Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының Семей филиалы...
Арайлы Жақсылық. Лараның күнделігі
***
тым асқақ, энергияға бай, өр, ерке, айтқанынан қайтпайтын, жаны әмір етуді, бұйрық беруді сүйетін, ешкімнің айтқанымен жүрмейтін, кез келген жағдайда ең әуелі өзгемен емес өзімен кеңесетін, ешкімнің өз тарапына айтылған сынын қабылдамайтын, жастайынан махаббатқа бөленіп өскен, тірліктен таршылық көрмеген, даналық пен тәрбиенің де мың парасын бойына сіңіріп өскен ол қыздың мұңы не?⠀
оның мұңы - бәрінің мұңы. бұл әсіре сөз емес еді. бұл өз санасында оның кемшілігі іспеттес. ол жер бетіндегі мейірімсіздіктен болатын жауыздықтың бәріне өзін жауапты яки кінәлі санайды. біреудің мұңын өн бойынан өткізіп, сезіне алмайтынына налиды. әлемге оның көзімен қарай алмайтынына шағымданады. "егер мен болмағанда бұлай болмас еді" деген ой ел кешкен аласапыран сайын миында қылаң береді. ми қайнатар ыстықта жалғыз аяқ жолдың бойында иттің шыбын үймелеген өлексесін көріп жылаған кезі болған. ол оған да өзін кінәлі сезінген. адам біткенді өзегінен тістелеп, іштей азаптаған дерттен құтара алсам дейтін.
"құтқара алсам бәрін құтқарайыншы" дейтін. өліні де, тіріне де. қажетті де. қажетсізді де. және үлгере алмаудан үрейленетін.
соңында оны ешкім, ешкім оны ұқпай өртеніп кеткісі келетін.
2014, 29 қаңтар
***
сен екеуміз...
қоғам таңып берген ессіз ережелердің құрбаны. сен мінсіз өмір үшін, мен өртеніп кетер сезім үшін.⠀
күрескіміз келеді. сен екеуміз екі түрлі ғаламда екі басқа құндылықтармен кешеміз ғұмырды. ...бірақ сен ол күресті "күрес" демейсің. сен үшін ол "өмірдің өзі".
сен ғұмырыңның менің қарашығымда қамалғанымен ісің жоқ. сен менің бар екенімнен де бейхабарсың.
сен үшін тірліктегі тұрлаусыз сәттер санаңдағы тұман сынды. ал мен әр сәт үшін қарусыз майданда оққа ұшам. мен өз жүрегіме жасалған сатқындықтан ар алдында ақтала алмай ой кешем.
мен кеудемдегі тіршіліктің айғағын аялай алмай қалудан қорқып, үрей үстінде үмітімнен ажырадым.
сен түк те білмейсің...
сен соғарға дәрмені қалмаған жүрек иесінің жәудіреген қарашығына қарап тұрып, өз жүрегіңнің барына күмән келтіретін шығарсың... мен осыған сенгім келеді.
2015, 5 ақпан
***
осы сәттің шындығы осы. жапалақтап жауған қар. ал менің шындығым мына жексұрын қала мен ол. менің ауыр әрі сүйкімсіз, шым-шытырық және сондай беймаза шындығым. түн сайын осы шындықты жүрегімде әлдилеп, әлпештеп бесік жырын айтып жатып көз ілемін.
шырт ұйқыда жатқанда іші-бауырымды біз тескендей ауырсынудан алқынып оянамын. қараңғыда ауа қармап, қолымды демейтін зат таппай, ағаш керуеттен құлаған күндерім болды. тізем көгеріп қалатын. ақиқатымнан жеген таяғым деп күрсіне күлетінмін.
"менің драмам, қандай сұлу едің?!" деймін сосын айнаға қарап. өзің де сұлу. драмаң да мінсіз... ал шындығың сондай сұрқай. саған мұның бәріне төзіп берер қайрат берген құдайдың кеңдігіне енді не деп тіл тигізер екенсің...
қарды да, қысты да жек көремін...
2016, 9 ақпан
***
Бүгін көптен бері жауын алғаш жауды. Сағыныш аңқыған жауынның жұпарынан ләззат аламын деп едім. Үйдің шатыры жабылмаған екен. Пәтерді су алып кетті. Күні ұзаққа сонымен алыстым.
БИ2-ның әндері ғана үзілейін деп тұрған жанымды сақтап тұр.⠀
Кейде сұрағым келеді... жат біреуден:
«Сен жылына неше рет өлгің келеді?⠀
Тәулігіне неше рет «әсілінде менің мынау сұлу тәнім мен келбетім тозаңға айналып кетеді ғой» деген ойдан зәрең ұшады?
Аптасына қанша рет өзіңнің жаттанды әрекеттеріңнің нәтижесі саған тұрақты жалақы мен қажетсіз абырой ғана алып келетінін ойлап деміңді тереңінен жұтасың?
Сағатына қанша рет өзіңнің өзің екеніне күмән келтіресің?
Күніне неше мәрте өзіңнің ең тамаша нұсқаңа емес өзге біреу болуға талпынып жүргеніңді әшкерелеп, ішкі тежегішіңді басасың?
