Гүлзия Пірәлі. "Қарапайым адам - қасиетті адам" (Белгілі әдебиеттанушы ғалым Қанипаш Мәдібай туралы)

ӘДЕБИЕТ
4310

Әдебиеттанушы ғалым Қанипаш Мәдібай

«Сөздің жылуы мен сызын жетімек жеті көш жерден сезінеді»(М.Әлімбаев) дегендей, сөз мәніне деген құштарлық , сөз бен бейнені сезініп, көркемдікті суреткерден де артық сезіну үшін «жетімектің » жүрегіндей нәзіктік, енедей еміренген ерекше сезім керек шығар, сыншыға?! Шығарманың көркем шындығын толық қабылдау үшін өресі қиял мен зерде қажеттігі де әуелден аян. Ұлтты адамгершілікке тәрбиелеу миссиясына берік сөз өнерінің поэтикалық құндылығын айқындауда сыншы мен оқырманның білім-парасаты, көзқарасы мен ой-таным қабілеті, интеллектуалдық және психологиялық даярлығы қажет. Әрбір оқыған кітабынан ой бағып, тұжырым түйіп, соның ішіне бүтіндей еніп, қай тақырыпты қаузаса да жан-тәні, жүрек тебіренісімен жырлап жазатын белгілі ғалым, әдебиеттанушы, сыншы Қанипаш Қайсақызы Мәдібаева  автордың айтпағын сонау тамырынан суыртпақтап тереңдей талдайды. Көркем сөз иесінің көкейіндігісін көшілгері бұрын байқап, біліп қойғандай өзімен ой жарыстыра отырып, көркемдік кеңістіктегі қалам сілтестері де сарындас болып, бірімен бірі жарысып отырғандай тіл шеберлігі, қазақтың құйқалы сөз шырайын шұрайлы ете шүйіскелесе кетуі, бір тұтастыққа айнала тіл қатулары кім-кімді де қызықтырары хақ. Қанипаштың әдеби сын саласындағы талдаулары сол көркемсөз иесінен кем емес, қазақтың сөз мәйегін қанып ішіп, құнарын аса бір эстетикалық көркемдік талғаммен талғап, таңдай қақтырарлықтай талдай білуімен де көңіл аудартады. Шеберлік пен стильдік ерекшелігі шығармашылық тұлғамен бір шеңбердегі сырмінез секілденіп, бір-бірімен сабақтасып, бірін-бірі толықтырып отырады. Көркем, мағлұматтық мән-маңызынан гөрі өзі зерттеп отырғанына етене еніп, жазушының сыр мен сезімінің тұнғиығына, ой шалқарының тереңдігіне  бірге шомылып, қиял кеңістігіне бірге самғап шарлайды. Ғалымның ғалымдығы, ұстаздығы, бір сөзбен қайырғанда, шығармашылық өмірбаяны өсу, өркендеу, кемелдену жолдары, асу-белестері  сөз өнеріне өлердей ғашықтығымен ғұмырлық ғибратқа айналып кеткендей. Ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің: «Әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге ғашық болып өседі» дегеніндей,  ғылымның биігіне, қаламның қарымдылығына құлаш ұрып ірі нәтижелерге,  қолы жеткен Қанипаш әлі күнге дейін осы бала құштарлық, осы бала махаббатынан, әсершілдігінен арыла алмағандай . Өйткені, әдебиеттің қай саласында жазса да бейне бір жас баладай албырттықпен, асау арманмен, әуестікпен , ғашықтықпен, аса зор сүйіспеншілікпен, ізетті ілтипатпен жазады, олары асқан нәзіктікпен нақышталып жатады . Сезімін селт еткізген туындыларды ұзақ уақыт бойы тұщынып, санасына сіңіріп, сарыла ізденіп жазса да артық қошеметті, жағдайды, мансапты, қаржыны тілемейтін таза да адал қызметі өз кәсібіне деген сүйіспеншіліктен туындап жатса керек. Қазіргідей құндылықтардың құлдырап, кітапқа деген сұраныс кеміген кезде кейде көңілің жабырқағанмен сөз өнерінің өміршеңдігіне деген үкілі үміті алдамайтындай, ертеңгі жастар бәрібір осы кітапты іздейтініне ол да күмәнсіз. 

Ертеңгі балаларға сұлулықты сезіндірер, санасына сәуле түсірер өз ана тілінің байлығына сүйсінер жөні түзу туындыларды танып, танытуға талпыныс жасауы ұлтжандылықтан, жұрт жүрегін қозғар ойлы дүние жазудың өзі жақсылыққа жақындықтан болса керек. 

