Бұл дүниедегі ең бақытты жандар, жер жүзіндегі жалғыз ғана шынайы бақытты кісілер – тек өз жұм...
Заман Төлеуов: «АРТЫҚ ҚЫЛАМ ДЕП, ТЫРТЫҚ ҚЫЛМАЙЫҚ»
Қаланың мен тұрған пұшпағында «Қожаберген жырау» атындағы көше бар екен. Сонымен маңайлас «Үкілі Ыбрай», «Тәңіртау», «Сауран» атты көшелерде жатыр. Қазақ халқы ат қоюға шебер-ақ! Еріксіз сүйсінесің. Интернетті ақтарып отырып “Қолдан келсе жазбағанға не жетсін!” деген Есенғали Раушановтың мақаласына жолықтым. Жұмысымның реті бойынша қазақ жырауларын порталға енгізіп жатқан кезім еді. Әлгі мақаланы оқып, екіұдай күйге түстім. Санатқа салсам да салмасам да қиянат жасайтындай тығырыққа тірелдім.
Соноу бір жылдары аудандық газетте жүргенімде редактор бір кітап берді: «Мынаны оқып шығып ойыңызды айтыңызшы.» деп. Мұқабасы жылтыраған көрнекті кітап екен. Алуан тақырыптың басын қамтыған «күрделі» еңбек! Ештеңе түсінбедім. Ойымды айтқанның орнына тапсырушының өзіне сұрақ қойдым: «Бұхар жыраудың қасында жүрген Томан ақын деген кім?» деп. «Томан ақын – осы кітаптың авторы.» деді ол, беті бүлк етпестен. «Абылай хан мен Бұхар жырауға қалай ақылшы болып жүр?!» деп жындының сұрағын қойғанымда - қасқаң, шек-сілесі қата күлмейсің бе! Томан ақынның тақпағы баяғыдағы «Пионер» газетіне басылатын балалардың мақамынан құдды аусашы...
Одан «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген «асыл мұраны» да таңды таңға соғып оқып шықтық. Және тағы бір білікті ғалымның жазбасы есіме түсті. «Жоғары жақтан пәлен деген руға Қабанбай, Бөгенбайлардан артық болмаса кем түспейтін батыр керек болып жатыр. Жасаңдар!» дегендей үкім түсіпті-мыс. Бастама болса іліп әкететін белсенді жұртпыз ғой! Би, бай, батыр, ғұламалар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай дүркірей жөнелді. Сонымен «жаңа туған» кей батырлар соғысқан жерде Қабанбай, Бөгенбайлар сайға тығылып, жан сақтапты-мыс.
Ал енді қасиетінен айналайын, Қожаберген жыраудың өмірнамасына зер салалық:
«Қожаберген Жырау — Орта жүз Ашамайлы Керейдің Бәйбіше Көшебе руының Таузар тайпасынан шыққан атақты батыр, әйгілі суырып салма ақын. Қожаберген Толыбайұлының есімі ежелден еліне белгілі болғанымен, соңғы уақыттарға дейін түрлі себептермен әдебиет тарихына енбей, қағаберіс қалып келді.
Қожаберген 1663 жылы, қоян жылы, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Жамбыл ауданының Күлтөбе деген жерінде Толыбай сыншының отбасында дүниеге келген.
Қожабергеннің араб, парсы тілдерін жетік білгендігіне байланысты ол Әз-Тәукенің сенімді елшілерінің бірі болған. Сондай-ақ, шежіреші, білімдар адам болған. Қазақ шаңырағында туған. Анасы Ақбілек Орта жүз, Арғын Айдабол бидің қызы.
Қожаберген қазақ халқының шығу тарихын жырға қосып, «Ата-тек» деген дастанын шығарды. Өз аулында мешіт-медресе ашып, бала оқытып, ислам дінін насихаттайды, шеберхана салдырып, елді қол өнеріне баулып, егін салуды қолға алады.
1688 жылдың маусым айында Түркістан шаһары маңында Әз-Тәуке бастаған барша қазақ жақсылары 25 жастағы Қожабергенді Ордабасы, яғни хан ордасының бас қолбасшысы, әрі бас ақын етіп сайлайды. Ол сол кездегі қоғамдық-әлеуметтік жағдайды, қазақ хандығының ішкі-сыртқы саяси хал-ахуалын жете біліп, әрдайым өз жырларына арқау етіп отырған. Қожаберген батырдың жан-жақты қабілеті бар дарабоз тұлға екендігіне қоса, оның елші әрі сынықшы болғаны жайлы да деректер бар. Оған ақынның «Елшілік» деген өлеңі дәлел.
