Қуат Айтқали. Бір кесе мұң

ӘДЕБИЕТ
4479

Эдуард Мане. Өз-өзін өлтіру Тау етегінде қоныс тепкен жалғыз үйдің тірлік белгісін айқындап, терезесінен шам жарығы байқалады. Қора маңындағы төбеттерден үн жоқ. Әредік, айналшықтан, әрнеге болмашы қыңсылап қойып орындарына қайта жатады. Жалғыз үйдің оң қанатын ала,ағашпен қоршалған қорада сиырлар күйсейді. Күн ұзақ жайылымда кеткен өшін түн баласы түгендеп алғылары келгендей, құштарлана кекірініп, күйіс қайтарып шаруаларына қайта кіріседі.

Арандағы қой малы да тым үнсіз. Түнгі жорыққа шыққан сұп суық ауаға өздерінше сес көрсеткені ме, сығылыса, сығылыса жатып апты. Жарық түссе болғаны қойлардың көзінен көгілдір жұлдыз көлбең ете қалар. Бірақ, қоп- қою түнде тыныштықтың әмірі жүріп, сілтідей тына қалған бұл өлкеге шақырусыз жарық та түспек емес.

Ай сәулесін болмаса, беймезгілде бұлар да тағаттарын мүжіп, елеңдеп ешкімді тосып отырған жоқ. Тіпті аноу терезеден тіршілікке тіл қатып, білтесі бикештей билеп оң солына құлай жаздап тұрған шам жарығы да мына қараңғы түнге жалғыз арашашы іспетті. Таңғы шапақтың аманаты боп қалған соңғы сәуле ойда жоқта сөне қалса жалғыз үйдің соңғы тынысы үзіліп кетердей.

Іште шам жарығымен жағаласып көлбең- көлбең еткен біреудің көлеңкесі байқалды. Байқалды да байыз тауып ғайыпқа кетті. Үй ішінде білтеден түскен жарықтан бөгде қара пештің жалыны бар. Ынта- шынтасымен ытқылана пеш ауызынан ыршып шығып, қара күйеге боялып әбден ыс болған қара шәугімді жалын тілі жалап-жалап қояды. Мұндайда қара шәугім сайын далада қобызын ыңырантқан көне жыраудай ыңылдайды –ай дерсің. Кейде үнін үзіп- үзіп алып қайта жалғайды.

Қара пешке қарашығын қадап алған мылқау Мұратта бүгін тым көңілсіз, тым жабырқау. Дәл осы кейіпінде сыртынан біреу мылтық атса да селт етпейтін сияқты. Тар тағдырдың тайғақ жолымен тіршілік еткен күндері мен түндерін санасына тізіп қойып, бақытты серік етіп, шаттықтың туын көтерген сәттерін іздегенмен таба алмады. Жүдеу жүзінде олардың бірінің де ізі көрінбейді. Қастарының өзі қайғыдан қайысып тұрғандай.

Эдуард Мане. Балкон

Мылқау Мұрат таудағы жалғыз үйдің малшысы тұғын. Тіміскі тірлік түнейтін үй, талғайтын күй таптырмаған соң қолға бишікті алды да қойшының қамытын киді. Байқаса, содан бері табандай жиырма жыл өтіпті. Жиырма жаз, жиырма көктем. Қайраттылығы шығар құламады, қасарысып қамытта шірімеді.

Екі қолын оңды-солды сермеп, жасанды жымиып мылқаудың алдына сап берген елу бас қой да қазір мыңғырып мыңға таяныпты. Бұл келгендегі Бейсеннің қойдағы қозылары қазірде қазан қаласына аттанып кеткен. Кім білген?! Жылда көктем сайын қоздайтын қойдай, таң сәулесі жарқ еткенде қоса қоздап алатын қойшының ойлары миллионға таяп қалған болар...

Әу баста иесі Бейсен жағдайын жасап, мылқау болған соң мүсіркеп, ептеп ебін тауып көңілін жадыратып ақ жүрді. Қырсықтың, бірақ, бір айналдырса шыр айналдырып, сортандай қасірет тұңғыйығына сүңгіте беретіні белгілі. Күннің өзі күлімдеп тұрып, көзін жолаушы бұлт бүркесе өзгеріп шыға келмей ме?! Жыл артынан жыл жалғасып, арғымақ күндердің бітпейтін аламанының бірінде жүйкесі сыр берді ме, байлықтың буы батыр қылып жіберді ме жүйріктің жүрісінен жаңылғанындай Бейсен бүлініп шыға келді.

