Әмірхан Балқыбек. Қасқыр Құдай болған кез

ӘДЕБИЕТ
6182

Тiлiм бертiнге дейiн, жасым төрт-беске келгенше шықпай жүрiптi. Секпiл бет немересiне пейiлi ынты-шынтысымен құлаған қасиетiңнен айналайын сары атам сонда ырымдап итаяқтан су iшкiзген көрiнедi. Балалық шақтың осы бiр әсерлi сәтi кейiн өлеңге айналған:
Жұтаңдаумын, демен бiрақ жарлымын,
Баба ырымы, әлегi емес жарғының.
Қызыл тiлдi сөзге иiлту үшiн де,
Итаяқтан суды да iшкен бар күнiм.

Итаяқтан суды да iшкем, сөкпегiн,
Айыптарға өзге күнәм көп менiң.
Ырзығымды табам қазiр еңбекпен,
Тiлдi бiрақ иемдендiм теп-тегiн.

Итаяқтан суды да iшкен бар шағым,
Кез емес-тi ол көңiл күптi, арса мұң.
Сен шаршадың сәндi қуып, мен байғұс,
Баба-ырымға баға таппай шаршадым.

Итаяқтан суды да iшкем, Бабаның
ырымына мiнезi жат қаланың
көшесiнде көп - көрiктi қызбен де,
Қызып кетсем ырылдасып қаламын.

Осы болды-ау замананың өлеңi,
Көп болған соң көр сезiмi, көбеңi.
Исi тiлге илiкпеген жандарға,
Итаяқпен тамақ бергiм келедi,
Құдай сақтасын.
Жырлауға өзге тақырып таппағандай, ақынның балалық шағында итаяқтан су iшкендiгiн өлең қылып жатуы бүгiнгi күн ойсарасымен қарағанда күлкiлi көрiнуi мүмкiн, бiрақ жан-дүниесi, жүрiс-тұрысы ырым мен нанымнан тұратын бағзы көшпелi үшiн бұл ешқандай да бүйректен сирақ шығарар оғаш қылық емес-тi. Маған, бүгiнгi қалалыққа, тiл қадiрi, сөз киесiне жарық дүниеде дәл көшпелi түркiлердей жауапкершiлiкпен қараған халық арғы-бергi тарихта болмағандай сезiледi.
Жауымен бетпе-бет шайқаста р-ға, қаһарлы ырылға тiлi келген жан, санасы ояу болса, оңаша отырып сөз қадiрiн де, таным бастауында жатқан таңба төркiнiн де зерделеп түсiне алмақ. ХХ ғасырдың екiншi жартысында сүйiктi немересiне ырымдап итаяқтан су iшкiзген сары шал осыдан үш жарым мың жылдай уақыт бұрын пайда болған көшпелiлер дүниетанымының жазылмаған, қағаз бетiне түспеген қағидасы бойынша әрекет жасап жатқандығын түйсiндi ме екен? Қайдам. Бiрақ шал әрекетiнiң астарында кiм-көрiнгенге сырын алдыра бермейтiн құпия далалық даналықтың ұшқыны жатқандығына ешкiм де күмәндана алмайды. Бiздiң мiндет, мiне, осы, ұрпақтар санасында сәулесiнiң өзi емес, көлеңкесi ғана анда-санда елес берiп өтетiндей дәрежеге дейiн құлдыраған сол бағзы да жаңа тектi далалық даналықтың қайсыбiр тұстарын қайта қалпына келтiруге әрекет жасауға талпынып көру болмақ.
Алғашқы әңгiмемiздi қазақта киелi жетi қазынаның қатарына жататын, жоғарыда өзiмiз өлеңге кейiпкер еткен ит мақұлығымен тамыры бiр табиғаттың төл перзентi бөрiден, дәлiрек айтқанда, бүкiл түркiге ортақ қасқыр мифi мен тотемiнен бастасақ деп отырмыз.

Аллегория ма? Ақиқат па?


