Арғымақ болмысты ақын

ӘДЕБИЕТ
4300

Бүгінгі жаһандануға жапатармағай бет бұрған технократтық заман ұрпақтары үшін Айнахан Есеттің салт-дәстүр, қазақы тәрбие, қолөнер, атбегілік, отбасы құндылығы тақырыбындағы жазбалары ерекше құнды. Ол өзінің «Дүлдүл мінген дүрлерім» еңбегінде ата-тегі жөнінде: «Атбегілік өнерімен Адайдың атағын кіші жүзге жайған, қазақты түрікмендерге танытқан, талай атбегіні қапы қалдырып, Алшыннан ат оздырған Есет атам туралы айтпай кету – қасиетті перзенттік борышты аяқ асты ету, аруақты сыйламау, қаламгерлік міндетімді өтемеу болар еді» деп жазады. 

Ел аузында «Қазақ жылқы мінез­дес халық» деген тұжырым бар. Ауыз әдебиетімізде, батырлар жырынан жылқы культі бірден көзге ұратыны тағы бар. Жауға мінетін қазанатын сайлап, қылышын қайрап күн кешкен көшпенді халықтың жылқысыз күні қараң болғаны рас. Осы үрдіс кешегі ата-баба заманына ұласты. Бүгінгі күні де жылқы өсіріп, ат баптау – қасиетті салтымыздың бірі. Жүй­рік жаратудан жергілікті Адай арғы­мақ­тарының абыройы жоғары, даңқы ас­қақ. Демек, кешегі Есеттерден қалған атбегілік өнер жалғасын тауып келеді деген сөз. 

Қазақтың бетке ұстар қай тұлғасының түп-тамырына үңіліп, ата шежіресіне көз салсақ, олардың кешегі зұлмат зардабын тартқанын аңғаруға болады. Айнаханның аталары да ол нәубеттен тыс қалмапты. «…Өнерінің арқасында «хан» ағасы Тобанияз бен би ағасы Айдарбайдың қасынан табылған» өз заманының белгілі азаматы «Есет сейістің жүйрік аттарына арнайы соқтырған күміс ер-тұрманы бел­сен­­ділердің басшысының қолында кет­ті. Мал-мүлкі түрікмен жерінде тәр­кі­ленді». Соның кесірінен ұзақ жылдар атамекен­нен жырақ жүрді. Түрікмен арасын панала­ды. «Жылқының тілін білетін қазақ түр­ме­ден келіпті»…деп сейістік қасиетін қат­ты бағалаған түрікмен елінде тұлпар жара­тып, бәйге аттарын баптады. Сол арқылы атақ-абыройға бөленді. Ол өнерінен атамекенге оралғасын да қол үзген жоқ. Немересінің: «Сағызым менің, Сағызым, Саф алтын булы аңызым. Саумал да самал жазығым. Сағаң да сейіс қалдырған, Сәйгүлік байлар қазығын» деген жолдары соның дәлелі. 

«Есет 1960 жылы Ақтөбе облысы Бай­ғанин ауданының Қопа өңіріне көшіп келгенде түрікмен елінен ала келген үш арғымағының бірі «Жирен қасқа» жүйрікті нағашысы Иматқа сыйға тартты. «Қара арғымақты» «мұның баласы жүйрік болады, бұл Адай жылқысының тұқымы деп кеңшардың жылқысына қосып, үйірге салды. Ал үшінші арғымағы – сол жылы құнан шыққан «Кершабақты» «бұл аттың жүйріктігі тек өз басында, тұқымы жүйрік болмайды, сондықтан жылқыға қоспай тек бәйгеге қосу керек» деп, жеке дара баптады. 

…Атам өмірден өтіп, намазы шы­ға­рылып, ақырғы сапарға аттанып бара жатқанда ауыл шетінде арқандаулы тұрған Кершабақ қазығын айналып жанұшыра оқтын-оқтын кісінегені. Осы бір сәт, жүй­ріктің кісінеген дауысы құлағымнан әлі күнге кетпейді. Бәлкім, менің өлеңге құмар қылған, музам осы шығар» деп тебіренеді ақын. Тағы бір жолы ФБ парақшасына: «Арғымақтар жайлы жазуға аңсарым ауады да тұрады» деп жазыпты. 

