Өтен Ахмет. Арғы жақ пен бергі жақ

ӘДЕБИЕТ
3274

Қолымда марқұм Қуандық Шамайхайұлының өзі дайындап, бірақ көре алмай кетсе де, қалың оқырманға жол тартқан екі кітабы: «Шөлейт жақта» және «Менің сатып алған күйеуім». Мәдениет және Спорт министрлігінің тапсырысымен «Дәуір» баспасынан үш мың таралыммен жарық көрген. Ұлттық академиялық кітапханада өткен тұсаукесерде осы көркем жәдігерлерге менің де қолым жеткен еді. Оқып қана қоймай, түсінгенімше, пікір білдіруді өзіме парыз санадым. 

«Шөлейт жақта» кітабына автордың төл шығармалары, «Менің сатып алған күйеуім» кітабына аудармалары еніпті. Мені алғашқысындағы әңгімелері қызықтырды. Жазушы еңбегін өмірбаянынан бөліп қарауға болмайды ғой. Өмірбаяны неғұрлым бай, күрделі болса, шығармалары да соған сәйкес айтары мол мазмұнды боп келеді деген түсінік бар. Қуандық Шамахай Моңғолияны да, бүгінгі Қазақстанды да жақсы білді. Моңғолияда туды, ержетті, базалық білім алды, атажұртым деп аңсап келіп Қазақстанның халыққа білім беру саласында ұзақ уақыт еңбек етті, ғалым атанды, азаматтық танымал деңейге көтерілді. Бастан өткен өмір адамға ой салады. Ой өрнектері оның шығармаларынан көрінеді. Мысалы, Қуандықтың «Шөлейт жақта» деген әңгімесі жасында өзі куәсі болған, қалың моңғол арасында өмір кешкен жалғыз-жарым қазақ тағдырына арналған. Автор сөзімен айтқанда «Алтай тауы өңірінен екімыңнан астам шақырым шалғайдағы ішкергі шөлейт аймақ...». Көшуге бет алғанда ағайынның айтқаны бар: «Жат жұрт қой. Балаларың моңғол болып кетеді. Тілді, дәстүрді ұмытады...» Айтқандай, қалың моңғол іші. Сол ортаға тап боған бірлі-жарым қазақ тағдыры енді не болар екен деп ойланып қаласың. Секемденетіндей түк жоқ екен, арақатынас қақ-соқсыз, тілге, дәстүрге қысым жоқ. Аз қазақтар өзара еркін. Бірі үшін бірі қоң етін кесіп бергендей тату. Бекет басындағы қазақ отбасы осында жолаушылап келген әрбір қазақ үшін өз үйіндей. Түн ортасы болса да есік қағып келе береді. Қонып кетеді. Шығарманың басты кейіпкері әңгімеші бала осындай-осындайларды көре жүріп қан, тек, ұлт деген киелі ұғымдардың мәніне ден қоя бастағандай. Сол себепті де оны Қасен ағасының басындағы жалғыздық қатты күйзелтеді. Қасен ағасы қой аузынан шөп алмас момын, қыздарға қыры жоқ. Қу тізесін құшақтап жалғыз өтетіндей. Жоқ, олай болмады. Бірде техникум бітірген есепші маман Алтыншаш деген келіншек келе қалады.Түсік тастай бергендіктен байдан бағы жанбаған мұндар екен. Осындағылар оны Қасенге қосады. Көктен тілегені жерден табылып, әңгімеші баланың қуанышында шек жоқ. Өйткені Қасен ағасы ақыры бақытын тапқандай. Әттең, жазмыштан кім озған. Көп ұзамай Алтыншаш көлденең келген ауыр дерттен бақилыққа аттанады. Қасен Алтыншашын ұмыту үшін қой бағуға кетеді. Бұл екіортада еңбек шартының үш жылы бітіп, сондағы аз қазақ отбасы жаңадан ашылған шахтер қаласына бет алғалы тұр. Қасен болса жесір қалған бір қалқа әйелмен тұрмыс құрған еді. Оған машинадағылар қойыңды қораға қамап таста да, бізбен бірге жүр дейді. Жоқ, дейді Қасен, келіншегім ай-күніне жетіп отыр, қалқа қызынан болса да ол менің ұрпағым. Не көрсем де енді осы шөлейт жақта қаламын...

