Аманғазы Кәріпжанәулеті. Сөз суретін сөйлетсек...

ӘДЕБИЕТ
3319

Ақын Ұлықбек Есдәулеттің "Ынтық зар" кітабы қақында.

Ұмытпасам осыдан ширек ғасыр бұрын Ұлағаңмен Күртінің Ақши деген ауылына барып, жастардың үйлену тойына асаба болдым. Той ішіне 200-дей адам сыйған, хан шатырына ұқсас дөңгелек дәу күркеде өтті. Сол бұрышсыз үйге арнап Ұлықбек ағамыз "Бұрышқа тұр!" деген өлеңін оқыған еді. 
...Ол ойлайды:
"Бұрышқа тұрмас ем-ау,
Тусам егер үй-күйсіз жабайы боп... 
Немесе,
...Анасына кей күні:
"Мен өскенде,
Бұрышсыз үй тұрғызам" деп келеді...
...Шіркін оның бабасы бақытты ғой,
Бұрышы жоқ үйлерде өсіп-өнген...
Бұл жыр үзіктеріне бұрышқа тұрып, мұғалімнен таяқ жеген баланың өкінішінен бұрын, табиғи ордасын аңсаған ұлттың ой-арманы жүктелгендігі қуантты. Тойдан соң "Уаз" автокөлігімен Алматыға тартқан жол сапарымыз да ұлт жайлы әңгімеге ұласты. Әсіресе, комсомол мен партияның артық-кемін де тілге тиек еттік. Дауласып қалған жерлеріміз де болды. Бірақ, әңгімем жарасатын адам тапқаныма қуандым. 
...Кеудесін қара түннің күйдіреді,
Күйінген кеудесінің оты жанып (Қасқыр мінез), - деп, жүрегі бөріше ұлып, ұлттық мүддені жоқтаған ақын жол бойы әңгіме қызуымен қазақ қоғамын қалқалаған қара түнді намыстың отына күйдіріп, сол оттың сәулесімен жаныштап келе жатқандай көрінді. Ал, сөзімізді арагідік құптап отырған Бейсенгүл жеңгеміздің ойын ертеңгісін сабаққа баратын балалардың қамы мазалап отырған сияқты.  Қысқасы, жол сақшыларының бөгеуімен көліктен көлікке отырсақ та: 
...Иненің жасуынан уақыт сусып,
Ұстаудың табылмады лажы түк (Жапырақтар жыры), - деп,  ақын айтқандай, ұзақ жол мен уақыт ұлағатты әңгіменің мысына басылып, тез-ақ өтті. Немесе, "Уақыт деген ғайыбың мен боламын. (Терісқақпай)" деп, ғайып болды десек те болады.  Ұлағаңның үйіне қонып, ертесінде шабыттың жетегіне еріп, жатаққа қайттым. Кейін оның партияны сынаған "Мен Коммунистпін" деген өлеңін "Жас қазақ" газетінен оқыған едім.
Бұрнағы жылы Ұлықбектің жаңа үйінен шай ішіп отырып, өзімнің елу жасыма арналған театрдағы тегін ән-жыр кешімнің қалай өткенін, бұл жолы қарызға батырған қателігімді келесі онжылдықта қайталамауға тырысатынымды әңгімеледім. Сонда Ұлағаң елу мен алпыстың арасы асықпасаң тез-ақ өтетінін айтып, уақыт құзырында екендімізді тағы да ескертті. И.Ньтонның механикалық физикасына сүйеніп, қанша асыққанмен жылдамдық та уақытқа тәуелді.
...- Уақыт жоқ. - деп,
Уақытқа бас ұрамыз,
Осы біздер қай жаққа асығамыз?! (Асығыстық). Әрине, басты нысанамыз - күнкөріс пен бәсеке. Мұндайда жайбарақаттық үлестен қағатын сияқты.
...Уақыт байғұс сәл тынығып алсын" деп,
Малшы алаңдап ұйықтамайды бірақ та... (Дала). Бұл - уақытқа деген аяушылықты тынықтырудан емес, тынымсыз пайдаланудан іздеген қарбаластың бір сәті ғана. Ақын уақыт жайлы, басқа тақырыптағы суретті сөздерінде:
...Бұл жерде жалмауыз,
Адамның терісін жамау қып,
Жердің жыртығын жамаған,
...Бұл жерде жендеттер
Уақыттың өзін дарға асқан. (Салапилс), -дейді. Меніңше, тарихтың жүрегі - уақыт! Яғни, бұл ғаламдық оқиға желісінде жендеттер тірі тарихты жан тәсілім етті дегенді білдіреді. Ал, қазақы үрдіс:
...- Уақыт өзі аттай алмас әруақтардың үстінен... (Қобда. Исатай қабірі басында),- дейді. Пәнилік құбылыс қозғалыстар мен өзгерістер жүйесін құрайды. Материалистік таным мұны даму процесіне жатқызса, оның екінші бетінде құлдырау деген заңды ұғым симметриялы паробола құрайтындығы сөзсіз. Мұның бәрі уақыт шеңберінің ішінде жүзеге асады. Ал,
...Біз уақытты,
Уақыт бізді аямай,
Біріміздің біріміз етімізден ет кестік. (Уақытты кім жаратты?),
"...Көрген емес жарасып менің жұлдызым
О бастан уақытпен және бақытпен...(Өтесің, уақыт...)", 
Немесе,
...Уақыт енді мен үшін өмір сүрсін,
Уақыт үшін тойдым мен өмір сүріп, (Бүгін менің сарайым босап қалды), -деп талап қоямыз және
"...Сағаттың тіліне қарсы
Жүгіріп бағайын мен де. (Медеу)" - деп, қарсылық та білдіреміз. Әрине, уақытты жеңсек шеңбердің сыртына шығып, Альберт Эйнштейнге ораламыз. Оның салыстырмалық теориясы синхрофазотрондағы пи-мезондардай уақытты жылдамдықтың, яғни қозғалыстың құзырына жығып береді.
Сосын: 
... - Ақыннан сағат сұрама,
Уақыты оның - мәңгілік! (Ақыннан сағат сұрама!)" - дейміз. Уақыттың өлшемі де - мәңгілік. Ақынның баспанасы - кеңістік. Ал, кеңістіктің өлшемі - шексіздік. Сондай-ақ, менің пайымдауымда - пәнилік көзқарастағы уақыт пен кеңістіктіктің бір-бірінсіз ғұмыры жоқ. Олар - біріне бірі қызметші. Танымдық дәуір талап еткен мұндай астро талғамға бармасақ, "Адамдардың зердесін шаң басады. (Терісқақпай)". 
"...Шыбын жан ұшып бодауға,
Қаққанда көктің қақпасын,
Күнәмді менің санауға 
Құдайым уақыт таппасын," - дейді, "Алтыннан аттап жолдағы" деген өлеңінде. Алтыннан аттау түк емес, мүмкіндік шектелсе "...Аттап кетіп Алла берген уақытты...(Тілазар)" -
"...- Ақынның бәрі Аллаға доп па?
Алла да көзін ашып қарасын! (Жоқтан өзгеге жасып қаласың)", - демес едік. Десе, "...Жаратқанның жағасына жармасқан..." деп қаламыз. Мұны айтқасын:
"...Осы мен осы, көп тасып,
Сарқылып қалып жүрмейін?
Жиірек кеттім шоқ басып, 
Шарпылып, жанып жүрмейін?.. (Осы мен осы,...),
" ...Ақындардың бәрі де ақымақ қой,
Көбелектей күйетін отқа үйір боп... (Біз туралы өсектер)",
"...Өң бе, әлде түс пе бұл ғұмыр?
Қансырап жатып күлді жыр,
...Ақылдылардың ішінде
Ақын дейтін жынды жүр...(Бүгінгі күнім мәңгі өлді)",
"...Боларын бассыз ақын бақыттырақ
Еш жендет ескермепті бұл жалғанда...(Қарой. Махамбет)",
...Ғажабым мен ажалымның
Арасында сабыламын...("Мүшел жас" топтамасы), -деп, барды мойындап, тәубәға да келеді. 
Ақындағы астамшылық жаратылыспен сабақтас. Электронды жүйедегі резонанс әр қилы ықпал мен тұрақтылықтың сақталмауынан, қабылдау пәрменділігінің күштілігінен туындаса, адамдағы құбылысты сезіну құдіреті де ақындарда кездейсоқ және жоғары болады. Сондықтан:
"... -Ақындардың ақылы басында емес,
Ақындардың
ақылы жүрегінде...(Бір көрем де), - дейді. Ақындар жырда айтылғандай жынды емес, көріпкел халық. Ащы-тұщыны өзгеден бұрын және тереңірек сезініп, одан шығар жол таппай жындының кебін киеді. Іші жылайды. Ондайда,
"...Жұтқан кезде ақын қайғы
Көз жасынан тоқылған...(Антижарнама. Қалы кілем)"
"...Ақынға қанат бер, құдай!..(Пошта көгершіні) немесе
"...Ақынға билік бермесеңдер де
Сөзіне құлақ асыңдар!..(Ақынның сөзі), - дейміз. Қарапайым тілмен жұртқа түсінікті болу үшін Ұлықбек ақындарды өзара салыстырмалы түрде де жеткізе білген. Әкіммен салыстыруда:
"...Біреуі жақын құдайға,
Біреуі жақын патшаға...",
Немесе,
"...басынан бірі айырылар,
Бірінде бас та болмайды...(Ақындар мен әкімдер)", -десе, ақынмен салыстыруда өзін мысал етіп:
"...Ақынның бәрі - бас ақын,
Екінші ақын - мен ғана..."
"...Өзімнен соңғы ақын деп,
Абай да айтса деймін мен!..(Екінші Ұлықбек. Әзіл), -деген жыр жолдарын жарасымды әзілге айналдырған. 
...Жігіттер, іргеме кеп жыр оқыңдар,
Тыңдайын бара жатып тозаққа еніп...(Морг). Мұндағы поэтикалық екпін Ұлағаңды Омар Хайямға немесе Мұқағалиға ұқсататындай. "Кей "дәстүрді" Мұқағали ағамыз үйретті ғой деп әзілдейтін ол ұлы ақын жайлы:
"...Сыйды ғой бүкіл әлем кеудесіне,