Тосын пiкiр сынға ұшырайды. Тiптi жазаға тартылуы да мүмкiн. Бұл сөзiмiзге сiресiп қатып қалған дiн дог¬ма¬ларына қиғаш келетiн жаңалықтары үшiн түнектi орта ғасырларда отқа өртелген, шiркеуден аласталған Джордано Бруно немесе Галилео Галилейлердiң ащы тағдырлары әбден дәлел. Бiрақ олар араға бiрнеше ғасырлар салып ба¬рып болса да жеңiп шықты. Шiркеу, дiн өздерiнiң жеңiл¬ген¬дiгiн мойындады. Жалпақ жұрттан кещелiктерi үшiн кешiрiм сұрады. Ал сол орта ғасырларда ақиқатты iздеп аласұрған ғалымдарын соңына шырақ алып түсiп қудалаған Шығыс әлi күнге өз қателiгiнiң кесi¬рiнен оңала алмай келедi. Мұхаммед ғалайссаламның «Тiптi Қытайда болса да бiлiм алуға ұмтылыңдар, неге дегенде, бiлiм алуға әрекеттену - әрбiр мұсылманның парызы» деген әйгiлi хадисiн аяқ асты еткен ислам әлемi болса Батыс өркениетi тепкiсiнiң астында.
Мiне, сенiң айтпақ пiкiрiң де осындай қалыпты түсiнiктiң «басын жарып, көзiн шығарардай сипатта». Ол жаңалығың «Түркiлiк қасқыр тотемi мен жебiрей жалғыз құдайының түбi бiр» деген тұжырыммен түйiнделедi. Иә, мұндай жаңалығыңа сарабдал, салиқалы пiкiрлер естiмек түгiлi, өз жеке басың мен есiңнiң дұрыс-бұрыстығы нәгүман болары анық. Жұрт сенi бiр ауыз сөзбен «ауыш» деп атайтын болады. Бәлкiм, күлетiн де болар. Мейлi, күле берсiн. Ал сен өз жаңалығыңның ақиқат екендiгiне кәмiл сенесiң. Сенбегенде!..
Түркi халқы өзiн Қасқыр-анадан таратады. Бiрақ ол оны ешқашан, Құдай яки, Тәңiрi дәрежесiне көтермеген-дi. Түркiлер өзiнiң қаншық қасқыр мен шалажансар баланың некесiнен тарағандығын, бар бол¬ғандығы, құдiретi шексiз Жаратқанның бiр кереметi деп қана түсiнетiн.
Көне Мысыр сенiмдерi мен кейiнгi үндi-иран және семит дiндерiнiң бастауында тұрған әрi жер бетiндегi ең алғашқы монотеистiк дiн саналуға тиiс тәңiршiлдiк неге қасқыр тотемiнiң тасасында қалып қоймады? Түркiде неге алдымен Тәңiрi, содан кейiн ғана барып қасқыр ауызға алынып келдi? Бұл сауалдарға тәңiршiлдiктiң тамыры тереңде жатқан сан мың жылдық терең тарихы барлығымен ғана жауап беруге болады. Рас, арамызда Тәңiрi мен тотемдi өзара шатастырып, бағзы түркi бiткендi пұтқа табынушы қылып шығарғысы келетiндер де бар. Бабаларын ақымақ санау, аңыз өзегiнен ақиқат бо묬¬-мы¬¬сын тани алмау бiлiмсiз ұрпақты осылай адастырады. Мәселе мұндай жалған пiрәдарлардың қасқыр мифi мен тотемi қай кез, қандай уақыттар аралығында пайда болғандығын бiлмейтiндiктерiнде. Әрине, бiлмеген у iшедi. Бiздiңше, қасқыр мифi көшпелiлер Тәңiрiсi Қосөзен аралығы мен қасиеттi Нiл жағалауында көне Мысыр мен байырғы семит халықтарының көзiн ашқаннан көп кейiн, жебiрейдiң жалғыз құдайымен (Иегова) бiр мезгiлде, иә-иә, дәл бiр мез¬гiлде дүниеге келген-дi. Мұнымыз құр жалаң қызыл сөз болмас үшiн, осы арада ендi түркi қасқыр мифiнiң өзiн бiршама сөйлетiп алайық.
Көнеден жеткен аңыз бойынша көршiлес жау тайпа бiр ұлыс елдi тұтқиылдан шауып, қырып тастапты-мыс. Қырғынға ұшырап, қынадай қырылған елден еркек кiндiктiде жалғыз ғана ұл қалған көрiнедi. Құдайдың кереметiмен, сол ұлды қаншық қасқыр тауып алып, асырап, жетiлдiредi. Кейiнiрек, бала ержеткенде, екеуiнiң өзара жақындасуынан сайдың тасындай он бала дүниеге келедi. Сол балалардың бiрi Ашина Түркi, яғни, Қасқыр түркi атанып, бүгiнгi түркi халықтарының негiзiн қалапты. Аңыз түбiрiнде қандай нақ¬ты тарихи оқиға жатқандығын бүгiнгi күнi, арада жатқан ондаған ғасырлардан кейiн тап басып айту қиынның қиыны-ақ. Дегенмен әрекеттенiп көруге болады. Ол үшiн өзiмiзге белгiлi аңызды төрт тарау немесе үзiкке бөлiп қарастырған қолайлы. Бiрiншi үзiгi - қырғынға ұшыраған халық. Екiншi үзiк - баланы асырап алған қаншық қасқыр. Үшiншi үзiк - қаншық қасқыр мен кейiн ержеткен баланың некесiнен дүниеге келген нәрестелер болса, төртiншiсi - сол нәрестелердiң бiрiнен тараған ашина түркiлерi. Бүгiнгi адам ой-қиялы бiз тараушаларға бөлген аңыздың алғашқы және соңғы үзiктерiн ғана шындық ретiнде қабылдай алады. Ал екiншi, үшiншi үзiктер нақты ғылымдар тарапынан қатал сынға ұшырамақ. «Жарайды, жалғыз қалған ба¬ланы қаншық қасқыр асырап-ақ алсын, өмiрде мұндай оқиғалар бар, бiрақ адам баласы мен ұрғашы қасқырдың жақындасуы, дүниеге ұрпақ әкелуi, бұл дегенiң ендi...» дейдi олар. Яғни, аңыздың тууына түрткi болған тарихи оқиға (ал мұндай оқиғаның болғандығына шәк келтiруге болмайды) келе-келе оны баяндаушы жандардың ақындық қиялы құдiретiмен адам танығысыздай метаморфозаға ұшыраған. Яки, тұспалды немесе астарлы аллегорияға айналған. Бәлкiм, аңыздың өзi де бiзге белгiлi бүгiнгi нұсқасында, негiзiнде жатқан нақты оқиға жер бетiнде көрiнiс берiп, дүбiрлетiп өткен мезгiлдерден ондаған ғасырлардан кейiн пайда болған болар? Бұлай болуы да әбден мүмкiн ғой. Мысалы, Күнге жетем деп мерт болған Фаэтон апаты немесе Троя қырғынының бiрi ғарышта, ендi бiрi жер бетiнде болған тарихи оқи¬ғалардың ақындық қиялмен әспеттелiп, әрленген жаңғырықтары екендiгiн бүгiнгi ғылым нақпа-нақ дәлелдеп берiп отырған жоқ па? Бiрақ Фаэтон күннiң қызуына шыдамай күл-талқаны шыққан немесе тоғыз жыл берiспеген Троя бiр түнде отқа оранған мезгiлде зағип Гомер мен қияли Овидийлердiң де ол оқиғалардың маңында болмақ түгiлi мына жарық дү¬ниеге әлi келмегендiктерi белгiлi емес пе! Олай болса, қиялмен көм-керiлген қасқыр мифiнiң астарында да мына өмiрде расымен-ақ болған оқиға жатыр деп болжам жасауға әбден қақымыз бар.
Иә, сыры тереңде жатқан аңыз құпиясын ашу үшiн өзiмiз шындыққа жанасады деп тапқан бiрiншi және төртiншi үзiкке баса салмақ салғанымыз жөн. Мiне, түйсiкке осы арада бiрiншi үзiктегi шапқыншы жау орнында алғашқы, байырғы нұсқада «дүлей табиғи апат болған болса ше?» деген ой келедi.
Анығын айту керек, уақыт өте келе табиғи апаттың зардабы ұмытылып, жаугершiлiк рухта тәрбиеленген, өзi де найза-қалқан асынып ат үстiнде өмiр өткiзуi мүмкiн дала ақыны қырғын себебiн бүгiн болмаса, ертең қылыш түйiстiретiн көршiлерiне аударып жiберген болуы әбден-ақ қисынды жайт. Мұндай патриотизмi үшiн дала ақынын ешкiм де кiнәлай алмайды. Миф астарына үңiле қарасақ, мiне, осындай да сарынның бар екендiгiн аңғарар едiк. Сосын көнеден жеткен қасқыр мифi нұсқаларының бiрiнде тұтқиылдан шабуыл жасаған көршiлес тайпа туралы бiр ауыз сөз айтылмайтындығын да ұмытпаған жөн. Тек жосадай қырылған халық қана бар. Бәлкiм, бiздi аңыз аясынан шындықты тануға бастайтын жол осы болар?

