«...Әкенің сөзі мен ісі!..» (кертолғау).

ӘДЕБИЕТ
3111

Сөз мырза бүгін әңгіменің сорақысын шығарды – маңдайдан ұрғандай етіп былай деген: « Кешегі аталар мен әкелердің ойланбай айтқан және істеген ісі үшін бүгінгі ұрпағы барынша мол зардап шегіп жатқанын сен білесің бе? Әрине, білуге тиіссің. Әйтсе де оны парасат талқысына салып, кейінгіге үлгі етерліктей ұлағат айтып, қимыл-қозғалыс жасап жатқан бірің жоқ – бар болсаң, бірен-саран ғана! Сосын да сондай сорақылық кеше де болған, бүгін де бар, ертең де бола бермек. 

Мен нені айтам? Халқына тұтқа болар аяулы Азаматқа жазықсызға жала жауып, сол үшін куәге тартылып, жолын кес-кестеген баяғы шалажансар аға буынды айтам. Мен нені айтам? Кертартпа-керпиғыл саясатқа салпаң-салпаң етіп еріп алып, еліне де, жеріне де кесірі орасан зор қиянат әрекетке баруға тайсалмаған, оған ойша сараптама жасап, салмақтап баға беруге ынталылық байқатпаған шошаңмінез аға буынды айтам. 

Мен нені айтам? Екіжүзділікті айтам, ермелекті айтам, ойсыздықты айтам, табансыздықты айтам...Ең сұмдығы – олардың осындай тұрпайы да тұрлаусыз, абыройсыз да әбес істері артында қалатын, ертең өсіп-өнетін ұрпағына қорғасындай салмақ, қара тастай зіл батпандай ауыр! Абырой-беделіне мейлінше нұқсан! Өмірді таза да шынайы сүруіне, халқына қадірлі де қасиетті қалыпта ғұмыр кешуіне барынша кедергі, тосқауыл!..» Ойланып қалайын. Ойланбасыңа бола ма? 

Расымен де, алысқа бармай-ақ, соңғы екі-үш ғасырда біздің қазақ кезең-кезеңімен қайталанып отырған, таяқ жеп жатса да, ойсарайында салмақтамаған осындай шырғалаң кесапаттар мен кесір-әрекеттерден қашан ғана сабақ алар екен? Қайткенде өзі үшін ғана емес, ертеңгі елі мен ұрпағы үшін де өмір сүріп жатқанын бағамдап, жанәлеміне жауапкершілік жүктеп, ой биігіне көтеріле алар екен? Өткенді қойып, бүгінгі естиярлар мен әкелер өз іс-әрекетінде осыны сана әлемімен салмақтап жүр ме? 

Жағдайы шатқалақтап тұрған тіл мен ділге, дәстүр мен ататарихқа кім жанашыр, кім қамқор? Бүгінгі сәби күні ертең жанайқайын айтып, аға буынның әрбір қисық та шалыс қадамдарына лағнет айтып, ішқұсалыққа белшеден батпасына кім кәміл?.. Әлде... осы кеткеніміз кеткен, өзіме ғана қолайлы болса жетіп жатыр, басқада шаруам шамалы деген шалағай ойдың тұтқыны болғанымыз болған ба? Басқа халықтарды қайдам, тап осы Қазақтың ендігі жерде өткеннің ащы зардабынан сабақ алар кезі әлдеқашан-ақ келді емес пе, а?.. Сөз мырза, бұның түпкі себебі қайда, қай «үңгірде» тығылып жатыр екен осы,а?.

Жолтай Әлмашұлы

author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ҒАЛЫМ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...