Асан Қайғы Алатауға келгенде:Түні суық, күні ыстық жер даласы,Ананың емшегіндей сай саласы.Төр...
Сафуан Шаймерденов. Ақын мен қайыршы
Майданнан Совет Армиясының офицері болып оралған менің бір досым соғыстан кейінгі жылдарда журналда істеді. Екеуміздің танысып, достасып кеткеніміз де сол кез. Бірге жүреміз, бірге тұрамыз. Не көп бізде? Арман көп. Ақын болсақ дейміз. Жазушы болсақ дейміз. Әрине, арман жетегінде салақтап бос жүрмейміз. Роман жазсақ деп қиялдаймыз. Шіркін, ақын атансақ, жазушы атансақ, Жазушылар одағына мүше болсақ деп емешеміз үзіледі.
Бір күні екеуміз, анау болсақ, мынау болсақ – деп көкшін базардың төңірегінде Максим Горький көшесімен жай басып келе жаттық. Ерсең-қарсаң ағылып жатқан жұрт. Анадай жердегі тал түбінде бір қайыршы отыр. Алдында жаюлы қалпағы. Өткенкеткенге қолын жаяды:
– Шиеттей балаларым бар еді, қайыр-садақаңыздан қағажу қалдыра көрмеңізші...
Біреу қарамай өтеді. Біреу: «жұрттан ақша жинап арақ ішеді, сол үшін отыр», – деп, күңкілдеп өтеді. Сыңғыр еткізіп бақыр тастайтындар да бар. Ағаш аяғына мініп алып тепеңдеп отырған қайыршыға біз де жақындай бердік. Сол кезде жарықшағы көп барлыққан дауыс шықты:
– Будь великим поэтом, дай мне пять копеек!
Досым шалқалап тұра қалды да, пиджагінің ішкі қалтасынан жиырма бес сомды суырып алып, қайыршының қалпағына тастады. Ертеден қара кешке дейін отырса да түсіне енбейтін мол дүниені сол сәтінде қағып алып қалтасына ұрған қайыршы маңдайын жерге соғып шұлғып жатыр:
– Жақсылығың Құдайдан қайтсын. Балаларыңның игілігін көр! Ақындардың ақыны, данышпаны бол!
– Өй, жындымысың, не істеп жатырсың? Бір сом берсең де жететін еді ғой бес тиын сұраған қайыршыға, – дедім жиырма бес сомға жаным удай ашып.
Әлгі екі арада арманның қанатына мініп алған досым аспанға қарайды.
– Мұның аузына мынадай сөзді Құдай салып тұр . Әйтпесе, менің өлең жазатынымды қайдан біледі?! – деп болашақтағы ұлы ақыным болмайды.
Арада үш-төрт жыл өтгі. Досымның тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді. Ақын деген атқа ие болып, жұртқа таныла бастады. СССР Жазушылар одағына мүшелікке өтті. Тоқсан ауыз сөздің түйіні – ұлы – деген жалғыз ғана анықтамасы болмаса, қайыршы айтқан тілектің бәрі де жүзеге асты.
Мен Қарағандыда болып, ол Алматыда қалып көптен бері кездеспеген ескі достар жолымыз түсіп, тағы да көкшін базардың төңірегіндегі Максим Горький көшесімен баяғыша жүрмейміз бе... Баяғы қайыршы баяғы көк талдың түбінде денесін ағаш аяғына артып, баяғыша қолын созып отырмай ма... Біз өте бердік... Баяғы жарықшағы мол барлыққан даусы саңқ етті:
– Будь великим поэтом, дай мне пять копеек...
Мен баяғы қалпаққа бес тиын тастадым. Ал досым болса, қолын бір сілтеді де, ілгерілеп кетті.
Тегі, ұлылықтан менің әлі де дәмем бар да, ал болып алған ақыным күдерін үзсе керек.
«... Болғанға дейін тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің. Болғаннан кейін өзің ғана тілейсің», – деп данышпан Абай тегін айтпаған-ау, сірә...