Асқар Алтай: «Орағам Алтайды биіктетті, Алтай мені биіктетті»

ӘДЕБИЕТ
5303

Асқар АлтайАсқар АлтайБіздің жақта туған жан әлдебір андағайды жазып кетуі неғайбыл!



 - Асқар аға, өмірбаяныңызбен таныс адам әкеңіздің аты - Құмар, атаңыздың аты Алпысбай екенін біледі. Ал Асқар Алтай атыңызбен елге ең алғаш танылған уақытыңыз қашан, танытқан шығармаңыз қайсы?

 – Мені «Асқар Алтай» атандырып жіберген қазақтың Мұзтаудай сұлу һәм биік қаламгері - Орағам екені ақиқат. 90-шы жылдардың басы болатын. Қазір өзім де тап басып қай жыл екені есімде жоқ, бірақ әйгілі Хасен Оралтай ағамыз туралы «Қазақ әдебиеті» газетіне «Оның аты Оралтай емес – Өралтай» деген репликалық мақала жазғаным есімде. Міне, осы мақала газетте жұма күні шыға келгенде, соңындағы «Алпысбаев» деген фамилиям орнына «Алтай» деп ата-тегім өзгертіліп беріліпті. Салып ұрып, «бір пәле келсе, Орағамнан келді ғой» деп, жетіп барғаным есімде... Орағам жылы жымиып күлді де, «Алтайдың атын Қалихан ағаң бастаған Дидахмет, Әлібектер шығарып келеді. Ендігі шығаратын сендерсіңдер! – деп алды да, - мен сенің «Ағажай Алтайдай, жер қайда-ай!..» деген мақалаңды оқығаннан кейін, Алтай туралы терең білетініңе риза болып, тура осы ат саған лайық деп жазып жібердім... (Аң-таң болып, сөз соңын күттім). Менің аузым дуалы, саған бұл псевдоним үлкен атақ-даңқ әкеледі» дегені құлағымда мәңгілік қалып қойды. Осы есіммен әдебиет әлемінде танылдым. Орағам Алтайды қалай биіктетсе, Алтай мені солай тербетеді... ағаның дуалы аузынан шыққаннан да сөз сонарының биігінен сонылатып келемін.

 - «Әдебиетімізге өз үнімен, өз тілімен, өз шындығымен екпінді, қарқынды қаламгер келді. Асқардың тілі бай, Алтай топырағындай құнарлы, шөбіндей шүйгін. .....» депті кезінде сіздің шығармашылығыңыз туралы Дулат Исабеков. Сол туып, өскен жеріңіз туралы айтсаңыз, жиі келіп тұрасыз ба? Жазушылығыңызға, шығармаларыңыздың тууына туған жеріңіздің, Шығыстың, Алтайдың әсері үлкен болғаны қатты аңғарылады.

 – Жалпы, Дулат Исабековтей әдебиет мастерінің менің творчествома бұлайша баға беруі көңілімді марқайтып, қаламымды ұштай түскені шындық. Алдыңғы толқын ағалардың арасынан ақиқатын айтып сынайтын да, шыңдайтын да сөз шеберлері баршылық... Мен олардың әдебиетке келгенде ақ сөйлеп, адал пікір айтатындарына сол «Жұлдыз» журналында жүргенде көзім толық жеткен. Оған Қалихан Ысқақ, Төлеген Тоқбергенов, Мұхтар Мағауин, Сайын Мұратбеков, Қажығали Мұхамбетқалиев, Сұлтан Оразалинов, Әнес Сарай, Сәкен Иманасов, Кәдірбек Сегізбаев, т.б. жазушылардың ауызша да, жазбаша да айтқан ақыл-кеңес пікірлері дәлел.