Арнайы тапсырмамен, біреудің өтінішімен зорлап, өзін қинап қалам сілтемейтін ол тізесін тізерлетіп тағзым ете жаза алмасын да жақсы түйсініп, олардан тысқары жүруге тырысады.Жазудың қым-қуыт азабынан бақытын іздеп келе жатқан сирек жандардың бірі, жанкешті толқын өкілдерінің соңғы тұяқтарының қатарындағы Қанипаш қаймағы бұзылмаған қазақы ұғым, қазақы тәлім-тәрбиенің өнегесін  айналасына, әріптестеріне, шәкірттеріне көрсетіп жүрген ұлғатты ұстаз. Зерттейтін тақырыбына деген алабөтен аңсаумен, еерекше аңсармен бойлайтын сыншы жүрекке жылы тиіп, сананы жаңғыртар тұщымды туындыларды талдауды тәуір көреді. Еңбекқорлығының төркінінде сөзге ғашық жанның жанкештілігі, жауапкершілігі, ең бастысы таза махаббаты жатыр.

«Өз тілінде айтқан сөзге-сөз жетпейді. Өз тіліңде салған әнге-ән жетпейді» деп әлемге танымал жазушы Ш.Айтматов айтқандай, Қанипаштың да өз тілінде, өз өрнегінде айтылған ажарлы ойлар, шындыққа шырматылған шұрайлы ойлар шынайылығымен шымыр, шуақты, өзгеше өрнекті.

Сөз зергерлерінің сөздерімен сусындаған, құнарына қанған Қанипаш Мәдібаеваның арманы әлі де жас баладай көп. Соның бірі: « Шіркін-ай, әдебиетті керемет сүйетін ортада күретамыры тереңге кеткен күрделі  тақырыптарды әлі де зерттей түссек, әлі де тоңы сөгілмеген, шеті мүжілмеген қаншама тақырыптар жатыр, соларды жазса ғой...». Оларды тереңдетіп талдар тұстастарының, жанкешті ғалымдардың қатары азайып бар жатқанына жабырқайды, жаны ауырады . Сөз қуатын құрметтейтін киелі халықтың перзенті ретінде ешқашан жаман аты шықпай жақсы ниетпен жүруі, айналасына, шәкірттеріне тек қана жақсы қасиеттерімен үлгі болған , «2012 жылдың жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері  Қанипаш Мәдібаева табиғат құдіретімен дарыған қаламгерлік қасиеттің соңына түссе жазушы болып кетер ме еді,кім білсін?!. Алайда сөз өнерімен өзектесіп жұмыс істеуі, сырлы сөздің сырын ұғып, мәйегін еміп өскен ортада жүрді, өсті, қалыптасты.

Ақырын жүріп, анық басатын қарапайымдылығы еш дабырасыз, айғай-сүреңсіз құба төбел күйге-екінің бірінде жоқ ғұмыр тіршілігімен де, кісілігімен де айнымай ақыл сауып, маңдай терін еміп келе жатқан жан, ол. Мені көрдің бе деп, қалың көштің алдына алқынып шыққанды да ұнатпайды. Не көрсе де елімен, шәкірттерімен бірге күн кешіп, солардың сойылын соғып, солардың ойын жеткізіп, солардың сөзін сөйлеп, солар үшін іс тындырып келеді. Кез келген оқытушыға бұйыра бермейтін мұндай мейірім, махаббатқа менсінбеушілікпен қарайтын кейбір ұстаздың осы қасиетті мамандықтың маңайында жүруге моралдық құқығы жоғын өзі сезер ме екен?!. Студент те сәби, сөз өнерінің киесін ұғынғысы келген жас талап та сәби. Олардың өмірге, өнерге деген талпыныстарын тез танып, дер кезінде көңіл бөліп балапандай баптай білмесең қазаққа, ұлтқа керек бір маманнан, бір ақын- жазушыдан қағыларың хақ. Ал әр ана мен ұстаздың арманы да ұлт алдындағы мақсат-міндеті де халыққа адал қызмет ететін арлы азамат даярлау, оның санасына тазалықты, отаншылдықты, өз кәсібіне деген өлердей сүйіспеншілікті сыйлау емес пе? Олай болса, табиғатынан туа біткен  ұстаздық ұлы міндетіне адал Қанипаш соның бірі ғана емес, бірегейі. Мінезі мінсіз, өз міндеті мен мақсатына берік ұстаздың қаншама шәкірттің бағын ашып, қаншама қаламгердің тұсауын кесіп, қанаттандырғаны, бағыт пен бата бергені де белгілі. Жақсыны көре білуге де көз керек, талғаммен тани білерлік өре керек, ертең алдамшы арманға алданбас үшін түйсік, табиғи талант тапқырлық, кәсіби қырағылық керек. Өзі намысын жыртып жүрген сол жастар ертең  ел абыройын көтеріп, ақын-жазушы болып жарқырап көрінсе арқаланбай көріңіз. Көлеңкеде жүргенді күнгейге шығарып, бұйығып жатқан  талантты танытарлық  сәулеге бай  Қанипаш Мәдібаеваның осы реттегі екі еңбегіне ерекше тоқталғым келеді. 

