Тысыр-тысыр еткен дауыстан оянып кетті. Көзін уқалап жатып, жаңағы дауысты тағы естіді. Атып тұрып ж...
Ашамайлы Керей Сегіз сері жайлы сыр
Қазақ әдебиеті тарихында «Қыз Жібек» хиссасы ғашықтық жырлар қатарына жатқызылған. Ал оның тарихи жағына ешкім көңіл бөлмеген. Шын мәнінде «Қыз Жібек» дастанын тарихи ғашықтық жыр деп түсінген дұрыс. Себебі ол жырдағы бас кейіпкерлер – өмірде болған адамдар. «Қыз Жібек» аңыз-әңгімесі алғаш рет 1804 жылы Қазан баспасынан жарық көрген.
«Қыз Жібек» оқиғасын ең бірінші болып өлеңмен жырлап, дастанға айналдырушы – Орта жүз Ашамайлы Керей Сегіз сері (шын аты Мұхаммедханафия) Баһрамұлы Шақшақов. Ол кісі батыр әрі ақын (1818-1854 жж.) болған. Шақшақов жырау 1834 жылқы жылы жаздың басында Омбыдағы Сібір казак-орыс әскери училищесін (1847 жылы Кадет корпусына айналғанға дейін осылай аталған оқу орны) үздік бітіріп шықса да, жазалаушы жасаққа басшы болғысы келмегені үшін патша өкіметінің отаршыл әкімдері тарапынан қуғынға ұшырайды. Соның салдарынан Баһрамұлы Кіші жүздегі түп нағашысы – Байбақты Сырым батыр әулетін паналамақ болып батыс аймаққа аттанады.
Сегіз сері қасына ауылдасы, құрдасы Нияз серіні ертіп, сол 1834 жылы жазда ел жайлауда отырғанда, он жеті жасында (туған жылын қоса есептемегенде солай) Кіші жүз Әлімұлына жататын Алты шекті елінің Қабақ атасынан шыққан Арыстан батыр Тіленұлының (1778-1855 жж.) ауылына келіп, оның он сегіз қанат ақ ордасына ат басын тірейді.
Шекті, Табын, Кете елінен жиналған қолдың басшысы Арыстан Сегіз сері мен Нияз серіні жақсы қарсы алып, мейман етіп құрметтейді. Мәжілісте Сегіз серінің алдында ғана Арыстан сардарға қонаққа келген Кіші жүздің Жетіруына жататын Жағалбайлы елінің биі Жанқасқа да болыпты. Сегіз серінің суырыпсалма әнші-ақын екенін көзімен көріп отырған Арыстан оған әуелі «Айман – Шолпан» оқиғасын айтып беріп, соны Шақшақов жыраудан хиссаға айналдыруды өтініп, тілек қояды. Баһрамұлы ақын ол тілекті қабыл алып, «Айман – Шолпан» атты тарихи дастан шығарды. Онан кейін Арыстан мен Жанқасқа екеуі «Қыз Жібек» оқиғасын әңгімелеп беріп, оны Сегіз серіге дастан етіп жырлатқызады. Сол күннен бастап «Айман–Шолпан», «Қыз Жібек» дастандары қолжазба арқылы ауылдан-ауылға, елден-елге таралады. Осы екі хисса жап-жас ақын жігіт Шақшақовты бірден-бір үлкен ақын дәрежесіне көтереді. Оны Махамбет Өтемісұлының (1804-1846 жж.) «Сегіз серіге» атты өлеңіндегі мын бір шумақтан-ақ байқауға болады:
«Айман – Шолпан», «Қыз Жібек»,
Жырларың елге тарады.
Қашқын болып жүрсең де,
Аузыңа халық қарады...
Сегіз сері «Қыз Жібек» жырындағы басты кейіпкерлер саналатын Бекежан, Сансызбай батырлардың ұрпақтарымен де кездесіпті. Мысалы, ол Тайлақ мерген Бекежанұлының, Төсбатыр Сансызбайұлының ұрпақтарымен Жаманқала (Орск) маңында жолығып, олардан шежіре жазып алыпты. Ол «Қыз Жібек» дастанының басында былай дейді:
Жылқы жыл қашқын болып шығып елден,
Ақбұлақ бойындағы елге келгем.
Сол жердің жақсылары қабыл алып,
Шығарған өлеңіме көңіл бөлген.
Ақбұлақ өзен бойын мекендеген,
Елдері Алты шекті Назар, Шүрен.
Нияз бен екеумізді құрмет етіп,
Желісін оқиғаның айтып берген.
Бұл өзі уақиға екен мол деректі,
Жырлауға осындайды болдым епті,
Есітіп Төлеген мен Жібек жайын,
Хисса етіп баяндауға көңілім кетті.