Туып-өскен топырағыма жиі ат басын тіреймін деп айта алмаймын. Дегенмен кейде жыл аралатып, кейде жылдар салып оралатыным бар. Бірақ қанша алыста жүрсем де, уақыт өткізіп алсам да санамнан Алтай суреттері ешқашан көмескіленген емес. Бәлкім, содан да болар, шығармашылық әлемімнің соқталы сеңгірлерінде туған жерімнің сұлу табиғаты мен ақжарқын адамдарының қилы тағдырлары, қатқыл характерлері таңбаланып қалатыны... Балалық шағым мен бозбала шағымда куә болған өмір елестері, қатал табиғаттың кіреукелі кескіні маған тау бұлағының суындай ылғи да көңілімді шайқап, санамды суғарып отырады. Әр шығармамда жанымның жапырағы, сезімімнің толқыны ашық көрініс табатыны содан. «Алтайдың алқызыл модағайынан» нәр алған шығармашылық суатым «Сират» романын жазуға қуат бергені анық...

 Егер шығармашылықпен шындап айналысқан адам болса, ол Алтай өңірінде туса, Алтайды жазбай, әлдебір андағайды жазып кетуі неғайбыл! Алтай тылсым, Алтай жұмбақ... Алтай – жұмақ. Ал жұмаққа құмарың қануы мүмкін емес. Алтайды жырлауға әлі талай жан талпынары ақиқат.

Әкемді Кеңес адамдары Сауыр жайлауынан ұрлап әкеткен



 - Әкеңіз Қасым Қайсеновпен бірге барлаушылар мектебінде оқыпты, талайлы тағдыры бар адамдар болған екен. Әкеңіз, атаңыз жайлы өз аузыңыздан естісек.

 – Иә, әкем Құмардың әйгілі Қасым Қайсеновті даярлаған Мәскеу түбіндегі барлаушылар мектебінде оқығаны шындық. Онда жалғыз әкем ғана емес, Шығыс жақта және Батыс жақта болатын ұлы соғыстарға жүздеген барлаушыларды – олардың ішінде қазағы бар, орысы бар, ұйғыр мен сарты бар, дүңгені мен моңғолы бар барлаушыларды даярлағаны ақиқат. Әкем де он үш жасында Жеменей шекарасынан ұрланып әкетіліп, 1942 жылдың жазына дейін даярлықтан өткен. Генерал Дәлелқан Сүгірбаевпен сенімді серік, әрі кеңесші болып, Зайсандағы Майқапшағай - Жеменей шекарасы арқылы Шығыс Түркістанға жіберілген. Ол туралы бір сұхбатымда айтқанмын.

 Ал ұлы бабам Шонжырбай мен бабам Жылқышы, атам Алпысбай Марқа-Қалжыр бойында ғұмыр кешкен. 1928 жылғы кәмпескеге ілігіп, Жылқышы бабам қалың жылқыны Зайсанға атқамінер әпербақандар айдап жөнелгенде, құсадан көз жұмған. Сүйегі Марқа жеріндегі Бөкенбай тауының Зайсан көліне еңкейген тұмсығы Атымтай-Мысқалда жатыр. Ал Алпысбай атамды «мырза» деп ұстауға айналғанда, інісі Омармен арғы бетке ауып кетуге мәжбүр болған. Жылқышы бабамыз үш әйел алған. Сол үшінші Күміс апамыздың Жеменей-Сауырдағы жайлауына барып түскен. Бабамыздың ол жақта да мол малы болған, әсіресе мыңнан астам жылқысы аман қалыпты.

 Әкемді Кеңес органы адамдары осы Сауыр жайлауынан ұрлап кеткен. Өйткені, барлауға жас кезінен баулып қана қоймай, арғы бетке барғанда, сол елге танымал адамның «тұяғы», «байдың тұқымы» екенін ескерген. Күдік тудырмайтын адам деп таңдаған. Өйткені арғы бетте қаймағы бұзылмаған, большевизм ауруынан аулақ қазақ қоғамы өмір сүруде еді.

