!...
Бұл асабалар тойда жатқа айтып жүрген Қоныс ағамның өлеңі еді ғой. Талай рет өзіміз де оқыдық, бірақ жүрекке бұлай ауыр тимепті...
Ал, аяулы ағаның алдынан ажал ала таяғын көтеріп, жанына жақындап қалғанын сезгенде... ақиқатқа қылар не шара бар дегеннен басқа ауызға сөз түспеген еді...
Тағдыр Қоныс ағамен бірнеше рет сапарлас, сырлас болуды маңдайымызға жазыпты. Адамды танығың келсе сапарға шық дейді ғой. Жанында жүріп естіген, көрген, білген, түйгенімді қағазға түсіргенді жөн санадым.
2003 жылы Көлқамыста жүрген едім. «Сенің үйіңе Қонысбай Әбіл кеп жатыр», – деген хабар жетті. Күнделігіме жасырып күнара «өлең» жазып, желпініп жүрген шағым, көргенше асығып ауылға жетіп бардым. Қаумалаған қонақтар арасында екен. Қолым жетпеді. Тек есік сыртынан сөзіне құлақ түрумен шектелдім. Келесі күні құдайы беріп, құран оқытты. Ас бітіп, кісі аяғы тараған шақ еді. Менің өлең жазатынымды білмейтін әке-шешем «Ағаңның мазасын алма, демалсын» деп сыртқа шығарып жіберді. Іштей қынжылып, қораның көлеңкесінде отыр едім.
«Сүйінші, Қоныс келді, Қоныс келді», – деп ауыл әкімі Отар ағайдың жұбайы Алмагүл жүгіріп келе жатыр. «Қоныс келдісі қалай, Қоныс аға үйде жатыр ғой», – деп ойладым мен түсініңкіремей. Сөйтсем, Торғайдың перзентханасында жатқан жеңгем ұл туыпты. Әкемнің оған дейінгі немерелері кілең қыз бала болғасын ба, бір жағы атақты жиені кеп жатқанда туғасын да әйдік қуанып, соңы ұлан-асыр тойға ұласты. Балаға бірден Қоныскелді деп ат қойылды. Бұл маған Қоныс ағамның шапағатымен болған құбылыстай сезіліп, құрметім арта түскен еді.
Келер жылы Қоныс аға елу жасын тойлағанда «Арқалық хабарында» тілші едім. Рәзия апай рұхсат етіп, іссапармен ілестім. Көкалатта біздің үйге түсті, кеші клубта өтті.
Сол жиында атының неліктен Қонысбай қойылғанын айтып өткен-тін. Атасы Әбіл немерелері шетінеп кете бергесін, ырымдап балықтың атын қояды. Айтқандай, Ақторта мен Ақшабақ есімін алған немерелері аман қалып, «енді ұл туса атын Шорағай қоямын» дейді екен. Мұны естіген Қоныс ағаның анасы «Шынымен Шорағай деп қойса не істеймін?», – деп уайымдап жүріпті. Алайда, ай-күні жақындағанда Әбіл қарт дүниеден өтеді. Толғақ жақындағанда «өлік шыққан үйде нәресте өмірге келмесін» деп, он шақты жігіт киіз үйді тік көтеріп, қырық қадам жерге апарып қояды. Жаңа қоныста шыр еткен сәбиге Қонысбай деп ат береді.
Әз аға сіз жүрген жер базар еді,
Әрқашан құрметтеген қазақ елі.
Шорағай деп есімін қоймақ болған,
Ырымы бабалардың ғажап еді.
Шорағай болсаңыз да жарасар еді,
Өйткені, нағашыңыз Сазан еді, – деп әзілдеп өлең арнап едім сол жолы. Олай дегенім атам Мауданның Қалыш деген апасын Әбіл алған екен. Әбілден Іскендір, Іскендірден Қоныс.
Ол Қоныс ағаның қайраулы қылыштай қылпып тұрған шағы еді. Төрт күн бірге жүріп, әзілдерін тыңдап, әңгімесіне қанып, мақала жаздым. Сол жолы Көкалаттан бөлек, Торғай, Арқалықта кездесулері өтті. Ағаның жүздесулерде айтқан сөздері жадымда жатталып қалыпты.