Бірде тоз- тозы шыққан ертоқымның аткөрпесін шамасы келгенше бүтіндеп мылқау қора сыртында отырған. Кенет, жон арқасынан темірмен тіліп өткендей алты өрім қайыс қамшының сумаң ете қалғаны... Бейқам отырып мұндайды күтпеген ол ыңқ етіп отырған орынынан аунап түсті. Жейдешен етіне қамшы қатты батса керек, арқасы ашып барады.

Тапатал түсте қайдан келген жау деп арқасын ұстап орнынан тұрғанда көргені -көлігінің есігін жабар жаппастан атылып келіп, алқымнан алған өзінің иесі. Көздері қанталап, атып тастағалы тұр. Қолындағы қамшысы да мылқауға оқ жыландай ирелеңдеп, тағы бір сыбап алғанды қалаған көрінді. Бұқа мойын Бейсеннің тоқпақтай жұдырығы бірінен соң бірі жалғасып, көтерем аттай арық, әлжуаз мылқаудың ақыры таланған иттей тоз тозын шығаратын.

Танауынан қан шып- шып тамып есеңгіреп жерде отырған кезде мылқауға бататыны тіпті де аяусыз соққылар емес, тіпті де, ауырсынған тәні емес - үнсіз соққылар. Жаңбырлы күні жарқ ете қалған жасындай тіптен себепсіз соққылар болатын. Қан түкіртіп осылай қайталана берген Бейсеннің бітпес кектесуінің себебін сенделген сиыр ма, әлде құрттаған қой ма?Артынан қанша бағамдаса да таба алмады.

Эдуард Мане. Суретшінің бағы

Сонда Ол ойлайтын: Адам аңнан да қатігез. Бөрі екеш бөрінің өзі ақыр соңында ажал құшатынын біліп ашқарақ аранын тежей алғанмен, адам өйтпейді. Тіпті, табиғаттың төрелігімен айқасқа түскенде қапқан жерінен қарысқан жағын қайтарып алатын қасқыр ерлігін адам қайталай алмайды.

Адамның адамға қарысқан жағы сол күйінде қала бермек. Адамзаттың қасқырға емес, қасқырдың адамға айналуынан қорқу керек деп ойлайтын ол. Әттең тілі жоқ...

Қара қидың қызуы қара шәугімнің үнін үдетіп барады. Ал, мылқаудың көздері сол қара шәугімнен таймастан ой әлеміне жол төсеп алған сыңайлы.

Анасының жиі түсіне кіріп жүргені.. Кешегі түсінде анасы тіптен жақыннан көрінді. Әппақ таң екен дейді, әппақ таңда анасы екеуі аспанда, әппақ бұлттардың үстінде жүр екен дейді. Анасы бұған сондай ыстық мейіріммен «Мұратжаным, құлыншағым» деп тіл қатады. Мылқау анық естіді. Анасы дәл осылай деп айтты.

Алақандай жүрегі алқымынан атылып шығардай бұл да «АНА» деп айғай салған, құрып қалғыр үні шығар емес. Бұл және айғайлады. Тағы да үні шықпады. Ал анасы басындағы ақ шәлісін бұлтқа айналдырып жіберді де алыстай берді.Жанарынан жас тамып тұрып мылқау соңғы мәрте ышқынды... Аяулы ана естімеген болу керек, артына бұрылмады да.Көздері жасқа толып, үрейлене оянды сол түні. Бақытты балалық шағын анасымен байланыстырады. Күн ұзақ ойын қуалап келіп, кешкісін анасының алдында ұйықтап қалатыны есінде. Сонда, ана алақанынан даланың исі аңқыйтын. Мейірімділік пен сүйіспеншіліктің, аналық махаббатың жұпары аңқыйтын. Бала кезінде тағы бір есте қалғаны анасының қоңыр сертегі бар тұғын.

Сол сертектен де мамасының иісі шығар еді. Құлын дауысымен «Ана» деп еркелеп айта алмағына ең алғаш өкінді. Ең алғашқы рет іштей жылап тұрды. Егер, тағдыр: - Әлемге арнап бір сөз айт,ей, мылқау,- десе бұл «Анашым» деп айғай салмаққа бекінген. Десек те, қарға адым қадамыңды есепке алып отыратын сараң тағдыр ондай мүмкіндік берер деген үміттен, күдіктің көлеңкесі басым...

