Алматы облысында Ақан Сатаевтың ауқымды әрі көптен күткен жобасы - «Ұлы дала таңы» фильм...
ҚАЙРАН ШАЛ…
"ҚАЗАҚ ЖАЗУШЫЛАРЫНЫҢ ҚАСІРЕТІ" деген айдармен Фейсбук желісіне түскен Төреғали Тәшеновтің төмендегі жазбасы біразымызды дүрліктіріп тастады. Осы орайда ақын Қасым Тоғызақовтың баласы Ерболат Тоғызақов туралы Жадыра НАРМАХАНОВА жазған тұшымды дүниені де қоса ұсынып отырмыз.
Ақын Қасым Тоғызақов! Ленинградта білім алған, Қазақстан Жазушылар одағында аударма бөлімін басқарған. Орыстың классик ақын-жазушыларын қазақ тіліне аударған. Жамбыл Жабаевтың тұңғыш жеке әдеби хатшысы болған. 1936 жылы Мәскеуде болған қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне Жамбылмен бірге болып, ақын өлеңдерін сөзбе-сөз орысшаған аударған адам. Мәскеуден келген соң ұсталып, Сібірге айдалып кетеді. «Сібір Омар» атты өлеңмен роман жазған, жазушылардың бәрі ол кісіні «Сібір Омар» дейді екен. Шапшаң қимылдайтын, шақар мінезді адам болыпты. Айдаудан ашынып келген, ащы суға үйір Қасым Тоғызақов мастықпен абайсызда әйелін пышақтап өлтіріп қояды. Сөйтіп, он жылға сотталады. Ғабит Мүсірепов, Мұхамеджан Қаратаев, Әбділда Тәжібаевтар Қонаевқа, одан Брежневке дейін хат жазып, түрмеден шығарып алғысы келгенмен, сотты жібіте алмайды. Сотталғанына үшінші жылға аяқ басқанда Қасым Тоғызақов түрмеде өледі. Мұхамеджан Қаратаев, Әбділда Тәжібаевтар сүйегін түрмеден алып шығып, Алматыдағы жалғыз қарындасының үйінен жерлеуге шығарады.
Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильміндегі шалдың рөлін ойнаған актер Ерболат Тоғызақов – осы Қасым ақынның баласы.
Төреғали Тәшенов
ҚАЙРАН ШАЛ…
Егер менің әжем бүгінгі кейіпкерімнің тағдыры туралы естісе, «жалғызбасты еркектің мұңы қырық жесірдің зарынан жаман» деуші еді. «Әйелі бұл фәниден ерінен бұрын кетсе, жетімдіктің көкесі сол болмақ» дегенді де ауылда жүргенде, үлкендердің аузынан көп еститінмін. Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильміндегі Қасым шалды бәріңіз жақсы танып қалған шығарсыздар? Кәдімгі шынашақтай шалды айтам. Оның фильмдегі емес, шынайы өмірдегі болмысын, тұрмыс-тіршілігін сөз етуді қолай көрдім. Абай айтпақшы, шалдың тағдыры біреуге ғибратлі, біреуге нәфрәтлі болар…
«ХАЛЫҚ ЖАУЫНЫҢ» БАЛАСЫ
Шал 1948 жылдың 29 наурызында туылған. Тексіз жерден емес. Әкесі Қасым Тоғызақов ақын, аудармашы, шешесі Зияда Әлімбекова Абай атындағы опера және балет театрында әнші болған. Шал әкесінің кезінде кімдермен аралас-құралас болғанын жақсы біле бермейді. Сосын өз бетімізше, үзіп-жұлып зерттеу жүргізіп көрдік. Жазушылар одағының анықтамалығында Қасым Тоғызақов туралы былай деп жазыпты: «1910 жылдың 3 қарашасында Қостанай облысы, Меңдіқара ауданында туған. 1926 жылы жетіжылдық мектепті бітіріп, Қостанайдағы педагогика техникумында оқыды. Оны бітірген соң, 1930 жылы Ленинградтағы А.И.Герцен атындағы педагогика институтының орыс тілі мен орыс әдебиеті факультетіне түскен. 1934 жылы Алматыға келіп, Қазақстан Жазушылар одағында аударма бөлімінің меңгерушісі болып істеген. 1936 жылы халық ақыны Жамбылдың жеке әдеби хатшысы болып, онымен бірге Мәскеуде болған қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне барады. Ақынның айтқан өлеңдерін жазып алып, редакциялаған және оның сол кезде шығарған негізгі шығармаларын сөзбе-сөз орысшаға аударған.
