Ги Де Мопассан. Жалған жақұт

ӘДЕБИЕТ
4089

Лантин мырза орынбасар бөлім бастығының кешкі отырысында осы уылжыған бөйжеткенмен кезіккен сәттен бастап, жүрегінде алғаш рет сезімнің оты тұтанған болатын. Қыздың әкесі бір сырт өлкенің салық қызметкері екен. Көп жылдың алдында дүние салыпты. 

Әкесі қайтыс болғаннан кейін, шешесі екеуі Парижге келіп қоныс тепкен. Шешесі маңайындағы көрші-қоңсылармен барыс-келісі жақсы, бар үміті – көзінің қарашығындай жалғыз қызына сенімді жар тауып беру. Олар қоңырқалта тірлік кешсе де, ортасына қадірлі де жарасымды, биязы да ақкоңіл болды.

Жас қыз әдепті әйел затының мінсіз үлгісіндей, әр бір парасатты жас жігітке өзінің өмірін сеніп тапсыратын армандағыдай әйел бола алады. Оның кәдуелгі сұлулығы, сыпайылығы бір түрлі баурағыштық қуатқа ие. Оның періштедей пәк көңілі, әппақ жүрегі езуіндегі болымсыз күлімсіреуінен-ақ білініп тұратындай. Жұрттың бәрі оны ауыз жаппай мақтайтын. Мүбәда онымен танысқысы келетін жігіт-желең болса, олар былай дейтін: «Шіркін, қандай жігіттің бағына бұйырар екен?! Әлемді алты айналса да, ондай әйел затын таппайтын шығар» – деп кеу-кеулейтін.

Лантин мырза ол кезде ішкі істер министірлігінің бөлім қызметкеры міндетін атқаратын да, жылдық жалақысы үш мың бес жүз франк болатын. Ол ибалы да үлгілі бұл қызға екіленбестен, неке талабын қойып та үлгірді. Екеу ара бірге болған сәттерде тым шешіле, көңілді әңгімеге кірісп кете алмайтын. Әйтсе де, қыз оның отбасы қаржысын тап-тұйнақтай үнемшілдікпен ұстады да, олар бейне аста-төк тұрмыс кешіріп жатқандай көрінуші еді, былайғы жұртқа.

Алғашқы таныстығы сүйспеншілікке ұласып, міне, бұлар басына үй тігіп, бауырына қазан асқалы да аттай желіп алты жыл өте шығыпты. Келіншегі күйеуіне тым мейірімді, қамқорлықпен күйіне де, махаббатпен сүйе де білді. Келіншегінің тартымдылығы жүрегін жаулаған Лантин мырза қазір ойласа оған деген махаббаты барған сайын тереңдеп, тіпті, сонау шырын ай өткізген күндерінен де артық сүйетінін байқады.

Ол әйелінің екі-ақ түрлі әуесін кінәлайтын еді. Бірі, театр көруге бару, екіншісі, жалған жақұт тағу.

Ханымы үнемі қойылатын танымал театрды, тіпті, алғаш рет қойылатын жаңа театрды көруге барған кезде, оның достары (ұсақ ұлықтардың әйелдері) үнемі оған бола арнаулы бөлме дайындап қоятын. Ал Лантин мырза кеңседегі қызметтен мұрттай ұшып түсетін де, ертерек үйіне қайтып демалуды ойлайтын.

Театрға баруды мәдени көңіл ашу деп білмейтін, әуелі, суқаны сүймейтін. Ал әйелі болса күйеуі қаласын мейлі, қаламасын, жетегіне ерткен тайлақтай ғып, бірнеше рет театрға сүйреп апарды.

Арада көп өтпей Лантин мырза әйеліне мынадай өтініш жасады. Ол болса өзінің таныс ханымдарымен бірге театрға барып-қайтқанда солар әкеп тастаса деген емексу болды. Бастапта әйелі үшін бұл орналастыру үйлесімсіз болды. Бірақ, құлақ етін жеген насихаттан кейін, амалсыз айтқанына көнді.

Байқаса, қазір оның театр көру әуесінен гөрі, зейнет бұйымдарын тағу құштарлығы басым болып барады. Әйтсе де, театрға киіп баратын киімдері бұрынғыдай қарапайым, өзі мүләйім де кішіпейіл.

