8 желтоқсан Алматыда «Айбоз» республикалық ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздарын ма...
Азамат Есенжол. Қаламның құты
Бүгін – белгілі журналист, этнограф Бекен Қайратұлы асқаралы алпысқа толды. Біраз жылдан бері ағалы-інілідей сыйласып жүрген қаламгер туралы жазғанымыз «Астана ақшамының» бүгінгі нөміріне шамалы қысқарып шықты. Әлеуметтік желіге толық нұсқасын салғанды жөн көрдім.
Белгілі жазушы Дидахмет Әшімханұлының «Бәкең» деген әңгімесіндегі бас кейіпкерінің: «Жалпы адамдарды ел мен жер, ру мен жүз, ағайын мен туыстық табыстырмайды, ең алдымен оларды мінез сәйкестігі сосын мақсат бірлігі қосады», деп айтатыны бар еді. Ал, менің бүгінгі сөз етіп отырған кейіпкеріммен мінезім сәйкесеме білмеймін, бірақ екеумізді ішкі рухани үндестік мен мақсат бірлігі қосқаны анық.
1995 жылы Ақмола ауылшаруашылық институтына түстім. Бала күнімнен ептеп өлең шимайлайтын «дертім» бар еді. Оны студент болғанда да қоя алмадым. Ол кезде Ақмолада қазақ тілінде облыстық «Арқа ажары» мен қалалық «Ақмола ақиқаты» атты басылым ғана шығады. Осы екі газетке ара-тұра өлеңдерім мен мақалаларым жарияланып жүрді. Әсіресе «Ақмола ақиқаты» біздің оқу орнымызға жақын болғандықтан жиі келемін. Газет тілшісі Сағат Ошақбаев жылы қарсы алып, әкелгенімді алып қалып, ұзатпай басады.
Сөйтіп жүргенде «Ақмола» – Астанаға, «Ақмола ақиқаты» – «Астана ақшамына» айналып шыға келді. Республикалық басылымға айналған газетке жан-жақтан мықты журналистер тартылды. Бір күні редакцияға келсем соқталдай азаматтар тізіліп отыр. Ешбіреуін танымаймын. Баяғыдан білетін Сағат ағам жоқ. Есік жақта отырған ұзын бойлы, шашын екі қайырған, қимылы жылдам, сыптығырдай жігіт: «Інішек, жай жүрсің бе?» деді. « Бір мақала әкелдім» деп едім, «Әкел» деді де бір қарап шығып, «Шығарамыз, тағы жазып тұр», деп орнынан тұрып кетті. Бекен Қайратпен алғаш осылай таныстым. Кейін редакциядағы басқа да ағаларды жақын біле бастадым. Дидахмет Әшімханұлы, Ерғазы Әсембек, Талғат Батырхан, Таңатар Төлеуғалиев, Айтқадыр Тілеуов...бәрі де жаны жайсаң азаматтар. Енді «Ақшам» екінші үйіме айналды. Сабағым біте осында келемін. Соғыс кезіндегі «полк баласы» секілді мен де редакцияның бір баласына айналдым. Кейде ағаларым дүкенге де жүгіртіп жібереді.
Бекен аға «Астана ақшамының» отымен кіріп, күлімен шыққан журналисі болды. Қолтаңбасын қалыптастырды. Елге танылды. Мәдениеттен бастап, спорт, білім, ғылым саласының проблемаларын тереңнен қаузап, көлдей мақалалар жазды. Этнография тақырыбында жазғандарын жұртшылық іздеп оқыды. Оқырмандар арасында үлкен беделге ие болды. Оған дәлел ретінде бір мысал келтірейін. Сол жылдары журналистер газеттің таралымымен айналысатын. Бірде Бекен аға екеуміз осы мәселемен қала мектептерін араладық. Ол кезде шаһар кішкентай, жаяу жүре береміз. Және ол кісі тротуармен емес, төте жүргенді жақсы көреді. Және жүрісі деген сұмдық. Оған аттылы адам ғана ілесе алады. Мен соңынан құлдыраңдап құлын секілді шауып отырамын. Мәселе бұл емес. Мәселе, қай мектепке барсақ та оны мектеп директорынан бастап, орынбасарлары, тіпті, қатардағы мұғалімдерге дейін танып, жапырлап амандасып, әп-сәтте келген шаруасын тындырып береді. Сөйтіп, редакцияға айдарымыздан жел есіп келгенбіз.