Бірі- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде он жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан «Көкжиек» ғылыми-шығармашылық бірлестігі әзірлеген «Жез қоңырау» жинағы жайлы жазылған «Студенттер шығармашылығы» деген мақала (131 бет). Осындағы сыни ойлар, әр талапкердің туындыларына берілген баға шынын айтсақ танымалдарға да бұйыра бермейтін баға. Алайда оның артық та, асығыс та еместігіне автордың дәлелді де дәмді деректері арқылы көз жеткізе аласыз.

«Көкжиек» клубының жетекшісі филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ләйлә Мұсалының жинаққа енген туындыларды әбден таразыға салып, талқылап, ішінен іріктеп, ізденісі барларды ғана бәйгеге қосқаны білініп тұр. Қ.Мәдібаеваның өзі талай жыл жетекшілік жасаған «Ай-Ару» әдеби-танымдық студенттер альманағында жарық көрген шығармалардың да шоқтығы биіктері осы жинақтан көрінеді.

«Жинақты оқып шықтым. Қайсыбір дүниелерді қайыра қарадым. Поэзия, проза, публицистика атты үш бөлімнен тұратын салмақты дүние жөпшендіге елең ете қалатын ендігі күйіме ерекше бір қуат құйғандай. Ешқайсысын қалыс қалдырғым келмегендіктен, шығарма туралы өзіндік ой-пікірлерімді автордың әрқайсысына қатысты айтпақпын.»,-деген ұстаз, сыншы, тәлімгердің оқымасыңа қоймайтын  қанық талдаулары бүгінде ерінбегеннің бәрі сынай жөнелетін «жастардың енжарлығы, кітап оқымайтындығы, шығармашылыққа қызықпайтыны» секілді дерексіз, дәлелсіз жалпылама сөзге жойқын жауап (132 бет). Ондағы орнықты ойлар, салмақты сын, айшықты ақыл, ажарлы баға берілуі олардың өздерін ғана емес, бөтен жұрттың да жүрегін жылытып, жанын жадыратары сөзсіз. 

Оқиықшы: «...Фараби ақынның «Көршінің қызы» өлеңіндегі өзіндік тапқырлық назар аудартады. Ұнатқан қызын бозбаланың барлығының да «көзімен сүйіп шығарып салатын» құпиясын айтып қойыпты. «Өсекші өлең»...Ақын Фараби әлі де ізденіп, еңбектенеді. Ара-тұра жалт ету аз. Поэзия тұтас төгіліп сөйлесе ғой шіркін дейсің!». Қандай қарапайым, мәдениетті сын.Әдемі бата. Жаңа ғана өлең деген өрт өлкенің есігін ашқан албырт ақынға сыпайы ғана сездірткен сыны саналы ғана сыншыға тән сауатты да салмақты сөз.

Дей тұрғанмен ұстаз үмітсіз емес: «Не дегенде де Фараби дүниені тінте қарап, сыр ұрлауда олжасыз емес.»,-деген дәмелі баға да бар, бата бар, әлі де іздене түс деген қамқорлық, сенім де бар. Ананың аялы алақанындай мейірлене сипаған сыннан жақсы, жемісті жолдар туатынына деген үкілі үміт оқырманын да бей-жай қалдырмайды.

«... «Жез қоңырауды» авторларын «көріп» отырып оқыдым. Көпшілігі өзім дәріс оқыған 2,3 курс студенттері. Факультет дәлізінде қатар түзіп солқылдап келе жататын сәттерін көз алдыма келтіріп отырып оқыдым. (Қандай әдемі, сәтті сурет, студенттік өміріңді сағындырар суреттер Г.П). Олардың ойлы сөздерін ойладым. Адал сөздерін аңсадым. Таза қуаныштарын бөлісіп, өзім де қуанған шақтарыма қайта оралдым...

Қазақтың қатпар-қатпар тағдыр тарихында түзілген құндылықтарынан құнар сіңген құлыншақтарды сағынып отырып оқыдым. «Жез қоңыраудың» авторлары туралы толқымай, елжіреп, тебіренбей жаза алмадым». Баға беріп отырған автордың өзі бала болып толқып, бозбала болып тебіренеді. Мұндай мейірім мен махаббатқа кезігудің өзі үлкен мәртебе секілді. Жылдар сайын жоғалып бара жатқан құндылықтардың ең қымбаттысы да осы ұстаз бен шәкірт арасындағы адал сезімдер, тәттіге бергісіз таза мейірім шуағы, бірін бірі бағалай білетін рухани туыстық, сабақтастық, рухани тұтастық.