Сыймады бұл әлемге ол несіне?.. (Жырмен қоштасу. Мұқағали ағаға)" деп тебіренсе, кейінгілер жайлы:
"...Албасты емес қабаққа
Қарап аяқ басатын,
Кіргізіңдер санатқа 
Ең ұлы ақын - жас ақын!...(Жас ақын. Маралтай)", - дейді. Ұлықбек өзім араласқан отыз жылдың ішінде жастарды өзіне көбірек тартатын және олардың бойындағы пәрменділігіне сенетініне көзіміз жетті. Тоқсаныншы жылдар аясында жаңадан шыға бастаған "Жас қазақ" газетіне редактор, Жазушылар Одағындағы Жастар әдебиетіне жетекшілік етті. Ол кісі шаруға кіріскелі біз кабинетін тоздырып, одақ өз үйіміздей жылы ұяға айналып кеткен еді. Көптеген жиындарға қатысып, әдебиет ақсақалдарымен жүздестік.  
Ақынның 40 жасына арналған ән-жыр кеші Халық ақыны Қонысбай Әбіловтің жүргізіуімен Орталық концерт залында өтті. Мен де өлең оқыдым. Бірақ, редактор С. Жанболаттың айтуынша менің өлеңім ұзақтығынан хабарға сыймапты. Сондай кештердің бірінде қырғызстандық бір әріптесі:
- Ұлықбек өлеңінде қыздарға ғашық болса, біздің қыздар оған ғашық болып, кетерінде қимай қоштасты" - деп әзілдеді. Енді тақырыпқа оралсақ, ақынға тән сезім құдіреті тағдырмен тайталасқа ғана емес, табиғатпен бірге жаралған шынайы махаббатқа да тиесілі екен.
"...Тумайды-ау мендей ақын,
Туса дағы,
Бәрібір мендей ғашық бола алмайды...(Жапырақтар жыры)", - дейді. Ақынның басты обьектісі өзін жаратқан пәни мен бақилық құбылыстар болса, оның қозғаушы күші де - сезім. Тән қалауы - өлтірмейтін материалдық қажеттілік. Жан қалауы - негізінен ата-ата мен бауырдан соң жатты жақын ететін махаббат құдіреті немесе жүректің әміріне де бағынбайтын табиғи тартылыс десек те болады. 
...Бәрін жеңіп,
Жеңіліп тек нәпсіңнен...(Ақын деген бір ұлт бар). Жырдың бұл жолын төмендегідей әдіспен дұрыс түсіндіруге болады: 
...Көрдім де сені,
Мойындап қалдым
Бүкіләлемдік тартылыс заңын...
...Жынданғам жоқ па?
Ауылда маған:
"Жасыңда жынды болдың" деседі... 
...Өзіңді ойлап,
Өзіме бойлап,
Таусылмас томдай парақталамын...
...Бары рас болса тартылыс заңы
Түбінде біздер жолығысамыз... (Бүкіләлемдік тартылыс заңы). Осы үзінділердің өзі ақ махаббаттағы тартылыс пәрменділігін әсірелей түседі.
...Деміңмен әйнектегі гүлді ерітіп,
Жабар ма ең сонда күліп пердешені... (Қырау гүл).
...Айналып жүрегіме кеттің менің... (Мадригал).
..."Сүйемін" деген бір сөзге 
Сыймайтын ұлы сезім бұл!.. (Махаббат деген немене?).
...Жүрекке жүзген елесің - кеме,
Желкендеріне мұз қатып... (Айшуақ пен Күншуақ). 
...Жұмып кейде жанарымды нұр сіңген...  Соңғы жыр жолы жанды қозғап, бойды шымырлататын хит әннің мәтініне де айналды.
...Көзімнен тінте берді қара түнді...(Ғашықтар жыры),
...Жастық дәурен арғымақ ат болғанмен
Қайта айналып таба бермес қазығын...(Бейсенгүлге). 
  Қос алтын жүзіктен бір жүзік шығаруға да домнаның қызуы керек. Махаббаттың осындай жалыны біріктіріп, бауырдай бауыр басып, қимасқа айналған жар құдіреті - жаратқанның сыйы екендігін
...Ғұмырымыз - бақытты,
Бақытымыз -ғұмырлы...(Жар), - деген сөзі де дәлелдейді. Сезім ғана емес, бұл ұғымның қосалқы тіреуі - азаматтық. Өйтпегенде жар қадірін:
...Мүсінді сүйді сонда мұңлық әйел,
Сүйе алмай қалды ма екен тірісінді...(Ескерткіш жуған әйел), - деп, жардан айырылғанда немесе, 
...Жалғыздықтан жан сақтайды ол жабықса,
Айнадағы бейнесімен тілдесіп...(Қол айна), - деп, жалғыздықта түсінеміз. ...Жалғыздық,
Сенің барыңда
Жалғыздығымды сезбедім.
Қалмағанда ешкім жанымда
Сен ғана менен безбедің...(Жалғыздық). Жалғыздық сырын жан шерін қозғап, жанарын жаулаған жалғыз тамшы да жеткізе алмайды.
...Асықпа тамшы болсаң төгілуге,
Тым ерте тамып түссең күнәһарсың... (Альбомға).
...Табиғаттан тап-таза тамшы көрдім,
Жүрегіме өзімнің үңілгенде...(Бүгін менің сарайым босап қалды).
...Тамшы боп терезеңді қаққан сонда 
Дүрсілін жүрегімнің естімеп пе ең?... (Мен сені ғұмыр бойы іздегенмін).  
Жыр жолдарына өзек болған осындай тамшы деген ұғымның өзі аппақ адалдықтан туындап, түрлі мазмұнда айтылады. Қандай әсерден шықса да табиғилық сыры табиғатта дегенді мезгейді. Жаратылыстың адам көзқарасындағы көрінісі де -табиғат. Қарсылықтар заңына тиесілі сан қырлы әрекетімен болмысымызды қозғап жатқан бұл құбылыстың ыстық-суығына дейін ақын жырын бейжай қалдырған жоқ. 
Суреткерлігі жағынан Абайдың "Қыс" өлеңіне ұқсастығы бар Н.Некрасовтың "Мороз, Красный нос" поэмасындағы қыс бейнесі мен қыс туралы басқа да жырларын білеміз. Аязға жан бітрген ақындар әулие Николайды немесе пұтқа табыну дәуірінің мифтері арқылы қаталдық пен Аяз атаның қайырымдылығын елестетсе,
Сергей Есенин:
"...То, Зима идет сердитая -
Горе бедному зверью..." - деп, қыс ашуын қарғыбауға теңейді. Ал, 
....Ұлпа қарға үлп етіп жел үреді,
Бұтақтан қар бұрқ етіп төгіледі. (Т.ж.)
...Ұлыған үні қалтырай үзіліп,
Бір таудың барып астында құриды...(Алтай аязы), - дейтін Ұлықбек пендені түлеткен Жер ананың өзін: 
...Өлді де қалды қара жер
Өң-түссіз ұстап жүрегін...(Қысқытұрым). - деп әсірелейді. "Жазғытұрым" сөзін жиі естісек те "Қысқытұрым" сөзін Ұлықбек өлеңінен басқа жерде көп кездестірмеппін. Табиғатта қыс қана емес, судың да, қара жердің де ашуы бар екендігін қоғаммен де байланыстырған ақын: 
...Біз ашулансақ басылмаймыз ғой
 Сен осы қашан басыла аласың? (Жеменей өзені). 
...Оның жаны бұлақпен ағайындас
Ашуланса таситын лайланып... 
...Жағада тұр иілген сұрақ-ғұмыр:
Лайлаған кім екен бұлақты бұл?
Екеуінің алдында бүкіл әлем
Мелшиеді айыпты сияқты бір... (Ботана су). 
...Етігіңді байқап сүрткін, жас тұлға, 
Тарих жатыр табаныңның астында...(2. Тор бөстек),
...Төбелер жанартауға айналатын
Кешірмей кір табанға басылғанын...(Көңілін табам ба деп әр адамның), - деп білдірген. 
"...Табанын сүйіп ағады-ау.(Табиғат сазы)" 
"...Секем алдым сырғыған сылдыр сумен
Қосыла ағып кетердей бар ғұмырым... (Ақ тұма)". Кір табаныңды шарасыз сүйген су астарында да әр қилы тағдыр бар.
...Іленің суы жатты жалап қаймақ...(Қанат қаққан), 
...Таңдайымда ащы Аралдың тұзы бар...(Арғымақ жылы). Табиғаттың қаймағын да жалап, тұзына да улығып, ащы-тұщысына қаныққан тірлік болмысында тағдыр тепе-теңдігінің тұрақтануы мүмкін емес. Бір Жаратушы адамға құмырсқаның илеуін де таптамай, айналып өтетін сана, періште ғұмыр берді. Еліміздегі Арал, Семей, Байқоңыр қасіреттері аздай, табиғатқа білімсіздің жасағанынан білімдінің қиянаты әлдеқайда асып кетпесе, 
...Бейкүнә құсым, кеше гөр, 
Аяуды білмес
Бұл адам деген сен түгіл өзін де тіпті. (Пошта көгершіні).
"... жатты артынша жер жүзіне таралып,
Сан тышқанның басын жұтқан жаңалық.
...Операция столында 
Білерім -
Ойнап өлді ол адамзаттың ролін. (Ақ тышқандар)" Немесе, жай саятшылықтан да секем алып,
"...Адам мен аңның арасын тағы 
Қорғасын оқпен жалғадың ба, аға?(Ауылға хат)" демес едік. Тірлікке жанашырлықты сезінген жан хайуан түгілі өсімдікке де жаны ашиды.
...Сезбеген ұлдай жетім қалғанын
Қалғиды қамсыз балапан шыбық. (Кесілген ағаш),
...Бесігіне тұскен соң топырақтың
 Басқа өмірі басталар жапырақтың (Табиғаттың жейдесі). Ағашты кесіп, жапырақты жұлмай-ақ, мезгілімен өздігінен қураса да сезімтал жүрекке әсер етпей қоймайды.
...Будақ-будақ бұрқырап бұлттар...(Суысу) түтіндей көтерілмесе де әлгі бір тұнық табиғаттан шыққан ащы-тұщының бәрі буланып төбемізге көтерілгенде
