Амангелді Кеңшілікұлы: Рахымжан Отарбаев. Шеберлік пен шындық

ӘДЕБИЕТ
1932


Бұрыннан білетін жазушымның жаңа кітабын қолыма ұстап, баспахананың иісі шыққан беттерін парақтағанымда, ылғи да менің есіме оның шығармасымен тұңғыш танысқандағы алған әсерім түседі. Бәлкім сондықтан ба екен, өнердегі ізденісін қадағалап, жазған дүниесінен жаңалық күтіп жүретін жазушым Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы» атты кітабына көз жүгірткенімде 1985 жылдың қоңыр күзінде, «Жалын» журналында, қазақ прозасының мэтрі Дулат Исабековтің алғысөзімен жарық көрген тырнақалды туындысы («Соғыстың соңғы бомбасы») есіме түсіп, сол бір шағын хикаяда баяндалатын кейіпкердің тағдыры ойыма оралды. Қазақ әдебиетінің киелі босағасынан именіп аттаған суреткер Отарбаев алғашқы әңгімесімен-ақ біздің бәрімізге де ұлттық прозамызға айтары мол жазушының келгенін аңғартқандай болып еді. Көңіліңде қатталып, жадыңда сақталып қалатын бірінші әсерің сезіміңді алдамайды екен. Жазушының таяуда жарық көрген кітабын оқып шығып, бауыр басып қалған кейіпкерлерімен қимай қоштасқанымда ширек ғасыр бұрынғы оқиғаны есіме алып, жазу мәнері өзгеше талантты тапқаным туралы сол кездегі балалық көңілімнің мені алдамағанына тағы бір көзім жетті.


Әдетте, отыздан асқан немесе қырықтың қырқасына таяп қалып, өнердің «тар жол, тайғақ кешуінде» шыңдалған суреткерлер ғана тосын тақырыптың белін майыстырып, әдебиет әлемінің айдынына жұрт күтпеген сауалды алып шығып жатушы еді. Сондықтан жасы әлі отызға да толмаған жігіттің тұсауы енді ғана кесілген әңгімесімен-ақ қаламы төселген прозаиктердің де жүрегі дауалай қоймайтын мәселені көтеріп, миллиондаған адамдардың жанына жара салып кеткен соғыс тақырыбының шындығына басқаша көзбен үңілген шеберлігі бір жағынан бізді таң қалдырса, екінші жағынан өліара мезгілдегі табиғат құбылысындай тосырқатып та тастады.


Әлі есімде. Ұлы Жеңістің 40 жылдығы дүркіреп өткен сол жылдары рухы мықты советтік жауынгерлердің елімізді неміс-фашист басқыншыларынан азат етіп, жаудың көзін жойған ерен ерлігін жарыса баяндаған көркем туындылар одақтық және отандық басылымдарда бірінен соң бірі тоқтаусыз жарық көріп жатты. Соғыс тақырыбын жан-жақты қаузап, майын тамызып сүгіреттеген әңгіме, повесть, романдардың тасқыны рухымыздың жасампаздығына сендіріп, көңілімізге қуаныш сезімін ұялатты. Алайда, сол қаптаған шығармалардың біріне де ұқсамайтын талантты жігіттің өрнегі өзгеше тоқылған шағын новелласындағы көтерген проблемасы жұрттың көңілін ерекше елең еткізді. Тоқыраудың тоңы әлі жіби қоймаған өліара мезгілде республикалық басылымда жарияланған - «Соғыстың соңғы бомбасы» оқырманды мүлде басқа ойдың орманына енгізіп жіберіп, сезімін сергелдеңге салып қойды. Шығарманың бас кейіпкері Жазылдың майдан батырларының ешқайсысына да ұқсамайтын талайсыз тағдыры мен әрекеті бізге соғыс өмірінің айтылмай жүрген ақиқатын ұсынғандай болды.