«Қызбелде жүргенде әкем гармон сатып әкеп берді. Әлгіні үйрететін ешкім жоқ. Әурелеп жүріп «бас білдірдім. Сөйтсем теріс ұстап үйреніппін. Содан не керек, аудандық слетқа баратын болдым. Біздің мектептің басты сүйемелдеушісі – менмін. Торғайға барып басқа мектептердің концертін қараймын. Сахнаға шыққан бір гармоншы «теріс қарап» тартып отыр. Мұны көріп мәз боп, мазақтап күлейін. Бірақ келесі мектептің гармоншысы да «теріс» ұстапты. Жүрегім зырқ ете қалды. Не болса көрейін деп үшінші музыкантты күттім. Ол да «теріс» ұстапты. Сөйтсем, теріс тартқан мен екенмін», – деп өзіне тән күлкісіне жұртты ертіп, тыңдарманын ду еткізер еді. (Бұл оқиға кейін «Обалдағы-ай» дейтін сатирасына азық болған сияқты).
Гармонды теріс тартатыны рас екен. Онысы пайдаға жараған кезі де бопты. Оны Серікбай ағадан естідім. Оқиға былай болса керек.
Бірде Қоныс аға пойызда бара жатыпты. Жолда гармон ұстаған бір топ орыс мінеді. Дарылдатып келеді дейді. Түлен түртті ме, бір уақытта олар қасындағыларға бұрылып: «қазақтар гармон тарта ала ма?», – деп сынай сұрапты. Сонда Қонысбай ақын: «гармон тартқанда тұрған не бар. Тартқанда қазақ тартсын. Керек десең теріс ұстап та тарта береміз», – дейді. Олар сенбей, бәстесу басталады. Соны күткен ақын гармонды теріс ұстап тартып, бірнеше ән орындап таңғалдырып, әлгілердің аузына құм құйған екен.
Ағаның алпыс жылдығында Қостанай-Торғай-Арқалық сапарында бірге болдым. Серігі – Көпен Әмірбек. Көпен ағамен жақыранық танысуым да осы жолы еді. Бұл жолы да ақын халықтың алақанында жүрді.
Алайда Қоныс ағаның жақын тартып сырласып, жүрек түкпіріндегі мұңын айтқаны 2011 жылдың шілдесі еді. Сол жылы Албарбөгет орта мектебінің алғашқы түлектерінің 40 жылдығы болды. Ол кешті Сапар ағаның өтінішімен мен жүргіздім. Келесі күні Қонысбай ағамен кездесу тізгінін ұстау да маған жүктелді. Ағам көпшіліктен алыстай қалса мені шақырып, балалық шағы, ата-анасы жайлы әңгімелерін айта бастайды.
– Әке-шешем он бір бала өмірге әкепті. Көбі жастай шетінеді. Тірі қалғандары шетінен өнерлі едік. Үйге кім келеді, ән айтып береміз. Көршілер «Іскендірдің үйіне барсақ концерт көргендей боламыз» дейді екен, – деп кезекті әңгімесін күліп бастаған Қоныс аға кенет мұңайып кетті.
– Серіктен кейін бір інім болды. Балпанақтай боп өсіп қалған кезі. Қымыз ішуге бір кісі келді. Әлгі шал ініме тамсана берді. Ойымызда ештеңе жоқ. Жаңағы кісі кеткен соң бала шалқасынан құлап, шырқырап жылай бастады. Арқасы көгеріп кетіпті. Анам мені «әлгі атаңа айтшы. Көзі тиген сияқты, кеп түкіріп берсінші» деп жұмсады. Жетіп барып жалындым. Қырсық шал сөзімді елемей қойды. Медицина дамымаған кез, жанұшырып білген емін жасағанмен пайдасы тимеді. Екі сағаттан соң шарылдап жатып анамның құшағында көз жұмды. Сұмдық қасіретті көрініс.. есіме түссе әлі күнге аза бойым қаза болады, – деп еді оңаша қалғанда. Егер өз көзіммен көрмесем Қоныс аға бүйтіп жабығады деп ойламас едім.
Кейін:
Сәби күннен сіңіп қалған санама
Кетпейді үрей жыл түссе де араға.
Шешем байғұс шырылдайтын әкеме:
Желпілдетпе!
Көз тиеді балаға...
Күдігіме уайымды әкеп қосумен,
Қай жақтан оқ атыларын тосумен.
Сахнаға шыққан сайын қорқушы ем,
«Ақырғы рет емес пе», – деп шошумен..., – деп басталатын өлеңін оқып, көрерменді күлкіге бөріктіріп, жасындай ойнап, жайраң қаққан ақынның сахна сыртындағы уайымын сезінгендей боп едім. Әр айтыстан кейін қалыптасқан дәстүрдей ауырып қалам дейтін Қоныс аға:
«Көзімді жұмсам аранын ашып от-көмей,
Шошынар жүрек, қалғуға қайта беттемей.
