Осыған дейін ақындар арасында «Папирус» айдарын жүргізгеніміз ел назарында. «Тәуел...
Жұмекен Нәжімеденов. МЕЗГІЛ ӘУЕНДЕРІ
* * *
Қандай істі бастасаң да қуанып
тез бітуін күт дейді,
басталған том,
тұр, әне,
келген жерім бүктеулі.
Босқа төгіп терімді,
ашқаныммен сүріне,
ашқан есіктерімнің
жабылған жоқ бірі де.
Маған қымбат құс бар бір —
жоғары ұш, жоғары:
сені атар дұшпанның
оғы біткен жоқ әлі.
Үміт бар ғой әркімде,
кеуде соған тоқ кейде:
маған ұсынар гүлдер
әлі ашылған жоқ дейді.
Ашылғам жоқ тіптен де,
көңіл бар тек күткен көп:
қайғырып та біткем жоқ,
қуанып та біткем жоқ.
Бастап қойған кітабым
біткенінше
еңсеріп,
ауа сені жұтамын
нық басамын, жер, сені!
Бір есігім жабылса,
жабылғанша түп-түгел,
шыңдар, сені бағынтам,
бұлттар, сені түттірем.
Сені атқан оқ қаңғырып
құлағанша,
төзім ғып
қуам сені, жаңғырық,
қуам сені, әділдік!
Мен құшар гүл бұтағы
қурағанша,
еңсеріп
ауа, сені жұтамын,
нық басамын, жер, сені.
Болса деп ем болары,
жансам деп ем тағы бір:
сонсоң маған бәрі анық,
сонсоң маған бәрібір.
ТОБЫЛ
Қару ғып қайсарлық пен қоңырлықты,
қара су қазып апты-ау жолын мықты.
Әдейі көзін алдау үшін көптің
табиғат қайратты ұлын момын қыпты.
Шалдардың әзіліндей епті, астарлы,
толқындар қажайды еппен көк тастарды.
Жағаны жаймен сипап аймалайды,
орнына жалғыз қарпып жеп тастаудың.
Сыр, мұңын көрсете алмай жайып бекер,
бәрін жайып көрсетсе — байып кетер...
Тайыз боп танылғысы келеді оның,
сонда осы... терең болу айып па екен?!
Аяйсың.
Сүйінесің, жүгінесің,
құмартып тереңдіктің түбіне осы.
Неғұрлым терең болса өзен деген,
соғұрлым үңілесің!
Құбылып, қыртыстанып, не түрге еніп
жатпайды ол;
болмаса аздап көпіргені.
Сабырлы, салмақты оймен ағад Тобыл
қазақтың қара өлеңі секілденіп.
КИІМ ДҮКЕНІНДЕГІ ОЙ
...Тоқтады ақыр "костюмдер" деген жерге,
жүрген жандай кеудесін өлең кернеп:
бірін өлшеп кең деді, бірін тар деп,
үшіншісін шығарды төмендеу деп.
Таппады ма шынымен мықты киім,
бірі — жылтыр, біреуі — түкті бұйым,
нашар екен матасы деді, бірақ
"кең" менен "тар" аузынан шықты жиі.
Әрнені бір көсеу-қол көседі көп,
пұлың болса талғамың да өседі үдеп.
Бірақ маған өзге сыр тіл қатады,
екі түрлі бетіндей бір матаның:
кең деп кейіп іздегенше аласұра,
кең костюмды алмай ма ағасына,—
үлкен бешпет қымбаттау шығар бәлкім?
Жо-жоқ, ол қарамады бағасына,
Тарды көрсе тарта ма салқын іші,
тар деп неге айтады болса інісі,
"кеңді" ағаға апарса, "тарды"— ініге,
базаршының емес пе алтын ісі?
Түк болмаса дүкеннің толғаны да,
сай келмесе киюге, қолға алуға,
"кеңді" киер ағасы, сыймай жатса
шешіп берер іні жоқ болғаны да.
Онда мұндай ой жоқ деп өршеленбе;
"тарды" алар ем бір іні берсе мен де...
Кіндіктен жалғыз жандар кінәшіл ғой,
бәр-бәрі тек өзімен өлшегеннен.