...Аспан тұр өзі терлеп өз демінен... 
...Біреудің көргендеймін көздерінен... (Жаңбыр алдында), - дейміз. Біреудің көзіндегі - табиғи теңсіздік шиеленісінен тұнған тамшы.  
"...Аспанды аймен тағалап, 
Қағушы ем қиял шегесін. (Бала қиял)" деп, бала қиялымызға да серік болған сол "...Жұлдыздармен шегеленген аспаның...(Едіге тауы)" бұлт торлап қаһарына мінсе, 
..."Пісміллә" демеске шарам қайсы,
Жүрегінен аспанның от ұрлағам...(Пісміллә)" дейтін "ұры"
"...Айнасы сынған аспаннан
Іздерсің менің бейнемді...(Жұлын)" деп, өзін де ұстап береді. Бірақ, аспан жүрегінен отты бекер ұрламапты. Оның құдіретінен тұтанып, айыбын кешпек болып, хақ жолына тартса да  
...Жұрт құсап жер бауырлап жүре алмаймын,
Меккеге мен барамын аспанменен (Қанақаққан), - дейді. ..."Кәрі орыстан мұсылман шығарамын...(Еменнің қисық бұтағы) " дегендер де "Меккеге жаяу бар!" деп айта алмас.
...Ұшуды білген қаршыға
Қона да білсе жөн болар... Әрине, жерден түлеген ақын жерге қайта қонады. Бірақ, ол "аспаны" көп бұл жыр жолдарында ғарыштық суреттермен ұлттың аспани рухын танытып тұрған сияқты.
...Әр қарағай балағына 
Бір көлеңке жармасып...(Қызыл іңір),
"...Көлеңкелер жарықты буындырып...(Ұйқы-1. Өзіме), 
...Шомылдырып бұлттарды шұғылаға,
Күн еңкейіп барады құбылаға...(Жапырақтар жыры)"
десек, ондайда
...Күн киініп қызыл алау жейдесін
Көкжиектің аймалайды кеудесін.
Күн емеспін күнбатысқа жоғалар
Қыр үстінде мұңаямын мен несін? (Қыр үстінде), -дейді. Сосын көрініс әсерімен өзі де
...Тереземнен үйге кірсін шың-құздар...
...Жас тәнімді өпсін менің түнгі ызғар...(Тереземді жаппаймын), ...Әйтпесе жоғалтармын түнгі бақтың
Бойымда бұрыннан бар сыршылдығын. (Идиллия).
...Жылатыңдар түнгі ызғарды,
Жұбатыңдар құдайды!..(Жан тәсілім).
...Жұмыртқа басқан сиқырлы самұрықтай боп,
Тыныштық жатыр түбіті көміп қаланы....(Алматы. Ақпан), - деп, түнгі самалды құшағына алып, тыныштықтың түбітті көрпесінің бір бұрышын жамылып, құдайға тәубесін де сездіреді. Бірақ, 
"...Сен танымаған тыныштық, тыным
Маған да бүгін түк керек емес. (Жеменей өзені)" деп, өзін де жұлқылап, жанталасқа түсірген ақын шабыты  түн тігісін түре тілді. Тілді де қызарақтап қиялына бүркенген қып-қызыл шұғыланың да бетін ашты.
...Оянғанда өз кеудеңнен сезесің, 
Кәусар бұлақ кеудесінің дірілін...(Түнгі саздар).
Енді "...Таң қойнына сіңетін жол іздейін...(Таңғы сүрлеу)", - деп, бір күрсініп, таңғы сүрлеумен қозғалған ол әр құбылыстың жанарынан шық көргендей:
...Буланды көзім, 
Ол, тіпті,
Көз жасы да емес, шық та емес. (Сағынған жоқпын),
...Жапырақтардан домалап, 
Жаңбырлаушы еді-ау шық-моншақ... (Жалбыз). Немесе,
"...Шөп түбіне шуақ түссе сыналап, 
Шымшық көзді шық қарайды сығалап... (Жапырақтар жыры. Таңғы шық)", - дейді.
Немесе,
...Сүйем сені, сүйем сені, о сұлулық, 
Бойыңда жылылығың болмаса да!..(Ақша қар, айлы аспанда қылаулайсың)",)" Салқындық билесе - табиғат та, тағдыр да сараң. Бірақ, қаласаң ниетке қарай таң ызғары сәскенің сәулесіне буланып, жаныңды шуаққа да бөлейді. Табиғаттың өзі де - бір мұхит. 
"...Бірте-бірте жүзіне жылу кірді,
Жылы ағыс бар мұхитта деген осы...(Мұхит. Гольфстрим ағысы)," - деп, мұздай мұхиттың да қабағын ашамыз. 
"...Тықпалайды көзіме көлеңкесін...(Таңғы сүрлеу)" .
"...Қам көңілдерден кететін барлық күз үркіп...(Бес бағыштау)". Жан отыңның жалынымен көздегі көлеңкені де, көңілдегі күзді де үркітуге болады екен.
"...Бейхабар боп көктемнің өтерінен...(Іздер)" қапы қалған пенденің кеудесінде 
...Бозторғай боп жырлайды көктем жырау...(Киіз мінез күн еді неткен мынау). Немесе, 
"...Ұғушы ем жел сыбырын, бұлақ тілін,
Бәрі де түсініксіз, бірақ, бүгін...(Апыр-ау, сезімнің оты өшкен бе?)" дегендей, көктем мен оның тылсымынан көз жазып қалсаң да, көңілдегі көгілдір әлем уақытқа сыр бермейді. Табиғат тылсымы арқылы жыл мезгіліндей өзді-өзіңе қайта оралып, 
"...Отымды үрледі көзімдегі
Сауырдың самалдары...(Сауыр тауға шыққанда)" дерсің... Табиғи құбылыстардың жалғасы адамның жандүниесінде жүріп жатады. Өлі-тірі табиғат арасындағы тұтастық немесе жаратылыстың бүтін жүйелі құбылыс екендігі осыдан байқалады. Адам өз қабылдауын қортып, сыртқа шығару үшін - әуелі оның сезімінде пәрменділік болу керек. Жан құбылысын сыртқа медиктер мен психологтар табиғи жалаң түрінде шығарса, ақындар әлем-жәлем киіндіріп, көркем түрде шығарады.
...Сәл мақталса өзіне өзі ырза боп,
Өз бетінен өзі сүйе жаздайды. 
..."Сол өзіңсің!" -дейді маған бір дауыс,
Басқа дауыс дейді маған: "Сен емес!..." (Психологиялық портрет). 
...Қан шұбырған тамырымнан
Шуда есіп көп білек,
Санам менен
Сабырымнан
Киіз басқан тепкілеп!
...Жүйкемнің бар талшықтарын
Суыртпақтап суырып,
...Көре білсең бұ кілемде
Жүрегімнің түгі бар.
...Әр өрнегі сезімменен, 
сағынышыммен боялған,
Бұл кілемді көзім дер ем,
Көрмеге оны қоя алман.... (Антижарнама. Қалы кілем.). 
...Өз кеудеңе қарасаң
Төбелес шыққан тойдайсың... (Өртеніп кейде орасан...). 
...Майқан-майқан көңілім
Мыжығандай піл аунап... (Мұңлы өлең).
Бұл үзінділер - ақын автопортретінің бояулары. Бояудың көзі -сезімде.
...Сезім өлді бойымда бір от сөніп,
Ешкім көңіл айтпайды тірек болып...(Сезім өлді),
...Біздер де бөтен бола бастадық,
Сезімді қадір тұтпайтын дәуір
Келе жатқандай жаңа басталып!... (Суысу). Сезімді сезінбейтін дәуірдің жастары жайлы: 
"...Күні ертең не боларын сезе тұрып,
Үн-түнсіз тіршілігін жасай берер...(Қоңыр өлең)" - дейміз. 
...Жетпей өмір нарқына
Шығып қалдық жолдан біз...(Жалғыз сен бе, бауырым?) Не себепті? Жауап былай болса ше? -
"...Қателіктермен өмірге бірге келіп пе ем? 
...Кетем бе солай қателіктерге ет өліп?... (Неліктен?)". Негізі қателік те пәнилік кемістіктен туатын құбылыс. Сондықтан тағдырдың жазуынан ешкім де жаңылмайды. 
...Шимайланып қағазы, 
Тірлік саған наразы.
Сенің кінәң емес қой
Қисық болса таразы... (Тағдыр). Бәрі де маңдайыңа жазылған тағдырдың сызбасынан деп, фатализмге де мұң артамыз. Спиноза, Гобстен, Демокриттердің бағытын қамтыған бұл ілім Ш. Айтматовтың "Боранды бекетіндегі" Мәскеуден келген дүбәрәнің де тұжырымын еске түсіреді. Ақынның бұл кітапта "Мистикалық жырлар. Фатализм" деген өлеңі де бар. Меніңше лирика - тағдыр, эстетикалық талғам және эмоция құдіретінің жүйелі синтезінен туындайды. Мистикалық әлем мифтік, теологиялық, астрологиялық ұстанымдардың бәрін де қамтиды. Ал, Ломброзе бағытындағыдай қылмысқа бейімділікті  рационалистік фатализммен ғана шектесек тағы да қателесеміз. Меніңше, бұл құбылыстың негізі - пәнилік табиғи теңсіздікте. Менің көқарасымды материализм де, идеализм де, осы ілімді қолдаған калвинизм де шектей алмайды. Бірақ, көп жерде дауға қалдым. Ал, поэзиядағы рухани азаттық ақын санасындағы жеке азаттығына байланысты. Енді ойымызға қайта оралсақ, жазмыштан айла-әрекетпен шығатын жол іздеп:
 "...жыртығын жылтыр сөзбен саудалаған
Ұқсап бара жатырмын көпестерге...(Апыр-ау)" деп, 
барымызды пәнилік болашақтың кәдесіне жаратып кету үшін де жанталасамыз. Бірақ, бәрі де құр алданыш сияқты. Өйткені,
"...Жөргегінен алдануға үйреніп,
Құр емізік сорып жатыр жас сәби... (Қазақы ұрлық)" Немесе,