Жаспын ғой әлі, жалыңа келіп жармасам,
Тұлпар-дәуренім,
Аударып бір күн кетпегей», – деп үреймен күн кешкен екен ғой.
Сосын да:
Тербетіліп үстінде жыр кеменің,
Деме: «аулақ салды ғой іргелерін»
Сен көрмеген қызықты мен көрейін,
Әке,
Енді түсіме кірме менің» деп тағдырына араша сұрапты ғұмыры ерте сөнерін сезгендей.
Кешегі жаназа намазында жан досы Ұлықбек ағаның «Қонысбайдың өнерге келуіне анасынан ерте айрылған трагедиясы әсер еткен болуы керек» дегені бекер емес. Ата-анасынан ерте айрылған ақын, қанша биікке жетсе де балалық аңсарын, сағынышын жеңе алмапты. Жүрек түбіндегі мұң жас қосылған сайын ұлғая бергені-ау, сірә.
– «Бір уайымға бір уайым қосып, Алла-ай,
Күн кештік қой көрген жан шошынардай.
Апат болған кеменің тақтайындай
Жайрап жаттық бір жерге қосыла алмай», – деп өлеңінде өзі айтқандай, жастай қалған бауырларын жұбайы Мүнира апам екеуі «Бөлтірігіндей бөрінің, тістелеп жүріп жеткізді». Сөйтіп жеткізген жақынынан айрылу оңай оңай ма?!
«Құдай ғұмыр берсе анам жайлы повест, сосын «Өгей шеше» деген жалғасын жазсам деймін, – деп еді Шәкіртамда тұрып сыбырлағандай қылып. Бұл ағаны ауылда соңғы рет көруім еді. Одан кейін денсаулығы сыр берді, тағдырдың соққысы үсті-үстінен тиді, қалам ұстауға мұршасы болмағаны анық.
Дегенмен жастық шағы жетімдік, қиындықпен басталған намысты жігіт тез қатарға қосылды.
«Таланыма жолықты да жар ізгі,
Мойныма алдым мен әкелік парызды.
Інілерім балаларым секілді,
Апаларым қарындасым тәрізді.
Сырларымды келмесе де көп тізгім,
Талай-талай сынды бастан өткіздім.
Бөлтірігін сүйрелеген қасқырдай,
Желкесінен тістеп жүріп жеткіздім.
Қызығын да көп қумадым жас күннің,
Өр кеудемді келмей жатқа бастырғым.
Жетім қозы секілденіп тастауыр,
Маңдайым да тауға ұрдым, тасқа ұрдым, – деп қиналғанымен тәубесінен де жаңылмайды.
«Орындалып міндеттерім алғашқы,
Бауырларым балаларға жалғасты.
«Иығымнан түсті-ау жүгім», – дегенде,
Немерелер етегіме жармасты.
Достарымды жинап алып ой-қырдан,
Кездерім бар басын қосып той қылған.
Бәрі жақсы-ау, қара өгіздің қамыты
Өмір бойы түспей қойды-ау мойнымнан», – дейді. Тұрмыс қамытын мойнына ерте ілген ақын, елдің де жүгін өрге сүйреді. Парызын адал атқарып, тиесілі жүгін жеріне жеткізіп кетті деп білемін. Айтыстың туын жыққан жоқ. Өз трагедиясын жауып қойып, оқығанның ішек-сілесін қатыратын сатираларын бірінен соң бірін тудырды. Интермедиялары ауыл клубынан бастап, «Тамашаның» сахнасынан орындалды. Айтыскерлігі көп жағдайда Қонысбай Әбілдің сатирик, прозашы, композиторлық қырын көзден таса қылып тұратындай. Ал, сазгерлігі сонау 15 жасында-ақ мойындатқан. Шөп шауып жүріп шығарған «Бала махаббаты» әні әлі күнге ел жүрегінде. Сөзін Тұрғали Жетесов есімді бала жазған мәтіннің «көз ілмей түн қатқан, жаным деп үн қатқан, аялап баласын, мәпелеп өсірген, мың алғыс анашым» деп келетін қайырмасын Қоныс ағаның өзі қосқанын біреу білсе біреу білмес.