* * *
Сөз іздесең мағыналы, бағалы,
босқа өзіңді қамшылама, сабама,
Ауылды ойла, тасып кеткен кезінде —
түсесің өз сабаңа.
Ауыл бүгін оқымайды демеші,
оқиды — тек кітаптардың төресін.
Кездеріңде өзіңе-өзің сенбеген,
ауылды ойла — сенесің.
Ауылды, дос, артта қалды демеші,
сонда жатыр адамдардың төресі.
Ауылды ойла, кездерінде тарылған —
кеңіп сала бересің.
* * *
Именшек сәуле жүзіп жүр,
жәй қысылатын сықылды.
Жайнайды келіп қызыл гүл
қайғысыз ақын сықылды.
Қайыңдар сұлу,
сұрама,
толысқан белің емес пе?
Қарайып қапты жыралар —
қамыққан көңіл емес пе?
Жылжиды Тобыл жарқырап,
арманды да болар-ау:
ұлылардың артында
қалған мұра болар-ау.
Бұталар ойдан сызбай түк,
бықсып-ақ тұрған шығар-ау,
мені ұнатқан қызды айтып
сыпсыңдап тұрған шығар-ау.
ЖУРНАЛИСТ
Біреуді ізгі дегеннің өзі де ізгі ой...
Ол жәй адам кәдімгі өзіміздей.
Жазғаны да сонша бір елеулі емес,
газеттерден қалсаңыз сөзін іздей.
Тұнса-дағы тың тіркес, ой салалы,
әр жазғаны жатпайды той саналып.
Оның үшін бар құрмет жетіп жатыр
летучкада арқаға қойса қағып.
Таңертеңгі жазғанын кеш күдікпен
оқиды өзі —
Не бопты, ескіріп пе?
"Есерден де жақсылық шығад — дейді ол,
бірақ оған қарау жөн естілікпен".
Сүрінгенді дем беріп, демей келіп,
бүлінгенді теңгеріп, теңейді өліп.
Жақсы сөзін себуге көмейдегі,
жақсы адамның қалайды көбейгенін.
Адал жандар таныстар қимас қылық —
пішенші мен қойшының сыйластығы...
Әккі жемқор әкімін алдына ұстап,
сылт-есепші сылтауын жинастырып
қарбаласар;
тың тіркес, ой салалы, туып қалар,
ойлауды қойса-дағы.
Оның үшін бар құрмет бітіп жатыр
летучкада арқаға қойса қағып.
Жазып кетті...
Ілікті....
Шатады деп,
кейде арыз артында жатады үдеп.
О, бейнетқор, бақытты бауырым менің,
еңбегі бар, лауазым, атағы жоқ!
* * *
Япыр-ау мен неғып алғам самайды,
кәріліктің келгені ме, қалай бұл?—
өз көзіне өзі сенбей;
шынымен
қартайғысы келмей отыр ағайдың.
Ақ мұрттарды жұлады да тал-талдап,
сақалыма өтпейд дейді балтаң да.
Айна алдында үбектеп кеп жөндейді
әжімдердің кеткен жерін талқандап.
Сұлулығы — жастығы ма жеңгейдің, —
Соңғы кезде жеңгейге де сенбей жүр.
Мезгіл жағады ақ қырауын өндіріп,
ал, ағаның талдап жұлғаны — өнбейді...
Уақыт сондай,
Қырсығады, көнбейді,
сақал, шашты, тек өзінше жөндейді.
Одан сайын қартайтады ағайды,
одан сайын жас көрсетіп жеңгейді.
* * *
Кештіғұрым екі жан жүзіп баққа
кіріп келді гүлді ұстап, қызықпаққа.
Қызық тапқан жан үшін гүл-бақ егіп,
бұлар тапты рақат үзіп, таптап;
Жас жігіт жанын салды—қызулы еді,
гүлдер тұрды алдында үзілгелі.
Лақтырды біреуін ақ деп алмай,
енді бірін тым ерсі — қызыл деді.
Отырды олар майсаны жаншып, басып,
бір-біріне еріндер талшық тасып.
Жұлды тағы бір шоғын мөлдіретіп,
(кеткендей боп көрінді жер дір етіп)
қолын созды бойжеткен үлгірмеді —
қарт бағбан ақырып келді жетіп:
— Неғылғаның жатқаның бүйір малып,
асырайтын шөп беріп сиыр ма қыз...—
түтін болып шал тұрды...
