Қасымхан Бегманов. Қадыр Мырза Әлі

ӘДЕБИЕТ
2026

Кеше қазақтың классик ақыны Қадыр Мырза Әлі ағамыздың дүниеге келген күні өтті. Осыған орай белгілі ақын Қасымхан Бегмановтың жестелігін ұсынамыз.



Қадыр аға фәни жалғаннан бақи дүниеге көшкен күн неғұрлым тарих қойнауына сіңіп алыстаған сайын қадірі соғұрлым артып, атақ-даңқы қазақ аспанында асқақтай берері анық. Кеше ғана әзіл-қалжыңымыз жарасып, аға-іні боп сыйласып-сырласып жүруші ек, бүгін арамызда жоқ. Бұл өзгермес өмір заңы. Бірде күлдіреді, бірде мұңайтады. Бірде қуантады, бірде жылатады...

Ағамыздың өзі келместің кемесіне мініп кеткенімен, артына өшпес-өлмес өлшеусіз мол мұра қалдырды. Сағынышпен сөредегі кітаптарына көз тігемін, қолыма алып парақтаймын. Жалынды жырларынан ұлы ақынның асқақ рухын сезінемін. Бойындағы бары мен нәрін сол әдеби жәдігерлеріне молынан сіңіріп кеткен. Оны сезінбеу мүмкін емес. Оқыған сайын көңілім толқып, бірге жүрген күндер ойыма оралып, көз алдымнан елес болып өтіп жатады. Ұлы суреткердің үлгі-өнегесі, жаныңа шуақ шашар сөздері, сезіміңді селт еткізер сыршыл ғазалдары көзі тірісінде жақын араласқан ағаға деген құрметімізді одан сайын арттырып, жанымызды сағыныш сазына бөлейді.

Мектеп қабырғасында жүрген кезімнен бастап-ақ ақынның балаларға арналған өлеңдерін жаттап өстім. Сондықтан да болар, кездесіп-жүздесуге сондай құштар едім. Кейін Алматыдағы студент кезімде Қадыр ағамен Жазушылар Одағында ұшырасып қалып жүрдім. Қолын алып, өзім қатарлы жас ақындармен бірге қызықты әңгімелерін тыңдадым. 

Бірде ақын Темірхан Медетбеков пен жазушы Мереке Құлкенов екеуі мені Қадыр ағаға жақынырақ таныстыру үшін саяжайына арнайы ертіп барды. Қақпадан ішке енгенде тап-таза аула мен түп жағы аппақ болып біркелкі әктеліп, жапырақтары жайқалып тұрған жеміс ағаштары назарымды еріксіз аударды. Әлі есімде Қадыр аға үлкен ыдысқа салынған жүзімдерді қолымен езіп, шырынын шығарып отыр екен. Жүзімдердің бырт-бырт етіп жарылғаны, ағамыздың басын көтере күлімсірей қарағаны әлі күнге дейін көз алдымда сол күйінше жатталып тұр. Бізді көре сала: 

– Төрлетіңдер, – деп орнынан жаймен көтерілді. Алдымен қолын жуып, аман-саулық сұрасты. Содан кейін «Неге келдіңдер?» дегендей сұраулы жүзбен қарады. Соны айтқызбай ұққан Темірхан ағам:

– Сізге Қасымхан ініңізді таныстыру үшін арнайы ертіп келдік, – деді асып-саспай. 

– Қасымханды өзімде жақсы танимын ғой! – деп Қадыр аға жүзіме жымия қарады. 

– Жоқ, сіз дұрыс түсінген жоқсыз. Етене жақын таныстырайық деп алып келдік, – деп Мереке ағам сөзге араласты. 

Осылай жөн сұрасқаннан кейін бәріміз асықпай саяжайды аралап көрдік. Қадыр аға жертөледегі жәшіктерге салып, бірінің үстіне бірін текшелеп жинап қойған өзі қолдан жасаған шараптарын көрсетті. Самсап тұрған ішімдіктер біздің көзімізге грузиндердің дүниежүзіне кең тараған шараптарынан бір мысқалдай да кем еместей көрінді. 

– Қай жылғы шараптан тартып жібергілерің келіп тұр? – деп Қадыр аға тек өзіне ғана тән мейірімге толы көзқарасымен жүзімізге кезек-кезек барлай қарады. 

Сәлден соң дастархан жайылып, шараптың әртүрлі сортынан әкелініп қойылды. Қадекең әрқайсысының қай жылы, қандай жүзімнен жасалғаны туралы әңгімелеп отырды. 

Бірте-бірте бойымыз қызып, әсерлі әңгімелердің тиегі ағытылып жүре берді. Қадыр аға әлем әдебиетіндегі құбылыстарды мысалға келтіре көсілгенде тыңдаушысын еріксіз еліктіріп әкететін. Ағамыздың мұхитттай терең біліміне қайран қалдым. 

Алматының жұлдыздары жымыңдасқан жып-жылы түнінде ұлы ақынның саяжайында өткен бұл кездесу есімде мәңгі қалып қойды. Үш ағам үш жақтан сөйлегенде құлақ құрышым қанып, ерекше әсерге бөлендім. Әңгімеміз қызып жатты... 

Бұл кеште не айтылмады дейсіз? Қадыр ағамыздың кейіннен «Иірім» мен «Жазмышқа» енген әлем ақындарының тағдыр-талайлары жөніндегі әңгімелерін алғаш рет өз аузынан осы отырыста естідім. Ара-арасында кезекпен өлең оқылды. Әңгіменің қызығына батып кеткеніміз сонша, әтеш шақырып, таң рауандап атып келе жатқанда орнымыздан бір-ақ тұрдық. Сондай бір қимастықпен тарастық. 

Сол күннен бастап Қадыр ағамен етене араласып кеттім. Өмірінің соңғы күндеріне дейін жанында болдым. Сапарларға бірге көп шықтық. Ұзақ сырласып-әңгімелесетінбіз. Ондай оңаша кездесулерде не айтылмайды дейсіз?! 

Бірде Атыраудан Илья Жақанов ағам келді. Маған хабарласып, бір-екі күнде кездесу керектігін, одан кейін уақыты болмайтынын ескертті. Мен Ілекеңе: 

– Қадыр ағаны да шақырайық, – деген ұсыныс жасадым. Ілекең сөзімді қуана құптады. Сөйтіп, Алатаудан салқын самал ескен жаздың жайма-шуақ күндерінде екі ағамның ортасында шалқыған әдемі бір бақытты кештерді өткіздім. 

Ағаларым жастық шақтарын еске алып, сол жолы бұрын-соңды естімеген қызықты әңгімелер айтты. Шынын айтқанда, мен қос ағамның сырға толы естеліктерін тыңдаушы ғана болдым. Сөзді Илья аға бастады:

– Қадеке, есіңде ме, сенің үйлену тойың 1957 жылдың қараша айының жетінші жұлдызында болып еді ғой. Тойға шашу ретінде «Салтанат» деген өлеңіңе ән шығарып апарып едім, – деді желпініп.

Қадыр ағам да қарап қалған жоқ:

– Әрине, Ілеке, ол күнді қалай ұмытайын? Біздің тойымыз осы Алматы қаласының Гагарин мен Төле би көшесінің қиылысындағы бір орыстың жекеменшік үйінде өтті ғой. Үй иесінің бізге қойған шарты да қызық болды: «Тойды өткізуге үйді тегін беремін. Тек, босаған бөтелкелерді сындырмай, қалдырып кетесіңдер» деді. Сол кезде оның неге бос бөтелкелерді сұрағанына бас қатыратын мұрша болмады. Сөйтсек, ол кезде бөтелкелерді өткізсе, көпкөрім ақша болады екен ғой. Мұны кейін білдік. Мен жиырма үштемін, Салтанат он сегізде, осылай шаңырақ көтердік. – деді өткен күнді есіне түсіріп.