* * *
Осыдан оншақты жыл бұрын Бекен ағаны Торғайға алып бардым. Дәл сол кезде Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында «Торғай өлкесінің даму тарихы» атты орталық ашылып, соған қатысып, одан кейін әрі Амангелді ауданына жүріп кеттік. Арқалы ақын Ғафу Қайырбеков «Торғай – тұңғыштардың отаны» деп бекер жырламаған ғой. Сонау Шақшақ Жәнібектен бастап, ұлы ағартушы Ыбырай, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, алаш ардақтысы Міржақып Дулатов, Ресей думасының депутаты Ахмет Бірімжанов, Әбдіғапар, Амангелді, Кейкі секілді батырлар мен қаншама ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлер туған сар далаға кейіпкеріміз таңғалып, таңырқап келе жатты.
Торғайдың әр төбесі – тарих, түртіп қалсаңыз, сөйлеп кетеді. Кейкі батырдың ауылы Тастыдан өте беріп, Амантоғайға тақағанда қырдың басындағы мазарды көріп, «Кімнің зираты» деді. «Бұл атақты Құтан әулиенің зираты» деп едік, «Тоқта, басына барып құран оқиық». Тоқтадық. Сөйтіп отырып, кеш бата Амангелдіге жеттік. Ауданға келгеннен соң тәтем үйінен ас-су ішіп алып, осы өңірдің көнекөз қарты, ұзақ жылдар аудандық газетті басқарған Бөгетбай Әлмағамбетұлының үйіне келдік.
Ол кезде Бөкең ақсақалдың екі көзден айырылып, жасы сексенді орталап қалған кезі. Бірақ көкірегі сайрап тұр. «Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісі» атты құнды кітап жазған қария алғашында онша ашылмады. Бірақ Бекен ағаның бір-екі сұрағынан кейін, оның да «іші қазынаға толы екенін» байқаған қарт шешіліп сала берді. Аталған көтерілістің басталуы мен оның қаһармандары: Әбідғапар, Амангелді, Кейкілердің өмірі мен күрес жолы туралы былайғы жұртшылық біле бермейтін тың деректерді айтты.
Одан соң 1929 жылғы Батпаққара көтерілісімен оны ұйымдастырушылар туралы әңгімеледі. Оның «көтеріліс емес, бүлік» екенін дәлелдеді. Біз қарияның үйіне ымырт жабылғанда келген едік, түн ауғанда бір-ақ шықтық. Кейін Бекен аға Бөгетбай әкенің әңгімесінен керемет сұхбат шығарды. Бұл аузы дуалы ақсақалдың республикалық басылымға берген соңғы сұхбаты болуы керек. Қысқасы, қаламгер осы сапардан « Атың барда жер таны, желіп жүріп» атты өзі көрген оқиғалар мен тарихты байланыстырып, тамаша жол сапар жазды.
* * *
Жалпы кейіпкеріміздің қазақ журналистикасында ешкімге ұқсамайтын өз сүрлеуі мен стилі бар. Тәуелсіздіктен кейін «Ана тілі» газетінде «құйын» ойнатқан көрнекті публицист, жазушы Марат Қабанбай: «Бекен Қайрат – бір ауыл, бір аймақ емес, бір елдің маңдайына татитын журналист», деп бағалапты. Қайратұлы басылым бетінде қазақтың арғы-бергі тарихындағы жұртшылық ұмыта бастаған оқиғалар мен тұлғаларды тірілтті. Сондай-ақ ол өзі туған Моңғолияның Бай-өлке аймағында қоныстанған ағайындардың тарихы мен солардың арасынан шыққан айтулы азаматтар туралы төгілтіп жазды. Бекен ағамыздың журналистикадан бөлек, ұлттық этнографияға қосқан үлесі де мол.
