Джек Лондон. Кіш туралы аңыз

ӘДЕБИЕТ
1444

Кіш – ертеде солтүстiк үйек теңiзi жағасында жасаған, көсем болған кезiнде өз халқын бастап, талай-талай баяшат жылдарды бастан өткерген, өмiрiнiң соңында даңққа бөленiп, ел аузында аты қалған адам. Көп заман iлгерi өмiр сүргендiктен оның есiмi тек жасамыс кiсiлердiң есiнде ғана қалыпты. Оның ныспы мен ол жайындағы әңгiмелер бұрынғы өткен адамдардан бүгiнге аңыз боп жетсе, ендi ол кейiнгiлерге жалғасып, ұрпақтан ұрпаққа тарап, мәңгiлiкке кете бермек. Солтүстiктiң ақбұрқағы мұз тауларды тұмшалап, аспан аясы қар ұшқындарына толып кеткен, ешкiм ешқайда тәуекел етiп шыға алмас болған қақаған қыстың тас қараңғы түнi – Кiш жайында, оның ауылдағы ең жұпыны мұз тошалада туылып, кейiн барлық ауылдастарының төбесінен қарайтын билiк пен таққа көтерiлгенi туралы шешiле айтудың ең бiр тамаша сәтi едi.



Аңызда айтылуынша, ол өте зерек, мығым денелi, қайратты бала болыпты. Өздерiнiң уақыт есебi бойынша, он үш рет күн көрiптi. Әр жылы қыста күн даланы түнекте қалдырып ғайып болып, келесi жылы қайта шыққанда ғана олар кезектi рет шұғылаға шомылып, бiр-бiрлерiнiң жүздерiн тағы көредi екен. Кiштiң әкесi де өте ержүрек адам болыпты. Бiрақ, бiр реткi ашаршылықта қапыда ажал құшқан. Ауылдастарын аман алып қалу жолында үлкен бiр ақ аюға жанын берген. Өзекжарды үмiтпен жетiп барып, алыса кеткенде алып аю оның омыртқасын опырып жіберіпті. Есесiне аюдың етi мол болғандықтан, елi аман қалыпты. Кiш оның жалғыз ұлы болғандықтан, содан кейiн анасымен бiрге өмiр сүрiптi. Жұрт қашанда ұмытшақ келедi ғой, оның әкесiнiң өлiмi бiрте-бiрте ел жадынан шығыпты. 

Онда Кiш болса әлi бала, анасы болса, әлсiз әйел заты болғандықтан, көп тошаланың iшiндегi ең нашарына келiп кiруден iлгерi-ақ бiржола ұмытылыпты.

Қайсыбiр түнi ауыл ақсақалы Клош-Куанның үлкен тошаласында өткiзiлген кеңесте Кiш тосын мiнез көрсетiп, асаулық танытыпты. Ол ересектерге тән айбынмен орнынан көтерiлiп, әуелі маңайдағы гуілдеген дауыстардың тынышталуын күтіптi.

– Рас, азықтық ет маған және бiздiң отбасымызға дұрыс бөлiніп жүр, – дейдi ол іле сөз бастап, – бiрақ, көбiнде кәрi-құртаң, сiңiр-шандыр, одан қалды сүйек-саяқ болып келедi.

Ақсақал, қарасақал аңшылар тiксiнiп қалады. Мұндайды бұрын естiмеген едi. Бесiктен белi шықпаған бала үлкендерше сөз саптап, ыңғайсыз iстi бетке басып тұрғанын көрмейсiң бе!

Бiрақ, Кiш ұстамдылықпен салмақты сөзiн жалғай бередi:

– Мен өз әкем, атақты аңшы Бүктi бiлгендiктен осы сөздi айтып тұрмын. Айтуларға қарағанда, ол жалғыз өзi әр жолы мықты екi аңшының олжасынан көп ет әкелiп, өз қолымен бөлiп, ауылдағы кәрi әжелер мен үлкен аталарға өз үлестерiнiң әдiл таратылуын көзбе-көз қадағалайды екен.

– Әй! Әй! – деп айғайлайды үлкендер – Мына баланы далаға шығарып жiберiңдерші!

– Төсегiне барып ұйықтасын!

– Ақсақалдар мен үлкендердiң бетiне қарап сөйлеуге әлi жеткен жоқ!