(қарындасым,
артық айтса айыпқа бұйырмаңыз).
Намысты еді жас жігіт — ашу бар-ды,
таспен ұрып бағбанның басын жарды.
Қан боп қалды кәрия, әлсіз қолмен
жинап жатты гүлдердің шашылғанын...
Кетті екеуі тағы да жүзіп баққа,
Нені ұқпаса — дәл соған қызықпаққа.
Гүл өсіріп бағыбан таяқ жесе,
бұлар тапты рақат үзіп, таптап.
Жалба-жұлба болды ала — қираған ба,
әрең тұрды кей гүлдер қиралаңдап.
Жігіт жүрді серігі асыққанша,
гүлдер қалды үгіліп, жасып қанша...
Бүлінумен ақыры бітеді екен
сұлулыққа топастық ғашық болса.
ГҮЛ МҰҢЫ
(Монолог)
Тегі менің шын екен жаралғаным өзге боп,
көрінеді екенсің сорың үшін көзге көп.
Бәрі сені қызықтап жатқанымен, шын ұнап
кетсең егер көңліне — қояды екен жұлып ап.
Қызығушы көп екен болғандарға әдемі,
қысқалығы ғұмырдың — сұлулығының әлегі.
Танисың-ау жақсыны, ей, саусақтар, әмірлі,
сипай ма екен маңдайдан жұлу үшін тамырды!
Ғашық болса біреулер — оған да мен кінәлі.
Айрылысса қос ғашық — мен тапталам табанға,
қалса екі қас достасып — сақтанамын одан да.
Сүйіп тепсе, немене — гүлім дей ме сол үшін,
тиіп кетсе денеме дірілдеймін сол үшін.
Толған сайын қорқамын — сенен келер немене,
қонған сайын қорқамын көлеңкелер төбеме:
нелер жеңіл бүгінде — азаң батқан секілді,
төбемде — өмір,
түбімде — ажал жатқан секілді...
ҚАМШЫ
Бала десе — нан көрген кездерінде
шешен еді шешеміз сөзге мүлде.
Алла атынан алдымен алғыс айтып,
ұстатты әкеп қамшыны жездемізге.
Босап кетіп буынсыз кәрі көңіл,
ойлап көріп жездеміз әрі-бері,
қамшы үшін әкемізден қалған со бір,
Қуантты жарты қаптай тары беріп...
Қамшы түгіл әке де сол дүбірде
жоқ боп тынды.
Қорлық қой көндігу де.
Содан соң тек нан кірсе түсімізге,
жездеміз де енетін болды бірге.
Бертін келе шешеміз сөзден гөрі.
түйер болды түсінде сезгендерін:
"Қамшы осады түн сайын, дейді, арқамды,
Сол қамшыдан айрылған кезден бері".
"СОҚЫР ТЕКЕ
Көзді таңып, сүрініп,
әкетті деп "жеті ұры"
іздеуші едік жүгіріп,
соқыр болып өтірік.
Ұстата ма шын ұры
соқыр түгіл, айыққа:
кететін-ді бұрылып,
таппадың деп айыптап.
Ұстап алсаң, сор бұ да
өшіңді бір аласың:
көзін таңып, орныңа
"соқыр" ете саласың.
Ұстағанша, мазақ қып
досың күліп, әрине,
көретінсің азапты
көзі бардың бәрінен.
Теке емеспіз, елікпіз,
ей, балалық, желіккіз!
Теке қоймай
құтылмайтын едік біз.
Кінәлайтын жұрт өңге
айдаладан сөйлеп құр.
Ұрсатұғын үлкендер
жаман ырым ғой деп бұл.
Жаман ырым?
Жәйдан-жай сөз де
айтылмас боп алды.
бір ағамыз майданнан
шын соқыр боп оралды.
Көздің жоғы жаман-ақ
ербең қағып қолдары,
әлдекімді шамалап
ұстамақ-ты ол дағы.
Тайқып жүрдік жолынан,
үрейлендік, отырдық.
Кім түссе де қолына
жіберердей соқыр ғып.
Іздейтін ол тарығып,
кеудесін бір кек кернеп,—
бар қаскүнем, бар ұры
соны тонап кеткендей.