Өрбіген оқиғасы сезіміңді жетектеп әкететін әңгімедегі жазушы көтерген имандылық пен адамгершілік мәселесін бағалаудың оқырманға қиынға соққанын жасыра алмаймын. Ия, рас, моральдық ойдың безбеніне салсақ Жазыл ақтап алуға болмайтын – нағыз сатқын. Қан майданнан қашып, төрт жыл түрмеде отырып, жазасын өтеп келген бейшараның түбіне бәрібір соғыс жетті. Ақыр аяғында ұрыс қимылдары кезінде ел шетіне түскен бомба жарылып, күтпеген жерден Жазыл мерт болды. Мағынасыз тіршілік. Ит өлім. Аянышты тағдыр. Сатқындардың қарасын көбейтіп қаза тапқан Жазылдың қолына қару алып, майдан даласында өлгені абырой болар еді. Бірақ, пешенеге жазылған тағдырдың ісіне қайран қылатын амал кем.


Дегенмен, бас кейіпкердің іс-әрекетін имандылық таразысына салып, оған совет адамының емес, жүрегіндегі Аллаға деген сенімін жоғалтпаған жанның көзімен үңілсек – Жазылды ақтап алуға да болатын сияқты ма, қалай? Жүз жерден кінәлап, мың жерден жазғырсақ та ол ажалдан қорыққандықтан емес, адам өлтіргісі келмегендіктен соғыстан ат-тонын ала қашты ғой. Қалай болған күнде де ол қылмыс жасап, Жаратушының алдында ауыр күнәға батқысы келген жоқ. Майданға барған күнде де тышқанның мұрнын қаната алмайтын байғұс адам өлтіруге бата алмай, бәрібір Отанын сатқан опасыз атанар ма еді, кім білсін? Советтік ұлы идеал үшін болса да кісінің қанын мойнына жүктегісі келмеген Құдайдың құлын жазғыруға біздің қандай қақымыз бар?


Зады кез-келген талантты жазушы оқырман талғамын қанағаттандыру үшін емес, оны тереңдетіп, өзге түгіл, кейде өзімізге де айтуға қорқатын шындықтарды есімізге салып тұру үшін қалам алатын болса керек, қолына. Қарапайым пенденің сұранысын өз ықтиярына көндірген «талғамға талас жоқ» деген қағиданың үстемдігі өнерге жүрмейді. Егер талғам үшін таласпасақ әдебиеттің теңізі суалып, ұлттық тамырынан ажырап, адамгершілік табиғатын жоғалтып, өзегіне жегі түсер еді, баяғыда. Нағыз суреткер әдеби талғамның қоңыртөбел тіршіліктегі жалған танымның шылауына шырмалып кетпеуі үшін күресіп, өмір шындығын оқырман жүрегіне өнердің тілімен жеткізу үшін шығармашылық шеберханасында маңдайының бес батпан терін төгеді.


Жазатын тақырыптардың жазығы тақырланып бара жатқан бүгінгі заманда жазушы болудан азапты жұмыс жоқ. Бір кездердегі ұлы Бальзактың «шығарманың ең негізгі шарты – қызықтыру» деген талабы компьютердің құлағында ойнаған қазіргі оқырманның көңілін қанағаттандыра алмайды. Бальзак дәуірімен салыстырғанда, кітапқа үңілуден басқа да неше түрлі көңіліңді тойдыратын ермегі толып жатқан заманда өмір сүру бақыты бұйырған бүгінгі күннің адамы «қызықтырумен ғана аясы шектелетін» арзан алданышты көңіліне медеу тұтпайды. Ол көзінің майын тауысып, алтын уақытын шығындап оқитын шығармасынан қоғамның әлеуметтік шындығымен бірге, жанын мазалап жүрген ұстара сауалдардың да жауабын тапқысы келеді. Бүгінгінің адамы кешегі күннің қызық қуған оқушысы емес, ол талғамы өсіп, инттелектісі байыған - өмірдің қатал сыншысы. Бір рет көңілін қалдырсаң, сенімен мәңгі қоштасып, ат-құйрығын үзісуі де әбден ықтимал. Талғамы жоғары оқырманға қай заманда да сұраныс бар, оған достық қолын ұсынғандар кеше де аз болған емес, бүгін, тіпті көп. Бұл бір. Екіншіден жазған дүниеңнің нағыз бағасын беретін таразы да талғамы биік оқырманың екенін ұмытпаған абзал.