Кiш дабыр басылғанша сабыр сақтайды.

– Сенiң әйелiң бар, Уг- глук, – дейдi сонан соң, – сен ол үшiн сөз сөйлейсiң. Ал менiң анамның менен басқа ешкiмi жоқ. Сондықтан мен сөйлеймiн. Айтайын дегенiм, Бук аңмен алысып, қапылыста мерт болса, ол мына мен және өз әйелі, менiң анам – Икига үшiн. Егер елде жетерлiк азық-түлiк болады екен, онда бiзде де жетерлiк азық-түлiк болуға тиiс. Мен – Кiш, Буктiң ұлы осыны мәлiмдеймiн!

Ол үнcіз отырып, сол сәт ду ете қалған ашу-ызаға толы наразы сөздерге құлақ түреді.

– Құшақтағы бала бiзге не iстеу керек екенiн айтатын болған ба?! – деп дауыстайды Масук, – ет деп жылаған балалардың мазағына қалатын адам мен емеспiн!

Бұрқ еткен ашуы басқа шауыпты. Олар мұны апарып төсегiне жатқызып қоймақ екен. Тағы келiп, азықсыз қаласың деп қорқытып, тентектiгi үшiн сазайын тартқызбақшы! Кiштiң көзiнен от шашырап, тасыған қаны бойын кернейдi. Қорлауға төзе алмай орнынан атып тұрды да:

– Сендер естiп қойыңдар! – дейдi тістеніп. – Мен ендi ешқашан да ауылдың кеңесiнде сөз сөйлемеймiн! Қашан өздерiң келiп, «болды, Кiш, сен сөйлеуге тиiссiң. Бұл – жөндi әрi бiздiң тiлегiмiз» дегенге дейiн. Барлығың естерiңде сақтаңдар, бұл менiң соңғы сөзiм. Менiң әкем – Бук атақты аңшы. Мен болсам оның ұлымын. Бұдан былай өзiм жейтiн азықты өзiм аулаймын. Бiлулерiң керек, мен олжа бөлiсiнде әдiл боламын. Бұдан кейiн ешбiр жесiр-жетiм, әлсiздер күштiлер артық жеген тамақтан қинала ыңыранып отырғанда азық тапшылығынан жетi түнде жылап-сықтамайтын болады. Күндердiң күнiнде күштiлер өздерiнiң артық жеген еттерiне ұялатын болады. Кiш болған менiң айтайын дегенiм осы! 

Ол есiктен шыға бергенде арт жағынан мазақ қылған, әжуалаған күлкi ду көтерiледi. Бiрақ, ол тiс жармайды. Жан-жағына көз салмаған күйi өз жолымен кете бередi.

Ертесi ол мұз бен құрлық шектескен жағаны бойлап, жолға шығады. Көзi шалғандар оның жетерлiк сүйектұмсық жебелермен қоса садақ асынып, әкесiнiң ау найзасын иығына көтерiп алғанын байқайды. Мұндай тосын оқиғаны ел сан саққа жүгiртiп, күлкiге әбден батып жатты. Iлгерi оның жасындағы ешбiр бала аңға шығып, жалғыз-жарым аң аулап көрмеген едi. Кейбiреулер басын шайқап, түрлi болжам жасаса, әйелдер жағы Икигаға аяушылықпен көз тастады. Оның жүзi уайым мен қайғыға толған едi.

– Ол сәлден соң-ақ қайтып келедi, – дедi кейбiреулер ыржыңдап.

– Барсын, бұл – ол үшiн бiр сабақ, – дедi аңшылар жағы, – көп ұзамай қайтып келедi. Әрi бұдан кейiн есiрмейтiн, ойланып сөйлейтiн болады.

Бiрақ бiр күн өтедi, екi күн өтедi, үшiншi күн болғанда алай-дүлей боран басталады. Ал Кiш болса әлi жоқ. Икига шашын жайып, күл араласқан түлен майын бетiне жағып, қасiрет-қайғысын сыртына салады. Әйелдер жағы, кiшкене баланы жәбiрлеп, өлiмге баруға мәжбүр еттiңдер деп ерлердi ащы сөздермен балағаттаса, айтарға сөз таппаған ер кiсiлер дауыл басыла салысымен өлiктi iздеуге дайындалады.

