Әдебиет әлеміндегі өмірлік синезтезия

ӘДЕБИЕТ
3107

Сіз өміріңізде бір рет болсын естіген дыбысыңызды көріп пе едіңіз? Яки көрген түсіңіздің дәмін сезіп пе едіңіз?

Сәл қиялға беріліп көрелік: қолыңызда тұрған жап-жасыл алманы жеместен бұрын оның шырынды, қышқыл дәмін сезесіз ғой? Тіпті қазір де қос ұртыңызға алманың дәмі келді. Енді қызығы бұл объект сіз білетін нәрсе емес, теледидар пульті немесе жай ғана әйнек болса ше? Сіз бұлардың жаңағы жасыл алманың дәмін сезген секілді дәмін сезе аласыз ба? 

Мысалы, кез-келген бір дыбысты естігеніңізде көзіңіздің алдына сол дыбыстардың түстері немесе тәтті дәмі тіліңіздің ұшына келе ме?

Егер осы сұрақтардың бәріне «ия» деп жауап берсеңіз, онда сіз синезтезиксіз!

Синезтезия деген не?

Сөз түбірі грек тілінің syn (бірге) және aesthe-sis (қабылдау) сынды екі ұғымнан тұрады. Синестезия - бұл психикалық оқиғалар сананы қозғағанда пайда болатын саналы сенсорлық, еріксіз тәжірибе. Басқаша айтқанда, оны «біріктірілген сезімдер» деп те атауға болады, яғни кіл сезімдерді бір уақытта қабылдайтын немесе бір-бірімен араластыратын жағдай ретінде анықталады.

Синезтезия артықшылық па әлде кемшілік пе?

Адамдардың бір бөлігі ғана күнделікті өмірде осындай тәжірибеге ие. Жалпы статистикаға сүйенсек 23 адамның тек бірінде ғана синезтезия кездеседі.

Синестезияны кейбір зерттеушілер тілдік емес ойлаудың ерекше симптомы деп санайды, ал басқалары оны толық «ауру», «ауытқушылық» және адамның мистикалық қабілеті, кереметі деп есептейді.

Бірақ синестезия - бұл қабылдаудың бұзылуы немесе ауру емес. Керісінше сезу мүшелерінің ерекше дамығандығын сипаттайды десек дұрыс айтқанымыз болар. Синтетизиктер дегеніміз - жалпы сезімтал, қияли, ақыл-ойдың адамдары. Олардың көбі дерлік өнер адамдары болып келеді.

Адамды адам ретінде шектейтін, бәлкім еркіндікке жетелейтін бес сезу мүшеміздің шатасуы яки дамуы артықшылық па немесе кемшілік пе, төрелікті өзіңізге қалдырдық құрметті оқырман.

Синезтезиктер нені қалай сезеді?

Синестезияның көптеген формалары бар, бірақ жалпы олар 2-ге бөлінеді. Ең кең таралған түрінде адам әріптерді түс ретінде сезінеді. Адам әр әріпті әр түрлі түс ретінде қабылдайды. Бір қызығы бұл адамдар дәмді, иісті немесе дыбысты түстер ретінде қабылдай алмайды.

Ал осы дәмді, иісті және дыбысты түстер ретінде қабылдайтын синестезик адамдар өте аз. Бұл топқа кіретін синестезиктер басқа топқа қарағанда әлсіз жадыға ие. Олар өздері өмір сүрген және бірнеше жылдан кейін еске түсіре алмайтын оқиғаны есте сақтау қабілетінің арқасында емес, оқиғаға сілтеме жасаған иіс арқылы есіне алады. Олардың ойынша әр қаланың, әр үйдің, әр жердің, әр дәмнің, әр дыбыстың түсі әр түрлі. 

Синезтезияның әдебиеттегі көрінісі

Әдебиет әлемінде синезтезия теңеу яки ұқсату түрінде жазылады. Бірақ бұл теңеулер мен ұқсату кәдуімгі біздің логикамызға сиятын теңеулер қатарынан емес екенін айта кеткеніміз жөн. Жазушылар өз ойларын оқырмандарға неғұрлым шығармашылық түрде жеткізу үшін синестезияны жиі пайдаланады. Екі немесе одан да көп сезімдерді біріктіру арқылы олар өз шығармаларын көркемдей алады. Синестезия сөйлемге көбірек мағына қосып, оқырмандар санасында жарқын бейнелер жасауға көмектеседі. 

Мысалы, Оскар Уайлдтың Саломея пьесасындағы «Дауысыңыз маған шарап сияқты» деген сөйлемді қарастырыңыз. Бұл жерге шарап пен дыбыс сөздері екі түрлі сезімге қатысты. Ал енді осы бір сөйлемнің жұпары танауыңызға келді ме, құрметті оқырман? Келмесе тағы сол Саломея пьесасынан бір мысал келтіріп көрелік: “Орманда тұратын үнсіздік сіз ойлағандай қап-қара емес.” Енді ше? Тіліңіздің ұшына үнсіздік дәмі келді ме екен?

Алып ақын Дантенің Құдіретті Комедиясында, “Күннің үнсіздігі орын алған өлкеге кетейік” деген сөйлем кездеседі. П.Б. Шеллидің Мимозасында гүлді суреттеген ақын, “Музыка секілді өте жұмсақ, өте нәзік. Ол сезімнің иісі секілді сезіледі” деген жолдар бар. Сіз мұнда күннің үнсіз қалғанын немесе музыканың жұмсақ, сезімнің жұпарын сезінесіз. Бәлкім бұл да синезтезиялық күй шығар, құрметті оқырман?

Дәл сол секілді дәм мен иіс Буниннің өлеңдері мен прозасында ерекше рөл атқарады. Оларды Бунин шығармаларындағы әлемді, кейіпкерлерді, уақыт пен кеңістікті сипаттайтын кілт ретінде есептесек те болады. Мысалы, Бунин иістерді ерекше бейнелейді: (Орыс әдебиетінен келтірілген мысалдар түпнұсқа күйінде сақталды. Ред.) “под степною хатой, в жарком аромате... ”, дыбыстар: “этот легкий скрип... ”, “идет тяжелый гул по липам... ”

Мұнымен қоса орыс әдебиетінің күміс дәуірінде синезтезиялық көріністер жиі байқалады. С. Есениннің Күз өлеңінде: “слышен синий лязг её подков”,  К. Бальмонтта – “флейты звук зорёвый, голубой”. А. Блокта болса – “пролился звонко-синий час” немесе В. Маяковскийдің атақты “Я сошью себе чёрные штаны из бархатного голоса своего! ” сынды өлең жолдарында синезтезияны анық байқауға болады. Біз бұл өлең жолдарын оқып оқырып расында иістің түсін, дәмнің кейпін көре алатындаймыз.

Қорыта айтқанда, әдебиет әлеміндегі синезтезия оқырман қауымға жаңа кеңістіктер мен жаңа сезімдер сыйлайтыны сөзсіз. Ал бұл жаңа кеңістер мен сезімдердің көркем яки көріксіз болуы өзіңізге тиесілі, құрметті оқырман!

Ақжолтай Арман


author

Оскар Уайлд

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...