Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсыновтың мұражай-үйі мемлекет қарауына алынды. Бұл туралы Қазақстан Ж...
Ерлан Жұрынбаев. Сорақылық сахнаға шықты
1628
Сорақылық сахнаға шыққан заман болып тұр. Боқауыз сөздерді барынша жарнамалап, екі қазақтың бірі солай сөйлейтіндей берілген, сапасы арзанқол фильм YouTube арнасынан асып, үлкен театрларда көрсетіле бастады. Мұндай масқараның артында не тұр?
Қараңызшы, бізде халықтың мүддесін қорғайтын заң жоқ емес, баршылық. Бірақ солардың іс жүзінде орындалуы, заңдағы талаптардың сақталуы тым әлсіз. Өйткені қоғамда кейбіреулерге арзан күлкі, хайп, жеңіл жолмен, бейәдеп қылықпен танымал халықтың игілігі, ұрпақтың қамы, елдің ертеңі үшін жазылған, бекітілген нормалардан да маңызды болып тұр, өкініштісі.
Бір ғана мысал, әуелде YouTube арнасында көрсетілген «Пацанская история» дейтін фильм қазір үлкен кинотеатрларда жүріп жатыр. Мазмұнын, контекстін, диалогын білмей барған, сөз ұғатын, салмақтай алатын таныстарым жағасын ұстап шыққанын жеткізді. Өйткені онда былапыт сөздер ашық айтылған.
Енді қараңыз, 2019 жылы қабылданған қолданыстағы «Кинематография туралы» заң бойынша ел аумағында прокатталатын фильмдерде бейәдеп сөздер дыбыстық сигналмен жойылып, көрерменге естілмеуі тиіс. Жарайды, киноөндіруші хайп қуды, көрермен жинауды көздеді делік. Сонда оған елімізде мемлекеттік фильмдер тізімінде тіркеп, прокаттау куәлігін жауапты мекеме – Мәдениет және спорт министрлігі қалай берген? Қалай болғағанда да республика көлемінде таратылып отыр ғой, демек рұқсат алынған. Бұл әрекеттен жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың «иісі» шығады. Міне, заңбұзушылық.
Одан кейін, заңның орындалуын қадағалауы тиіс, заң талаптарының сақталуын жіті бақылауға жауапты, міндетті мемлекеттік орган – Прокуротура қайда қарап отыр? Егер осы Мәдениет министрлігі мен құқық қорға органы да көріп, біліп, хабардар бола тұрып осылай жасағаны анық болса, онда сөзсіз өз ісіне деген немқұрайлықтың айқын көрінісі деп қабылдауға болады.
Тағы бір назар аударарлық жәйт, YouTube арнасындағы қазақтілді сегментті, одан қалды әлеуметтік желілерді, міне бара-бара киноөндірісті балағат сөздерге, былапыт ойларға, дарақы диалогтарға толтырып жатқан «SALEM SHOW»-дың көздегені не? Ұлтты аздыру емес пе? Осы жобаның артында тұрғандардың іс-әрекеті өте күмәнді.
Тағы бір сорақылық. осы 21 жастан асқандарға арналған «Пацанская историяға» Мәдениет және спорт министрлігі прокаттау куәлігін берерде тек түнгі 10-нан таңғы сағат 6-ға дейін көрсетуге рұқсат бергенін айтады. Бірақ бүгінде кешкі уақытта, нағыз адам отбасымен фильм көруге баратын 18-20 сағ аралығында да беріліп жатыр. Ал енді соны әлі оң-солын толық танымған, еліктегіш жастар мен ата-анасынан лайықты кино көруге ыңғайлы уақытқа сұранып шыққан жасөспірімдер көрсе, бір-біріне таратса, қайтпекпіз? Ұрпақты аздыру дегеніңіз осы емес пе? Қайда барамыз?
Әлде немқұрайдылық түбімізге жеткенше жайбасарлық танытып отыра береміз бе?..