Думан Рамазан. Дауыс (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
12124

Көк аспан қабағын түйіп, түнеріп тұр. Алматы шаһары күңгірт күйдің құшағына енген.

Жолдыбай терезе жаққа жақындап келіп, сыртқа көз тастады. Жапырақтарынан тақа арылып, тұттай жалаңаштанған тал-теректердің бұтақтары айқыш-ұйқыш арбиып, иір-қиыр ербиіп, көзге қораштау көрінеді.

 Алдыңғы жағындағы ат шаптырымдай ашық алаңды қақ жара үлкенді-кішілі машиналар ерсілі-қарсылы ағылып жатыр. Адам қарасы сирек.

– Осы жерде қаншама жазықсыз жан­ның қаны төгілді-ау!.. – Қас-қабағы түйіліп кетті. – Қайран, боздақтарым-ай! – Кеудесін кере ауыр күрсінді.

Тынысы тарылып, терезені жұлқи ашты. Мұң торлаған жүзін салқын самал аймалап, жансарайын ашып жібергендей болды. Кең тыныстап, таза ауаны ішіне жұта жұтынып қойды.

Қалтасынан темекі алып тұтатты. Құ­шыр­лана сорып, түтінді мұрнынан будақ­татып шығарды.

Осы сәт хатшы қыз – Гүлжайна жайнаң қағып кіріп келді. Қып-қысқа қызыл көй­лек киіп алыпты. Жолдыбайдың көзі бір­ден оның аппақ тоқ балтырына түсті. Ішіп-жеп барады. Сұлудың қысылып-қымтырылатын түрі жоқ, «әп, бәлем, қалай екен?» дейтіндей, көзі күлімдеп, жымың қағады.

– Жұманазар Серікбай деген жазушы келіп тұр. «Досымын», – дейді. Кірсін бе?

– Көйлегің әдемі екен! – Темекісін қайыра сорып, түтінін тісінің арасынан шашырата шығарды.

– Көйлегім ғана ма?

Жолдыбай еріксіз езу тартты:

– Құлпырып кетіпсің! – Сұқтана қарады.

– Рахмет! – Бойжеткен бұраң қақты. – Бүгін бәрі тамсанып, таңдайларын қағып жатыр. – Өзіне-өзі дән риза.

– Кім тағы? – Әдейі сұрады.

– Темекіні неге көп тартасыз! – Қыз әңгімені басқа жаққа бұрып әкетті. – Көк түтін ғой, түге! Тұншықпай, қалай отырсыз?

– Сұрағыма жауап бермедің ғой!

– Жауапсыз махаббат сияқты жауапсыз сұрақтар да болады…

Жолдыбай миығынан мырс етті. Сың­ғырлай күлген қылықты қыздың құла­ғын­дағы жалт-жұлт еткен алтын сырғаға көзі түсті. Өткен жылғы туған күнінде өзі сыйлап еді-ау! «Әдемі қызға әдемі сырға әдемі жарасып тұр, – деді іштей өзіне-өзі риза болып, – Қырық жыл отасқан бәйбішеме де бұндай қымбат сырға сыйлаған емеспін.»

Қыздың еркіне салса, сөзін өткізіп, айтқанын істеткісі келеді. Бірақ талайды көрген әккі қу емес пе, оған көне қоймасы белгілі. Қалай дегенмен, бастықтың аты бастық, бір күнде болса қолында билік тұр, тым еркелікті көтермейді. Ара-арасында әрнені бір сылтауратып жер-жебіріне жете жекіп, әдейі ықтырып қоятыны бар. Жас қызды өзіне кіріптар қылып ұстаудың амал-айласы. Ырбыңдап-жырбыңдағанды жақтырмайды, не айтса да қарсылық білдірмей, үнсіз көне бергенін қалайды. Бірден жауап қата қоймағаны да сол.

Аз-кем ойланып тұрып қалды. Жұ­маназар… жалпы, жаман адам емес. Етене араласпаса да, қарым-қатынасы тәп-тәуір, жүз шайысқан жері жоқ. Неге екені белгісіз, кейбір қуаяқтар жатып кеп жамандайды, бірақ өзіне қылған еш жамандығы жоқ. Сондықтан бүйрегі бұрып, іш тартып тұратыны да рас. «Не шаруамен жүр екен, өзі?! Бір бұйымтайы бар-ау! Орындауға болатын болса, көрерміз. Өйткені бұндай адамдармен жақсы қарым-қатынас жасаған дұрыс. Сыртыңнан мақтап жүрсе де жаман емес қой! Ал егер шешілуі қиындау мәселе болса, өті жарылып кетсе де, ашығын айтармыз.»

Жолдыбай қайтадан темекі тұтатты. Құшырланып ұзақ сорып, түтінді аузынан будақтата шығарды. Қыр көрсеткендей қыз жаққа қарай үрлеп қойды.

Гүлжайнаның өңі лезде бұзылып сала берді. Бастығының осылай өзінше бола қалатыны тіптен де ұнамайды. Кейде жасына да, тіпті бастықтығына да қарамай, «өзіңше бола қалмашы!» деп айтып салғысы келеді. Әдеп сақтай ма, жоқ, әлде батылы жетпей ме, әйтеуір айта алмайды. Бұл жолы да күттіріп қойғанын жақтырмай:

– Кірсін бе? – деді сызданып. – Жоқ, әлде…

Жолдыбай көзінің астымен едірейе қарап:

– Кірсін! – деді дауысы қатқылданып.

Хатшы қыз бөксесін бұлтың еткізіп, бұрыла берді. Жолдыбай оның артынан сұқтана қарады: «Сұлу-ақ!.. Бұзылмаған құлын мүшесін, сымбатты мүсінін айтсаң­шы!.. Аяқтары қандай түп-түзу!.. – деді іштей күбірлеп, – Осындай хас сұлуды бауы­ры­ма басып жүрген өзім де мықтымын-ау!..»

Артынша кабинетке орта бойлы, қоңқақ мұрын, бұжыр бет, жасы алпысты алқымдап қалған Жұманазар Серікбай кірді. Басында шашақты бөрік. Үстіне қоңыр барқыт костюм-шалбар киіп, ақ көйлекке қызыл галстук тағып алған. Қолында былғары қара портфель.

– Ассалаумағалейкум! – деді дауысын созып. – Кабинетің неткен кең?! – Таңданысын да жасыра алмай, жан-жағын көзімен айнала шолып өтті.

– Уағалейкумассалам! – Жолдыбай қол алып амандасты. – Кабинет осы енді… – Бойын мақтаныш сезімі биледі, – Кел, отыр, Жұмеке, – деді қарсы алдындағы орындықты қолымен нұсқай. – Хал-жағдай қалай?

– Бәрі жақсы, Жолдеке! – Жұманазар сабырмен сөз сабақтады, – Өздеріңде не жаңалық, не өзгеріс?

– Бәлендей жаңалық жоқ!

– Бала-шаға аман ба?

– Құдайға шүкір! – Жолдыбай бұл та­қырыпта сөз өрбіткісі келмей, қысқа қайыр­ды. Алдыңғы жағында тұрған ап­парат­тың бір түймесін басып қалды да: «Шай әкел!» – деді бұйыра сөйлеп. Жұманазар оған мән берген жоқ, тек көзін тіктей бір қарады да қойды.

– Жұмыс ауырлау шығар. Жалы күдірейген мекеме ғой.

– Иә, қапылыс. Өзің де бастықсың, білесің ғой.