Соңғы көрініс: «Машина алыстаған сайын бір орнында тапжылмай тұрған Қасен кішірейе түсіп, біртіндеп қарайған нүктеге айналды да, көзден ғайып болды. Көк мұнар тартқан шөлейт дала артымызда бар сырын ішке бүгіп, үн-түнсіз көсіліп жатты». Бұл - әңгімеші жас кейіпкердің Қасен ағасымен қоштасуы ғана емес, қазақтың аптал азаматының қаны, тегі бөлек ортаға жұтылып бара жатқанына деген өкініші. Ащы ой бірден дың етіп сенің де миыңа соғады, автордың «шөлейт жағы» жұтаң жер бедері ғана емес, символдық бейнеде алынған аздың көпке жұтылатын ортасы да екен ғой дейсің іштей күрсініп. Иә, «Көп қорқытады, терең батырады» демей ме мақал. 

«Сол бір сағым жыл» әңгімесі алғашқы махаббат жайында екен. Ұлты қалқа Ою мен Мейрамбектің достығы мектепте басталып, ержете келе шынайы сезімге ұласқандай. Бірақ екі жақтан да әке-шешелері қарсы. Үлкендер үшін махаббаттан да жоғары құндылықтар бар. Олар тұқымдарының басқа ұлтқа сіңіп жоғалып кеткенін қаламайды. Әлдебір әлемдік түсінік тұрғысынан артта қалған кертартпа деп, тағы бірдеңелерді қосып оларды сол үшін айыптаса болатындай. Алайда жаратылыстағы әрбір жанды, жансыз өз тұқымын сақтап қалу үшін күресетінін ескерсек, олардың бұл әрекетінде өз шындығы барын мойындауға да тура келер. 
Бәрібір адамға біткен жақсы көру сезімі қан, тек, ұлт деген ұғымдарға қарамайды-ау. Оюдың махаббаты сондай. Жылдардың салмағы оның Мейрамбекке деген шынайы сезіміне дақ та түсіре алмапты, суыта да алмапты. Бірде сабаққа дайындалып отырып оңаша қалған екеуі бір төсекте қонып та шыққан болатын. Ыстық жас қан қойсын ба, құшақтасқан, күйіп-жанған. Бірақ Мейрамбек ала жіпті аттамаған. «Жігіттің мықтылығы оңды-солды шашылғанында емес, нәпсісін тыйып ұстай білуінде» дейтін атам Қазақ өсиеті бар. Мейрамбектің асылдығына тәнті болған сезімтал Ою осы бір көзден бұбұл ұшқан қайталанбас сәтті жиі-жиі еске алып, оны өмірбойы ойша іздеп те, аңсап та өтеді. Жастай қатар өскен құрбысы Чимэг Мейрамбектің хабарын білдім, телефон нөмірін, скайпын алып сенімен дереу байланыстырам дегенде, Ою Мейрамбекті мәңгі сүйетінін шала-шарпы айтуға ғана жарап, бақилық болып үзіліп кетеді... 

