Астанада белгілі кәсіпкер, танымал кондитердік желінің негізін қалаушы Дана Қанапина қайтыс болды, д...
Елордада Елбасының сүйікті және авторлық әндері шырқалуда
Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Көңілдің асыл пернесі: Н.Ә.Назарбаевтың ән шығармашылығы» республикалық шығармашылық байқауының қалалық іріктеуі кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға елордадағы 80 білім беру ұйымының 140-қа жуық оқушысы қатысуда. Жас орындаушылар 12 жастан 14 жасқа дейінгі және 15 жастан 17 жасқа дейінгі екі жас категориясында өнер көрсетеді. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Бабамнан қалған кең дала», «Біздің Президентіміздің сүйікті әндері толқынында» және «Домбырада орындалатын әндер» сияқты үш аталымда анықталады.
Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, бұл конкурстың негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының ән-күй шығармашылығын зерттеу және танымал ету.
«Біз жас ұрпақтың Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің рөліне қатысты көзқарасын оның сүйікті әрі авторлық әндері арқылы қалыптастырғымыз келеді. Өйткені авторлық және сүйікті әндері адамның Отанға, халыққа, елдің тарихына және салт-дәстүрлеріне деген рухани ұмтылысын дәріптейді.
Бұған қоса, биыл Қазақстанда Ұлттық Домбыра күні белгіленген болатын. Осыған орай «Домбырада ән орындау» номинациясы енгізілді. Бұл – қазақтың халық әндері, Біржан сала, Естай, Ақан сері әні, яғни ең бай мұра », – дейді Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті кітапханасының ғылыми қызметкері Саягүл Жақыпова.
Еске сала кетейік, 24 қарашада «Көңілдің асыл пернесі: Н.Ә.Назарбаевтың ән шығармашылығы» республикалық шығармашылық байқауы өтеді. Оған еліміздің барлық өңірлерінен 60-тан аса жас орындаушы қатысады деп күтілуде.
Байқауды ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры және М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайы.