Бүгін қазақ өлеңіне ерекше нақыш өрнек әкелген жауһар жырлар иесі, ақын Жұматай Жақыпбаевтың дүние е...
Бауыржан Омарұлы. Жанболат Аупбаев хақында
- Жанболат аға! Студенттік, одан кейінгі газет-журналдардағы шығармашылық өміріңізден былайғы жұрт жақсы хабардар. Ал бірақ сіздің қандай бала болғаныңызды көп ешкім білмейді. Ағаларымыздың біразы кішкене күніндегі тентектігін айтып мақтанады ғой. Мектеп қабырғасында қай-қайсысының да бұзбаған мұрыны, тартпаған бұрымы жоқ. Сіз де солар секілді талай сойқанды салған шығарсыз...
- Жоқ, айналайын. Мен ешкімнің басын жарып, көзін шығарған емеспін. Өмірі ауылдың ұстасы болып, елге қазір өзін: "Қонаевтың колхозшысымын" деп таныстыратын әкем де жұртты шулатып көрген жоқ. Өз еңбегімен күн көрген, айналасына жайлы, тақуа адам болды. Сол секілді мен де қара басымды дұрыс алып жүре алатын, ешкімге кесір-кесапатым жоқ бала болып өстім. Мектепте өте жақсы оқыдым. Бірақ ылғи да бір нәрсем бүтінделмей жүретін. Ақыры мектепті медальға бітіре алмадым. Тоғыз жыл бойы мақтау грамотасын иеленіп келіп, оныншы сыныпқа келгенде сүріндім. Үш-төрт сабақтан "төрттік" араласып кетті де, маған медаль бұйырмады. Оның есесіне ауылдағы бүкіл кітапты оқып тауыстым-ау деймін. Біздің Нарынқолдың кітапханасы өте бай еді. Атын ұмыттым, Бердібекова деген өз ісіне өте ұқыпты кітапхана меңгерушісі болды. Сол апамыздан үнемі кітап алып тұратынмын. Ол кездегі аударма дегенің керемет. Тәржімеші ағаларымыз елуінші жылдардың ортасы мен алпысыншы жылдардағы ұрпаққа ғажайып рухани сыйлық жасады ғой. "Спартак", "Бөгелек", "Гулливердің саяхаты", "Робинзон Крузо", "Манас", "Рүстем дастан", "Капитан Гранттың балалары", "Том Сойердің басынан кешкендері", "Америка трагедиясы", "Тынық Дон", "Соғыс және бейбітшілік"... Бұлардың бәрін де сол кездері аудармадан оқыдық.
- Кейін оқуға түскенде соның пайдасын көрген боларсыз?
- Иә, көп көмегі тиді. Университетте "Антикалық әдебиет" сабағын Морозова, ал "Қайта өрлеу дәуірін" Сагалович жүргізді. Өте білімді, мәдениетті адамдар еді. Қазіргі атақты ғалым Тұрсын Жұртбаев екеуміз бірден суырылып алға шықтық. Қысқы сессиядағы үш емтиханды "беске" тапсырдық. Кейін курстастарым Несіпбек Айтов пен Нұрқасым Әмірғалиев және Есен Сапуанов: "Сабаққа бірге дайындалайық", - деп ұсыныс білдірді. Ол кезде Нескең үйленіп алған. Гвардейская көшесіндегі 12-ші үйде пәтер жалдап тұрады. Жатақханадағы мені шақырады. Виноградов 88-ден "Горный гигантқа" екі-үш автобус ауыстырып отырып әзер жетемін. Бәкене үй. Оның ауласындағы алма ағашының түбіне жайылған киіз текемет. Қазанда ет пісіп жатады. "Баста, бала", - дейді жасы үлкен Есен аға. Мен заулай жөнелемін. Курстастарым қолдарына қағаз алып, жазып отырады. Ертеңіне олар "бес", мен "төрт" аламын. Соны әлі күнге дейін еске алып күлісеміз. Шетел әдебиеті біткенше осылай істедік. Сөйтіп, курстастарыма лектор болғаным бар.
- Жалпы, өмір бойы қолға алып, үнемі пайдаланып отыратын кітаптарыңыз бар ма?