"...Өз қайғысы өзінде келер ұрпақ, - 
"ұмытпаймыз!" дегеннің бәрі өтірік...(Терісқақпай)" Дейміз де,
...Соқпағын әркім салар өз жөнімен,
Күні ертең шөп басарын сезгенімен...(Жапырақтар жыры). 
...Қанша жүзсең -
Қалмайды ізің суда,
Қайық тұрмақ болса да алып кемең! (Өмір -өзен дейді осы халық неден?)" деген жыр жолдары арқылы өзгерістер эстафетасының алдында жай тағлым түгілі жалпы тарихтың да дәрменсіз екеніне мойын ұсынамыз. Тіршіліктің басқа түрінен айырмамыз да - болашақты ойлауға мәжбүрлігіміз. 
"Көңілімен ой түтіп қай-қашан да...(Әже алақаны)" мазасыз жүретін ақын
"...Қайырылмас қасым -
Тыйын екенін түсіндім,
Айырылмас досым -
Миым екенін түсіндім. (Қайрақ пен қанжар)..." деуінен ақылдың да, ақшаның да уақытша көзқарастағы нарқы бар екенін түсінеміз. Оның өлшемі көзқарастағы руханият деңгейіне де байланысты.
...Көзін емес, шел басқан көзқарасын (Өрмекші).
...Бір соқыр айтқан екен "көрерміз" деп... (Үш апелсин).
...Көңілінде соқырдың жанған сәуле
Көзі барға ешқашан көрінбейді (9 мамыр). Бұл кітапты оқығандар мұндай анықтаманың әр қилысына жолығадыКөзқарастың ауқымдылығынан сүрініп, кемдігінен жасалған күнәні де сезбей шалқитындар да бар. Мұны таразылау да - жүйке тоздырып, жүректі өлтіретін қатыгез "қырсық". Болмысында орташа ғана мазмұны бар бір пендені алып жүруге шақталған жүрек қайшылықтағы алапат құбылысты көтере алмайды. 
...Есік тесіп зыр еткен
Дрелінен дір еткем.
Ұшып тұрдым төсектен
Шұрық тесік жүрекпен. (Бұрғы), 
...Жыртық жүрекке кірпіктен аққан тамшы ауыр...(Алшағыр).
...Жан-жүрегім тігісінен сөгіліп,
Оңашада ай нұрымен жамадым... (Үлкен Қаратал).
...Тұмсықтың қанын елемес едім
Жүректің қанын сүртер кім?.. (Меңіреу болу - менің ісім бе?).
...Ал, бірақ та жүректегі қайғыны
Көру үшін рентген де дәрменсіз (Алматы. Желтоқсан).
...Жүрегімді қараймын қолыма алып,
Дімкәс жүрек
дерт буған кімге керек?... (Сыздайды да мұздайды сұм жүрегім).
...Жүрегің кейде шаншып кеткенде 
Тірі екеніңді сезесің (Шүкімайт). 
...Балғаның үні жалғады, міне,
Үзіліп кеткен жүрек дыбысын. (Қорғау). Әуелде дрелден дір еткен жүректі балғаның үні жалғады. Екеуі де сайман. Бұдан ұққанымыз - жүректі өлтіретін де, тірілтетін де - тірліктің темірдей мылқау танымға ие мысқалы екен. Жүрегің қайта соқса  "...Жүрегімнен өзімнің биік болам... (Бір көрем де)" демей, 
"...Табиғаттай тап-таза тамшы көрдім
Жүрегіме өзімнің үңілгенде...(Бүгін менің сарайым босап қалды)", - деп, тәубәнің тамшы жасына қанағаттанасың.
...өлгенде сен суарылсаң спиртке,
мен тіріңде ащы мұңға батырдым... , немесе, 
...Жүрек, сені тіске басып біреулер
Спиртіңді сілтей салып жүрмесін?!...(Ақыретте жазылған жыр). Мұнда айтылған ойларды ақын: 
- "өйткені, "...Жүрегім өзімде емес... (Жүрек)" - деп түсіндіреді. Бәлкім, ғашығының кеудесінде немесе "ақыретте" адасып жүрген болар. Ақырет жайлы да айтары баршылық. 
...Жалаңдап Мүңкір-Нәңкір жеткен кезде,
Жатқанмын жер бетінен тырайып кеп... (Мүңкір-Нәңкір немесе Машқардағы диалог). 
Бірақ,  "...Ақымақ қылып ажалды жоққа шығарам... (Жұмекен Нәжімеденовке)" деп, одан әрі өмір мен өлімді салыстыра салмақтайды.
...Өмір деген - өлімменен жарысу... (Өмір).
..."Өмір" деген өз анамыз суалып,
"Өлім" деген өгей шеше емізді... (Халықты ойлап...)".
...Өлімнің өңі жасарды,
Шаш алу үшін бас алды...(Жаназа)...
...Сол үстел тұр тоғыз жол торабында (Үстел).
 Соңғы жыр жолындағы Жазушылар Одағында тұрған табыт қоятын ақыреттік стол талай қаламгерді ақтық сапарға аттандырды. Пәнидің әр қырынан келіп түйісіп, жұмақ пен тозақтың әр белесіне жолдама беретін жаратылыстағы ең үлкен жол торабы да осында екен. Сондай-ақ, бұл жыр жолына қарап, Ғабит Мүсірепов қайтыс болғанда жазған өзімнің табыт туралы өлеңім де ойыма оралып отыр. Қимасынан айырылса, біреу жылайды, біреу дін шектеуімен көзінен тамшы жас та шықпай, тәкаппарлық танытады. Енді біреу өмірдің өзін драма деп қабылдап, соған сай ащы да, әжуа қылық көрсетеді.
...Күркіреді күлкінің де тоқыны,
Басылмады шапалақтың солқылы,
Қасіретін сезбеді ешкім,
Серкенің...
Ұлы қайтыс болған еді сол күні!.. (Күлкі мен қасірет)... Бұл белгілі актер С.Қожамқұловтың орындауындағы қасіреттің табиғи да шынайы және көркем көрінісі. Өнердің құдіреті тағдырда екендігін төмендегі жолдар да толықтыра түседі.
...Қазақ күйден туды ма? 
Осы ой мені тербетті!...(Жетім бала күйі).
...Біз әлі кездесеміз пернелерде... (Өтті ғой өзгеше жаз, өзгеше күз).
...Көз жасымен асырайды бір-бірін
Егіз туған жетімдік пен өгейлік.... (Қара базар. Домбыра сатушының жыры.). Енді ұлынан айырылып, жадына жасырған жан шерінен жарылуға шақ қалған Серкеге оралсақ, ата-ананың қадірі де алдымыздан кес-кестеп тұрады. 
...Бақытты - ата-анасы бардың бәрі,
Алайда бақытты ма ата-анасы?!... (Ата-ана). Бұл өлеңге сүйенсек, ұлдан айырылған Серке де бақытты демессің. 
...Түйдік-ау:
"Қайбір жігіт ата-анасын
Жүрер деп қанжығаға байлап алып...(Ата-ана)". Бұл пайымдауды жұрттан да, Жұмекеннен де көрдім. Солай түйсек те, өзің көріп өскен ата-ана, ата-әже және бауыр қарындасың - қанмен жалғасқан қимастарың емес пе? 
....Анам кеше тағы кірді түсіме,
Қолын созып жете алмай жүр ол маған. (Бұлттар мен жылқылар).
Марқұм анам менің де түсімнен шықпайды. Көп ойландырады...
...Сол алақан көңілдің жайлауына
Ойларымның қозысын жамыратқан.(Әже алақаны). 
...Суретіңді сүрте алмаймын санамнан. (Бес бағыштау.5. Жас аға).
...Қалың ойын үркітіп түріндегі...(Таяқ сатып әперші). Соңғы жыр жолы - майдангер әкенің өтініші. Ал, менің әкем жиырма сегіз-ақ жасында Ұлықбек жырлайтын Зайсан көліне суға кетіп қайтыс болған. Бірақ, ауырып жатып, өлер алдында менің де шешем оның әкесі сияқты таяқ сұрады. Айтқанын орындадым. Әйтсе де, елдегідей әлем-жәлем таяқ әпере алмадым. Бәлкім, ондайға мән бермедім. Ойласам, бұл өкініштің басы ғана екен. Ата-ана алдындағы қарызымыз бүкіл өміріміздің де көлеміне сыймайды. Ата-ана мен бауырдың қадірін барында сезінбеген өзгенің қадірін жалғыз өскен тұл жетім ғұрлы да сезіне алмайды. Өзгені сезіну, меніңше, өзіңе пікірі жақынның қадірін сезінуден басталады. Бұл -достық. Қан біріктірмесе, тек мүдде тоғысқан жерде ғана тоғысатын достық та - салыстырмалы ұғым. ...Бауырыма кіріпті әркім,
Жыланды да жылытқанмын. (Бауырмал). 
..."Дос сату" деген - осындай
Сауданың шықса жаңасы,
Байитын болдық, досым-ай, 
Удай ғой достық бағасы... (Досты сату). 
... әр Мұсаға бір перғауын кез келмек"...
Көңілдердің таразысын тот басты
Күндіз-түні арамдықты безбендеп....
...Бір күні тырдай жалаңаш,
Көрден де қуып жіберер... (Бар еді менің бір "досым").
...Жалғыз атым - сенімім,
Жығылған соң сойдым де...(Сенісер дос қайда бар?).
 Тоңғанда тоныңды киіп, сынақта сындырып жүре беретін достар дұшпаннан да қауіпті. Тіпті ата жауыңа айналып, жақыннан айырып, ақыреттік тағдырыңа да себепкер болуы мүмкін. Өйткені, сатқындық та таяздықтың нәтижесі.
...Мені сотқа берді біреу!...(Сотқа бергенде).
...Қырсық күндер төбемнен тамшылаған...(Қысастықтар жасалды қарсы маған). 
...Дар алдында ән салуға бар едім,
Ар алдында иманымды үйірем.(Қобалжу).
Және ондайда бекер қарап қалмай,
"...Ұясына иттікті қуып тықтым...(Мерт)". десе де, 
