Хуэйинь ұйқысынан шошып оянды. Жасанды талшықтан жасалған жұмсақ көрпесін ысырып тастап, терезе алды...
Абзал Бөкен: Өңкей дарынсыздар бәйге бермей жүр...
«Қазір әдеби конкурстардың біреуінде шындық жоқ»
– Байқаймыз, бұрындары ақын-жазушылардың мәртебесі биік болды. Бұқара төбесіне көтеретін. Қазір қалам ұстаған қауымның сол беделі түскен. Неліктен?
– Ең алдымен қоғамның, идеологияның өзгеруіне байланысты. Кеңес кезінде үнемі көтермелеу, қолдау болатын. Ақын-жазушы болсын, журналист, публицист болсын коммунистік идеяны насихаттауға жұмылдыратын сол арқылы. Шығармашылық жұмыс жасау үшін жағдай жасалады. Мысалы, Жазушылар одағының мүшесіне отбасылық жағдайына байланысты үш бөлмелі үй берсе, жазу бөлмесі есебінде төртінші бөлмесін қоса беретін. Нарықтық экономика рухани құндылықтарды ысырып, материалдық игілікті алға шығарды. Елдің қазір ойлайтыны – тек ақша, дүние. Қалтасы қалың болмаса, басы алтын болғанымен, бағасы жоқ. Көк қағазы көптер көш алдында. Мемлекет тарапынан шығармашылық ортаға жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей отыр. Қаражат, ынталандыру болмаған жерде ілгері басу қиын. Сол себепті де ақын-жазушыларымыздың беделі айтарлықтай төмендеді. Журналистердің де беделі қашқан. Бұрындары бір журналист әлдебір мәселені сынап көрсетсе, жауапты органдар сол мақала бойынша жазылған жайттың жай-жапсарын тексеретін. Қазір сіз қанша жазсаңыз да, көңіл аударып, қорытынды жасап жатқан адам жоқ.
– Мемлекет жеткілікті деңгейде көңіл бөлмеді делік, ал осы ақын-жазушылар қаншалықты деңгейде ұлттың, қоғамның, қазақтың мүддесін қорғап жүр? Өзінің функциясын тиісті деңгейде атқарып жүр ме? Әдеби ортаның қуаттылығы қоғамдық-саяси өзгерістерге ықпал етуінде ме, жоқ, әлде туындының шоқтығы биік болуымен өлшене ме?
– Бір жақты жауап беруге болмайды. Халіне қарай қарекет етеді ғой. Ортаның қуаттылығы қоғамдық-саяси процестерге ықпал етуімен өлшенбесе керек. Ықпал еткен күннің өзінде көзге көрінбеуі мүмкін. Дүниеге келген әдеби туындылардың көркемдік сапасы жоғары болуы шарт алдымен. Десек те, Жазушылар одағындағы 770 қаламгердің бәрі бірдей ел үшін жанын беріп жұмыс жасап жүрген жоқ. Орталарында шын мәнісінде ұлттың қамы үшін өзін құрбандыққа бере алатын, ел мүддесінің жолында жұмыс жасап жатқандары санаулы. Бар болса, 10-15 адамнан аспайды. Қалғандары аш құлақтан тыныш құлақ деп, қалқан болар тұлғалардың тасасында жүргендер. Басым бөлігі бұғып отыр. Жеке басының тыныштығын артық көреді.
– Осы өзіңіз ұстаған қаламның, ақындығыңыздың арқасында материалдық жағдайыңызды жақсартып ала алдыңыз ба?
– Кеңес үкіметінің кезінде кітабы шыққандарға қаламақыны жақсы төлейтін. Бірқатар марқасқаларымыз қалыңдығы пышақтың жүзіндей кітаптарымен-ақ материалдық жағдайын жақсартып алған-ды. Мәселен, жас ақын атанып жүргенімізде, блокноттың көлеміндей ғана кітабымыз үшін бес мың сом алдық. Оған бір «Жигули» көлігін сатып алуға болатын еді. Ал қазір өзімнің шыққан кітаптарымның қаламақысына күн көріп жатқаным жоқ. 2009 жылы шыққан «Төр» атты жинағыма жүз мың теңге алдым. Күні бүгін мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітапқа ғана бір 80-100 мың теңге береді. Бұл ешкімге жұғым болып жарытпайды. Жазушылар одағының соңғы съезінде «Қаламақы мәселесі шешіледі»- деп еді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Әйтсе де, соның өзі бір-екі жылда шешілуі беймәлім. Мемлекеттік тапсырысқа ілігудің өзі оңай емес. Сенің талантыңды басшылық танып бағалауы керек, не танысың болуы керек. Сондағы кітабыңның өзі бар-жоғы екі мың данамен жарыққа шығады. Қазақтанның екі мың кітапханасына жете ме, жетпей ме? Халықтың қолына тіптен түспейді. Өйткені тираж аз. Кезінде жас ақындардың алғашқы кітабы жеті мың данамен шығатын.
