Асқар Алтай. Оба жылғы сауық (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
14732

Асқар Алтай. Оба жылғы суық (әңгіме)Асқар Алтай


Белгілі жазушы Асқар Алтайдың бұл әңгімесі ертеректе жазылса да, қазіргі қара обадай басқан қан-сөлсіз вирус кезіндегі көңіл күйді дөп басады. Қазақ қоғамы Арқа төсіне көшіп жатқан мезгілдегі адамдардың қилы тағдыры мен психикалық сезім күйі селкеусіз берілген. Сонау 32-нің аштық жылдары оба кезіндегі шындық пен бүгінгі шындық шендестіріле отырылып жазылса да, қазіргі үйқамаққа түскен адамдардың өмір сүру тіршілігімен үйлесе кететініе таңдай қағасың.

Редакция. 


Ашаң жүзді ананың Ақмолаға ауысқан тұңғышын әзәзіл азғырды. Әзәзіл азғырмаса ұлының ұлардай шулатып несі бар?! Мұңлық ананың болжалсыз сапарға аттанып несі бар?! Сапардың соңы сорлы ананың сорасын ағызып кетті. Бәрінің де бұлақтай тұнып басталып, тоспадай лайланып тоқырағаны жанына батады.

Тәңірім-ау, тұңғышы Күнтуғаннан күрең қабақты Мұңлық күтіп пе еді? Күткен емес. Күтпек түгілі – қуанып келіп, жұбанып қайтам демеді ме?! Ол ойы бірақ ойран болды: күліп келіп, күңіреніп шығып, түңіліп қайтып барады... Бұған енді не дауа?! “Қызмет, қызмет” деп қақсап қалған қайран ұлы поездың басына шығарып салуға да жарамады ғой. Әлде, шетте өскен шетендей безбүйрек болып кетті ме екен...

– Апа, біз үшін қам жемеңіз. Еркекпіз ғой, тістегеннің тілінде, ұстағанның уысында кетпеспіз. “Таңғы ас – тәңіріден” деген, Ақмолаға да аман-есен жеттік. Күнтуғанның үйінде де аунап-қунап жаттық. Астананың сауық кешіне де қатыстық... Осының бәріне де сіз куәгер, апа, – деп, алпыстан енді асқан анасының әлгіндегі ашымал ойын кіші ұлы Қуаныш бөліп жіберді. – Апа, бізге енді алаңдамаңыз. Мұнда үшеуміз ғой, Күнту ағаммен төртеуміз. Қиналмаспыз.

– Күнтуға мен ренжіді деп өкпелемеңдер! Ол үлкендерің ғой...

Мұңлық ана тұңғышынан көңілі қалып бара жатса да, жамандыққа қимас аналық сезіммен Қуанышқа ақыл сала сөйледі. – Қиналсаңдар ғана барасыңдар ғой. Салмақ сала бермеңдер. Қызметі де ауыр екен, – деді де, ана байғұс қарадай бәйек болғанына күйінді. Өз-өзіне: “Ой, әдіре қалғыр!..” деп қойды.

Бұл сөзді естігенде апасын шығарып салуға келіп тұрған Қуаныш та күліп жіберді. Анасының ағынан жарылған тәмсілі бұларға риза болғанда немесе қатты ренжігенде айтылушы еді.

– Апа-ау, ағамызды мазалай қоймаспыз. Жатар орын жатақхананы тауып алдық, “екі қолға бір жұмыс” та бар. Шаруамыз қанша, – деп шамшыл ұлы шамданып қалса да, іле апасының көңілін аулай жуып-шайды. – Оны да түсінуге болады, апа, таң бозынан түн ортасы ауғанша үйін көрмейді. Бала-шағасы да Алматыда жатыр... Біз өз күнімізді өзіміз көреміз. 

Қуаныштың үні сенімді шықты. Осы кезде үріп ауызға салғандай вагон есігінен Айсырға қарындасы көрінді.

– Кәжөк аға, апам ішке кірсін, уақыт болып қалды, – деді ол асықтыра.

Вагоннан аулағырақ тұрғандар да қоштасып, қозғалақтай бастады. Жолсерік жігіт те жұртты асықтыра түскен. Қуаныш анасын шынтағынан демеп, “Қош!” десіп қала берді.

Кешікпей “Астана” поезы жүгі ауған нардай керенау қозғалған.

* * *

Жаңбыр суы жерге сіңбейтін шұңқыр-шоқалағы көп, бақандай-бақандай биік үйлері жаңадан бой түзей бастаған жұпынылау шағын қаладан былай шыға бере-ақ поезд жүрісін үдетті. Маусымның мамырлаған күнімен қызған Сарыарқаның белең-белеңі көкпеңбек.

