Маралтай Райымбекұлы: «Бәрінің қалайтыны елдің бірлігі мен тұтастығы» – #КүшімізБірлікте

СӨЗДІҢ АТАСЫ
3920

Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің шын мәнінде қаһарман һәм парасат иесі екенін дәлелдеп берді. Мұндай пікірді ҚР Ұлттық Мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары, қазақтың көрнекті ақыны Ыбыраев Маралтай Райымбекұлы «Мәдениет порталы» тілшісіне телефон арқылы білдірді. Пікірдің толық нұсқасы төмендегідей:

Бұл оқиға – төбемізден су құйып жібергендей, жан түршігерлік оқиға болды. Елдің бәрі бейне бір жас нәресте секілді қорғансыз һәм дәрменсіз жағдайда қалды. Ішіне арам пиғылын жасырған арандатушылар халықты осы жағдайға жеткізді. Санамыздың түкпірінде, жүрегіміздің төрінде орын алған тәуелсіздігімізден айрылып қалардай үрей болды. 

«Іштен шыққан жау жаман» демекші, осындай ғажайып Отанымызға кей билік өкілдерінің теріс қарағаны, пиғылдың дұрыс болмағаны бәріміздің жанымызды ауыртты. 

Бір ғана Алматы емес, басқа да өңірлерде арандатушылардың арам пиғылы алау өрттей шарпыды. Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің шын мәнінде қаһарман һәм парасат иесі екенін дәлелдеп берді деп ойлаймын. 

Президентіміздің нақты әрі батыл қабылдаған әр шешімі жұрт қалаған шешім болды деп ойлаймыз. Себебі Мемлекет басшысының берген пәрменінен кейін барып, әр жерде бас көтерген аждаһаның басы қайта бастағанын бәріміз көріп отырмыз. 

Әр сәт сайын көріп отырғанымыздай, Президенттің айналасындағы жоғары лауазым иелері ортаға пікірлерін айтып жатыр. Барлығы қолдауға тұрарлық пікірлер. Себебі бәрінің қалайтыны елдің бірлігі мен тұтастығы! 

Қабырғамызды қайыстырған, елімізде болған қайғылы оқиғалардың кесірінен зардап шегіп, сарбаздар мен бейбіт тұрғындардың қаза табуына байланысты бүгін «Жалпыұлттық аза тұту күні». Мемлекеттік Туымыз төмен түсірілді. Қаншама жазықсыз қан төгілді, қаншама сәбилер жетім қалып, әйелдер зорлық көрді, адам басы төтесінен бөлініп домалап жатты, қаншама шаңырақ қара жамылды. Бұл күн -баршамыз үшін өте ауыр күн. Кіл қазақ елі Отан үшін жан берген әскери қызметкерлер мен бейбіт тұрғындар үшін қайғыдан қан жұтып отыр. 

Осынау қиын-қыстау кезеңде «бір жағадан бас, бір жеңінен қол» шығарып, өзіміздің бірлік пен ынтымақтастығымызды көрсету керекпіз. Елді болашаққа бастаған Президентіміздің айналасына жұдырықша жұмылып, татулық пен тыныштықта күн кешетін болсақ, біздің еліміз қарыштап дами бермек!

Көк аспанда желбіреген көк туымыз бұдан кейін ешқашан төмен түсірілмесін деп айтқым келеді. Байрағымыз мәңгілік желбіреп тұрсын, құрметті ағайын! 

Маралтай Райымбекұлы, ақын

ҚР Ұлттық Мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары 

author

Маралтай Ыбыраев

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...