«Біз таланттарды шығару дегеннен қалдық»
– Бәлкім, жарыққа шыққан туындыны насихаттайтын әдеби агенттер керек шығар...
– Әдеби агенттер керек, бірақ біз оған әзір дайын емеспіз. Жазушылар, суретшілер одағының жұмысын насихаттайтын агенттіктерді құру түгілі, өзіміздің қарпайым экономикамызды нарықтық қатынасқа орнықтыра алған жоқпыз. Сондықтан бұл шаруа жақын онжылдықта қолға алынады дегенге күмәндімін.
– Жаппай 42 қаламгер «Алаш» сыйлығын алғанда, арасында сіз де бар едіңіз. Бармақ басты, көз қыстылық турасында бірқыдыру әңгіме өрбіді. Осы жайдың ақиқаты қандай?
– О баста аты дардай, айтулы сыйлық болатын тағайындалғанда. Тағынан түсірдік тағы. Қырық адамның, кем дегенде, тең жартысы таныс-тамырмен алып отыр. Оған күмән жоқ. Солардың ішінде мықтағанда лайықтысы он-он бес адам ғана. Оның өзі көп. Халықаралық сыйлыққа үміткерлерді әбден електен өткізіп, озып шыққан төрт бесеуіне ғана беру қажет. Біз таланттарды шығару дегеннен қалдық. Өңкей, дарынсыздардың бәйге бермей жүрген жайы бар.
– Сөзіңізге орай сауал болсын. Қоғамның қаймағы саналатын қаламгерлердің осындай бассыздыққа жол беруі ісі сөзіне қайшы келіп, «беті жылтырағанмен» бірдей ғой. Өзіңіз күні бүгінге дейін әлдебір бір істі парамен, таныспен шешкен кезіңіз болды ма?
– Өз басым тамыр-таныстықпен шаруамды шешкен емеспін. 80 жылдары аудандық газетте қызмет істеп жүргенде алғашқы кітабым жарық көрді. Ертерек танылайын, кітабымды шығарайын деп те жанталасқаным жоқ. Тек ара-тұра Алматыдағы бірер басылымдарға өлең жіберіп тұратынмын. Аракідік жарияланған сол өлеңдерімнен фамилиям біршама елге таныс болып қалса керек. «Жалын» баспасы екінші қолжазбамды алып барғанда жұмысқа шақырды. Ол кезде кім болсын таланттыларды қолдайтын, көтеретін. «Халтурщиктердің» қалай болсын бір амалын тауып шығатыны рас. Ал, таланттылар именшектеніп жүре береді. Соны білетін жауапты ұйымдар сүзгіден өткізіп, таңдаулыларды іріктейтін-ді. Қазір оның бірі қалмаған, әдебиет сыншысын, театр сыншысын зорға табасыз. Електің жоқтығынан, әркім білгенін жасауда.
– Ақындық мүшәйрамен өлшене ме?
– Мүшәйраның бастапқыда бағасы биік болған-ды. Не болсын алғашқыда таза болады. Келе-келе, жершілдік, рушылдық, таныстық қосылады. Қазір мүшәйрамен өлшеу мүмкін емес. Әділдік жоқ. Бәйге алар жүйрік жолда қалып, ортанқолдар озып жатыр. «Өзіміздікі ала берсін, өзгесі кейін алар жүлдені» деген ой оңдырмай тұр. Бұрындары «Жалынның» жабық конкурсы болатын, беделді еді. Шығармалар бүркеншік есіммен жолданып, бұра тарту болмайтын. Құпиялылығы сақталатын. Сол дода Оралхан Бөкей, Тынымбай Нұрмағамбетов, Жарасқан Әбдірашов сынды небір мықтыларға баспалдақ болды. Ондай конкурстар қазір де бар. Бірақ тағы таза емес. Жүз автор шығармасын жолдаса, соның кемінде он бесі қазылар алқасындағы танысына «Бәлен деген бүркеншік есіммен жібердім, көмектесерсің», – деп қоңырау соғады. Оған берілетін жүлде саны көп болса он. Сонда не болды? Тіпті, тең жарымын конвертін ашпай-ақ тастай салады. Шындық жоқ.