- Қалай деп айтсам екен... Ойымды былай баяндап көрейін. Әкемнің қара жұмыс адамы болғанына қарамастан, кішкене күнімде біздің үйде кітап көп болды. Мен соған таңғаламын. Қазірде де сол рухани байлықтың көзіндей олардан екі жақсы жәдігер сақталып қалған. Оның біріншісі - Құран. Иә, кәдімгі араб әрпімен басылған қасиетті Құран. Оны мен үйден алты жасқа келгенде көрдім. Әжем моншаға түсіп келген күндері немесе Ораза, Құрбан айт кездері қоңыр мұқабалы кітапты ағаш төсегінің бас жағындағы сандық үстінен алып, күбірлей оқып аударыстыратын да, бетін сипайтын. "Бұл не? Неге өйтесіз?" - деймін ғой балалық әуестікпен. "Қасиетті кітап. Ара-тұра қолға алып, аударыстырып, тұрмаса, шариғат заңына қайшы келеді", - дейтін ол кісі. 1959 жылы мектеп есігін ашып, әріп таныған соң, әжемнің кезекті Құран аударыстыруынан кейін оның алғашқы ішкі бетінен орыс әрпіндегі екі-үш сөздерді көрдім. Онда: "г.Казань. Типография братья Каримовых. 1902 год" деп жазылған екен. Ол жәдігерге де, міне, биыл - 107 жыл!
Екінші кітап - ғалым Нығмет Тінәліұлы Сауранбаевтың басшылығымен түзіліп, 1954 жылы шыққан "Орысша-қазақша сөздік". 1986 жылы "Қазақстан коммунисіне" барғанымда сондағы қарт аудармашы ағаларым: "Шіркін-ай, Сауранбаевтың сөздігіне сөздік жетпейді ғой", - деп отыратын. "Ол менде бар!" деп қашанғы тапқышбектігіммен қарттарды қатты қуантқаным бар. Соның игілігін журнал қызметкерлері көп көрді. 1979 жылы шыққан екі томдық сөздікке әлгі ағаларым көп қанағаттанбайтын. Әкем жаңағы кітапты 1958 жылы 39 сомға сатып алыпты. Ол кезде мен жеті жастамын. Содан бері бұл жәдігер әлі қажетке жарап келе жатыр. Шынында да сапалы дүние. Оған 54 000 сөз енген.
- Шетел әдебиетін жақсы игеріпсіз. Ал енді өзіміздің қазақ тілі мен әдебиетіне келгенде шашасына шаң жұқтырмаған жүйрік болғансыз-ау, шамасы...
- Шынымды айтайын ба? Мен университеттің үшінші курсында оқып жүргенде қазақ тілінен "үш" алған студентпін. Дипломға түсетін қорытынды баға еді. Соған ішім әлі күнге дейін удай ашиды. Бұл пәннен журфакта қазір өмірде жоқ, еркек пішіндес, марқұм бір апамыз сабақ беретін. Екі-үш студент сол кісінің қателесіп кеткен жерін жөндейміз деп көзіне түсіп, ұрынып қалдық. Сөйлем талдаған кезде: "Апай, олай емес қой", - дегенбіз. "Онда сен талдай ғой", - деді. Жұлқынып шығып, жіліктеп бердік. "Жарайсың!" дегені есімізде. Бірақ ол кісі кекшіл екен. Бәрін еске сақтап жүрген ғой. Үшінші курстың екінші семестрі. Емтихан тапсыруға келдім. Билет алдым, сұрақтарды жақсы білемін. Менің алдымдағы ересек екі жігіт: "Отбасымыз бар еді, көмір жағатын пәтерде тұрамыз. Орыс кемпір электр жарығына көп рұқсат бермей, әрең дайындалдық", - деп зар жылады. Ол кісі соларға "бес" қойды. Маған кезек келді. Мүдірмей айтып отырмын. Ұстазым қабағын түйді де, сынақ кітапшамды шимайлап, кері ысыра салды. Ашсам, "үш" қойыпты. Аңтарылып бетіне қарадым. "Бар, бара ғой. Сен әлгі білгіш баласың ғой", - деді апамыз ызғарланып. Ол кезде оқытушымен айтысып, ешкім опа таппайды. Кете бардым. Сол жолы "бес" алған жігіттердің біреуі кейін құм тасып, кірпіш құйған құрылысшы бопты деп естимін. Екіншісі әлдеқашан журналистиканы тастап, кәсіпкер болып кеткен. Ал мен... Ана тіліме адал болдым. Олай дейтінім, осы тіл арқылы жазған туындыларыммен халқыма танылдым. Шығармашылығымды өрістетіп, туған тілімде 12 кітап шығардым. Осы қасиетті қазақ тіліммен нанымды адал тауып жеп, ұрпағымды ешкімнен кем қылмай өсіріп келе жатқан жайым бар. Сөйтіп, университет "үштік" баға қойғанымен, өмір, жұмыс, айналадағы орта мені сауатсызсың деген жоқ. Басқаша бағалады. Соған тәубе деймін.