Илья аға одан әрі іліп әкетіп: 

– Иә, иә, ол орыстың түрі әлі есімде. Қу шал бізден бөтелкенің көп қалатынын біліп, үйін тегін берді ғой! – деді жымиып.

Қадыр ағаның қабағына кірбің ұялады: 

– Арақ-шарапты көп ішу, сол заманда қазақтың қасіреті болды. Әсіресе соғыстан жараланып келген ағаларымыз әкесін танытып ішті ғой! – деді мұңға батып. 

Сөз ауаны басқа жаққа ауып бара жатқанын байқап: 

– Қадыр аға, жеңгемізбен қалай таныстыңыз? – деп әңгімені әуелгі тақырыпқа қарай бұрдым.

Қадекеңнің жүзі жылып сала берді: 

– Мен жеңгеңмен кездейсоқ кездестім. Қазақ Мемлекеттік университетінің соңғы курсында Қаскелеңдегі Абай атындағы қазақ мектеп интернатына (қазіргі Назарбаев атындағы музей) бір айға педагогтық тәжірибеден өтуге бардым. Сол күні оныншы сыныпқа сабақ беруге кірдім. Журналды қолыма алып, оқушыларды орындарынан кезек-кезек тұрғызып таныса бастадым. Бір кезде артқы партада отырған аққұба қызға кезек келді. Ол орнынан тұрып: «Қадырова Салтанат!» деп тақ ете қалды. Елең еттім. Тегі Қадырова болған соң: «Сен бұдан былай менің қызым боласың!» деп қалжыңдадым. 

Содан не керек, екеуміз көктемде танысып, сол жылы күзде бас қостық. 

Курстастарым тойды өткізуге бір кісідей атсалысты. Қыздар жағы тамақ, салат дайындауға, жігіттер арақ-шарап, түрлі сусындар әкелуге жауапты болды. Тойдың өте қызық өткеніне, Ілеке, өзіңіз куәсіз. «Композитор жолдас, осылай сіздің ең алғашқы әніңіздің бізге арналғанын әлі ұмытқан жоқпыз», – деп сөзін аяқтады.

Бұл әдемі басқосуда ақындық ғұмырымда өсек-аяң мен ғайбатты естудей-ақ естіп, сатқындық пен қиянатты көп көріп келе жатқанымды айтып, ағаларымнан ақыл-кеңес сұрадым. Қадекең ұзақ үнсіз отырып: 

– Сенің бір айыбың бар, – деді көзінің астымен маған барлай қарап. 

Қамшыдай үйірілген суық сөз бен өткір жанардан тұла-бойым ток соққандай дір ете қалды. Жүрегім дүрсілдеп, «не дер екен?» – деп, ағамның ойлы жүзіне үнсіз телміре түстім. 

Қадекең сәлден соң байыппен: 

– Сен өлеңді нашар жаза алмайсың! Бар болмысыңмен егіліп-төгіліп жазасың. Сенің жаратылысың ақын. Дегенмен, саған бір ағалық ақыл айтайын. Еңбектенбесең, қанша жерден талантты болсаң да, көптің бірі болып қаласың. Мен қаншама замандастарды, ауылдастарды, шын таланттарды білемін. Бірақ олар кегежелері кері тартқандықтан түк өндіре алмады. Жалқаулық түптеріне жетті. Туа бітті таланттарын қор қылып, жалғанның жарығына шыға алмай қалды. Уақыт ешкімді аямайды. Әр минутыңды бағалап, тиімді пайдаланбасаң, қамшының сабындай қысқа ғұмырдың шолтаң етіп өте шыққанын байқамай да қаласың. Екіншіден, сенде ағаларыңның да, інілеріңнің де мүлде шатағы жоқ, не көрсең де өз толқыныңнан көресің. Өйткені дарынды адамның ерекше талантын талантсыздар көре алмайды. Көресіңді әлі солар көрсетеді! – деді алысқа ойлана қарап.



Бұл сөз маған қатты әсер етті. Тұңғиық ойға сүңгіп кеттім. Ілекең ту сыртымнан келіп, иығымнан қаққан кезде ғана есімді жиып алдым. Қадекеңнің осы айтқандары әлі күнге дейін ойымнан бір шықпайды. Кейін соңымнан ит жүгіртіп, төбемнен құс ұшырғандар кездескен кезде де ештеңені елең қылмай, алаңсыз еңбек ете бердім... 

Қадыр аға екеуміз ертеңінде Илья Жақановты Атырауға шығарып салдық. Ілекең ұзақ жолға өз көлігімен аттанды. Қай жерде кетіп бара жатқанын телефонмен айтып отырды. Қадекең де ара-арасында: «Илья ағаң қай жерде кетіп бара жатыр екен?» деп сұрап қояды. 

Илья ағамыздың Таразға бір-екі күн аялдап, сапарын одан әрі жалғастыра беретінін айттым. Содан бір күні Илья ағамыз телефон шалып: 

– Қасымхан, бүгін мені бір топ ақтөбелік таныстарым Оралға апарар жолға шығарып салды. Біз қазір Жымпитының іргесінде тұрмыз. Нақтырақ айтсам, Қадырдың анасының бейітіне келдім. Ағаңның шешесінің басына қойған көк тасқа ойып жаздырған өлеңін оқып, қатты толқып тұрмын. Сұмдық өлең екен. Ащы шындықты ашып айтқанына риза болдым. Қолымда не қалам, не қағаз жоқ. Оның үстіне мына жерде жазып алу да ыңғайсыз. Сондықтан өлеңді оқимын, ал сен ыждаһаттап жазып алшы, – деді дауысы жарықшақтанып. 

Мен дәл сол сәтте Алматының бір көшесінде машина жүргізіп бара жатқанмын. Дереу жол жиегіндегі ыңғайлы жерге тоқтай қалып, Илья ағам оқыған төмендегі өлеңді жазып алдым.

Бала боп қызық көре алмай,

Баладан қызық көре алмай.

Байдан да қызық көре алмай,

Қайдан да қызық көре алмай, 

Дүниеден өтті бір пенде! –деп жазыпты. 

– Қасымхан, сен қазір ағаңның жанында жүрсің ғой, реті келсе осының сырын өзінен ақырын суыртпақтап сұрап көрші. Түбі саған керек болады! – деп сөзін аяқтады. 

Осы әңгіменің ізі суымай Қадыр ағамен тағы да кездестім. Бұл 2009 жылдың қазан айы еді. Талдықорған қаласында республика деңгейінде Қазақ баспасөзіне жазылу ұйымдастырылды. Бұған Рафаэль Ниязбеков, Қадыр аға, менің көмекшім төртеуміз бір көлікпен жолға шықтық. Жол жөнекей әңгіме болсын, әрі сырына қанығайын деген ниетпен: 

– Қадыр аға, жақында Илья ағам телефон соқты. Сізге қайта-қайта сәлем айтып жатыр. Анаңыздың бейітінің басындағы өлеңіңіз ол кісіні қатты толқытыпты, – деп болған оқиғаны баяндадым. Өлеңді жатқа айтып бердім. Себебі бір-екі оқығаннан кейін ойымда жатталып қалды. Үнсіз тыңдап отырған Қадыр ағамның күтпеген жерден көңілі босап, солқылдап жылап жіберді. Есіне бекер салдым-ау деп, қатты өкініп, абдырап қалдым. Сәлден соң өзіне келген Қадекең: 

– Мен сол өлеңді жетіскеннен жазды дейсің бе? Шындығы солай ғой. Ал ақынға шындықтан ауытқуға болмайды! – деді көзін қол орамалымен сүртіп жатып. Анамды Алматыға көшіріп әкелдім, қайтейін жерсінбеді. Сосын Жымпитыдан екі бөлмелі үй алып бердім. Ай сайын елу сом салып тұрдым. Қаражаттан тарықтырмадым. Десе де, жалғыз бала болғандықтан, бұл маған оңай тиген жоқ, – деп шешесінің жалғыз тұрғанын көкірегі қарс айырыла еске алды. Анасына жиі бара алмағанын да жасырған жоқ. Қадыр ағаның ішінде шер-шемен болып қатып қалған жан жарасын тырнап қанатқандай ыңғайсыз күйге түстім. Көңілін астан-кестен еткеніме қатты өкіндім. Осынау толқымалы сәтте Рафаэль ағаның Қадекеңе қойған сұрағы ойымызды бөліп, әңгіме басқа арнаға ойысты. Мен жол бойы ағаларымды тыңдап, Талдықорғанға жеткенше үнсіз отырдым. Осы бір сәтті есіме алсам, Қадыр ағамның сол бір мұңды жүзі көз алдыма елес береді.