Ұстаз сыншының мәрттігі, жомарттығы, үлкен жүректілігі, ұстаз атына лайық ұлағаттылығы, қарапайымдылықпен қапталған қазақы қасиеті де сенің қасаңданып бара жатқан санаңды селт еткізіп, сәуле төгеді. Қайта қарайық: «Олармен санасамыз. Олардан үйренеміз. Олардың жедел заманға сай сергектігі мен сезімталдығын мойындаймыз.»,-дейді. Тап бір Мағжанның «Мен жастарға сенеміндей» үлкен үміт, мол сенім, елдің ертеңіне деген енжарлыққа ерік бермес ерлік сенім.

Сыншы аруға баланып, аяулысы санайтын, ақындардың мекені Алматыны: «Мұнда кімдер мекендеп күл төкпеген,

Мұнда кімдер нөсерден жыр төкпеген.

Кеңсай жаққа кеткенде талай ақын,

Бұл қаланың бүйрегі бүлк етпеген» ,-деген Жақсылық ақынның «Мәйханада оқылған жырындағы» тек мадақтан емес өзіндік ой пікірі бар, сыни көзқарасы бар жастардың да болмысы бөлек, бұлқыны бөтен жырларын да жақсы ырымға санайды.

«...Ерқанат Қуатбекұлы ересек, естияр зердемен барлайды өмірді. Қуған ой тоқтата алмас тылсымдардың алдын тосады. «Сыр сұлуы» өлеңінде жастықтың ештеңеден сескенбейтін өр мінезі, тірі жанды менсінбейтін менмен еркелігі бар»,- деп жас талапкердің ішкі рухани қуатының құнарын тани біледі .

Автор бүгінде танылып қалған ақындардың көбінде де таныла бермейтін күрделілікті, көркем кестелікті, тосын теңеу, тапқыр теңеуді, ойға орала бермейтін оғаш та болса орынды қиыстыруларды, метафораларды осы жастардың тұңғыш  туындыларынан, тың тіркестерінен тауып, тасы өрге өрмелеген жандай қуанады. «...Қозыбай Құрман тынымсыз діріл, тіршілік тербелісін қалт жібермей, жанды бейнеде ұстап қалады.Тапқырлығы таңырқатып отыратын тұстар бар. Аспанды сезінуді ақындар айта бермейтін. Лирикалық қаһарман-дүние дүрмек аясында жарыққа шомылып күн кешеді. Күзгі бір шақтың күй-сарынмен елтиді.

 Жапырақ төгеді,

 күз-дауыл,

 тал-қыршын.

Кеңкілдей жылайды. Бүгіліп, әрбір шың.

Теңселіп емен тұр, 

Еңсеріп тағдыр шын.

Алыстан сонау бір тұңғиық жиектен,

Үздігіп жетеді талмауыр күй еппен,

(Айды сезінем Тұрғандай сүйеп мен).

Жас ақын шегеленген, жылжымайтын, мызғымайтын сөздің өзін итермелей отырып орнынан қозғап, ауыстыра қояды. Онысы жымдасып, орныға қалады. Ойды-шойқысы жоқ. Өз қолтаңбасын түзуге ынтық»,-деп жас талапкердің шығармашылығын  тамсанып, құштарланып, асқан сезіммен, жауапкершілікпен талдайды . Міне автор -ұстаз, тәрбиелеген, бағыт, бата, баға берген осындай ойлы жастар ертең тіршіліктің күйбеңінен шыға алмай тығырыққа тірелсе, орны толмас өкініш, қоғамға ұят, елге сын, мемлекетке мін. 

Мысалы, Әріби-Әрібек Дауыл- «Әриам» атты жыр жинағын шығарған жастың «сумен жүзіп шекарадан өтіп кете беретін балықтың «бағын» қызғанғанын, туған елін аңсаған арынды ақынның «түпкі түйсігі түрткілеп тынбай аңсайтынын» жырлаған  беталасын жоғары бағалауы да оның шындыққа шынжырланып, мұң-шерге толы жырларының шымырлығын әдемі әдіптеп, әсерлі талдайды. Бір-екі ауыз сөзбен-ақ түйіндеп берер бағасы бүкіл болмысын ашар бедерлі ойлар. Қанипаштың ұлтқа қызмет етудегі ұстаздық ұстанымын танытар осы, талантты танып, тәрбиелеу, оларды адастырмай тура жолға салудың салауатты сара жолы барлық педагогқа бұйыра бермейтін қайсарлық, бақыт, қамқорлық, жауапкершілік емес пе?.