Көгілдір жонның сұлу өңін бұзатын дән себілмей қалған құр аңыздар. Олар көбіне темір жолдың қос қапталынан күс-күс қоңыр алақандай жазыла созылып, жерұйықтай жылы көрінген көкжиекке сіңіп кетеді.

Екі кісілік купенің терезесінен телмірген Мұңлық өткен-кеткенді оймен шолып отыр. Кенже ұлы Қуаныш пен бөлелерінің “Ендігі күні не болады?” деп те ойға қалады. Мектепті былтыр бітірген, ыңғайы келсе Ақмоладан ағасы Күнтуғанның қолында тұрақтап қалып, жоғары оқу орнына түсем бе деп келген Айсырға болса, үстідегі нарда үн-түнсіз кітап оқып жатыр.

Кеше ғана Ақмола деп асыққан көңілі су сепкендей басылып, бүгін міне, қапалы сезім билеп қайтып барады. Бәріне кінәлі – Күнтуған, “Жо... жоқ... өзі... Өзі ме?” – Мұңлық өз-өзіне сұрақ қойды. Шынымен өзі кінәлі ме? Кінәлі болса, қай жерден қателесті?

Қателескен тұңғышы емес пе? Тұңғышы Күнтуған шығар... Жо-оқ!

Ол қателеспей-ақ қойсын! Қателессе өзі-ақ қателессін. Оқыған-тоқыған ұлының қателесуі мүмкін емес! Құм ішінде жүрген көрсоқыр надан бұл-ақ қателессін!

...Сарт-сарт... сарт-сарт... Пу-у-уп!..

Болат доңғалақтары сағаттай соғып, зор дауысы маядай бақырып поезд заулап келеді. “Ай, заман-ай! Өтіп жатқан уақыт-ай!..”деп кемпір де күрсініп қойды. Күні кеше еді ғой, Күнтуған бастаған үш ұл мен Айсырға мұның айналасын дулатып-шулатып жүргені. Енді бүгін бір-біріне суықбауыр бола бастапты. Құтты жұмыртқадан жаңа шыққан жыланның балалары тектес, бастары қосылмайтындай кеп танытады. Тұңғышының темірдей тілі қарып алды ғой мұны. Балаларының мұндай күйін көрем, мұздай тілін естимін деп ойлап па еді... самайын ақ қырау шалғанда.

Терістіктен түстікке созылған ұзақ-сонар жол үстінде жұлдыз құрттай жылжыған поезд бесіктей тербеледі. Темір қорап тербеген сайын Мұңлық та терең ойға беріле түскен. Ойда мынау қос қабат терезенің сыртында қалып қойып жатқан ұлан-ғайыр дала сияқты.

Кейде мидай жазыла алыстап, кейде бүктіскен белдей жақындап, енді бірде Арқаның айыр өркешті жатаған тауларындай мұнартып – құлазыңқы көңілін көктей, қиялында қылаң ұрады.

... Сарт-сарт... сарт-сарт... Пу-у-уп!..

Жел үйірген жүрдек поезд желдіріп-ақ келеді. “Ай, заман-ай!.. Өтіп жатқан өмір-ай!..” деп қойды кемпір. Өз-өзіне күбірлеген лебінде әлгібір мезеттегі күрсініс жоқ, тек налу бар. Өзі де бір жалғыздыққа ұйыған жайы бар. Сабырға келген сыңайлы.

Сабыр соңы – салқын ой... торыған. Мұңлық бірақ торықпаған.

Бір мезгіл өткенге ой жүгіртіп, сана салды. Салқын сана Сарыарқаның сар даласындай әлдебір сарынды ойға бой алдырған.

Сылаң қаққан сәулесін қия алмас сұм дүниеге Мұңлық 1936 жылдың ақпанында келіпті. Бір жастан асар-аспаста Бақанаста ұстаздық етіп жүрген әкесі ұсталып кетіпті де, “халық жауының” отбасы ретінде көзтүрткі болған шешесі байғұс, Көкжидедегі күшік[1] төркіндеріне қоныс аударыпты. Әкесі болса “үндеместе” хабарсыз кеткен... Жастай жесір қалған анасы соғыстың алдында ауылдың бір азаматымен қайыра түтін түтеткен екен. Бірақ тағдыры тайқы шешесі соғыс басталып, тағы жесір қалды.

Бұл шешесіне суықтау болды, өйткені нағашыларының ығында тәрбие көрді де, өгей әкесінен туған сіңлісі Сәнімді өсірген анасы әпкесіндей боп кеткен еді. Шешесін тіпті “Қалдыгүл” деп атымен атайтын. Ал “үндеместе” үн-түнсіз кеткен өз әкесі есімін ешкім атаған емес. Шешесі де ататпады. Сол күйі атаусыз қалды... Бұл әлі күнге мақұрым... Өгей әкесі Тұрғанбай туғанын көре алмай кеткен кішкене Сәнім екеуі әке мейірін сезінген емес. Бірақ 1945 жылғы мамыр айының басындағы обаға дейін бұларға әкелерінің орнын нағашы атасы жоқтатқан жоқ. Іленің бойындағы Сарыесік құмын жайлаған қойшы Тойшыбай нағашысының арқасында ауыздары мал сүммесінен ажыраған жоқ. Қарны тойса – қайғы ойламайтын балалық шақтары.