"...Ешкімді итке теңемеймін мен
Өзімді қауып жатса да...(Меңіреу болу - менің ісім бе?)", - деп, ағынан жарылады.
"...Менің мұңлық өз көңіліммен туысқан,(Егізек).
....Сөнбесіне сенуші ең нұрлы оттардың.(Мерт).
..."Өш" дегенді, "қас" дегенді білместен... (Антоним).
...Тап-таза қолдарды да қысып тұрып, 
Сағынам сәлемнің де тазалығын (Ауыл баласы)".
 Сәлемдесудің де айла-тәсілі бар. Жаныңа жақын адамның қолын қыссаң, сағыынышыңды, адал ниетіңді білдіреді. Танымайтын адамның қолын қыссаң - ол таза ниетің емес, керісінше, қыр көрсеткенің. Көрсетер басқа өнерің болмағасын, осындай таяз мәдениетіңді көрсетуге мәжбүрсің! Еліңе деген қимастық та досыңа деген сыйластықтан басталады. Араласып, біте 
қайнасып, бауыр басу арқылы ғана өз халқыңның артық-кеміне де, аңқылдақ аңғал мінезіне де, басқа да табиғи қасиеттеріне қанық болып, сүйіспеншілігің артады. Халқымыздың пейілі қандай?
...Өзім десе көрсетер өгіз күшін, 
Ашуының қайтуы жылдам халық...
...Қазақ деген осындай қызық халық,
 Бұзық халық емес қой қазақ деген... (Қазақтарды қазақтарға таныстыру).
...Қит етсе қырамын деп ұрандайтын,
Өзінен басқа ешкімді ұра алмайтын... (Бақытты халық). Мұндай жомарт халықтың арасына келген қазақ түгілі істі болып, жер аударылған жат жұрттық демократтар да
"...Петербургте айырылған азаттығымен
Семейде сергіп табысқаны ма шынымен. (Шоқан мен Достоевский)..." демесіңе лаж жоқ. Өйткені, бұл ел
"...Дүниенің күнәсының
Жуылатын моншасы...(Қазақия)..." екен. Ел кеңдігі жер кеңдігіне де байланысты. Пейіл мен қазына немесе руханият пен материалдық игілік те жаратушының ниетке қарай берген несібесі. Отанға деген патриоттық сезім әр адамның туған жері, ұшқан ұясынан қалыптасады. 
...Қалада - тәнім, ауылда - жаным,
Жүрегім, жырым, арманым - дала. (Ауылға хат).
...Қаланы енді шетінен
Айналдырсақ, - деп, - ауылға!..." (Ауыл мен қала). Негізінде ұлттық болмыс ауылдан бастау алады. Ал, азаттық алғалы жат жұрттың жалмауыз мінезінен жүдеген қалаларымыз да пейілі жағынан ауылға айналып кеткен сияқты.
...Бүгін де мені сол қиял
Кететін болды жиі алдап...(Бала қиял).
...атының басын Зайсанға бұрып 
Мұң шақпақ болды кезігіп саған...(Жеменей өзені). Ақын жырындағы Зайсан бірде жарқ еткен нұр қала болып, бірде жалп еткен зілзала болып көрінеді. Тұңғиығымен әкемді жұтып, көңілімді қиратқан Зайсанның зілзаласы ондағы жер сілкінісінің зілзаласынан кем болмады.  Бірақ, 
"...Бәлкім маған Зайсанның тұнығынан
Мөлдірлік, пәктікті іздеп жүрсің бе әлі?!..." деп, өзім оқушы кезімде жырлағандай, бұл өңірден жалпы қазақ жерінің сұлулығы, пәктігі көз алдыма келеді. Сол үшін 
"...Мешітке де, түрмеге де,
Зиратқа да ұқсайтын
Біздің ұрпақ салып бітпес 
саяжайсың, Отаным! (Отаным)" деймін, ақынға қосылып. Оның 
"...Көтеріп туын шығыстан,
асығып атса күміс таң,
От өріп екпініменен төсінен асқақ жыр ұшқан.
Сырғасын малып Ертіске, бір ару жатыр жағада
Тұлғасын соққан мырыштан... (Өскемен туралы жыр)..." деп, өрбитін балауса туындысын оқушы кезімде "Қанат қақты" деген сырты сұрғылт топтық жыр жинағынан оқығаным бар. 1974-75 жылдар. Кейін Өскемен туралы өлеңіме эпиграф ретінде пайдаландым. Жиындарда өскемендік қонақтарды таныстырғанда да айтып келемін. Әлгі жинақта аға буын ақындар ақ жол тілеп, ұмытпасам, өзім көрген Өмірбай Сәуірбаев, Мамытбек Қалдыбаев, Ерұлан Бағаев, тағы басқа жастардың тырнақалды туындылары топтастырылған. Ұлықбек өлеңдеріне "Көздеріңе ғашықпын" деп тақырыпша қойылса керек.
  Ең үлкен материктің ел өміріне ең қолайлы тұсына жайғасқан таңғажайып осындай даламызға
сырттан сұқтанушылар да аз емес.
"...Келмеді қайырылғым,
Жер-көктен айырылғым...(Мистикалық жырлар. Фатализм.)" деп, жалпы ғаламды қызғанатын ақын үшін азат жеріміздің әр пұшпағы ғұмырынан да бағалы. 
"...бабалардың қаны сіңген байрақ жер
Айналып бір кетпес пе екен жыртысқа?... (Жүрегімді тырнап жатыр біреулер)".  Бұл да заманға сай шынайы алаңдаушылық! Неге?
"...Жаулайды Бродвей жарқылы алдан,
Жаһанның бүкіл нұрын тартып алған. (Мұхиттың арғы беті. Ұштаған)". Осы өлеңге арқау болған үндістер де бүкіл жерінен қағылды. Бұл да елдің әлсіздігінен емес, елге бұйырған тағдырдың қиянатынан болған іс. Тіпті алдыңғы жолдардың тақырыбына қойылған тағдырға қатысты фатализм ұғымы да ақынның бүкіл поэтикалық әлемін қамтиды десек қателеспейміз. Туған отанның жақсысын асырып біржақты кетсек те, жаманын да жасыра алмаймыз. Онсыз ел мүддесі шешілмейді. Күнде көріп, тірлігімен біте қайнасқан қаламыз Алматы болғасын
...Ол үшін кім бар қайғырған,
Алматы толы - жетімдер.
Малдасын құрған маймылжан,
Торыңның маған шетін бер! (Күшік)... Бұл да биосфераның өз ішіндегі тағдыр сабақтастығы. Маймыл да адам сияқты ет пен сүйектен жаралған тіршілік иесі.
...Сен - кешегі маймылсың ғой,
Кісімсуің ертерек... (Дарвинизм). Бұл жерде сөз бен ойдың арасы жер мен көктей. Яғни, адамды маймылдан жаратқан дарвинизм құпталып тұрған жоқ. Адамның пенделік кемістігін ғана сынап тұр. Заманауи түсінік Чарльз Дарвиннің "Тұқым қуалаушылық, өзгергіштік", "Тіршілік үшін күрес" және басқа да эволюциялық дамуға қатысты барлық пікірін жоққа шығарды. Адамды маймылдан жаратпақ түгілі, түп тегіміздің түрін маймылға жақындатудан да қашып, бірден жаратылған болмысқа жорыдық. Сөйтіп, жоқтан бар жасап, И.Ньютон ілімін де тақтан құлаттық. Тірі клеткалардың пайда болуы жөніндегі Жан-Батист Ламарк, Луи Пастер ілімдерін шайтанның ісі деп танып, болжамды ғылымнан емес, сананы жаулаған діннен іздедік. Танымдық тұжырымның түбіне жетуге адам өмірі қысқалық етеді. Етек-жеңіңді түзіп болғанша егделік те етектен тартады.   
"...Қайғыра бермес шағыңда
Мұңың да мәнсіз екен ғой. (Найзағайды күту)" дейтін мұңсыз дәурен мен
"...Ақ бояу аз ғой дүниеде,
Оған да үлес қосайын. (Ақ самай)" дейтін қазналық шақтың арасын
...Іздей берсем табар ма ем,
Бақытты да болар ма ем, 
Әттең оған уақыт жоқ... (Бақыт қайда?)" дейтін алдамшы уақыт қана жалғап тұр.Жарқ еткен сәулесіне бөлеп, жалт етіп жоғалатын "...Балалық шағын құдай да сағынды ма екен? (Қар)" деп те қиялдаймыз". Сосын,
"...Ал, айнаға қарасам абыржимын,
Сол құрғырды кім екен ойлап тапқан?.. (Айнадағы ақ шаштар)", -деп, А.Пушкин ертегісіндегі түріне қанағаттанбай айнаны жазғырып, сындыратын кемпірді де еске аламыз. Уақыттың аралық кесіндісіне арқау болған бұл үзіктердің мазмұны да, сөзі де суретке толы. 
...Еттен өттің ғой, сүйекке жеттің ғой,
Сөзеке, сонша неғылдым?... (Сөз). 
...Үйдегі қой, мидағы ой ұрланып,
Көмілгендей көз көрмейтін ұраға... (Қазақы ұрлық). Ақын осылайша сөз бен ой құдіретін бағалап, жоғалтса қайғырады. Бірақ, ұлттың тілі аман болса - бейнелі сөзі де аман!
...Құдайдың тілі демейін тегі.
Табиғаттың өз тілісің... (Қазақ тілі). Бізді ұлт ретінде қалыптастырған тіл үшін қаншама ғасырлардың қаны төгілді. 
...Қаталап өлген 
Қара жер,
Қанымды іш те, қана бер! 
...Осы жерде зәу-затымен көмілгендей тәңірлер.
...Қаным менің қашып кетті тамырдан.... 
Тақырыбы басқа жыр жолдарын тарих тауқыметіне сәйкестірсек, қара жер қалтарысындағы қанды қасірет те, уақыт та жауап қатпайды. Бірақ, әділет пен шындық күресі жалғаса береді. 