Ұстата ма шын ұры,
соқыр түгіл айыққа.
Қалды ағамыз бұрлығып,
әлдекімді айыптап.
Біз қойдық қой, әрине,
ойын қалды, жетілдік.
Бірақ ағай әлі де
ойнап жүрген секілді...
ЕСТЕЛІК
Қарыса әлі сол соғыс ызғарлары,
ол да сенен шығар-ау із қалғаны.
Кеселер түгел сынып үлгірген жоқ,
көнергенмен дастарқан сіз бардағы.
Қыз-ойнаққа айналып сұқпат кешкі,
қара етіктің табанын мықтап тестім.
Төр төсектер бүтін тұр әлі бірақ,
үйткені оған сенен соң шықпапты ешкім.
Сіз бардағы біткенмен қазы, қымыз,
көп аузында әлі жүр әзіліңіз.
Кім біледі жығылмай тұрған шығар,
бір жұртта ат байлаған қазығыңыз.
Домбыраң да сондағы бұрауында,
ішекке қонған тозаңын тұр ауырлап.
Сен мінген ат сүйегі қурағанмен,
сені көрген кісілер жүр ауылда.
Бәрі ескерткіш өзіңе тұнып тұрған,
бәрі сені келеді ұмыттырмай.
Жанды, жансыз — бәрі де сені айтады,
әжем қайтсін келер деп үміт қылмай.
* * *
"Беломорды" шиырып,
тіп-тік ұстап иығын,
оқуға емес, фотоға түсетіндей киініп,
күліп қана қабағы — сөздің іздеп иінін,
жігіт бола қалады — ел баласы бұйығы.
Қойнындағы дәптерін жаза-жаза өлең ғып,
үйренеді содан соң сыраға ақша төлеуді.
Жо-жоқ, сынап жатқам жоқ,— өзіміз де сол едік,
стипендия алғанда қалушы едік кенеліп.
Айырма тек: алғашқы жылдардағы ақын ұл,
келе-келе сыншы боп "заказ" алар ақырын.
Ақындық пен сыншылық — ақыл беріп қатырып,
мұғалім боп ауылға аттанады ақыры.
САБАҚ
Кешірімшіл ұстазың қаққанымен арқаға,
жағрафия сабағы, әсіресе, картаға
қиналатын едік-ау көп-көп іздеп, көп іздеп,
тауларды іздеп баттық біз талай-талай теңізге.
Мемлекеттер арасы — ирек сызық қинайтын,
бірін-бірі сызықтар сүйреп шығып қинайтын.
Қай жағыңа қарасаң — бас қатырар шимай тұр.
Шимайлаймыз бүгін де өнер жәйлі, үй жәйлі,
кей шимайың ми түгіл, қағазыңа сыймайды.
Мемлекеттер арасы —
шекарадан гөрі, тек,
адам менен адамның аралығы қинайды.
ҚЫЗДАР
Сүйіп қалса — аһ ұрып,
алданады гүл иіскеп;
билер сонсоң қатырып
"чарльстон" мен "твиске".
Жаңа жылап, енді, міне, күліп тұр —
о, түсінем, түсінем:
"Ұятсыз" деп тілдеп алып жігітті
аяйды ептеп ішінен.
Ұнатады қазіргі қарындастар сезгенді,
өткірлеуін әзілдің, астарлысын сөздердің.
Ұнатпаса — күліп құр,
қоштасумен шектелер.
Бәрінен де жігіттің
жасықтарын жек көрер.
* * *
Мықтылық бар, осалдық бар ғажайып
сұлуларда,
соның бірін жазайық:
Мықтылығы — ғашықтары көп оның,
осалдығы — соның көбін елеуі.
Мықтылық бар сұлуларда не түрлі,
ең бастысы — осалдығы секілді.
ОТ БАСЫ
Жарақат бар жанымда — ашып қалма,
атом жәйлі,
жер жәйлі ой осып салған.
Аштық пенен жетімдік туралы ойлар,
ұйықтап жатқан ұлымды шошытпаңдар.
Түнгі ойларың түк те емес — жаза ғана,
әр минуты келеді азап ала.
Жесірліктер туралы қасіретті ой,
ауру, кәрі шешемді мазалама.