Ол күндер де көлеңкеленіп алыста қалыпты-ау! Ескілікті күндер қанша көлеңкелі болса да, көмескі тартпайды екен. Сартаптанған санаңа сорғышқа сіңген сиядай жайылып аларын қайтерсің. Көктемде көтерілетін Іленің жайылмасындай жаныңды жағалай жайларын айтсаңшы!

...Сарт-сарт... сарт-сарт... Пу-у-уп!..

Белінен жараған бесті айғырдай поезд болдырар емес, ұбақ-шұбақ үйірімен иіріліп келеді. Кемпірдің көз алдында бағаналар бұлт етіп, бұла дала бұлың-бұлың қағады. Поезд да қасара жортып, қағына ырғалады. Кемпірдің бірақ мұнымен ісі жоқ. Ол өз ойымен орныққан; ісініп-кеуіп қалған ұлына налып, ұрлана енген өткенге қабағы тартып келеді. Қабағы тартқан сайын жазық маңдайы қыртыстана береді. Қыртыс-қыртыс маңдай мен шалбар-шалбар жүзіне бүгін тағы да тарам-тарам әжім жалғап келеді ғой бұл. Талайды көрген тағдырлы Мұңлық Күнтуғаннан шошынып та келеді. Оның өзі емес, сөзінен қорқады. Мұның көңіліне тіпті қызыл іңірде келер әлдеқандай үрей көлеңкесі қонақтайды... Кемпірді үрей иелейтін де жөні бар. Ес біліп, етек түргелі үрейлі кезеңді бастан кешіп, үрейлі уақытта ғұмыр кешті. Үрей – иелі үрейге айналғалы қашан... Қора-қопсыны кеулеп алған көртышқандай, бұл үрейден қашып құтыла алмайсың. 

Мұңлықтың көз алдына аз уақытта сөзі де, мінезі де, кеспір-келбеті де өзгерген ұлы келе береді. Піскен қазыдай жылтыраған жүзінде сабырлықтан гөрі саз беттік басым: қабармастан жатып алған күлшедей бүлк етпейтінін қайтерсің. Тіпті өзінен туды дегенге сенбейді... Әлде, ауылда меншіктің аша тұяқтысын бағып қалған әкесі Қолан мақтана айта беретін жоңғар шатыс аталарының қанына бұрып кетті ме екен... О да мүмкін-ау!

“Ұл туғанға күн туған” деп есімін қойған Қолан әкесі де, аман-есен босанғанына қуанған Мұңлық шешесі де Күнтуғанды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп, ауылдан Алматыға жіберіп оқытқанда көреміз деген құқайы осы ма еді... Әйтпесе:

– Шуларын сүйретіп бәрін ертіп келгеніңіз не!? – деп есіктен кірер-кірместе дүрсе қоя берген ұлына не жорық.

О, әдірем қалғыр!

...Сарт-сарт... сарт-сарт... Пу-у-уп!..

Атандай ақырған поез Арқаның жонын таспадай тілген тілше үстінде тапырақтар емес, суда жүзген кемедей толқып қана келеді.

“Ай, заман-ай! Өтіп жатқан өңезді өмір-ай!..” деп қойды Мұңлық.

Жоғарыда жатқан сүт кенжесі Айсырға да сыр берер емес, анасы мұңая бермесін дей ме, сыр тартып әңгіме құрғысы жоқ. Үн-түнсіз кітапқа үңіліп жатыр.

Жарым-жалғыз ой талмаған Мұңлықтың арғы-жағы нілдей бұзылып-ақ отыр. Өзінде де бар: өрімдей қып оларды ертіп алып несі бар... Бұлай боғынан бұзыларын ұлының қайдан білсін. Баяғы Күнтуым деп ойлады ғой. Күнтуым деп алданды ғой. Күнтуған болса күңіреніп шыға келді.

Жиырма бес қабат зәулімнің жетінші қабатынан тиген үш бөлмелі үйді жасантып-ақ тастапты. Кіріп келгенде Күнтудың күдір сөзінен сескеніп қалса да, “Дүние – көздің құрты” емес пе, ана бейшараның іші жылып қалған. 

– Құлыным, – деген ұлына емірене ұмтылып, – бәрі де өзіңнің қаның – бауырларың... Өзің аман-есенсің бе, жарығым! – Жалпылдай маңдайынан сүйген.