Бірақ құлағына таққан сырғасы қолмен жасалған, жарқыраған кесек гауһар тас, бейне нағыз таза гауһардың өзі дерсің. Ал мойынна жалған меруерт алқа, қос білегіне алтын түстес білезік тағатынды шығара бастады. Әйнек жақұт орнатылған тарағы тағы бар. Күйеуі оған үнемі: «Сүйіктім, біз нағыз жақұтты сатып алуға шамамыз келмесе де, сен өзіңнің табиғи сұлулығың мен сыпайы бет-бейнеңмен жүруіңе де болады ғой. Әйел адамға бұдан артық сұлулықтың керегі не?», – деп таусыла сөйлейтін.

Бірақ ханымы жұмсақ қана күлімсірейтін де бүй дейтін: «Менің амалым қайсы? Жақұтты жанымдай жақсы көремін. Менің әлсіз жерім осы. Біз табиғатымызды өзгерте алмаймыз. Табиғилық – табиғаттың қасиеті».
Сосын, меруерт алқасын қолына алып айналдырып, хрустал гауһарын жарқырата нұрын шаштырып, тағы да сөзін жалғастыратын: «Қарашы, бұлар әдемі емес пе, бұларды жалған деуге кім сенеді?».
Мұндай кезде Лантин мырза: «Сенен пауесмялықтардың иісі аңқиды» – деп қыжырта жауап қайыратын.


*   *   *

Түн шымылдығын тартқан мамыражай кештерде екеуі жып-жылы пешке арқасын беріп, әңгіменің көрігін қыздыратын. Әйелі ортада тұрған шай үстелінің үстіне күйеуі «қоқсыма» деп атайтын, терімен қапталған шәкене қобдишаны қойады да, ішінен өзінің жалған жақұттарын алып шығып, бар зейінімен, құныттай, тоқмейылси қарайтын. Әйтеуір, осы еңлік бұйымдары сарқылмас байлықтың, лаззаттың, құпялықтың белгісіндей болады да тұрады. Осы алқаларын кейде күйеуінің мойынына тағып, қарық-қарық күлкіден өзін тоқтата алмай: «Сен қожанасырдан аумайсың» – дейтін. Сонан соң омырау іздеген сәбидей күйеуінің құшағына тығыла түсіп, өрт сезіммен ыстық ерінінен ұзақ аймалайтын.

Қақаған аязды қыс күндерінің бірінде театрға барып, кешігіп қайтқан әйелі ызғарлы суықтан тұла бойы мұздап, қалшылдағанда қол-аяққа тұрмай дірдектеп үйіне жеткен. Ертесі тәңертең күрс-күрс көк жөтелден не бары сегіз-ақ күн ауырып жатып, өкпеден өткен суықтан ақыры жан тәсілім берді.

Тұтқиыл келген ауыр қайғыдан жан-дүниесі торыққан Лантин мырзаның шашы бір айға жетпей ағарып кетті. Ертеден қара кешке дейін екі етегі жасқа толды. Жан жарының күлімсіреуін, дауысын, әрбір тартымды бейнесін ойлаған сайын, қан жылаған жүрегі қарыс айырылды… Уақыт оның қайғысын жеңе алған жоқ. Жұмысқа шыққан кездерінде қызметтестеріне сол бір тәтті күндерін сағына еске алатын да, көз жанарына азаптың ашты тамшылары толатын. Бетін айғыздаған жас тамшылары таңдайына жалғыздықтың у дәмін сездіретін.

Әйелінің бөлмесіндегі әрбір дүние баяғысынша өз қалпында. Үй саймандары, тіпті, алуан түрлі киімдері әйелі қайтыс болғаннан бері шаң басып әлі тұр. Қозғаған пенде жоқ. Дербес тірлікке үйрене алмаған ғарып басы өткендегі қадырлы күнін, бақытты түнін, лаззатты сәтін аңсады.

Бірақ, тұрмыс оны қиыншылықпен бетпе-бет келуге мажбұр қылды.
Өзінің еңбекақысы, отбасының кіріс-шығысы бұрын әйелінің қолында еді- ау. Қандай үнемшіл жан еді, жан жары! Шып-шырғасын шығармай, екі адамның тұрмысына жеткізуші еді. Ал қазір-ші? Қазір бір басына қалай тартса да жеткізе алмады бұл бейбақ.

Ол расында ғажаптанды. Ханымына мұндай өнер қайдан бітті екен, ә? Әр күні қымбат қызыл арақ пен көрінгеннің қолына іліге бермейтін дәмді тамақтарды сатып алатын. Қазір ме, қазір олардың өзі тұрмақ көлеңкесі де көрінбейді. Бірақ, сонда да ақшасын жеткізе алмады.