– Бізді қойшы! Төрт-бес қатынмен алысып күн өткізіп жатырмыз. Бұрынғы бастық өңкей мисыздарды жинап алыпты. Тіпті сөз ұғатын біреуі жоқ. Шаршатты әбден… шашты да ағартты… – Қабағы кіржиіп кетті. – Қалай құтыларымды білмей жүрмін!

Осы кезде Гүлжайна темір табақпен екі кесе шай мен конфет-печенье салынған тарелканы көтере кірді де, екеуінің алдына қойып, рет-ретімен жайғастырып, үн-түнсіз шығып кетті. Жұманазар оны көзімен қарсы алып, шығарып салды.

– Иә, бұл жақта қайдан адасып жүрсің? – деді Жолдыбай сыр суыртпақтап.

– Мен Жазушылар одағында Проза кеңесін басқарам ғой!

– Білемін ғой.

– Білсең, былай…

Құлағы елең ете қалды.

– Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы биыл да берілмек. Жақында шешеміз. Біраз адам құжат тапсырыпты. Қарап көрсек, өңшең халтурщиктер. – Қызылға түсер қырандай қас-қабағы түйіле түсті, – Атаңа нәлет, оларға мәртебелі «Алаш» сыйлығын берсек, сөзге қалармыз. Сондықтан әрі ойлап, бері ойлап, әдебиеттің мүддесі үшін сенің кандидатураңды оң көріп отырмын. Атың да, затың да дардай, атағың жер жарып тұр, қай жағынан болсын, лайықтысың!

Мақтағанды кім жек көрсін, оның сөзі жанына жағып кетсе де, сыр алдырмауға тырысып:

– Ниетіңе рахмет, Жұмеке! – деді көзін жоғары қарата ойланған кейіп танытып, – Бірақ мен – Мемлекеттік сыйлық алған адаммын. Ұят болмай ма?

– Әй, Жолдыбай, – Жұманазардың дауысы қатқылдау шықты, – берер болсақ, адам таппай отырғанымыз жоқ. Мемлекеттік сыйлық алсаң не болыпты?! Бұл – халықаралық сыйлық. Оның үстіне, «Алаш» деген қастерлі, қасиетті сөз. Мың доллар көлемінде ақшасы бар, шекеңді жарама-ей! Бала-шағаңның несібесі. Еріккеннен жүрген жоқпын, сыйлық саған емес, сен сыйлыққа керексің! Өзің секілді талантымен топ жарған тұлғалар алса, сыйлықтың да мәртебесі жоғарылайды, қадірі артады. Көп сөзді қой да, жаңа кіта­бың­ды бәйгеге қос. Ал ар жағын өзіміз реттейміз…

Жұманазардың әй-шайға қаратар түрі жоқ, «қатыссаң да – қатысасың, қатыспасаң да – қатысасың» дегендей, бұйыра сөйлейді. Жақсы сөз жанына жаққан Жолдыбай: «Әй, оның шынымен осындай ақшасы барма-ей?» деп сұрағысы келді де, ұяты жібермей, ол ойынан тез айныды.

– Жұмеке, ойланайын! – деді сабырлы қалпын сақтап.

– Құдай-ау, ойланатын несі бар?! Құжат қабылдаудың аяқталуына бар-жоғы бір жарым-ақ күн қалды.

 Жұманазар осымен сөзім тәмам дегендей, жөткірініп алды да, орнынан жаймен көтеріле берді. Алдына қойылған кесеге де, кәмпит-печеньеге де қол созбады. Шай ішілмеген күйі суып қалды.

Жолдыбай ештеңеден секем алған жоқ. Құрметті қонағының айтқан сөздеріне имандай сеніп, жылы шыраймен шығарып салды.

Қайта айналып келді де, жұмсақ креслосына сылқ етіп отыра кетті. Көзін тас жұмып алған. Көңіл шіркін көк дөнендей жүйткиді. «Халықаралық «Алаш» сыйлығы… Шынында да, атының өзі неге тұрады?! Оның үстіне, мың доллар ақшасы бар екен… – Сәл ойланып, – Әй, бірақ ел не дейді, қаламдастар қалай қарайды?»

Осылай аз-кем ойланып отырды да, үстелінің астыңғы жағындағы қара кнопканы жаймен басып қалды. Сол-ақ екен, Гүлжайна күлім қағып кіріп келді.

– Не айтасыз, төрем? – Қып-қысқа қы­зыл көйлектің қос етегін көтере шыр айналды.

Жолдыбай шыдай алмады. Орнынан жас жігіттерше ширақ көтеріліп келді де, Гүлжайнаны аш белінен қапсыра құшақтай алып, ернінен сүйді. Екеуі бір-біріне кене­ше жабысып, аймаласып өліп-өшіп барады. Кенет Жолдыбай оқыс қимылдап, біреу сығалап тұрғандай именшіктеп, шегіншектей берді:

– Қой, біреу-міреу көріп қалып, масқара болмайық! – деді сақтық ойлап.

– Осы үшін шақырдыңыз ба? – Гүл­жайна қылымсып, сықылықтай күлді.

– Әміржанды шақыршы!

– Қазір… – Қыз қайқаңдай жөнелді.

Жолдыбайдың көңілі көтеріңкі. Өзіне-өзі дән риза: «Құдайдың бұнысына да шүкір! Қызметім болмаса, – Креслосын сипалап қойды, – жұлымыр Жұманазар бұлай алдыма сүмең қағып келер ме еді?! Мына жас сұлу құшағын ашып, жұпарын шашарма еді?!. – Осы сәт ойына жалғыз қызы Жанар оралып, кібіртіктей берді. Жас сұлулар туралы ойлағанда кейде осылай қызының көркем бейнесі көз алдына көлбеңдей қалатыны бар, – Өзім түгіл, қызымнан жиырма жастай кіші ғой. Не істеп жүрмін өзі?! Алланың емес, қу нәпсінің құлы болып жүрген жоқпын ба?! – Тағы да ойға батты, – Әй, бірақ енді кәмелеттік жасқа толған, оң-солын таныған бойжеткен ғой. Сезім жас таңдамайды, кімнің жүрегіне ұя саларын өзі ғана біледі. Ең бастысы, бір-бірімізді жақсы көреміз, сүйеміз» Шынында да, «Гүлжайнаш, мен сені бәрібір бақытты ете алмаймын, ал бақытсыздыққа душар етуім бек мүмкін! Осы жүрісімізді қояйық!» – деп талай ескерткен. Бұған асау сезім бой бермей келеді.

Отырған күйі қос қолын кезек ербең­детіп, керіліп-созылып қойды.

Осы сәт Әміржан именшіктей есік ашты.

– Шақырдыңыз ба, аға? – Көзі жыпы­лық қағады.

– Иә, кел! Ақылдасатын шаруа болып тұр.

Әміржан еппен басып келіп бастығының алдыңғы жағындағы орындыққа жайғасты. «Иә, айта беріңіз, құлағым сізде!» дегендей, сұраулы жүзбен жаутаңдай қарады.

– Әңгіме былай… – Жолдыбай тамағын кенеп, жөткірініп қойды, – Бағана Жұма­на­зар Серікбай келіп кетті… Ана өзің редакторлық еткен жаңа кітабымды халы­қара­лық «Алаш» сыйлығына ұсынуымды өтінеді. Бізге қарағанда қазіргі әдеби ахуалды жақсы білесің ғой, бұған қалай қарайсың?

– Аға, ол деректі туынды ғой!

– Деректі болса, не болыпты?

– Көркем шығарма ұсыну керек шығар?! – Әміржан күмілжіңкіреп желкесін қасыды.