1934-1940 жылдары М.Лермонтовтың «Демон», «Мцыри», «Хаджи Абрек», «Ақынның өлімі», «Тамара», тағысын тағы шығармаларын, А.Пушкиннің «Бақшасарай фонтаны», В.Маяковскийдің «В.И.Ленин», Н.Некрасовтың «Орыс әйелдері» поэмаларын, Н.Гогольдің «Үйлену» пьесасын, А.Чеховтың «Шағаласын», А.Толстойдың «Алтын кілтін» қазақшалаған. А.Твардовскийдің «Василий Теркин», А.Мицкевичтің «Тукай», П.Антокольскийдің «Ұлым» атты поэмаларын, сонымен қатар Д.Бедныйдың, Лебедев-Кумачтың, Безымянскийдің, И.Вазовтың, Я.Колостың, Я.Купаланың, басқа да ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударды. И.Шуховтың «Өшпенділік» атты романын, Х.Есенжановпен бірге Бальзактың атақты «Шегірен былғары» романын тәржімалады.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» операсына либретто және «Сібір Омар» атты поэма жазды.
Шығармалары: «Сібір Омар». Өлеңмен жазылған роман. А., «Жазушы», 1967; «Омар Сибирский». Роман в стихах. А., «Жазушы», 1968; Таңдамалы. А., «Жазушы», 1980».
Қостанайлық Нәзира Жәрімбетова Алаш арыстарының жарларының тағдырын зерттеп жүрген журналист. «Егемен Қазақстан» газетіне ілгеріде (30 мамыр 2009 жыл) «Ахаңның жары Бадрисафа» атты мақала жариялаған болатын. Сонда Қасым Тоғызақовтың Байтұрсынов атылып кеткенде, оның жары Бадрисафаға (Александра Ивановнаға) қамқорлық көрсеткен деген деректерді келтіреді. Қостанайлық қария Есімхан Тұрлыбеков журналистке былай деп баяндайды: «1945 жылдың аяғы ма екен, әлде 1946 жылдың басы ма екен, әйтеуір, қыс айында өзіміз Кәшу деп атап кеткен ағам, кәдімгі ақын, аудармашы Қасым Тоғызақов біздің үйге кешке, қас қарайып кеткенде жүдеп-жадаған орыс әйелін ертіп әкелді де менің шешеме қатты тапсырды. «Қапиза, бұл өз бетімен көшеде жүрген әйел емес, қуғында қашып жүрген кісі, үлкен кісінің, өзіміздің ағамыздың әйелі. Осыны паналата тұрыңдар. Сенің етің тірі ғой, Қапиза, тек саған сеніп әкеліп отырмын. Біреу тиісіп немесе ұстап әкетіп жүрмесін, қазір аямайды. Не айдап жібереді, не атып тастайды. Алда ептеп жеңілдік заман болса, жөнін табады ғой. Ешкім білмесін. Өзіңе сенемін», – деді де, өзі түнделетіп кетіп қалды. Қасым Тоғызақов өзіміздің ауылдың адамы, бізбен рулас ағайын болатын, сосын менің шешеммен нағашылы-жиендігі бар еді. Сол кезде ол Қостанайда газетте істейді деп еститінбіз. Өзінің де айдаудан келген кезі білем. Қасым ертіп келген әйелдің атын Александра деп атаңдар деді. Сонымен шешем дереу монша жағып, Александраны суға түсіріп алды, тамақтандырды. Қасымды сыйлағандықтан, әлгі әйелді екі сөзге келмей алып қалды. Әйтпесе, соғыстан кейінгі жоқшылықтан өзіміздің де ырғатылып, жетісіп отырмаған кезіміз. Заман да жаман, үйіне халық жауының әйелін паналатпақ түгілі, бір келі бидайға соттап жіберетін уақыт қой. Мен сол кезде 12-ден 13-ке қараған баламын. Таңертең тұрысымен шешем маған: «Әй, жетпегір, Кәшудің келгені, Александраны әкелгені туралы тісіңнен шықпасын, айдалып кетеміз!» – деді. Қорқыныштан денем дірілдеді». Бұл деректен байқайтынымыз, Қасым Тоғызақов Алаш зиялыларына жақын жүріп, солардың аманатына адал болған жан.