Бірде қызы Ақмаралға апайы «Қуыршақ» деген әнді жаттап келуге тапсырма береді. Бастауыш сыныпта оқитын Ақмарал кітаптан сөзін көрсетіп, енді осының әнін үйрет деп қиғылық салады. Ал, Қоныс аға нота танымайды. Содан суырып салып «Қуыршақ» деп ән шығарады. Кейін сол ән бұрынғы әнінен де танымал боп кетіп, кеңінен тарап кетеді.
Ән дегеннен шығады... Ән жайлы тағы бір естіген әңгімемді айта кетейін...
«9 сыныпта күзде бізді малшыларға көмектесуге жіберді. Сонда құстардың қайтып бара жатқан сәтін көріп, досым Марат Нұрқалиев өлең жазды. Оған мен ән шығардым. Кейін сонымыз бәле болып, мұғалімдер «мынау тегін ән емес. Сендер біреуге ғашық болғансыңдар. Ән махаббаттан ғана туады» деп жала жауып, мектептен шығарамыз деп қорқытқан. Ал ол шын мәнінде құстарға арналып еді», – деп күлдірген еді Інжайдың жағасында суға түсіп тұрып.
«Күндер шаттығын, ұрлап барады,
Туған жер сені, жырлап барады», – деп келетін қайырмасы бар әнді Торғай сахнасында естіп едім. Маған керемет әсер еткен-тін.
Ал, өмірлік жан-жары Мүнира апама шығарған «Жар бақыты» атты әні орындаушының бағын ашар мықты туынды деп білемін.
Бөліскен мына өмірдің бар қызығын,
Сен барда қажеті не хан қызының.
Анамнай әлдилейсің, аялайсың,
Тілеуін тілеп өткен жалғызының, – деп жүрек сырын әнге қосқан аға жан-жарымен өте тату жұп болып, сыйластықта 49 жыл ғұмыр кешіпті.
Ағаның Мүнира апамды сыйлауы ерекше еді. Тіпті айтыстың өзінде де шаң жұқтырмаған екен ғой. Әдетте ақындар көрерменнің көңілін көтеру үшін айта береді ғой.
Мысалы, «тағы да бір қыз берем» деген Абаш балдызына:
Абашжан, бұл айтқаның айлаң болсын,
Дейсің бе біздің үйде майдан болсын.
Тағы да қыз берем деп қызықтырма,
Апаңдай қыздай алған қайдан болсын, – деуі, немесе:
Әңгіме болып жатса қыздар жайлы,
Кейбіреу үйіме де звондайды,
Халықтың адамы ғой ақындар деп,
Әйелім бір грамм да қызғанбайды, – деп қылау түсірмей қорғауы соған дәлел емес пе?!
Қоныс ағаның балаларын жақсы көруі ерекше еді.Әсіресе, Нұрқан десе отқа түсуге бар-тын.
– Ақмарал бірінші сыныпқа баратын жылы, – деді бірде, – осы қызын әкесі мектепке арқалап апарады» деп айта бердім. Қырсық қылғанда сабақ жақындағанда аяғын сындырып алып, бірінші қоңырауға арқалап апардым. Періштенің құлағы бірде ашық, бірде жабық, әр сөзіңе абай болу керек..
Әлемді сүйген, сәбиді сүйген «14 жасар «сәбидің» сөзі» сынды туынды жазуы заңдылық қой. Шын жасы 14-ке келсе де түрі үш жасар сәбиге ұқсайтын баланың аузымен:
«Табиғаттың қабағын аулар халық,
Жарылыстан шөккендей таулар да алып.
Сынаймыз деп өзіміз жапа шектік
Қару ғой бұл жасалған жауға арналып.
Мейлі, мен-ақ қатардан кем болайын,
Деп тұрған жоқ бәрібір ем қонайын.
Ақылға кел, ағалар, атомыңның,
Құрбандығы ең соңғы мен болайын», – деп әлемге, үлкен саясатқа ақындық тілегін жеткізді. Жүректі шымырлататын бұл зарлы ән бала күнімізде жиі орындалатын.
Айтыскер, сатирик, қоғам қайраткері Қонысбайды түгел біледі. Мен жастайынан қиындық көріп жетілген, аяулы әке, асыл жар, бала Қонысбай туралы айтуға тырыстым. Ол бес сыныптан-ақ қалам ұстап, қатарға кірген тұлға еді. Сол кезден-ақ сөзімен елді санастыра білген.