Талдықорғандағы баспасөз күндеріне барлық газет-журналдардың қызметкерлері зор дайындықпен келіпті. Республикамызға аттары мәшһүр газеттердің жарнамасы да жер жарады. Көпшілікке бұрыннан етене таныс болмаса да, біздің журналымызға арналған шағын бұрыштың алдында Қадыр Мырза Әлі, Рафаэль Ниязбек секілді елге белгілі ақындар қасқайып тұрғаннан кейін бе, халық маңайымызға тез-ақ жинала қалды. Алматы облысы әкімінің орынбасары да арнайы келіп, амандасып жатыр. Сол-ақ екен, телеарналар мен газеттердің тілшілері де жетті. 



Қадыр аға «Дәстүр» журналы алғаш ашылғанда тәй-тәй басқан қадамымызға елден бұрын сәт-сапар тілеп, қазақтың салт-дәстүрін дәріптейтін, әдет-ғұрпының жоқшысы болатын басылымға жазылуға елді осылай үгіттеп еді. Жалынды жырлары мен ойлы мақалаларын журналымызға ұсынып, үнемі ақыл-кеңесін айтып, редакциямызға жиі келіп-кетіп тұратын. Осыны ойласам, «қайран, Қадыр ағам-ай!» деп сағыныштан көңілім құлазып-ақ қалады.

Сол тұста «Мұстафа Шоқай жолымен» экспедициясы бойынша Батыс өңірін араладым. Оның ішінде Маңғыстау, Кетік айлағы, қазіргі Форт Щевченко, Атырау, Орал, Ақтөбе, Темір, Жымпиты төңірегі Мұстафа Шоқайдың саяси эмигранттық өмірінде ерекше орын алатын тарихи жерлер. Себебі, ұлт көсемінің шетелге сапары Кетіктен басталған.

Сонымен бұл өңірдегі шаруаларымды ыңғайлағаннан кейін Орал қаласына бару мақсатымен Ақтау-Атырау бағытындағы пойызға отырдым. Мені пойызға ақын Қайырбек Лұқпанның екі ұлы – Қасым мен Ербол Ақтаудың вокзалынан отырғызып жіберді.

Сөйтіп, пойызбен Атырауға жетіп, Атыраудан Оралға дейін жеңіл көлікпен тартып кеттім. Түн ортасына таяу Орал қаласындағы қонақ үйге келіп орналастым. Оралда екі қонып, қаланы түгел аралап көрдім. Бастапқы жоспарым бойынша Оралдан ертесіне Алматыға ұшуым керек еді. Бірақ неге екені белгісіз, түнде көңілімде бір жайсыздық пайда болды. Күні бойы есімнен Жымпиты шықпай қойды. Осылайша қалайда осы сапарымда Жымпитыға барып-қайтуға бел будым. Жанымда жүрген жігіттерге осы ойымды айтып едім, олар да сөзге келместен құптады. Келесі күні Алматыға ұшатын ұшақ билетін кассаға кері өткізіп, Оралдан Жымпитыға қарай жеңіл көлікпен жолға шықтым. Орал мен Жымпиты арасындағы жерлерді тамсана тамашалап, осы төңіректегі ауылдарға қызыға көз салдым. 

Сол сапарымда екі мақсатты көздедім. Біріншісі, Батыс Алашорданың орталығы болған, әрі ардақты Қадыр ағаның кіндік қаны тамған туған жері Жымпитыны өз көзіммен көру. Реті келсе баяғыда Илья Жақанов айтқан Қадыр ағаның анасының бейітіне барып, құран бағыштап, арнау өлеңді суретке түсіріп алу болатын. 

Сөйтіп, Қадекеңнің анасы жерленген бейіт басына келдім. Нақтырақ айтсам, зиратты сұрастырып жүріп әрең таптым. Күн батуға таяп қалған апақ-сапақ сәт еді. Атақты ақынды өмірге әкелген аяулы анаға құран бағыштадым. Бейіттегі Илья аға оқыған өлеңді өз көзіммен көрдім. Суретке түсіріп алдым. Өлеңнен жоғары үлкен әріптермен «Мағраш Оразғалиқызы», одан сәл төмен «Мырзалы келіні» дегенді кіші әріптермен, содан соң «1914-1997 жж» деп, ал ең астына «Баласы Қадыр» – деп көк тасқа ойып жаздырған екен. Ұлы ақын мен аяулы анасының рухы разы болғай деп іштей тілек тілеп, дұға қылдым.

Мен, Қадыр ағамен әртүрлі жерлерде әңгімелесе беретінмін. Мәселен, пойызда немесе ұшақта келе жатып, болмаса қонақ үйде, тіпті моншада отырып та сырласқан кездерім көп болды. Бірдеңеден торықсам, тығырыққа тірелсем, Қадекеңді іздейтінмін. Ағам сәл ойланып отырып, асықпай, баппен өз ойын айтатын. Мейлі, арада бес-он жыл өтсін, сол Қадекеңнің бес-он минутта айтқан шешімі дұрыс болып шығатын. Бұл бір емес, бірнеше рет қайталанды. Жалғызсыраған кездерімде ағамның айтқандарын есіме алып, оның көрегендігіне қайран қаламын.

Кезекті сапарлардың бірінде: «Аға, мен осы көзсіз батырлық дегеннің сырына жете алмай қойдым. Мына өмірде қаншама қимасың бар, сыйласың бар, алдыңа қойған арман- мұратыңды бір сәтте жоққа шығарып, өлімге басыңды тігу деген қандай құдірет» - дедім. Қадыр ағам ұзақ ойланып: «Батырлық деген – күдікті» - деді. Әңгіме осы жерден үзіліп, басқа тақырыпқа ауысып кетті.

Бірақ, осы сөздің байыбына әлі күнге дейін бара алмай жүрмін.

Жасыратыны жоқ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздің хал-ахуалы, тұрмыстық жағдайы көңілдегідей болған жоқ. Ауылдық жерлерде азық-түлік, дәрі-дәрмек тапшылығы да қатты сезілетін. Осындай күндердің бірінде өзімнің туған қайын атам, зайыбымның әкесі Әбдіқайым Ахметұлы елден науқастанып келді. Ауруханаға қаралып, ем алатын болды. Сырқаты жанына батып, қатты қиналып жүрген үлкен кісіге дәрігер «Халық емшілері» орталығынан арнайы массаж алуға кеңес берді. Ол кезде бұл орталықтың енді ғана жұмыс істей бастаған кезі, халық көп біле бермейтін. Соған барып ем алудың керек-жарағын алып жүріп, кездейсоқ Қадыр ағаны жолықтырып қалдық. Ауылдан келген қайын атамды: «Аға, мынау Рахила келініңіздің әкесі еді, елден сырқаттанып келді. Ертеңнен бастап, дәрігерлер массажға ем алуғе кеңес беруде», - деп таныстырып, мән-жайды түсіндіріп жатырмын. Қадыр ағам қайын атаммен жөн сұрасып, «сол массажы құрғыр маған да керек еді,- деп қалды. «Аға, онда бірге барып, ем алайық», - деген ұсынысымды қабыл алды. 