Бiрақ, ертесi Кiш ауылға аман-есен қайтып оралады. Жүзiнен ешбiр өкiнiш табы байқалмайды. Иығында көтерiп алған жаңа сойылған мол ет. Жүрiсiнде орнықтылық, сөзiнде мардымсу бар.

– Барыңдар, жiгiттер. Жiптерiң мен шаналарыңды алып, менiң iзiмдi қуалап бiр күншiлiк жол жүрсеңдер, – дейдi ол ыңыранып, – үлкен бiр ұрғашы аю мен кепе тартқан екi қонжығын кездестiресiңдер

Икиганың қуанышында шек болмайды. Бiрақ ұлы үлкен адамдардың сөз ләмiмен:

– Ал, Икига, ендi асқа отырайық. Содан соң мен ұйықтайын... әбден шаршадым, – дейдi.

Содан соң ол лашыққа кiредi де, тоя тамақтанып алып, жиырма сағат бойы қозғалмай жатып ұйықтайды.

Күмән-күдiктер бас көтерiп, көбейе келе үлкен дауға ұласады. Солтүстiк үйек аюын аулау өте қатерлi iс едi. Сондай қауiптi бола тұра аюмен қоса қонжықтарын да қоса аулапты. Үлкендер жағы қанша зорланса да өздерiн Кiштiң жалғызiлiк күйiнде сондай ғажап iстi орындай алғанына сендiре алмайды. Бiрақ әйелдер аузындағы бала арқалап әкелген жас ет олардың сенiмсiздiгiне қойылған тосқауыл болды. Сөйтiп олар мүмкiндiгi бар деген әр жайды сөз ете жүрiп, жолға шығады. Егер iс оның айтқанындай болса, оның аңның iшiн жаруды ұмытқаны сөзсiз. Дәл сол кезде солтүстiкте аңды өлтiре салып солай iстеу өте қажеттi едi. Олай етпегенде, ет суықтан пышақтың жүзiндей болып қатып қалып, үш жүз пұт келетiн серейген аюды шанаға көтерiп басып, мұз үстiнде сүйреу оңай-оспақ iске айланбайтын. Дегенмен, мегзеулi жерге жеткенде, олар Кiштiң жыртқышты өлтiргенiн ғана емес, өздерi күмән қылған, iшек-қарнын ақтару жұмысын да кәнiгi аңшылардай тыңғылықты орындағанын көредi.

Осылайша Кiш бiр-ақ күнде сырлы адамға айналды да шыға келедi. Оның жұмбағы күн өткен сайын тереңдей түседi. Келесi кезек аңға шыққанда қатарға жаңа қосылған жас аю аулайды. Одан кейiнгi жолы үлкен еркек аю мен қасындағы сыңарын қоса олжалайды. Мұзды далада бiр жетiге дейiн қонып-түнеп жүре беру ол үшiн онша қалыпсыз iс есептелмегенмен, әдетте үш-төрт күнде қайтып келетiн. Оның әр сапарында қасына жолдас ертпейтiнi адамдарды таңданысқа салды. «Сонда қалай амалдайды екен? – деп сұрайтын бiр-бiрiнен, – иттiң көмегi көп бола тұра, қасына түк ит ертпейдi»

– Иә, сен неге ылғи да аю аулайсың? – деп сұрайды бiр жолы Клош-Куан одан тәуекелге мiнiп.

Кiш тиiстi жауабын бередi.

– Аюда еттiң көп болатыны белгiлi жағдай, – дейдi ол.

Бiрақ ауылда сиқыршылық жөнiндегi әңгiмелер тарап кетедi. «Ол жынмен сиқырлап аң аулайды екен, – дейдi бiреулер езеуреп, – сондықтан, ол мол олжаға қол жеткiзедi екен. Егер жынмен сиқырламаса, басқа қандай амалы болуы мүмкiн?».

– Бәлкiм, жын емес, басқа бiр жақсы әдiсi бар шығар, – дейдi басқалар, – оның әкесiнiң мықты аңшы екенiн ұмытпаңдар. Әлде аңға шыққанда әкесi көмектесiп, сол себепті алғыр, сабырлы, аңғарлы болып кеткен шығар, кiм бiледi?