...Шындықтың жетсең түбіне -
Түбіңе жетер ол сенің! (Бір ағаның ақылы). Бұл сөздің баламасын, яғни шындықты билік жақтырмайтындығын Ұлағаңның өзі де жасырмай айтатын еді. Мұндай сырды лауазымды орындағылар әркімге айта беруге де қорқады. Сондықтан да жыр жолындағы ойды айтқан сол "бір ағамыз" - жүрегінің түгі бар адам сияқты.
"...Сан рет күйген ауызбен
Тағы ішсем бе екен уыңды? (Отызға келдік)" - деп, ақынның да әділет күресін жалғастыратынына сенім артамыз.

Ал, шығарманың морфологиялық жағына сәл ғана аялдасақ, "Бақ ішіндегі үй", "Сарқырама" "Граматика", "Кентавр Хирон" өлеңдерінің құрылымдық сипаты назар аудартады. "Цирктегі ой", "Ажырасу" сияқты мәтіндердің ұйқасында ерекшелік бар. "Емен" өлеңінде аллитерация, "Үміт құсын үркітпе!" өлеңінде ассонанс басым. 
 Бұл мақаланың негізгі мақсаты - поэзиядағы көркем образды насхаттау. Ал, "Ынтық зар" кітабы біз ойлаған талаптан шықты деуге болады. Сөзбен салынған суретті тізіп тауысу мүмкін емес.
...Жыртығымнан сағыныш сорғалаған...(Қылтыңдаған қыз едің қылдырықтай). 
...жай түсіп жанарымнан, көк жылады... (Өткінші).
...Көзімнен тінте берді қара түнді... (Ғашықтар жүрегі).
...Арманымның маңдайынан күн өткен...
...Арман деген алыста маңырайды...(Күн, ай, жылдар, ғасырлар).