Сөйтіп үшеуіміз бір курс массажды бірігіп алатын болып келістік. 

Амантай деген массаж жасайтын жігіт үшеуімізді қатар жатқызды. Мен қайын атамнан ыңғайсызданып, ортамызға Қадыр ағаның жатуын өтіндім. Ол кісі артық сөз айттырмастан түсіне қойды. Сөйтіп, емші Амантай арқамызға исі бұрқыраған майларын жағып, неше түрлі құралдарымен сартылдатып ұрғылап, массажды бастап кеп жіберді. Оның қолының жылдамдығына көз ілеспейді. Әсіресе, балмен шапалақтаған кезде, арқа етіңді жұлып алардай жұлқылап, көзіңнің оты жарқылдап, шыңғыруға шақ қаласың. Мен барынша тістеніп сыр бермеуге тырыстым. Ал, атам мен Қадекең кейде «ақырын жаса, ақырын» деп айтып қалатын. Қадыр аға қарап қалмай, қалжыңдасып жатады: 

– Әй, Амантай, мына Қасымханның арқасының үлкендігіне Әбекең екеуіміздің арқамызды қосқанда жетпейді. Бірақ бұл сондай үлкен көлемге ақшаны бізбен бірдей төлейді, осы әділеттілік пе? – деп қағытады. Қадыр ағаның сөзін шын көрген Амантай: 

– Мұны өзім де ойлап жүр едім, – деп арқамды массаж жасайтын шоқпарымен бұрынғыдан бетер сабалай жөнеледі. Соққыларға әрең шыдап жатқан маған Қадыр аға күлімсірей қарап, айызы қанып, мәз болады. Сөйтіп, не керек, массажға үшеуіміз оншақты күн бірге барып, ем қабылдадық.

Арада біраз жыл өткен соң, Қадекеңнің «Жазушы» баспасынан (2004 жылы) шыққан «Шырғалаң» жыр жинағының 220-221 беттерінен осы оқиғаға байланысты өлеңін кездейсоқ көріп қалып, ағама аздап ренжігенім бар. Өйткені Қадыр аға маған арнап өлең жазғанын айтқан жоқ. Ол мына өлең еді:

Ем жайында әңгіме айтып басында,

Қасымхан ғой алып келген осында!

Енді міне массажын ол қабылдап,

Тура менің жатыр қазір қасымда.

Басқалар аш,

Қасымхан аш,

Ағаң аш.

Жатырмыз біз белуардан жалаңаш.

Жұрдай болған жапырақтан,

Бұтақтан

Тұт дейтұғын біздерге ұқсас бар ағаш.

Кіммен жүрсең,

Соған иек артасың.

Аумайтұғын оқушының картасы –

Ожау-ожау балдың өзі жетпейді

Майлау үшін Қасымханның арқасын!

Былқ етпейді Қасым деген жартасың.

Шынжыр тасты немен сүйреп, тартасың?!

Амантай тез айналдырар майданға,

Қасымханның стадион-арқасын!

Емші бәрін көзіменен шолады.

Кеңістікке көңілі әбден толады.

Қасымханның арқасына,

Қысылмай,

Бір тікұшақ қона алады,

Қонады!

Арқаменен сойыл-тоқпақ арбасып,

Массажистің тез бітпейді шаруасы.

Қаратерге түсіреді емшіні

Қасымханның шетсіз-шексіз арқасы! – 

деп жазыпты.

Осы өлеңді оқи салысымен: 

– Аға-ау, ақыры маған арнаған екенсіз, тәуірірек өлең жазбадыңыз ба? – деген едім. Қадекең саспай:

– Алла бұйыртса, ондай өлең де жазыла жатар, – деп еді жаздай жадырап. Қазір ойлап қарасам, осының өзі әдемі естелік, мәңгі ұмытылмас сәулелі сәттер екен ғой! 

Бірде Қадыр ағаны кеден саласында ұзақ жылдар лауазымды қызмет атқарған досым, полковник, заңгер Медеу Жұмабайұлымен арнайы таныстырдым. Бұл екеуінің аға-інілік сыйластығына ұласты. Оның саяжайы Қадекең тұратын ауданға жақын болатын. Медеу – ақкөңіл, қонақжай, мейірімді, оқыған-тоқығаны мол парасатты азамат еді. Өзі елден жасырып өлең де жазатын. Бірақ баспасөзге жариялауға асыққан жоқ. Кейін менің редакторлығыммен өзіміздің «Дәстүр» баспамыздан шағын өлеңдер жинағы жарық көрді. 

Қашан барсақ та, жайраңдай қарсы алып, ерекше күтетін. Әсіресе, саяжайындағы ағаштан салынған үлкен моншасы қатты ұнайтын. Ол әнші-күйшілерді, ақындарды саяжайына жиі шақыратын. Үнемі Қадыр ағаны ортамызға алып, қызықты отырыстар өткізген едік. Ол күндер де елеске айналды. Үшеуміздің осы сыйластығымыз Медеу дүниеден өткенше жалғасты.

Ұзақ сапарларға шыққанда Қадекең жол-жөнекей өзінің басынан өткен қызық әңгімелерді жиі айтып отыратын. Соның бірнешеуін жазып алған едім, бірде былай деді: «Мен «Ой орманы» үшін 1966 жылы комсомол сыйлығын алдым. Сонда бір жанашырым: «Тайыр Жароков, Сағынғали Сейітов, Хамза Есенжанов, Әбу Сәрсенбаев, Жұбан Молдағалиев секілді өзіңе тілектес ағаларыңды үйіңе шақырып, сыйлығыңды жудың ба?» – деп сұрады. Жақында ғана екі бөлмелі шағын пәтер алғанбыз. Әлі ешкімді шақырып үлгермеген едім. Содан жеңгең екеуміз жақсылап дайындалып, сол жылдың күзінде осы ағаларымды қонаққа шақырдық. Сусындарды графинге құйып, үстелге кішкентай ғана «изящный» рюмкелер қойдық. Дастархан басында Тайыр ағамыздың көңіл-күйі болмай отырды. Үзіліс кезіндегі бір қаға берісте Тайыр аға мені ымдап балконға шақырып алды да: 

– Үйіңде айғыр стакан жоқ па? – деді гүр ете қалып. Екі жүз грамдық қырлы стакан сұрап тұрғанын бірден түсініп: 

– Бар ғой! – дедім. 

– Онда жылдам сол айғыр стакан мен арағыңды ешкімге көрсетпей осында алып кел, – деді бұйыра сөйлеп. Ағамыздың сөзін қалай жерге тастайын, сол заматында-ақ айтқанын екі етпей орындадым. Стаканды ортадан асыңқырап құйып едім:

–Толтырып құй! – деді бұйырып. 

Шүпілдетіп құйдым. Қағып салып:

– Тағы да құй! – деді. Құйдым. Сіміріп салды.

– Мынауың дұрыс болды, бала! Енді дастархан басында «изящний» стаканыңмен елмен бірге алып отырамын, – деді көңілденіп. 