Оның жеңiстi iстерi үздiксiз жалғаса бередi. Өнерi жетiлмеген аңшылар оның олжасын тасумен ғана қарбаластыққа түседi. Бөлiсте әдiл болады. Iлгерi әкесi iстегендей ақсамайлы әжелер мен ақсақалды аталар өздерiне тиесiлi үлестi алғандарын өз көзiмен бақылайды. Ал өзi қажетiнен артық алмауға толық табанды болады. Сол себептi оның аңшы ретiндегi беделi тiктелiп, былайғы жұрт құрметпен қарайтын болады. Тiптi, имене бастайды. Ел арасында ол қарт Клош-Куаннан кейiн көсем болады екен деген сөз тарайды. Осындай iстерден кейiн жұрт оның ауылдың алқалы кеңесiнде төбе көрсетуiн үмiт етедi. Бiрақ ол келмейдi. Жұрт та шақыруға ұялады.

– Мен өзiме бiр тошала салуды ойлап жүрмiн, – дейдi ол бiр күнi Клош-Куан мен бiрнеше аңшыға, – ол өте үлкен болуға тиiс. Онда Икига екеумiз тұрамыз.

– Иә, – дейдi олар бастарын изеп.

– Бiрақ менiң уақытым жоқ. Менiң жұмысым – аң аулау. Бар уақытым соған кетiп жатыр. Сондықтан, ауылдағы менiң олжамды жеп жатқан басқа адамдар салып беруi керек.

Тошала айтқанындағыдай салынып болады. Жалпы көлемi Клош-Куанның тұрағынан асып түседi. Кiш шешесiмен бiрге көшiп кiредi. Бұл оның анасының күйеуi Бук өлгеннен кейiнгi алғаш көрiп отырған рахаты едi. Тек заттық жақта ғана емес, ақылды ұлы болғаны себептi қоғамдық орны қайта тiктелiп, бүкiл ауылдағы «бiрiншi әйел» ретiнде құрметке ие бола бастайды. Тiптi, көптеген әйелдер арнайы iздеп келiп, одан ақыл-кеңес сұрап, өздерi ара, болмаса ерлермен ара айтыстарда оның айтқандарынан нақыл келтiре бастайды.

Бiрақ, бәрiбiр, Кiштiң керемет аңшылығының сыры адамдардың ойында бiрiншi орында тұрады. Қайсыбiр күнi Уг-глук оның сиқыршылығын бетiне басып айтып салады.

– Паш қылып жүргендер бар, – дейдi Уг-Глук бiр пәленiң шетiн шығарып, – сенiң жын-iбiлiстермен байланысың бар екен, соған аңға шыққан сайын олжалы оралып жүрсең керек.

– Сонда ет дұрыс болмаған болды ғой? – дейдi Кiш жауап орнына, – әлде ауылдағы бiреу ет жеген соң ауырып қалып па? Мұның сиқырмен қатысы барын сен қайдан бiлдiң? Әлде өзiңнiң қызғаныштан туған арам болжалың ба?

Бетi қайтқан Уг-Глук басыла бередi. Бұрылып анадай жерге барғанда ду ете түскен әйелдер оны күлкiмен ұзатып салады. Бiрақ, тағы бiр күнгi кеңесте жұрт ұзақ ойланып, келесi рет аңға шыққанда оның iзiне түсiп, әдiсiн үйренiп алу бекiмiне келедi. Сонымен келесi аңға шыққанда Бiм мен Бауын – екi мықты аңшы жiгiт оның артынан түсiп, байқап қалуынан сақтана жүрiп ерiп отырады. Бес күннен кейiн олар қайтып келiп, көздерi бақырайып, тiлдерi күрмелiп отырып көргендерiн баян ете бастайды. Кеңес Клош-Куанның үйiнде шұғыл шақырылған едi. Әңгiменi Бiм бастайды.

– Бауырлар, тапсырма бойынша бiз Кiштiң iзiн қуалап жолға шықтық. Сапарымыз өте жасырын болды, сондықтан ол байқай алмады. Бiрiншi күнi жарым жолға барғанда ол бiр еркек аюға кез болды. Аю өте үлкен едi...

