Дархан Мыңбай. Жазушы мәртебесін кім көтереді?

ӘДЕБИЕТ
1061


Ұлы мәртебелі жазушыны кеңес тұсында «адам жанының инженері» дегенін жақсы білесіздер. Кезінде өндіріс те, кісінің жан дүниесін жіліктей шағып көрсететін қаламгер де қажет еді. Бәрібір оның арғы жағында ғұламалар айтқан «Әдебиет – ұлттың жаны» деген ұғым тұр. Жанды зерделеуге қатысты абыройлы, жауапты кәсіппен айналысу кез келген пенденің қолынан келмейді. Ол үшін кемінде – табиғи талант, терең білім, қыруар еңбек, ең бастысы өмірден түйген тәжірибе мол болуы қажет. Бүгін елімізде қаламгер мен оның шығармашылығы қандай деңгейде? 

Рас, шығып жатқан кітаптың саны көп, ал сапасы көңіл көншітпейді. Жекелеген баспа өнімінің тақырыбын былай қойғанда, көркемдік-мазмұндық деңгейі де, сауаттылығы да сын көтермейді. Соның салдарынан қалың оқырман көркем әдебиеттен және жалпы кітап оқудан алыстап барады. Иә, өкінішті.

Қоғамда кәсіби сыншылардан бұрын, қасиетті қалам мен қағаздың киесінен қорқатын сезім, руханият шырақшысына деген құрмет жоғалып барады. 

Жазғыш көп, қаламгер аз. Талғамы қарабайыр, асық пен жасықты аңғармайтын оқырман әбден шатасқан халге жетті. БАҚ-та, әлеуметтік желіде сыпыра мақтау, мадақтау көп, зерделеу аз. Тұсаукесер шашетектен, тұрлаулы заманхат, замана сөзі кем.

Қалыптасқан ахуалды түзеу үшін намысты жазушының өзінен, олардың қауымдастығы мен Одағынан бастап, әлеуметтік-қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығаруға тапсырыс берушілердің, меншік түріне қарамастан баспагерлердің жауапкершілігін арттыру – маңызды іс. 

Бұл орайда жаңа талап, жаңа өлшем, жаңа шарт өмірге келуі керек. Әрине, бірінші кезекте оқырманның қалауына, тілегіне, елдік һәм ұлттық мүддеге сәйкестігіне, нарық заңына бейімділігіне басымдық берілуге тиіс. Әйтпесе, әдебиетке кездейсоқ келген көлденең көк аттылар шынайы ақын-жазушының еңбегіне, қаламгерлікке көлеңке түсіруі мүмкін. 

Жалпы қоғамда қаламгерлік қызметтің мәртебесін ақын-жазушының өзінен басқа ешкім де лайықты дәрежеде қалыптастырып, көтере алмайды. Оған аға буын өкілдерінің бірлігі, қасиеті, қағидаты, соған сай қоғамдағы абыройы дәлел бола алады.

Өткен ғасырдың басында М.Горький Илья Сургучевке: «Русьта ең жауапты және ең қиын қызмет – патшаның қызметі емес, жазушының қызметі» деген екен. 

Ал Цинь империясы тұсында мемлекеттік қызметке тек поэзияны түсінетін адамды қабылдау міндеті қойылғаны да тегін болмаса керек. Өйткені, сауатты адамдардың еңбегі кез келген уақытта, салада тілді де, рухты да дамытуда өлшеусіз орны бар. 

Сондай-ақ бүгін жазғыштар әлеуметтік желіні де жаулап, билеп-төстеп алғандай. Күндіз-түні ұйықтамайды, ойына келгенін жазып, елге ұсынады. Әрине, әрнені түрте салатындары да бар, ықпалдысы да жоқ емес. Оның үстіне қазір әлеуметтік желіні – заманауи байланыс құралы, жаңа технологиялық жетістік деп қабылдамайтындардың қарасы көп. Оны тиімді пайдаланудың артықшылығын түгел тізіп шығу да мүмкін емес. Біздің айтпағымыз – сол әлеуметтік желіге кәсіби, дарынды қаламгерлер белсене қатыспағандықтан, белең алған бейәдептілік, сауатсыздық, өсек-аяң, қауесет қоғамды тұмауратып тұр. Оның ем-домы – сауатты қаламгер мен сауатты оқырманның қолында.

Ащы да болса айтайық: «Ит жоқта шошқа үреді қораға». Айтқандайын, қазақ жеті қазына санаған иттің рөлін Нобель сыйлығын алып тұрып журналист Дм. Муратов бекер айтқан жоқ...

Білікті қаламгердің үздік жазбасы, тұжырымы оқырманға ой салары сөзсіз. Бізде «ауызы дуалы, сөзі уәлі», «ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады» деген есті сөздер бар.

Рухани әпсаналарда «әуелі үн болған» делінеді. Ал ұлт санасының, болмыс-бітімінің сапасын көтеру үшін үн мен сөз құдыреті де, іс пен сөз бірлігі де маңызды. Сонда ақын-жазушылар халық үнін билікке ғана емес, бүкіл қоғамға жеткізу арқылы бүгінгі ұрпақты ғана емес, тұтас ұлтты тәрбиелеуге үлес қоса алады. 

Әлемдік деңгейде таныла бастаған және бұйырса танылатын қаламгерлеріміз оқырманның сана-сезімін еліміздің жаңа кезеңі міндеттеріне сәйкес өзгертуге мүдделі деп санаймыз.

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...