– Әй, одақтың Проза кеңесінің төрағасы Жұманазардың өзі қолқалап отыр ғой. Тіпті бұл мені жарылқау емес, «әдебиеттің мүддесі, сыйлықтың мәртебесі үшін керек», – дейді.

– Жұманазар қыртты білеміз ғой, оның өзі кім, сөзі кім?

– Ой, сен де айтады екенсің! – Көзі ақ­иып кетті, – Ол сонда бақай есеппен келді дейсің бе?

– Солай ойлаймын, аға! – Шынын айт­ты.

– Әй, айтшы, өз басыңа қандай жаман­дық жасады?

– Жеке өзіме жамандық жасаған жері жоқ. Елден арамза тірліктері туралы жиі естимін.

– Міне, көрдің бе? Кейбір керауыздар маған да жамандайды. Егер өзіме жамандық жасамаса, ел айтты екен деп, себепсізден-себепсіз қосыла ғайбаттауым керек пе?! Шындығында, ол өзі шындықты бетке айтатын бірбеткей адам. Қыңырлығы да бар. Дұшпандары да көп. Міне, әлгіндей әңгімені ойдан құрастыратын солар. Сенбе оларға! Біздің сыртымыздан да кімнің не айтып жүргенін қайдан білесің?!.

Бұдан әрі өз ойын ашық айтып абырой таппасын сезген Әміржан ағасы не десе де үнсіз басын шұлғи берді. Жолдыбай да ақымақ емес, оның кіржиген қас-қаба­ғынан-ақ ойын айнытпай оқыды:

– Жақсы. Жұмысыңды істей бер. – Сөзін шорт кесті, – Керек болсаң, тағы шақыртамын.

– Жақсы, аға! – Әміржан орнынан жыл­дам көтеріліп, «құтылдым ба, жоқ па?» – дегендей, аяғын асыға басып кабинеттен шығып кетті.

Оңаша қалған Жолдыбай тағы ойға берілді: «Мына пәле шығармамның сәтсіз­деу шыққанын біліп тұр-ау!.. «Деректі проза» деп, әріден орағытып, қипыжықтап айта алмай тұрғаны да сол ғой. Шынында да, лайықты шығарма ұсыну керек қой! Сыйлық алам деп, жаманат жамап алмайын!»

Осындай оймен орнынан тұрып, есікке қарай бет алды. Шыға берісте Гүлжайна мен көлік жүргізушісі Самат қалтателефоннан кино көріп отыр екен. Иықтары жанасып, бастары түйісіп кеткен. Ұрлықтарының үстінен түскендей көздері алақтай орындарынан атып тұрды. Самат телефонын шалбарының қалтасына сүңгітіп жіберді де, апыл-ғұпыл алдыға оза берді. Жолдыбай Гүлжайнаға «Не бүлдіріп жүрсің?» дегендей, ала көзімен едірейе бір қарады да, жүре берді.

Көлік жүргізушісі – шапшаң қимыл­дайтын еті тірі жігіт. Бір жаманы, артық-ауыз сөзі көп. Сөйлеп кеп кеткенде аузы-аузына жұқпайды. Ара-арасында өтірікті де қосып жібереді. Сыртынан оны елдің бәрі «Радио» деп атайды. Кейінгі кездері хатшысының қасынан айналсоқтап шықпайтын әдет тауыпты. Бір-екі мәрте оны жалдап тұратын пәтеріне жеткізіп салуды тапсырған. Содан бері екеуінің ым-жымдары бір болып бара жатқан сияқты. «Әй, осылар көңіл қосып жүрген жоқ па екен?» деген де күдік-күмән пайда болды. Қызғаныштың қызыл иті кеудесін тырналап өтті: «Бойдақ болса, бір сәрі, бұл жүгірмектің де әйелі, бала-шағасы бар ғой… Менің қызығыма ортақтасып, тұны­ғымды шайқағысы келе ме екен, атаңа нәлет. Осыдан бірдеңе сезсем, бірден жұмыстан қуамын», – деп ызбарланып қояды іштей. «Әй, сен, Гүлжайнаға көп жақындай берме!» – деп айтып салғысы келді де, бір сәт өзін-өзі сабырға шақырды: «Қой, бұл пәле сыртымнан сөз айтып, мазақ қылар. Одан да Гүлжайнаға ескертейін. «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» ғой!»

 

* * *

Әйелі шай қамымен ас үйде жүр екен. Ұзын майкасын теріс киіп алыпты. Май шашыраған ба, алды салтақ-салтақ. Көрген бойда ыстық қаны ойнап басына шапты:

– Мына жүрісің не, әкең!.. Менімен біреу ілесіп келсе, қайтесің?! – деп ақырып қалды.

Күйеуінің мінезін жақсы білетін Биғайша ләм-мим деместен аяғының ұшымен басып барып, жатын бөлмеге зып беріп кіріп кетті де, кір-кір ескі халатын киіп шықты. «Басқа киетін ештеңе жоқ па?» – деп тағы айғай салғысы келді де, «ауырып жүр ғой, байғұс, жүрегін ауыртпай-ақ қояйыншы» деп тілін тістей алды. Ұрысқысы келгеннен ұрыспайды-ау, жүріс-тұрысы мен істеген ісі көңіліне еш қонбайды-ақ.

Ұлы мен қызы да үйде екен. Тұла бойы тұңғышы Жанар қырыққа толса да тұрмысқа шықпады, бірақ оған еш өкпесі жоқ. Қас-қабағына қарап, қашанда құрақ ұшып тұрады. Ренжіткен, ұятқа қалдырған жері жоқ. Құдайға шүкір, ақылды, білімді, жауапкершілігі де мол. Жоғары оқу орнында сабақ береді. Талантты ғалым, ұлағатты ұстаз. Ғылым докторы, профессор. Кейде қызының оң жақта отырып қалғанына өзін де кінәлайтыны бар. Екінші курс оқып жүрген кезінде: «Сөз байласып жүрген жігітім бар, қарапайым ауылдың баласы, тұрмысқа шықсам, қалай қарайсыздар?» – деп рұқсат сұраған. Бәйбішесі екеуі де ауылдан шыққандарына қарамай, «қарапайым ауылдың баласы» дегенінен шошып, «әлі ерте, алдымен оқуыңды бітіріп, дипломыңды алып ал» дегенді сылтауратып, құтты орнына қонуына келісім бермеген. Бір жағынан он тоғызға жаңа толған үкілі үмітін біреуге жастай әйелдікке беруге көңілі де, көзі де қимаған, шынымен де әлі ертерек деп ойлаған. Ата-анасының сөзін жерге тастай алмаған ибалы бойжеткен көзінің жасын бұлай-бұлай, іштен тынып қала берген. Әке емес пе, содан кейін-ақ қызының бойындағы күрт өзгерісті бірден байқаған. Мінезі де ашық-жарқын еді, томаға-тұйық күй кешті. Ең жаманы, еркек атаулыға мүлде мойын бұрмай кетті. Бар алданышы – оқу болды. Жарық жалғанның пенделік қызықтарынан көңілі суып, ғылымның соңына шырақ алып түсті. Әрине, ғылымда жеткен жетістігі ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Бірақ жұдырықтай жүрегіндегі шер-шемен қатқан тоңдай жібімей келеді.

Кеудесін кере ауыр күрсінген Жол­ды­бай­дың көңілі бұзылып, жалыны қайта бас­таған жанарынан ыстық жас ыршып түсті: «Обалыңа қалдым-ау, қарғам! Кешірші, айналайын!» – деді іштей күбірлеп. Өкініш өзегін өртеп, тамағына өксік тығылды.

