АРДАҚ НҰРҒАЗЫ. ҚАРАСУ АЙНАЛЫП АҒЫП...

ӘДЕБИЕТ
7835

Ардақ Нұрғазы


Ардақ Нұрғазы – ақын, сыншы, драматург. 1972 жылы Қытайда дүниеге келген. 1995 жылы жоғары оқу орнын тәмамдаған. 1991 жылдан бастап шығармалары жарық көріп келеді. 2006 – 2008 жылдары «Шетел әдебиеті» газетінің бас редакторы болған. «Жалған бостандық кітабы» (2009 ж.), «Арақұс» (2012 ж. қазақ-қытай тілінде), «Дәлдік һәм тұнықтық» (2014 ж. ағылшын-қытай-қазақ тілінде), «Тас баспалдақты көше» (2014 ж.), «A Garden of Trees and Other Poems» (2016 ж.) жыр жинақтарының, «Қазақтың модернистік поэзиясы» (2010 ж.) сын еңбегінің, «Сызықтар мен нүктелер» (2010 ж.) әңгіме жинағының авторы. Өлеңдері ағылшын, қытай және орыс тілінде жарық көрген.

«Мен, мен ешкім де емеспін» пьесасымен І «Рух» халықаралық әдеби конкурсының «Драматургия» номинациясы бойынша бірінші орын алған.


ҚАРАСУ

Қарасу айналып ағып
Қаланы шиырлап шығады,
Тарихтың қатпарын кезген қантамырдай.
Одан ағады —
Көбік те, бояу да, лай да, қоқсық та.
Қарап тұрып 
Көз алдыңа келтіресің, 
Елу жылдың алдындағы суға секірген 
Әкеңнің бала күнін.
Ол да сен сияқты күледі,
Күнге қарап
Көзін қысып,
Саған ұқсап су бетіне телміреді. 
Қағаз қайық жібермесе де
Су бетінде сағымы кетеді.
Дегенмен сен оны көре алмайсың,
Балаң да қағаз қайық жібермейді.
Ол оны суда емес 
Цементте ойнайды.
Ағаш көпір жоқ,
Іздеме оны,
Орнында тас көпір тұр.
Оған ілулі бас тұрмағанымен,
Тезірек өт,
Әйтпесе фрашка емес
Машина соғып кетеді.



ҚАЛАДА ЖОЛДАР ЖОҚ

Қалада оқтай түзу жолдар жоқ.
Жоқ болатыны,
Жолды жол кеседі.
Кескен жол кесілген тамыр емес,
Тамшылап тұрып алатын.
Аз кідіру, көп нәрсені өзгертпегенімен,
Аздық та етпейді.
Әзіліңе жымиған қыздың қолынан ұстауға жетеді.
Жолды дара кесіп өте алмағаныңды 
ескермесең де болады,
Оң-солыңа қарап, жалтақтап
Жарнамада ілулі тұрған шенеуніктің тірлігіне тамсанып
тұрғаның сол мезетте кешіріледі.
Тіпті, қарсыңдағыларға жарамсақтанып,
Соңыңдағыларға айқұлақтануыңа да уақытың жетеді.
Қасыңда тұрған біреумен,
миллиондаған долларды шетелге қалай тығып 
әкету туралы да кеңесіп үлгіресің.
Кеше түнде жол апатынан қалған 
қанды мыжып тұрсаң да, бәрібір,
Отан үшін от кешкендердің 
төгілген қанынан қадірлі емес.
Одан, жылт етіп жанғалы тұрған 
қызыл шырақ қадірлі.
Дүние күйіп кетсе де,
Жол жиегінде отырған қайыршыға бес, он теңе 
тастауға болады.
Ұрлап, тонап, атып-шауып алған мол байлықтың
мұрнын қанату да адамдыққа саяды. 
«Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолы»
бұл арада қиыспайды,
Ол туралы емес, қарғалар туралы ойланған жөн.
(Түнеріп келе жатқан түнге қарғадан басқа не теңеу болады?!)