Әкем Шығыс Түркістанның азаттығы үшін жан аямай күрескен жандардың бірі. Оспан батырдың ержүрек ұлы Шердиманмен селебе тілісіп, қан жаласып, дос болған. АҚШ консулы Дуглас Маккернанмен құпия кездесіп, Үндістанға ауып бара жатқан Құсайын тәйжі мен Қалибек бастаған көшке Американың көмектесуін сұраған. Өз қолымен жазған «Құпия хат» табыстаған. Сонау Тибет тауларына дейін барған... Шығыс Түркістандағы Азаттық майданы үшін Пәкістан арқылы АҚШ жіберген 500 бесатарды 50 мың оғымен іздеп, Құлжа – Қашқар – Қотанға шейін жасырын сапар шеккен... Оның мен білетін шамалы өмір соқпақтарын «Сират» романымда жаздым. Маған белгісіз тағдыр-талайы ұшан-теңіз. Ол туралы әлі де құпия құжаттар Мәскеуде. Шет елдерде, бәлкім Маккернан арқылы жеткен Орталық Барлау Қызметі (ЦРУ) мекемесінде болуы. Әзірге қолыма түсер емес. Іздеудемін. Қол қысқа.

 Әулет эстафетасы осылай жалғасуда... Нөсері мен ақжауыны бірге жүретін алып құбылыс...


 – Әңгімелеріңіздің, повестеріңіздің иін қандыруға көп уақыт кете ме? Қазір қандай дүние жазып жатырсыз немесе болашақта жазсам деп жоспарлап жүрсіз?

 – Негізі, шығарманы тез жазатыным рас. Бір деммен жазылатыны да бар. Бірақ бір жазылған дүниені көп өңдемеймін. Сәйгүліктің суытылғаны секілді уақыт өте келе бірер мәрте қарап шығатыным бар. Қазір туған жерім мен өскен елім туралы толғаныста жүрген жайым бар... Оның қалай болып туатыны өзіме де жұмбақ. Өткен заман мен бүгінгі заман шындығы жан-дүниемде шарпысуда... шайнаса қарпысуда... Бәрін де уақыт көрсетеді.

 Өткен жылы сәуірде «Таганка» атты әңгімені үш күнде жазып шықтым. Бұл әңгімені әлі күнге еш жерде жариялаған жоқпын. Оның қазақ қоғамына қатысты объективті, өзіме қатысты субъективті себептері бар... Сондықтан да жарық көруге «жол таппай», тартпамда жатыр.

 Уақыт тапшылығы қолымды да, санамды да матап жүр... Әттең! Ой-санамда сапырылысқан сюжеттер баршылық, тек жол табуына «тар дүние» мүмкіншілік қалдырмай қоюда.

 – Әншілерді танымал ететін «хит» әндері болатыны сияқты өзіңіздің шығармаларыңыздың ішінде сіз үшін шоқтығы биік, абырой, беделіңізді көтерген қай шығарма деп ойлайсыз?

 – Әдеби шығармаға хит атауы жараспайды-ау! Кейде күтпеген жайлар кездеседі. «Көзжендет» немесе «Киллер сауысқан» атаған әңгімем мен ойлаған тереңдіктен де терең болып, оқырманды тәнті еткеніне таңым бар... Әрине, интеллектуал оқырманға тән шығарма. Ал «Туажат» романы дүниеге туа сала «хитке» айналып жүре бергені, үлкен буынды да, жас буынды да, тіпті бала буынды да сиқырдай арбап алғаны өтірік емес. Отыз жасымда жазылған «Алтайдың алқызыл модағайы» немесе «Алтай балладасы» романым менің суреткерлік қолтаңбамды анықтап берді, және осы роман арқылы оқырман мен жазушы қауым арасында абырой-беделімді биіктеткені сөзсіз.

 – Бүгінгі әдебиетте прозадан поэзия басым деген пікір бар. Меніңше, кейінгі толқын ішінде проза әлемінде жарқырай бастаған жастар көп сияқты.