Ұлы бірақ рай бермеді білем, кенже інісі Қуанышпен құшақ айқастырмай салқын амандасты. Сәнім апасынан туған үйелмелі-сүйелмелі бөлелерін көзге де ілген жоқ. Айсырғадай жалғыз қарындасын ғана бауырына тартып, “Тентек” деп кішкене күніндегідей танауынан саусағының арасымен сығып қойған.

Жуынып-шайынатын, дәрет сындыратын сыңар бөлмелері екіден ат шаптырым үйді жалғыз өзі жайлаған ұлы жайбарақат көрінген. Күн демалыс еді... Еділбай қойының кептірілген етін арқалап, балапан қаздай бауырына төрт бірдей азамат болған балаларын ертіп, артынып-тартынып жеткен анасын жақтырмай қарсы алса да, ұлы доңайбатпен ішін бермеді ғой. Кетер-кеткенше үндемей қойды.

Ағамыз бар деп Ақмолаға арқаланып келген Қуаныш бастаған екі ұл мен Айсырға, тіпті Мұңлықтың өзі бір ай бойы аяғының ұшынан жүрді. Абырой болғанда, “Астана” шаһарының ашылу рәсіміне дөп келген ұлдар қара жұмысқа қойып кетті де, Айсырға мен Мұңлық бұған да шүкір десіп, кері қайтты ғой.

Аңызғақты Арқаның төсіндегі шытынаған мұздай шыны-шыны ғимаратты, әлем-жәлем жасанған қаланы қимаған Айсырға ғана. Ана болса – Қуаныш бастаған екі ұлды қимастай еді, бірақ Күнтуғанға көңілі суып барады... Күнтудан басқа ұлдар мен Айсырғаның ойында түк жоқ секілді, “Астана” шаһарының шашу шашқан тойына мәз-мәйрам. Жұмыс табылып, сауық-сайранмен думандатқан аз күнге көңілдері қош... Балалары бір сөткеге созылған сол бір сауықшыл қаланы қиғысы жоқ.

Ол сауыққа кәрі кеуде бұл да куә: тойынғанның тойы... болып, шерлі көңілді шерменде кемпір көзіне жас алған. Арқа-жарқа адамдарға таңғалып, аста-төк астан шошынған... Түтіні теріс шалқыған алқалы ауылды, күміс уықтары қаламынан ажыраған қара шаңырақты ойлаған...

Күнтуғанды анасы жолға шығар сәтте – тап бүгін түлен түртті ғой. Терісіне сыймай тырсылдап жүрген “жаман неме” тап кетерде жарылды емес пе... Тығыны атылған шампанның бөтелкесіндей зар-запыранын ақтарып салды. Алды-артына қарамады. Әлдебір әзәзіл қаратпады.

Әзәзіл сөз ақтарылды-ай кеп-кеп:

– Шеше, өзіңді ғана шақырдым ғой, Астананы көрсін, тойды тамашаласын деп... Қашан да шұлғау-шұлығыңды сүйретіп жүргенің. Сонау Іленің бойынан сүйегіңді сүйретіп өзің келсең де жететін едің ғой, менің бір басыма. Бұ жерде бас асып жатқан ешкім жоқ... Жұмыс-жұмыс дейді мына ұлдарың, мен оны қайдан тауып беремін... Оқу дейсің селтеңдеген Сырғаға, оқу жоқ мұнда, жөнін тапсын...

Астана – алтын құдық емес.

– Қысқарт! Жетер енді! Балалардың жүрегі ұшып кетті. Сен тауып бермей-ақ қой. Қараспай-ақ та қой. Қарасып жатқаның белгілі... Елміз ғой, ел бар ғой, өздері бір жөнін табар. Қайда барасың зіркілдеп?! Бәрі сенің балаң емес қой.Бұларға доқ көрсеткенше, ана Алматыда қалған қатыныңды алдыр, балаңды тірі жетім қылма. 

Мұңлық сөйлегенде Күнтуған басылып қалды. Десе де:

 – Жоқ апа, өзім білем. Жөн үйреткенді қойыңдаршы, араласпаңдар! Бәрібір тыңдамаймын! – деп байбаламға басты.

– Тантыпсың! – деді Мұңлық түсіне түгі теуіп.– Тегің жаман ғой... жоңғар шатыс, тексіз! Біле білсең – ана ауылдағы үлкен інің Сағыныш пен мына інің Қуанышты қойға салып, сенің бес жылдық оқуыңның бодауына бердік. Елді ойлайды, елге пайдасы тиеді дедік қой... Сондағы сыйқың осы болса, барыңнан жоғың... шіріген жұмыртқа.