Жылт етіп, өшіп-жану қашанда қалада жолдардың әдеті.
Сен де үйренесің.
Үйренбес ең,
Өшіп-сөнбесең,
Өзіңді оталып алса, бір тоқтамайтын
әбден тозығы жеткен машина сияқты сезінесің.

Сондықтан,
Қалада оқтай түзу жолдар жоқ.
Қызыл шырақ, көк шырақтың алдында,
Көк тудың астында,
Әйтеуір, боқ қарының тоқ.

МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚ

Ұлы шайқастар, толағай жеңістер, халықтың тарихы,
Шашақты туы, ерлігі, елдігі жазылған кітаптар
Стөл үстінде тізулі тұр.
Сыйлықтан үміткер.
Сыйақы – елу мың доллар.

Бір бет қағаздағы жазу сиямен мысқалдап
өлшенеді,
Шенеуніктер көп жазбайды.
Олар сүйкектетіп, қолдарын ғана қояды.

Алтай мен Атыраудың арасында 
бабаларымыздың тақымында кісінеген тұлпарлар,
Ақ қағаздың бетінде шапқанымен,
Шенеуніктер кабинеттерінде желдеткішті ашып қойып,
Шәй ішіп отырады.
Олар көңілдестеріне хат емес,
СМС жолдайды.

Ақ мешітте сәждеге бас қойған темір Тайсонға
ғашық пірәдәр қыз,
Хижабының етегін көтермей-ақ билеуге бар.
«Келін» фильмінен кейін, Ермек Тұрсынов пен
ешкіге ғашық болуға да болады.
Туған күнді тойлауға тонналап алтын шашуға даяр
мырзалар кейде, сараң – 
Тістерін шұқып отырып та, кекіруден ерінеді.

«Бақ шаба ма, бап шаба ма?» — деп, 
Ақын мен жазушы тақымын қысып шауып жүр.
Алматыдағы қуыршақ театр 
кезекті еңбек демалысына шықты.
Алтын астаудан ас ішкендер қалғып барып, 
Шошып оянды да,
Жаңа бір тойдың қамына шұғыл кірісіп кетті.

ЕЛЕС 

Тарихтың қан сасыған ауласында,
балталарын сүйеп қойып,
Екі жендет шахмат ойнап отыр.
Тұсауы кесілген сәби тәлтіректеп,
Күйген қанатымен көтеріліп ұша алмаған
көбелекті қуып жүр.
Қоршаудың сыртында біреулер
таласқан әтешке үймелеп,
Қалпақтарын аспанға атып жатыр.
Көлеңесі жоқ қиық ай мешіттің төбесінде бұлдырайды. 
Таңғы азанға оянғандар қатарға тұруда.
Шырақшысы кешіккен тас табыттың түбінде
Құлағы мен құйрығын шұнтитып кескен ит 
байлаулы тұр,
Ол иіт үрмейді, ұлиды.

ТАМШЫ 

Төрткіл дүние бір түйір құмда
Мөлдірейді, үміт
Тілі салақтаған қарала ит жолды 
кесіп өтіп барады,
Ағын суда тұнжырайды көлеңке.


Анама жазған хаттың соңғы нүктесін
қоюды ұмытыппын.
Терезенің алдындағы гүлді 
Самал сылайды.
Біреу есік қағып тұр ма?
Тына қалған дүниеде ұзақ күткен 
Тамшы сияқты, күдік
Жүрегім бұлқынады.
Телефонның тұтқасын көтерсем,
Аржағынан туған жердің
Жусанының исі келеді.

