Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің діни плюрализм жағдайындағы төзімділікті нығайтудағы рөлі

ӘДЕБИЕТ
3632

ХІХ ғасырдың ортасынан бері академиялық ортада, модернизациялық үдерістердің күшеюіне байланысты «діннің ықпалы біртіндеп төмендейді, маңызды күш және фактор ретінде ол қоғамдық-саяси саладан жеке тұлға өміріне ығысып шығады» деген идея басым болды. Қоғамдық ғылымдарда бұл идея «секуляризация теориясы» ретінде орнығып, болашақта діннің ықпалы азаяды да тек кішігірім топтың немесе жекелген индивидтердің санасында ғана қалады, − деген болжам жан-жақты айтыла бастады. Сонымен қатар, «модернизациялық үдерістердің дамуы діни рәміздердің, доктриналардың маңызы мен діни институттардың беделінің жоғалуына алып келеді» деген пікір де кеңінен таралды. «Секуляризация процесі өздігінен әртүрлі экстремистік діни үйымдардың, соның ішінде лаңкестік үйымдардың пайда болуы мен таралуына алғышарт» деген тұжырымдар да жасалды. Алайда, соңғы жарты ғасырдағы әлемде десекуляризация үдерістері мен діндердің қоғамдық белсенділігінің артуы аталмыш болжамдарды терістеп отыр. Дін Солтүстік Америка, Батыс және Шығыс Еуропа елдерінен бастап, мұсылман елдеріне дейін қоғамдық дискурстың маңызды мәселесі ретінде қайта жанданды. Қоғамдық кеңістіктегі мемлекет пен дін арасындағы қатынастар, діни құқық және діннің қоғамдық көріністері саяси мәселелер ретінде жиі көтеріліп отыр. 

Дін саласындағы аталған факторлар мен үдерістер әлемдік қауымдастықтың ашық және тең мүшесі ретінде елімізге де тікелей ықпал етуде. Сол себепті, Қазақстан Республикасы үшін елдегі діни жағдайдың тұрақтылығы мен конфессияаралық келісім стратегиялық мәселелер қатарына жатады. Осы саладағы кешенді іс-шаралар мен саясаттың аса маңызды бағытына Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының дәстүрлі кездесуін толықтай жатқызуға болады. Қазақстан Республикасы 2003 жылдан бері 6 әлемдік және дәстүрлі дін басыларының съезін (2006, 2009, 2012, 2015, 2018) өткізді. Бірінші съезде әлемнің 17 елінен 17 делегация қатысқан болса, соңғы кездесулерде дүниежүзінің түрлі елдерінен келген делегация басшылары мен қатысушыларының саны артып келеді. Үш жыл сайын өткізілетін бұл маңызды шара аясында халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы дін көшбасшыларының рөлі, дін және әйел, қазіргі бірегейлік дағдарыс жағдайындағы діни құндылықтар мен игіліктер, дін және жастар секілді басқа да өзекті мәселелер талқыланып жүр. Осындай заманауи, өзекті мәселелердің қарастырылуы, олардың шешілу жолдарына қатысты түрлі діндер мен конфессиялардың үн қосуы еліміздегі діни бейбітшілік пен тұрақтылықтың одан ары нығаюына зор үлесін қосып келеді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының кездесуі ұсынған платформа түрлі діндер арасындағы діни мәселелерді шешуге бағытталмаған, оның негізгі мақсаты − белгілі бір орта жолды іздестірудегі дінаралық сұхбаттың маңыздылығы мен құндылығын бағалау. Бұл сұхбаттың мәнін Елбасы ең алғашқы Съездің барысында: «Баршаға ортақ діни кеңістік құру мүмкін емес, діни ерекшеліктерді жою да мүмкін емес... Алайда, тұрақты диалогтың құндылығы – орын алып отырған келіспеушіліктерге қарамастан, белгілі бір сара жолды іздестіру және оның мәнін түсіну. Ең бастысы, диалог – бейбітшілік пен келісім платформасын, үйлесім мен айқындық уақытын қалыптастырады. Міне, діни диалогтың сөзсіз құндылығын осыдан көремін» − деп, атап өткен болатын.

Ақиқатында, ұлт, дін, көзқарас плюрализмінде келісім, төзімділік – ортақ құндылықтар негізінде ғана жүзеге асады. Қоғам тұрақтылығы мен бейбіт өмір, адам өмірінің асқақтығы секілді құндылықтар барлық дін өкілдеріне, тіпті дінсізге де, сол секілді барлық ұлттарға да ортақ. Оны сақтауға барлығы мүдделі. Өйткені қандай да бір діннің мақсаттарының орындалуына тұрақты, бейбіт қоғам қажет. 