– Шіріген жұмыртқа екенім рас... Сендер мені Алматыда-ақ шіріген жұмыртқа қатарына қойғансыңдар. Сондықтан да мен шірікпін, сасықпын... Елді ойламас есірік те мен... Менен аулақ жүріңдер. Аулақ!

– Аулақ болса – аулақ... Ағайын-туғаның ғана емес, ел-жұртың да күні ертең сенен іргесін аулақ салады. Жалғыз қаласың әлі... Жалғыз. О, сорлы, бейшара!.. – Мұңлық: “сорлы, ұлым!” деген сөзді айта алмады.

Қуаныш пен бөлелері дүрлігіскен бұлар Күнтуғанның үйінен қайыр-қош айтыспай шығысқан.

Енді міне, қамыққан Мұңлық жол үстінде ұрлана ой тербеп келеді.

...Сарт-сарт... сарт-сарт... Пу-у-уп!..

Әлдебір шұғыл бұрылыста поезд соңы кесірткенің үзіліп қалған құйрығындай бұлғаң етіп, бұлдырықтай ұшып келеді. “Ай, заман-ай! Өткінші жаңбырдай өлшемді өмір-ай!” деп күбір ете қалды Мұңлық. Мұң ұялаған бір кездегі мойылдай көздері ғана әлі де қуатын жоймаған. “Мұңлық” деп сол мұңлы жанары үшін қойыпты ғой “үндеместік” әкесі; анасы көзін сығып еске алушы еді... Опасыз жақтан оралмады. Үн қата алар сол азаматтар “үндеместен” оралғанда өмір басқаша болар ма еді, бәлкім...

Отыз жетіде ұшты-күйлі жоғалған әкенің ғайыптан тірі қалған жалғыз ұрпағы ғой, бұл Мұңлық... Ғайыптан аман қалғаны да ақиқат, Жеңіс жылғы Іле бойында аяқ астынан шыққан обадан жалғыз қалған жан емес пе. Күнтуғаннан бүгінгідей сөз естігенше, 45-жылы обада өліп, өртеніп кеткені жақсы еді... Сұраусыз еді ғой. Сұраусыз жан – құнсыз тән. Өртеніп-ақ кеткені абзал еді-ау!

Сол 45-жылғы оба Сарыесік құмының қыр бетіне қоныс аударып, ыраң көкте мал төлдетіп отырған төрт бірдей шаңырақты отап кетті ғой. Тоғыз жасар Мұңлықтың бәрі көз алдында өтті. 

Ауылнайдың “Оба!..” деген бір ауыз суық сөзімен алды-артына қаратпаған мал мен жан түп-түгел отқа оранды. Ажалсыз бұл ғана екен, ғайыптан тірі қалды... Көрер жарығы бар да.

Ауылнай келген күні ауылдағылар жылан шақты ма деп, екі-үш күннен бері сүт ішкізіп, күйдірілген киіз басып, ыстық теріге орап, өздерінше ем-дом жасап жатқан шеткі үйдегі қойшының әйелі ісіп-кеуіп қайтыс болды. Ауылнай Ақсақ Ақан “обалап” ауылға қарай атын борбайлап тұра шапқан. 

Ертесінде түс ауа-ақ ақ халат киген, аузы-мұрындарын таңып алған дәрігерлер мен мылтықтары шошайған, олардың да тұмсықтары ақ дәкемен тұмылдырықтаулы, түймелері мен оқалары жарқыраған, сап-сары ала киінген әскери адамдар екі жүк машинасымен салдыр-күлдір сау ете түскен. Келген бойда ауылдағы адамға, түздегі малға, өрістегі қойшыға, көгендегі қозыға қасқырдай тиген.

Мал үрікті, адам үрейленді.

Сөйтсе бұл көк соққандардың құлағына “оба!” деген суық хабар тиісімен сонау Алматыдан күн құрғатпай жетіпті ғой. Қызыл іңір кіргенше құм қырында сойқанды салды дейсің... Төрт шаңырақ астындағыларды орысша шүлдірлеген әлгілер күштеп еге бастады.

Бала біткен шырылға басты. Әлдебір жамандықты сезгендей мал қорыған иттер үріп, ішін тарта ұлыды. Сол-ақ екен ит атаулыны әскерилер қорғасынмен жайратып салды.

Ақ пен қызылдың қызыл майданын көрген, ақтабан аштыққа, үрейлі “үндемеске” куәгер нағашы атасы Тойшыбай тағы бір сұмдықты сезіп, “халық жауынан” қалған жалғыз тұяқ мұны: “Айнала-а-йын! Зерегім менің...” деп еміреніп, бырс-бырс жылай бастаған кемпіріне: “Тәйт! Жамандық шақырма, – деп зекіп тастап, “Пұшығым!”– деді еркелете, – ошақтың астында жата тұр. Мыналардың сыңайы жаман, сүрі сұсты. Олар үйге кірсе, дымыңды сездірмей жата бер”, – деген.