Қонақ бөлмедегі диванда түрсишең телефон шұқылап отырған ұлына ежірейе қарады. Ол да әкесіне көзінің сұғын қадады. Шашы майланып, ұйпа-тұйпасы шыққан. Бойын ашу кернеді: «Тым құрымаса, дайын тұрған суға жуынып-шайынып алса болады ғой! Қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жалмауызым!» – деді де қойды ішінен.

Ұлының қарасын көрсе болды, қараптан-қарап жыны қозады. Әбден шаршатқан, жүрегін ауыртқан, жанын жүдеткен, жүйкесін тоздырған. Қаңғыбасқа ұқсаған сықпытына қарап жер-жебіріне жетіп, сыбап салғысы келді, бірақ тағы өзін-өзі сабырға шақырды. Өйткені сөз ұғар баланы көріп те тұрған жоқ. Әбден көңілі қалған, жүрегі шайлыққан. Оның үстіне, мінезі де шатақ, басынан сөз асырмайды. Сыйламақ түгілі, бірдеңе десе, ауыз аштырмай, қабаған итше арсылдай жөнеледі.

Отыз сегізге келсе де, бас құрайын, ел қатарлы еңбек етіп, табыс табайын деген ниеті де жоқ. Жалғыз ұл болған соң маңдайынан шертпей, үлде мен бүлдеге орап, еркелетіп өсірген. Жатып ішер жалқау, саусағының ұшын да қимылдатқысы келмейді. Өмірге мүлде икемсіз, әлі күнге дейін тұрақты жұ­мысы да жоқ. Оқуды да жарытпады. Алғашында «Сендер сияқты құл болғым келмейді, бизнес жасаймын, бай боламын, шалқып өмір сүремін», – деп, ары-бері шапқылады. Онысынан түк шықпады.

Талай мәрте абырой-беделін салып жүріп тәп-тәуір қызметке де орналастырды. Бірақ бір жерде тұрақтап істемейді, шығып қала береді. Бөтен адам оның еркелігін қашанғы көтерсін! Жалғыз ұлы дәл осындай сужұқпас болады деп кім ойлаған?! Ұрысты да, ұрды да… Тіпті көзінен жас парлай отырып ақыл айтқан күндері де аз болған жоқ. Өкінішке қарай, оның бәрінен еш қайыр болмады. Табыскер әкесіне әбден сеніп, иек артып алған. Қырыққа келгенше мойнына мініп, тапқан-таянғанына ортақтасып, масыл болып келеді. «Құдай салды, біз көндік!» деп, амалсыздан бәріне үнсіз көндікті. Көнбегенде не істейді?!

Өзі барда аштан өліп, көштен қала қоймас. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», егер оқыстан бір жағдай бола қалса, не болмақ?! Қайтіп отау құрып, қалай күн көрмек? Осыны ойласа, жүрегі сыздап, жаны жай таппай кетеді: «Қаңғыбас атанып, көше кезіп, қоқыс жағалап кетпесе жарар еді?!»

Қарамағындағы екі жүз адамды қас-қабағымен-ақ ықтырып, алдында құрдай жорғалатып қойса да, ұлына сөзін өткізе алмай-ақ келеді. Сырттай елдің бәрі бұны төрт құбыласы түгел адамдай көретіні де рас. Қызғанып, қызыға қарайтындардың қатары да аз емес екенін іштей сезеді. Себе­бі, Құдай жолын оңғарып, жиырма жеті жасынан бастап ат үстінен түспей келеді. Газет-журнал редакторы, ұлттық теле-радио корпорациясының төрағасы сияқты лауазымды қызметтер атқарды. Бір-екі мәрте Жоғарғы Кеңеске депутат болып та сайланды. Атақ-абыройдан да кенде емес. Басқасын айтпағанның өзінде, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Бірақ, не керек, балаларының бағы ашылмай-ақ қойды.

Ана ғұмыр бойы арақ ішуден қолы босамаған Сәрсенбайдың ұлын қарашы, жап-жақсы қызмет істеп жүр. Анау-мынау емес, Мәдениет министрінің орынбасары. Бала-шағалы. Сондай білімді, ізетті азамат. Ел арасында сүйкімі де бар. Соның арқасында бұрындары ешкім көзге іле бермейтін Сәр­сенбайдың да мәртебесі өсіп, абырой-беделі арта түскен. Бұндай баладан айналып кет­пейсің бе?! Әй, бірақ, Сәрсенбайдың қатыны жанын жеген пысық қой. «Балаға анасының ықпалы көбірек болады» деген сөз рас екен-ау!

Жалғыз ұлының осындай делқұлы болғанына көбінесе әйелін кінәлайды. Кейде өзін дүниедегі ең бақытсыз адам сезініп кетеді. Қайтсін енді, қанша бастық болса да, бұл да ет пен сүйектен жаралған жұмыр басты пенде. Әке ретінде қос перзентінің теңдерін тауып, бала-шағалы болғанын, бақытты өмір сүргенін қалайды. Кейде ата болып, немере иіскегісі келеді. «Әркімнің өз мұңы бар» деген осы: «Мендегі – бар, Сәрсенбайда – жоқ, ондағы – бар, менде – жоқ. Адамдық тұрғыдан алғанда, маған қарағанда атағы жоқ, шатағы көп Сәрсенбай бақыттырақ. Ешкімнің бақытын қызғануға болмайды. Таубайым, министрдің орынбасары болмай-ақ қойсын, өзім орналастырған қызметті дөңгелетіп, құбатөбел күн кешсе де жетер еді ғой. Несін жасырайын, жасырғанмен Құдай көріп тұр ғой, өзім де періште емеспін, күнә да жасадым, қызметімді пайдаланып көп нәрсені белден басқан кездерім де болды. Әлі күнге дейін сұлулармен ойнап-күлуді де қоя алмай келемін. – Көз алдына Гүлжайна елес берді, – Білгіштер «Өмір – бумеранг» дейді ғой. Сол пенделіктерімнің бәрі айналып келіп алдымнан шығып жатыр-ау! Пайғамбар жасына келдім. Енді бәрін қойып, құдіреті күшті Құдайға құлшылық етіп, күнәларымнан арылудың қамын жасау керек шығар».

Сансыз ойлар қаумалап, сансыратып-ақ тастады. Дел-сал күйде дастархан басына келіп отырды. Бүгінгі жаңалығын бәй­біше­сімен бөліспекші болып, жаймен сөз бастады.

– Бағана жұмысқа Жұманазар келіп кетті, – деді жөткірініп.

– Ол қызылкөз неғып жүр? – деді Биғайша шай құйып жатып.

Жолдыбай буы бұрқыраған қуырдақтан бір қасық алып, аузына салып жіберіп, шайнаңдаған күйі:

– Жазушылар одағындағы… Проза кеңесінің төрағасы ғой… ««Алаш» сый­лығына… жаңа шыққан кітабыңды ұсын… бәйгені шаппай аласың…» – дейді. Соны айту үшін… келіпті. – деді сөзін үзіп-созып.

– Ол қалайша жанашыр бола қалған?

– Әй, сен қойшы осы, а, аузыңа келгенді көкімей. Адамша келіп, мән-жайды түсіндіріп кетті. Онысына рахмет! Бірақ сыйлықтан бас тартқалы отырмын.

– Неге? – Бәйбішесі үрпие қарады.

– Жастармен жағаласып жарысқа түс­кенім ұят болар. Әрі Әміржан да «керегі жоқ» деп отыр.