Осы тұрғыдан алғанда жаңа шығармасын жұрт іздеп жүріп оқитын Рахымжан Отарбаев – бақытты жазушы. Ой құрауы мен жазу мәнерінің өрнегі бөлек, тілі төгіліп тұрған суреткер өз сөзін ылғи да парасатты оқырманға арнап айтады. Оқырман талғамын өсіру үшін ізденіс иірімдерін шиырлап, ой айдынын кешіп жүретін қаламгердің өмір өзеніндегі шындықты сүгіреттеген туындыларын оқығаныңда сезіміңді сан-сауалдар сүргілеп, жаныңа тыныштық бермей қоятыны бар. Әдебиетіміздің Бейімбет Майлин, Дулат Исабеков, Бердібек Соқпақбаев, Төлен Әбдікұлы, Тынымбай Нұрмағамбетов секілді саусақпен санарлықтай классиктерінің ғана шығармашылық табиғатына тән күлдіріп отырып, адамды жылататын шеберлікті керемет меңгерген Отарбаевтың басталғаннан-ақ күлкіден езуіңізді жиғызбай қоятын хикаясын оқып болып, соңғы бетін жапқаныңызда, кенеттен көңіліңіз бұзылып, құлазып сала береді. Жаңа ғана шегіңізді қатырған туындыдан басқа бір оты ұшқындаған шындықтың шетін көргеніңізде күлкіңіз сап тиылып, жаныңыз жабырқап кетеді. Өмірдің шым-шытырық шырғалаңында нағыз бақытын таба алмай адасқан жандардың тағдырлары көз алдыңызда көлбеңдеп тұрып алып, енді оларға күліп емес, аянышпен қарап, ойдың мұнарына батырған сан-алуан сауалдар мазаңызды алып, жаныңызды кеміреді. Ақыл-кеңесімізге құлақ қойып, Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғысханның көз жасы» атты кітабын оқып шықсаңыз айтып отырған сөзіміздің иллахи шындық екеніне көзіңіз жететініне кәміл сенімдімін.


Суреткердің жаңа кітабына соңғы жылдары түрлі басылымдарда жарық көрген «Актриса», «Айна», «Алтын балық», «Біздің ауылдың Амазонкалары», «Аяқталмаған хикая», «Сатқын» т.б. көзіқарақты оқырманға етене таныс әңгімелері мен «Шыңғысханның көз жасы» атты хикаяты еніпті. Жазушының шығармашылық шеберлігін көрсету үшін олардың бәрін жіпке тізіп, талдап-таразылау шарт емес. Мейіріңді қандыратын бұлақ суының қасиетін білу үшін дәмін татып көру де жеткілікті. Сондықтан да біз бүгінгі әңгімемізде жазушының жаңа кітабындағы бірнеше туындысына ғана тоқталып, Отарбаев әлемінің тереңіне бойлап, сыр суыртпақтауға ниет етіп отырмыз.


Бір қарағанда суреткер Отарбаевтың «Атырау – Алматы поезы» әңгімесінде алып бара жатқан сюжет те, еліктіріп әкететін оқиға да жоқ. Бірақ бүгінгі өмірдің нағыз бет-бейнесі шынайы кестеленіп, шебер сүгіреттелген көлемі шағын ғана туындыда оқығаннан-ақ ет-жүрегіңізді елжіретіп әкетіп, сезіміңізді майдай ерітіп жіберетін лиризмнің жылы шуағы көп. Шығарма осындай бір ерекшелігімен көңіл мекеніңдегі нәзік сезімдеріңді шымшылайды.