Өз басым Қуандық Шамахайды журналист, ғалым деп білетінмін. Тақырыбы, мазмұны, кейіпкерлерінің тағдыры мен мінез-құлықтары ерек келетін әңгімелері бірінен соң бірі жариялана бастағанда, кәдімгідей таңырқап қалғанмын. Қуекеңді жақын білетіндер де, сырттай білетіндер де сондай күйде болған болса ғажап емес-ау. Иә, әдебиеттің күні өтіп барады, оқырман азайды деп жүргенімізде Қуандық қаламынан шыққан көркем дүниелерге құмартушылар қатары көптігіне көз жетті. «Мәдениет порталы», «Әдебиет порталы» сайттарында қай шығарманы қанша адам оқығаны тайға таңба басқандай көрініп тұрады ғой. Осы жарыста ол жазған әңгімелер ылғи да көш бастайтын. Жинаққа енген сол дүниелерін шартты түрде арғы жақ пен бергі жақ деп екіге бөлген едім. Моңғол топырағында туған кейбір әңгімелерін шама-шарқымша талдап шықтым. Енді бергі жаққа өтіп, Қазақстан топырағында туған әңгімелеріне көз бен көңіл жүгіртіп көрейін. Олары «Ұтыс ойыны», «Суыт хабар», «Залым», «Шалдың шаруасы», «Пейіштен» безген бейбақ», «Шөрік ағай», «Сынақтан сүрінген адам» деген т.б. әңгімелер. Фон – қазіргі қоғам, кейіпкерлер бүгінгі болып-толған қазақтар. Солардың бірі – Жағыпар. Ол «Ұтыс ойыны» және «Суыт хабар» деген екі әңгімеде көрінеді. Осының алғашқысында ол үлкен лауазым иесі. Ал жасында Жағыпар да қатардағы қарапайым көптің бірі болатын. Биліктегі ірі, ықпалды кісінің байсырап отырған қызына үйленіп тасы өрге домалай жөнеледі. Одан екі баласы болса да, қазір аралары суыған. Әйелі балалармен шетелде бөлек тұрады. Жағыпар болса өмірдің бар қызығын қызметтік лауазымнан, жас қыздармен болатын төсек ләззатынан іздейтіндей. Пейілі таза емес. Мәселен, ауырып жатқан үлкен бастығына ем қонар түрі байқалмайды. Оңалар-оңалмасы белгісіз. Соны мегзеп көп көңілдесінің бірі Гүл – мисс «Сенің төбеңнен қарайтын ана бастығыңның кешікпей жаназа намазына баратын шығармыз, оның орнын сен өзің басуың керек. Мен үлкен кісіге құлаққағыс жасаймын», деп дәмелендіріп қойған. Гүл – мисс өзіне дейін талай шонжарлармен әуейі болған атақты сылқым. Өзінің көркі мен қылығына сенген ол қалталы жігіттерді қолғапша айырбастап келген. Жағыпардан туған ұлы бар. Жағыпар облысқа әкім болған кезде шетелдерден келетін инвесторлармен екіараға делдал болып байып алған. Ол Жағыпардың сұлу ұйғыр келіншекпен, студент - мисс қызбен де әмпайы екенін біледі. Білсе де білмеген болады. Өйткені бұл ортаның жазылмаған өз заңы бар. Адамгершілік, дені сау ой-сана, парасат атаулыны ысырып тастаған. Бәрі ұтыс ойынына қатысушылар іспетті. Әлдебір блогер Жағыпардың бұрынғы қызметіндегі былықтарын қазбалап одан ақша бопсалайды. Жағыпарды шал санайтын Гүл-мисстің тегеурінді жас жігіті бар. Ол пара үстінде ұсталып басына қара бұлт үйірілген. Гүл-мисс оны құтқаруды Жағыпардан өтінеді. Осылайша оқырман олардың ұтыс ойыны сияқты аярлық іс-әрекеттерінен халықтың тіршілігіне жауап береді, ертеңге даму жолын белгілеп, көш бастайды дейтін ел сенген адамдардың бүгінгі бет сықпытын көреді, моральдық қуыс кеуде арамдығын таниды.

«Суыт хабар» деген әңгімесінде де сол Жағыпар. Үш қабатты салтанатты сарайында жалғыз қалған. Себебі «...лауазымдық қызметін пайдаланып, мүлік жинап қоңданған байлардың көбі жиған-тергендерін шетелге апарып тығуды әдетке айналдырған. Өзінен жоғары тұрған әлдебіреуге жақпай қалса, істі болып абақтыға жабылуы да әр қадам сайын төнетін ең ықтимал қауіп». Сондықтан да оның қатын бала-шағасы елдегі кодтеджінен де қымбат һәм көрікті Лондонның қақ ортасынан сатып алған меншік үйінде тұрып жатыр. Олар өзінше, бұл өзінше. Бірақ бойында бұрынғыдай құлшыныс жоқ. Аң қаққан саят, алдына келген шетелдік небір жеңсік дәм, қымбат ішкіліктер, осының бәрін ұйымдастырып, Жағыпардың арқасында жоғарылап тағы өссем деп есеп құрған Тастемірдің қаратасты да жібіткендей асқан шеберлікпен орындайтын жағымпаздық қызметі, оны айтасыз қайтсем көңілін табам деп қонышынан кіріп, қойнынан шығып жүрген қуыршақтай жап-жас студент - мисс те Жағырпардың бойына құштарлық қуат беріп жанын жадыратпақ түгіл, селт еткізбейді. Шын дос жоқ. Сылқым сұлулардың бұдан не іздейтіні белгілі, алсам, пайдасын көрсем ғой. Қыл аяғы өз әйелі мен бала-шағасы да жатқа айналған. Лауазым, атақ, асып төгілген байлық – бәрі бар, бірақ өзін міскін сияқты сезінеді. Жағыпар қанша ойланса да өзінің де, айнала төңірегіндегілердің тіршілік – әрекетінен де мән таппайды. Бұл фәниде неге жүр, не үшін жүр? Атылып өледі Жағыпар...