Ұрпағын Базарбайдың санап алып,
Ел-жұрттан оқиғаға болдым қанық.
Әр буынға жиырма алты жастан беріп,
Шежіреден жыл мөлшерін білдім анық.
Ресейдің жыл санауын еске алып,
Өткенге қатты үңілдім назар салып.
Есептеп жыл шамасын білгеннен соң,
Қолыма қобыз алдым құштарланып.
Сол кезде бізге ілескен бір топ мерген,
Бұлар да хисса етуді мақұл көрген.
Алшынның уақиғасын жырға қосып,
Дастанға «Қыз Жібек» деп есім бергем.
Жағалбайлы Жанқасқа, шекті Арыстан,
Қайтпайтын қажырлы ерлер жолбарыстан.
Осындай абзал жандар өтінген соң,
Шығардым «Қыз Жібекті» етіп дастан.
Көрмеге тұлпар байлаған,
Жалаулы найза қолға алған,
Жендеттердің қанына
Қылышын талай аударған,
Сегіз сері мен болам,
Шығаруға хисса толғанам,
Арқам қозып жиында,
… құстай қомданам.
Хисса-аңыз болса да,
Жыр маржаны – «Қыз Жібек»,
Алғаш рет хисса боп
Бүгін менен шығып ед.
Аңыздан жырға айналып,
Бүгін бізден тараған.
«Қыз Жібек» жырын таңдауға
Құмартып бар адам.
Сәлем беріп танысып,
Маңыма менің жиналған.
«Қыз Жібек» дастанындағы Бекежан – тарихта болған адам. Оның туған жері–Алшын Теміртаудың бөктері. Алшын Теміртауын 1825 жылға дейін Кіші жүз Әлімұлына жататын Алты шекті елі мекендеген. Бекежанның әкесінің аты – Айбек. Айбек өз тұсындағы Кіші жүз Алшын Әлімұлының әскербасы батыры екен. Бекежан да әкесі Айбек сияқты қол басқарған сардар болыпты. Ол жайында «Қыз Жібек» уақиғасын алғаш рет хисса етуші белгілі шежіреші ақын Сегіз сері жырда былай дейді:
Құс салып, тазы ерткен аңға құмар,
Көрген жау айбатына емес шыдар.
Кіші жүз Әлімұлы Алты шекті,
Елінде бес жүз алпыс мырзасы бар.
Басшысы жиырма алтыға жасы келген,
Тартатын жылқы, түйе түрікпеннен.
Зайыбы Салиха атты Естек қызы,
Мезгілсіз ажал жетіп, былтыр өлген.
Жетім қалған үш ұл, бір қыз баласын,
Немере ағасына мүлде берген.
Әйелі өлген соң бойдақ болып,
Бекежан сол себепті салт бас жүрген.
Ер болып жас кезінен шыққан аты,
Ішінде Алты шекті Бөлек заты.
Бөлектің Қабағынан шықса-дағы.
Болмапты Бекежанның көңіл шаты.
Арудан Салихадай айырылған соң,
Кездеспей сондай сұлу қайғырған соң.
Ішіне ұялапты қайғы таты
Жасыған жездей болып майырылған соң.
Бекежан Айбекұлы деп атанған,
Қалмаққа Еділ өтіп ойран салған.
Қасына мың жарымдай сарбаз ертіп,
Кәпірдің мықты елінен барымта алған.
Сегіз сері дастанындағы дерек шежіредегі Бекежан жайындағы дерекке сәйкес келеді. Шежіре деректерінде: «Бекежан батырдың әкесі, елі – Кіші жүз Алшын ішінде Әлімұлы, оның ішінде Алты шекті, оның ішінде Бөлек, оның ішінде Қабақ. Әйелі башқұрт халқының Естек жұртындағы Құрамыс байдың қызы Салиха деген, одан Байрақ, Қайрақ, Тайлақ деген үш ұл, Нұргүл есімді қыз туған. Байрақ пен Қайрақ ірі батыр, Тайлағы үздік мерген болған екен. Бекежанның екінші әйелі – Зүлфия деген түрікпен жұртының қызы. Бекежан қалмақтармен соғыста жараланып, ерте кемтар болған, батырлықтан да ерте қалған. Оның балалары ақтабан шұбырындыда қол бастаған, ел бастаған. Бекежан өз ажалымен өлген. Ол Төлегенді Бекежанға келіп паналаған жағымсыз баскесер, Кескентерек деген қожа жігіті өлтіреді. Себебі ол да Жібек сұлу Сырлыбай қызына ғашық екен», –делінген.