Ақерке Әбілхан деген жас талапкердің сөз тапқыштығына, бұрын ешкім айтпаған тосын теңеулеріне, жырларының назды, ерке, нәзіктігіне, таңқалса, Салтанат Бегісбекова, Шұғыла Сәйденқызы, Манас Қайыртайұлы, Асылан Тілеген, Шерхан Талап, Нұртас Тұрғанбек, Айжан Айтқұлова, Айбол Исламғалиев, Ерзат Асыл, Ақтолқын Орысбайқызы, т.б сынды көптеген жастардың өзгеше өрнектері, тосын бейнелеулері, жаңашыл, өзіндік әлемдері, селт еткізер сезім сілемдері жайлы сүйсініп жазады, қызығып талдайды. Әрбір тапқыр теңеулерге тоқталып, тұщынады. Салмақты, астарлы, қатпарлы, «ішіне көп дүние сыйған» сырлы оралымдар сөзсіз сенім ұлятады. «Шығармашылық-түрткілеп жер тесіп шыққан тас бұлақтай тылсым бір күш»,-деп қуанады. «Проза» бөліміндегі жас қаламгерлердің (Рахат Ахмет, Мейіржан Әуелхан, Сұлушаш Махмұтқызы, Салтанат Мінәйхан, Гүлзат Нарытбек, Манас Қайыртай ,т.б жастардың шығармаларында бұрын байқалмаған, дағдылы құбылыстардың құдіретін сезіндіріп жазуға талпыныстың барлығын, өмірден өрбіп жататын қилы «қисынсыз» күйлер драматизмін бала танымында шарпыстырады.Ұлттық маңызы да ұйып тұрған әңгіме екендігін, олардың көбі алтын жалатқан арзан әшекей сынды сылдырмақ сөз қумайтынын айтады.

Ләйлә Мұсақызы тәрбиелеген  шәкірттері тілдің майын тамызып сөйлейді, шеттерінен жақсы шығарма жазады екен. Олардың құнын, бағасын біліп, батасын берген Қанипаш Мәдібаева да рухани құндылықтың қасиетін білетін қарымды қаламгер, сыншы, әдебиетші. «Бұлақ көрсең көзін аш»деген халық даналығы тегін айтылмаса керек-ті.

2-ші еңбегі- Қанипаш Мәдібайдың ең алғашқы сын мақаласы «Асыл арман арзандамасын» («Жалын» журналы,№1,1985). Осы өзінің де әдеби сынға әдеппен қадам басқан тұңғыш мақаласында ұлттық сөз өнеріне келген өрімдей жастардың тырнақалды туындыларындағы талапты тап басып үлкен үміт арта талдауы шынында да ішкі түйсігінің алдамағанын аңғартады.

Әдеби сынға жаңа кіріскен Қанипаштың кітапқа енген 100-ден астам автордың 20-сына ғана жағымды пікір бергені оның сенімін алдамапты. Бүгінде солардың дені қарымды қаламгер қатарында. Атап айтсақ, С.Асылбеков, М.Асылғазин, Қ.Жиенбаев, С.Дүйсенбиев, Т.Әлпейісов, Ж.Кәрменов, Б. Қанатбаев, Д.Әшімханов, Ә.Асқаров, Ж. Шаштайұлы, Н. Ораз, Н. Кенжеғұлова, Ж. Қорғасбеков, Р. Отарбаев, Т. Майбасовтардың кездейсоқ талапкер еместігін тап басып  көріпкелдікпен сезе білгеніне қалай қайран қалмайсыз. Жоғарыда аталған жас толқын студенттердің ертең осылай қарымды қаламгерлер қатарынан қонжиып орын алмасына кім кепіл? Осы орайда Қанипаш Мәдібайдың «Көркемдік кеңістігі» атты еңбегіне (Алматы: Қазақ университеті,2014.-215 б) «Алғы сөз» жазған филология ғылымдарының кандидаты, доцент Раушан Әбдіқұлованың пікірі де дәлелді: «..Солардың біразы өзі қатарлы жас қой. Ал қараңыз сыншы көзінің қырағылығы қандай?...Шынында, Қ.Мәдібай әдебиеттің тамыршысындай не қажетін айтып тұрған жоқ па?...Міне, сыншының бағыт беруі, жөн сілтеуі деген осы емес пе?». Әрбір талдауларына таңсықтық танытатын әріптесі Р.Әбдіқұлова Қанипаштың сын саладағы өзіндік ерекшеліктерін де жақсы біледі: «...Иә, Қанипаш Мәдібаева замандасы қаламгер Серік Асылбекұлы жайлы жазғанда ғана емес, қай жазушыны қаламына іліктірсе де, қиял қанатына қалай мінгенін өзі де байқамай қалатын болса керек. Ол қиял арқылы жазушының жан әлеміне еніп, ол көргенді өз көзімен қайта көріп, сана көзімен сан рет саралап, салмақтап барып, сары алтынын екшеп алып, «артығы» жайлы ар алдында өзі жауап бергендей» арлана жазады. Өйткені ардың ісі...Алайда кемшіліктің өзін біліми негізде дәлелдеп, майдан қыл суырғандай етіп жазуы сыншы мәдениетін танытады емес пе?» ...Жазушы жайлы жазыла сөйлеуіне шығарма шымырлығы түрткі болғанмен, Қанипаштың қара сөздің қайнарынан қанып ішкендігі осылайша тізгін бермей жататыны бар. Қазіргі қат-қабат тіршілік майданында қапылып жүрген оқырманның жанын жылытар осындай күлтелі тілмен көмкерілген ой ғана оны бір сәтке селт еткізіп, кітап бетін ашқызар...Ылайым солай болса, бұл іспетті тіл де сын өнерінің қоржынына салынған бір олжа болар еді» .