Осы аттас әңгімедегі Шөрік ағай да сыбайластық пен беркетсіздіктің символындай бір керемет жан. Авторды оқиық: «Біздің орталықтағы қаптаған ғылым кандидаттарына қарағанда аты да, заты да биік адам. Бірақ ғылыми бейілі мүлде басқа саланыкі. Біз биохимия бойынша ғылыми-зерттеу орталығымыз ғой. Ал ол кісі филология ғылымының докторы, қызыл сөздің майын тамызған профессор». Айтса айтқандай, ұжыммен алғаш танысқанының өзі Қабатовтың әзілін он орап алғандай екен. Оқиық: «Кітап оқыңдар. «Кітап – білім бұлағы» деп текке жай айтыла салмаған ғой. Көп оқу керек. Қазіргі заманда Сәбеңді оқымасаңдар – санасыз боласыңдар. Мұхаңды оқымасаңдар – мұрттай ұшасыңдар! Ал Құсекеңді оқысаңдар –құстай самғайсыңдар!» Осылайша жиналғандарды естен тандырып алып, жұмыс істегені де қызық. Таңертең інге кірген тоқ суырдай кабинетіне сүңгиді де, содан қайтып қарасын көрсетпейді. Алдына қағаз келеді, түсінбейді, бұл не деп сұрап әшкере болмас үшін мықшиып отырып қол қоя салады. Мұндай сауатсыз бастық арамза қорқаулар үшін таптырмас жем ғой. Солай болды. Алмаса да, жемесе де жазықсыз сотталып кете барды байғұсың. «Жазықсыз» дейміз –ау. Дұрысында, бұл жерде, жазықты кінәлілер жоқ емес қой, бар ғой. Біріншісі, ел қызметін коррупция мен трайбализмге құрған кейбір қолына билік ұстаған сауатсыз, ниеті жаман ашкөздер болса, екіншісі, осы қолымнан келе ме деп ойланбастан, әйтеуір бастық болсам болды деп, тамыр-таныстық жолмен жайлы креслосы бар жерге қиналмай бара беретін, оқымай-тоқымай-ақ, еңбек тәжірибесінен өтпей-ақ ғайыптан пайда бола кететін Шөрік ағай сияқты кадрсымақтардың өзі. Басқаша айтсақ, білім-білігі кем, мәдениеті жетілмеген шикі қоғам...

Білдей ректор еді Ниетқали. Отыз жыл отасқан жұбайын тастап, студенті Жайнагүлге үйленеді. Ақырында қызметтен де, абыройдан да айрылып, құр сөз сауғаннан басқа қолынан басқа келері жоқ болғасын, көшеге шығып қайыр сұрап кетеді. Бұл орта сондай, қулық-сұмдық, алдау-арбауды өнер еткен. Жайнагүл сияқты сол өнерді жақсы меңгергендер сынақтан өтеді, ректор Ниетқалиы сияқты жалған беделге, еңбексіз оңай табысқа малданғандар сүрінеді. Бұл – автордың «Сынақтан сүрінген адам» деген әңгімесінің түйіні.

Надира, Рәбия, Байбөрі «Той үстіндегі ой» деген әңгіменің кейіпкерлері. Музыка әлемінің қайраткерлері. Алайда талант пен адамгершілік, әділдік, ар-ұят деген ұғымдар үйлесе бермейді екен. Мұнда да сол - дос құрбыны алдау, сатып кету, біреудің еңбегін пайдалану арқылы атақ алу, мансапқа жету. Ауылдан шыққан кешегі шөпжелке Рәбия қаладағы атағы дүрілдеп тұрған белгілі музыкант Байбөрі арқылы оқуға түседі, әуелі көңілдесі болады, ақыры тиіп алады. Байбөрі арқылы талай жерде талантты Надираның еңбегін пайдаланады. Жылдар жылжыды, егделік келді. Бірақ ел-жұрт қанша атағы болса да Надираны білмейді, атағы жоқ, бірақ шығармалары көпке ұнаған Рәбияны біледі. Өйткені халық тұлғаларды биліктен алған атағымен емес, артында қалдырған шығармашылық мұрасының сапасымен бағалайды ғой.