Ол қолына қаламақы ма, әйтеуір бір қосымша тиын-тебен түсе қалса, үйіне апармай, әйелінен жасырып қалатын көрінеді. Артық ақшасын Ғафуға беріп, тықтырып қояды. Басы ауырғанда сонымен барып жазады. Бір күні жұмыста отыр едім, бөлмемнің есігін ашты да, басын қиқаң еткізіп сыртқа шақырды. Артына қарамайды, тұп-тура далаға қарай беттеді. Бұрынғы Киров көшесіне өтті. Бұрыларда тоқтап, бір аяғын екінші аяғының өкшесіне тіреп қойып, әскери адамдардай кілт бұрылды. Өзі сондай қызық адам еді. Мир көшесі мен Киров көшесінің қиылысында орналасқан қонақ үйдің жертөлесінде ішімдік сататын. Соған зып берді. Артынан іле-шала мен де кірдім. Ештеме айтпады. Қандай шарап ішетінін білетінмін, айтқызбай-ақ алып бердім. Сатушымен есеп айырысып, қолыма коняьк құйылған стаканды қыса ұстап, қағыстырмақ ниетпен: «Ал, Тәке!..» деп бұрылып қарасам, ол зым-зия жоқ. Шарапты сіміріп салып, тайып тұрыпты. Менің алдымда кірді, лезде шығып кетті. Мені көрмеген, арақ сұрамаған сияқты. Тайыр ағамыздың мінезі сондай қызық болатын.

Сен, бір кездері ақын-жазушыларды Орталық комитетке біртіндеп шақырып алып, сұрақтың астына алғаны туралы естіп пе едің? Мақсаттары Мұхаңды мұқату, ұстау ғой. Бір мемлекеттік шенеунік Тайыр ағадан: «Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясына қалай қарайсыз?» деп сұрайды ғой. Сонда Тайыр аға: «Сіздің өзіңіздің бұл шығармаға пікіріңіз қандай?» деп қарсы сауал қояды. Аса ірі лауазымды шенеунік: «Жолдас Жароков, мен сізден сұрап отырған жоқпын ба?» деп зілдене қараса да жасқанбапты. Керісінше, қитығып: «Сіз маған он жетінші жылға дейінгі сұрақты қойып, неге арандатқалы отырсыз? Олай он жетінші жылға дейінгі саяси астары бар сұрақтарды қоймаңыз. Он жетінші жылдан кейінгі кез-келген сұрағыңызға жауап беруге дайынмын» деген көрінеді тайсалмастан. Осы оқиғаларға қарағанда, естеріңде болсын, Тайыр Жароков өз көңіліндегі дүниелерді көсіліп жаза алмай, іштен тынған. Шынтуайтына келсек, оның ақындығы мықты ғой. Ол «1-ші май», «Октябрь», «7-ші ноябрь» өлеңдерінің тарихта қалмайтынын жақсы білген. Оның поэмалары да қайталанбайтын сөз өрнектерімен безендірілген, айрықша туындылар болды. Атап айтқанда, «Күн тіл қатты», «Қырда туған құрыш», «Тасқын», «Жапанды орман жаңғыртты» поэмалары әлі ұмытыла қойған жоқ. Ол кеңес өкіметі қандай ұран тастаса, соны жазуға мәжбүр болды. Өйткені оған жоғарыдан сондай тапсырмалар берілген. Мен бір мемуардан оның бұл өмірге, әдебиетке деген көзқарасын түсіндім.

Тайыр Жароковқа қатысты тағы бір оқиғаны айтып берейін. Бірнеше ақын қазақ радиосынан тікелей эфирден кезекпен өлең оқып жатады. Тайыр Жароковтың кезегі келген кезде Мұзафар Әлімбаев: «Жароков қайда? Жароков қайда?» депті дауыстап. Сонда Тәкең уақыттың қысып тұрғанына қарамастан: «Әй, Мұзафар, мені Әуезовтің өзі «Тәке» дейтін» деген көрінеді.

Осыны айтып болған соң Қадекең маған бұрылып қарап: 

– Тайырдың мінез-құлқын айтып отырмын, – деді. Мен: 

– Түсіндім! – деп, басымды изедім. 

Шынында да, Тайыр Жароковтың өр мінезіне, кесек болмысына бұрынғыдан да тәнті бола түстім. Алматыда ақын атында үлкен көше бар. Сол көшемен жүрген немесе жанай өткен сайын Қадыр ағаның осы әңгімелері ойыма оралады.

Бір жолы ақын-жазушылардың кезекті бір бас қосуына Шымкентке барып-қайту билеттері Қадекең екеумізге бір «СП-ға» алыныпты. Поезға жайғаса салысымен әдеттегідей қызу әңгімеге кірісіп кеттік. Қадыр ағамыз негізі қашанғы әдетінше бірден ақтарыла салмайды. Алыстан орағытып, сыздықтата сыр шертеді. «Осы мені қалай тыңдап отыр екен?» дегендей, ара-тұра жүзіңе ойлана көз тастап қоятыны бар.

– Қадеке, осы жақында бір баспагер досым сізді «қолжазбасын баспаға дайындап өткізудің ең бір озық үлгісін көрсеткен суреткер» деді. Осының сырын өзіңізден білсек бола ма? – деп сұрадым. Ағамыз әдеттегідей сәл ойланып барып жауап берді:

– Мен барлық нәрсені алдымдағы ағаларымнан үлгі етіп алдым. Мәселен, дәл осы баспаға қолжазба дайындауды Ғали Ормановтан үйрендім. Баспада қызмет істеп жүрген кезім. Бір күні қолыма Ғали Ормановтың қолжазбасы түсті. Ол кісінің дүрілдеп тұрған кезі. Қолжазбасын жылдам оқып шығып, басуға қол қойып бердім. Шынымды айтсам, сүйсініп оқыдым. Әсіресе аппақ қағаздардағы маржандай тізілген қолжазбаны қара сиямен шимайлағым келмегені есімде. Екі күннен соң Ғали ағамыз телефон соғып, «Қадыр, менің қолжазбамда бір әріп қате кетіп қалыпты, түстен кейін өзіңде боласың ба, барып жөндеп берейін», – деді. 

Қыс түскен, күн суық болатын. Ол кісінің үйімен баспаның арасы қашық еді. «Үлкен кісі бір қатеге бола келіп-кетіп әуре болып жүре ме?», – деген оймен: «қай бетте қате кетіпті, айтыңыз, қазір-ақ жөндеп жіберейін», – дедім. 

«Жоқ, сен түзей алмайсың, өзім барып жөндеймін»,- деді ақын ағам. Шынымды айтсам, қатты ойландым. Әдетте күнделікті жұмыс барысында баспа қызметкерлері үшін бұндай жайлар үйреншікті жағдай. Ақын-жазушылар өздерінің қолжазбаларын қарауға бекітілген редакторларға хабарласып, мән-жайды анықтап біліп, жиі сөйлесіп жатады. Сондықтанда «не бүлдіріп қойдым екен?» деп аздап қобалжығаным рас. Арада екі сағаттай уақыт өткенде Ғали ағам баспаға келіп, қолжазбасында қате басылып кеткен әлгі қате әріпті үйінен арнайы алып келген лезбімен ойып алып тастады да, орнына өз машинкасымен ақ қағазға басып, дайындап әкелген әріпті асықпай әдемілеп желіммен жапсырды. Аппақ тап-таза бет, сол мұнтаздай күйінде типографияға кетті. Міне, осы оқиға маған ерекше әсер етті. Өмір бойы мен де Ғалекеңнің осы қағидасын сақтауға тырысқаным ғой, айналайын! – деді Қадыр ағамыз вагонның әйнегінен ұшы-қиыры жоқ кең далаға көз тастап. 

Не деген ұлағатты тәлім-тәрбие десеңші! Бір қайнауы ішінде шала-шарпы дайындалған қолжазбаларын баспаларға ала жүгіретіндер есіме түсіп, кешегі Ғали Орманов, бүгінгі Қадыр ағаларымның ұқыптылығына тәнті болдым.