Әріптес арасында «қанипаштанушы» атанған Раушан тағы бір ерекшелігі ретінде жеке жазушы шығармашылығын әдеби үрдіспен үндестіре қарастыруын арнайы атай отырып: «...оны Қанипаш Қайсақызының өзіндік көру нүктесінен танып, сыни толғам-тоқтамдарын оқырманын ой орманына енгізетін философиялық астары қалың кең тынысты тілімен тербете алуы да сын өрісіндегі өзгеше беталысты байқатады»,-деген кәсіби пікір айтуы да көңілге қонымды . 

Өнер туындысының көркемдік әлемін ашу, суреткердің стильдік, тілдік ерекшеліктерін айқындап, туындының тәлімдік мән-мағынасын таныту сыншыдан эстетикалық талғамының биік болуын, кәсіби білгірлік пен өмірлік тағылым-тәжірибесінің мол болуын талап етері сөзсіз.

Сыншы ғалым Қ. Мәдібаева аталған жинаққа енген «Қазақ романының көркемдік өрісінде» деген мақаласында ХХ ғасыр басындағы әлемдік (О.Бальзак),  орыс (Л.Толстой, А.М.Горький) , қазақ (М.Дулатов, С.Сейфуллин, Ж.Аймауытов, Ғ.Мұстафин,т.б) шығармалары туралы әдебиет тарихынан бастап , қазіргі қазақ прозасына дейінгі қалыптасу кезеңдерін жүйелей келіп, рухани кеңістіктегі О.Бальзактың өзге жұрттың әдебиетіне тигізген әсері жөнінде келісті сөз қозғайды. Әлем әдебиетінде  О.Бальзак қалыптастырған реалистік мектеп үрдісінің көркемдеу негіздерін, шеберлік тәсілдерін үйрену мен сіңіру бағытындағы ізденістер қазақ прозасына қалай әсер еткені, әсіресе Мұхтар Әуезовтің шығармашылығына түскен сәулесінің қаншалықты нұрлы болғанына әдебиетші ғалым ерекше назар аударып, салыстыра отырып саралай талдайды. Бала жастан қаламгерлік қуатына қатты қызығатын Бальзактың «Адамзатқа әжуаға» енген 96 шығарманы түгендеп оқып шығу үшін қыруар уақыт қажеттігін, оның әрқайсысы тұтас дүниенің бір бөлігі екендігін ескерген сыншы: «...Бальзак барлық мәнді құбылысты қалт жібермеуге ынтықты. Барлығының құпиясын ашып әшкерелегісі, барлығын ұғынғысы келген. Қызу қанды, құштар көңіл, өз кейіпкерлеріне қалтқысыз ғашық осы автор осыған қоса адамды аяусыз тергеп, тексеріп, сол арқылы тұтас халықтың күйін танып отырған зерек зерттеуші де болатын...»,- деп дарынның даралығын дәлелдейді . Бальзакты сіңіру, түсіну үшін оның өзіндік қолтаңбасына ден қойып, проза поэтикасы тұрғысынан ғылыми-теориялық талдаулар жасау керектігін , сонда ғана шығармашылық ерекшеліктердің айқындалатынын аңғартады. Бальзактың құйылған қорғасындай зілді сөз қолданыстарын, мысықтабандаған мысқылмен мәнерленген метафораларын, күрмеуі қиын күрделі кейіпкерлерінің ішкі әлемін бейнелейтін бүркеуі көп бұлқыныстарды, толғауы тоқсан түрлі әдеби әдіс-тәсілдерін жинақтап, жүйелеп ,өзінің қорытынды ойларын түйнектеп, түгендеп, тұжырымдап береді. Әлемдік сөз зергерінің әрбір туындысы туралы айтқан толғамды ойларына тоқталу жеке мақалаға жүк боларлық мәселе. Осы бағытта көп ізденгені зерттеушілік зеректігін танытады .