– Одан үлкен аю болмас, – деп растаған Бауын әңгiменi ары қарай жалғайды. – Бiрақ аюда ешбiр жауласатын сыңай жоқ едi. Бұрылды да мұз үстiмен маң-маң басып жүре бердi. Бұның бәрiн бiз жағадағы тастың тасасынан көрiп тұрдық. Аю бiзге қарай келе жатты. Ал Кiш оның артында. Қорқыныш деген атымен жоқ. Cәлден соң ол аюдың арт жағынан жағымсыз дауыспен шыңғырып, қолдарын бұлғаңдатты. Айғайы ұзаққа созылды. Көп өтпей аю ашулана бастады да, артқы аяғымен тiк тұрып, бар даусымен бақырды. Бiрақ Кiш аяңдап оған қарай жақындай бердi...

– Иә, – дейдi Бiм әңгiменi ары қарай сабақтап, – Кiш аюға қарай жақындай бердi. Ал аю бұрылып, артынан ерген кезде, алыстап қашты. Қашқан кезiнде кiшкене домалақ нәрсенi мұз үстiне лақтырып тастады. Аю жетiп барды да әлгi нәрсенi иіскеп көрiп, кешiкпей асап жiбердi. Кiш қаша жүрiп, домалақ нәрсесiн тастауын жалғастырды. Аю ере жүрiп, қылғытумен болды.

Таңданған, күмәнданған дауыстар ду көтерiледi. Ал Уг-глук өзiнiң мүлде сенбейтiнiн ашық бiлдiредi.

– Бiз бұларды өз көзiмiзбен көрдiк, – дейдi Бiм табанды түрде. Ал Бауын:

– Иә, өз көзiмiзбен көрдiк. Ол тiптi аю қашан тiкесiнен тiк тұра қалып, қинала шыңғырып, алдыңғы аяғын жындана сермелегенге дейiн ұласты. Кiш болса, мұз үстiнде қауiпсiз аралық тастап iлгерi жылжуын жалғастыра бердi. Ал әлгi домалақ нәрсе iшiне барған соң тосын басталған қиналыс бойын меңдеген аюдың одан ары назар салуға мұршасы болмай қалды…

– Иә, iшiнде бiр пәле басталды, – деп кимелейдi Бiм, – өйткенi ол өзiн-өзi сабалап, асыр салған күшiктей мұз үстiнде ары-берi аунақши бердi. Ақырған, бақырған даусына қарағанда оның ойнап емес, қиналып жүргенi анық едi. Мұндай жағдайды мен ешқашан көрген емеспiн.

– Рас, мен де көрген емеспiн, – деп Бауын тiптi төндiре түседi, – Ал ендi аю дегенiңiз керемет болатын.

– Сиқыр, – дейдi Уг-глук нық сенiммен.

– Бiлмеймiн, – дейдi Бауын жауап орнына, – мен тек өз көзiммен көргендерiмдi айтып отырмын. Аздан соң аю әлсiреп, шаршайын дедi. Денесi өте ауыр болғандықтан бар күшiмен жанталасып ары-берi шоқыраңдап, мұз жағасын бойлап жүрiп отырды. Анда-санда басын шайқап-шайқап жiберiп, отыра қалып бар даусымен бақырып қояды. Кiш аюдың артынан iлесе бердi. Ал бiз оның артынан... Алғашқы күннен кейiн тағы үш күн iлестiк. Аю әбден дiңкеледi. Бiрақ бастан аяқ қинала бақырғанын тоқтатқан жоқ.

– Бұл деген сиқырлау! – деп айғайлайды Уг-глук, – сөз жоқ сиқырлау!

– Әбден мүмкiн.

Бауынның сөзiн ендi Бiм жалғастырады.

– Аю ақыры бағдарынан адасты. Бiрде олай жүрсе, ендi бiрде былай кеттi. Кейде бiр басқан жерiн қайта басып, өз iзiн өзi шиырлай бердi. Сөйтiп жүрiп соңында Кiшпен алғаш ұшырасқан жерiне таяп келдi. Бұл кезде ол әбден сiлелеп, ендi қайта қозғала алмас болып қалған едi. Кiш жақындап келдi де найзалап өлтiрдi.

– Одан кейiншi? – деп сұрайды Клош-Куан.

– Одан кейiн Кiш аюдың терiсiн сыпыра бастағанда бiз жолымызға түстiк. Келiп, аю аулаудың хабарын көпшiлiкке жеткiзуге асықтық.