Бекежан балалары атақты Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жырынан да орын алған. Сөзіміз дәлелді болу үшін сол жырдың бірінші бөліміндегі мына шумақтарды келтірейік:
Қатысты Кіші жүзден Тайлақ мерген,
Сұлатты көздегенін атқан жерден.
Бір мерген Саңырақ атты жараланды,
Екеуі де Кіші жүзде шекті екен,
Қалмаққа әуел бастан кекті екен.
Ағасы Тайлақ, мерген Байрақ, Қайрақ,
Олар да жүрек жұтқан бетті екен.
Баласы Бекежанның мерген Тайлақ,
Садақпен жау қалмақты атты байлап:
Ағасы оның Қайрақ әскер жинап,
Дұшпанға қарсы аттанды қару сайлап.
Сонымен қатар Керей Қожаберген ақынның «Елім-ай» жырынан Сансызбай мен Жібек сұлудың тұңғыш баласы Төсбатыр да орын алған. Оны сол дастанның ішіндегі мына шумақтан көруге болады:
Жағалбайлы Төсбатыр,
Қалмақтарға өш батыр.
Сансызбайдың өзіндей
Көрсеткен жауға күш батыр.
Үзкентте болған шайқаста
Қамал бұзған гүж батыр.
Сегіз сері «Қыз Жібек» жырында Төлегенді Кескентерек деген қожа жігіті жолда тосып, Кіші Борсық құмы төңірегіндегі Қособа деген көлдің жағасында атып өлтіргенін, Кескентеректің жетпіс екі қарақшының басшысы болғанын әрі Бекежан жасағына тәуелді екенін, Төлеген мен Кескентеректің Жібек сұлуға таласқанын, Бекежан сардар Зүлфия сұлуды алу үшін Түрікпенге қалың қолмен аттанып кеткенде Кескентерек соны Төлеген елінен жалғыз аттанарда інісі Сансызбайға: «Мен кешіксем іздеп келерсің, қасыңа Шегені ертіп шыққаның дұрыс. Алай-бұлай қиыншылық іс болса, шекті елінде Бекежан батыр деген досым бар. Негізгі сүйенетін, ақылдасатын адамың сол болады. Әуелі соған жолыққайсың», – деп айтқанын, Сансызбайдың ағасы Төлегеннен үш жас кіші екенін, Төлегенді өлтірген соң, екі жыл бойы көрсетпей жүрген көк жорға атты Кескентерек қарақшының Бекежанға тарту етпек болғанын, Бекежан сонда Төлегеннің өлгенін біліп, Кескентеректі өз тобынан аластап қуғанын, өзін қан басып, ажал төнген Кескентеректің шектімен көршілес табын елінің мырзасы Нұрғожаның әйелі ұл тауып, соған жасалған тойда Жібекке тиіскенін, сол жерде Кескентеректі Жібектің жеті ағасының дарға асып өлтіргенін, Сансызбайдың аса зор қиыншылықпен, онда да батырлығының арқасында ғана Жібек сұлуға қосылып, олардан Төсбатыр деген ұл туғанын шынайы түрде суреттеген. Сегіз сері Жібек сұлу Сырлыбай қызының аузынан Шегеге былайша жауап бергізеді:
Көк жорға ат біздің қолда алтын жабдық,
Астынан қарақшының тартып алдық.
Бір елдің төресіндей ғашығымды
Өлтірген Кескентерек жолда аңдып.
Осының өзінен-ақ Төлегенді өлтірген Бекежан емес, Кескентерек екені айқын болып тұр. Кескентерек жайында Баһрамұлы өзі шығарған «Қыз Жібек» дастанында арнаулы түрде тоқталады. Оны сол жырдағы мына шумақтардан аңғаруға болады:
Бас болған елдің бұзық, наданына,
Мәз болған айласы мен амалына.
Қожадан жол тонаушы сотқар шыққан,
Бекежан Айбекұлы заманында.
Есімі тонаушының Кескентерек,
Тыңдамай ата-анасын жүрген бөлек.
Ұрлыққа бала кезден әуес болған,
Қан төккіш, мейірімсіз, қара жүрек.
............. .
Еділ мен Атыраудың жағалығын,
Ноғай мен Байұлылар қыстап көптен.
Орал тауы күнгейі мен Жайық бойын,
Кіші жүз Әлімұлы мекен еткен.
Естек пен Әлімұлы қатар қонған,
Мекендеп Орал тауы көрші болған.
Бекежан Айбекұлы ордабасы,
Қол жинап, мұсылманға бопты қорған.
Атағын Бекежанның біледі екен,
Сескеніп жолығуға жүреді екен.
Баласы Тасымқожа Кескентерек,
Майданға сырттан құлақ түреді екен.