Сыншы Құлбек Ергөбек Қасым Тоғызақовтың көзін көргендердің бірі. Ол кісіге хабарласқанымызда: «Жамбылдың жырын бізге жеткізген осы Қасым. Өзі де ақын. Кезінде Мұхамеджан Қаратаев екеуі Жамбылды Грузияға апарып келген. Ұмытпасам, 37-жылдары жиырма жылға сотталып, Сібірге жер аударылған. Бәрі сол жеке басқа табынушылықтың кесірі ғой, Тоғызақовты «жапон шпионы» деп қаралаған. Поэзиясынан гөрі, аудармашылығы мықты болған. Сібірге барып келгендер ащы суға құмар болушы еді ғой. Сол шайтан судың кесірінен әйелін жиі сабаған. Бірде жазатайым таяқ тиіп, Тоғызақовтың үйіндегі жеңгей мерт болады. Содан түрмеге жабылып, қайтыс болған. Тағдыр оның маңдайынан сипамаған. Тоғызақов жайында бар білерім осы. Оны білетін адам да қалған жоқ-ау, өзінің бала-шағасы болмаса. Ол Сырбай Мәуленовке, Ғафу Қайырбековке, Мәриям Хакімжановаға жақын жүрген», – деген деректермен бөлісті.
Шалдың өзі балалық шағын былай деп еске алады: «Мен туылған жылы әкем қуғынға ұшырып, Красноярскі өлкесіне жер аударылған. Шешем «халық жауының» әйелі деген атты жамылып, ешбір жер оны жұмысқа алмай қояды. 1951 жылы қыста шешем үш жасар мені жетектеп, әкемді іздеп жолға шығады. Бала болсам да, сол кезде жол жүріп қиналғанымыз әлі күнге дейін көз алдымда. Ол жерде қазақтардан бөлек неміс, еврей, грузин ұлтының өкілдері болды. Солардың балаларымен ойнайтынбыз. 1954 жылы репрессияға ұшырағандарды елдеріне қайтару туралы Хрущевтің бұйрығы шықты. Соның арқасында отбасымызбен Алматыға оралдық. Менің бір ғана өкінішім бар – өз ана тілімде еркін сөйлей алмаймын. Әке-шешем жұмыс істейді, ал жан-жағымдағы достарымның барлығы орысша сөйлейтіндер, өзге ұлттың балалары. Тіпті, анам марқұм орысша білмейтін. Дүкеннен нанды әрең сұрап алатын. Бірнәрсені орысша айтып алады да, «дұрыс айттым ба?» деп менің бетіме қарайтын.
Сол анам сөйлеген тілде сөйлей алмайтыныма қынжыламын. Мен қазақша сөйлей бастасам, елдің бәрі күледі. Бір сөзді қате айтып қойдым ба деп ыңғайсызданам. Сосын қате айтқанша үндемей отырғаным дұрыс шығар деп тыйыла қоямын». Бұл Ерболат Тоғызақовтың ақтарыла айтқан сыры. Ана тілінде.