– Қадыр аға, «орындай алмадым-ау»,- деген көңіліңізді құм қылар арманыңыз бар ма?, – деп сұрадым ағамызды әңгімеге тартып. 

– Адамның арманы біткен бе, бірақ менің орындай алмай жүрген ең бір үлкен арманым: Қасым Аманжолов пен Абдолла Жұмағалиевтердің таңғажайып достықтарына ескерткіш ретінде, тым болмаса сол Оралдың өзінен қатар жатқан қос көшеге екеуінің атын алып бере алмай жүргенім! – деп мұңға батқан еді асыл ағамыз. Қасым мен Абдолланың достығындай достық өте сирек кездеседі. Қасым ақын жайлы біреу жағымсыз сөз айтса болды, біздің Абдолла ағамыз екі сөзге келмей, «сен не дедің?»,- деп әлгінің жағасынан ала кетеді екен. Сұмдық қой! Ал мен бұрын Қасым Аманжоловтың досы туралы поэманы қалай жазған деп таңқалушы едім. Керемет құйылып түскен кесек дүние ғой! – деп маған сынай қарады. 

Қадыр ақынның ойлы жырларынан бөлек, әсіресе, эсселері мен естеліктері қалың қазақтың ерекше назарын аударды. Сондай-ақ ақын афоризмдер жазудың да хас шебері. Кемел ойға кенен қанатты сөздері де оқырман жүрегіне жол тапты. Көбісі тіпті мақал-мәтелге айналып кетті. «Қадыр айтыпты, Қадыр ақын былай деген екен» деген нақыл сөздер халық арасына кеңінен тарады. 

Несін жасырайын, Қадекеңді өкпелетіп алған да кезім болды. Жастаумын, жауапты қызметте істеймін. Бастықтарым қазақша қақпайтындар... Жұмыстан сұранғанды, кешіккенді, ерте кеткенді жақтырмайды. Отырсаң – опақ, тұрсаң – сопақсың. Сондай жұмыс қызып жатқан күндердің бірінде Қадекең хабарласып: 

– Қайдасың, қазір бірге моншаға барайық! – деді.

–Аға, бүгін жұма ғой, жұмыстан шыға алмаймын, ертең барсақ қайтеді?! – деп шынымды айтып едім:

–Жақсы онда! – деп телефонды өшіре салды. Ол кісі кейде осылай ойламаған жерден кылт ете қалатын. «Жақсы көретін ағамды ренжітіп алдым-ау!» деп жаным жабырқап отырған, бір кезде қайта қоңырау шалып: 

– Бұл Қадыр ағаң ғой, Қасымхан! Саған қайтып телефон соқпайтынымды ескертіп қояйын деп едім! – деп телефон тұтқасын тағы тастай салды. Түкке де түсінбедім. Жүрегім қатты ауырды. «Неден жазықты болдым екен?» деп байыз таба алмадым. Дәлізде ары-бері біраз жүріп, шыдай алмай ол кісіге өзім телефон шалдым: 

– Мен ғой, аға, Қасымханмын! – дедім. 

– Иә, мен сені тыңдап тұрмын! – деді ағам жәйбарақат қалыппен. 

– Мен де сізге соңғы рет телефон соғып тұрғанымды айта салайын деп едім! – деп, тұтқаны орнына қоя салдым. Көңілім астан-кестен болып, сол күнгі жұмысымда түк береке болмады. Осының бәрін еркімнен тыс істегендей бір жайсыз күй кештім. Содан біраз уақыт хабар-ошарсыз кеттік.

Екі айдан кейін мені сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігі Шәмші Қалдаяқов атындағы фестивальге шақырды. Содан ұйымдастырушылар әуежайдан күтіп алып, «Шымкент» қонақүйіне алып барып, орналастырды. «Шәмшінің фестивалі туған жері – Отырарда өтеді. Бірер сағаттан кейін сіздерді машинамен алып кетеміз. Алаңсыз дем ала беріңіз» деді де күтіп алушылар кетіп қалды. Қаланың у-шуынан әбден қажып жүргендіктен, жастыққа басым тиісімен көзім ілініп кетіпті. Оянсам, қонақ үй құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. «Бұл неткен тыныштық?! Мені ұмытып, кетіп қалған жоқ па екен, өздері?! Байқап көрейінші!» деп есікті ашып, мойынымды созып қарасам, көрші есіктен Қадыр ағамның басы қылтиып тұр. О, тоба, сізге өтірік, маған шын, осындайда кездесу болады екен. Ол кісінің де демалып, төсектен енді тұрған сәті екен. 

– Ассалаумағалейкум, аға! – дедім. 

– Қасымхан, сенсің бе? – деді Қадыр ағам жылышырай танытып. – Иә, менмін, – дедім күлімсіреп. 

Содан қайта сөйлесіп, тез-ақ тіл табысып кеттік. 

Қадыр аға екеуімізді алып-жүру үшін қаладағы бір техникум директоры бекітіліпті. Сол кісінің машинасымен Шәуілдірге, фестиваль өтетін жерге бардық. Бізді көрген қыз-жігіттер жанымызға жинала қалды. Солардың арасынан екі жас журналистті кездестірдік. Біреуі түркістандық ақын Түгелбай Ботақараның қызы Жазира қарындасымыз екен. Жазира қасында тұрған шәуілдірлік, қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұратын жас журналист Клара Нақыпты таныстырды. 

Қадыр аға оларға барлай көз тастап: 

– Сендер, ақындардан кімдерді оқисыңдар? – деп сұрады. Жазира күтпеген жерден: 

– Қадыр аға, мына Клара Қасымхан ағаның барлық өлеңін жатқа оқиды, – деді. Қадекең аспай-саспай: 

– Ал, онда оқи ғой, айналайын! – деді мейірленіп.

Клара кідіріп-мүдірместен менің үш-төрт өлеңімді жатқа оқыды.

Мен әлі күнге дейін сол сапарымда кездейсоқ кездескен екі журналист қарындасыма мерейімді асырып жібергені үшін әркез риза болып жүремін. Шынымды айтсам, өзім де мұндай тосын сыйды күтпеген едім. Мен Қадыр ағаға: 

– Аға, байқаған шығарсыз, тек сіздің өлеңдеріңізді ғана емес, бүгінгі жастар бізді де жақсы оқиды, – деп қалжыңдадым. Ағам менің бұл сөзімді қостай кетіп:

– Дұрыс қой, айналайын, өлеңдерің ел аузында жүрсе, ақынға одан асқан бақыт бар ма? Осы сөзімді ешқашан есіңнен шығарма! – деді көңілденіп. Қолымды алып, арқамнан қақты. Бізді алып жүрген оқу орнының директоры осы оқиғадан кейін маған ерекше ықылас тынытып, ілтипат көрсете бастады. 

Біз сол күні Шәуілдірден Шымкеттегі қонақ үйге кеш оралдық. Шымкентте тұратын белгілі кәсіпкер, жан досым Әлішер Толыбаев телефон шалып: 

– Мына күннің ыстығында Шәуілдірде не бар? Бұрын көрмеп пе едің? Ертең өзімізге, жақсы жерге бір күндік арнайы бағдарлама жасап қойдым. Әкімшіліктің өмірі бітпейтін ұзын-сонар жиналыстарына бармайсың. Таңертең қонақ үйдегі бөлмеңде қозғалмай отыр. Өзім барып алып кетемін! – деді. Мен Әлішерге жанымда Қадыр ағаның бар екенін, ол кісіден бөлініп кету ыңғайсыз екенін айттым. Әлішер екі сөзге келмей: 

– Қадекеңді де шақыр, ұятқа қалдырмаймын. Жақсылап күтеміз, қаншама адам дайындық жасап жатыр, – деді емен-жарқын. Мен Қадыр ағаға ірі кәсіпкер досыммен таныстыратынымды айттым. Бізді алып жүрген кісіні «мүлде босатайық» дедім. «Ертең досым келіп, бізді алып кетеді. Жақсылап қонақ қылады. Содан ары Алматыға өзі шығарып салады» деп Қадекеңнің келісімін алдым. 