Қасиеттi сөз баяны


Сен бiр мақалаңда («Ау-у-у». Қасқыр мифi мен тотемi құпиясын шешуге талпыныс, «Парасат» журналы, 1997, №10) қас¬қыр мифiнiң негiзiнде өзiмiзге күнделiктi тiршiлiктен таныс бөрi бейнесi емес, қасиеттi «ау» сөзi жатқандығы туралы жазғансың-ды. Уақыт өте келе осы киелi сөз кәдiмгi қасқыр образымен ұштасып, тотемге айналды деген едiң. Мифтiң екiншi үзiгi бойына жасырған құпияның шешiмi осындай екендiгiне дау жоқ. Киелi сөздiң символдық мәнi бар затқа (бұл жерде жануарға) айналу процесi ұрпақтар санасында сандаған ғасырлар бойы үздiксiз жүрiп жатты. Нәтижесiнде ақындық қия묬дың жемiсiндей әдемi де қаһарлы қасқыр мифi дүниеге кел¬дi. Өйткенi, ендiгi бұлыңғыр тарих қойнауында қалған әлдебiр кездерi бағзы түркiлердiң жан-дүниесiн қозғап, қысылтаяң сәтте қорған бола бiлген Сөзге (иә, түркiлердi қасқыр емес, киелi сөз қорғап қалған) Тәңiрi құдiретiмен осы мақұлықтың да тiлi келетiн. Күлкiлi болса да айтайық, таңсәрiде мұнараға шығып алып сарнайтын мұсылман азаншысының бай¬ырғы бiр кездердегi далалық прообразы да сол серттен таймас жiгiттiң бейнесiндей көкжал Қасекең едi. Мажарлармен шайқасқа кiрер алдында қыпшақы елдiң көсемi Боняк ханның оңаша кетiп, қасқыр болып ұлитындығының осындай құпиясы бар. Себебi, оның арғы тегi де басқа емес, осы көкжал Бөрi бол¬ған!
Жазба тарихта ХI-ХII ғасырларда қыпшақтарда Бөрiтегiлер Ордасының болғандығы туралы нақты деректер бар. Олар да өздерiн түркiлердiң арғы атасы - (дәлiрек айтқанда анасы) қасқырдан тарататын. Бөрiтегiлер Ордасының (Орда атауы да қасқыр тотемiмен байланысты) көсемi Боняк хан бiр мезгiлде осы сенiмнiң бас абызы да едi. Орыс жылнамасында оның мажар-венгрлермен Вягреде 1097 жылы болатын шайқастың алдында Тәңiрге қалай сиынғаны туралы жазылады: «и яко бысть полунощи и встав Боняк отьеха от рати и поче выти волчьский и отвыся ему волк и начаша волци выти» (С.А.Плетнева. «Хан Боняк и его время» Проблемы археологии. Л. 1978. Выпуск 2. стр. 179). Бұл жерде бiздiң назар аударуға тиiстi тұсымыз Боняк ханның өз сарбаздарынан бөлек кетiп, қасқыр сияқты ұлуға кiрiскен сәтi болса керек. Ау-у-у... Ау-у-у... Ау-у-у... Киелi сәт. Түркiлердi қасқырға тағзым еткiзген де осы сыры тереңде жатқан Ау-у-у едi. (Бүгiнгi қайсыбiр исламнан өзге дiндерге көз алартып қарауға бейiм бауырларымыз осы сәттiң куәсi болса, «ойбай-ау, мына Боняк ханың нағыз буддашы ғой» деп шу шығарар едi. Сосын қосын арасында жалған үрей тудырғаны үшiн басы қағылар-ды. Әрине, басы болса. Дегенмен мiнеуге үйiр бауырлардың үрейiнiң де жаны жоқ емес. Буддизм АУМ-ымен түркi Ау-у-у-ының түбiрi бiр деуге болады. Тек оны аңғара бiлу керек).
Адамзат жады өзiнiң саналы ғұмырында басынан кешiрген дүрбелеңдер мен табиғи апаттарды ешқашан ұмытпаған. Тарихи парақтарға тiркелуге уақытынан кешiккен деректер сөз, ырым, ғұрып-дәс¬түр, миф тасасында жасырулы. Тек оларды байқай бiлетiн таным көзi керек. Пiскен алма ешқашан өз ағашынан алысқа түспейдi. Яғни, ақын қиялы да (миф тудырушы) қанша сұрапыл болғанымен, бастапқы нақтылықтан тым алшақ кетуi мүмкiн емес.
Шынында да, миф тудырушы Ақын оқиғаны баяндауда негiзгi желiден тым алыс¬қа кете қоймаған болып шықты. Ол бар бол¬ғаны, болған оқиғаны далалықтардың тарпаң дүниетанымына сай лайықтап, шеберлiкпен көркемдей бiлген. Шамасы, оның бүгiнгi ұрпақтарының миына сыймай жүргенi де сол бағзы заманғы еркiн дала поэзиясының көркемдiк әдiс-тәсiлдерi болар?!
Бiздiңше, көркем қиял тасасына жасырынған шындық мынау: баланы құтқарған қаншық қасқыр емес-тi. Сол себептi ол Ашина түркiнiң анасы да бола алмайтын. Яғни, баланың анасы ұзын бұрымды, алтын құрсақты кәдiмгi әйел затынан едi деп түсiнген дұрыс. Миф пен нақты ғылым арасындағы өзара түсiнiспеушiлiктi осылай шешуге болады. Жөнi де сол. Жер бетiнде адам қиялынан жүйрiк ештеңе де жоқ. Сен бiрде америкалық үндiстер жайлы фильм көрiп отырып, олардың бiр бiтiмге келерде «хау» деп айқайласатынын байқап қалдың. Үндiстегi «Хау» мен түркiдегi «Ау»-дың арасы алшақ болмаса керек. Шығыс даналығы «Қас қағым сәтте қырық мың жылдың тарихы бар» дейдi. Олай болса, жал¬ғыз ауыз сөзде де бүкiл адамзат тарихына қатысты сыр жатуы мүмкiн ғой. Болмаса, мына ғажайыпты қалай түсiндiруге болады? Әлемдiк мифологиядан «Ау» сөзiне тiкелей қатысы бар ондаған деректердi ұшырата аласыз. Солардың ең қызықтысы - үндiстердiң снохимиш тайпасынан жазылып алынған аңыз. Олар: «Көне бiр замандарда аспан жерге төнiп тұратын болған екен. Адамдар белiн жазып еркiн жүре алмайтын болғандықтан, тiршiлiк ету тым қиын едi. Уақыт өте келе адамдар бұлай ұзаққа бара алмаймыз, еңсенi көтертпей арқадан басқан аспанды қалайда көтеру керек деген ойға келедi, бұл мұратты қалай жүзеге асыру керектiгi жайлы ақылдасады. Әр халық әр жақта ғой, олай болса бiр тайпаның күшiмен алып аспанды қалай көтеру мүмкiн? Адамдарды қатты қамықтыр¬ғаны да - осы. Дегенмен «көп түкiрсе көл» емес пе, оның да амалы табылған. Данышпандардың кеңесiнен соң, жан-жаққа хабаршылар жiберiлiп, жер бетiнiң әр нүктесiндегi өмiр сүретiн адам баласына бiр мезгiлде «ау-у» деп айқайласын деген тапсырма берiледi. Шынында жер бетiнiң барлық бойлықтары мен ендiктерiнен бiр мезгiлде «ау-у» деген айқай шыққанда, қорғасын бұлттай болып жатып алған аспан сәл көтерiлгендей болған. Қуанған адамдар «ау-у-у-у» деп айқайла бередi, айқайлай бередi. Алып аспан да бiрiншi адам, сосын терек бойындай, кейiн құс ұшатындай биiкке алыстайды. Көтерiле-көтерiле бүгiнгi қалпына келедi. Адамдар белiн жазып, денесiн тiктеп, емiн-еркiн өмiр сүре бастайды. Адамзат бiрлiгiнiң қуатын көрсететiн сол бiр ғажайып кездерден естелiк ретiнде, бiз әлi күнге каноэ ескенде «ау-у» деп айқайлаймыз», - деп әңгiмелейдi (Иммануил Великовский, «Столкновение миров», Ростов-на Дону, «Феникс» баспасы, 210-бет).
Әрине, бұл аңыз. Кәдуiлгi көп аңыздың бiрi. Тек кейiпкерi қасқыр мифiне ұйытқы болған «Ау» сөзiне тел қозыдай ұқсас де¬месеңiз. Ал мұндай ұқсастық бекерден-бекер бола ма?! Демек, әлдебiр кездерi жер бетiндегi бүкiл адамзат баласына қатер болып төнген әлдеқандай табиғи апаттың бол¬ғандығы ғой. Және жер бетiнiң екiншi жарты шарындағы үндiс аңызы да, түркi қас¬қыр мифiндегiдей, бүкiл адамзат баласын апаттан алып қалған «Ау» сөзi бол¬ған¬ды¬ғына мегзейдi. Кездейсоқтық па? Мүмкiн емес. Бәлкiм, христиан дiнiнiң «Киелi хабарларының» бiрiндегi «Басында Сөз болды, Сөз Тәңiрiде едi, және сөз Тәңiрi болатын» деп келетiн тәмсiл тасасында да осы «Ау» сөзiне қатысты құпия жатқан болар? Бiрден айтайық, мұндай батылдықты өзгенiң сенiмiне арсыз қол сұғу емес, жеке адамның бiр сөз төңiрегiнде өрбiген ой тербелiсi деп қана түсiнген жөн.