БАҚША

Бақшаға кірсең жым-жырт,
Алаңға ұқсамайды.
Онда жоқ айғай-шу, музыка, сыңғырлы күлкі,
Цемент тескен аяқтың тықыры, көнені қиратып
Жаңадан тұрғызған мүсін.
Бұлбұлдың үнін де аз естисің онда
Күндіз де сайраған – ағаш басынан.
Жердегі жапырақ
Мыжсаң бусанып, топыраққа сіңіп кеткендей
Езіледі,
Табаныңды көтерсең, соңыңнан ере кетеді.
Мұрыныңа шіріген томардың иісі келсе
Кеңінен тыныстайсың,
Сарайыңды дымқыл ауамен жуып.
Үнсіз тұрсаң – 
Ұмытасың құлақ құрышыңды қандырған,
Аспанды торлаған, үнсіз айғай мен ұрандарды
Жалған күлкі мен санаңды кезген 
Алдаушыны.
Сыбдыр еткен жердегі жапырақтың үні де
Елеңдетеді, 
Онда бір құмырысқа немесе шылаушын
Кетіп бара жатса да,
Бар назарыңды салып сәпсала қарайсың
Үңіліп, 
Қарасудың бойына өскен жалбыз қалай да
Сені өзіне тартады,
Арғы аталарыңның 
“Жалбызды жерде жан қалады” деген нақылын 
ойланбастан есіңе аласың.
Иіскеп отырып жалбызды
Су жағасында,
Ұрлана жымиған уақытқа бой алдырып,
Кешкі күннің қызарып батқанын
Судағы көлеңкеңнің тұнжырап шөккенін біліп
Мұңайып қаласың.



ТҮС

Жоғалттым әлденемді
Түсіріп қолымнан.
Қарадым су бетіне – 
Көлеңкеге,
Ол да қарап
Құшағын ашты маған,
Араға бал берген гүлдей.
Жүзінен тозаң көшіп,
Күлтесі қанатын қақты.
Басымды көтеріп 
Мен содан аспанға қарадым.
Онда да біреу
Төбемнен үңілді маған.

ЖҰМЫРТҚА 

Базардан қайтып оралғанымда
Балам қолына қарады,
Дүние доп-домалақ, жарылмаған жұмыртқа дегенді
Әлде бір досым айтқан-ды.

Көшеде, машина бекетінде
Әлде біреулер енді біреулерді
Тарпа бассалды да, ұстап әкетті.
Жұмбақтың шешуін өзі айтқан жанның
Аузына қарап қалғандай,
Аңтарылдық та, қалып қойдық біздер.

Бірі көтеріліп, бірі басылған екі табанның аралығы,
Ағашта құс
Бір бұтақтан бір бұтаққа секірді.
Қолында алюмин таяғы бар сақшы
Жолдың қарсы жағында тұрған біреуге зекіді.

Көшеде шашылып жатқан сары жапырақ – 
Табанмен ойнайды.
Мен танымайтын нотаның цифры – 
Сызықтан түсіп қалды.

Тасқа тасты ұрсаң 
Бытшыт болады,
Оны түсінуге де болады.
Жұмыртқаны неге тасқа ұрады,
Ол жұмбақтың шешуін кім ұғады?

Әлде бар ма еді, таста
Жұмыртқаның дерті.

492-ШІ ЯДРОЛЫҚ ЖАРЫЛЫС

Қас қарайған, 
Қарауытқан батыстан, кенет,
Алаулап таң атты.
Бұрында осындай болған.
Біздер ойыннан тоқтадық.
Басында қорықтық, соңынан мәз болдық...

Ойынға жүгіріп бара жатып, аз кідірдім
Түнектен жарық етіп көтеріліп,
Қараңғыны кеудесінен итеріп тастап,
Соңынан қараңғыға сіңіп бара жатқан 
жарыққа қарадым.
Ақырғы сәулелер төбемнен ауып барады...

Кешкі асқа шақырған шешемнің
дауысы естілді.
Қош бол жарық! – дедім мен
аспанға қарап. 
Сөйтсем, мен емес,
Ол қоштасып тұрыпты.
author

Ардақ Нұрғазы

СЫНШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...