Қожабергеннің әдеби мұрасын жинап, сақтаған — Сегіз Сері. Ол жыраудың «Елім-ай», «Баба тіл», «Жеті Жарғы», «Қабанбай батыр», «Ер Көкше», «Асан ата», «Ер Қосай», «Ер Жәнібек», «Қорқыт баба», «Ер Едіге», «Орақ батыр» т.б. төлтума шығармаларын жинап, бізге жеткізген. Осы дастандарының бәрінде де ақын елді сыртқы жауға қарсы азаттық жолындағы күреске шақырып, қазақ халқының бірігіп, іргелі ел болуын армандап, соны жырға қосады. Бұл жағынан алғанда, Қожабергеннің жыр еткен тақырыбының саяси жағынан өте маңызды екенін көреміз.
«Дабыл», «Аңырақай», «Бозайғыр», «Күлдірмамай», «Шұбырынды», «Сұлама» күйлерін шығаруы Қожабергенді күйшілік қырынан танытады. Атынан белгілі болып отырғанындай, күйлерінің тақырыбы да күрес, майдан, ел басына туған қиын кезең. Жырау сол кездегі халық зарын күй тіліне айналдырады.
Қожабергеннің ақындық талантын танытқан, тарихқа атын қалдырған «Елім-ай» жыр-дастаны. Ел басына түскен ауыр апатты «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезеңін жыр тіліне көшірген. Шығарма 7 бөлімнен тұратын 3683 шумақ, яғни 14732 жол өлең. Қазақ әдебиетінде 11 буынды, 4 тармақты, қара өлең ұйқасымен шығарма жазудың негізін салушы осы Қожаберген жырау десек, қателеспейміз. Оның көлемді дастандарының бәрі бұған дәлел бола алады. Жыраудың бұл дәстүрін кейін оның інісі Дәстем салдың немересі Жанкісі ақын, шәкірттері Көтеш, Жанақ ақындар одан әрі дамытып әкеткені белгілі.»
Қош делік. Енді жоғарыда ескерткен Есенғали Раушановтың пікірін көлденеңдетейік:
«– Би ағаң айтпақшы, “Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры” фольклор боп тұр ғой бүгiнде. Әдебиеттанудың терең бiлiм, биiк интеллект, жоғары мәдениеттi, қысқасы талантты қажет ететiн өзге салаларына барудың орнына Атырау қазақтары айтатын “балық тереңдi, ер ерендi сүйедiнi” жоққа шығарып (мысалы, әдебиет теориясы, бүгiнгi тенденциялар, заманауи проблемалардың әдебиеттегi көрiнiсi, шетел әдебиеттерiмен байланыс, қазақы өлеңнiң техникасы және т.б), баяғы сол жуас түйе жүндеуге жақсының керiмен айта беретiн ауыз әдебиетiн айналдыру салтқа айналды.
Ал ендi сiз бен бiз бала кезiмiзден бiлетiн “Елiм-ай” екi-үш шумақ өлең едi, екi-үш шумақ болса да көркем, көңiлге қонымды, сай-сүйегiңдi сырқырататындай зарлы болатын, “бiлетiнiң бiр тоғыз, бiлмейтiнiң тоқсан тоғыз”, жоқ, ол көш-құлаш дастан екен, оны Қожаберген деген жырау жазыпты. Бұны аз десеңiз, ол “Елiм-ай” аттас ән де, күй де шығарыпты-мыс. Болсын. Болғаны жақсы емес пе? Тарихта Қожаберген деген жыраудың өткенiне сенемiн. Оның ғажап қолбасшы болғаны да күмән туғызбас. Тiптi КПСС тарихының бiлгiрi болған, марқұм тарихшы М.Қозыбаевтың өлерiнен сәл бұрын Жамбыл Жабаевтың атынан жазған “Атыңнан айналайын Қожаберген, Мен-дағы ұрпағыңмын соңыңа ерген, Жолыңды кес-кестемей дана баба, Жамбылмын өз елiңдi қайтып берген” деген керемет көркем, ақындықтың шырқау шыңына жеткен ғажайып шумағындағы ғаламат ұсыныстың жүзеге асуына да қолдау танытар едiк. Бiрақ менiң сенбейтiн бiр нәрсем бар. Мен сенбесем, оның осыншалақты нашар ақын болғанына сенбеймiн. Әлқисса, “Баба тiл”деген дастанын тыңдап көрiңiз:
“Шағатай тiлi – топтық тiл (?),Сөз қоры(?) аз басқадан. Ескi тiлге(?) айналып, Кәдеге кейiн аспаған. Шағатай тiлi таза емес, Арап-парсы сөзi аралас, Екi жүз жыл бұрын тоқталған, Көне тiлмен қарайлас...Татар тiл мен қазақ тiл, Төркiнi бiр болса да, Айырмасы едәуiр, Кемелденiп толса да. Ескi түрiк тiлiнен, Сөз негiзi сақталған, Сөздiң шығу төркiнi, Сол көнеден басталған” деп заманауи түркiтану iлiмiнiң жықпыл-жыраларын бiр шарлап кетiп, ендi бiр сәт өзiнiң кiм екенiн таныстырарда: “Жетi жарғыны” жазуда, Жетекшi болдық, шынымен. Көп санастым асықпай, Елiмнiң мақсұт, мұңымен” дейдi. Оқырман осы сөзiме сенбей қалмады ма екен дегендей келесi шумақта “Жетi жарғыны”жазуда, Еңбек еттiм бiрталай” деп авторлығын тағы қайталап нақтылай түседi...