Ертеңінде ерте қонақ үйдегі бөлмеме шымкенттік жас ақын Бақытжан Алдияр іздеп келді. Екеуміз әңгімелесіп отырғанбыз, Әлішер Толыбаев досым келді. Мен Қадыр ағаны Әлішермен және Бақытжанмен сол жерде таныстырдым. Досыма өтініш жасап, Бақытжанды да өзімізбен ерте кеттік. Ұмытылмас күн болды. Көліктің ішінде бара жатып: 

– Әлішер сен бақыттысың. Қазақ поэзиясының үш буын өкілін қонаққа алып барасың! – дедім риза көңілмен. – Менің қандай ақын екенімді өзің жақсы білесің, мына қасымдағы екі ақынды айтсай, ақын болғанда қандай, ақындар! – Жұмыстан қажып, шаршап-шалдығып жүретін досымды сәл де болса сергіткім келіп, – Міне, Қадыр ағамыз аңызға айналып кеткен ұлы ақын, аға буынның өкілі, мен орта, ал Бақытжан жастардың арасынан топ жарған талантты, поэзияға өзіндік үнімен келген жас ақын. Бұл Бақытжан, өзіңнің бауырың, бұл да өзің секілді Шанышқылы Бердіқожа Баһадүрдің ұрпағы. Бұдан былай жаныңа жақын тартып, ақын бауырыңа көмектесіп жүр, Әлішер! – деп тапсырдым. Ой-хой, сол күнгі демалысымыз, кейін аңызға айналды. Қадыр аға кездескенде: «Шымкенттегі Әлішер досың қалай?» деп көпке дейін сұрап жүрді. Бақытжан Алдияр да сол күнгі демалысымыз жайлы өз қатарластарына әлі күнге дейін айтып жүретінін білемін. 

Әлем елдерінде ақындардың әрбір ісі, әрбір сәті қағазға түседі. Кейін тарихқа айналады. Өркениетті елдердің барлығында осындай үлкен мәдениет бар. Ал бізде ондай мәдениет әлі толық қалыптаса қойған жоқ. Тіпті шынайы тарихымызды да толық жаза алмай жатырмыз. Ақын да, жазушы да періште емес, қарапайым жұмыр басты пенде. 

Бірде Кеңес Дүйсекеев пен Қадыр Мырза Әлі үшеуімізді Түркістан қаласының ән ұранын анықтауға қазылар алқасының мүшелігіне шақырды. Бірге барып қайттық. Жол бойы әдеттегідей емен-жарқын әңгіме. Арнайы шақырған түркістандықтар жақсы қарсы алды. У-шумен екі күніміз өте шықты. Қайтарда Арыс стансасына келгенде Қадекең пойыздан түсіп, киоскіден газеттер сатып алды. Купеге келіп, жайғасып алып, газеттерді оқып отырған:

Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте,

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте, – дейтін өлеңінен бастап, бүкіл поэзиясын қатты сынаған көлемді мақалаға көзі түсіп: 

– Айналайын-ау, мынаны қараңдаршы енді, мен қартайған, қажыған адаммын. Мынаның жазып отырғаны рас болса, онда менің өмірім босқа өткен болып шықпай ма? Қаншама жыл төккен тер, шеккен бейнет, тартқан ақындық азабымның өтеуі жоқ па? Мен не, «халтуршикпін» бе? Кім бұған жауап береді? Мынау мықты болса неге сендермен алыспайды? – деп көңілі босады. Мен: «қайдан ғана, мына құрып кеткір газеттерді сатып ала қойды екен?» деп қараптан қарап қысылдым. «Кім не десе, о десін, сіз – ұлы ақынсыз!» деп өзімше жұбатқан болдым. Кеңес ағам үнсіз. Тура бір қаралы хабар естігендей көңіл күйіміз түсіп кетті. Қадыр ағаның жанарындағы мұңды байқап, менің де жүрегім қатты ауырды. Өзімнің алдағы ақындық тағдырымды ойлап, мұңға баттым. «Қартайғанда Қадыр ағамыздың көрген күйі мынандай болса, менің ертеңгі күнім не болмақ?! – деп көңілім құлазыды. 

Өмір болған соң Қадекеңнің достары да, қастары да, көре алмайтын күндеушілері де аз болған жоқ. Достары ақынның ерекше талантын сыйласа, ал дұшпандары ешкімге сыр алдыра қоймайтын мінезін, алғыр қабілетін, таңғаларлық еңбекқорлығын мүлде көре алмайтын. Бірақ, Қадыр аға алтын уақытын текке өлтірмей, әрбір сәтін тиімді пайдаланатын. Оның қызығын бүгін елі, туған халқы көріп отыр.

Тіпті, ол кісінің қарапайымдылығы сондай, азық-түлік алуға апта сайын базарға өзі баратын. Онысы күні бойғы оқудан, жазудан қажып, бой жазуға шыққан сәттері ғой. Қолына тор сеткасын ұстап алып, картоп, қияр, помидор таңдап алып жатқанына кейде қайран қалатынмын. Оны көрген сатушылар: «Қадыр аға, менікін ал, менікін ал!» деп ұлардай шулап кететін. Базарда қаз-қатар тізіліп тұрған небір мөлдіреген қаракөз қарындастарымыз Қадекеңнің өзінен бір зат болса да сатып алғанын қалайтын. Бірақ ағамыз, олардың сөздерін естімегендей өзіне керегін асықпай таңдап жүретін. Кейде базардағыларға әзілдеп, көңілдерін көтеріп кететін. Мен осының барлығын ағам керек заттарын алып болғанша, көлігімде сырттай бақылап отыратынмын.

Бірде Қадыр аға екеуіміз Сейділда көшесіндегі үйінің алдында машинаның ішінде әңгімелесіп отырғанбыз. Жаңбырлы күн еді. Бір кезде Салтанат апам екі шелек суды көтеріп жанымыздан өтіп бара жатты. Жаңбырдан көліктің әйнектері буланып кеткен, бізді мүлде байқамады. Апамызға амандасайын деген ниетпен есікті ашуға оқтала бергенімде, Қадыр аға қолымнан шап беріп: 

–Жалпы есіңде болсын, мен әйелдің «амортизациясын» толық пайдаланатын қазақпын, – деді. Ағамның қалжың сөзіне еріксіз күлдім. Салтанат апа екі шелек суымен машинаның алдынан бізді байқамай өте шықты. 

Қасында көп жүргендіктен Қадекеңді бір кісідей білемін. Әсіресе өмірінің соңғы кезеңін өте жақсы білемін деп айта аламын. «Қадыр сараң, пәлен-пәштуан» деп жұрт айтып жүрген өсек-аяңдар мүлде шындыққа жанаспайды. Мен білетін, мен көрген Қадыр Мырза Әлі өте жомарт, адамға жаны ашитын, халқын шексіз сүйетін, ойланбай бір сөз айтпайтын, өте зиялы, парасатты жан болатын. Кейінгі ұрпаққа ақынның азаматтық тұлғасы, кісілік келбеті, ұлтжандылық қасиеті, адами болмысы керемет үлгі-өнеге болары анық. Оның ізгілік пен сұлулыққа суарылған жан дүниесі тілдескен адамды еріксіз баурап алатын еді.