Құдай мен қасқыр ұштасқан сәт


...Түйсiк алдамапты. Христиандар «Тәурат» арқылы жебiрейлерден алған иудаизм құдайының да бастапқы аты «Яу» немесе «Ау» болып шықты. Атақты «Кiтапхана¬ның» авторы, тарихшы Диодор Мұса ғалайссаламның Синай тауында негiзгi он қағиданы Яо немесе Яу (Яхья немесе Яхве сөздерiнiң түбiрi) есiмдi құдайдан алғандығын жазады (Иммануил Великовский, «Столкновение миров», Ростов-на Дону, «Феникс» баспасы, 113-бет). Байқайсыз ба, түркiлiк қасқыр тотемi иудей бауырларда жалғыз Құдай дәрежесiне көтерiлiп кеткен. Осы жерде Тәңiрiсiн танымай қалып, түркiлер қателестi ме, әлде қасқырды Құдай қылып жiберiп жебiрей ағайындар алжасты ма деген сауал өзiнен-өзi туындайды. Әрине, бұл, бар болғаны, ой ойыны ғана, мұндай қатерлi сұрақтың туындауы да, болуы да мүмкiн емес. Бәрiне тосқауыл бiлмес адам қиялы ғана кiнәлi едi. Түркiлер Тәңiрiсiн танымай қалған жоқ, оның мейiрiм-шапағатының көрiнiсi ретiнде небары қасқыр туралы мифтi ойлап шығарумен ғана шек¬телдi. Ал жебiрей халқы болса өзiнiң жалғыз Құдайға деген ынтызарлығын байқатып алған болатын. Нәтижесiнде бастап¬қы дыбысталуындағы Ау, кейiнгi нұсқаларындағы Яхве құдай дүниеге келдi. Ал аты он түрлi, мейлi, жүз түрлi болсын, жалғыз Құдайдың аты Ау-Яу немесе Яхведен бұрын Тәңiрi болғандығын зердемiзден шығарып алмасақ болғаны.
Ендi иудей Құдайының бастапқы есiмi нелiктен Ау болатындығына аз-маз тоқтала кетейiк. Ол үшiн жебiрей халқының Мұса ғалайссаламның басшылығымен Мысыр құлдығынан қашқан кезде жер бетiнде көрiнiс берген оқиғаларға, олардың се¬бептерiне үңiлу керек. Бұл табиғи апаттар Жер-Ана бетiнде бiрiнен кейiн бiрi қайталан¬ған қасiреттi уақыттар едi (Қасқыр мифiндегi қанды қырғынның «тәураттық», яки же¬бi¬рейлiк нұсқасы деп түсiнген жөн). Жерге төнiп келiп қалғандай болған аспанды әлдебiр құдiреттiң күшiмен пайда бол¬ған дыбыстың керi лақтырып жiбергенi де рас. Әлденеше тәулiк бойы қарасын көрсетпей қойғандай болған күн де содан кейiн қайта жарқырап шыға келген. Табиғаттағы мұндай құбылысты бүгiнгi ғылым тiлiмен былайша дәйектеп түсiндiруге болады: шамасы, тым жақын келген әлдебiр құйрықты жұлдыз кесiрiнен немесе көршi планеталармен өрiс күшiн таластырудан соң, бәлкiм, ғарышта қаңғып жүрген шойын тастардың бiрi құлағаннан кейiн орбитасынан шығып кете жаздаған Жер шары ыңыранып барып, Күн жүйе¬сiндегi бүгiнгi орнына сәтiмен түскен болса керек. Апат зардабы бiрнеше апта немесе айларға созылғандығы да анық («Тәураттағы» осы кездерi көрiнiс беретiн оқи¬ғаларды еске алыңыз). Осы