ӨМІР ФИЛОСОФИЯСЫҚарайды көздеріңе дүние күліп,Ақыры ақиқатқа жүгінеді үміт.Махаббатты сақтайды, қорғ...
Амангелді Кеңшілік. Эстет жазушы Тәкен Әлімқұлов
Бала күнімде әкем марқұм «Тәкең эстет жазушы ғой» деп суреткер Әлімқұловтың жазу мәнеріне, оқиғаны құру шеберлігіне, зеректігіне үнемі сүйсініп отыратын. Мен ол кездері «эстет жазушы» деген сөзге аса қатты мән бермеппін. Енді қарап отырсам, ұлттық әдебиетімізде таланттар көп болғанымен, эстет жазушылар саусақпен санарлықтай ғана екен. Кез-келген шындықты жалаңаш күйінде айта салмай, символдармен жеткізетін, әдебиеттегі әдепті сақтай отырып, ақиқатты айтарда мәселені тереңнен қозғап, ақылы мен білімін шашып алмай, парасатын сақтай білетін эстеттер қандай уақытта болса да некен-саяқ. Сондай суреткерлердің бірі – Тәкен Әлімқұлов. Осы күнге дейін Тәкен жөнінде жазылған біраз жақсы дүниелерді оқыдым. Жазушының өзгелерге ұқсамайтын ерекшелігіне таң қалып, тамсанғандар аз болған жоқ. Алайда, оның эстет жазушы ретіндегі даралығын бәрінен де жақсы байқаған замандасы Әбіш Кекілбаев болды. «Тәкен таланты тапшы болмаған соң да талғампаз. Оның еңбекшілдігі – бұрқыратап көп жазатындығы емес, не жазса да көп толғап, көп тебіренетіндігі». Тәкеннің эстетикалық талантының табиғатын тамыршыдай тап басып айтқан Әбіш ағам расында да әулие ғой. Әділін айтыңызшы, таланты тапшы жазушылардың талғампаз болмайтыны өтірік пе? Шындығында да ондайлардың жатса-тұрса ойлайтыны – барымен базар қылып, қатардан қалмаудың, кеуделеп болса да ілгеріден көрінудің қамы. Ал, эстет жазушы талғампаз болады. Бүгінгінің көңілшек жазушыларындай біреуді өтірік мақтауға ол өлсе де бармайды.
Тәкен Әлімқұлов аса көрнекті жазушы ғана емес, сыншы ретінде де дара тұлға. Өз басым оның «Жұмбақ жанын» қанша оқысам да тұнығы лайланбаған бұлақтың суын ішкендей мейірім қанбайды. Мұқабасы ескірген осы кітапты жүз рет оқыған шығармын. Әр оқыған сайын бір үлкен жаңалық ашып, кесек алтын тапқандай қуанамын. Абай шығармашылығынын тереңдігін жаңаша саралау, кемеңгердің бұрын-соңды ешкім байқамаған жұмбақ әлемінің сырына жаңаша үңілу менің ойымша тап осы Тәкеннен басталғандай болып көрінеді маған. Тәкеннің «Жұмбақ жанын» оқығаннан кейін біз әулие Абайды ғана емес, осы сөздің ұлы мағынасындағы адам Абайды да тани түскендей әсер алдық. Адам деген жұмбақтың сырына бұрынғыдан да терең бойлай бастадық. Адам болып қалу үшін Абайды қайта-қайта оқу керек екеніне көңіліміз сеніп, тағы бір мәрте көзіміз жетті.