Жазушы Тәкен Әлімқұлов шығармаларында көптеген өнегелі, жүрекке жылы тиетін, болмаса міндетін...
Нұркен Нұрғазы. Өзгеру
Өзгеру
…алты құрлық орнында еді,
төрт мұхит та тұнық-тын,
аспанында күн күлетін, ал самалы қылықты
Жер жүзінде бəрі-бəрі қалыпты еді, нұрлы еді,
барша жүрек жылынатын алауына үміттің.
Қас қарая бастағанда шашылатын тарыдай
сансыз жұлдыз жымыңдайтын, сəулеленіп жарық ай.
Аялдауға болмайтын-ды жол үстінде тым ұзақ –
бағдаршамда жеті түс жоқ кемпірқосақтағыдай…
гүлге қонған арасы да,
бұлбұлы да құрметті,
сазында бар сан мың ырғақ, сөздерінде түрлі екпін,
сұлулығы мазмұнына сай келіскен, жымдасқан
осы əлемде сіздің дағы барыңызды білмеппін.
Алып шаһар.
Мейрамхана.
Ыстық тағам. Бір күнгі ой.
Кенет сіз де ішке ендіңіз, баяу ғана, іркілмей.
Көрші стөлге жайғастыңыз.
Ұшырасты жанарларлар…
Енді бə-əрі əдепкідей болмауы да мүмкін ғой. <<
***
Сақтау
Келдің,
Кеттің,
Жо-жоқ,
Қалқам, кетпедің,
Қалып қойдың әппақ ай боп көктегі.
Сен ұшаққа отырасың, бұл деген -
Арамызды уақыттың шектеуі.
Кеңістік те өзгереді жәй ғана,
Жарық қалар жанымызға бойлаған.
Аспанымда толған ай боп тұрасың
Ақ сәулеңмен аспанымды аймалап.
Шым қаладан мына түн де өтеді.
Сəулелердің жуытпастан бөтенін
Сені сақтап қалу үшін ақ таңда
Менің жаным түнге айналып кетеді.
***
Тұтқада сөйлесу
Көшеде жүрсем дағы – сенің үнің,
Бөлмеге кірсем дағы – сенің үнің,
Пердені түрсем дағы – сенің үнің,
Көзімді ілсем дағы – сенің үнің,
Балконға шықсам дағы – сенің үнің,
Балконға шықпасам да – сенің үнің,
Өмірді ұқсам дағы – сенің үнің,
Өмірді ұқпасам да – сенің үнің,
Ендігі, кездескенде мүмкін, қалқам:
Сен маған дауыс болып жолығуың;
Мен саған телефон боп көрінуім.
***
Мекендеу
Түні – мақпал,
Күні ерекше нұрланған,
Көбелегі жеткізбейтін қуғанға
Көктем деген – мекен емес, мезгіл ғой,
Мекен болса, кетпес едім бұл маңнан:
Қызықтырып
Қызыл,
Жасыл,
Сары əлем
Жүгіруші ем бəрі сиған даламен;
Жаңбыр иісін сағынғанда арнайы
Бұлт астына қолшатырмен барар ем;
Əткеншекте отырар ем теңселіп,
Жолға шықсам, ақ көгершін – жолсерік;
Қызғалдақтар өсіп тұрған қырқаға
Үй салар ем еңселі;
Көктем, егер, мекен болса, ертемен
сені іздер ем, бақтың құнын мол төлеп.
Мұз үстінде коньки теуіп жүрер ме ең
бізге көрші өлкеде?
***
Хиппилер ұраны
Тордағы бұлбұлдың бəрін де босатқан
біздегі еркіндік –
ешкімге тас атпау.
басына бақбақтан
тəж киер сұлулар,
түтін тек шығады шылым мен ошақтан.
таулар мен ормандар үніне мəн беру,
ешкімді жат көрмеу,
есепсіз сəндену
ұнайды. өмірді шартсыз да сүреміз,
əлі де тыңдаймыз Битлстың əндерін.
ұшақтар қалқи ма,
танкілер жүйтки ме,
соғыстың қатысы жоқ бізге титтей де.
əлемді қалай бар солайша сүйетін
жасасын хиппилер!
жасасын хиппилер!
***
Сансара
Шым шаһар
гүлдерін,
тастарын
танимын, жолдардың бастауын…
Осы шаһардың аспаны есіме салады
ежелгі Роттердам аспанын.
Ал өзің Роттердам тұрғынын
есіме саласың, құрбым-ау.
Өзіңе тағы да қызғалдақ сыйлармын
сəуірдің бір күні
жұпары жаныңа сіңсін деп,
күлтесі күлімдей білсін деп,
мұнда да біздегі ақ сезім
үздіксіз дүрсілдеп тұрсын деп…
Көзіңде сол кезгі қызыл от,
жүзіңде ғасырлар ізі жоқ –
сен дағы өмірге келген боларсың
бұл жолы түркінің қызы боп.
***
Іздену
Құдайсыздау жағдайымдай қазіргі
жан-жүректі жылататын əзіл бұл –
осы түнде дінге айналып кетсеңіз,
сізді қабылдауға əзірмін.
Қабылдайын,
өзіңізге жан сенер.
Жаттың дінін бағып берер жалшы емен.
Бас ұрайын кеудеңізді сəжде етіп,
Сіздік мейірім – табындыру болса егер.
Тау мен тасқа ұрылғанда сор маңдай
жығылатын, жүгінетін арланбай,
сауабынан күнəсі көп бұл елге
кешірімді құдай керек болған ғой…
Кешіріңіз,
сізді дағы кештім мен.
Кещелікті бөліспейтін ешкіммен
көкке жақын жандарды да кешірдім,
жер бетінде барымызды кеш білген.
Көтермеңіз күллі əлемді қолға алып,
Керек емес, кітап жолдап, толғанып.
Пəктігіңіз салынбайды сарапқа
Хақтығыңыз дəлелденсе болғаны.