“Сіздер қайтесіздер, апа!” – деп бұл атасына бата алмай, апасына қарата сұраған. “Біз осында, қасыңда боламыз”, – деді атасы тағы да. 

Күн жылынғалы киіз үйдің ішіне от жақпай, қоламтасы суыған ортадағы жерошаққа мұны көміп тастады. Кешікпей орысша дәңгірлей сөйлегендер кіріп, атасы мен апасын егіп кетті. Кеш те түсіп қалған еді. Сыртта да сапырылысқан жүріс көбейіп, абыр-сабыр күшейіп, кеш қарая у-шу молайған.

Жерошақта қырындап жатқан Мұңлықтың апасы құса бастады да, атасы да лоқсыды. Мұндайды көріп жатып шыдай алмаған бұл тұрып кеткен. Атасы зекісе де жата қоймаған. Қиын сәтте қиюын табатын сұңғыла нағашысы төр жақта кереге басында ілулі тұрған сырты сырма, іші сеңсең ішікті алып, иығына жапты да, қолтығына қуыршақтай Мұңлықты жасыра тысқа беттеді. Ішік ішіндегі жиен немересіне дымыңды шығарма деп ескертіп қойды. Желбегей жамылып жер сызған ішіктің ашық өңірлі жапсарынан бұл бәрін сезіп, көріп келеді.

Киіз үйді қарауылдып тұрған жауынгермен атасы анадайдан әлдене десті. Бәлкім, атасы дүзге отырам деп шоқ боп өскен сексеуіл жақты көрсетті. Қою іңір ілініп, қара түн бел алайын депті. Мылтықты жауынгер “оба” дегеннен үркіп тұрса да, секем алып соңдарынан еріп келе жатқаны нәлі табанды етік сықырынан, сыбдырынан білінеді.

Мұңлықты ішік ішінде иығынан жалпақ алақанымен қаусырған атасы бір топ өскен шоқ сексеуілге жете тоқтап, күбір ете қалды: “Айналайыным, мен тізерлей отырғанымда еңбектей жөнел. Сол бойы бұрылма! – деп, “Иә, Алла, жар бола гөр! Хм-хм!..” дей дауыс шығара сөйлеп, жөткірініп жүрелей берді. – Қорықпа! Ауыл осы бағытта...” Еңбектеп бара жатқан Мұңлық атасының соңғы сыбырын да естіп қалды.

Шоқтана өскен тырбық сексеуіл мұны үнсіз бауырына басты.

Бұл да қоянның көжегіндей бұға қалды... Есі кіріп қалған Мұңлық бірақ алысқа ұзай алмады. Атасы мен апасын, қырдағы ауылды қимады. Қараңғы қапас түннен де қорықты. Не де болса таңды күтуге бекінді. Сол жолы таңды күтпегені абзал еді... Түннен қорқып таңнан тілеу тілегенін тәңірі алқамады білем, қызыл іңірден бас алған қызыл тілді сұмдыққа куәгер болды.

Сол сұмдықтың, сол заманның бұл – жалғыз тірі куәгері...

Соғыс кезінде сұйыла-сұйыла мыңнан асар боп қалған маңырақ қойды төртке бөліп, төрт шаңырақ бағып отыр еді. Осы мыңнан астам басты бір жерге иіріп, бәріне де дәрі егіп әлсіретіп, үйді-үйдің де жан басына ине салып, өлімші етіп тастаған улаушы әрі “құтқарушылар” іңірмен келген ібілістей өзгеше іске кіріскен. Бір қора мылтықты әскерилермен қоршап тұрған олар мал-жан атаулыдан шашау шығармастан бензин шашып, от қойған.

Ілезде қарауытқан түн алауытқан лаңға ұласты...

Алдымен от шалған есіктері сыртынан бекітілген киіз үйлер болды. Ат арқан жердегі қызыл жиде мен торы тораңғылдың тікенегіне арқасын сыдыртып, көзінен жасы сорғалап жатқан Мұңлықтың құлағына қиналған, ыңырсыған, ышқынған адамдардың дауысы еміс-еміс естіліп, жүрегі жаншыла егіліп, ауыр көріністен сүзбедей езілді. Өзімен түске дейін ғана асыр салған анау алаулай, лаулай жанып жатқан үйлердің балаларын ойлағанда алқынған жүрегі аузына кеп тығылып, бырысып-тырысып, күйіп-жанып жатқан пенделер көз алдына келіп, тұла бойы оқ тиген қырғауылдай дірілдеп тоғыз жасар Мұңлық томардай бүрісті. Күл-көмеш жүзі лапылдай жанып, тілі таңдайына жабысты.