Қандай бір қысталаңдарда да қаға берісте қалып қоймай көркемдік өріс ашқан қадау-қадау туындыларымыз туралы кезінде ұдайы ақиқат айтылып отырмағандығын, сондықтан уақыт өте келе уақыттың қатал сүзгісінен сүрінбеген, ұлттық қазынамыздың қатарын толықтырып тұрған туындыларымызға жаңа талап тұрғысынан қарау қисынын алға тартады. Осы ретте  Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол,тайғақ кешу», Зейін Шашкиннің «Теміртау», «Доктор Дарханов» романдарын көркемдік құндылықтар тұрғысынан қайта қарап талдауы тағлымды. Кеңестік кезеңдегі идеологиялық талдау мен бағалаудан мүлдем бөтен, жаңа ой, жаңа талдау, сөз жоқ, бұл мақалалардың көркемдік, эстетикалық талғам танымын танытады. Әдебиетші, сыншы Қ.Мәдібаеваның мақаласы жаңаша сараптаудың соны стилін танытатын еңбек. Сыншының осы күнге дейін түрлі астарда айтылып жүрген пікірлерге сыйыспайтын Сәкеннің «сұлу, таза, жанды, нұр мен сыр тұнған сиқырлы тілі»  ол үшін үлкен олжа болды. Тәуелсіздік алғалы да дуалы ауызды дүлділдермен де талай дауға түсіп, Сәкеннің өзі мен шығармашылығын «жылдар бойы толықтырумен, тұтастырумен келе жатқан, ел тұлғаларының тағдырын тәлкек еткен сонау бір шақтардың шындығын шырақ алып іздеумен келе жатқан Тұрсынбек Кәкішевтің» ерен еңбегін де сыншы ерекше атап көрсетеді. Бұрындары өз дәрежесінде бағаланбай жүрген С.Сейфуллиннің суреткерлік шеберлігі, прозасының поэтикасы, т.б жайлы пікірлердің себебін: «...сонымен бірге қалың оқырманының көпшілігі, сөз жоқ, қызыл төңкерістің қиын жолы баяндалған шығарма мәнінде танып, жан қанағатын құяр көркемдік мәнін қағаберіс қалдырып жатқаны рас» деп әдептілікпен сыпайы, сауатты, мәдениетті мін айтады.

Ал, «Абай жолы» дәуірнамалық романын зерттеудің жаңа бағыттары» деген мақаласында әдеби мұраны бағалау, саралау бағытында әлемдік көркемдік таныммен астасқан күрделі қисындар бел ала бастағанын академик Рымғали Нұрғалидың «Алаштың бас шығармасы» толғамы» деген зерттеуімен байланыстары баяндайды. Осы кезге дейін «қаға берісте қалып айыз қандыра айтылмай жүрген Шәкәрім мен Мұхтарға қатысты сөз қозғау тың түрен, тосын байлам, таусылмастай рухани кәусарлардың көзін ашқанмен» бірдей екендігін түйін-түйін нақтылы тоқтамдар арқылы арнайы әңгіме етеді. «...Басқа күйді былай ысыра тұрғанның өзінде «Абай жолы» роман-эпопеясында Шәкәрім шығармаларында баяндалған, суреттелген құбылыс, оқиға, табиғат суреттерінің айқын түскен із-сораптары бар.

Көп көмбені, көп дүниені Абай шығармашылығының өзінің астарынан көріп, көтеріп ашуымен бірге сұңғыла қаламгер дәуір ақиқатын ашуда Шәкәрім мұрасындағы тыныс пен дірілді көркемдік айналымға мақсаткерлікпен тартқан», - деген сыншы, ғалым Қ.Мәдібаеваның ғылыми негіздемесі талай сырды, түкпіріне бүккен қадау-қадау қағидаларды қисындайды .

М.Әуезовтің шығармашылық зертханасын ғұлама ғалымның ғұмырлық ғылыми ұстанымдарына айналдырып, эпопеяның жазылу тарихын тұтас қамтып баяндайтын бұл мақаланың емеурінмен меңзеп жеткізетін қыр-сыры Қанипаштың «Шәкәрімді тек Абайдың ықпалында жүріп өткен десек қателесеміз» деген  («Аңыз Адам» журналы. Айман Сейілбекқызы) сұхбатында да жалғасын тапқан. Онда 2010-2011 жылдары студенттерге «Шәкәрімтану» курсын жүргізген оқытушы ретінде Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығына қатысты ақтаңдақтар , әлі де індете зерттелмей жатқан деректер де барлығын, алайда «Шәкәрім-тарих жазған, шежіре түзген зерттеуші, Шәкәрім дінтану бағытында, діни ағартуда өз өрісін қалдырды. Шәкәрімнің көркемдік әлемі-шалқар теңіз» екендігін оқырманға жаңаша пайымдаулар арқылы ажарлай жеткізеді . 