Шалдың екі бауыры бар. Інісі Әділбек. Ол Алматыда тұрады. Балалы-шағалы, немере тәрбиелеп отыр. Әкелері Қасым Тоғызақов екі рет шаңырақ көтерген. Бірінші жары орыс қызы Раиса Ивановнадан Бақытжан есімді ағалары бар екен. Ол жеті жасында шешесімен бірге Ленинградқа кеткен. Бүгінде хат-хабарсыз. «Менің әкемнің туыстары көп. Хабарласып тұрады. Ұяламын ба, білмеймін, мен інімнен басқа туыстарыммен араласпаймын, бармаймын», – дейді шал.
ШАЛ НЕГЕ ЖАЛҒЫЗ ТҰРАДЫ?
Шал ешқандай актерлық білім алмаған. Мамандығы – экономист. Кезінде Алматы халықшаруашылық институтын бітірген. Алматы қаласындағы №6 әскери қалашығында (қазіргі «Самал» ықшам ауданының аумағы) азаматтық борышын өтеген. Әскерден соң «Қазақфильмнің» әкімшілік бөліміне жұмысқа орналасып, өмір бойы сол ұжымның отымен кіріп, күлімен шыққан. Киностудияның «кино өндіру жұмысын ұйымдастыру маманы» ретінде Мәскеуде арнайы курс оқыған.
Сөз басында шалдың әліге дейін түтін түтетпегенін айттық. Неге? Сәтсіз махаббат хикаясын бастан кешірді ме? Әлде ешбір қызға көңілі құлай кетпеді ме? Шал неге жалғыз тұрады? Бізді осы сауал қызықтырды.
Ол Алматыдағы Розыбакиев пен Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы жатақханада тұрады. Жуынатын душы да, тамақ жасайтын асханасы да жоқ. Қаладағы әйгілі асхана – «Қағанаттың» тұрақты клиенті.
Шал 1997 жылға дейін інісінің отбасымен әкеден қалған қарашаңырақта тұрды. Сосын «мол ақша тауып, үй алам» деп, енші алып шығады. Онда әдемі арман болған, «бәйбіше қолын жылы суға салып, өз үйінде отырса» деген. Алған жарын ештеңеге мұқтаж еткісі келмеген. Қиялдағы қалқатай үшін құрылыста қара жұмыс та істейді шал. Өмір бойы «баспаналы болып барып, үйленсем» деп армандапты, өзінің айтуынша. «Пәтер алсам деген арманмен жүргенде, жасым 50-ден асып кетіпті. Не отбасы, не алған пәтер жоқ. Өзім де жалғыздыққа үйреніп қалыппын. Сосын біреудің алтын басын өзімнің бақыр басыммен қорлағым келмеді. Үйі де, күйі де жоқ елуден асқан адамға кім тие қойсын? Менің жалғыз жүруім, ұрпақ өрбітпеуім Құдайдың алдында күнә. Бірақ мен үйленуге қорқам. Өйткені, мен әйелзаты армандағандай әдемі өмір сыйлай алмаймын…» Бұл – шалдың сыры. Ал қазіргі арманы қандай?
– Жан тыныштығы. Ешкім мазаламаса болды. Денім сау болып, бір жерде қисайып қалмасам екен. Еліміздің адамдары әрдайым күліп жүрсе деймін. Қазір «Шалдан» кейін мені көшеде көпшілік танып, амандасып, ұялы телефондарына менімен бірге суретке түсіп жатады. Маған бұл қатты ұнайды. Мамандығым актер болмаса да, өзімді кәдімгідей жақсы сезініп қаламын.
– Жаңа жыл, туған күн сияқты мейрамдарды жалғыз қарсы алған кездеріңіз болды ма?