- Қазақ журналистикасына тың үрдіс әкелдіңіз. Адамның ойына келмейтін небір тақырып сіздің қоржыныңыздан шығып жатады. Жалпы, сіз тақырыпты іздейсіз бе? Жоқ, әлде тақырып сізді іздей ме?
- Тақырып сені ешқашан іздемейді. Оны өзің табуың керек. Еске сала кетейін, мен бұл бағыттағы сұраққа осыдан жеті жыл бұрын "Ақ желкен" журналының 10-шы нөмірінде: "Бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші" деп нақтылап тұрып толыққанды түрде жауап бергенмін. Оны ҚазҰУ студенттері ксерокөшірме жасап алып, сессияларда ықыласпен пайдаланып жүр. Сондағы айтылған жайттарға қосарым - мынау. Жалпы, тақырыпты тынбай іздеген, қаузаған сайын мол дүниеге кезіге бересің. Сөйтіп, бір күні еліңнен сүйінші сұрайтындай ғажап қазынаға жолығасың.
- Сонда да... Барған жерде шаруаңыз бітпей, редакцияның тапсырмасы орындалмай, яғни тақырыбыңыз табылмай, жаныңыз қиналған кезіңіз болды ма?
- Ондай жағдайлар болады. Бірақ бәрібір қол қусырып бос қайтпаған дұрыс. 1975 жылы "Лениншіл жасқа" Семей облысындағы Абай ауданының Қайнар совхозынан хат келді. Оның мазмұны: "Бізді қой бағуға зорлап қалдырып жатыр. Сонда оқымай, иен далада қалғанымыз ба? Шетімізден талантты едік. Енді не болдық?" дегенге саяды. Бас редактор Сейдахмет Бердіқұлов қаны бар адам еді ғой. "Атаңа нәлеттер-ай... Қазақтың балаларына да зауал келді-ау", - деп күйінді. Ол кезде шұбартаулықтардың бастамасы бүкіл елді желпіндіріп тұрған кез. Мен шұғыл жолға шықтым. Қайнарға келдім, бірақ еш нәрсені дәлелдей алмадым. Мектептің директоры белгілі эстет-ғалым Бақтажар Мекішевтің ағасы екен. "Мен балаларға шығарма жазғызайын", - дедім ол кісіге. Ондағы ойым - оқушылардың біреуі болмаса біреуі шындықты айтып қала ма деген дәме ғой. "Өмірдегі арманың қандай?" деген тақырыпты таңдадық. Балалардың қиялы жүйрік. Бірі суретші, екіншісі дәрігер, үшіншісі мұғалім болғысы келеді. Шынында да, ешқайсысы қой бағып, жаздай жайлауды, қыстай қыстауды мекендеуді армандамаған сияқты. Бірақ: "Бізді қой бағуға зорлап қалдырып жатыр", - деп бірі де айтпайды. Қайнардан шығып Қарауылға, сондағы аудандық комсомол комитетіне келдім. Жастар жетекшілері аузыңды аштырмайды. "Ой, сіз не айтып тұрсыз өзі? Біздің балалар тумысынан патриот, өз еркімен, жүрек қалауымен екінші тың - қой шаруашылығына қалып жатыр", - дейді. Абай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына бардым. Ол тіпті бұлқан-талқан болды. "Біздің партия жастарды жігерлендіру үшін осындай бастама көтеріп жатқанда мұныңыз не? Өзіңіз жастар газетінің өкілісіз, не айтып тұрсыз? Мен ЦК комсомолға, Камалиденовке, Крамаревке звондаймын", - деп маған дүрсе қоя берді. Содан басым салбырап, Семейге аттандым. Көңілсізбін. Күн бата қалаға жетіп, түнгі сағат 10-да пойызға отырдым да, бүрісіп ұйықтап қалдым. Таңертең Аягөзден бір қария мінді. Алматыға емделуге кетіп бара жатыр екен. Таңсық совхозына жақындағанда алыстағы үлкен мұнараға көз тікті. "Анау не?" деп сұрадым жаңағы кісіден. "Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың мазары ғой, - деді ақсақал. - Күтімі жоқ. Төңірегін ешкім тазаламайды. Кім көрінген иектейді қасиетті жерді. Іргесіне сәйгел қуған сиырлар барып көлеңкелейді. Құртты ғой". Сол кезде лып етіп бір сезім оянды. Алматыға дейін билет алып қойған едім. Соған қарамастан, Таңсықтан түсіп қалдым. Сөмкемді сүйретіп, жаяулап-жалпылап, ауылдық кеңестің кеңсесіне жеттім. Төраға Әлімсейіт деген кісі екен. "Тілшімін. Анау Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу мазарының жағдайын білейін деп келіп едім", - деймін ғой сөз бастап. Сол кезде жаңағы кісі: "Түу!" деп столды алақанымен бір салды. Дәм-тұзы таусылған бір шыбын күректей алақанның астында қалды. Кеңсе қожайыны аяқ астынан шейіт болып кеткен әлгі жәндікке мөлиіп ұзақ қарады. Сөйтті де оның қалдығын столдың ернеуіне жаға салды. Шошып кеттім. Кекірейіп біраз отырды да: "Мен сені біздің совхоздың көрініс-келбеті туралы жазайын деп келген корреспондент екен десем, қайдағы бір моланы іздеп жүрген біреу екенсің ғой... Тұр әне ол қоқайып. Барсаң, жаяу бар. Саған беретін көлігім жоқ", - деді. "Жақсы" дедім мен ширығып. Сөйттім де мазар қайдасың деп жаяу тарттым.