Бұл көрген азап-тозағың аз дегендей; теңкиіп жатқан қалың қой мен бұзау-торпақ, жылқы-сиырдың үстіне қу сөңке жиде мен мол сексеуіл тастап, бензин шаша шырпы шақты. Жан тапсырып үлгермеген адамдардың қиналысты дауысына мал төркінінің ышқынысы қосылып, ию-қию үннен Мұңлықтың құлағы тұнды. Мал мен жан иелерінің қараңғы түнде, қызыл оттың ішінде шырқыраған шырылынан бұл есінен танып қалған.

Жұмақтың төрінде отырып, тозақтың есігінен қарағандай күй кешкен еді...

Қолқаны қапқан қолаңса иіс пен танауды жарған күлімсі ыстан тұншыға, жүрегі айни оянып кеткен бұл таң рауаны жақындап қалғанын сезінген. От аяғы басылып, жұрт қарақоқ өлімтік үстіне еспе құм шашып жатыр екен. Қызу кірісіпті. Обадан опат болған қырдағы аядай ауылды жермен-жексен етіп, таң атқанша іздерін жасырғысы бар секілді... Іле өзенінің басы келер Малайсары биігі жағынан таң да сыз беріпті.

Мұңлықтың ішін өрттей өкініш, қасіретті сезім ширатып тұрса да, бойы біртүрлі жеңілдеп, іштегі өксік те басылып қалғандай, жас та болса өзіне төнер қауіпті ойлап үлгерді. Таң ағармай мына қарғыс атқан өңірден жылыстау қажет. 

Оқыс бір сезім бойын аралап өтті... “Апыр-ау, атасы мен апасын тастап, қайда жылыстай қашып барады?! Қайда?” Осындай ой оралды да: “Жоқ, жоқ! Ешқайда да кетпеймін!” деп, құм қиыршығы қамаған тісін қышырлатты. Атасы аңыз ғып айта беретін Іленің шұбар жолбарысындай еппен кейін шегініп, аулаққа қарай еңбектеп жөнелген.

Күн көтеріле құммен ауылдың отандай орнын жым-жылас жапқан дәрігерлер мен әскерилер құм үстіне тағы да аппақ сұйық затты әлдеқандай нәрсемен бүркіп-бүркіп тайып отырды. Олар кетісімен алыстан аңысын аңдаған Мұңлық та оралды.

Ауыл жоқ, адам да, мал да. Орнында тау-тау құм. Ауада ашқылтым келген ауыр иіс бар... Төңірек құлаққа ұрған танадай.

Бұлтсыз аспан, қызулы күн. Желемік желпіп өтеді. Байсал тіршілік белгісіндей бозторғай ғана шырылдайды.

Тоғыз жасар қыз түкке түсінер емес. Айқұш-ұйқыш автомашина сорабы мен адам ізінен басқа бұл жерде құтты тіршілік болмағандай. Мұңлық та мәңгіріп қалды. Есі де кіресілі-шығасылы сияқты. Көзіне жас та келмеді.

Ол ауылға – Көкжидеге қарай бұрылды. 

Көкжиде бірақ алыс еді, құдай көмектескенде әлдебір салт атты кезігіп, жолда бөгде бір сиыршының үйіне қонып, ертесінде әлгі үйдің үлкен ұлы атпен жеткізіп тастаған. Ауылға келсе ұлан-асыр той... Жеңіс тойы... Жау жеңіліп, соғыс тоқтапты. Бөркін аспанға атқан ел. Ашытқан сыра ішіп қызған жұрт. Әсіресе, майданнан жараланып ерте келгендер жағы. Наурыз келгендей мәре-сәре болып, үйді-үйді аралап, сауық-сайран құрған халық.

Көкжидедегі Қанымгүл шешесі бар жайға бұдан қанығып, шашын жұла қайғы көтерді. Қайран мұның нағашы атасы мен апасы құм ішінде аруланбай қалды. Соғыстың біткенін, жеңістің келгенін білмей дүниеден көшті. Бес жыл бойы бел шешпегенде Жеңіс күнгі қарапайым адамдардың шынайы сезім тербеген сауығына, риясыз қуанышына ортақтаса алмай арманда кетті... 

Бірақ Оба жылғы ол сауық пен Барыс жылғы бұл сауықтың арасы жер мен көктей... 

Иә, жер мен көктей...

Жер мен көктей болмаса – Арқа асып несі бар?! Қозысын ерткен арқардай Арқа ауып несі бар?! Көкжасаңды сылбыраң мамырда жолға шығып несі бар?! 

Пайғамбар жасына таядым деп қолын қусырып отыра бермес пе? Өзге отырса да Мұңлық отыра алмас: “бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз” деп тартып отырары хақ. Бір өзі емес, бір қора жанды ерте жүрері де рас. 