Қандай дәуірдің қаламгері болса да адам тағдырын өзі өмір сүріп жатқан қоғамның әлеуметтік шындығымен шендестіре суреттеп келеді. Нағыз суреткер бүгінгі заманның шынайы бет-бейнесін көрсету арқылы тіршілік топырағының астында көміліп қалған Құдайлық шындықтарды іздейді. Кез-келген талантты жазушының дүниені танудағы өз жұмбағы бар. Өмір иірімінің тереңіне бойлаған өнердің құпиясы жазушы шығармашылығының жұмбағын шешу арқылы ашылады. Өнер өмірдің көшірмесі емес. Өмірдің заңдылығына бағынбайтын өнердің өз жолы болады. Өкінішке қарай, соңғы жылдары қайнаған тіршіліктің қазанында қайнаған журналистердің көбісі жазушылыққа ден қойып, өмірдің көшірмесін сүгіреттеген шығармалары арқылы прозаның жүгін де, ондағы айтылар ойдың салмағын да жеңілдетіп жібергені жасырын емес. Суреткер Отарбаевтың жазушы ретіндегі ерекшелігі ол еш уақытта да жұрттың көзіне түсіп, ерекше көріну үшін тақырып қуалаған публицистиканың жалына жабысқан емес. Кейбір қаламгерлердей жолын кесіп кеткен кейіпкерін жағымсыз етіп көрсетуге тырысқан өшпенділіктен де ол бойын аулақ ұстайды. Нағыз өнердің фәни мен бақи атты екі жұмбақ әлемнің арасын жалғап тұрған алтын көпір екенін жақсы білетін суреткер қоғамдық көріністің астарынан өмірдегіден де терең шындықтың мәнін іздейді. Және ол шындықты жазушы символдық белгілер арқылы көрсете біледі. Орыс философы Николай Бердяевтің айтуынша, нағыз өмір суреткерлік шеберлікпен тек символдар арқылы берілуі мүмкін, ол өнерге міндетті түрде шынайы күйінде енбейді. Өнер еш уақытта да эмпирикалық шынайлықты көрсетпейді, барлық кезде де ол басқа әлемге еніп кетеді, бірақ бұл басқа әлем өнерде символдық бейнелердің көмегімен танылады.


Жазушының «Атырау – Алматы поезды» әңгімесі де құндылықтар алмасып жатқан тоқсаныншы жылдардағы - өмірдің символдық көрінісі. Сол поезда кетіп бара жатқан қарапайым адамдардың тағдырлары арқылы тұнығы лайланған тіршілік айдынындағы тұрмысты көріп, өмірдің күрделілігін тани түсесің. Ауыздары арақ сасып, тәндері темекінің түтініне ысталған кешегі күннің Қыз-Жібегі мен Баяндарының бүгінгі тірлігін көзімен көрген бас кейіпкердің Алматыға жетпей поездан түсіп қалуының себебін түсінгендей боласың? Адамдық құндылықтарды арзандатудың құдіретті пәрмені – уақыт сабазыңның ашса алақанында, жұмса жұдырығында екен – ау.


Ия, ұлы мәртебелі уақыт! Құлқынының қамы үшін кім сол уақыттың құлына айналмай жатыр десеңізші, мына опасыз жалғанда. Әсіресе, жұрттың аузында жүрген, қалың бұқара пір тұтқан өнер адамдарының шын мағынасындағы құлдық бет-бейнесін көргеніңізде, дүние-жалғаннан түңіліп кете жаздайсың.


«Актриса» әңгімесінде жазушы құлдықтың шырмауына шырмалған өнер адамдарының іс-әрекетін уытты сарказммен шебер жеткізіпті. Ең алғаш осы әңгімені «Қазақ әдебиеті» газетінен оқығанымда ішегім түйіле жаздап, рахаттанып күлгенім есімде. Шығарманы екінші рет кітаптан қайта оқып шыққанымда күлмек түгіл, көңілім құлазып, жаным жылады. Театр психологиясын жақсы білетін жазушы шығармасындағы түкке тұрмайтын атаққа бола өнер адамдарының өлермендікке салынған арзан тірлігімен танысқанымда, имандылық пен адамгершілік қасиетін жоғалтқан қоғамнан жиіркеніп, жүрегім айнады. Бірақ, амал қанша? Бұлақ басынан лайланған, бұл - сенің қоғамың. Адами құндылықтар арзандап, дүние түгіл, ар-ұятыңа дейін саудаға түсіп жатқан мына жалған тіршілік, бұл - сенің өмірің. Жар басына отырған жапалақты - қыран, қарқылдаған қарғаны күміс көмей бұлбұл ретінде тануға тиіс шындық, бұл – сенің бүгінгі күнгі ақиқатың, һәм шынайы болмысың.