…Осындай атаның ұрпағына киелі өнердің жұғысты болуы табиғи жалғастық секілді. Өнерлі ортада өскен Айнаханның ақын болмауы мүмкін еместей көрінеді. 4-5 жасында әпкесінің кестелеп бітірген шілтерлі сүлгісін басына орап алып, «Жүгіріп келдім қасыңа, Сүлгі тарттым басыма…» болып тілінің ұшына оралған ұйқасты екі тармақтан басталған ақындық жолы, 13-14 жасында мектептің қабырға газеттеріне ұстазға, Отанға арналған өлеңдерге ұласқан. Кейін өзі «Жазығы жоқ жәутең жастық шағымның, Патшайымы бір өзіңсің, Алматым!» деп жырлаған Алатау бауырындағы арман қалада Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірді. Оқуын бітіргесін Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінен қаламгерлік қызметін бастады. Бейнеу аудандық «Рауан» газетінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарған, республикалық ұлттық тәуелсіз «Үш қиян» газетінде жұмыс істеп, «Маң­ғыстау» облыстық газетінің меншікті тілшісі болды. Бүгінде Бейнеу аудандық «Рауан» газетінде тілшілік қызметті атқара жүріп, өлеңнен, өнерден қол үзбейді. 

Туған жер табиғаты ақынның сыршыл сезімімен үндесе айшықталып, өзіндік көркемдігімен сырлы суретке айналады. «Ақ шаршы байланып ап, адырлар тұр, Жусаған жылқылардай шағырлар тұр. Тобылғы қанық-күрең қамшыға сап, Бұлдағы тұлпар жайлы сағынған сыр…». «Үстіртке көктем келді ұзатылып, Ақ желек шұғыласы шұбатылып, Cәлемін салады енді маңғаз қырға, Қыр лебі, саумал самал бұратылып!..» «Бақытым күннен, бағытым – төрткүл құбылам, Төсегім түннен, жамылғым – айдың нұрынан. Еркіндеу өскен, еркелеу дала қызы едім, Жусанның иісі аңқитын ән мен жырынан. Самалы қырдың айналып әр кез толған-ды, Сыйлаған аспан көкжиек көркем ойларды. Жалғанда мынау мен ақын болғым келмеген, Көңілім көнбей бозторғай-жырға айналды». «Боз үй тігіп боз төбенің басына, Боз жорғаның құлын ертсем қасына. Боз інгендей желсем сосын желкілдеп, Боздап тұрған боз ботаға асыға…». Жаны нәзік ақын қаламынан сыршыл лирика сазы сызылып есе жөнеледі. «Арзан дүние, арбауыңа көнбесем, Мінезім сол – мейіріммен селдесем. Сабағынан ақ сүт парлап тұратын, Сүттігенмен жаным егіз шөлде өскен…» «Дала даусын сағынған жан тілдессін, Қырды кезіп, жалаң аяқ құм кешсін. Шағыл құшып тыншу табар түбінде, Жан шөліме дауа – ғазал, жыр көшкін…». «Елең-елбір еру сезім кернеген, Жер менен көк жыр тілінде сөйлеген. Айдаланы кезсем дағы бір өзім, Жалғызбын деп жапа шегіп көрмегем…». Кейде сурет­ті сөзге, сырлы саз қосылып, жаңа әуенге айналып жатады. Айнаханның тағы бір қы­ры – сазгерлік, ән салатыны өнері де бар. 

Ақынның қазынасы – сөз, өсиеті – өлең. «Көркем сөз деген көріктің, Құдыретін талмай жазамын. Жа­ман сөздерден қорықтым, Жақсы өлең жазу – ғажабым». «Алланың лебi пейіш­тен ескен – Жансусар-жырдың өзегі!» Айнахан ойына келгенді боратып жаза беретіндер санатынан емес, таным таразысын салмақтап, сараң жазатын ақындар қатарында. «Бойдағы барым менен жанымды сап, Қазақы қаным менен арымды сап, Бір өлең жазып кетем қалайда мен, Ел үшін өмір кешкен дарын құсап», дейтіні содан. «…Ақ көйлектей бүрмелі, Ақ жаулықтай ілмелі, Зер белдіктей түрмелі, Керме қастай сүрмелі – түр өлең. Мұң сусыған қобыз­дай, Мың сиқырлы аңыздай, Елім деген жаны ізгі-ай, Асан Қайғы абыздай – сыр өлең. Жер тарпыған тұлпардай, Көк қалқыған сұңқардай, Күмбірлетіп күй толғай, Арындатып жыр толғай, шын өлең жазғысы келген» ақын, «Кие тұтар қара өлеңін, кім көрінген қолжаулықтай әурелеп, Көкпар тартып, әбден құнын кетіріп, жетім сәби секілді еткен жайын ұғып» қиналады. Өлеңге қояр талабы жоғары талғампаз ақынның шым шидей шырайлы өлең­дері баршылық. «Тағдыр», «Сағыз», «Ша­ғыр­­­лы», «Боз өлең», «Байсұлудың бәйіті» – шынайы аллитерация үлгісінде жазылған. 

