Журналистика – өнер. Өнерде өзгелерден озатындар бар немесе киелі өнерді меңгере алмай тозатын...
Баян Болатханова. Менің жасыл әлемім (әңгіме)
5736
Әркімнің де көк майса балалығына алып баратын қиял соқпағы болады. Менде де сондай.
Бұл шамасы түрлі-түсті дүниені өз бояуымен тани бастаған үш-төрт жасар кезім болса керек. Тұп-тұнық, шайдай ашық аспан. Төбеде шөкімдей де бұлт жоқ. Жотадағы қос қазақ үй қатар тігілген алаңқайдан сәл әрідегі беткей бет ну қорыс шалғынға малынып тұр. Көршіміз, жылқышы Шахан ағаның үй-ішімен қысы-жазы қатар отырамыз. Шахан ағаның келіншегі Гүлжаһан әпкем атама немере қарындас боп келеді. Балалы-шағалы отбасы. Үйелмелі-сүйелмелі қыздарымен күн ұзаққа бірге ойнаймыз.
Бүгін де солай.
Маржанкүл, Анаркүл, Әпиток бәріміз беткейден гүл тердік.
– Рауғашты қараңдар. Сабағы қатып кетіпті, – деп ішіміздегі ересектеу Маржанкүл, өз білгенін біздерге айтып жатыр.
– Көктемде үзсең сабағы солқылдап тұрады. Дәмі көк алмаға ұқсайды, кіршілдетіп жесең тоймайсың. Қазір қарашы, сабағы қатып кетіпті, таяқтан айырмасы жоқ – деп өкінішін білдірген.
– О, мұнда бүлдірген бар, бүлдірген таптым. Бұл көршіміздің кенже қызы Әпитөктің дауысы. Кішкентай алақаны толған бүлдірген. Уыстап ұстап, мыжып та үлгеріпті. Бет аузы да жағал-жағал. Қошқыл қызыл түсті бүлдіргенге тойғаны көрініп-ақ тұр.
Атам мен апам болса, таң ата төмен түскен. Екеуі екі атпен кетті. Әкем қарагер жорғасына, анам қасқа биеге мініп, тау етегіндегі ауылға дүкеннен керек-жарақ алып келуге шыққан.
Үйде дүниеде теңдесі жоқ шүйкедей сары кемпір, менің сүйікті әжетайым Рахия әжем екеуміз қалғанбыз. Ес болып, есік алдында шәуілдеп үріп тұрар алыпсоқтың бар екенін айтпасам да білесіңдер. Малды ауылда үй қорығыш, мал қорығыш небір күшік, сырттандардың көп болатынын кім білмейді.
Енді, міне, әжемнің анадайдан:
– Бөкен, Бөкен қайдасыңдар, үйге қайтыңдар, бастарыңнан күннің ыстығы өтіп кетеді. Үйде ойнаңдар – деген дауысы да естілді. Түс қайта Әкебай атаң мен Күшә апаң да келіп қалар – деп дауыстап шақырғанын естіп, достарыммен беткейден әудем жердегі төбе жазығында тігілген қазақ үйге қарай беттедік. Әкемнің аты Іңкәрбай, анам Күлшира ғой. Бірақ өздері тіліме қызығып менің айтуыммен Әкебай, Күшә болып кеткен. «Ойын баласы шаршамайды» деген рас болса керек, тегінде түк те шаршаған жоқпыз. Бізге салса, ойнай берер едік. Әжем ғой, болмай үйге шақырып жатқан.
Сөйткенше болмай, қос салт атқа мініп, іркес-тіркес, алыстан, төмен сай жақтан көтеріліп келе жатқан атам мен апам да көрінді.
– Алақай, атам, апам келе жатыр.
– Ал, қәне алдынан шығамыз.
– Жүгіріңдер! Кім бірінші жетеді.
Осылай деп бір-бірімізді шақыра, атам мен апама қарай, құстай ұштық. Өзім солай ойлайтын болуым керек. Әйтпесе, Маржанкүл әпкемнің бізден жүйрік екені анық. Ол сабаққа баруға дайындалып жүр ғой. Бәріміз құлдыраңдай жүгіріп, менің ата-апама қарай шауып келеміз. Шауып келеміз дегенім, ат қып мінген бір-бір көк шыбық тұлпарымыз бар еді.