Мәселен, оның «Қазақтың атбегілік өнері» атты 400 беттен тұратын кітабында «Төрт түліктің төресі – жылқының» ерекшеліктері мен халқымыздың генетикалық-зердесінде сақталған жылқы сыны туралы көп мәліметке қанық боласыз. Сонымен қатар мұнда қазақтың атбегілік өнерін, көне көшпенділердің ат баптау тәжірибесімен ұштастыра зерделеп, ат баптаудың байырғы этникалық әдіс-айласы іс-тәжірибесімен берілген. Сондай-ақ жылқының жайылымы, түстеп-таңбалаудың маңызы, жас ерекшелігін ажыратудың жөн-жосығы, жылқы жабдықтарын пайдалану үлгісі және қазіргі жылқының тұқымдарын терең талдаған.
Оның ауыз толтырып айтатын екінші еңбегі – «Қазақия қалай отарланды?» атты деректі-публицистикалық толғау жинағы. Бұл халқымыздың отарлану дәуірінде басынан кешкен оқиғаларды тарихи деректерге сүйене отырып жазылған. Автор осы жинақта ресейлік отарлаудың үш ғасырлық оқиғалар желісін, уақыттық және мазмұнды тұрғыдан тақырыптарға бөліп, оны ішінара жіктеп-жіліктеп, оны оқырманға қарапайым тілмен жеткізуге тырысқан. Атақты антрополог Оразақ Смағұлов « Қазақ халқы және ата тегі» атты іргелі еңбегінде Бекен Қайраттың осы кітабына арнайы тоқталып, ондағы жантүршігерлік фактілерді оқығанда екі көзі мөлдіреп жасқа толғанын айтса, белгілі жазушы Смағұл Елубай: «Қазақтың отарлану тарихын түгелге жуық қамтыған өзге тарихи зерттеуді білмеуші едік. Бұл тақырыпқа қалам тартушылар үзіп-жұлып белгілі бір кезеңдермен немесе тақырыптармен шектелетін. Ал бұл кітапта Ресейдің қазақ даласын отарлауын толық дерлік қамтыған және отарлаудың сан салалы қырын ашып та, аршып көрсеткен бірегей еңбек», деп баға беріпті.
* * *
Бүгінде Бекен ағамыз – елімізге танымал ақмылтық журналистің бірі. Бас басылымда танымдық-тәрбиелік мақалалары жиі жарық көреді. Ол кісінің жұмыс істеуі деген сұмдық. Шамалы жас оған ілесе алмайды. Құдды, зауыт секілді. Тоғыз беттік мақаланы бір-екі сағаттың көлемінде дөңгелете салады. Бірақ оны осы деңгейге жеткізген қандай күш десек, ол – қаламының құты.
Кейіпкерімізбен ұзақ жылдар журналистикада қанаттасып келе жатқан Талғат Батырхан ағамыз кейде танымал халық әнінің қайырмасына салып:
«Желбір жекен,
Желіп жүрген, жайлауда.
Біз бір Бөкен
Әй бір Бекен
Қай қырыңды айтсам екен-ай», деп әндетеді. Шынында, шағын мақаламызда мәнді де мазмұнды өмірінің талтүсіне келген Қайратұлының барлық қырын айтып тауыса алмаймыз. Және ол шарт та емес. Алған марапатын да тізген жоқпыз. Алдымызда әлі жоталы жетпіс, сеңгірлі сексен, торқалы тоқсан, оның арғы жағынан жүздің де қарасы көрінеді. Сол кезде айтылмаған қырларын шетінен кертіп жазып отырамыз.
Әзірше, осымен тәмам.
Мәдениет порталы