Токио Олимпиадасын қазақстандық жанкүйерлер Хабар телеарнасынан тікелей эфирде көре алады. Бұл турал...
Амангелді Кеңшілікұлы. Жазушының ұлы жеңіске жетті
3919
Қош! Сонымен Президенттік сайлау науқаны да мәресіне жетіп қалды. Бақылаушылар бұл жолғы Елбасының қатысуынсыз болған дүбірлі доданың жоғары деңгейде және әділ өткенін айтып отыр. Жаңа ғана шыққан exit poll мәліметі бойынша, бүгінгі өткен шараға сайлаушылардың 77%, яғни 9 200 000 астам адам қатысып, «Nur Otan» партиясының атынан түскен кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 70,13 % дауыс жинаған. Әрине, сайлаудың толық қорытындысы ертең шығады. Сарапшылардың айтуынша, exit poll мәліметінің дүйсенбіде шығатын сайлаудың толық қорытындысынан аса үлкен айырмашылығы бола қоймайды. Сондықтан да Елбасы ұсынған үміткердің жеңіске жеткенін кәміл сеніммен айта аламыз. Бұл біздің халқымыздың - ортақ жеңісі! Осыған орай, ең алдымен бір айға созылған саяси іс-шарада «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары М.Әшімбаев басшылық еткен Қ.Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының үгіт-насихат жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастырғанын айрықша атап өткен ләзім. Құрамында халқымызға танымал тұлғалар болған штаб мүшелері еліміздің барлық өңірлерін аралап шығып, өз үміткерлерінің сайлауалды бағдарламасын жұртқа жақсы түсіндіре алды. Үміт пен күдікке толы болған отыз күн ішінде штаб мүшелері өз кандидатының ішкі және сыртқы саясатты терең білетін дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері ретіндегі қасиеттеріне ғана емес, сонымен бірге әдебиетті, өнер мән мәдениетті сүйетін зиялы, қарапайым халықтың мұң-мұқтажымен етене таныс адам ретіндегі азаматтық тұлғасын ашуға баса назар аударып, дәл осы лауазымы жоғары қызметке Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтан артық лайықты тұлғаның жоқ екеніне елді сендірді. Зиялы отбасыдан шыққан, ел жақсы көретін белгілі жазушының баласы болуы да «Nur Otan» партиясының атынан түскен кандидатқа деген халық құрметінің арта түсуіне зор септігін тигізгенін жоққа шығара алмаймыз. Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары үлкен дау-дамай туғызып келген мәселенің нүктесін қойып, келешекте ең алдымен қазақ тіліне, одан кейін ғана орыс және ағылшын тілдерін үйренуге басымдылық берілетінін қадап айтып, ұлттың жанына жағатын мәлімдеме жасады. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы қызметіне кіріскен Тоқаевтың ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойының әлемдік деңгейде аталып өтуіне айрықша назар аударуы, оның ел ішіндегі беделін өсіре түсті. «Малым – жанымның, жаным-арымның садағасы» деп өскен қазақпыз, ғой. Бәріміз де бұл жаңалыққа қатты қуанып қалдық. Тізе берсек көп, Бір сөзбен айтқанда, Президентікке кандидат Тоқаев батыл қадамдар жасап, елдің көңілінде жүрген көп нәрсеге бастамашы болды. Сондықтан да бүгінгі өткен Президент сайлауында мен өз дауысымды Қасым-Жомарт Тоқаевқа бергенімді жасырмаймын. Мен ол кісіні ширек ғасырдан астам уақыттан бері жақсы білемін. Маған оның азаматтығы, кісілігі мен қарапайымдылығы, әдебиет, өнер және мәдениет адамдарын ерекше құрметтейтін зиялылығы ұнайды. Әуелі мен оның әкесі белгілі жазушы, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаған Кемел Тоқаевтың шығармаларымен таныстым. Екінші сыныпқа көшкен жылы теміржолдан шеткері орналасқан «Шилі» ауылындағы мектепте оқып жүрген кезімде Кемел ағамыздың «Сарғабанда болған оқиға» деп аталатын туындысымен танысып, ол шығарма маған ерекше әсер етті. Менің әкем ақын Кеңшілік Мырзабеков тіршілікте Кемел Тоқаевпен жақсы араласты. Марқұм өте қарапайым, адамгершілігі мол, ішкі мәдениеті жоғары азамат болды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» деп аталатын кітабында мынандай жолдар бар: «Кемел Тоқаев өздерінен кейінгі жас буын жазушылардың шығармашылығына да үлкен мән беріп, сәтті шыққан еңбектеріне шынайы қуанатын. Бәзбіреулер секілді ондайда қызғаныш білдіру, кітапты авторымен қосып жамандау дегенің әкейдің қолынан келмейтін іс. Арманына жете алмай, өмірден ерте озған талантты ақын Кеңшілік Мырзабековке арнайы тоқталғым келеді. Ол Жазушылар одағында істеп жүргенде әкеме өте жақын болды. К.Тоқаевтың жеке мұрағатында екеуінің іссапарлар кезінде бірге түскен суреттері сақталыпты». (Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әке туралы ой-толғау» атты кітабынан) Бұқар бабамыздың «Жаманнан жақсы туса да, жақсыдан жаман туса да, Күндердің бір күнінде тартпай қоймас негізге» деген қанатты сөзі бар. Зиялының шаңырағында туған жазушының баласы, тектінің тұяғы болғандықтан мен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың келешекте еліміздің жақсы басшысы болатынына кәміл сенемін... 2006 жылы Алматыда әкемнің шығармашылық кеші өтті. Сол кезде ҚР Сыртқы істер министрі қызметін атқарған Қасым-Жомарт Кемелұлы әкемнің алпыс жылдық мерейтойына орай құттықтау жіберіп, көңілімізді марқайтып тастады. Шынымды айтсам, мен ол кісіден дәл ондай құрметті күтпеген едім. Басқа саланың адамы болғандықтан мен Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгінгі әдеби дүниелерді оқымайтын шығар деп ойлайтынмын. Бірақ, қателесіппін. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Жас Алаш» газетінде менің бір үлкен мақалам шыққанда, ол кісі сондағы айтылған ащы шындықтарға ризашылығын білдіріп, әкесінің кітаптарын сыйлағанда, ол ойымның қате екенін түсіндім. Былтыр елорданың төрінде менің шығармашылық кешім өтті. Ол кездері Сенат төрағасы қызметін атқарып отырған Қасым-Жомарт Кемелұлы кешіме келе алмағанымен, маған арнайы құттықтауын жіберді. Қолтаңбасын қалдырып, кітабын сыйлады. Осының бәрін мен текті әкеден туған ұлдың азаматтығы ретінде қабылдаймын. Сондықтан да бүгін ҚР Президенттігіне үміткер болған әкемнің замандасы жазушы Кемел ағамыздың ұлы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеңіске жеткеніне шын жүректен қуанғанымды жасыра алмаймын.