«Бекежан батыр Айбекұлы Алшынның Теміртауында (Алшынның Теміртауы – қазіргі Магнитогорск қаласы орналасқан қоныстың бұрынғы аты) 1667 жылы туып, сонда 1730 жылы қайтыс болған» деп жазыпты Сегіз сері өз шежіресінде. Шежіре деректеріне қарағанда, Бекежанның әкесі Айбектің туған ағасы Қарабас байдан бірнеше ұл туып, олардан ұрпақ көп тарап, өсіп-өнген. Қарабас кейін рулы елге айналған. Кіші жүз Алшын ішінде Әлімұлына жататын Алты шекті елінің Қарабас атасынан Көтібар Берсенұлы (1762-1834 жж.), Арыстан Тіленұлы батырлар шыққан.
Атасы Айбек пен әкесі Бекежанның жолын қуған Байрақ, Қайрақ, Тайлақ ерлер де 1711-59 жылдар арасында Еділдің батыс жағындағы қалмақ феодалдары шапқыншылары мен шығыстағы жоңғар-қалмақ феодалдары басқыншылары тарапынан қазақ, ноғай, қарақалпақ, сібір татары халықтарына себепсіз жасалған жойқын да әділетсіз шабуылдарға қарсы тұрып, мұсылман түріктерінің азаттық соғыстарына әрдайым қатысып, қол бастап, ел қорғау жолында ерліктер көрсеткен.
Кескентеректің шежіреде де, ел аузындағы әңгімеде де, Сегіз сері шығарған «Қыз Жібек» жырында да Бекежанға келіп паналаған қандыбалақ қарақшы екенін, оған дейін еш жерге сыймай жүрген бұзақы, өзінің туған нағашысы, жағалбайлы елінің мырзасы Әбусағитты өлтіріп, оның тоқалын алып кетіп, ол әйелді қаңғыртып құмға тастап кеткенін, туған қарындасы Қаламқасты Қарабала жігітке тұрмысқа шықпақ болғаны үшін емшегін ойып тастап өлтіргені ашық айтылған.
Сегіз сері шығарған «Қыз Жібек» дастанында Кескентеректің аузынан төмендегіше:
Батыры ем төре, төлеңгіт, қожа Кескентерек
Елдігім мен ерлігім жұрттан ерекше.
Тұсыңа өлең айтып келіп тұрмын,
Көңілің маған қалай, сұлу Жібек!
Дегенге ар ма, Жібек, ар ма Жібек!
Ботасы өлген түйедей зарла, Жібек!
Кеткелі ғашық жарың екі жыл болды,
Хабары замандастың бар ма, Жібек!
Сегіз сері шындықты жырласа да, оның «Қыз Жібек» атты тарихи ғашықтық дастанын баспаға беруші әрі ауыз әдебиетін жинаушы, әрі бала сүннеттейтін, әрі бала оқытатын, әрі кітап бастырушы Жүсіпбекқожа Шайхұлисламұлы (1861-1941 жж.) қысқартып, өз жанынан қарасөз қосып, рас оқиғаны бұрмалап, ертегіге айналдырып, Бекежанды арғын елінен шыққан етіп және оны Төлегенді өлтіруші қылмыскер-қарақшы етіп өзгертіп, басқаша көрсеткен. Шын мәнісінде Бекежан арғын да емес, ол тіпті Орта жүздің ешбір еліне жатпайды. Сондықтан Бекежанның кім екенін, қай елден, қай жерден екенін дәлелдеп жазуға тура келді.
Өз басым белгілі академик-жазушы Ғабит Мүсіреповке 1955 жылы көкек айында Сегіз сері шығарған «Қыз Жібек» жырының бірінші нұсқасын негізге алу керегін, Бекежанның арғын елінің адамы емес екенін, Бекежанның Төлегенді өлтірмегенін, Төлегенді Кескентерек деген қожа жігіті, қарақшы өлтіргенін, «Қыз Жібек» жырын Жүсіпбекқожа шығармағанын ескертіп, пьесаға өзгерту енгізуді ұсындым. Ол кісі маған Бекежанның орнына Кескентеректі жазбақшы болып, Сегіз серіні «Қыз Жібек» дастанында көрсетпекші болып уәде еткен еді. Бірақ сол уәде орындалмады. Атақты академик-жазушы Мұхтар Әуезов ақсақал да «Жүсіпбекқожа Шайхұлисламұлы ауыз әдебиетін жинаушы, кітап бастырушы адам, бірақ ол ақын емес» деген болатын.
«Қыз Жібек» жырының Сегіз сері шығарған нұсқасының әлі күнге дейін жарық көрмей, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба бөлімінде он төрт жыл бойы жабулы қазан күйінде жатқанына кім де болса қынжылса керек.
Н.Арықбайұлы
"Жас Алаш"