– Ұяты несі?! Өз еңбегің ғой! Біреуден бірдеңені тартып немесе ұрлап алып жатыр­сың ба? Осы сен Әміржанға тым көп сенесің. Ол маған мүлде ұнамайды. Тым жылтыр, сөзінің пәтуасы жоқ. Біле-білсең, ол сені көре алмайды. Атақ-абыройыңды қызғанады.

– Оның сөзінің жаны бар. Сыйлықты алармын-ау, мың долларды да қалтама басармын. Бірақ абырой таппаспын.

Ақшаны естігенде Биғайшаның көзі жайнап кетті.

– Әй, сенің осы есің дұрыс па? Мың дол­лардан бас тартып…

– Айналайын-ау, ақшадан да қымбат нәрселер бар ғой.

– Ақшадан қымбат не бар, тәйірі? – Биғайша ернін сылп еткізді.

Осы кезде Таубай сөзге араласты:

– Әке, қазір ақшасыз түк бітпейді. Бір шаруа бастайын деп едім, маған алып беріңіз. Дәл қазір мың доллардай ақша керек болып тұр. – деді аузынан түкірігі шашырап.

– Сен, қойшы осы, – Жолдыбай ұлына ежірейе қарады, – талай мың доллар бердім ғой. Қайда соның бәрі?.. Ұшты-күйлі желге ұшып кетті ғой!

– Иә, талай қолдадыңыз, – деді Таубай жуаси қалып, – Жолым болмады. Тағы бір мәрте қолдап жіберіңіз. Мүмкін осы жолы қолым жүріп, ісім алға басып кетер.

– Таубайжанға алып бер, көрсін тағы бір мәрте бағын сынап. Қашанғы осылай үйде омалып отыра береді?! – Биғайшаның дауысы жарықшақтанып шықты.

– Шынымен тірлік бастаймын десе, былай-ақ тауып берер едім ғой! Әй, бірақ… бұл бірдеңе істейді дегенге сенбеймін! – Қабағы қатуланып кеткен Жолдыбай қолын бір-ақ сілтеді. 

– «Бірақты» қой, – Бәйбішесінің дауысынан діріл білінді, – меселін қайтарма, баланың!

– Бұл бала емес, пәле болды ғой!.. Мені өл­тірмей тынбас!..

Ашу қысқан Жолдыбай қолындағы қуырдақ жеп отырған қасығын дастарханға тастай салды. «Қайтсін енді, ана ғой, әлі де үміті бар, – деді көңілі астаң-кестең болып, – Бұл сорлы адам болмайды ғой!»

– Әке қарғысы ауыр болатынын өзің де білесің ғой. Сонша қарғанып не болды, саған?!. – Әйелінің иегі кемсең қақты.

– Ұлың екеуің екі жақтап әбден шаршат­тыңдар ғой!

– Құдай-ау, не істедік?

– Не істемедіңдер!.. – Үстелді жуан жұды­ры­ғымен қойып қалды. – Менен басқа біреу болса, баяғыда кетіп қалар еді.

– Қайда кетесің?

– Кетем десем, баратын жер табар едім!

– Ой, сен де бір, қайдағы-жоқты айтып… – Би­ғайша сөзін аяқтай алмай, қыстыға жылап жіберді.

– Кетсе, жолы болсын! – Таубайдың көзі алақ-жұлақ етті, – Білеміз ғой, бұның не істеп жүргенін!

– Не істеп жүрмін, иттің баласы?! – Жолдыбай ақырып қалды.

– Оны одақтағы қыз-жігіттерден сұра. – Ұлының қайтар түрі жоқ. – Олар тіпті бізден артық біледі.

– Сен біткен адамсың! – Қатты кетті.

– Не деп тұрсың-ей?! – Таубай зілдене орнынан атып тұрды. – Менің өстіп сорлап жүргенім, әрі-беріден соң сенің кесірің!

– Асырап-жеткізгеннен басқа не істедім, иттің баласы?

– Дұрыс тәрбие бермедің! Қыдырып, қызық қуып жүрдің! Сенің бар күнәңді мен арқалап жүрмін! – деді Таубай кеудесін ұрғылап. – Қарғап-қарғап, жолымды жауып тастадың! Қарғысың, өз басыңа көрінсін!

– Қарғайын десем – жалғызымсың, қар­ғамайын десем – жалмауызымсың! – Жолдыбай ауыр күрсінді.

– Асықпа, менен де құтылар сәт жақындап қалды. Дегеніңе жетесің!..

– Ұрыс-керіссіз өткізер күніміз болар ма екен?! – деді бағанадан бері сөзге араласпай үн-түнсіз үрпиіп отырған Жанар жанары жасаурап. – Қажыдым әбден! Өмір сүргім де келмейді.

Қызының сөзі қатты әсер еткен Жолдыбай оң қолының саусақтарымен маңдайын сипалап отырып қалды: «Мен ұрысайын деп ұрыспаймын ғой, жарығым-ау, көріп отырсың ғой, ұрыстырады ғой. Әбден мезі болғаннан ба, өзімді-өзім ұстай алмай қаламын. Артығырақ кетіп қалдым-ау!.. – Жүрегі шаншып өтті, – Жалғыз ұлымнан осындай ауыр сөздер естимін деп ойлаппын ба?! Әке мен баланың арасы осыншалықты суиды десе, ешқашан сенбес ем. Тіпті дұшпандарымның ешқайсысы да дәл осылай жанымды күйзелтіп, еңсемді езе алған жоқ!.. Көресіні, жалғыз ұлымнан көрдім ғой!..»

Бір жағынан әйелін де аяйды. Ақылы қыс­қалау болғанымен, жүрегі жұмсақ, жаны нәзік. Қулық-сұмдығы да жоқ, тұрған бойы осы. Анда-санда күңкілдеп қоятыны болмаса, бұл не десе де көне береді. Ана емес пе, ұлы мен қызының шаңырақ көтермегені оның да жанына қатты батады. Жүрегі шер-шеменге толы. Бірақ қолынан құр жылағаннан басқа не келсін?!

Ішін жарып шыққан перзенттерін ойлай-ойлай ауруға да шалдықты. Кейінгі кез­дері ыңқыл-сыңқылы тіптен көбейіп кетті. «Балаларымның анасы ғой, аман болсыншы! – деп қояды жаны ашып. – Мың долларды алып, қолына ұстатпасам… Өзі ала ма, ұлына бере ме, өзі білсін! Ал ана ақша тұра берсін. Ол өзіме керек. Кейінгі кездері Гүлжайна да ақша дәметіп, қыңқылдап жүр…»

* * *

Күнде түс әлетінде бір сағаттай көз шырымын алып алатын әдеті бар еді. Бүгін шаруасын тындырып алуды ойлап, жұмысына күндегіден ертерек келді. Гүлжайна түскі астан әлі келе қоймапты. Есікті өзі ашып кірді. Қара креслосына жайғаса беріп, тағы ой қармады: «Негізі, Биғайша дұрыс айтады, шынында да, біреуден бір нәрсе тартып, болмаса, ұрлап алайын деп жатқан жоқпын. Ұсынсам, өз ең­бегім. Әрі-беріден соң, сыйлық алам ба, алмайын ба, кімнің не шаруасы бар? Өзіңді шынымен мықты санасаң, қайта осындай аламан бәйгелерге атыңды қосып, бағыңды сынап көру керек. Бұл өзіңе де, шығармаңа да пайдалы. Есімің ел аузында жүреді, шығармаң оқылады. Жақсы болса да, жаман болса да, жұрт пікірін айтады. Яғни, тегін жарнама. Бұдан ұтпасам, ұтыла қоймаспын. Шығармаң жақсы болса, бәйге ала алмай қалсаң да, жеңіске жеткенің. Өйткені әркімнің өз жеңім­пазы болады.»

