Айгүл Жұмаділ. Мен - тірі екенмін!

ӘДЕБИЕТ
3914

Яеи Кусама. Тәрк етілген мекен.1953 жыл***
Пұшпағындай терінің иленбеген,
Күндер, айлар, сағаттар күйген неден?
Деміңді де керіліп жұта алмасаң,
Құрып кетсін дүние күйбеңдеген.

"Ұжмақты жан бар ма көрген, біліп?",
Дейміз дағы, күтеміз көрден де үміт.
Тоқтатпайды,
"Тоқпағы мықты болса,
Киіз қазық кетеді жерге кіріп"...

Біреу өтер жалғаннан жалаң аяқ,
Біреу жүрер өлместей жан аялап.
Бұл өмірдің өлшемі -
Бүлк еткізер
Өкпедегі бір жұтым ауадай-ақ...

***
Менің де бар
көңілімде бір алаң,
Тағдырым ба сынаған -
Көшкен таудай құрағаным құлаған.
Солығымды баса алмай сонда бір
өксіп-өксіп жылағам.
Ал, былайша, дін аманмын,
Шыда, Жан!

Содан бері мұң - елес -
Көкірегімде көлбең-көлбең етеді,
Сойылымен солқылдатып шекені
Кейде-кейде салып-салып кетеді,
Кейде-кейде өзі талып кетеді.
Өмірде бұл бәрі дейді өтпелі,
Өтеді де кетеді...

Жоқ!
Қалады -
Ауадағы діріл - дем,
Соңғы шырылмен!
Бүлкілдеген бүтін ғалам бүлінген,
Сенің бұтағыңнан
жел тұрса,
жұлып түсер жапырағыңмын ілінген,
Бүгін мен...

***
Елемей топтың дүрмегін,
Келтіріп кемнің күрмеуін
Жаныңда сенің жүргенім -
Шын бақыт екен, білгенім!

Жаныңда сенің жүргенім,
Дүниенің сезбей бір кемін
Жарқылдап, жайнап, күлгенім -
Сүргенім өмір, біл, менің!

Отыру үнсіз оңаша -
Біреуге мәні жоқ аса.
Қадірін сөздің білмес ек
Қабірің үнсіз болмаса.

Мінезі жақсы жар қандай?
Таңдайға зәмзәм тамғандай.
Буынсыз тілмен от көсеу -
Тозақта жаның жанғандай.

Жігіттің жақсы амалы -
Адамға қылған сауабы.
Ағайын, туыс, бауыр, дос -
Алынбас жауға қамалы.

Дегенді көзбен ұқтырып,
Көңілден таза тұп-тұнық
Түсіндіру - тектілік,
Мойындату да - мықтылық.

Көк те сен!
Көкте Күн де - Сен!
Көрмесем Күнді мұң кешем.
Осының бәрін білмес ем -
Жаныңда сенің жүрмесем.

Яеи Кусама. Өрт. 1954 жыл

***
Мен - тірі екенмін!
Өзім білмей жүр екенмін:
Айтылмаған сыр екенмін,
Ашылмаған гүл екенмін.

Ақын екем, батыр екем,
Батырдан да батыл екем.
Көңілді екем, көркім менің
Көлдей шалқып жатыр екен.

Шешен екем, кесек екем,
Кездіктейін кеседі екем.
"Өледі екен, өшеді екен"
Дегендері өсек екен...

Өр екенмін, ер екенмін,
Төре де өзім, төр екенмін.
Шабыт та мен, шаттық екем,
Шертілмеген шер екенмін.

Маған мұны Өзім айтты,
Мөлдіреген сезім айтты,
Мөлтілдеген көзім айтты.
Менің бала кезім айтты...

Жамандарға табылмайтын,
Адаспайтын, жаңылмайтын,
Мені мүлде танымайтын
Маған мұны - жаным айтты!

***
Алматының жазын сүйдім,
Кеш еді...
Күзін сүйем -
Көңілімнің хош, емі.
Қаңтарымен өбісемін өлең боп -
Бақпен туғам бес елі!

Сал Көктемде сән бөлек,
Көктемеде Көктөбеде таң да ерек.
Алматының сүю үшін көктемін -
Қызып тұрған қан керек!
Жанып тұрған жан керек!

Сүйдім солай,
Күйдім солай ақыры,
Сұлу қала - күйдіруге хақылы.
...Жаза алмасам, тамып кетті дерсіздер,
Жаңбырындай бір-ақ тамшы ақыны...

***
Тағдырыма таға алмаспын бекер мін -
Өзіңменен өткен күндер - шекер күн.
Сағын мені!
Сен сағынсаң - өзіңмін,
Сен сағынбай қалған сәттен - бөтенмін.