Ұл қайғысыз еркі бар есеюге,
қайғы адамды өсірер десе — күлме.
Тек айрылу туралы ашқылтым ой,
дөңбекшітпе жарымды төсегінде.
Ұйықта тыныш үй-іші,
санаңды ап шын
алаңдатса тек жақсы ой алаңдатсын.
Жұмсақ төсек, дүние — сендердікі,
бататыны болса, тек маған батсын!
* * *
Әже,
Әлде "жүрегің толып" кетті,
әлде бір көңілсіз ой қонып кетті —
Мені көрсең бүгінде, бар білерің
жылау да емес, кемсеңдеу болып кетті.
Әлде шаншу алды ма бүріп іштен,
іше алмайсың шайды да бұрын ішкен.
Тұра келсең— қаласың кездік құсап,
ал, жантайсаң жатасың бір уыс боп.
Алақаның сай-сай боп таңдай құсап,
қарың — қармақ болыпты, болмай құшақ.
Неге қорқа қарайсың айналаға
шірік бұтаққа ұялаған торғай құсап.
Бір ауырлық әйтеуір санада тұр,
қорқыныш пен уәйімді паналатып.
Күннен-күнге еңкейтіп мына мезгіл
қайда ғана әкетіп бара жатыр?
* * *
Жүре тұршы,
пұл болғанша бір малың,
өлімді ойлау — не берер,
жүре тұршы,
үйленгенше ұлдарың,
есейгенше немерең.
Қопарылсаң тым ерте
дауыл күнгі емендей,
ұл-немерең күні ертең,
"әжем қайда" демей ме?
Не айта алам,
ұл — ынжық,
не бере алам енші етіп;
Отырам ба күмілжіп,
суретіңді көрсетіп?
Қарау керек "обалға",
немереңнің бата — емі.
Керек шығар оған да,
бір "шүйке бас" әперу?..
* * *
Көңілімнің лекітпесі секілді,
шідерімнің бекітпесі секілді.
Отау үй боп құралғанда ең алғаш
көрші берген кетік кесе секілді;
қолға сеніп: "шап" дегенім секілді,
жанға сеніп: "шат" дегенім секілді,
тұңғыш ұлым,
ең қымбатым,
сенімім,
тұңғыш жазған сәтті өлеңім секілді.
* * *
Тағдырдың
тек сен үшін шығарған сол "қаулысы":
балаң — ерке,
күйеуің — жалқау кісі.
Бірін сыйлап,
біріне төзуменен
біраз жерге кеп қапсың, байқаймысың.
Менің қамым — әйтеуір балаң қамы;
мен де қамыңды іздеп ем — таба алмадым:
Қара қасың мақтадым — сыланғаның,
қара шашың мақтадым — таранғаның
таздың таранғанындай — неге күлдің?
Бар құрметім: өзіңе сене білдім.
Экраның — бір менің қас-қабағым,
театрың— күлкісі бөбегіңнің.
Басқа қыздар бұрымын түтеді кеп,
модалардың кезегін күтеді кеп.
Ал, сен жүрсің ас үй боп — "шаштаразың"
ательең — азық-түлік дүкені боп.
Кимедің сен дүкеннің тар етегін,
білмедің сен, білмеген— кәрі етеді.
Соның үшін ырзамын: білмедің сен
менен басқа мықты ақын бар екенін.
ШЫНДЫҚ
Неге мұнша кешікті деп таңдана,
ас пісіріп күтпе көп;
жерім де көп бармаған,
ісім де көп бітпеген.
Кешікті деп қарама,
ерте келсем — ол да сын.
Жүрдім, рас, далада,
үйде өзің болғасын.
Кінә тақпа, құрсыншы,
күттің, рас, күнімен.
Ауырып қап бір сыншым,
көңілін сұрай кіріп ем.
Күткеніңді — ар көрме,
мән берме ондай-ондайға.
Жалақысы бар жердің,
Жиналысы болмай ма.
Өкпелейсің несіне,
ал, айтайын дұрысын:
кетіскен бір досыммен
табысып ем сыра ішіп...
* * *
Бір тағдырмыз,
қайғы арман
ортақ бізге соққы да;
бір қазыққа байланған
екі жетім тоқтыдай,
екеуміз де ынжықпыз,
екеуміз де сенеміз,
екі ұшындай бір жіптің
бір-бірімізге ереміз.