Осындай ой түйген Жолдыбай жаңа кіта­бын «Алаш» сыйлығына ұсыну керек деп шешті. Саматты шақырып алды да, оның қолына жаңа шыққан кітабының бес данасын ұстатып:

– Мынаны Жазушылар одағындағы Қайыр­ниса деген әдемі келіншекке апарып бер. Халықаралық «Алаш» сыйлығына ұсынылғандардың қатарына қосып қойсын! – деді тәптіштей тапсырып.

– Мақұл! Қатырам! – Бес кітапты қолты­ғына қысқан Самат шалт қимылдап, бұрылып жүре берді.

* * *

Арада бірер апта өте шықты. Бүгін күн сәрсенбі. Яғни, сәтті күн. Жолдыбай жұ­мы­сына ертерек келген. Өйткені бүгін «Алаш» сыйлығының тағдыры шешілетін күн. Алдындағы тізімге тағы бір мәрте көз жүгіртті. Жазушылар одағындағы хатшы досы: «Осылармен жұмыс істе, онсыз қиындау болады», – деп, «Алаш» сыйлығын беру жөніндегі комиссия мүшелерінің тізімін беріп жіберген. Қолына қарындашын алып, кімнің өзіне дауыс беретінін белгілей бастады. «Мынау сөзсіз дауыс береді, анау да қалыс қала қоймас… Бекең енді өзіміз ғой! Төкең де дос-жар адам. Секең де уәдесінде тұратын жігіт… Қуан… өз бауырым ғой!..» Бәрін белгілеп, қосу белгісімен тиянақтап та қойды. Тек бір фамилияға ерекше шұқшиды. «Әй, осы біреу маған дауыс бере қоймас…» Тағы біреудің есім-сойына кө­бірек көз қадады. «Бұның да маған дауыс беруі екіталай… Жарайды, екі дауыс ештеңе шешпес!»

Қара карындашпен сол екеуінің аты-жөнін өші кеткендей сызғылап, шимайлап тастады. Осы кезде үстелінің үстінде тұрған қара телефон шылдыр ете түсті. Жалма-жан трубкасын көтеріп, «Алло» деуі мұң екен, ар жақтан «Ас­салаумағалейкум» деген таныс дауыс естілді. Бірден таныды. Өзіне жиі хабарласып, одақтағы жаңалықтарды жеткізіп тұратын жас жазушы Айбар Айдаров. Аман-саулықтан соң:

– Аға, бүгін «Алаш» сыйлығының тағдыры шешілетінін білесіз ғой?..

– Иә, кеше Жұманазар ескерткен, – деді сабырлы қалпын сақтап.

– Мен сол Жұманазар ағаның тапсырмасы бойынша хабарласып тұрмын. Отырыс сағат онда басталады. Өзіңіз ішінде болғаныңыз жөн! – деді Айбар жанашырлық танытқандай.

– Жоға, бауырым, мені әуре ғып қай­те­сіңдер? Өздерің өткізе берсеңдерші.

– Аға, өзіңіз қатыспасаңыз, жағдай қиын­дау болайын деп тұр. Мұнда сізге қарсы жұмыс істеп жатқан адамдар бар.

– Ниетіңе рахмет, бауырым! Түк көрмеген тексіздей сүмірейіп отырғаным ұят болар.

– Оның несі ұят, аға! Егер келмесеңіз, сыйлықты ала алмай қалуыңыз мүмкін. Міне, ұяттың көкесі сонда болады. «Жолдыбай Малдыбайұлы «Алаш» сыйлығына ұсынылып, ала алмай қалыпты» деген атының өзі жаман емес пе! Сондықтан келгеніңіз жөн. Құдайға шүкір, абырой-беделіңіз аспандап тұр, жай ғана қара көрсетуіңіздің өзі, кез-келген дұшпаныңыздың мысын басып тастайды ғой!

– Жақсы, бауырым, түсіндім! Ойланып көрейін, – деп трубканы орнына қоя берген.

Тағы да ойға батты: «Әй, шынында да, ұсынылып тұрып, ала алмай қалсам ұят емес пе?! Елде не шаруам бар, не десе, о десін, барсам, барайын. Ең бастысы, сыйлықты алып, қанжығамды майлап қайтсам болды емес пе?!» деген шешімге келіп, орнынан көтерілді.

 

* * *

Бұл келгенде екінші хатшының кабинетіне комиссия мүшелері тегіс жиналып, іске кірісуге тас-түйін дайын отыр екен. Бәрі жапатармағай орындарынан атып-атып тұрысып, кезекпен сәлем беріп, қол алысып, құрақ ұша амандасты. Жолдыбай да оңтайлы сәтті ұтымды пай­даланып қалғысы келіп, әрқайсына жеке-жеке көңіл бөліп, хал-жағдай сұрасып, жылы шырай танытты.

Сөзді төрде отырған әділқазылар алқасы­ның төрағасы Жұманазар Серікбай бастады. Тамағын кеней жөткірініп алды да, үміт­керлердің есімін кезегімен атап шықты:

– Жолдыбай Малдыбайұлын білмейтін қазақ жоқ шығар. Таныстырып жатудың өзі артық, – деп сырғытып өте шықты да, басқа үміткерлерге кеңірек тоқталды. Әсіресе, ана бір өзінің жерлес інісі – Өркен Сәрсен деген жас жазушыны көпіртіп көп мақтады. «Әрине, ол, шынында да, талантты қаламгер. Бірақ менің шығармашылығым туралы да аз-кем айтып өтсе несі кетер еді», – деді іштей өкпе артып.

– Кәне, кім не айтады? Ойларыңызды ашық білдіріңіздер, – деп төраға сөзін аяқтаған.

Комиссия мүшелері кезегімен сөз алып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Бір қуанғаны, бәрі бұны бір кісідей мақтады. Шыны керек, мақтау мен марапаттан кенде болып жүрмесе де, әріптестерінің бағалауы бір бөлек қой, шіркін, жаны жадырап, көңілі марқайып-ақ қалды. Басқа үміткерлер жайына қалды, төрағаның сөзінен басқа олар туралы көп ештеңе айтыла қоймады. Бәрі алдын-ала келісіп алғандай:

– «Жолдыбай Малдыбайұлы – әдебиетке үлкен дайындықпен келген, өз үні, айшықты қолтаңбасы бар, өзіне ғана тән қаламгерлік мектебін қалыптастырған өте талантты жазушы. Қазіргі қазақ прозасында Жолдекеңнің алдына түсер прозашы жоқ, әдебиетімізге дәл осы ағамыздай еңбек сіңірген қаламгерлер сирек. Бұл кітабы да қазақ әдебиетіне қосылған қомақты үлес» деген сыңайдағы сөздерді бірінен соң бірі сәл-пәл өңін өзгертіп айтып жатты. Ең бастысы, «Жолдыбай Малдыбайұлының жаңа шығармасы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына әбден лайық» дегенді де ешкім ұмытқан жоқ.