Жазушы моңғол жеріндегі қазақ өмірі мен тәуелсіз, егеменді елдегі қазақ өмірін әдейі салыстырайыншы демеген шығар, кім білсін. Жазушы көргендері мен естігендерін ой елегінен, жүрек қантамырларынан өткізіп барып жазады ғой. Мен ғой, арғы жақ пен бергі жақ деп әңгімелерін шартты түрде екіге бөліп отырған. Жалпы, қай суреткердің де, қай жанрдағы болмасын туындысы, махаббат деген асқақ ұлы ұғымнан бастау алады емес пе. «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деп хакім Абай бекер айтпаған болар. Суреткер осы ұлы махаббатты өзі өмір сүрген қоғамнан, ондағы адамдардың қарым-қатынасынан іздейді. Тапқанынша сипаттайды. Оны қалай қабылдайды, қандай ой түйеді, ол – оқырманның өз шаруасы. Сол міндетіммен мен Қуандық Шамахайдың моңғол қазақтары туралы әңгімелеріне үңілгенде, қолында байлығы да, лауазымы да жоқ, жай қарапайым, соған қарамастан көпке жұтылып жоғалып кетуден барынша қорғанып, ата дәстүрін сақтаған, бір-біріне туғанындай қамқор болған мейірімді қазақтарды көрдім. Егеменді елдің қазақтары туралы әңгімелеріне қанша үңілсем де, ондай жандарды таппай-ақ қойдым. Бұлардың белсенділіктері біртүрлі өзі. Шетінен байлық қуған, лауазым қуған. Сол жолда алдау-арбау, бопсалау, өтірік жала, күш көрсету – бәрін қолданады. Ең бастысы содан өзіне пайда тапса болды. Тіпті ер мен әйел арасындағы жаратылысқа тән махаббаттың өзі табиғилығынан айрылған, зат сияқты сауда обьектісіне айналған. Жас қыздар қалталы, беделді шалдар арқылы мақсатыма жетіп алсам десе, шалдар жас қыздарды құмарлық ойыншығы көретіндей. Осыдан кейін махаббат бар ма деген мәңгі сұраққа тағы бір ораласың. Ораласың да әр кезде, әр ұрпақ әртүрлі айтатынын ойша екшейсің. Адам санасын нарық заңы - дүние бәсеке жаулап алған заманда жүрекке билететін нәзік сезімдерге орын жоқ дейді біреулер. Өйткені бәрі сатылады: сұлулығың, жастық қызығың. Бес рет, он рет қатын алғанның немесе байға тигеннің несі махаббат, пайда ойлаған өзара есеп, әрі кеткенде өтімді тауар шығар. Ендеше қоғамда жезөкшеліктің, педофилдіктің өршіп кетуінің бір себебі еркек пен әйел қарым-қатынасының тауарға айналуының салдары десек, қателесе қояр ма екенбіз. Тура айту ыңғайсыз, айтпасыңа да болмайды. Осы таяуда, ақпарат құралдарында, он бір жастағы үш бала он жастағы бүлдіршін қызды жабыла зорлапты деген хабар желдей есті. Сұмдық қой. Ал бұл сұмдықты әйел-еркек арақатынасын тауарлық деңгейде көрсететін, әңгімелейтін телеарналар, әлеуметтік желілер қызметінің нәтижесі болуы да мүмкін-ау деген болжам айтсақ ше, бұған кім қалай қарар екен? Әрине, адамдар әртүрлі: тәрбиесі, білім-білігі, өмірлік тәжірибесі, жас мұғдары жағынан. Соған орай жауаптары да бір-біріне қарама қайшы сан алуан болары сөзсіз. Ондай жамыраған көп үнді бір пәтуаға келтіру қолымнан келмес. Сондықтан қайтып шықпас тереңге бас сұғып босқа әуре болғанша, осы арада Қуандық Шамахай әңгімелерін оқудан туған ойларымды түйіндеп жібермекпін. Әль Фараби айтқан әділетті қоғам арман шығар, Абай айтқан сапалы толық адам қиял шығар. Алайда, ақиқаты сол - әділ қоғам орнамай сапалы толық адам қалыптасады деп күтуге де, әртүрлі ұрандар тастап тыраштануға да әзірге негіз жоқ екен. Қуандық Шамахай қаламынан туған арғы жақ пен бергі жақ туралы әңгімелерінен мен тапқан қорытынды осы. Басқа оқырмандары қандай ойда, қажет деп тапса, оны өздері айта жатар.

Өтен Ахмет, Мәдениет саласының үздігі.


Оқи отырыңыз: Қуандық Шамахайұлының «Мәдениет порталына» өзі ұсынған 5 әңгімесі




                                                            
author

Қуандық Шамахайұлы

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...