Ақын Бақытгүл Бабаштың 7 өлеңі

ӘДЕБИЕТ
10444

Поэзия адамзат Рухының шынайылық пен шексіздікке ұмсынған қасиетті уілі. Поэзия - жан емі. 
Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап отырмақ. Оқырмандарға ұсынатын алғашқы ақынымыз - Бақытгүл Бабаш! Мархабат!


***

Есте жоқ: қашан, қай күні,
Кезіктім кенет өзіңмен.
Төгіліп гүлге таң нұры,
Төзімі үнсіз көз ілген.

Амал не, асау сезімдер
Үмітті көзін тез ілсе.
Сағыныш қалды көзімде
Оянам жылап, өзің ше?

Бақыт па, не бұл, сор, қайғы?
Қалдым мен үнсіз, шарасыз.
Өмір - бұл, мұнда болмайды
Жан-мұңсыз, жүрек - жарасыз…

Жетім жел үні таңда ызғып,
Жүрекке мұң боп тарады.
Әйтеуір шерлі жалғыздық,
Айналып мені табады.

***

Мұнар таудың басында,
манаураған Ай ма екен?
Бір көрінсе болмай ма
бізге бақыт?
Қайда екен?

Жанарыма-жұмыр жер, 
құшағыма-мына әлем,
Сыйып кетер
мейірлі құс-көңілдің
сыңары ем.

Қайырылған қанаты
қыранға енді не дейсің?
Қу дүние, әйтеуір
қайырымға кедейсің...

Мұнар таудың басында
мамыр ма екен, маусым ба?
Жүрегіме түскен жүк
төзімімді тауысуда.

Тамның бәрі қосым деп,
кімге ұйыпты күпір ой?
Жанның бәрі досым деп,
бір биіктік күттім ғой!

Құз басынан құлаған
қызды көрсең – мен шығар.
Жапан түзде жылаған
күзді көрсең – мен шығар...

Бір бақытты аңсаған
тағдырыма тайғанақ,
Мұнар таудың басынан
манаурайды Ай қарап...

***
Абайсызда жарға жығып кеткен ең.
Кешірім бе мені өксіткен?
Кек демен...
Талай сыздап, сыналғанда жүрегім,
Адасудың қасіретін шекті өлең.
Қалай сүйдім, солай енді жек көрем.

Тым биікке балап алып өзіңді,
Құлдырадым. Кім аяды сезімді?
Жан күйікке толып алды, төзім-күл.
Түк көрмейтін болып алды көзім бұл.
Әп-әдемі қиялымды қиратып,
-Сенсіз де өмір сүрем, - десең, өзің біл!

***
Құзғын-қайғы керіп қара қанатын,
Таусылуға айналғанда тағатым.
Сабыр деген сары алтыным сыр беріп,
Жанарыма қамалғандай қара түн.

Жаным жарқын жақсылықты аңсап бір,
Кірпігімнен үзіледі моншақ құр.
Жалғанымның бетпердесін ашып ем,
Жан-жағымды аш бөрілер қоршап тұр.

Біле алмадым: өңім бе бұл, түсім бе,
Қарманамын қалың тұман ішінде.
Жалғыз жылап, үнсіз келе жатамын,
Сорбұлақтың суатынан ішуге.

Жүзім-көктем, көңілімде күз менің,
(Көктемімнен күдерімді үзбедім).
Тірілерден бір таяныш таба алмай,
Өлең-оймен Өлілерді іздедім.

Өмір жолы боран болып ызғарлы,
Жүректерін жіберді ме мұз қарып.
Тірілер жүр Өлілердің мәңгілік,
Көріндегі тыныштығын қызғанып.
Солай…

***

Жерортада жолыққан жарығым-ау, жарығым!
Жаһанда жоқ жарқылмен жанарымды қарыдың.

Не істей алам сен үшін? Не келеді қолымнан?
Кешіреді бізді кім тайқып кетсек жолынан?

Кешіре ме бізді Аспан, бұлтпен бірге желген Күн,
Саған дейін жанымды қалай сақтап келгенмін?

Бәсі кеткен бұл ғұмыр тыңдар ма екен датымды?
Қасірет қой, ешкімге айта алмаймын атыңды!

Тебіреніп сөзіңнен мұң сіңетін реңім,
Тек ерінім күбірлеп, күрсінеді жүрегім.

Боп-боз еді дүние - базары боп келдің сен,
Менің мұңлы жырымның ғажабы боп келдің сен!

Он сегізім оралып, көңіліммен күй емген,
От сезімге тоналып, Сені шексіз сүйем мен!

Сен сөнбеші! Өмірдің онсыз-дағы бәрі мұң.
Жерортада жолыққан Жарығым менің, Жарығым!

***
Көзін ілді тағы Үміт.
Түн екеуміз сені іздедік сабылып.
Самарқау Ай сыбырлады төбемде:
- Оның орны өлеңде, - деп, - өлеңде...

Темірқазық теріс қарап тұр бүгін.
Сен жайлы ойдың түре де алмай түндігін,
Түн іздеді арасынан жұлдыздың,
Мен іздедім наласынан мың қыздың.

Таба алмадым. Жылау-көздің білері.
(Бұл не деген сор татыған күн еді!)
Бозала таң, сенің бейнең айнада:
-Сүйем, - дейді-і-і...
-Сүйем, - дедім... Жай ғана...

***

Жанарыңа жалғанның жасын жиып
Жүрсең де, жазықтысың
Бағың үстем болғанға, бəсің биік.

Арасында арбаған бос елестің
Адассам да айтайын: 
Мен шындықтан безгеннің досы емеспін!

Досы емеспін, білсем де жүдерімді
Аппақ қардай ниетті сая қылып,
Аямайтын жандармен жүрегімді!

Бəрінің де соңы бар, ақыры бар,
Махаббатты, мейірім-шапағатты
Сағынатын кездерде шақырыңдар!

Келем ұшып көрінбес қанатыммен.
Сендер барда биікпін, бақыттымын,
Жақсы адамдар, жаныма табатын ем! 

Əзиз басын жерге кеп Күн ие ме?
Бір бекзада бақыттың бар екенін
Көрсетіп кетейікші дүниеге...
author

Бақытгүл Бабаш

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...