Ақыры борыштар болып, қарыз алуға тура келді. Кедейліктің, кежірліктің қамытын мойынына ілгендей болды. Бірде тәңертең қалтасында соқыр жармақ та қалмағанын білді де, үйінен керекке жарайтын бірдеңелерді сатсам ба деп ойлады. Ақыры әйелінен қалған жақұттарды сату бекіміне келді. Көзге күйік, жүрекке жара қылмайын деді. Оның үстіне ханымының осы зейнет бұйымдарын ежелден жақтыртпайтын. Тіпті, әр жолы соларды көргенде жыны қозып, ашуы келуші еді.

Ханымы көз жұмардан бірнеше күн бұрын жақұттарды тоқтаусыз сатып әкелген. Негізінен, әр күні кеште, бір жаңа жақұт өзімен бірге осы үйдің босағасынан енетін. Мұраға қалтырған бір қобдиша жалған зейнет бұйымдарының ішінен әйелі тым жақсы көретіндей салмақтылау бір алқаны таңдап алды да, «Жалған болғанымен, қолөнері керемет екен. Мүмкін, жеті-сегіз франкке жараса болды ғой» деп ойлады. Қалтасына салды да, сенімді жақұт дүкеніне қарай жол тартты. Ақырында біреуін тапты, ішіне кірсе тым жұпыны, жілігі татымас, арзан дүниелер көзіне шалынғандай болды. Сәл ыңғайсызданғандай күй кешті. Сонда да: – мырза, – деп тіл қатты дүкен иесіне, – мына болымсыз заттың құнын білгім келеді.
Алқаны қолына алып, ары-бері үңіліп қараған дүкен иесі өзінің көмекшісін шақырды да, құлағына әлде бірдеңелерді сыбырлады. Алқаны сөренің үстіне қойды. Кішкентай заттың құнына кесім жасау үлкен шаруа болды, білем, ұ-з-а-қ тесілді.

Мына көрініске сабыры кеткен Лантин мырза не де болса, төтесінен қойып қалды.

– Ау, тым құнды нәрсе емес екенін білем. Шай-шалаңдық шықса болды ғой.

Дүкен иесі ақыры сөзін жалғады.

– Мырза, бұл алқаның құны он екі-он үш мың франк шығады. Одан артық баға қоя алмаймын. Әйтсе де, сіз мұны қайдан алғаныңызды айтып бере аласыз ба?!

Ауызы аңқиып, көздері шарасынан шығып кете жаздаған Лантин мырза оның сөзін түсінбегендей, тұтыға сөйледі. 

– Сіз… сіз, шын айтып тұрсыз ба?

Саудагер байыптай қарап: – Сіз басқа дүкендерден сұрап көруіңізге болады. Мүмкін, олар бұдан да жоғары баға беріп қалар. Менің қарауымша, дәл бағасы он бес мың франк. Егер сіз бұдан қымбат баға таба алмасаңыз, қайтып келіңіз, –деді.

Лантин мырза таң-тамаша. Саудагердің сөзін аяқтатпастан, алқаны алды да, дүкеннен шыға жөнелді. Бір оңтайлы жер тауып ойлану керек. Күлерін де, жыларын да білмейді. Өз-өзіне күбірлейді.

«Ақымақ, нағыз ақымақ! жаңа нағып бере салмағамын, бәрібір таза жақұттан айырмашылығы қайсы!?». Сәлден кейін көшенің қарсысындағы тағы бір жақұт дүкенінің есігін ашты. Бұл саудагер көрген жерден желпіне сөйледі.

– Иә, нағыз асыл! Көп сөйлеудің қажеті жоқ. Бұл алқаны танып тұрмын. Бұл мына менің дүкенімнен сатылған болатын.

Лантин мырза таңдана сұрады.

– Бағасы қанша еді?

– Мырза, мен мұны сол кезде жиырма мың франкке сатқанмын. Ал, қайта сатып алсам он сегіз мың франкке ала аламын. Бірақ, заңдық белгілемелерге сай, алдымен сіз бұл заттың қолыңызға қалай түскенін айтасыз.

Мұны естігенде Лантин мырза біржолата үнсіз меңірейді де қалды.
Бірдемнен кейін, тілге келіп: «Бірақ… бірақ, сіз анықтап көріңізші. Меніңше, бұл жалған зат». 