Бір тағдырмыз, дегенмен
дауымыз бар не түрлі.
Ұнатқан бір өлеңді
екі оқушы секілді.
* * *
Болмаған соң махаббатсыз,
сүюсіз,
өмір өссе — атамақсыз:
тыюсыз.
Қалай ғана тыйылады,
ырғалған
қыз бен жігіт күйіп-жанып
тұрғанда.
Жазғырасыз жанды-гүлді,
түк ойсыз:
махаббаттың мәңгілігін
тілейсіз.
Қалай мәңгі демек едің,
бір жанға:
айрылысу менен өлім
тұрғанда.
* * *
Тым ащы айтсам, кейіме,
ісінбей кет.
Тым тәтті айтсам мән берме,
түсінбей кет.
Тәтті сөзден — ақыл, ой ауырады,
тәтті жеген сәбидің тісіндей боп.
Тек тәтті сөз емес қой сүйікті етер,
бәрін тәтті айта алман иіп бекер.
Тәттіге ылғи үйренсе таңдай байғұс,
ащы татып бір күні күйіп кетер.
Пәк көңілге, бет-жүзге қарамай түк,
ащы сөзді кейде мен қалам айтып.
Кезің болсын ол сенің ащы аңсаған,
кезің болсын тәттіні қаламайтын.
Өкпелеме,
мен емен "таза" жендет,
тұзды сөзбен ойым жоқ жаза бермек.
Асыл жанның өзі — бір жарақат,
жарақатты ащымен жазады емдеп.
* * *
Қарай-қарай қасыңа,
қарлығашты ұнатқам.
Қарай-қарай шашыңа
қара орманды ұнатқам.
Көп үңіліп көзіңе
тереңдікті таптым ба.
Ери-ери сөзіңе,
ерімес боп қаттым ба.
Қуа-қуа сезімді
сездірмеуді үйрендім.
Көре-көре өзіңді,
көрші қызға үйлендім.
* * *
Бала боппын: бақ, талап,
ойламаппын ғұмырда;
жалғыз ұлды қақпалап,
өзіңді шын ұғуда.
Бала боппын: көрдің бе,
бата алмаппын дірілдеп,
сенен өзгелердің де
жақсы екенін білуге.
Есейіппін: қызумен
жүріп қалып кешқұрым,
кешіккенде
жүзіңнен
бір суық сөз естідім.
Есейіппін: бүгінгі
қабағыңнан түсінген,
және де... өз мінімді
ойлай-ойлай ішімнен.
* * *
Өтті, өтті, бір түн өтті, өтті күн,
сүйенгенім — келер күннің көптігі.
Кеше тартқан күйді бүгін ұмыттым,
кеше тапқан дос жанымда жоқ бүгін.
Өтті,
өтті... домбырамның сазды үні,
жүрегімнің қайғысын қаз, қаз мұңын,
қазып, қазып шығар асыл мазмұнын.
Қастарымның, қинайтыны, көптігі,
достарымның, сыйлайтыным, аздығы.
Бірақ, бірақ шатағы сол, шатағы:
кеше батқан ай бүгін де батады,
кеше еріткен — ерітеді бүгін де,
алғы күннен түңілме, дос, түңілме.
* * *
Шарасынан жүректің арман асып
кеткен кезде жас төгіп алған асыл.
Көз жас үшін біреуден ұяласың,
біреуге көрсетуге арланасың.
Тар көрініп кең пейіл үй-іші бір,
аз көрініп жарыңның күміс үні,
жаныңменен алғашқы жылағаның,
секілді екен алғашқы сүйісуің.
Тиген шақта тұрмыстың балғасы дөп,
жаншады екен бір сәтте бар қасірет.
Алғаш рет кісіден көңілің қалып,
танисың-ау өзіңді алғаш рет.
Одан әрі?
О, досым, сұрама әрі —
домбыраңның құлағы бұралады:
қайғыра алсаң, ол — сенің жұбанғаның
жұбанғаның — сезгенің күнәң барын.
* * *
Жаға алмадым көбіне,
жайында адам
басқа келсе жақпас ой — уәйім маған.