 – Иә, ондай пікір бар. Өйткені өлең тез жазылатын, найзағайдың сәулесіндей жарқ ете қалатын жанр. Прозаға келсек, ол ұлы мұхиттардан көтерілетін найзағайы мен дауылы, нөсері мен ақжауыны бірге жүретін алып құбылыс деуге келеді. Сондықтан да проза бір сәтте туа салатын жеңіл дүние емес. Ол Сарыарқаның самалындай желпіп тұрып, қара нөсер дауылға айналатын кесек құбылыс. Прозайктер уақыт дауылымен, қоғам қопарылысымен туады.
 Сонда ғана терең де мағыналы, сүбелі де сауырлы шығармалар дүниеге келеді.

Қазір қазақ прозасында жас буын желідегі құлындай ширығып, шаңы шыққан шаңдақта жатқандай жайы бар. Әдебиетке өз сөзімді айтам, өз суретімді салам, өз соқпағымды қалдырам дейтін жастың буыны бекір емес. Білімі жетсе де, білігі кемшін соғып тұр. Сондықтан да сөз сонарын таба алмауда... Ақ тұман басқан биіктерді ала алмауда. Бірақ қарасы молайып келеді. Солардың арасынан суырылып шығып, ұзаққа шабатын таланттар шығар деген үміттемін. Әзірге кермеден қара үзіп келгенін көре алмай тұрмын.

Асқар Алтай
 Әр адам адал қызмет қылса – ұлтқа ұлықты қызмет қылғаны


 – 25-тегі - жастық шағыңыздағы армандарыңыз қандай еді, орындалмай қалғаны бар ма?


 – Армансыз адам – өртенген орман. Арманның ерте орындалып, ерте тоқырап қалғаны – қасірет. Тәңірім мені одан аулақ етті. Сабыр берді. Міне, соның арқасында ойдағы дүниелерім уақыт кезеңімен, өз кезегімен туып келеді. Жастық шақтағы басты арман-тілектеріме Аллам асықпай қол жеткізіп келеді. Шүкір! Орындалмағаны бар деп айту – күпіршілік. Құдайға шүкір, ой-санам азат!

 – Қазір біздің қоғам туралы «өтірік көп айтылатын, шындық шырылдап жерде қалатын қоғам» деп айтылып жүрген ой-пікір, сөздер көп. Әлихан Бөкейханов «Ұлтына, жұртына қызмет ету - білімнен еме. мінезден» деген. Осы күні жасандылық көп деп ойламайсыз ба?

 – Әлбетте, қай уақытта да, қай қоғамда да алты бақан алауыз пікірлер болған... Бола да береді. Өйткені ол пендеге тән жай... Шындық туралы айтылмай жатқан жоқ, жетемізге немесе жетесізге жетпей жатқаны – шындық. Ал оның орындалу барысы бәрімізге де сын, бәрімізге де мін. Ұлтқа қызмет ету мінезден екені анық, бірақ қандай мінезден? Ұрандап, айғайлап, байбалам салудан құралатын мінезден болмау керек. Абай атам айтқандай, мінезге де «сауыт» керек. Сауытсыз мінез – сұрықсыз сұрапыл болар... Біз, бәлкім, осы сұрапыл мінезден қорқуымыз керек шығар. Ал сауытты мінез – сауықшыл емес, сауатты мінез болары сөзсіз. Сауапты болары да сөзсіз, әсіресе біздей тәуелсіздік тұғырына енді қонған жас қырандай жалаңтөс елімізге.

 Әр адам қоғамда өз орнын тауып, адал қызмет қылса – ұлтқа ұлықты қызмет қылғаны дер едім.

 Оның жаны ақын еді, актер еді

 – Әдебиет туралы әңгімемізді әрі қарай жалғастырсақ. Танымал жазушы жерлесіміз Талаптан Ахметжан аққан жұлдыздай ерте сөнді. Ол кісімен жақын араластығыңыз болды ма шығармашылықта, өмірде?