Кітаптың өн бойдағы осындай жанды суреттерді балық сүзгендей сүзе берсек, маңызды бір ғылыми жұмысқа да жүк болар еді. Өзара жақындығымыздың да бір қыры осында екенін таныдым.
Ұлағаң бізбен, яғни сол кездегі жастармен тығыз байланыста болып, Жазушылар Одағынның хатшылық қызметінде жүргенде көптеген ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Ол жүргізген мүшәйраның бірінде мен "Арай" журналының жүлдесін алдым. Сонда ол мені сахнаға "Желтоқсан құрбаны" деп шақырып, жұртты күлдірген еді. Құрбан боп өліп кетпесек те ол менің Желтоқсан арқылы қудаланғандығымды жақсы біледі. 1988 жылы өткен республикалық "Жігер" фестиваліне қатысуға мені құрылыс жұмысынан босатпай Жазушылар Одағына келдім. Бұл іспен айналысып жатқан Ұлықбек ағамызға өлеңім бірден ұнаған болуы керек, мені Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетіне алып барып, хат дайындатып, қатысу мүмкіндігін алып берді. Ол кезде Желтоқсан көтерілісі арқылы қуғындалып жүрген едім. Қара тірліктен екі күнге босанып, додаға қатысуым - мен үшін естен кетпес естелік болды. Марқұм болған Есжан Айнабеков, Бауыржан Үсенов, Қайрат Әлімбек және тағы басқа бүгін де ел таныған әріптестеріміз сол шабытты шақтарымыздың куәгері болатын. Фестивальда Талаптан Ахметжан, Талғат Кеңесбаев, Гүлнар Салықбаева лауреат атанып, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Қазыбек Иса, Бауыржан Жақып, тағы басқалармен бірге мен де іріктеулі топтан көрініп, теледидардан өлеңімді оқыдым. Бірде Ұлықбекті Роллан Сейсенбаевпен бірге кездестіріп, олар маған уақытта өзгеріс бар екендігін, оқуға қайта барып қолқалай берсем қабылдайтындығын және ақталатындығымды ақыл қып айтқан еді. Жанталасып жүріп, оқуға, комсомолға қайта қабылдануым да хикаяға татитын әңгіме болды. Желтоқсанның 25 жылдығында ҚР Прокуротурасы арқылы ақталдым. 
 Жастау кезімде Ұ.Есдәулеттің "Қара пима", "Натюморт" поэмаларын, Кейіннен "Жаратылыс (1989 жыл)", "Заман-ай...(1999 жыл)" жыр жинақтарын, басқа да мерзімді баспасөздегі шығармаларын оқыдым. Ондағы өлеңдердің көпшілігі өзіміз талдап отырған кітапқа кірмеген сияқты. "Қара пима" да, "Заман-ай..." да ұлт жүрегін егілтіп, тебіреніске бөлейтін ән, терме мәтіндеріне айналды.  Әсіресе, оқушы кезімде "Жалын" альманағына шыға қалған "Қара пима" поэмасын оқып, әулетімді бір жылатқаным бар. Өйткені, бұл туынды тілге жеңіл, ұғынықты, жалықтырмай эмоцияға өзі жетелеп отыратын жыр еді. Марқұм інім үйге біреу келсе, өзімнің әке туралы өлеңіммен қатар "Қара пиманы" да оқып беруімді өтінетін. Сол әсер көкейімде қалып, төмендегідей кейін жыр да арнағаным бар. 