Тек жарыма жақтым мен,
жақтырды ол:
мақтап едім тамағын дайындаған.
Маған көп жан жақпады,
жақпады әлі,
осы күннің есігін аттағалы
жарым ғана жақты тек,
жақтырдым мен
соңғы жазған жырымды мақтағалы.
Мақсатымыз "кең ойлап", "қиыр кешіп"
түсініссең түйеді бүйір несін.
Біздің үйде "жұмысын" жүргізеді,
"Кулинария-әдеби" үйірмесі.
* * *
Көңілімнен кетпедің,
сенің көңілің мендей ме.
Өкпелегіш деп мені,
өкпеледің сен кейде.
Солай... білсең түсіне,
пәлен екен деме енді.
Ренжітпейтін кісілер
ренжігіш келеді.
* * *
Сен аңқау ең ақ ұлпа бұлт сықылды,
мен қатал ем қатпарлы шың сықылды.
Сен жақсы едің —
бірден сенен бастадым,
мені мақтап жазылған сөз сықылды.
Мазасыз ең мықты сұрақ сықылды,
жазасыз ем — керең құлақ сықылды.
Сен қызық ең —
бірден сенен бастадым,
газеттің ең соңғы беті сықылды.
* * *
Неге есіме түсті екен ескі жырым,
неге аңсадым ескі-ескі досты бүгін.
Кідірте тұр асыңның түсіруін,
достар келіп қалатын кешқұрым.
Суытты ма лақабы көптің бөтен,
лақапшы еді бірінің келіншегі.
Жақсы жырымды оқыса — келуші еді,
келмегені — жаза алмай кеттім бе екен?
Кешікті ғой, дос қайда, таныс қайда
жақын едім — сол үшін алыстай ма.
Кешегідей тағы да жалғызбын мен,
"Кетік" қайда, япыр-ау,
Әбіш қайда?
Кідірте тұр асыңды, өліп-талып
түңілейік, түңілсек сеніп барып.
Асықтың деп жатуға дау сап жүрер
әлде болса біреуі келіп қалып...
* * *
Бір сүйініш сезінгенше,
сол әлі
жүрек байғұс арып-ашып болады.
Анда-санда бір соғатын қуаныш,
анда-санда бір келетін қонағым,
келер болсаң — сүйінте кір, кір демеп,
мен де сені мақтап талай кірген ем;
келерде тек достарыммен бірге кел,
кетерде тек қастарыммем бірге кет.
* * *
Тыңдап едің күйімді сүйіп, түлеп,
бірте-бірте мен содан биіктедім;
Түрім гипс секілді ед, сенің үшін
алтын болып шықты ғой менің ішім.
Сұлу емес едім мен — болып кеттім,
батыр емес едім мен — жеңіп кеттім.
Тыңдай-тыңдай күйімді жаныма ендің,
көре-көре жүзімді көніп кеттің.
ӘЙЕЛ
Үбектейді,
үй-іші —
көлденең шөп жатпайды.
Столыңды жиысып,
кітабыңды қаттайды.
Келгенінде даладан
бәйек болып, біртүрлі
көрінесің сен оған
жүдеп қайтқан сықылды.
Бір жымиып ішіңнен,
құс жастықты бауырға ап,
қырып қайтқан кісідей
шіренесің ауырлап.
Ылғи солғын боп түрің
көрінеді,
күтіп кеп
бәтеңкеңді кептіріп,
балағыңды үтіктеп,
жүргені ылғи тегістеп,
бір кіріптар пендедей:
Сен ішкенді ол ішпей,
сен жегенді ол жемей.
Әйел сондай.
Кемдікүн
шашын сипап, асын жеп,
жүргендейсің сен бүкіл
жақсыларға "масыл" боп.
ПАРАДОКС
Күй мейлің:
жақсы әйелді — еркегі,
жүйрік атты — тізгіні,
жақсы авторды — жазғаны
билейді.
Күл мейлің:
жаман еркекті — әйелі,
жаман атты — тізгіні,
жаман жырды— авторы
сүйрейді.
* * *
Үміті көп күндер жақсы,
ұйқың қап,
жанып тұрып ән айтасың, күй тыңдап.
жан желігің елге сыймай, үй тұрмақ,
Жар белінен құшақтайсың "сиқырлап".