– Ондай кездер болып тұрады… Дастарханыңды жайып, бокалыңды толтырып, өзіңе-өзің тілек айтасың…
Сізге бірнәрсе айтайыншы, менің үйсіз-күйсіз жүруіме «Қазақфильмнің» де, әкімшіліктің де, еліміздің де ешқандай кінәсі жоқ. Ешкім маған ешнәрсе үшін міндетті емес. Жататын орным бар, жұмыс болған кезде жұмыс істеймін, туыстарым аман. Бұдан артық не керек маған? Бір фильмге түстім екен деп, мен біреуге алақан жайсам, не болғаны? АҚШ-қа, Кореяға барып фильмге түсіп келдім. Осы күніме шүкір.
– Сіз үшін бақыт деген не? Өмірдің мәні неде?
– Кішкентай кезімде әке-шешемнің барлығы бақыт еді. Оны есейе келе түсіндім. Олар маған бәрін берді. Достарым көп – мен бақыттымын. Туыстарым, інімнің балалары, немерелері бар – мен бақыттымын. Тыныш елде тұрамын – мен бақыттымын. Өз қалауым бойынша өмір сүремін – мен бақыттымын…
– Осы тағдырыңызға ризасыз ба сонда?
– Өзім қалап алған тағдыр…
«ШАЛДЫҢ» ҚҰНЫ ҚАНША ТҰРАДЫ?
– Жасырмай айтайын, «Шал» үшін 1 миллион 700 мың теңге қаламақы алдым.
– Құпия болмаса, оны қалай жұмсадыңыз?
– Жұмыс істемей жүргенімде, көп адамға қарыз болып қалғанмын. Бірінші кезекте қарыздарымнан құтылдым. Туыстарыма көмектестім. Үстіме киетін киім алдым. Сонымен бітіп қалды.
– «Шалға» дейін де бірнеше фильмдерде кішігірім рөлдерді ойнадыңыз. Ол фильмдерден мардымды ақша алып па едіңіз?
– Егер атақты актер болсаң, қаламақың да қомақты болады. Ал біз сияқтыларға күндік түсірілімге 7 мың теңге төлейді. Біздің кішігірім рөлдеріміз ұзақ күнге созылмайды, 2-3 күнде ойнап шығамыз.
– «Жыл актері» атандыңыз. Тағы да қалтаңызда күнделікті керегіңізге жаратар қаржы «томпайып» қалған шығар…
– Ол сыйлыққа ешқандай ақша бермейді. Ол жай ғана адамды қанаттандыратын символикалық дүние. Мен өзім бұл сыйлыққа лайықтымын ба деп ойланам. Актер деген мен үшін Нұржұман Ықтымбаев, Қасым Жәкібаев ағаларымыз сияқты болуы керек. Осы екі кісіні өзіме ұстаз санаймын. Денсаулығы болғанда, «Шалдың» рөлін марқұм Қасым аға ойнау керек еді. Ол «Шалды» менен он есе керемет ойнап шыққан болар еді. Кәдірбек Демесінге көп рахмет, Қасым шалдың дауысын керемет дыбыстаған.
Бірде қызды-қыздымен Талғат Теменов «Менің күнәлі періштем» деген фильмінде Жерар Депардьенің экраннан жылт еткен бейнесіне 30 мың АҚШ долларын төледік деп еді. Сонда «бұл қайдан шыққан батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деп қалдық. «Қазақфильм» бір актерға осындай қаламақы төлесе, жағдайы жаман емес. Бірақ өзімізге келгенде, өзекке теуіп, итке сүйек лақтырғандай қылатыны несі… Шалға аз төледі деп отырған біз жоқ. Шалдың өзі де оны айтпайды. Себебі, ақын Есенғали Раушанов айтпақшы, өзі жасап алған әлемі бар адам бақытты, қанағатшыл. Ол сондай…
Редакциямызға шақыра салып едік, ебелектеп келе қалды шал. Ішіндегісін күбідегі айрандай ақтара салды шал. Пайғамбар жасынан асса да, бала сияқты шал. Бетіндегі әжімі жарасып тұрған шал… Біртүрлі жүрегімізді зырқ еткізді… Қайран біздің шал…
Жадыра НАРМАХАНОВА