Саудагер қайта сұрады.

– Есіміңіз кім, мырза!

– Лантин. Ішкі істер министрлігінің қызметкері боламын. Мартрес көшесі, нөмірі 16 үйде тұрамын.

Саудагер есеп дәптерін ашып, көрді де: «Бұл алқа Мартрес көшесі, нөмірі 16 үйдегі Лантн мыраның ханымына жіберілген. 1876 жылы 20 шілде», – деп оқыды.

Екеуі бір-біріне жаңа көргендей жалт-жалт қарасты. Лантин мыраның қайран қалғаны сонша, аузына сөз түспеді. Ал анау мына бейбақты бәукеспе деп күмәнданды.

«Мына жақұт алқаны осында бір тәулік қалтыруыңызға бола ма? мен сізге кепілге талон қиып берейін», – деді саудагер.

– Әрине, болады, – деп жалма-жан жауап қайтарған Лантин мырза талонды екі бүктеп қалтасына салды да дүкеннен шықты.

Миының ыңғы-дыңғысы шығып, санасы сан-санаққа жүгірген Лантин мырза тентек болған тоқтыдай көше бойлап, бағытсыз лаға берді.
Себебін білгісі келеді. Әйелі осынша қымбат дүниені сатып алуға қалай шамасы келеді? Мүмкін емес, расында, мүмкін емес! Ендеше бұл сөзсіз біреу ұсынған тарту. Сауға! Сауға! Кім ұсынды оған?! Не үшін ұсынады оған?..

Көшенің қақ ортасына келіп тоқтады. Кешегі аузын ашып сүйген жарына, бүгінгі жас топырағы суып та үлгірмеген марқұм жарына алғаш рет күман келтірді. Уытты, қара бүйідей қорқынышты күмән миын шаққылады. Үйіндегі бір сандық зейнет бұйым – түгелдей тарту екен. Белгісіз жанның сауғасы екен мұндай болғанда... Астындағы қара жер көкке көтеріліп, аспан төңкеріліп жерге түскендей, басы айналып барып, алдындағы ағашқа соғылды. Екі алақанымен бетін де, басын да шапалақтап, белгісіз ербеңдете берді.

Есін жиғанда бір даріханада екенін білді. Әсілі, жолдан өткен жүргіншілер оны көтеріп әкеліпті. Өзін жеткізген жандарға рахыметін айтып, үйіне кіре бере, бөлмесінің есігін тарс жауып алып, өкіріп тұрып жылады дерсің, Түннің бір уағына дейін. Жылаудан сілесі қатып, дымы құрығанда, төсегінен құлап түсіп, тұруға да шамасы келмей, еденге жатқан күйі талығып жатып, ұйқыға кетті.


*     *    *


Ертесі күн көтерілгенде, найқалып-жайқалып орнынан тұрды да кеңсесіне қарай беттеді. Кешегі ауыр соққыдан кейін жұмыс істеу оған қиын сезілді де, бастығына бір парша хат қалдырып, жұмыстан кетуге өтініш берді.

Жалған жақұт – асыл жақұтқа айналған таңғажайып іс санасында айдан анық жүз беріп тұрса да, дүкенге баруға жүрегі дауаламады. Бірақ, жарқыраған жасыл жақұтты онда тастауға тағы болмайды. Ақыры жуынып-шайынып, халатының жағасын қырлап, кастьюмін киіп, көшеге шықты.

Күн қандай тамаша! Теңгедей бұлт жоқ көк аспанның астындағы Париж қаласы қарбалас тіршіліктің хәлінде. Қамсыз, бейжай, көңілді жандар қолтықтаса көше аралап, базардың думанын асырып жатқандай, бәрі мәз-майрам.

Лантин мырза бұларға қарап тұрып, тағы да өз-өзіне күбірледі. «Ақшасы бар адамдар расында бақытты. Ақшаң болса, мың батпан азабыңнан құлан таза айығасың. Барғың келген жерге барасың, қонғың келген жерге қонасың. Көңіліңді көтересің, жаныңды жегі құрттай жеген қасіретіңді ұмытасың! Ақша бәрін шешеді екен-ау!». 

Қарны ашқанын сезді. Қалтасын ақтарып еді, қолына ештеңе ілікпеді. Тағы сол жарқыраған алқаны есіне келтірді. Он сегіз мың франк! Он сегіз мың франк! Неткен қисапсыз сан!? Үш ұйықтаса, ойына кірмейтін ақша!