Бүгінгі күн – бірақ... 

...Сауық қуар кез бе?

...Сауық құрар кез бе?

Сауық қуайын деді ме, Күнтуғандай ұлы “келіңіз” дегесін келмеді ме?! Қазіргі жастардай ауылды жерде екі қолын алдына салып, “жынды су” жұтып алса жерден шыққан жіктей ұрынарға қара таппай сандалып, көрші-қолаңның мал-мүлкін үптеумен айдалып, әйтпесе ашудан ақыл таппай атылып қалмасын деп, Сәнім сіңлісінен туған тете бөлелерін ерткен еді... Олар ерген еді. 

Сауық құрайын деді ме? Күнтуған “келіңіз” дегесін дал ұрып келмеді ме? Қала мен қырды жайлаған жұмыссыздықтан шарасыз күй кешіп, мінез-құлығы да шамшылдана бұзылып, жастай үйленген жарының алдында именшектеп, анда-санда арақ іше күйректік танытып қап жүрген Қуанышы бір күні болмаса бір күні булығып барып буынып қалмасын деп, күштеп келтірген еді... Ол да өзім деп келген еді.

Қобалжып келген қос бөлесіне демесін, қуанып келген қызу қанды інісі мен еліктей ерке қарындасына сүйесін болады деп сенген. Сенім босағадан кірер-кірместе селкеу тартты ғой бірақ. Зор үміті кесілгендей, ақ сүті ақталмағандай күйге түсті.

Ұлы – үмітті жалғар, сенімді бекітер Ер емес... ақ сүтін ақтар Ұл емес... екен.

Сыз қабақ, сұрғылт жүзбен қарсы алып, жылан көз, суық сөзбен шығарып салды. Емшектес езулесі ғана емес, жатырлас жандасы Қуанышқа да қайырылмас сөзін айтып қалды.

... – ...

– ...Қызбаланба! Маған десе дала кезіп кет, түге! “Телім-телім күйге түстік” дейді ғой, бұл көргенің аз, көрегешің әлі алда... Көреріңді көрмей көрге бәрібір кірмейсің. Көр! Соқыр – көрсоқырлар... Кебіндеріңді неге ғана жалмап кетпейсіңдер!? Сары сүйектеріңді неге ғана кеміріп өлмейсіңдер!? Өңшең өгіздер... Жалқау, жалтақсыңдар. Еңбек еткілерің жоқ. Жұмысқа қырларың жоқ. Өңшең өгіздер...

... – ...

Қуаныш інісіне қатынынша дүрсе қоя бергенде айтқан қатал сөзі – Сөз. Сөзге сынық інісі қаны басына теуіп қайырымды жауап қайтара алмаған. Тек қызбалықпен “шешеден” жібере боқтап салған.

Мұңлық “мұндарлар!.. деп тоқтатқан. Көкірегіне тас кесек тоң қатқан. Түгеліне топырақ шашқан ұлынан жүрегі мұздаған. Он тоғызында байға тиіп, жиырма бесіне дейін “бала көтермедің” деп күнара таяқ жеп, ақыры Райымбек әулиенің басына түнеп, Алладан бір, әулиеден екі сұрап алған Күнтуғаны еді... Бұлардың жаудай жауығып, иттей қабысқанын көргенше оба жылы отқа күйіп кеткені жақсы еді... Оба жылының обал-сауабы Аллаға ғана аян. Әттең, дүние-ай!.. Бұдан да бедеу қалып, саяқ күн кешіп, өмірі зая өткені артық еді. 

Ойды ой түртеді. Ойлап отырса, Күнтуғанның күркірі – ақылмен кемел шешпей, ызбармен келте кескен кесім... ұлының үзілді-кесілді үкімі іспеттес.

...Сарт-сарт... сарт-сарт... Пу-у-уп! 

Ойға беріліп, терезеге телміріп отырған кемпір кенет бойын жиып алды. “Күнтуғанның кесімді үкімі” деген жедел келген ойға табан тіреген ана: “Ай, заман-ай! Құйындай соққан қу өмір-ай!..” деп дауыстап жіберді. Айсырға басын көтере төмен қарады да, қайта кітабын оқуға ден қойды. Оба жылы нағашы жұртын жазылмас дерттің ошағына қалдырып, өзі жылыстап бара жатқандай, тап қазір де салқар даланың төсінде балаларынан безіп, өзі тағы да сытылып бара жатқандай сұм сезім биледі... Өз сезімінен өзі тіксініп, күбірлеп құдайға тапсырды.

...Сауырынан су төгілмес жорғадай поезд да тайпалып келеді.


1999 жыл, ақпан. 



[1] күшік – жалайыр ішіндегі ру.


Оқи отырыңыз: Асқар Алтай. Селебе (әңгіме)



author

Асқар Алтай

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...