Қаламдастарынан жақсы сөз естіп, мерейі тасыған Жолдыбайдың төбесі көкке бір елі ғана жетпей қалды. «Келгенім де жақсы болыпты ғой, – Өзіне-өзі дән риза. – Енді сыйлықты мен алмағанда, кім алады?!» Тіпті «дауыс бере қоймас» деген күдік-күмәнмен тізімнен аты-жөндерін сызып тастаған өзі құралпас екі жазушының бірі бұны «шашасына шаң жұқпас хас жүйрік» деп мақтауын асырса, ал екіншісі тіпті қызды-қыздымен «шаппай бәйге алатын бәйгеторы» деп бағалады. Қысқасы, Құдай бұйыртса, жүз пайыз дауыс алып, халықаралық «Алаш» сыйлығын қанжығасына байлайын деп тұр. Енді сыйлықты аларына сенімділігі күшейіп, қалай жууды ойластыра бастады. «Отырыс біте сап комиссия мүшелерін үйге шақырсам ба екен?! Иә, сол дұрыс шығар. Мей­рамханаға апарсам, мың доллардың өзі жетпей қалар. Қой, Биғайшаға ескертіп қояйын, ас-суын әзірлей берсін.»

Еппен басып сыртқа шықты да, дереу бәйбішесіне телефон шалды, ар жақтан «Иә, не болды, алдың ба?» деген дауыс саңқылдап шықты. Әйеліне бір нәрсені түсіндірудің өзіне біраз уақыт керек екенін жақсы білетін Жолдыбай «бәрібір аламын ғой» деген оймен сөзді көбейткісі келмей, асығыс-үсігіс: «Он бес адамға шамалап қазанға ет сал. Әй, ана жол­ғыдай тақұл-тұқыл болып, тағы ұятқа қалып жүрмейік, молырақ сал. Басқа да ішім-жеміңді әзірлеп, дастарханды жайнатып қой. Кешікпей барып қаламыз!» – деді де, жауап та күтпестен жалма-жан телефонын өшіре салып, жоқтығымды пайдаланып дауыс беріп қоймасын деген сақтықпен аяғын жылдамдата басып ішке енді.

Шынында да, комиссия мүшелері дауыс беруге жиналып жатыр екен. Төраға ыңы­ранып:

– Жолдеке, мен сізді неге кетіп қалды екен деп ойланып отыр едім. Қайтып келгеніңіз қандай жақсы болды, – дей келіп, отырғандарға жағалай көз тастап, – Кәне, дауыс берейік. Әділетті болу үшін дауыс жасырын беріледі. Бір­ақ көз алдарыңда саналады. Осыған келі­семіз бе? – деді жан-жағына маңғаздана қарап.

– Иә, дұрыс! Келісеміз! – деді бәрі бір кісі­дей шу ете түсіп. – Сол дұрыс!

– Ендеше, не тұрыс, іске көшейік!

Әркім өзі таңдаған адамның аты-жөнін жазып, ортадағы шыны жәшікке біртіндеп сала бастады. Жолдекең міз бақпай бақылап отыр. Көңілінде еш күдік-күмән жоқ. Сыйлықты алатынына нық сенімді. Бас айналдырар мақ­тау сөздер естісе, сенімді болмай қайтсін! Оның үстіне, өз ойынша бәсекелестерінің арасында бұнымен үзеңгі қағыстырар да ешкім жоқ.

Комиссия мүшелері кезегімен дауыс беріп, қайтадан әркім өз орнына жайғасты. Әр қимылды қалт жібермей қадағалап отырған Жұманазар Серікбай жөткірініп қойып:

– Кәне, санақ комиссиясының мүшелері, жәшікті ашып, дауысты елдің көзінше санаң­дар, – деді қоқиланып. – Кім қанша дауыс ал­ды екен?

Үш қаламгер жәшікті ашып, дауысты санай бастады. Бір-біріне көз қиықтарын салып қояды. Асықпай, қайта-қайта санады. Бәрі көзбен бағып отыр. Бір кезде «санап болдық» деген сыңай танытқан санақшылар жалтақтай төрағаға қараған. Жұманазар тағы да маңғаздана:

– Кәне, білейік, кім қанша дауыс жинап­ты. Арамызда бәріміз құрмет тұтатын Жолдекеңнің өзі отыр, үлкенін сыйлайтын халықпыз, ағамыздан бастаңдар, – деді сөзін нығарлап.

Санақ комиссиясының мүшелері бір-бірі­не «сен айт… сен айт» дегендей жаутаңдай қарасты. Қабақтары салбырап, өңдері қуарып, қипақ қақты.

Жолдыбайдың көңіліне күдік ұялап, іші қылпылдап қоя берді: «Мыналарға не көрінді-ей?! Сұрыңды ұрайындардың сұрлары қашып кетті ғой, түге!»

– Сендерге не болды? Таскерең болып қал­ғаннан саумысыңдар, – деді Жұманазар дауысын көтере, – «Жолдекең қанша дауыс алды?» деп сұрап тұрмын ғой?..

Сол сәт қызыл бет жігіт ұйқыдан шошып оянған жандай жан-жағына жалтақтай қарап:

– Жолдекеңе… бір-ақ… адам дауыс… бе­ріпті, – деді күмілжи тіл қатып.

– Тәйт, не дейді? – деді төраға таңданысын жасыра алмай, – Мүмкін емес, дұрыстап санаң­дар!

Санақ комиссиясындағы үшеудің бірі – пайғамбар жасына келген, кімге болсын бетің бар, жүзің бар демей, өз ойын ашық айтып салатын Боранбай Жасын шыдай алмады:

– Өздерің көріп отырсыңдар ғой, үш рет қайталап санадық. – деп дүрсе қоя берді, – Енді менен басқаларың дауыс бермесеңдер, жоқ дауысты жерден қазамыз ба?!

Ешкім қарсы дау айта алмады. Жолдыбай ләм-мим деп тіл қатқан жоқ. Қабақ-басы салбырап, ақырын жылыстап шыға берген. «Әй, өзіме де обал жоқ! Бекер-ақ келдім! Масқара болдым-ау!» – деді іштей өзін-өзі кінәлап.

Әлгінде дауыс санаған қызыл бет жігіт артынан ілесе шықты:

– Аға, мыналардың бәрі екіжүзді екен ғой. Жаңағы бір дауыс менікі, аға! – деді елпек қағып. – Бәрі сізге дауыс беретін шығар деп ойлап ем.

Жолдыбай оған жауап қатпады, тіпті мойнын бұрып қараған да жоқ. Есік алдында тұрған қызметтік көлігіне келіп отырды да, жүргізушіге:

– Жұмысқа тарт! – деді бұйыра.

Кеудесін кере ауыр күрсінді де, қалтателе­фо­нын қолына алып, Гүлжайнаға қоңырау шалды.

– Құттықтай беруге болатын шығар, ә, төрем? – Хатшы қыздың дауысы саңқылдай шықты.

Шындықты айтуға намыстанып:

– Әрине, – деді сызданып.

– Құтты болсын! Жуамыз ғой!

– Әлбетте. Келе жатырмын, кетіп қалма. – Қысқа қайырды.

Көлік жүргізушісінің көзінше артық-ауыз сөз айтқысы келмей, телефонын өшіре салды. Сол сәт бәйбішесі қоңырау шалды:

– Жолдыбай, қашан келесіңдер? – Дауысынан қуаныштың лебі еседі. – Бәрі дайын.

– Биғайша, – деді тістеніп, – Құладым!

– Ойбай, көтек, қайдан құлап жүрсің?

– Қайдан болушы еді?! Сыйлықтан… – Дауысы зілді шықты.

– «Дастархан жая бер» дегенге алған екен де­сем.

– Аз-кем кідіріп қалды, – Не болды, өзі?

– Кейін айтамын, – деді дауысы қат­қыл­данып, – Бүгін мені күтпей-ақ қойыңдар. Шұғыл шаруамен Астанаға ұшып барамын.

– Үйге соқпайсың ба?