бiрнеше ондаған тәулiк iшiнде адам санасына ұялап қалған үрей-қорқыныш жаңағы құтқарушыдай болып естiлген дыбысты Жаратқанның өзiнiң үнi деп қабылдауға молынан жетiп-артылатын. Екi жарты шардағы адамдар қиялын тербеп, құдайлар мен құтқарушы қаһармандар жайлы әфсаналар тудырған ол дыбыс бiзге қасқыр мифiнен белгiлi «Ау-у-у» немесе қысқаша «Ау» едi. (Иудаизм дiнiнiң ауызекi әңгiмелерiнде бұл кездерi Тәңiрiнiң даусын жер бетiнiң ар жақ, бер жағындағы жетпiс халық естiдi деп әңгiмеленедi. «Ау» сөзiне байланысты әңгiмелердiң жер бетiнiң түкпiр-түкпiрiнде кездесетiндiгiнiң себебiн осы көнекөз жетпiс халықтың ұрпақтарына қалдырған мұрасы деп түсiнген жөн). Дыбыс немесе сөз иесi де белгiлi. Кеңiстiкте тербелiп барып, бүгiнгi белдеуiне қайта түскен Жер-Ана болатын. Ол кездi ескi кiтаптар «Өзендер арнасынан ауытқып, тiк көтерiлген теңiздер құрлықты шайып кете жаздаған заман едi» деп суреттейдi.
Қасқыр мифiнiң екiншi, үшiншi үзiктерiн өзге бөлiктерiмен шынайы байланыстыратын ақиқат желi осындай. Күн жүйесiнде орын алуы әбден мүмкiн болған кезектi алапат апаттан Жер-Ана аман һәм жеңiмпаз болып шықты. Одан естелiк ретiнде әр құрлық, әр халықтарда өздерiне тән реңк-бояумен баяндалатын аңыз әңгiмелер қалды. Ежелгi элладалықтар анадан туған алып ұлдары Геркулеске аспанды көтерткiзсе, қытайлықтар сол кездегi әмiршiсiне Яо немесе Яу деген есiм бердi. Үндi буддашыларының бабалары «АУМ» деп дыбысталатын қасиеттi мантраны ұрпақтарына мұра етiп қалдырды. Жебiрей қауымы болса Жаратқан он негiзгi қағиданы Мұса ғалайссаламға осы жолы түсiрдi деп санады. Бағзы түркiлер болса Жер-Ана мен Қасқыр-Ананы астастыра iзет тұтты. Арада табиғи, бәлкiм, ғарыштық апат зардабы көмескiленiп не ұмытылатындай бiраз уақыт өткесiн, ақын қиялы көршiлер тарапынан жасалынған аяушылық бiлмес қанды қырғынды ойлап шығаратыны да сондықтан. Оқиғаның шындыққа жақындайтын интерпретациясы да осы едi. Түркi қауымы қолдан Құдай жасамады, қолынан келмес iстi мойындарына артып пенде баласын да мазалаған жоқ. Тек шабыты сұрапыл ақындық қиялға ғана ерiк бердi.
Иә, солай, қасқыр мифi мен тотемiнiң кемi үш мың жылдан асатын тарихы бар, ол адамзат баласында Ұлы Ана жалғыз-ақ екендiгiнен, оның есiмi Жер-Ана деп аталатындығынан сыр шертедi.
Осымен қасқыр мифi жайлы әңгiмемiз де тәмамдалып қалды.
Тәңiрiм Жер-Анамызға бiздiң бағымызға мыңдаған, миллиондаған жылдар ғұмыр бере көргей.
Тiлегiмiз қабыл болсын, Ау-м-ин.

author

Әмірхан Балқыбек

СЫНШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...