Ар-ұятына кір жұқтырғысы келмей, адамгершілік құндылық үшін күресетін адамға өмір сүру барлық уақытта да қиын. Кешіріңіз, біз аяқ астынан үлкен жаңалық ашып отырған жоқпыз, бұл шындықты әлемнің ұлы жазушылары Отарбаевқа дейін де тілге тиек еткен, алдағы уақытта да айтыла береді - ол әңгіме. Мәселе, айтқанда ғана емес, суреткердің оны қалай жеткізіп, өз дәуірінің шындығымен ұштастыра білетін шеберлігінде болса керек. Алғашқы әңгімесімен-ақ Совет заманындағы жалған моральмен үзілді-кесілді келісе алмаған жазушы Рахымжан Отарбаев «Сатқын» әңгімесінде көңілімізде жүрген тағы бір шындықты алдымызға жайып салды.


Біздің бәріміз де ақыл-есі кіре бастағаннан-ақ баламызды адал болуға баулып, ардың жібінен аттап кетпеуге үйретіп, имандылық пен ізгіліктің сәулесін санасына құюға тырысамыз. Белімізден туған перзентіміздің алдындағы ата-аналық парызымызды адал атқарып жүргенімізбен, біз көп жағдайда беріп жатқан тәрбиеміз бен қоғамдық шындықтың арасындағы алшақтықты қаперімізге ала бермейміз. Қоғам мен адамның арасындағы келіспеушіліктің өрті әділетсіздіктен туындайтыны әмбеге аян. Ендеше әділетсіз қоғамда өмір сүре отырып, адамнан ар-ұят талап етудің қаншалықты қисыны бар?


Әңгіменің бас кейіпкері Асылбек сәби күнінен арманшыл болып өскен жігіт. Киноны көп көріп қиялданып, жастайынан радиоға әуес болды. Кішкентайынан өнер қуған ұлының келешегінен әке-шешесі зор үміт күтуші еді. Міне, осы Асылбек ат-жалын тартып, атпалдай азамат болып, әскер қатарына алынарда ант беруден үзілді-кесілді бас тартты. Өйткені, ол елдегі бүкіл жерді иеленіп алған байлардың балаларының әскерге бармай, өзі сияқты түгі жоқ, тақыр кедейлердің оған алынуын әділетсіздік санайды.


Жазушы Рахымжан Отарбаев адам жанының шыңырауына үңіле отырып, одан рухани тереңдіктерді таба біледі. Тілдің майын тамыза білетін шеберлігі болғанына қарамастан, көпсөзділіктен бойын аулақ ұстайтын суреткер шығармашылығында кейіпкерлердің мінездері мен жан әлемі баяндау арқылы емес, ситуация барысында жан-жақты ашыла түседі. Отарбаев шығармашылығында адам рухының құнарлы топырағының қабатындағы жанартауы қопарылып жатады. Қаламгердің шығармасы ылғи да оқырманның көкейінде жаңа сұрақтар туғызады. Әсіресе, суреткердің сомдаған кейіпкерінің сан-қырлы табиғатына еніп кете алатын даралығы мен оның жан әлеміндегі қопарылыстарды жеткізе білетін шеберлігі таң қалдырады.


Ол – рух қозғалысының суреткері. Жазушының шығармасын оқи бастағаннан-ақ ондағы алапат дауылдың отты құйыны сезіміңді үйіріп әкетеді. Талантты суреткер адамның жұмбақ болмысына тұрмыстың қалыпты жағдайында емес, от басып, әділетсіздікке қарсы бүлік шығарған кезінде үңіліп, өмір заңдылығының ағысында емес, қоғамның әлеуметтік шындығына мойынсұнбаған аласапыран стихияда адам табиғатының тереңдігі ашылып, оның шегі мен шекарасы жазушы шығармашылығында зерттеліп жатады.


Өмір шындығын өнерінің жұмбағы арқылы қазымырланып зерттейтін қаламгердің «Шыңғысханның көз жасы» атты хикаяты - бітімі бөлек туынды. Шығарманың атына көзім түскенде талай жазушылар қалам тартып тақырыбын тоздырған Шыңғысхан жайында Отарбаев не жаңалық аша қояр дейсің деген бір сенімсіздікпен, күмәндана қарағанмын. Алайда, өрнегі өзгеше тоқылған хикаятты соңына дейін оқып шыққанымда Ізгілік пен Зұлымдық, Адамгершілік пен Жауыздық, Әділет пен Қиянат, Шындық пен Өтірік тақырыбының топырағын бұрынғыдан да терең қазған Рахымжан Отарбаевтың жазушылық шеберлігінің басқа бір қырын танығандай болдым. Біреулер ұлы қолбасшы екенін айтып мақтап, екіншілері дүниені қанға бөктірген қанышер екенін жазып жамандап жатқан Шыңғысханның жұмбақ болмысына Рахымжан Отарбаев мүлде басқаша қырынан үңіледі. Бұл тарихи емес, философиялық астары терең - психологиялық туынды. Адамның ішкі әлемінде қопарылып жататын қайшылықтар арқылы шығарма желісі өрбіп отыратын бұл туындыда жазушы Рахымжан Отарбаев төрткүл дүниені тітіркенткен Шыңғысханның шын мағынасындағы адамдық табиғатын өлім сағаты жақындаған кездегі бір ғана сәтке осалдық бой алдырған шағы арқылы ашуға тырысады. Шығарманы оқып шығып, ондағы айтылмақ болған ойдың астарына үңілгеніңізде оңай болып көрінгенімен Ізгілік пен Зұлымдық дегеніміз не?, Адамгершілік пен Жауыздық дегеніміз не?, Әділет пен Қиянат дегеніміз не? деген ұстара сауалдардың жауабын берудің қиын екенін түсінгендей болып, ойдың теңізіне батасың.


Шынтуайтында жазушы қаламынан шыққан өнер туындысы қаламгердің қиялынан туған нағыз тіршіліктің жалған көрінісі болғанымен, ол адам баласына өмірдің мәнін тереңірек түсінуге көмектеседі. Өтіріктің орын қазған қаламгер емес, ақиқатында, өмірдегі шындықты өнердің тілімен жеткізе білетін жазушы ғана мына жалғандағы өкініштеріміз мен сәтсіздіктеріміздің орнын толтырып, халықты келешекте болуы ықтимал қауіп-қатерден сақтандырады.


Нағыз талант әдебиетке қошемет көру үшін емес, адамгершілік мұраттарды жырлап, қоғамның қордаланып қалған шындығын айту үшін келеді. Азаматтық үні биік жазушы Рахымжан Отарбаев сонау жылдары жарық көрген тырнақалды туындысы «Соғыстың соңғы бомбасы» новелласынан бастап, күні кеше ғана жазылып, қаламының сиясы әлі кебе қоймаған «Шыңғысханның көз жасы» хикаятына дейінгі барлық шығармаларында өнердегі адамгершіліктің туын биік көтеріп, өмірдің жалған көрінісін әшкерелеумен келеді. Суреткерліктің тіл, стиль, форма, сюжет т.с.с формальдық жағына ғана назар аударған адамнан үлкен жазушы шықпайды. Нағыз жазушының бойында қоғамның шындығын өнердің тілімен айта алатын батылдық болуы тиіс. Рахымжан Отарбаевтың шығармашылық ерекшелігі өрнегі өзгеше өрілген шеберлік пен бояуы төгіліп тұрған суреткерлігінде ғана емес, шындықты айтудан қаймықпайтын жазушылық мінезінде жатыр. Өйткені, мына әлемді дүрліктірген Шыңғысханның басынан көшкен дәурен біздің де басымыздан өтеді. Жаратушыдан хабар келіп, о дүниелік болып Алланың алдына барғанымызда біздің бәріміздің де қабір азабымызды жеңілдету үшін айтатын бір-ақ сөзіміз бар. Ол – Шындық!

author

Амангелді Кеңшілікұлы

СЫНШЫ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...