 – Жазушы Талаптан Зайнолдаұлы Ахметжан менің ақберен досымның бірі еді... Өмірдің өрінде кездесіп, көңілдің суатын суғарып жүруші едік. Амал қанша, тағдыр жазуы келте жазылыпты... Ол өмірде қыздай нәзік жанды, темірдей төзімді азамат болатын. Сол болмысынан айнымай өтті. Оның шығармалары да өзінің нәзік жанымен астасып жатқан бір әлем.

 Бәлкім содан болар, ол прозайк қана емес, оның жаны ақын еді... актер еді... драмаға толы драматург еді... Өкінішке қарай, творчествода толық ашылып үлгермеді. Ойда жоқта жабысқан ауыр дерт оған мүмкіншілік бермеді. Арманы көп еді, уайымы да мол еді. Біз әдебиетке келген 90-жылдар уайым мен қуаныш қатар жүрген қатал мезгіл еді. Оның денсаулығын Қорғасын-мырыш комбинатында істеген инженерлік жылдары жеп қойды. Соған қарамастан, талмай еңбек етті. «Тозақ оты» сияқты төрт аяғын тең басқан хикаят жазып кетті. Мен үшін Талаптанның осы шығармасы – творчестволық биігі. Мұнда қазақ халқының қасіреті мен ер-азаматының арманды тағдыры бар. Талаптан досым осы повесі арқылы өзінің азаматтық кредосын айқын танытқаны ақиқат.

 Жастық шақта таңды таңға ұрып әдебиет пікір-сайысын құрған күндер қырдағы сағымдай алыстап барады... Ол филология факультетін тәмамдамаса да, әдебиеттің ұңғыл-шұңғылын терең танитын зердесімен кім-кімді де таңдандыра алушы еді. Оның себебі Өскемендегі Жамбыл атындағы мектептен тәлім алғаны... Сол кездегі Қанипа Бітібаева секілді білікті, білімді ұстаздардың алдын көргенінен деп білемін.

 Тәкеңнің шаңырағын шайқалтпай отырған Риза жеңгемізге мың да бір алғыс. Соңында қалған тұяғы Мағжан да азамат болды. Риза қыздары Бұлбұл мен Назымнан немере сүйіп отыр. Ал Ләззат – әкесінің жолын қуып, Астанада режиссер.

 – Тәуелсіздік келгелі бұрын орыстың қаласындай боп кеткен Өскемен де көп өзгерді. «Сырт көз сыншы» деген, Шығысқа келгенде елді, жерді көріп, қандай ой түйіп қайтасыз?

 – «Сырт көз – сыншы» дегеніңе қарағанда, мен шынында да, туған елден сырт қалған адамдаймын... Ақиқатында, ел менен сырт қалған сияқты. Әйтпесе Алтайға ат ізін салмай кеткенім аз... Ал қалаға келер болсақ, Мағжан ақын айтқандай, Орал тауының ар жағындағы «жын ұясы» осы Алтайға алдымен көшіп келгендей көрінетін. Көк көзді «ағайындар» құдайға шүкір, күн санап азайып келеді екен. Олармен бірге келген көкшұбар тіл ғана әзірге дес бермей тұрғандай. Аллаға аян, қаракөздеріміз молайғалы орыс тілінің жүні жығылыпты. Баяғы бабалардан жеткен Көк түрік тілінің желке жалы күдірейіп келеді...

 Ал Алаштың тілі алашұбартып тұр. Ауылдан ауған жұрт әлі де қалалы жерде орыстың тілін төбесіне көтеріп жүрген жайы бар. Әлбетте, оған қоршаған орта да, әлеуметтік мәселе де, ашылып жатқан аралас мектептер де әсер етіп отырғаны мәлім. Бірақ болашақ – қазақтікі, тіл – алаштікі. Ұрпақ – еркіндіктің кепілі. Сондықтан үмітім зор, тілегім оң. Тек, қазіргі аға буын солқылдақтықтан танбай отыр. Бірақ уақыт пен кеңістік – қазақтікі.

 – Әңгімеңізге рахмет, Асқар аға!

 Сұхбаттасқан Жанаргүл Мұқатай


author

Асқар Алтай

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...