Әсіресе, Анаркүл өзінің көк шыбық тұлпарына үсті-үстіне: "айт-шу!" – деп айқайлап қояды. Баламысың деген уілдеген жел де, шықылықтаған торғай да, гүлден-гүлге қонған түрлі-түсті көбелектер де бізді тыңдап, біздің әмірімізге бағынатындай. Тау балаларына бәрі – ойын, бәрі – дүниетану сабағы. Осылай далақтап, тіліміз салақтап жүгіріп жүріп-ақ талай нәрсені қаз-қалпында тостаған жанарымызға көшіріп алғандаймыз-ау. Ал, содан соң ұмытып көр!..
Атам мен апам шынымен-ақ олжалы оралыпты. Бұл жолы екеуі маған су жаңа жасыл велосипед пен жасыл тәпішке әкелгенін қарамайсың ба? Қарагер жорға мен қасқа биенің қос қапталы тоқ көрінді. Қоржындар тола, томпиып тұр. Атам мен апам алдарына шыққан бізге жақындай келіп аттарынан түсті.
– Міне, енді Бураханның белосипеті бар. Осыны айтып атам ат үстінен алып берген үш аяқты жасыл велосипедті апам жерге түсірді де: «Енді бәрің осымен ойнайсыңдар» – деп тарбиған үш дөңгелекті велосипедті алдымызға тартты. Сөйтті де, бәрің кезек-кезек ойнайтын болыңдар деп жадырай сөйледі.
Қыздар шулап, мәз болып жүр. «Алақай, Бөкеннің белосипеті бар. Енді бәріміз мініп ойнаймыз.
– Қәне, бисмилләһ! – деп алдымен баламды атына отырғызайық. А-а айтпақшы кемпір-ау, жаңа тәпішкесін кигізсеңші, белосипед тепкенге сол ыңғайлы болар. - Мұны айтқан атам.
– Иә, ия қазір кигіземін, атасы. Апам қоржынның бірінен жап-жасыл тәпішкені қолына алып, енді бір сәтте балағы рәзіңкелі, өзі тігіп берген сәтен шалбар киген мені алдына отырғызып аяғыма жалпақ бас, жасыл тәпішкені кигізіп жатты. Кейін біліп жүрмін ғой ондай тәпішке сандал деп аталады екен. Үйге жеткен соң бәрімізге қоржыннан алып шие, жаздық алманы жуып таратуды да ұмытпады апам. Әй, бір сол күні ойынның түбін түсірдік-ау дейсің!
Ең есте қалғаны дәл сол күні велосипед тебу, көк шыбықты ат қып мініп шабудан басқа тағы бір олжам бар еді. Иә, иә дәл сол күні жасыл түс дегеннің қандай екенін зердемде сақтап қалдым. Жасыл шалғында күнде шапқылап ойнасақ та, дәл сол күні атам мен апамның ауылдан әкеп берген қос базарлығының да жап-жасыл болғандығы айналаға бала болсам да сәл де болса назар тоқтатып қарауыма әсер еткендей.
Жасыл әлемге, көк аспанға көздің жауын алған жарқын түсті, алуан-алуан, түрлі-түсті, барқын бояуларға таң-тамаша қалып қарап, жүрек түкпіріне сақтауыма түрткі болғандай.
Міне, қазір де сол жасыл әлем көз алдымда! Алақай, дүниедегі ең мейірімді жандарым Атам мен Апама қарай құлдыраңдай жүгіріп келе жатқан жап-жасыл әлемім сен қандай тамаша едің! Жасыл тәпішкелі, жасыл велосипедті, жасыл шыбықты ат қып мінген кішкентайлар аман болсыншы! Көп болсын! Менің – жап-жасыл болашағым! Жап-жасыл бүгінімдегі, жап-жасыл болашағымдағы ботақандарым, құлыншақтарым, сендер аман болыңдар! Жасыл әлемнің ішінде – Мен сендермен біргемін!
Баян Болатханова