– Үлгермеймін, уақыт тым тығыз. Сегіздегі ұшаққа үлгеруім керек. Ертең сағат онда Ақор­дада жиын өтеді екен. Президенттің өзі қатысатын көрінеді.

– Жолың болсын! – Дауысы бұзылып кеткен бәйбішесі телефонын сөндіре салды.

«Қатынды алдай алмайсың! Сезіп қойды, әкең… Үйге барып, көз алдау үшін киім-кешекті ауыстырып шығуым керек пе еді?! Әй, бірақ тап қазір ырғалып-жырғалып жүруге уақыт та, көңіл күй де жоқ қой! – Жол­дыбайдың көңілі түсіп кеткенімен, оған онша бас қатыра қоймады. – Әй, қойшы, қайда барар дейсің?! Ары кетсе, тулап-тулап қояр! – Қалтасынан қол орамалын алып, маңдайынан шып-шып шыққан терді жайлап сүртіп қойды. – Бүгін бір демалмасам… Шаршадым… Шаршатты бәрі…»

Қалтателефоны қайта шылдырлады. Жұманазар екен. Көтерсем бе, жоқ па дегендей азырақ ойланып тұрды да, мүмкін қайта дауыс беріп, сүйінші хабарды жеткізгелі тұрған шығар деген дәмемен:

– Иә, – деді телефонын құлағына тақап.

– Жолдеке, айып бізден, ұят болды. Бір дауыстың кімдікі екенін өзің білесің ғой.

– Соны білсем ғой, шіркін!.. – деді қи­тығып.

– Менен басқа кім болушы еді, Жолдеке?! Келесі жолы атысып-шабыссам да алып беремін!

– Рахмет, Жұманазар! – деді селқостау тіл қатып, – Бүйткен сыйлығы құрысын!

– О, не дегенің, Жолдеке, өмір осымен тоқтап қалмайды ғой. Алтын басың аман болсын!

– Иә, «жамандықты амандық жеңеді!» Амандық болсын!

Жолдыбайдың қитыға қалғанына жыны ұстаған Жұманазар қолындағы телефонын үстелге лақтыра салды. Осы сәт ар жақтан қарқылдай күлген дауыстар естілді.

– Халтурщик!..

Жолдыбай Жұманазардың дауысын жазбай таныды. Телефоннан айғай салып, жеті атасынан сыбап салғысы келді. Бірақ өзіне-өзі басу айтып, сабырға шақырды: «Өзімді олай масқараламай-ақ қояйын. Ештеңе білмегендей жүре берейін. – Телефонын өшіре салды. – Атаңа нәлет, кек қайтарудың да оңтайлы сәті туар, орайы келер.

Әй, осы кек алу керек пе осы? Менің жіге­рімді ешкім де құм қыла алмайды! Әрине, жүйкеге, жүрекке аздап салмақ салады. Бірақ мен бәрібір жеңімпазбын! Ал Жұманазарлар – арман-аңсарлары күлге ұшқан, мұрат-мақсат-мұраттарына жете алмаған жеңілген жандар. Үлкен әдебиетте орындары жоқ, санда бар да, санатта жоқ бейшаралар ғой. Олармен айтысып-тартысып абырой таппаспын! Бұның күйі менен де жаман ғой. Ана жылы ғана жар дегенде жалғыз ұлынан айырылды. Ет пен сүйектен жаралған жұмыр басты пенде ғой, басына түскен сондай қайғы-қасіретті де ұмытып кетті. Ендігі істеп жүргені мынау. Мені мұқатқаннан не пайда табам дейді екен?! Одан да бір уақ ойланып, тәубесіне түспей ме! Табаламаймын, аяймын! – деді тісін шақыр-шұқыр еткізіп, – Мені қынжылтқаны, қалайша бір-ақ адам дауыс берді екен, ә?! – Комиссия мүшелерінің бейнесін тағы бір мәрте көз алдынан ойша өткізіп шықты, – Шы­нымен осы он екі адамның біреуі ғана дауыс берді ме?.. Тіптен сенгім келмейді! Дәмдес-тұздас болған, кезінде бірге жүрген қатарластарым, бір кезде қайыр-шапағатым тиген бауырларым… – Ауыр күрсініп, басын шайқай берді, – Оны да қойшы, жарайды! Өмір ғой, не болмайды? Жалғыз дауыстың иесі кім болды екен? Бәрінен де сол қызық болып тұр. Дәу де болса, Қуан бауырым ғой! Кезінде қызметін өсірмегеніме ренжіп кетіп еді. Қашанда жақсы сөз айтып, абыройымды қыз­ғыштай қорып жүретін ең жақын, ең сенімді серігім еді. Сондықтан өзімдікі де дұрыс дей алмаймын. Адам өкпелейтін адамына ғана өкпелейді ғой! Кейіннен сол қателігімді түсініп қайыра қызметке шақырып едім, намысшыл, мінезді жігіт қой, келмеді. Талантты адам жерде қалмайды ғой, одан ешқандай кем болған жоқ, өз тірлігі өзінде, жақсы шығармалар жазып жүр. Менің ойымша, дауыс берген – сол. Аман болсын!»

Қалтасынан темекі алып тұтатты. Құшыр­лана сорып, түтінін машинаның терезесінен сыртқа қарай будақтатты. Бойын ашу-ыза кернеп, қыстығып отыр: «Мүмкін, шығармам, шын мәнінде, осындай мәртебелі сыйлыққа лайық емес шығар?! – деді кенет ойланып, – Кез келген қаламгердің әр жазған-сыз­ғаны шедевр бола бермейді ғой! Кейде сәт­ті, кейде сәтсіз шығады. Мүмкін, бәйгеге түс­кен басқа жазушылардың шығармасы, ра­сында да, менікінен мықтырақ шығар?! Сондықтан сонша жүйке жұқартып, өзіңді-өзің қинаудың не қажеті бар?! Әй, бірақ, сыйлықтан қағылғаныма емес, адамдардың аярлығы мен екіжүзділігіне күйініп отырмын ғой. Әйтпесе, бұйырғанын алдық қой!»

Өзін-өзі қанша жұбатқанымен, жүрегі сыздап ауырып, сол жақ қолы ұйый бастады. Оны елең қылар Жолдыбай жоқ, Гүлжайнаға жеткенше асығып келеді. Қаршадай қызды қара тұтып, жабырқаған жанына жылылық іздейді: «Менің сыйлығым – Гүлжайна ғой! Емім де, емшім де сол…» – деп өзін-өзі жұба­тып қояды.

Осы сәт телефоны шырылдады. Бәйбішесі екен, жүрегі әлдебір жамандықты сезгендей дүрсілдеп қоя берді.

– Иә, – деп телефонын құлағына тосуы мұң екен, ар жағынан бәйбішесінің зарлы дауысы естілді:

– Таубайым-ай… Таубай… ыым!..

Жүрегі зырқ ете қалды. Тұла бойы түршігіп, төбе-құйқасы шымырлап қоя берді. Одан әрі ештеңе естігісі келген жоқ, телефонын оң қолына қатты қысып алған, сол қолымен шопырдың иығынан жұлқылай берді:

– Үйге тарт… үйге!.. Жыл… дам… жылдам… ырақ! – деді тұтыға сөйлеп.

Жалт қараған жүргізушінің көзі бақырайып кетті. Сасқанынан рөлді бұра берді. Осы кезде бір нәрсе тарс етіп қатты соғылды да, машина аударылып бара жатты. Не болғанын түсінуге шамасы келмеген Жолдыбай ернін жыбырлата күбір етті:

– Кешір… ші, Таубай… ым… кеш… ір… ші!..

Думан Рамазан

author

Думан Рамазан

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...