- Ол кездегі "Лениншіл жас" ауылнай түгілі, аупарткомның өзінің тізесін дірілдетіп жібермейтін бе еді? Дегенмен әлгі кісі соңынан тәубесіне түскен шығар?
- "Ауылымыздың өмірін, мәдени жетістіктерін неге жазбайсың?" деп қитыққан түрі ғой. Арты қалай болады деп сабасына түссе керек, бір уақытта мотоциклін дырылдатып, соңымнан еріп келе жатыр. Енді мен қиқайдым. "Отыр, люлькаға", - дейді. "Жоқ, рақмет, көлігіңіз өзіңізге құт болсын. Мазаламаңыз", - деймін. "Өй, мінгес артыма... Сөйте ғой, көкетай...". Мен қайрылмаймын. "Ана жерде өзен бар, қайтіп өтесің?" - деп айғайлайды ағамыз. "Ауылдың баласымыз ғой, бірдеңе етерміз", - деймін тістеніп. Өзеннің жағасына келгенде туфлиімді шешіп, мойныма ілдім де, тез өтіп кеттім. Ана кісі болса: "Жылан бар, байқа", - деп қиналып тұр. Ызаланып жүріп байқамаппын, шынында да улы жәндіктер ұрпақтары дегенің мұнда жеткілікті екен. Зиратқа келдім. Айналасын қарап жүрмін. Төңірегі лас. Мал қиы мен сынған бөтелке, консерві қалбырларынан аяқ алып жүргісіз. Баяғы Шоқан жазып, суретін салып кеткен тас балбалдар жоқ. Қоршаулар әлдеқашан құлап қалған. Мазар ішіндегі қабіртастың үстіне біреу қара маймен "Нина + Боря" деп жазып кетіпті. Бұдан асқан қорлық бола ма? Көзім қарауытып, қаным басыма тепті. Жол қаражатымның тапшылығына қарамастан, пойызға билет алып, кері қарай Аягөзге қайта тарттым. Аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Саудабаева деген апамыз екеуміз Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу кешеніне байланысты ұзақ тәжікелестік. Ақыры, Алматыға қайтып оралған соң, "Ғасырлар бәйгесінен озып келген" деген мақала жаздым ғой. Бас редактор керемет риза болды. Сосын шындықтың бәрін айттым. "Алғашқы тапсырмаңызды орындай алмадым, дәлелдеуге шама жетпеді", - дедім. Сейдахмет аға мені жақсы түсінді. "Әйтеуір бос оралмағаның дұрыс болды", - деді. Сөйтіп, сәті түспеген бір мақаланың орнына екіншісін олжалап қайтқаным бар. Кейін сол материалдан соң, Семей облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Мағжан Орынбаев ағамыздан жауап хат келіп, мазар қоршалып, мемлекет қарауына алынғаны бар. "Арнайы барып, түк бітірмей қайтатын болдым-ау", - деп жанымды жеген ойдан, жанкештіліктен туған қадам еді бұл.
- Павлодарға келген Генрих Боровиктен сұхбат алу үшін оның қонақүйдегі бөлмесін түнімен аңдыпсыз ғой... Ол сізге неге ұстатпай жүр? Соншалықты менмен адам болғаны ма?
- Жоқ, керісінше ол өте инабатты, ізетті адам екен. Жанына жолатпаған біздің облыстық комсомол комитетінің жарбаңбайлары ғой. 1983 жылы мамыр айында Павлодарда "Комсомольская правда" газетінің күндері өтті. Екібастұздағы Бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыстың дүрілдеп тұрған кезі. Сол жолы газеттің өз қызметкерлерімен бірге мұнда басылымның беделді авторлары да еріп келді. Делегацияның басшысы - газет бас редакторының орынбасары Боднарук. Бұл - баяғы "Қыз Жібек" фильмін түсіру кезінде операторлардың жалпы фон үшін Іле өзені жартастарын шекіген сына жазуын кейін біздің түркітанушы ғалымдарымыздың қадым заманнан қалған қолтаңба деп тауып "жаңалық ашқанын" келекелеп, 1974 жылы "Пробный камень" деген мақала жазатын қасқаның нақ өзі.
Павлодардағы "Дом союзов" атты үлкен сарайдың төріне шыққан кілең ығай мен сығай мықтылар облыс оқырмандарының сұрақтарына жауап берді. "Комсомольская правда" аппаратының өзінен 32 адам келіпті. Инна Руденко, Ярослав Голованов, Василий Песков, бәрі жүр. Генрих Боровик құрметті авторлардың бірі ретінде шақырылған екен. Атақты тележурналист Игорь Фесуненко мен Ауған соғысының батыры, Алтын жұлдызды майор Руслан Аушев те осында. Түрлі сұрақ қойылды. Соның бәрін дәптеріме жазып отырмын. Ол кезде диктафон деген жоқ. Мен де Генрих Боровикке арнап, жазбаша бір сұрақ жібердім. "Генрих Авиэзорович, өз өміріңіздегі ең бір қиын, ең бір мазасыз, ең бір қызық іссапарыңыз туралы айтсаңыз", - дегенмін. Әр қатарда бір-бірден қылқиып тұрған комсомолдың кезекші жігіттері зыр жүгіріп барып, оны қонақтың қолына жеткізіп берді. Жайлап қана бақылап отырмын. Менің сұрағым жазылған тілдей қағаз қолына тигеннен кейін біраздан соң, ол кісі сөз сұрап, мінбеге шықты да: "Қызық іссапар" деген сауалға 1967 жылы АҚШ-та АПН-ның тілшісі болып жүргенде баяғы Уақытша Үкіметтің басшысы А.Ф.Керенскиймен кездескенінен мысал келтірді. Сөйтсек, 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін оның шетелге кеткенінен хабарымыз болғанмен, 1970 жылға дейін Америкада өмір сүргенін білмейді екенбіз ғой. Кірпі шашты сол Керенский оған сұхбат беріп біткен соң: "Генрих Авиэзорович, сіздердің тарихшыларыңыз жазып жүргендей, мен 1917 жылы Қысқы сарайдан әйелдің киімін киіп қашқаным жоқ. Америка елшілігінің мәшинесін шақыртып, қорғаушыларыммен бірге соған мініп кеткенмін. Құдай үшін, сіз мына интервьюіңізде соны елге жақсылап айтып түсіндіріңізші. Әйтпесе маған да, тарихқа да қиянат болады", - деп жалыныпты. Бірақ ол бейбақ тағдырдың тәлкегінен бәрібір қашып құтыла алмаған екен. 1970 жылы қатты науқастанған кезінде Нью-Йорктегі тегін емдейтін жалғыз денсаулық сақтау мекемесі - монах әйелдер ауруханасына жеткізіліп, сонда көз жұмыпты.