Эдуард Мане. Зәрісі ұшқан нимфаИнтернатта оқып жүргенде «Анаң қайтыс болды, ауылға қайт!» деп жазылған бір тілім хат алған. Хаттағы бес ауыз сөз мылқаудың балалығына бір жола балта шауып, аударыспақ өмірдің қақпасын ашып тұрғанын бұл білген бе?! Білетіні- үнсіздік.

Анасының қайтыс болуына да себекер де сол үнсіздік. Егер, мылқау сөйлей алғанда Анасын ажалдан да арашалап алатындай көрінген. Бәлки, солай да шығар... Бәлки, Ана өлімі мылқаудың осы күнге дейін сүйретіліп, жалғанның жалына жабысып, тағдырға кектеніп өлмеуіне себеп шығар.

Сарт- сұрт тасыған шәугім енді пештен алмаса жарылып кетерін аңғартқан соң, Мұрат пештің үстінен жылжытып қойды.Кесеге салынған сама кешеден қалғанмен, үстіне ып ыстық су құйылғанда күйін бермей күп күрең шайға айналды. Кейде бозғылттанып, кесе ішінен аспан көрінеді. Мылқау шайын ішпеді.

Санасын сарғайтқан сансыз ойлардың бірі сағынышын түртпектеп оятып скрипкашы қызға бір соғып өтуі қашанғы әдеті. Қайда екен сол қыз? Осы сұрақтың жауабын жиырма жыл әлде кімге қойып, әзір жауабын таба алмады. Егер қиалындағы жауаптарын жиып теретін болса жиырма мың том жауап болар еді. Тек сол жиырма мың томды белгісіз біреудің үнсіздігі келіп бір ақ сәтте өртеп жіберетіні- ай.

Мылқау Мұрат скрипкашы қыздың саханаға шыққан бір кезінде өткізіп алған емес... Срипканың қылындай нәзік жүрек сезімін жанап өтіп жарты әлемге махаббат күйін ойнатқанда осы ісі.

Мына әлемде мәңгілік тек махаббат қана болса, сүюдің де мәңгілік болғаны. Мылқауға мәңгілік музаны ұмыттырмайтын да сол тіршіліктің өзі. Үзілген жапырақ музасының көз жасы, қыңсылаған іңір қызыл еріні. Сайып келгенде қанша жек көргенмен ол осы сезімі үшін де, скрипкашы қыз үшін де тіршілікті жақсы көреді. Үнсіздіктің өзі үн қату. Қасында тұрып "сүйем" деп айта алмағанына емес, құшақтап тұрып жүрек лүпіліндегі махаббат симфониясын тындата алмағанына ғана өкінеді...

Эдуард Мане. Тоғайдағы таңғы ас Тек мұның бәрі адастырған үміт екенің кеш білді. Не бір сойқанды басынан өткізген әлем бүгін тағы сол салтынан тамбай мылқау күйінде мүлгіуде. Тек, түн ғана өлген үміт пен бала күнгі іңкәр сезімге бағыштап дұға оқыды.

Кешкілік қойдың басын бұлаққа бұрып тастап, таудағы үйге аяндап келе жатқан беті еді. Үй сыртында Бейсен тұр. Жанында тағы бір жан барын жақындап келіп байқады. Әйел. Қойларын назарлап, шіренген Бейсенді құшақтап әлек.

Еппен етігінің өкшесін көтеріп, майдан буылтықтанып кеткен ананың бұғағынан сүйіп қояды. Мылқауға бәрінен бұрын бұл бейтаныс әйелдің саусақтары тым таныс көрінді. Дәл, осындай нәзік саусақтарды ол көрген еді біреуден. Бейсенді құшақтап теріс қарап тұрған әйел осы сәтте мылқауға бұрылған. Бұл скрипкашы қыз еді.

Түнгі орманның ұйып тұрған тыныштығын әлде біреудің жүрісі бұзып барады. Күпісінен мүңкіп кеткен көң иісі де бөттеннің ізін айшықтап қойды. Күзгі жапырақтардың қабырғасын сындырып адымдаған аяғында ауыр мұң, тіпті төңіректің қайғысы балағына жармасып қоса жағаласқандай. Кенет, ол аппақ қайыңды құшақтай алды да аспанға қарап "Ана" деп айғай салды. Айғай салды да жерге сұлады. Ағаш басындағы белгісіз құстар үрке аспанға ұмтылған..

Ертесінде жапандағы жалғыз малшы үйінің төрт түлігі түгел қамауда тұрған болатын. Үй ішіндегі кесеге толтыра құйылған күрең шай да сол беті ішілмеді...

Қуат Айтқали

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...