Кейде өзіңнің әуел бастағы ішкі құндылықтарыңның өзгеріп кеткенін түсініп, құрдымға кетіп бара жатқаныңнан шошисың ба?⠀
Орнынан үнсіз қозғалып, қалқып бара жатқан ақша бұлттарға қарап, өзіңнің де сол бұлттармен сырғып бара жатқаныңды сезінесің бе?» деп...
Осы сауалдың бәрі маған дәл бүгін, бір мезетте, еден жуып жүргенде қойылды. Көзім қарауытқан күйі су кілемге құлағанымды шынтағым еденге тиіп, тарс еткен дыбыс шыққанда түсіндім.
Жарты сағат уақытымды «сезімсіз, үмітсіз, армансыз, іште өлген нәзіктіктің өлексесін қабырғамның астына жасырып» ғұмыр кешіп жүргенімді түсінуге жұмсадым.
Миындағы мың құбылған диалогтардың ақырғы нүктесін таба алмай таң атырып, кеш батырып жүрген адамнан ессіз адам жоқ шығар.
2016, 21 тамыз
***
кеудемдегі іңгәлаған сәби жүректің үні саған жетсе, құдайдың әміріне де құдіретіне де құлдық ұрып өтер едім...
2016, 13 қараша
***
...мен мекен-тұрағымды өзгерткенде бұл хаттар өздеріне лайықты күн тимейтін, шаң баспайтын жайлы орынын табады.
тәнін тірліктің тозаңы мен зәлім қоғамның зілі басқан сенің жалқы жүрегіңді немен емдейтінімді білмеймін. әйтеуір барың медет.
сен ешқашан менің жанарыма қарап, көзден де тұңғиық жүрек төңірегінде нендей арпалыс болып жататынын болжай алмайсың. қою түнде көше бойындағы шамның әлсіз жарығы түсетін тереземнің алдында отырып сенімен бірге ешқашан вальс билемейтін композициялардың ырғағына елітіп отыратынымды да көзіңе елесте алмайсың. ал мен сондай сәттерде тым сұлуланып кететінімді білемін. еңсемді басқан ескі қаланың көзге соншалықты таныс саябақтарында сүйікті түймедақтарымды қолыңа қысып, жұмыстан шаршап шыққан мені ешқашан күтіп алмайсың. сәуірдің бүгінгідей жауынды күнінде суыққа шыдамсыздығымды ескеріп, қолшатыр ұсынбайсың. аспаны шайдай ашық жаздың жайбарақат түнінде менімен бірге көктен жетіқарақшыны іздемейсің. "әне қарашы, жетіқарақшы" деп әндетпейсің де...
ең қасіреттісі топ ішінде таптаурын ойлардың жемтігіне айналған жадымды жадау көңілімнің жатырқауынан құтқармайсың.⠀
сен де сол "бәрі" сияқтысың.
сөйте тұра саған неге хат жазудан жалықпайтынымды түсінсемші...
2018, 6 ақпан
***
мына біздер...
иә, сен және мен!
қаптаған белгісіздіктер қақпанындағы бейшара міскіндерміз
сен ертеңіңнен бейхабарсың
мен "сенімен" деп қиялда құрған жоспарымның уақыттан ұтылып, жылдардың жемтігіне айналғанынан бейхабар мүсәпір жанмын
сен жалғыздығыңа өзіңді кінәлайсың
мен әсіре сезімтал жүрегімді кеудемдегі
айтшы
кейде ақыл қолбайлау ғой?!
ақымақтық жасашы
2018, 18 мамыр
***
ұмытылған, ұмыт болған өзіңмен қауышар сәт туғанда айналаңдағы елестер күннің ерек қуатымен жойыла бастайды. олардың өз уағында бар болғаны да жаныңды жараламайтын болады. сен көктен келген қуаттан күш алып, күңіреністеріңнің бәрін топыраққа көміп тастайсың. көмесің де еңсеңді тік ұстап адамдар арасындағы арпалыс өмірді арыстанша алысып сүресің. сен сондайсың. сен азулысың һәм өрсің. сөйте тұра нәзіксің әрі адалсың. риясызсың. сенің бар кінәң да сол. көзге көрінер көрінбес тозаң емес, адам боп жаралғаның...
2018, 24 шілде
***
таңертең ұйқыдан шошып оянамын. терезеден түскен болар болмас жарыққа қарап отырып, "жиналу керек" деп ойланамын. ойша киімдерімді, қағаз қаламымды, блокноттарым мен альбомымды, естелік дүниелерімді чемоданға салып жүріп, жуынамын. әрленіп, сәнденіп болғасын аялдамаға қарай бағыт алып, автобусқа мінемін. ол даңғыл бойымен жүйіткіп келе жатады да вокзалға емес, менің жұмысыма қарай бұрылады.
бұл менің өмірімдегі ең аянышты сәттердің бірі. және бұл сәт күн сайын қайталанады. үздіксіз. жеті жыл бойы.