Ақын жүрегі қашан да қамкөңіл олар өзі өмір сүріп жатқан ортаның жайына немқұрайды қарай алмайды. Айнахан да «Біздің хал» өлеңінде: «…Ұлдан иман, қыздан иба іздеген, Жоғалғанды жоқ­таушымыз – біз де­ген. Улап жатыр үл­пер­шектей ұрпақты. Мы­на заман – салт сананы тіздеген. Елік сенім – қорғансыз һәм кінәсіз, Қалай ғана құрбандыққа қиясыз? Ата салттың үзілсе егер үміті, Қалары анық жыр қаламым сия­сыз. Осы жайдан біздің халды ұғасыз!» деп, оқырманына өз халынан хабар береді. «Жадау қайың, жарық-жарық балтыры, Қамсау болмай жұқа қабық, сыздар-ды. Мазалайды Жер-Ананың тағдыры, Қарсыз қыстың сұры неткен ызбарлы» дейді туған өңірінің бүгінгі экологиялық ахуалы туралы. «Жабылған жаланы жыл анықтайды, Жағымпаз жолдас болып жарытпайды. Жабыны жүз қайтара жаратсаң да, Арынын арғымақтай танытпайды…» абыздарша термелете ой толғайды. 

«Шырағданым сөне көрме ертерек, Ке­зім мынау ел-жұртыма ең ерек. Ақ­таңдақ­қа алтын жазу жазамын, Қазына – елден тауып алып кен-дерек». Бұл – қаламгер ті­легі! Қазақтың белгілі тарихшы-жазушысы Әнес Сарайдың «Олжашы шежіресі» ең­бегіне: «Айнаханның шежірелік тарихты жақсы білетіні және шежіреде аты аталған тұлғалардың бірде-бірін аттап өтпей, саралап, дәлелдеп, үлкен сенімділікпен баяндауы көңілді ұйытпай қоймайды. Бұл еңбекті Олжашының ғана емес, Жеменейдің кейінгі 300 жылдық тарихы деп шамаладым» деп баға беруі, оның қазақ тарихы үшін қандай құнды еңбек екенін айқындайды. 

Ақын шығармаларының өзекті бір та­қырыбы – арулар. Ару болғанда, беттің әрін бедел еткен «ақылы қысқалар» емес, ақы­лына көркі сай, елдің ар-намысы үшін жаралған асыл-арулар. «Байсұлу», «Түй­ме», «Оғылмеңді арудың монологі» секілді сүбелі жырларға арқау болған тарихи тұл­ғалар – Айнаханның жоғарыда айтыл­­ған шежірешілік қырын байыта түсетін портреттер. 

Айнаханның автобиографиялық деректі прозасы да – туған елдің көркем ше­жіресі деуге татитын жілігі майлы дү­ниелер. «Қалжан сейіс», «Жүйріктен қал­ған бір белгі», «Реушен, Құла ат һәм қы­­­рық жігіттің ерлігі», «Қасиетті Құла мен Ал­жеттінің ақыры», «Жиынға жүйрік жа­­рат­қан Зәкария», «Шеркеш бабаның Құ­лагері», «Көк мой­нақтың үйірін баққан қыз», «Алшыннан ат оздырған атам Есет» де­ректі әң­гімелерінің аты айғақтап тұр­ғандай ар­ғымақтар тағдыры мен атбегілік өнері ту­ралы шынайы, шымыр дүниелер шебер қол­дан құйылған сұлу мүсіндей бірден оқырманның есінде сақталып қалады. 

«Тұлпар мінген текті әкенің қызымын», «Алты жаста атқа шаптым, не пайда, Асылзаттай жықпағасын жау қосын» деп жыр­лаған арынды ақын Айнаханның өзі де Гүл­кенже есімді аруды дүниеге әкеліп, үкілеп тәрбиелеп отыр. «Бақ дегенің – сөзі шығар әкенің, Тақ дегенің – туған байтақ мекенің. Лебізінен тым ертерек сезінгем, Құдырет пен киенің не екенін». «Тұлпар мінген текті әкенің қызы боп, Қаламымды қайта ұстауға қармандым!..» деп жазған ақын бүгінде қазақы салт-сананың уызы­на қанып өскен ұл-қыз тәрбиелеп отыр­ған үлгілі үйелменнің отанасы. Бір ша­ңырақтың астынан өнері мен өнегесі қа­тар өрбіген бұл отбасы облыстық «Үздік жұбайлар» байқауының жеңімпазы атанды. 