Сол күнi түстен кейiн ерлердiң бәрi кеңесте отырғанда әйелдер барып аюдың етiн тасып әкеледi. Кiш қайтып келгенде кеңеске қатыссын деген хабар жетедi. Бiрақ, ол өзiнiң шаршап тұрғанын айтып жауап қайтарады. Соған қоса, ол өз тошаласының да кең әрi жайлы, көп адам сиятынын айтады.

Кеңесте таңданысы күшейiп әрең отырған адамдар Клош-Куан бастап орындарынан көтерiлiп, Кiштiң тошаласына келiп кiредi. Үй иесi тамақ iшiп отыр екен, бiрақ келгендердi жылы қабақпен қабылдап, құрмет көрсетедi. Әркiм өз дәрежесiне қарай орындарына жайғасады. Икига тосын өзгерiстен масаттанып, мастанып бітеді. Ал Кiш болса, өте салмақты отырады.

Клош-Куан Бiм мен Бауын алып келген хабарды қайталап шығады да, соңынан салмақты дауыспен:

– Сондықтан, Кiш, өзiңнiң аң аулау тәсiлiңдi түсiндiруiң керек, оған сиқыр араласқан жоқ па өзі?

Кiш оған қарап күлiп қояды.

– Жоқ, Клош-Куан, бiр кiшкене баланың сиқыршылық жайында бiлуi мүмкiн емес. Мен ол жөнiнде ештеңе бiлмеймiн. Бiрақ мен мұз аюын оңай жолмен өлтiрудiң амалын таптым. Бар болғаны – осы. Бұл – сиқырлау өнерi емес, ми жұмсау өнерi.

– Кез келген адам iстете ала ма?

– Кез келгенi.

Ортаға келіп ұзақ тыныштық орнайды. Отырғандар бiрiнiң бетiне бiрi қарайды. Ал Кiш тамақ iшуiн жалғастыра бередi.

– Онда... онда... сен бiзге айтып бере аласың ба, Кiш? – дейдi Клош-Куан ақыры дiрiлдеген дауыспен өтiнiп.

– Болады. Сендерге бәрiн айтып берейiн, – дейдi Кiш соңғы ұрттам сорпасын iшiп болған соң орнынан тұрып. – Өте қарапайым... қараңдар!

Ол кит сүйегiнiң кiшкене бiр сынығын қолына алып, отырғандарға көрсетедi. Сүйектiң екi ұшы инедей үшкiр екен. Алдымен оны дөңгелектеп иiп алады да, қашан қолынан көрiнбей кеткенiнше қыса бередi. Сәлден соң қолын тосын босатып жібергенде, әлгi сүйек серпiлiп қайта қалпына келе қалады. Кiш ендi қолына кит майынан жұдырықтайын алады.

 – Сонымен, – дейдi ол сөзiн жалғастырып, – кит майынан жұдырықтайын аламыз да, былайша iшiн үңгiрлеймiз. Сонан соң әбден дөңгелектенiп қысылған кит сүйегiн iшiне салып, аузын бекiтемiз. Оның сыртын тағы бiр қабат кит майымен қаптаймыз. Содан кейiн далаға шығарып қоямыз, кешiкпей суықта қатып, кiшкене допқа айналады. Аю допшаны жұтқаннан кейiн кит майы еридi де, бiздей өткiр сүйектер түзелiп, аюға түйнек боп тиедi. Ал аю әбден әлсiреген кезде неге барып найзамен түйреп алмасқа… сондай қарапайым.

– О! – дейдi Уг-глук. Ал Клош-Куан: – Е-е, – дейдi. Әркiм өз тәсiлiмен үн қатып, түсiнгендерiн бiлдiрiседi.

Мiне, бұл көп замандар iлгерi солтүстiк үйек теңiзiнiң жағасында жасаған Кiш туралы әңгiме.

Ол сиқыршылыққа емес, ми жұмсауға шебер болғандықтан, көнетоз тошаласынан шығып, ауылының көсемi болыпты. Айтуларға қарағанда, ол өмiр сүрген жылдарда оның тайпасы ерекше гүлденiп, азық-түлiк жетiспей жылап-сықтайтын жетiм-жесiр не жоқ-жiтiк мүлде болмаған көрiнедi.


Ағылшын тілінен аударған: Серік Нұғыман

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...