Хорке Луис БорхесСТАМБҰЛКөне мәдениеттің ең таңғаларлық бір мысалы Карфаген-дүр, себебі, оған қатыст...
Алтынғадыс Күнтуғанұлы. Толған Айдың сәулесі табанынан өбеді...
Галлюцинация
Көз алдымда өлең отыр жанарына мұң тұнып,
Қаламымның иегінде шұрқыраған жылқы үні.
Отқа оранып ойым кетті қанатында ауаның,
Аспан үнсіз, Айдың беті күп боп іскен,
Күлкілі...
Естіледі үнсіздіктен үрккен ұйқы сазы анық,
Таста бəрін,
Өмір жайлы,
Өлім жайлы жазалық!
Қап-қара қар,
Дидарының ұяты өлген қара түн,
"Аппақпын" деп мамық тұрды алақанда сазарып.
Білте тілі қоя түннен қан аралас жалап нəр,
Уақыттың сүйіктісі "Ұлымын" деп Ар аттар.
Өлген сөздің мүрдесіне ұзынынан оралған,
Бірін-бірі өртеп жатыр парақтар.
Ақиқаттың ұшқынынан өңін жойып сағым із,
(Қара жолмен шуап кеттік қайтпас жаққа бəріміз)
Қалжаурадым, жүрегіме маза болар жер тауып,
Кел де, мені алып кетші Дəрі - Күз!
P/S
Көз алдымда өлең отыр жанарына мұң тұнып…
Жалғыздық пəлсапасы
Жолға қарап жанарың талыққанда,
Сүйрелейсің өзіңді жарық таңға.
Жалғыздықты құшақтап алғың келер,
Жақыныңнан көңіл қап жабыққанда.
Түсінетін жаныңды өлең ізгі,
Сия толы мұңымнан кеме жүзді.
Жалғыздықты жек көрем деген сайын,
Жақсы көре береді неге бізді?!
Көңіл салқын, сенім де шытынаған,
Өзі тілеп қашырар құтын адам...
Қандай күйде жүрсеңде бір қалмайтын,
Жалғыздық бар өмірде, шүкір оған.
Ішіңдегі нала-лай, құса-құла,
Суық сөздер тағдырдың пышағы ма?
Жалғыздық та шаршаған күні, сірə,
Өлім бізді алады құшағына.
СУЫҚ
Алақанға Айдың мұңын жұқтырып,
Жұлдыз ағар өмір мəнін ұқтырып.
Түн келгенде қаламымды қинаймын,
Ой көшіріп өзегінен сұп-суық...
Түн де суық,
Гүл де суық бақтағы,
Суып біткен жаратылыс оттары.
Жылуыңды берген сайын суытар,
Қандай ғажап дүниенің қатпары?!
Əлем салқын, ішім тоңып жүдеген,
Күндерімде салқындыр бар үдеген.
Айнадағы өз бейнемді танымай,
"Неткен суық"- деп айғайлап жіберем.
Ғасыр дерті тоңазыған ауыр мұң,
Көкжиектен сырғанайды дауыл-күн.
Жан қарыған суық сөздер демінен,
Жүрегіме салқын тиіп ауырдым.
Сызға оранып атар тағы жуық таң,
Қалай-қалай төгіледі уытты əн...
Мен о, баста ыстық едім негізі,
Сөздерменен көздер шығар суытқан.
***
Боз торғайдың тәтті үні шырылдап,
Кеңістікке шашылады тарап үн.
Үнсіз бүрлеп келер ұрпақ – құлын бақ,
Өзен ұрттап айдың әлсіз арайын.
Қара бұлттар көктен құлап шірік іш,
Жұлдыз ақты төбе құйқам тілініп.
Әлеміме жаңбыр жауды.
Құбылыс...
Ақ аспанның сәби иісін сіңіріп.
Түнді біреу күзетеді тасадан,
Қаңғып кеткен ғаламда...
Мен ғарыштық бақытымды жасағам,
Жұпар көңге аунап алып әманда.
Мамықтай түн құшағына қарсы алып,
Батыс шеттен нұр тамады шырынды,
Жүрегіме жасырамын арпалып...
Жер мен Көкке сыймайтұғын мұңымды.
КҮЗ
Көктемгідей тұнжырамас күн айық,
Сұлық түсіп бұлттар жатыр тырайып.
Жапырақтың жанарында қайғы тұр,
Мұңайы-ы-ы-п...
Қырқа біткен қоңыр желек жамыла,
Ақ қайың тұр жапырағын сағына.
Мұңға батып қыраттағы қарақшы,
Күтіп отыр байғыз үнін сарыла...
Жапырақтың таусылғандай төзімі,
Сезбей қалды үркетінін өзінің...
Жағалауда жалғыз қаңбақ жабығып,
Жасын сүрітті көзінің...
МЕНІҢ САНАМДАҒЫ СҮГІРЕТ
Қандай ғажап қарашы көк жапаның түтіні,
Тау бауырлап жылжиды қошы сіңіп аршаға.