2019, 19 сәуір
***
менің үйіме таңертеңгі күннің шуағы түседі. терезе шығыс беткейде орналасқан. ал батар күннің сәулесіне шомылу маған мұң. кейде өмірімнің мәнсіздігі, кешіп жүрген дәуренімнің дәрменсіздікке толы болуының баааар себебі осы - батар күннің шуағынан мақрұм қалуым сияқтанады да тұрады.
2019, 20 мамыр
***
аяқ жетер жердегі сүйеніштен тайып кеттім. бар салмағыммен суға құладым. қолымнан ештеңе келмейді. дәрменсізбін. қармана бердім. онымнан түк шықпады. аяғымның астында ештеңе жоқ. қара жер қайда құрыған?! бір кезде қолымнан да әл кетті. жүрегімнің дүрсілі тына берді. дем жетпейді. бәрі бітті. жоғарыға ұмтылуға азғантай ғана әл керек. ол сарқылды. үміт үзіліп, жанарым жұмылған мезетте белгісіз күш қос білегімнен жұлқылап көкке көтерді. ауа. адамдар. жарық. терең тыныс. мені құтқарды. сәт. өмірге қайта келдім.
сол өмірдің сүйкімі кеткен шақтарда қай ажарыма қарап сүйсінемін?!
2019, 12 маусым
***
Күн сайын жұмыстан қайтып бара жатып, мардымсыз, тынымсыз тіршілігімізде ешқандай сұлулық жоғына налимын. Әуелде сұлулыққа балаған дүниелеріміз сондай сұрқай түске боялып кеткен. Әдемілікті көрер көзіміздің нұры жұтаң жылтыраққа шағылысып сәулесіз қалған.
Үмітке толы жанарыңмен жаяулар жүретін жолға қарайсың. Ерсілі-қарсылы жылжып жатқан адамдардың жүздеріне үңіліп, мәнсіз күнге мағына үстегің келеді. Қарсы алдыңнан ұртына кәмпит салған, қолында үрмелі шары бар бала жүгіріп шығады. Ессіздік. Сәби шақ. Алаңсыз дәурен.⠀
Қоғам мен тағдырдың таңып берген мыңдаған рөлі бар. Бойжеткен, оң жақтағы қыз. Перзент. Бауыр. Әріптес. Құрбы. Әр рөлде жүріп лайықты әрекет жасауға тиіссің. Мүлт кетсең, мүжіле бересің. Рөлдерді шебер сомдаймын деп жүріп, өзегіңнен ажырамауға ұмтыласың. Ол жолда жоғарыдағылардың денін құрбан қыласың. Қақ жарылғың келетін сәттерде шексіздікке іңкәр жаныңды тән бұғауынан босатқың келеді. Бәр сәтке. Бірақ сен ондай құдіретке ие емессің...
2020, 1 желтоқсан
***
Түн ауған шақта он екі мүшесі сау адам не ойлап күрсінуі мүмкін? Өзінің әбден жауыр болған қоғамының қол баласы бола алмаған жамау жүрегін қорғаудан басқа шарасы қалмаған кішкентай адамға ғалам қандай ақыл айтуы мүмкін?...
2020, 14 қыркүйек
***
сағат түнгі екіден кетті. күндізгі уақытымды мардымсыз майда тірліктерге құрттым. түннің ауғанын күттім. осы эйфорияны іздедім. күні ұзаққа үйден шықпай, жүзімді терезеден түскен күнге тосып, күрсінген күндерімді ұмытып, дүниенің бар зұлымдығы қабырғаның ар жағында қалғанына қуанып, іштегі өзімнің сәніме сүйсіндім.
терезенің арғы бетіндегі сүреңсіздік пен терезенің бергі бетіндегі сұлулыққа ортақ жалғыз өлшем бар еді. ол - мезгіл болатын. яки уақыт.
"уақыт сырғып барады, жастық өтіп барады" деп налушылар мен ғұмырының әдемі сәттерінен көркем пазл құруды жанының рахатына балағандарға да ортақ бір дүние бар. үміт деген дүние.
осы бір үздігулерді ойға тізіп тұрғанда өзімнің әлденені тосып, зарығып, күткенім ғұмырлы болмаса жадымды ностальгиялық естеліктермен алдап күн кешкім келмейтінін ұғына түстім.
мен уақыт болғым келді! мен бақыт болғым келді! мен махаббат болғым келді! мен сезім болғым келді! мен ғажайып болғым келді! мен теңіз болғым келді!
көкірегіне қу құлқынының қалауын матап ұстаған адам өзіне мидан да ертерек қызмет ете бастаған жүрегінің дүрсіліне келгенде саңырау бола салады. солай жеңілірек. солай оңайырақ.
өзіңіздің неден қашып жүргеніңізді білесіз бе?
өзіңізден басқа ешкімнен қашып жүрген жоқсыз.⠀
ал сіз екеумізде бір ғана уақыт өлшемі бар. ол өлгіміз келген сәттерден тысқары шақтар. біздің бақытты екенімізді сезінуге сеп болған миллисекундтар. осы миллисекундтар үшін әрі қарай да өлім туралы аяулы ойларыммен қалғып ғұмыр кешкім келеді.
2021, 12 қазан
Арайлы Жақсылық
ақын