«Өзге жұртты тек ұлттық үлгімізбен таңдандыра аламыз» деп, ауызбен айтып қана қоймай, күнделікті тірлікте зергерлік әше­кейлер мен ұлттық киім үлгілерін айналасына насихаттай жүретін ақынның отбасы мүшелері де – өнерлі жандар. Ай­наханның ері Өтепқали Өміров – он сау­сағынан өнері төгілген зергер, әке жолын жалғастыру­шы, екі ұлы Төлеген мен Тө­ремұрат – Т.Жүрге­нов атындағы ұлт­тық өнер академиясының кескіндеме, мүсін­­деу және дизайн факульте­тін бітірген кәсі­­би қолөнер шеберлері. Осы оқу орнының 1-курс студенті Гүлкенже сурет салады, домбыра тартады, өлең жаза­ды. Айнахан­ның үлкен ұлы Төлегеннің жары, тұңғыш немересі Бибімариямның анасы, ке­ліні Ни­са конструктор-модельер. 

«Анам Ақзиза әлгі ат жабуларды өзі тігіп дайындап жыл сайын жаңалап оты­ратын. Бір өңкей аппақ және шым қа­ра күзем жүннен жұқалап киіз басып, әр­қайсысынан өз алдына бөлек-бөлек жабу пішіп, оның беткі өрнектерін бояулы жіп иіріп өрнектеп, кестелеп, әсемдеп тігетін» деуіне қарағанда ақынның анасы да – шебер. Киелі өнер ана сүтімен, ата қа­ны­мен бойына дарыған Айнахан – жыр мү­шәй­ра­лары­ның, «Маңғыстау жұл­дыз­­да­ры» фес­тива­лі­нің екі дүркін же­ңім­пазы, «Отпантау» рес­пу­бликалық жыр до­да­сы­­ның, «Қа­натты әйел – 2» идея­лары мен та­­уарлары республикалық кон­кур­сының жүл­дегері. Ұлттық үлгідегі «Қыз ұзату», «Келін тү­сіру» тойларының сценарийін даярлап, мерекелік шараларды өткізуге мұрындық болуымен де аудан жұрт­шы­лығына танымал. 

Айналасындағы өнерлі жастарға қамқор болып жүретін Айна­ханның ізін басқан өнерлі шә­кірттері қатарында «Маңғыстау-медиа­ны» басқарған журналист Сағындық Рза­х­метов, «Үш қиян» баспасының директоры Махмуд Қосмамбет, республикалық жастар сыйлығының иегері, ақын Асыл­­бек Жаңбырбайды атауға болады. Ақын өмірінде жағымды жаңалық көп. Соның бір мысалы, биылғы республика­лық «Мерейлі отбасы» байқауының жүл­дегері атанды. 

Есімі «Маңғыстау ақын-жазушылары кі­тапханасына» өлеңдер топтамасы, «Жыр маржаны» қазақ поззиясының антология­сына өлеңдері енген ақын «Арыстардың аты жетсін ұрпаққа», «Олжашы шежіресі», «Өмір сыры», «Ақжелең» кітаптарының авторы, белгілі қаламгер, өлкетанушы, ше­жіреші Айнахан Есет 60-тың ауылына ат байлап, аудан көлемінде оқырмандарымен кездесуін өткізіп, шығармашылық есеп берді. Бейнеу ауданы әкімі Бейнеубек Кө­ңілімқосұлы Әбіловтің қолдауымен өт­кен шығармашылық қорытынды кеште көптен күткен қос кітап – «Бойтұмар» мен «Үстірт балладалары» жинақтарының тұсауы ке­сілді. 

Бейнеу ауданының рухани өміріне өз үлесін қосып келе жатқан Маңғыстаудың қабырғалы қаламгері Айнахан Есеттің шы­ғармашылық кешінде құттықтау сөз алған арқалы ақын Сабыр Адай, ақын-журналист Сағындық Рзахмет кеш иесіне өздерінің жүрекжарды тілектерін арнап, ақынға рухани, қаржылай көмек көрсе­тіп, рухани жаңғыру үлгісін насихаттап жүрген әкім Бейнеубек Көңілімқосұлы­на ризашылықтарын білдірді. 

«Қыдыра жал, қыл құйрықты қазанатты қазақ кие тұтты, елсізде жортса ес көрді, ел үшін жортса жігер-күш көрді, бәйгеге қосса намысы санады, арғымағын арға балады. Ертеден шапса кешке озған, ылдидан шапса төске озған тұлпар туралы жырлар тарих сахнасында бұрыннан бар. Керемет жыр ғана емес, керімсал күй мен көркем әннің арқауы арғымақ болды. Тіпті басқа тұрғай бақилық тұрағы мазарының да қабырғасы тұлпар бейнелі әшекеймен безендірілді. Біздің бабаларымыз осылайша жылқыны өміріне балады, өнеріне айналдырды» дейтін арғымақ болмысты ақын Айнаханға «Бәйге-ғұмырда осы ша­бысыңыздан талмаңыз!» дегіміз келеді. 

Үміт ЖӘЛЕКЕ

mangystaumedia.kz  

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...