Кейде уақыт келеді рас кешігіп,
Үзілердей үздікпесең несі үміт?
Сағын мені!
Сағынғаның - сүйгенің,
Сағынбасаң, сүйгенің де өтірік.

Қызған мені құшақтағы шоқ гүлден,
Сұра мені өртендірген от күннен.
Ізде мені!
Іздегенің - күткенің,
Сен ұмытып кеткен сәтте - жоқпын мен...

Яеи Кусама. Қасірет. 1954 жыл

***
Күз келді деймін,
Сыз келді,
Сарғайтып тегіс түз, белді.
Жапырақ жауды,
жаз бойғы
жасырып жасыл іздерді.

Күз келді деймін күп-күрең,
Күп-күрең шайдай - түк кілем.
Шым-шымы суып шілденің
Шашылды мөлдір шық кілең.

Жеткізбей маған қашықты,
Жаз өтті.
Неге асықты?
Күлімдеп жүр ем көктемдей,
Жылатты біреу, жасытты.

Күз келді тағы.
Бұл қандай?
Қалса екен көңіл былғанбай.
Жаз өтті.
Бейне,
Жастығым -
Көзін бір ашып-жұмғандай...

***
Еш себепсіз жыладым, іле күлдім,
Соның бәрі - сен үшін,
Жүре білдім...
Ағып бара жатқандай соңғы жұлдыз -
Жанып бара жатқаны-ай жүрегімнің...

Еш өкінбей өзіңмен өрт кешемін,
Сенім үшін сезіммен серттесемін.
Сені күткен бүгінгім - бақыт қандай,
Сенсіз өткен не деген дерт - кешегім.

Бәлкім күнә - сүйгенім,
Кінә менен.
Неге дайын екенмін?
Сұра менен!
Аспаныңа Ай болып ілінем де,
Көкжиектен Күн болып шыға келем!

Тарылғанда тынысың - дем беремін,
Өміріңнің боламын ең керегі.
"Жаным! Жаным! Жаным!" - деп жүрегіңнің
Айналдырып тұрамын дөңгелегін...

***
Күн астында - Көктөбе,
Ай астында - Алматы.
Күндей ыстық - от дене,
Айдай сұлу - талма түн...

Көп күттірген гүл Сезім,
Көкке ұмтылған - Көңіл, Жер.
Серттен қымбат - бір сөзің...
Сенім, өлмес өмір бер!

Жанарларда шоқтай нұр,
Алақанда алақан.
Тілегімде - Көк, Тәңір,
Жүрегімде - бар Отан!

Сөз - сенімсіз, іс - таным,
Сезім - бұлдыр, ес - тұнық...
Аулақ, аулақ - Құста, Мұң,
Ойламайын еш күдік.

Алақұйын, өткінші,
Балдан тәтті - фәни күн.
Шер тарқалып кетсінші
Жоқтан барды таниын...

Тәннен ұшқан түн іші
Адаспашы, Жан, енді.
Махаббаттың ұлысы,
Жаулап алсын әлемді!

Яеи Кусама. Күз. 1953 жыл

***
Сарғайып кеткен хаттайын -
Сағыныш толы, сәл үнсіз
Сағынып тұрам - сәт сайын,
Сағынып тұрам - дамылсыз...

Сағынып тұрам - үздіксіз,
Сағынып тұрам - ұдайы.
Сап-сары ала күздік біз -
Сағыныштардың құдайы!

МЕН ДЕ СЕНДЕЙ...


Мен де сендей мұңсызбын...
Санам кеуіп,
сын алдында қайтейін майдаланып?!
...Мен мұңымды шағармын саған келіп,
Сен мұңыңды айтасың қайда барып?..

Жоқ боп кетіп,
Табылғам -
Сынып, бітіп...
Енді сендей мықтымын,
мығым белім.
Таң атар деп, түннен де үміт күтіп,
Ай артынан айналған,
Күнім менің!

Ардың ісі - адамдық амал ғана.
Ақық мақтан,
біреуге жақұт мақтан.
Жан сырымды айтамын саған ғана -
Дәл өзіңдей барымнан бақыт тапқам.

Айырар деп адамдар - сенен, естен,
Құлазимын жайлаудан ел көшердей.
Өз ішімде екеумін ерегескен,
Көп ішінде жалғызбын мен де сендей...


Айгүл Жұмаділ – 1975 жылы 13 мамырда Алматы облысы Ұйғыр ауданы Диірмен ауылында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін тамамдаған. Қазіргі уақытта Алматы қаласында ұстаздық қызмет атқарады. 2018 жылы жарық көрген "Тұңғиық" жыр жинағының авторы.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...