"Дом союзов" сарайындағы кездесуден кейін қонақтар қолға тимеді. Менің аңдығаным - Боровик. Құрметті қонақты күтуге бөлінген обком комсомолдың жігіттері жанына ешкімді жақындатпайды. Төртінші қабатқа бізді жібермейді. Үшінші қабаттағы төрт кісілік бөлмеде ойланып отырмын. Әріптестерім әлдеқашан ұйқыға кеткен. Түнгі сағат 12-ге таяды. Мен далаға шықтым. Ауладағы орындықта отырмын. Барлық бөлме терезелері қап-қараңғы. Тек қонақүйдің ең жоғары қабатындағы шеткі бөлменің ғана жарығы жанып тұр. Дабыр-дұбыр еткен дыбыс шығады. Құлақ түрдім. "Сіздің денсаулығыңыз үшін, Генрих Авиэзорович!" Мәссаған, біздің комсомол қызметкерлері мына кісіні жақсылап сыйлап жатыр ғой. Ал менің сұхбат ала алмай сарылып отырғаным мынау. Жүрегім өрекпіп кетті. Төртінші қабатқа көтерілдім де, шеткі бөлмеге тәуекел деп кіріп бардым. Бәрі аңтарылып қарады. Кәдімгі қонақты шығарып салар алдындағы дәстүрлі жолаяқ. Мәскеулік қонаққа амандасып, кешірім сұрай шынымды айта бастағанымда Павлодар облыстық комсомол комитетінің салалық хатшысы боп жүрген орыс жігіті маған жаман көзімен қарады. Мен келіп, бірдеңені бүлдіріп кететіндей мазасыз күйге түсті. "Осылай да осылай... Республикалық жастар газетіненмін. Сізге қоятын сұрақтарым бар. Өзіңізді күні бойы ұстай алмадым..." - дедім ағымнан жарылып. Ол кісі аса мәдениетті адам екен. Боровик басымен кешірім сұрады. Жігіттерді сыртқа шығарып жіберді де, маған жарты сағат бойы сұхбат берді. "Менің де осылай кейіпкерлерімді аңдыған кездерім көп болды. Аэропортта ұшақ күтіп отырып та талай сұхбат алдық қой", - деп күлді. Маған аса бір разы көңілмен емірене қарады. Сөйтсек, біз әулиедей көріп жүрген бұлардың да қамкөңіл болатын сәттері көп екен. Бір жыртығы бүтінделгендей керемет көңілденді.
- Сонда қалай? Ол заманда Генрих Боровик төрт құбыласы түгел, ЦК-ның хатшыларымен тең дәрежеде сөйлесетін адам емес пе еді...
- Мәскеудің өзінде барлық кезде Боровиктің бағы жанып тұрды деуге бола қоймас. Талайлар оның да жолын кесті. Тегінен түйткіл іздеді. Оның қабілетін жете бағаламай, сол кездері "Театр" журналының бас редакторы етіп қойды. Кейін қайта құру басталғанда ғана жаңа белестерге шықты. Бейбітшілікті қорғау комитетінің төрағасы, КСРО Жазушылар одағының халықаралық байланыстар жөніндегі хатшысы болды. Ағылшын тілін жетік білетін. Шетелдердегі ақпарат агенттіктері басшыларымен, атақты өнер адамдарымен байланысы жақсы еді.
70-80-жылдары Боровик секілді өз елінде өгейлік көргендер аз болмаған. Өткенде мен жазушы Юлиан Семеновтің қызынан хат алдым. Содан көп жайларға қаныққандаймын. Біз кезінде атағы жер жарған осы бір ғажайып адамға жолай алмадық. Оны Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің өкілі деп санап, арнайы тапсырма орындап жүрген жан деп ұқтық. Сөйтсек, ол кісінің де өмірі тасада қалып келіпті. Атақты "Көктемнің он жеті сәті" фильмі түсіріліп біткен соң, Штирлиц рөліндегі Вячеслав Тихонов Социалистік Еңбек Ері атағын иеленіп, біраз актерлер КСРО Мемлекеттік сыйлығын алғанда, киносериалдың сценарийін жазған Юлиан Семеновқа түк те бұйырмапты. "Әкем сонда қатты қапаланды, әбден ыза болды", - деп жазады қызы. Сол кезде оны Мәскеуден 35 шақырым жердегі Л.Зыкина, Ю.Бондарев, В.Кожевниковтермен қатар тұратын "Красная пахра" елді мекеніне іздеп барсақ, сұхбат алайық деп өтініш айтсақ, қуана келісіп, құшақтап бетімізден сүйеді екен ғой. Қайдан білейік.
- "Лениншіл жаста" дүниені дүрілдетіп тұрған жеріңізден аяқ астынан сірескен ресми басылым - "Қазақстан коммунисі" журналына ауысып кеттіңіз. Бұған бақандай бес жылыңызды арнадыңыз. Өз атыңыздан мақала жазбадыңыз. Енді аз жүргеніңізде жұрт Жанболат Аупбаев деген журналисті ұмытып та үлгеруі мүмкін еді... Осыған не себеп болды?