«Қазақ романының көркемдік өрісінде» атты тарауда Әбдіжәміл Нұрпейісов «Қан мен тер», Қабдеш Жұмаділов «Тағдыр», Жұмабай Шаштайұлы «Аяз би «романы», Жәлел Кәттебеков «Балалық шақпен қоштасу» романдары талданса, «Шеберлік шыңдау толысу өткелдерінде» - «Ғ.Мүсіреповтің алғашқы әңгімесіндегі көркемдеу», «Оралхан Бөкей «Қар қызы» повесі», «Адамның кейбір сәттері», «Асыл арман арзандамасын», «Молдахмет Қаназұлының қаламгерлік ұстанымы», «Қуаныш Жиенбай. Алғашқы туындылар», Тұрлыбек Мәмесейітұлы «Түсіме тау кіреді» кітабы», «Роза Мұқанова. «Муза» кітабы», «Болат Қанатбаев. «Грифондар» повесі», Серік Асылбекұлы «Шығармашылық келбеті» сөз болады. «Поэзия өлең өзегіндегі өмір» деген тарауда Әбілдә Тәжібаев. «Портреттер» поэмасы», «Жұмекен Нәжімеденов- азат ойдың ақыны», «Бақыткерей Ысқақ. «Қайыңды шоқы» кітабы», «Тәуелсіздік кезең поэзиясы» деген зерттеулерде қазіргі проза мен поэзия поэтикасы кеңінен әңгіме болады. 

«Көркемдік кеңістігі» деген 4-ші тарауда «Габриэль Гарсия Маркес «Ештен кеш жақсы»», «Сыншылық ойдың сорабын жоғалтып алған жоқпыз ба?», «Айтматов шолған қиырлар», «Өмір талабы-уақытпен үндестік», «Ортаға салар ойлар көп...»-«Жалынның» дөңгелек үстелі», «Жақсы шығарма-жан тазартады», «Қазіргі драматургия» деген мақалаларындағы қазіргі ұлттық сөз өнеріндегі  көркемдік сапасы, жанрлық, стилдік ізденістер Қ.Мәдібаеваның әдеби үрдіске үнемі белсене атсалысып отыратынын көрсетеді. Бұл бір кісі қызығарлық қолтаңба, үрдіс, үлкен тәрбиелік, кәсіби маңызды мәселе. Оның тағы бір айғағы- өзінен кейінгі толқындардың да еңбектеріне енжарлық танытпай дер кезінде пікірін білдіріп отыратын елгезектігі . Мәселен, «Әдебиеттанушы» деген мақаласында (Қазақ әдебиеті. 9.03.2012) филология ғылымдарының докторы, әдебиет теоретигі, профессор Айгүл Ісімақова жайлы былай дейді: «...Айгүл Ісімақова жөнінде сөйлеу-қазақ әдебиеттану ғылымының соңғы ширек ғасыр уақыт ішінде түзген жаңа зерттеу бағыттары туралы айту. Ол- осы бір жауапты, күрделі міндетте тұғырнамалық кешенді еңбектерімен өзін мойындатқан ғалым....Айгүл Ісімақованың зерттеулерінде ұзақ жылдар үнсіздік қамауында қалған рухани мұраның көркемдік әлеуетін айқындауға кешенді таныммен келудің үлгісі байыпталды....Әдеби дамуды тар шеңберде мазмұнын баяндау, фактісін тәптіштеу сынды қасаң саралау емес, тұтас тұғырымен, жалпы беталыс ағысымен алып, түйінді, тосын тоқтам, иланымды тұжырымдар жасауға білімі де, білігі де сай мығым маман»,-деп баға беруі, сөз жоқ, нағыз кәсіби сыншының білгірлігін танытады.

Қанипаш Мәдібаева әдебиеттің қай саласында да (әдеби көркем сын, әдебиет тарихы, әдебиеттану, ) ұлттық сөз өнерінің көкейтесті мәселелерін жалықпай, жанкештілікпен зерделеп, көркем шығарманың тұтас әлемін өзіндік өре мен өріс деңгейінде, білікті маман есебінде зерттеп жүрген зерделі зерттеуші әрі эстетикалық талғамы жоғары, мәтіннің көркемдік сапасын тани білетін сирек сыншы да.    

Біз бүгінгі мақаламызда филология ғылымдарының докторы, профессор Қанипаш Қайсақызы Мәдібаеваның тек әдеби көркем сындағы зерттеулеріне ғана зер салып, жеке шығармашылық тұлға табыстарын жалпы адамзаттық құндылықтармен тұтас қарастыратын кешенді танымдарына, түйінді ойларына , әлемдік өредегі көркемдік кеңістігінің күрделі мәселелерін ұлттық ұғыммен, ұғынықты тілмен талдай білетін тұғырнамалық еңбектеріне тоқталдық. Өзінің кәсіби міндетін асқан жауапкершілік, сүйіспеншілік, құрметпен, үндемей жүріп те үлкен іс тындыратын Қанипаш Мәдібаева біз үшін сол қарапайымдылығымен де қасиетті жан.

Гүлзия Пірәлі, 

әдебиеттанушы, 

М.О.Әуезов атындағы 

Әдебиет және өнер институтының 

бас ғылыми қызметкері

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...