«Дәл қазір латынға көшуді құп көрмеймін»
– Алда-жалда латын қарпіне көше қалсақ, өзімнің шығармаларым аударылмай қалады-ау деген қорқынышыңыз бар ма?
– Бар. Менің бір басым ғана емес, жалпы бұл мәселенің қорқынышы зор. Жепіс жыл бойы кириллицамен қалыпқа түскен туындыларды, қаншама жыл, қанша ғасыр бойғы рухани дүниелерді жоғалтамыз. Біз мұрағатты ашып, тарихты түгелдей зерттеп те үлгерген жоқпыз. Небір құнды шығармаларды латынға аудару – қыруар қаржы. Мемлекеттің бәленбай жылдық бюджеті кетеді. Ендігі, мектепке барар бүлдіршіндер латынмен оқыған соң, кириллицамен жазылған дүниелерді оқи алмай қалады. Яғни, рухани тоқырау белең алмақ. Маған салса, дәл қазір латынға көшуді құп көрмеймін. Оның уақыты әлі жеткен жоқ. Егер біздің ана тіліміз жалпыхалықтық қолданыста болса көшуге болар еді. Бүгінгі күні басшы біткеннің басым бөлігі қазақ тіліне шорқақ. Ана тілінде тіл сындырмаған қара қазақ қаншама? Өзіміздің қазаққа төл тілін үйрете алмай отырғанда, басқаға не сорым? Басқаларға мемлекеттік тілді үйретеміз деп жүргенде, кириллицамен жылап көрісеміз мына түрімізбен. Егер, мемлекеттік тіліміз халықтың тоқсан пайызына түсінікті болғанда ғана латын қарпіне көшуге әбден болады.
– «Ақтоғай» гимнінің шығу тарихын айтып берсеңіз...
– «Ақтоғай» әнінің ел аузында жүргеніне де қырық жыл болды. Ол кезде мен совхозда тұрамын. Жиырмалардағы жігіт шағым. Ол кезде ауданымызда рухани ошақ саналатын халық театрының, «Тоқырауын толқыны» ансамблінің дүрілдеп тұрған шақтары. Аудандық мәдениеттің басы-қасында жүрген азамат, әуесқой композитор Дәртай Садуақасов «Тоқырауын толқындары» атты ән жазып, оған мәтін жазар ақын іздеген екен. Өңірде үлкен, кішісі бар бірсыпыра ақындар бар-ды. Аудандық газетте аракідік шығатын өлеңдерімді оқып, таңдауы маған түссе керек. Жеке шаруаларыммен жол түсіп ауданға келдім бірде. Бар жұмысымды бітіріп, автобусқа мінгелі тұрғанымда тоқтатты. Бір-бірімізді сыртымыздан білетініміз болмаса, аралас-құраласымыз жоқ-ты. Менде әнге мәтін жазып атақ алайын деген ой да жоқ. Тезірек ауылға жетіп тірлігімді бітірсем деп тұрған адаммын. Ақыры не керек, мәдениет үйіндегі өзінің кабинетіне әкеліп отырғызып қойды да, алдыма су қойып, қағаз, қалам ұстатып «Осы мәтінді жазбай шықпайсың» деп шықты да кетті. Енді қайтем? Мына кісіден құтылу керек. Бір сағаттың мұғдарында сыдыртып жазып бердім. Музыкасын тыңдатып, жобасын өзі көрсеткен. Әнге мәтін жазғанда сазды шығуы үшін дауысты дыбыстар көп болуы керек екен. Жазып берген өлеңімді оқып шыққан соң екі-үш сөзін синонимдерімен ауыстырды. Сол кездегі дәстүр бойынша үйіне апарып «жудық» жаңа әнді. Қазір айтылып жүрген «Ақтоғай» гимні солай туған. Кейін Ақтоғайдағы аталмыш мәдениет үйіне Дәртай ағаның атын беруді ұсынғанбыз. Сөйтсек, оны басқа бір адамның атына беруге шешім шығарылып қойыпты-мыс. Ақыры бұл шаруа аяқсыз қалды. Әлі күнге дейін ешкімнің есімі берілген жоқ.