- Иә, онда мақала жазбай, жоғалып кеткенім рас. Өйткені бұл басылымның тәртібі де, талабы да бөлек-тін. Атап айтқанда, мұнда тек обкомның, қалалық, аудандық партия комитеттері бірінші хатшыларының материалдары шығатын. Ал оны солардың атынан дайындайтын кім? "Қазақстан коммунисінде" істейтін журналистер. Бұл тозақ жұмыс еді. Мәселен, жоспарға Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы В.Степановтың мақаласы кірді делік. Оған хабарлап хат жазасың. Ол саған сірескен справка жібереді. Қан-сөлі жоқ сол дүниеге сен енді жан бітіруің керек. Қалай? Қайтіп? Ол үшін сол облысқа іссапарға барып, өмірлік мысалдар іздейсің. Қосымша фактілер алып байытасың. Обкомның бірінші хатшысы В.Степанов болып ойланасың. Сөйтіп барып толыққанды мақала шығарасың. Ең азабы мұндай тапсырма біреу ғана болмайды ғой. Келесі айда сен енді Семей облысындағы Абай аудандық партия комитетінің сол уақыттағы бірінші хатшысы Х.Матаев болып, соның атынан мақала жазуға отырасың. Айтып отырғанымның бәрі анық факт, өмірде кездескен жай. Өтірік десе, Хафиз ағамыздың көзі тірі ғой, құдайшылығын өзі айтсын. 1986 жылы күзде сол кісінің материалын әзірлеймін деп Қарауыл мен Құндызды және Саржалда бес күн салпақтағаным бар.
Міне, "Қазақстан коммунисі" журналында жүргенде осындай себептерден бес жылға дерлік уақыт өз тақырыбымнан айырылып қалдым. Бірақ..., иә, бірақ бұл басылымда мен көп нәрсеге қол жеткіздім деп ойлаймын. Алдымен мұнда баспана мәселесін жақсы шештім. "Лениншіл жаста" 14 жыл жұмыс істегенде дұрыс пәтерге қол жеткізе алмай кетіп едім. Аталмыш журналда бас редактор Кәкімжан Қазыбаев ағамыз 4 айдың ішінде Ленин проспектісінен үш бөлмелі, су жаңа пәтер әперді. Екінші, бұл басылымда мен ақсақал әріптестерімнің арқасында аудармаға аттай тағаланып шықтым. Үшінші, ол кездері "Қазақстан коммунисіне" барлық архивтердің есігі ашық болды. Қазір ойланып қарасам, өз басым сол мүмкіндікті өте жақсы пайдалана білген сияқтымын. Төртінші, Орталық Комитеттің басқалар үшін құпия болған талай жиналыстарына қатыстық. Олардан көп нәрсеге көз жеткіздік. Өмір болса, блокнотқа түскен сондағы жазбаларға жан бітер деп ойлаймын. Жалпы, ондағы бес жылды зая кеткен уақытым деп есептемеймін.
- Ал "Халық кеңесі" газетінде ше?.. Ол сізге не берді?
- Бұл басылым демократия мен жариялылықтың бел баласы болатын. Оны егемендіктің елең-алаң шағындағы ұлттық ояну үдерісінің қарлығашы десек те қателеспейміз. 1990 жылы өмірге келген осы өткір Парламент үнін Үкімет алты жылдан кейін жауып тастап, обал жасады. Міне, сонда мен бас редактордың орынбасары, бірінші орынбасары болып, журналистиканың "Рихтер шкаласындағы" 9 балдық баспалдағынан өттім. Түсіндіріп айтсам, ол былай. Нағыз кәсіби, кәнігі маман боламын деген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өз саласындағы сатыларды аттап-бұттап өте шықпауы керек. Ертең ол өзіне қиын болады. Алдына үлкен мақсат қоя білген журналист баспасөздегі баспалдақтарды белден баспай, онымен біртіндеп көтеріледі. Ол сатылар: журфакқа түскен университет студенті, редакцияға тәжірибе жинақтауға келген стажер, газетке жұмысқа орналасқан тілші, еңбегі бағалана бастаған аға корреспондент, жүгі ауырлай түскен бөлім меңгерушісі, мекеменің жіп-шуын жинақтап жүретін жауапты хатшының орынбасары, басылымның жүрегі саналатын жауапты хатшы, бас редактордың оң қолы мен сол қолы деп есептелетін орынбасары және бірінші орынбасары. Мен осылардың ішіндегі жетеуінен "Лениншіл жас" пен "Қазақстан коммунисі" арқылы өткен едім. Ал "Халық кеңесіндегі" бас редактордың орынбасары, бірінші орынбасары лауазымдары мені басшылықтың, жұртшылықпен жұмыс істеудің қыр-сырына мықтап тұрып үйретті. Бұл - үлкен сын, үлкен мектеп-тін. Қайталап айтамын, журналистиканың 9 баспалдағынан тұратын осындай "Рихтер шкаласынан" өткен адам жаман болмайды.