Жаназа аста сөйлеген Кәрімжан Бекболатов әкеміздің сөзі айғақ болсын:
«...Қызыләскерде директор кезім. Бір күні алдыма 13-14 жасар бала келді. Көзінде оты бар екен. Осылай да осылай, мен Іскендірдің ұлымын. Маған көлік беріңіз, мен Шилі совхозына барып қайтуым керек. «Не үшін?» деп сұрасам, Ахметхан Әбіқаев ақсақалға сәлем беріп, Күланда апамның әнін тыңдасам деймін. Сол мектептің талантты оқушыларымен танысуым керек», – дейді. Қаршадай баланың атақты аға-апалардың атын біліп тұрғанына, талабына риза болып, көлік тауып беріп едім. Қоныстың ел танитын есті азамат болары бала күнінен-ақ білінген-тұғын»...
Өмірден ерте өткен композитор Зәкәриямен танысып, достасуы сол сапарда шығар-ау деп ойладым. Тұлпар болар құлын бесігінде бұлқынады дегенді осы да.
«Қолыма домбыра алып, дүбір іздеп,
атандым үш жаста Нұрхан ақын», – деген ұстазымен бір ұқсастығы бала күнінен жұрт көзіне ілігуінде екен ғой. Нұрхан ақынға тағдыр бес-он жыл ұзақ ғұмыр бергенде дейсің болмасты қиялдап... Онда Қоныс ақын «қапыда қалдым өзіңнен қолымды жайып бата алмай» деп қамығып:
«Жаным аға жырыңды, жаттап өстім бесіктен,
Дидарласа алмадым жолаушыдай кешіккен..
Жыр үйінің төрінде Нұрхан бар деп есіткем,
Дидарласа алмадым, жолаушыдай кешіккен», – өкінбес пе еді, бәлкім.
Бірақ, өкінішсіз пенде бар ма?! Осы жолдарды жазып отырып, мен де өкіндім.
2019 жылдың қарашасынан бері Қоныс ағаммен хабарласпаған екенмін. Күнара сөйлесіп отырған әке-шешем: «Қоныс ағаң хәл үстінде дейді. Мүнира апаң хабарласты. Абылай неге хабарласпай кетті. Ағасы үнемі сұраушы еді» деп жатыр деді. «Шынымен неге хабарладым?» деп өзімді жазғырдым.
3 желтоқсан күні белгіленген іс-шарам бар еді. Соны аяқтасымен жолға шығам, барайын, бақұлдасайын деп шештім. Бірақ, тағдыр оған жеткізбеді. 4 желтоқсан күні топырақ салдық.
Қадірін білетін азаматтар қазаны бөлісіп, мемлекет басшысы көңіл айтып, Астана әкімдігі жерлеу рәсімін жоғары деңгейде ұйымдастырды.
Қоныс аға өлген жоқ. Оның артында даңғыл жол қалды. Әуезді әндері, қағытпа қалжыңдары ел аузында, сүбелі сатирасы сарқылмас мұра. Бір шоғыр шәкіртінің ізіне жүздеп еріп, салған соқпағы даңғылға айналды. Айбектей шәкірті бар ақынның арманы да жоқ шығар. Өмір бойы Торғайдың топжарғаны Нұрханды ұстаз тұтқан ақынның артында шаңырағын ұстап Нұрханы қалды.
Қалғып кетсем...
(Беті аулақта десек те).
Жатқызбай-ақ жатып мәңгі төсекке,
Мақтар еді-ау бір-бірінен асырып,
Кеше ғана таңған жандар өсекке, – депті ақын бір жазған өлеңінде.
Өмір ғой, Сіз туралы айтылған сыпсыңдардыі талай естідім. Бірақ мен оған ешқашан сенген емеспін. Өйткені Сізді білуші едім, аға!
Өмір деп өлшеп пішіп жүргеніміз,
Көкалат Шәкір тамның арасы екен, – деп өлең жазып едіңіз 2011 жылы. Көкалаттан басталған сапар аяқталған жоқ... Тек халқыңыз тәніңізді қара жер қойнына тапсырды. Айбек ағамның сөзімен айтсақ: «...Азаматын құрметтеп, жаңа мешітте жаназа намазын Мүфтиге шығартып, пантеонға арулап қойды. Қоныс ағам тірісінде сыйласып өткен Әбіш, Орал ағаларының, Фариза апасының жанына барып жатты».
Мәңгілік мекеніңіз жұмақтан болғай, аға!