Бірде «Қазығұрт» баспасының басшысы, белгілі ақын Темірғали Көпбаев Қадыр ағаны алдыға салып үйге келді. Баспаға қомақты қаражат қажет екен. Қолдарына ұстата қоятын соншалықты көп ақша болмағандықтан, өзімнің тұрып жатқан жекеменшік үйімді банкке кепілдікке қойып, керек қаражатын алуына көмектестім. Қадыр ағаның бір ауыз сөзіне бола келісімімді бердім. Бұл жерде маған ешқандай да қаржылық пайда көзделмегенін оқырманға ескерткім келеді. Тек, Қадыр аға мен Темірғалидың көңілдерін қимағандықтан тәуекелге бардым. Темірғали да азамат екен, банктен алған несиесін дер кезінде қайтарып, біздің үйдің құжаттарын келісілген мерзімде қолымызға тигізді. Қазір ойласам, сол бір кез адамдардың бір-біріне деген сенімі әлі де жоғала қоймаған уақыт екен ғой. Бұл оқиға кеше ғана болса да, адамдардың уәдеге беріктігі, бір ауыз сөзді жерге тастамай, аға-іні болып өзара сыйласқанының жарқын көрінісі болса керек. Бүгінгі күннің биігінен қарасам, дүние-мүлік үшін ағайындылар бір-бірінің жағасынан алып, соттасып, тіпті бірінің жанын бірі қиып, түрмеге түсіп жатқанын да күнделікті естіп-біліп жүрміз. Қадыр аға мен Темірғали үшеуіміздің сол ісіміздің абыроймен аяқталғанына қазір шын қуанамын.

Мен елуге толғанда Қадыр Мырза Әлі бастаған бір топ ақын-жазушылар – Дулат Исабеков, Темірхан Медетбеков, Әшірбек Сығай, Исраил Сапарбай, Рафаэль Ниязбек, Қазыбек Иса, Жарас Сәрсек, «Муз-арт» тобы, Роза Әлқожа менің туған өлкеме бардық. Оңтүстіктегі кездесуіміз Бабайқорғаннан басталды. Осындағы мектепте өткен кездесуді Әшірбек Сығай жүргізді. Алғашқы сөз Қадыр Мырза Әліге берілді. Мерейтойыма арнайы келген осы зиялылар әкем отырған біздің қарашаңырақта қонақта болды.

Бабайқорғаннан соң кездесу Кентау қаласында өтті. Қадыр аға сондай бір ризашылықпен: 

–Мынандай құрмет ақындарға күнде көрсетілмейді. Еліңе сыйың бар екен, айналайын! – деді. 

Кентауда жерлестерім ат мінгізді. Жұрттың көзінше: 

– Бұл тұлпарды қазақ поэзиясының классигі Қадыр Мырза Әліге тарту етемін! – деп алдыма кесе көлденең тартқан сәйгүлікті біздің елдің атынан Қадекеңе сыйладым. Бірге барған ақын–жазушылар қаумалап, бірі аттың жүгенінен ұстап, бірі ағамызды қолтығынан демеп атқа мінгіздік.

Қадыр аға өмірінің соңғы сәтінде «жедел жәрдеммен» ауруханаға кетіп бара жатып, қалта телефонынан қоңырау шалды: 

– Қасымхан, айналайын, «жедел жәрдем» алып барады. Ауруханаға қажетті ұсақ-түйек нәрселер керек еді. Сен соны алып, тезірек келші! – деді. 

Айтқан заттарын алып, ауруханаға барсам, дәлізде палатасының есігін кілттейтін кілтті таба алмай қалтасын қарманып тұр. Қасындағы ұзын бойлы мейірбике қыз арбаға жатқызып алып кетпекші болып, күтіп тұр екен. Мен кілтті алып, палатасының есігін жаптым. Ол кезде осы аурухананың бөлмелерінің есіктері құлыптанатын. Әлгі мейірбике орыс қызы: 

– Сізге жүруге болмайды. Арбаға жатыңыз! – десе де Қадекең: 

–Қасымхан екеуміз қатарласып жүрейікші. Өмірде талай бірге жүріп едік қой, айналайын! – деп менің қолымнан ұстап, шыға беріс есікке дейін қатарласа жүріп келдік. Сонда қайтып мені көрмейтінін сезді ме, құшақтап, ағалық алғысын айтып, шынайы ризашылығын білдірді. «Асыл ағамыздан аңдаусызда айырылып қаламыз-ау»,- деген ой сол сәтте менде мүлде болған жоқ. Сол күні Астанаға жол жүріп бара жатқан едім. Бірге баратын адамдармен еш алаңсыз кете бардым. Астанадағы күндерім абыр-сабырмен өте шықты. Көмекші қызыма: «Қадыр ағамның керек-жарағын күн сайын жеткізіп беріп тұр»,- деп тәтпіштеп тапсырып кеткенмін. Мұны ағамызға да хабарласып, ескерттім. Көмекші қыз күнде ауруханаға барып, халін біліп, ас-суын, керек-жарағын жеткізіп тұрды. Екі-үш күннен кейін Салтанат апам хабарласып, Қадыр ағаның жансақтау бөліміне түсіп қалғанын айтты. Апамның дауысы дірілдеп, қатты қобалжып тұрғаны байқалды:

– Айналайын Қасымхан, сенен басқа ешкімнің телефонын білмейді екенмін. Ағаңның жағдайын Иманғали Тасмағамбетовке шұғыл жеткізсең жақсы болар еді, – деп өтініш білдірді. Мен Иманғалидың көмекшісі Жүнісбек Сұлтанмұратовқа қоңырау шалдым. Ол телефонын көтермеген соң, сол тұста «Астана» журналының бас редакторы қызметінде жүрген Мақсат Тәжімұратқа хабарласып, Иманғали Тасмағамбетовке осы жайды шұғыл жеткізуді өтіндім. Ол тез арада Иманғалиға хабар беріпті. Имекең бірден тиісті орындарға тапсырма беріп, Қадыр ағаның жағдайын өз бақылауына алды. Бірақ, өкінішке орай, Қадекеңнің беті бері қарамады.

Халқымыздың мақтанышына айналған ел ардақтысы, дара дарын, кемел тұлға, асыл ағамыздан қас қағым сәтте айырылып қаламыз деп кім ойлапты?! Құлан таза сауығып, ортамызға қайта оралатындай көрінген. Амал нешік, Алланың әміріне қарсы тұрар кім бар дейсіз?! 

Қадыр ағамыз өмірден өтсе де, рухани құнды қазынасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халқымызбен бірге мәңгі жасай беретіні анық. Жан дүниеңді баурап, көңіліңді ерекше сезім мен асқақ та, мұңлы күйге бөлер мол мұрасы ұлттық мәдениетіміздің алтын қорына қосылған қомақты үлес, халқымыздың баға жетпес мәдени-әдеби байлығы. 

«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп Абай атамыз айтпақшы, дара дарынның өнегелі өмірі мен жарқын бейнесі өзі қадір тұтқан халқының жадында мәңгілік сақталады. 

Қайран, ұлы жүректі Қадыр аға, шыбын жанымыз кеудемізде тұрғанда біз де сізді ешқашан есімізден шығармаймыз! Есіміңізді әспеттеп, әркез сағынышпен еске аламыз! Тигізген шарапатыңызды, көрсеткен үлгі-өнегеңізді, жүрекке жылы тиер мейірлі сөзіңізді жыр қылып айтудан жалықпаймыз! Бұл біздің Өзіңізге деген шексіз сүйіспеншілігіміз, шынайы құрметіміз, інілік парызымыз!

Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа, жаныңыз жаннатта болсын!

Рухыңыз пейіштің төрінде шалқысын, Жан Аға!


Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...