- Бұл күнде кемеліне келген кәсіби журналист болып қалыптастыңыз. Қаламыңызды қолыңызға мығым ұстап, қалың оқырманыңызға жыл сайын сүбелі дүние ұсынып келесіз. Бірақ неге екенін білмеймін, маған отызында орда бұзып, барша жұртты аузына қаратқан сексенінші жылдардағы Жанболат қымбатырақ. Сізге ше?
- Иә, солай. Дұрыс айтасың. Ол уақыт менің өзіме де солай көрінеді. Жалпы: өткеннің бәрі сағыныш, өткеннің бәрі қызық, сол өткеннің бәрі қайта оралмас арман ғой, айналайын. Ол кезді өзімнің ең бір жұлдызды сәттерім деп есептеймін.
- Қазір еліміздің бас басылымы - "Егемен Қазақстанның" бас редакторы болып отырсыз. Сіздің ұғымыңызда бас редактор деген кім өзі?
- Айтайын. Бас редактор дегеніміз - погонсыз генерал, атақ-дәрежесі рәсімделмеген ғылым докторы, патентсіз өнертапқыш, лицензия алмаған конструктор, халықтық дипломатияны бойына терең сіңірген мәмілегер. Погонсыз генерал болатының - газет бетінде стратегияны белгілеп, түрлі тактика қолданасың. Билік пен оқырманның арасында елшілікке жүресің. Түн ортасында, басылымның соңғы бетін баспаханаға жіберер алдында: "Осы материал қалай өзі?" дейтін қиын жағдайлар туындайды. Ол кезде саған ешкім көмекке келмейді. Мұндайда тек білім мен білігіңе, ішкі интуицияңа сүйенесің. Сөйтесің де ұстараның жүзінде отырып, ең соңғы шешімді қабылдайсың. "Тәуекел!" дейсің. Сөйтіп, генерал секілді мылтықсыз майданды басқаруыңа тура келеді. Патентсіз өнертапқыш дейтінім газетті оқыту үшін үнемі тың идея ойлап табуға тиіссің. Жаңа тақырып, жаңа кейіпкер, жаңа айдар, жаңа коллаж, жаңа штрих...
Соның бәрімен газетті күн сайын қамтамасыз етуің керек. Ендеше, өнертапқыш емей кімсің? Лицензиясыз конструктор дегеніміздің мәнісі мынау: Басылым бетінде жарияланатын материалдардың бәрін де қолмен құрастырасың. Бұзып, қиратып, газетке лайықтап, қайта жасап шығасың. Автор ойына ой қосасың. Жөндейсің, қырнайсың, аударасың, біріктіріп, кіріктіресің... Сонда конструктордан нең кем? Ал атақ-дәрежесі рәсімделмеген ғылым докторына теңейтінім, үнемі форма іздейсің, терминге балама табуға әрекеттенесің, академикпін деп жүргендердің өзінің ойын кеңейтіп, материалдарын олар білмейтін фактілермен жұтындырып, байытасың. Намыстанбай-ақ қойсын, грамматиканың үтір, нүкте, сызықша, қысқарған сөз сияқты сан алуан иірімдеріне келгенде кей ғалымдарымыздың өзі, қайраткерлеріміздің көбі шатқаяқтап қалады. Міне, соның бәрін сен тіл білімі ережесіне сәйкес орын-орнына дұрыс қойып бересің. Кейде сондай сәттерден жаңалық та ашылып қалуы ғажап емес. Мысалы, Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтің атақты "Абай жолының" жанрын анықтап берген ешқандай әдебиет теоретиктері емес, сол кітапты шығаратын баспаның редакторы Сергей Дароян еді ғой. Ол: "Бұл шығармаға "сериялы роман" деу жараспайды. Кең тынысты, ауқымды ойды бейнелейтін "роман эпопея" деу керек", - деп атақты туындының болмыс-бітімін дәл тапқан ғой. Олай болса, энциклопедиялық білімге ие эрудит редактордың да өзін ғылым докторы секілді сезінуге құқы бар. Енді бас редактор халықтық дипломатияны бойына терең сіңірген мәмілегер дегенге келетін болсақ, ол ел мен елді бітістіріп, байланыс орнататындай рөлде жүрмесе де, редакцияға алуан-алуан мүдде көздеп, сан қилы мақсат, неше түрлі мінезбен келетін адамдардың аптығын басып, көңілін жайландыратын, мәселесін шешіп беріп, тілін табатын немесе логикасының күштілігімен дәлелді уәж қайтаратын дипломат, мәмілегер емей кім? Мен бас редактор деген ұғымды осылайша түсінемін.
(Сұхбат «Айқын» газетінен алынды).