Ымырттағы байғыздың талып жеткен құт үні,
Ғасырлардың сұлбасын елестеткен қаншама!?
Батқан күннің арайын маңдайына көшіріп,
Тірі тұман жылдардай алыс барып шөгеді.
Тас бұлақтың балтыры таудан төмен көсіліп,
Толған Айдың сәулесі табанынан өбеді.
Ұза-а-а-п барып өшеді шеткеріде ит үні...
Осқырынған жылқылар қылаңдайды қыраттан.
Андыз бұлттар ауады шығыс бетке ұйқылы,
Жаңбыр исі адасып төгіледі жырақтан.
Желпіп ұшып көл шетін қаздың әні сәл ғана,
Оятады ауаны қанаттары тілгілеп.
Ту сыртыңнан естілген ат дүбірі паң дара,
Екпінінен соғады рухыңды жырлы леп...
Дәл төбемде құс жолы қақпасындай ғарыштың,
Есінейді топырақ уақыттан жаңылып.
Ақ боз үйлер қалғиды сай ішінде алыс тым,
Түн қойнынан төгілген жұлдыздарды жамылып.
***
Түпшін көлді Ай бедерлі басқанда өң,
Бұрқырайды тамшы тиген тастан дем...
Жаңбыр жауса бұлтқа айналып кетемін,
Жан-дүнием егіздей-ақ аспанмен.
Аспан бүгін жылады үнсіз бозарып,
Артта қалып бара жатыр жаз арып.
Ертең біздер екі жаққа ұшамыз,
Сағыныштың желін жұтып бозамық.
Сарыала қаз үні тамып төбемнен,
Сары жайлауға ән төгеді, көнерген.
Нұрлы уақыт ту-сыртымнан сырғиды,
Қаламымда жорғалаған өлеңмен.
Күз көйлегі өзгерткенде бақ түсін,
Сезімдерді күзетеді сақшы түн.
Жаурап қалып жүре ме деп ойлаймын?!
Суық жаққа ұшқан кезде “ақ құсым”.
***
Ой ішінде от тұтатып сыз демі,
Көше кезіп кетті жанның ізгі өңі...
Жосып барады қара жолдың бойымен,
Құшаққа алып Күз мені.
Күз.
Ол - менің жалғыздығым жабыққан,
Ұмтылатын түн қойнынан жарыққа əм.
Қала ішінде адам төзбес суреттер,
Көз тайдырып, жанарым да қарыққан.
Қою бұлтқа шөгіп алып зілдей Күн,
Күздің ащы дауысынан гүлейді үн...
Жапырақты таптап келем кінəсіз,
Күнə ма екен бұл қылығым, білмеймін?!
Білмеймін!
* * *
Уақыттың жалынына өртенген,
Қыркүйектің кеудесінде күз аунап.
Сағынышым сорғалайды желкемнен,
Қар жауғанда қылаулап...
Алғашқы қар – ережесіз сағыныш,
Жүрегімнен төгілетін нәп-нәзік.
Ақ мамықтың іздерінде жарылыс,
Бедерімен жатыр саған хат жазып.
Р\S
Алғашқы қар –ережесіз сағыныш!!!
***
Шығарып сап алысқа қара қызды,
Бір қимастық билеген сананы ізгі...
Жапырағын жел жұлып еңіреген,
Жұбата алмай қойғанмын бала күзді.
Ертең мен де кетемін Өскеменге,
Ұзақ қарап ұлы жер, өскен елге.
Алыста қап қара қыз, қараша үйім,
Сағынышқа тұншыққан ес дегенде...
Үйіріліп бүгінгі кешке де сыз,
(Уақыт аға, керуен көшке ересіз.)
Қалдырып осы жаққа жүрегімді,
Кетемін, тас қалаға ештеңесіз.
Ымырт қонып бұтаға андыз бұрым,
Төгіп отыр жапырақ сансыз мұңын.
Мені алдымнан күтеді қолын соғып,
Езуі жыйырылған Жалғыздығым.
***
Жүрек ұзақ сыздайды түн ішінде,
Жалғыздығым жұтылып күміс түнге.
Тереземнің алдында қар жауады,
Іште жаңбыр,
Көзде өлең,
Құрысын де...
Ең бір ауыр ойларым қыр өңіндей,
Суық тартып күндерім жүдедім бей.
Мұзға айналып кеткенін білмей қалдым,
Кеше жауған ақ мамық жүрегімдей.
Қолыма алып күндердің əр парағын,
Сөз пердесін жүзіме қалқаладым.
Көше бойы адамдар қайда асықты,
Көздерінде қыс өңі,
Арқада мұң.
Шын жабыққан жан барма тас қаладан,
(Іздеп жүрген бағытсыз басқа ғалам)
Бір тылсым ой денемді ауырлатты,
Бəрі жақсы болса да, достар аман.
Шексіз бақыт күткендей осы өмірден,
Айнадағы жанардан көседім өң.
Мендегі бар ауырлық мұң бүркеген,
Ештеңе емес,
Жалғыздық кеселінен.