Дін адам өмірінің барлық саласын қамтып, дұрыс дүниетаным мен эстетикалық талғам қалыптастыруға, қоғам мүшелерін құрметтеп, айналаға мейіріммен қарауға, әлеуметтік қатынастарды реттеуге, бейбіт өмірді қамтамасыз етіп, татулық пен тыныштық сақтауға қызмет етуі керек. Ал, дінге дұрыс көңіл бөлінбей, бір жақты діни түсініктермен шектеліп, ортақ құндылықтар ескерусіз қалған қоғамда діннің интеграциялық қызметіне қарағанда оның дезинтеграцияға көбірек жол ашатыны белгілі. Ондай жағдайда елде тұрақсыздық пен жікке бөлінушілік, өзге сенім иесін бөтенсу, ксенофобия белең алып, ол келе-келе саяси жүйеге де кері әсерін тигізеді.

Дәстүрлі қоғамда дін әлеуметтік интеграция жəне тұрақтылық, рухани құндылықтарды жоғарлату функциясын атқаруы тиіс. Интегративтік функция діннің қандай да бір адамдар тобын, идеялар кешенінің айналасын біріктіру қабілетінде көрінеді. П.Бергердің пікірінше, «Діни институттар – осы қоғамның барлық мүшелерін «жалпы бір мағынаға» біріктірген əлем». Діни жүйе қоғам мүшелеріне немесе топқа осы қоршаған əлемде өз орнын, атқаратын рөлі мен мәнін табуға мүмкіндік береді.

Алайда белгілі бір жалпылықты біріктіре жəне топтастыра отырып, дін, бір жағынан, оны басқа діни ұстанымға қарсы қою қабілетке де ие. Осылайша, дін кейде бөлуші фактор ретінде көрінеді, дінаралық тұрақсыздық осыдан келіп туындайды. Осылайша тұрақсыздық факторы, әлеуметтік жəне саяси дағдарыс жағдайларына алып келеді. Көпұлтты мемлекеттерде интеграция мен дамуға нақты осы жоғарыда келтірілген аспекті кедергі жасайды. 

Әр алуан діндер мен діни бағыттарды ұстанған халықтардың ықпалдаса бейбіт өмір сүруімен ерекшеленетін Қазақ қоғамындағы айтулы жиын аталған кедергілердің алдын алуға үн қосары сөзсіз.

Әлемдік және дәстүрлі діндер басшылары Съезді− діндер, конфессиялар, ұлттар мен ұлыстар арасында өзара құрмет пен төзімділікке қол жеткізу құралы ретінде өзінің басты негіздерінің біріне айналдырып әрі өзінің 18 жылдық тарихында жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар, Съезд өзінің алдына қойған мақсат-міндеттерін тәжірибе негізінде жүзеге асырып, жаһандану аясында маңыздылығын дәлелдеуде. 

2003 жылдан бері, үш жыл сайын өткізілетін, дәстүрге айналған бұл маңызды платформа Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғалы бері этносаралық және конфессияаралық бейбітшілікті сақтау саласындағы саясатымен үйлесімділігін тауып жатыр. Елбасының, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінен бастап жариялаған этносаралық және конфессияаралық төзімділік, мәдени және дүниетанымдық плюрализмге негізделген азаматтық келісімді дамыту идеялары мен саясаты да осы съездің жалпы стратегиялық бағытымен сабақтастығын тапқан. 

Қазақстан Республикасындағы конфессияаралық келісімнің сақталуы мен күшеюінде ҚР Тұңғыш Президенті − Елбасының рөлі ерекше. Н. Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның дамуында, қоғамдық өмірді ұйымдастыруды демократизациялау бағытында ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен бейбітшілік идеясын негіздеп, үнемі өзінің еңбектері мен жыл сайынғы Жолдауларында концептуалды түрде тереңдетіп, дамытып отырды. 

Әлемдік және дәстүрлі діндер басшылары алғашқы кездесуінде, барлық дін көшбасшылары осы платформаның өзектілігін бағалап, саяси қайшылықтардан тыс контексте халықаралық және конфессияаралық диалог жүретін тұрақты институт құруға қатысты маңызды шешім қабылдады. Сол кезеңнен бері, бұл кездесудің дәстүрлі түрде өтуі және бұл съезге қатысушы делегациялар санының өсуі − бұл бастаманың жай әдемі идея ғана емес, прагматикалық қадам және заманауи қажеттілік екендігін дәлелдеді. Сонымен қатар, бұл Съезге тек дін көшбасшылары ғана қатысып қоймай, беделді халықаралық ұйымдар, көрнекті саясаткерлер мен ғалымдар да назар аударып, Съезд ұйымдастырушыларының жаһандық деңгейдегі дінаралық диалог құру әрекеттерін жоғары деңгейде бағалап отыр. 

Қайрат Құрманбаев,

PhD доктор, доцент, Қазақстан дінтанушылар конгресінің төрағасы, Нұр-Мүбарак ЕИМУ проректоры

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...