«Мына түрімізбен не боламыз деп қауіптенемін»
– Біреудің қандай да бір бәсі жоғары өлең, бәсі жоғары шығармасын неге мен жазбадым дегендей қызғаныш, қызығу бола ма?
– Болады, әрине. Мен неге сондай шығарма жазбадым, сол деңгейге неге жеткізе алмадым деген ойлар әр кез болады. Өзінің сорпасына ғана қайнап, өзімнің жазғаным ғана мықты дейтін адамның белгілі бір дәрежедегі биікке көтерілуі екіталай. Еш нәрсе тақыр жерден нәр алмайды. Өнерде болсын, өмірде болсын сабақтастық бар. Мәселен, мен жақсы ақын атанып жүрсем, ол Құдайдың берген қабілеті ғана емес, алдымдағы аға буынның, тарихтағы ақын-жырауларымыздың мұрасының ықпалы. Солардан сусындап, алтын көпірімізден мәдениетті түрде «ұрладық». Кейін менің де жырларымды оқып өзгелер сабақ алуы мүмкін.
– Шығармашылығыңыздың тынысы қалай қазір?
– Қазір өлең, поэмалар жазудамын. Биыл Ақселеу Сейдімбек жөнінде «Терезе» деп аталатын поэма жаздым, «Қасым» журналында жарияланды. Одан кейін де шағын бір поэма, бір-екі баллада, жаңа өлеңдер жазып қойдым. Осы шығармаларымды келесі жылы бір кітапқа топтастырсам деп отырмын.
– Өткен өміріңізге өкінішіңіз бар ма? Уаықтты кері шегеріп берсе нені өзгертер едіңіз?
– Осы өмірді қайта сүру бұйырса біраз дүниені басқаша құрар едім. Ақындық жолды қайта таңдарыма сөз жоқ. Кейде шығармаларыңның саны кем, көлемі шағын болуы да ой салады екен. Әдебиетте, кем дегенде, қырық жыл тер төгіп, шыққан кітабыңның саны санаулы болса ол да жаман. Шығармашылығым бұдан да неге неге қомақтылау болмады деген ой келеді. Уақыттан ұтылғандаймын. Күнделік күйбең тірлікпен, пендешілік оймен біраз жылдарымды өткізіп алыппын. Міне, сол – өкініш. Ішкен-жеген қалады. Оған жұмсаған уақыттың құр өлгені. Дегенмен, азды-көпті ақындықты сезініп, «оқылатын» ақын болып қалыптасқаныма шүкіршілік етемін. Қағазға түскен дүние құндылығын жоймайды еш уақыт. Егер ақын болуға ұмтылып, бола алмай қалсам, онда менің өмірім бұдан да өкінішті болар еді.
– Халқыма бергенім мынау деп мақтана аласыз ба? Неден қауіптенесіз? Неден үміттенесіз?
– Мен айтарлықтай көп нәрсе бердім демеймін. Газетте жұмыс істеп жүрген жылдары қолымыздан келгенше ұлттың ұпайын түгендеп, кәдесіне жарауға тырыстық. Рухани жағынан демеу көрсетуге, іздеушісі болмай, дәріптелмей жүрген жандардың жоғын түгендеуге бейіл болдық. Күнделікті тұрмыста әлдекімге қиянат жасалып жатса көмектескен шығармын. Халқыма тигізген бар пайдам сол болар. Ал қазір қотыр жарамыз қазақ тілі болып тұр. Туған жерімізде тұрып мемлекеттік тіл тиісті мәртебесін ала алмауы, өзге тілдің үстемдігі жүруі жақсылық емес. Ел өзіміздікі ғой деп тіліміздің тұғырға көтерілетініне үміт етемін. Сөйте тұра мына түрімізбен не боламыз деп қауіптенемін де. Дүниежүзінде екі күннің бірінде бір тіл құриды екен.
– Әңгімеңізге рақмет!
Ақбота ӘБІЛТАЙ