Жалма-жан Лапекс көшесінің қарсысындағы жақұт дүкеніне жетті. Он сегіз мың франк! Кешегі бір тәулікке әлі жиырма минут уақыт бар екен. Кіруін кірсе де, ұяла қайта артқа шегінді. Ішек шұрылдап, қарын қабысып әкетіп барады. Әттең, аужал қылар қалтада соқыр жармақ жоқ. Аштықтың міскін халін сәтке болса да ұмытуға бекім жасады. Көшені бір құр айналып, ентіге сол дүкенге қайта кірді.

Дүкен қожайыны ілтипатпен қарсы алып, кішпейілдікпен орындық ұсынды. Дүкен көмекшілері де оның бетіне таңғалысты бейнемен қарайды.

– Мен ойланып болдым, Лантин мырза –, деп сөзін сабақтады дүкен қожайыны: – Егер сіз бекіміңізді өзгертпеген болсаңыз, кешегі баға бойынша, ақшаңызды дайындап қойдым.

– Әрине, болады. Лантин мырза күмілжи жауап қайтарды.
Дүкен қожайыны үстелдің суырмасынан он сегіз тал қағаз ақша алып шығып, қайталай бір санап алды да, оған тапсырды. Лантин мырза бір жапырақ талонға қол қойып, қолдары қалтылдай, қомақты ақшаны қойынна басты.
Дүкеннен шығар кезде артына бұрылып, қожайынға қулана, күлімсірей тіл қатты:

– Менде… менде тағы да көп жақұт, гауһарлар бар. Барлығы әйелімдікі. Сіз түгелімен сатып ала аласыз ба?.

Қожайын басын ие: – Әрине, аламын, мырза, – деді.

Лантин мырза қуанышын жасыра алмай: 

– Мен барып әкеле қояйын» – деп бір сағатқа жеткізбей бәрін осында әкелді.

Бір жұп үлкен гауһар сырға жиырма мың франк, қос білезік отыз бес мың франк, жүзік он алты мың франк, зұбаржад пен көк жақұт араласқан бір жұп сырға он төрт мың франк, бір тал кесек гауһар тас орнатылған алтын алқа қырық мың франк, жалпысы: бір жүз қырық үш мың франк.
Қожайын әдейі қалжыңға басып: 

– Ханымыңыз сізге жақұттан сарай салып беріп кетіпті ғой, – десе
анау да шімірікпестен: 

– Бұл байлық жинаудың ең жақсы амалы», – деді.

Ол сол күні әйгілі дамханалардың біріне бас сұғып, түскі тамағын тоя жеп, жиырма фрәнкке бір құмыра жүзім шарабын алып ішті. Артынан арба шақыртып Бойс атты орман бақшасына сейілдеуге тартты. Жалдап алған арбасымен Париж қаласының төрт төңірегін шарлады. Жолда кезіккен әр түрлі адамдар көзіне қораш көріне бастады. Маңайына паңдана, масаттана сөйлейді.

– Мен де қалталының бірімін. Менде ақша бар. Менде екі жүз мың франк бар.

Кенет өзінің әлі жалданушы екені есіне түсіп, құйғыта шауып, жітірмелете басып, ішкі істер министірлігіне жетті. Бөлім бастығының кеңсесіне ене бере: 

– Мырза, мен жұмыстан босағалы келдім. Мен қазір үш жүз мың франктік мирасқа ие болдым» – деді.

Көне қызметтестерімен қол алысып, қоштасып және өзінің алдағы жаңа тұрмыс жоспары туралы емеурінін ашық аңғартты. Сосын Англия кофеханасына кешкі тамақ ішуге ат басын бұрды. Кофеханадан бір салауатты, ақсұйек дәрежелі мырзаның жанына келіп отырды. Үстел басында оған әншейін ғана «Мен төрт жүз мың франктік мұраға ие болдым», – деп соға салды.

Тумысында театр көруді иттің етінен жек көретін Лантин мырза кейін қылмыңдаған, қылымсыған бикештермен бірге талай тәтті түнін өткізіп жүрді…

Жарым жылдан кейін, ол қайта төсек жаңғыртты. Екінші алған әйелі жөн-жосыққа жүйірік болғанымен, ауызы тойпаң, тілі шайпау, көк долының өзі болды да, оның басына сансыз азап пен бейнетті үйіп-төгіп берді.


Ағылшын тілінен аударған Ғайтбек Сейт


Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...