Мұның алдында “Елiм-ай” деген дастанды да, күйдi де, әндi де басқа емес, өзi шығарғанын айтып ескерткенi есiмiзде. Ол қазақтың жүген-құрық тимеген арда кезi, актив лексиконда “мен” дегеннен гөрi “бiз” деген есiмше көбiрек қолданылғаны мәлiм. “Мен iстедiм дегенше, бiз iстедiк десейшi” деген тiркестер сол шалдардың заманынан қалған. Мен ана күйдi шығардым, бала-шаға, қатын-қалашты шөппен емдедiм, дастан жаздым, “спец группаға руководить еттiм” деген секiлдi сөздердi ол заманның апайтөс ақындары ауыл-аймақтың iшiнде, бота-тайлақтың арасында айтылатын уақ-түйек, майда-шүйде, қиқым-сиқым әңгiме ретiнде қараған. Ал Қожекең жарықтықты авторлық құқық мәселесi қатты толқытқан секiлдi. Ол абыз кеуделi арда жырау да емес, жер қайысқан қалың әскердi бастаған алып қолбасшы да емес, аудандық “Қазақ тiлi” қоғамының зейнетке шыққан соң балаларға ақыл айтып жүретiн шаласауат қызметкерi секiлдi сөйлейдi: “Айналайын, боздақтар, Аралас тiлге үңiлме, Баба тiлдi қадiрле, Болашақтан түңiлме” деп жалаң үгiт, жадағай сөзге салып сыдырта жөнеледi.
Қазiр жер-жерде құрылып, бiрақ мандытып жұмыс iстей алмай жатқан “Қазақ тiлi” қоғамының дабыл ұрандары бұдан гөрi таланттырақ емес пе?
Текстолог-ғалымдар әр ғасырдың өз сөз саптаулары, сөз қоры, оны қолдану жүйелерi болатынын айтумен келедi. Бүгiнгi айналымдағы көп сөздер Ахмет Байтұрсыновтың “Қазақ” газетi арқылы 1913-14 жылдары қазақ тiлi нормаларын қалыптастырудағы орасан еңбектерiнен соң орнықты. Сiз бен бiз пайдаланып жүрген “сөз төркiнi”, “негiз, сөз негiзi”, “еңбек, еңбек сiңiру, еңбек ету ”, “құрылым”, “топ”, “тап”, “өсiмдiк”, “ана тiлi”, “жетекшiлiк” деген секiлдi сөздердi алғаш қолданысқа салған Ахаң болатын. Бұл жөнiнде белгiлi текстолог, мұратанушы-ғалым Ғ.Әнес мырза жазып та, айтып та жүр. Бiз ғалымдарға құлақ аспаймыз, ғылыммен айналысып жүргендердiң сиқы анадай. Баяғыда Ғабең марқұм (академик жазушы Ғабит Мүсiрепов) Қазақстан Жазушылар одағында заманауи қазақ тiлi мен қазақ әдебиетi проблемаларына арналған арнайы конференцияның өтуiне мұрындық болған едi. Бүгiнде ондай ауызы дуалы ақсақалдарымыз аз.
Бiз неге сенбеймiз? Бiз жасандылыққа сенбеймiз. Бiрiншiден, Қожаберген өмiр сүрген тұстағы қазақ өлеңiнiң көркемдiк деңгейi бұдан әлдеқайда жоғары болатын. Ол тұстың от тiлдi, орақ ауыз ақындары тап мынау сықылды әрiсi “Егемен Қазақстан”, берiсi “Ана тiлi”газетiнiң лексиконын пайдаланып өлең жазбағаны (егер жазғаны ақиқат деген күннiң өзiнде) анық. Ол заманда қазақ абыздарын тiл тану ғылымынан гөрi басқа мәселелер қатты толғантты. “Ораза, намаз тоқтықта” дегендi айтпай-ақ қоялық, бiрақ ол кездiң жыраулары көркем сөйледi, жерiне жеткiзе сөйледi, Бұхарекең бастаған, Үмбетей, Тәтiқара, Көтеш секiлдi сөз зергерлерi Абылай маңында топтасты. Әрқайсысы жеке-жеке тау секiлдi емес пе едi? Салыстырып көрiңiз, заман лебiн, заманға лайық өлең дауылын айқын көресiз.
Әдеби және ғылыми айналымдарға кеше түскен тiл таным терминдерi, бүйрегiнен сирағы шығып тұрған насихат, күлдiбадам үгiт, қарапайым емес, қарабайыр оралымдар, поэзияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын көсемсөзшiлдiк, олақ тiлшi жазған шолақ мақаланың сөз саптаулары Қожабергенге абырой әпермейдi.
Осы да өлең бе? Осыны Қожаберген секiлдi жыраудың қаламынан шықты деп қалай айта аламыз? Қаламды қимасақ, аузынан шықты деп қалай айта аламыз? Атаны сыйлау керек, ал мынау – сыйлау емес, қорлау. Ескi қазақтан қалған бiр анайы мақал бар “көтергенiң не керек...” деп басталады, ар жағын айтпаймын. Алдыңғы буын бiледi, ертеректе арнайы бiлiмi болмаса да, ел iшiнен фольклор жинадым деп редакцияларды аралап жүретiн Қаратай Биғожин деген кiсi болды. Марқұмның жиған-тергендерiнiң арасында асылынан жасығы көп екенiн бiлетiн Ғафекең (Ғафу Қайырбеков) оның “Жұлдызға” ұсынған “Ел аузынан”деген топтамасын оқып көрiп “Өлеңiң өзiң сияқты екен” деп қуып шыққаны бар. Расында, осындай досқа күлкi, дұшпанға таба мүгедек “толғаулар” сол Қаратай марқұмның қоржынында көп болатын. Артық қыламын деп тыртық қылу сол секiлдi “iздеушiлердiң” қолтаңбасы емес пе екен деген ой келедi...
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының, А.Байтұрсынов атындағы Тiл бiлiмi институтының, Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының да жұмысы. Бiрi көркемдiк деңгей-дәрежесiне, екiншiсi сөз құрылымдары, айналымға салып отырған тiркестерiне, пайдаланып отырған терминдерiне дәл, әдiл баға бере алса (бере алатынына сенемiз), артық даудың керегi жоқ. Бұдан Қожабергеннiң абыройы кемiп қалмайды, кемiсе қолдан тарих жасағандар мен өтiрiк өлеңшiлер анықталып, солардың абыройы кемидi. Асылы, бұрынғы шалдарды жоқ жерден композитор, жоқ жерден әншi, күйшi етудiң керегi жоқ, олардың өз абыройлары өздерiне жетедi. Сол таза қалпында қалса да аз бақыт емес. Есек мiнгендi есек мiндi деу керек, оны арғымақпен жүретiн едi деп өңеш жыртудың түкке керегi жоқ. Ол есегiмен-ақ талай аттыны шаң қаптырған. Әңгiме оның алтын зерлi шапан киген-кимегенiнде емес, алтын сарайдай көкiрегiнде.»
Ешқандай іштарлығы жоқ, ел мүддесін белеске қойған - осындай зерделі ойдан соң амалсыз өзің де ойға қаласың. Біздің жандайшаптарымыздың жасап жатқаны халық тарихына қиянат па, әлде кейінгі ұрпаққа әруақты сайқымазақ етіп көрсетуге талпынған қорлау ма?! Қалай десек те руханиятымызға қосылып жатқан қазына деп айтуға аузың бармайды.
Дайындаған: Заман Төлеуов