Өкінішті түндер жаман, ұйқыңды ап
бітер бәрі — жанды ерітер күй тұрмақ.
Ән орнында — жөтел қалып қиқылдап,
жар орнында — төсек қалып шиқылдақ.
* * *
Сүю үшін жүр ғой жұрт кеңес сұрап,
сүйетін жан былай сүй демес бірақ.
Саған ұқсас қыз көрсем— айрылғым жоқ,
бұл, әрине, мықтылық емес, шырақ.
Жанарыңды қоя тұр дөңгелетпей,
көздің жасы тұр қазір емге жетпей,
саған ұқсас қыздарға — осалдаумын,
(мықты болғым кеп жүрген мен де жоқ қой).
Бәрі — сүю,
құдайым оңдасын тек,
жанса — жансын жүректер, тоңбасын тек.
Саған ұқсас қыздардың сүйем бәрін,
маған ұқсас жігіттер болмасын тек.
* * *
...Жігіт кетті жаралы —
кінә арттыңдар несіне:
әр қызға бір қадалып
қарайтыны несі деп.
Семья тозды ішінен
жүр ол да өзін табалап...
көйлегі тозған кісілер
матадан көзін ала ма.
* * *
Уақыт — қашықтық деп қалам ұғып,
сол қашықтық — жаңа ой, жаңа білім,
Ал, бос уақыт дегенің менің үшін
столым мен төсегім аралығы.
* * *
Бұзылмасын ұя бір,
туған ауыл, от басы;
сол от басын қиял ғып
біттің әбден, тоқташы.
Ұя жақсы, тек онда
балапан боп сыясың.
Шықпас еді қырандар
қия алмаса ұясын.
* * *
Ізі — аппақ таспадай,
Ракеталар жүгіріп
Шыққан кезде, аспанға
ілініп қалар гүрілі.
Одан гөрі... бір түрлі
мына аспанға сиқырлы,
жарасатын сықылды
қарашаның қиқуы.
* * *
Шөптің даусын, су үнін,
күлген көлді қысылып,
бала-бақша шуылын,
аяқтардың тысырын,
тілеймін мен — бекер ме?!
Тілеймін мен: бір түні
бұзып кетпесе екен деп
Зеңбіректер зіркілі.
* * *
Жан кешпеген көл сұлу,
жан баспаған қыр сұлу,
қайыршыға — бәлсіну,
қайраттыға — күрсіну;
қатыбасқа — нәресте,
қайрымдыға — арамза;
алынған соң — бәрі ескі,
ашылған соң— бәрі арзан.
* * *
(Абай ескерткішіне)
Көтермейді көлкуді, көбеңсуді,
қайратты ойдан өрілген өлең сырлы;
қатал заманнан шыққан қайрымды жан,
қара тасқа көктеген емен сын-ды.
Дара туған тұлғалар, ең кемінде
қалады екен ешкімге теңгерілмей.
Осал ортадан шыққан мықты кісі,
мықынсыздың буынған белбеуіндей.
Қазыналы жан алтынын төккен күлге,
күл боп жанып кетіпті көппен бірге.
Қараңғы елде жарқырап туған өлең,
қара түнде маздаған отпен бірдей.
Емен-дағы құласа — бетеге екен,
дара туған тұлғаң да өтеді екен.
Тек қана қараңғыда жанған оттың,
жарығы тым алысқа жетеді екен.
* * *
Жақсы десе — жылынып жүрек жібіп,
жаман десе — жұлынып бірер жігіт,
мінімізді өзіміз мойындаған
өзге біреу көрсетсе — ренжідік.
Ақтарыла қап кейде қақырап кеп,
сындық кейде шөлмектей шатынап кеп.
Ақымақтық жасаппыз алпыс түрлі,
көрінбейік дегенде ақымақ боп.
Бәрі жора бұлданбақ, ісінбекке,
айқай салдық бізді жөн түсін деп те.
Адалдықтан тайқыппыз кейде өзіміз,
арам болып көрінбеу үшін көпке.
Жігіт атын тұтқанмен көрпе қылып,
асы біткен аяқтай төңкеріліп,
қызартыпты бет-жүзді бояудай ғып,
нені мықтап жасырсақ — сол көрініп.
Жақсылығың не керек бір жанбасаң