Амангелді Кеңшілікұлы. Өкініш

ӘДЕБИЕТ
1818

Шығармашылық талантын әлем мойындаған суреткер Василь Быковтың қаламынан шыққан туындыларды білмейтін оқырман жоқ шығар. Ресми билікпен келісе алмай, нақтырақ айтсақ Беларусь президенті Александр Лукашенконың саясатын ашық сынағаны үшін қудалауға ұшыраған жазушы өмірінің соңында шет елге кетіп, бас сауғалауға мәжбүр болды. Эмиграцияда жүрген ұлы қаламгер Финляндияға, сосын Германияға, ең ақырында Чехияға қоныс аударды. 

Қатты сырқаттанған Василь Быков 2003 жылы 80 жасқа қараған шағында Отанына оралып, ел ішінде көз жұмды. «Шет елде өмір сүрген жақсы болғанымен, өз Отаныңда өлген дұрыс» деген екен марқұм дүние саларының алдында. 

Белорусь халқы ұлы жазушысын соңғы сапарға шығарып салып жатыр. 2003 жыл 23 маусым

«Таңға дейінгі жанталас», «Сотников», «Үшінші ракета» т.б. повестер әлем әдебиетіндегі соғыс тақырыбына жазылған ең үздік туындылар болып саналады. Совет заманында жазушының таланты жоғары бағаланып, әдебиет саласындағы Лениндік сыйлықты иеленген жалғыз беларусь жазушысы – тап осы Василь Быков болды. 

Қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нүрпейісов бір әңгімелескенімде тоқсаныншы жылдардың аяғында Германияда болғанында жазушы досын іздеп барғаны жайлы айтып берген еді. Беларусьтің ұлы жазушысы Германиядағы бір шағын деревняда бір неміс отбасының қуықтай ғана бөлмесін жалға алып, өмір сүріп жатыр екен. 

Әңгіме барысында Быков Беларусь президентінің өте кекшіл адам екенін Әбеңе сөз қылып, жасы толмағанына қарамастан әскерде қызмет етіп жүрген ұлын зейнетке шығарып жібергенін тілге тиек етіпті. Материалдық жағдайының өте ауыр екенін көзімен көрген Әбең жазушы досына: 

– Соңғы жазған дүниең болса сен маған бер. Журналға шығарып, дұрыс қаламақы қойып берейін, – деген ұсыныс жасапты. Қуана-қуана келіскен Быков соңғы жылдары жазған «Батпақ» деген повесін Нүрпейісовтың қолына ұстатып жіберіпті. Қазақстанға келе салысымен Әбең бұл повесті «Таңшолпан» журналына жариялап, жазушыға бір мың доллар көлемінде қаламақы қойыпты. Біраз уақыт өткеннен кейін Быков телефон шалып, журналға ұсынған хикаясының жағдайын сұрапты. Мән-жайды түсіндірген жазушы:

– Василь шығармаңды журналға бастық. Басылымға жариялап қана қоймай, бір мың доллар көлемінде қаламақы да қойдым, – дегенде Быковтың қуанышы қойнына сыймай, сол қаламақының қатты керек болып тұрғанын айтып, мүмкіндік болса тезірек салып жіберуін өтініпті. Есепшотын алған Әбең сол күні ақ Быковқа тиесілі қаламақасын салып жіберіпті. 

– Бірнеше жылдан кейін Быков дүние салды. Сол кезде мен неге Быковқа көбірек ақша салып жібермедім деп қатты өкіндім. Әрине, мың доллар ол кезде қыруар қаражат. Бірақ, елдегі бизнесмендердің біреуінен жағдайды түсіндіріп сұрап алсам да бес мың доллардай жіберуім керек еді, – дейді Әбең болған оқиғаны өкінішпен есіне алып. 

Айтпақшы, Быков қайтыс болғанда шет елдік журналистердің біреуі Беларусь президенті Александр Лукашенкодан:

– Сіз, неге Василь Быковты соншалықты жек көрдіңіз, – деп сұраған екен. Сонда Лукашенко:

– Мен оны жек көрген емеспін. Ол менің ең сүйікті ақыным. Бала кезімнен мен Быковтың өлеңдерін басыма жастанып оқыдым, – деп жауап беріпті. 

Ұлы жазушы Василь Быков еш уақытта өлең жазған емес. 

Мәдениет порталы

author

Амангелді Кеңшілікұлы

СЫНШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...