  Кешіккен жігіт

    Ұ.Есдәулеттің "Қара пима"дастаны ізімен... 


Мені оятқан сөзіне Ұлықбектің
Қиды тәңір киесін жұлып көктің.
Қара пима кеткенде мен де ішінде
Көк бөрінің жаны боп ұлып кеттім.

Бейіш күндеп мезгілдің бейқам ісін,
Мұзға қатты пимасыз тойтарысым.
Менің де әкем шарлап жүр суға кетіп,
Көзіме кеп іркілген іркілген Зайсан ішін.

Тағдырым деп білсе де ел боранды
Періште арман тағы да емге оранды.
Бала аяғын тәрк еткен қыс кешігіп,
Шашына оның қырау боп енді оралды.

Оралған жоқ,
Тұр тағдыр балағаттап,
Бақсақ, бірақ, дала да, сана да аппақ.
Мұз қабақты дәуірлер мұң біткенді
Ақыретке жеткізбей алады ақтап.

Бірі шалқып, ал, бірі жылап, талып,
Мазақ болған пәниге тұрақтадық.
Кінәлі оған арақ та, адам да емес,
Тәңір де емес жататын сынаққа алып...

Дәуірлерден бұйырған жеңілсім -
Жеңіс көзі десек те елім үшін,
Тәңірді кім жаратты?
Ми жетпейді.
Ал, тәңірсіз тағдыр да - өлі мүсін!

Адам да әлсіз, ой да әлсіз, ескереміз...
Кешіктірсе тағдырдан сескенеміз.
Кеш ұғудан жаралған құбылыс та -
Біз екенін ұға алмай кеш келеміз.

Ұлықбектің сөз саптау ерекшелігі жырда ғана емес, әр қилы жиындарда жасаған баяндамаларынан да, сөйлеген сөздерінен де байқалады. Тапқырлық, көркемдік жағынан бірқатар әріптестерінен ілгері тұратындығына да куә болдық. Сондай-ақ, менің көзқарасымдағы оның мінезі де "бір беткей ме?!" деп қалдым. Кейде жағып, кейде жақпаған да шығармыз. Студент кезімдегі бір түнде Ұлықбек мені бір танысының үйіне қонаққа ертіп барды. Ол үйде бұрын республикалық айтысқа қатысып жүрген, жасы өзімен шамалас бір ақын өлең оқып, домбырамен әркімге өлең шығарып отыр екен. Шабыт қысқан Ұлағаң да қарап отырмай жыр шумақтарын жіберді. Сосын әлгі ақынмен айтысуды маған жүктеді. Оның ұйқасы, сөз саптауына қарап, қорқатын ештеңе болмағасын мен де көсілдім. Бір-екі қайырғасын Ұлықбек ағамыз араға кірісіп, менің жеңісімді дәлелдеуге тырысты. Оның қызбалығын да сонда байқадым. Бүгін де Жазушылар Одағына жетекшілік етіп, үлкен жауапкершілік мойынына ілініп отыр. Сол бір беткей мінезінен жаңылмаса Ұлағаң әлі де талай ұлттың да, әдебиеттің де тағдырына төрелік етіп, әділдікті қорғауға ат салысар деген үміттеміз.

 Аманғазы Кәріпжанәулеті, ақын, сазгер. Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының иегері. Жыр мүшәйралары, ақындар айтысы, жыраулар байқауларының жеңімпазы.
author

Ұлықбек Есдәулет

ЖУРНАЛИСТ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...